Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2019
Жаңалықтар 4284 0 пікір 28 Қыркүйек, 2012 сағат 17:14

28 қыркүйек: М.Әуезов, Ш.Мұртаза, О.Бөкей

28 - нші қыркүйек - Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей - үш бірдей ұлы қаламгердің туған күні. Үшеуінің әрбірі көкте күнмен тілдескен әдебиеттің ұшар биік шың-құздары. Қазақтың әр буын ұрпағының қиялын әуелетіп, көңілін тербетіп, ойын тереңдетіп, өрісін кеңейткен ұлы туындылардың авторлары. Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей - бүгіннің, болашақтың келер мыңжылдықтардың да ой бесігін тербетіп мәңгілік қала бермек.

«Abai.kz»


Мұхтар Әуезов. Қаралы сұлу.
(Новелла)

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Алты жыл қаралы, қайғылы алты жыл өтті. Әрбірі бір-бір өмірдей сарылған ұзақ. Қара жел үзілмей соққан күздің суық күніндей қуарған жүдеу жылдар... Содан бері Қарагөз - қаралы тор бұлбұлындай, бұл төсектің иесі.

28 - нші қыркүйек - Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей - үш бірдей ұлы қаламгердің туған күні. Үшеуінің әрбірі көкте күнмен тілдескен әдебиеттің ұшар биік шың-құздары. Қазақтың әр буын ұрпағының қиялын әуелетіп, көңілін тербетіп, ойын тереңдетіп, өрісін кеңейткен ұлы туындылардың авторлары. Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей - бүгіннің, болашақтың келер мыңжылдықтардың да ой бесігін тербетіп мәңгілік қала бермек.

«Abai.kz»


Мұхтар Әуезов. Қаралы сұлу.
(Новелла)

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Алты жыл қаралы, қайғылы алты жыл өтті. Әрбірі бір-бір өмірдей сарылған ұзақ. Қара жел үзілмей соққан күздің суық күніндей қуарған жүдеу жылдар... Содан бері Қарагөз - қаралы тор бұлбұлындай, бұл төсектің иесі.

Сансыз көп күндер өтіп жатса да, не бір жаңа үміт әкеліп сергіткен, не болмаса жүдеу көңілді бір сағатқа болса да селт еткізіп алаңдатқан мезгіл болған емес. Қарагөз бұл өмірді әбден мойындап болған. Көп жыл бойына созылған қаралы күй Қарагөз өмірінің қалпы болған. Күндегі дағдысы, салты болып кеткен... Күздің айсыз қараңғы түнінде, түнғатып жүрген жолаушы ұзақ қараңғылыққа қалай мойындап бағынса, Қарагөз де сондай мойындап, көніп болған... Содан бөлек халді көксететін өзге түрлі ой келсе, оны көңіліне дарытпай, өшіруге асығады.
Сол Қарагөздің ауылы бүгін қалың таудың ішімен жайлаудағы көк шалғынды, салқын сулы шалқар қонысқа көшіп келе жатыр. Таң қылаңдап келе жатқаннан жүгін арта бастаған ауыл жаздың күні жақын белден жаңа қызарып шығып келе жатқанда ескі жұртынан жөнелген...
Қазір де көш жарым жолға келіп қалды. Бүгін тау аса қонбақшы болған ауыл қалың таудың ішімен жартасты, тоғайлы, шалғынды езекпен шұбатылған шұбар топ болып, дабырлап, шулап келе жатты...
Көш алдында айдап келе жатқан төрт-бес жүздей жылқысы бар, басқа ірі қарасы да мол бай ауылдың көші жыл бойы иесіз тұрған таудың тусып кеткен шөбін жапырып, қызуы мол тіршілікті көшіріп келе жатқандай болады.
Көштегі көңілді қатын-қалаш, желікті қыз-келіншек маңайласқан жігіттермен қалжыңдасып, күлісіп-ойнайды. Арқыраған семіз, сұлу асауларды мінген жас жігіттер үйіріне қарай жұлқынып, аласұрып жер сүзген айғырларын құтыртып-ойнақшытып келіп, қалың жылқыны дүрілдетіп, желдіртіп айдайды... Дүндүние мастық тойындай буы аспанға шығып, құтырынып желігеді. Шулаған желікті кеш, таңертеңгі көлеңке басқан қара жартас пен қалғыған өзекті де оята сергіткендей. Бұл кешке табиғат та жылдық ұйқысынан оянып, елең білдіргендей.
Таңертеңгі көлеңкелі өзектен шыққан салқын самал соғады.
Жыл бойы тұл болып тұрған жайлау бүгінгі күн жыл құсындай боп қиқулап, жеңкіліп келе жатқан елді жаңа көріп сергігендей.
Қазіргі барлық сурет, барлық дүние адамды қызық думанға, сағымды түспен зор тілекке қол бұлғап шақырып тұрғандай. Бұл қызуға желікпеген жан жоқ... Ең аяғы шал қойшы Болат та үстінен кеш өтіп бара жатқанда, құла шолақ биені тыраңдатып шауып келіп, көш жанында келе жатқан тұрғылас әйелдер арасынан келіп килігіп, жауырынын қиқаңдатып, қалжыңдаса күледі. Әрқайсысына көзін қысып, иек қағып, ізденіп соқтығады. Қызыл шырайлы келіншектің құла биені қамшылап ойнағанына емексіп, жігітімсіп шіренеді.
Үш ат жеккен пәуескенің ішінде келе жатқан Қарагөз Болаттың қасынан арбасы кетіп бара жатқанда аз сергіп күліп:
- Болат-ау, сенің де базарың тарқамағаны ма, жаным-ау! - дейді...
Болат бұл сөздің түкпірін түсінеді. Қарагөз не десе о десін, үзеңгісіне шіреніп күліп:
- Несін айтасың, қарағым!.. Қыз-келіншек тал бойымды ұйытып келеді... Ішімдегі жанған от қыз-қыз қайнайды, - деді.
Бұл көште жалғыз жүдеу, жалғыз жабырқаған қайғының тұсауында келе жатқан - сол Қарагөз... Осы көп мал мен бай ауылдың иесі болған, мына дырдулы көштің басшысы болған жалғыз жесір әйел - Қарагөз.
Қарагөз - 32-ақ жаста. Қаралы жаулық салынып, қызулы базар есігін жапқанына алты жыл болды... Одан бұрын Қарагөз тіршілік базарында еркін жүзіп жүрген еркемін дейтін. Бұның өмірінің үстінде күлімсіреп тұрған күншуақты, бұлтсыз, ашық көк аспан бар-ды. Сондай ашық күннің ортасында бір-ақ сағат ішінде түсі суық, шоқ қара бұлт ойнап шыққан. Аяқастынан келген бір қаза бір-ақ күннің ішінде Қарагөзді қаралы ғылып, қаңғыртып кеткен... Содан бері алыстағы сағымдай болған жар жеткізбей, белгісіздікке батып жоғалған.. Оған дәл алты жыл болды...
Қарагөздің күйеуі Әзімхан ол кезде 28 жаста, өзі бір атадан жалғыз жігіт болатын. Басқа аталас ағайындары болса - барлығы да бөлек ауыл болып, бөтен сияқтанып, өз тілегі, өз өмірімен бұлардан алыстап кеткен. Ағайындарының кейбірі қартаң тартқан адамдар болған. Әзімханның туысқаны, жалғыз сүйеніші жетпіс жасқа келген кәрі әкесі - Үсен. Әзімхан жалғыз жігіт болса да, аз атаның баскөтерері атанып, Ырғайлы болысындағы едәуір елге белгілі болған.
Бір жыл дәл осы жайлауға көшіп келе жатқан кезде, бүгінгі кеш келе жатқан өзектермен Үсен аулы көшіп келіп, Қайыңдыға қонды. Қайыңды - тау аралаған шалғынды, тоғайлы өзен. Жапырлап қонған көп ауыл маңайындағы шұбыртқан көп малымен Қарагөздің ол күндерінің көркі сияқтанатын.
Ырғайлы көп жылдан келе жатқан дағды бойынша Қоңыртау болысымен қатты жұлысқан, араз болатын. Сол жылы да жаз шыққаннан бері қарай күнде қиқу, күнде «аттан», жағалай шабыс болған.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Ырғайлының үстемдігін өзге ел жуандарымен бірге жоқтап жүрген Әзімхан сол жуандардың желіктіруімен Қоңыртауға кейде өзгелерден жырылып барып та соқтығатын. Қоңыртау бір кезде өзгеден ерекше Үсенге кіжінулі дескен. Бұл хабар бір емес, әлденеше рет келген-ді.
Бірақ онымен Әзімханды да, барлық Ырғайлыны да тоқтата алған жоқ. Қоңыртау бір алса, бұлар кейде екі-үштен алып жіберетін. Қоңыртаудың Әзімханмен ерекше жауығуына бір себеп Қарагөздің басы еді. Әуелде Қарагөз Қоңыртау елінің жесірі болған. Сол елдің бір бай ауылы - Сыбанбай. Жас кезінде Қарагөзді Сыбанбайдың немересіне айттырысқан.
Бері келгенде Қарагөздің күйеуі аяғы ақсап, кем болып кетті. Оның үстіне, өзге балаларының ішінде әке-шешеге қадірсіз бала болады екен.
Бойжетуге айналған кезде сұлу Қарагөзден наразылық сөздер шыға бастаған.
Қарагөздің әкесі жас кезінде өліп еді. Жесір қалған шешесі Үсеннің немере қарындасы болатын. Ол Үсен ауылын төркін қылып, ылғи араласып жүретін. Қарагөз де кішкене күнінен Үсен ауылын нағашы етіп, көңіліне ерекше жақын тартып, кейде шешесімен, кейде жалғыз өзі де келіп, кей уақыттар жатып қайтып жүретін. Сол халмен жүргенде, Әзімханның бұрынғы алған келіншегі қайтыс болған. Қарагөздің Сыбанбай ауылына барғысы келмей жүретіні көп жұртқа паш болып қалған. Басында Қарагөздің сөздеріне елеусіз қарап, «кезінде көрерміз» деп, іштегі нық байлаумен жүрген шешесі Әзімханның келіншегі өлген соң, баласының наразылығына түзу қарап, ойлана бастаған.
Сол халдің үстінде доргуманда жүргенде, бір күні Қарагөздің ауылына амандасып қайтқалы Әзімхан келген. Әзімханның не оймен келгені бұл ауылға да, анасына да белгісіз. Әзімхан өзі де анық, ашық байлаумен келген жоқ-ты. Бірақ үйге келіп кірген жерде ол бұрынғыдан көп өзгеріп кеткен Қарагөзді көрген.
Бұл уақытқа шейін бала қалпында жүрген Қарагөз енді ширатылған нәзік, ұзын бойлы, қынай белді, толқынды қара шашы бар тұңғиық сұлу қара көзді бойжеткен болыпты. Көрмегеніне бір-ақ жыл шамасы өткен Әзімханның енді алғаш келген сәтте жүрегі лүпілдеп соғып, көз алдында сәулелі сұлу жарды көріп қалғандай болған. Әлденеден екені белгісіз, бұрын бұл жайдан бір ауыз сөз естімесе де, қазіргі халде Әзімханның жүрегін соқтырған белгісіз сезім Қарагөзге де сол секөнтте білінгендей. Әзімхан анасына амандасып, енді Қарагөзге қарап:
- Есен-саумысың, қалқам? - дегенде, ұялып қараған Қаракөздің жүзінде ыстық қан ойнады.
Бұл күнге шейін жүріс көрмеген бала жүзі өмірінде алғаш рет әлдеқандай көмескі түс сияқты оймен қызарып, төменшіктеп қысылғандай болды.
Екі жас үнсіз белгі беріскендей. Екі көңіл бір-біріне ұялып, бұғып тұрып, ым қақты. Басы - осы.
Аздан соң арада сөз жүрді. Сүйек жаңғырту Қарагөздің басқа ағайындарына да теріс көрінбеді. Әсіресе бұл күнге шейін өзінің жесірлігінде ерекше сүйеніші сияқтанып отырған Үсенмен қайтадан үй ішінен үй тігіп, жақын болу Қарагөздің шеше­сіне керек көрінді. Сүйтіп аз күн ішінде астыртын құдалық сөзін байласып қойды...
Бірақ бұл - алыстағы тілеу. Ол қиын асу, биік асқардың ар жағында жатқан қиын түйін. Сыбанбай бөгет шығармай қоймады. Қоңыртау жұлқыспай, жесірін жібермейді... Үсен жақтың хабары жансызданып, Сыбанбайға барып қалғанда, олар күпілдеп, кіжіне бастады. Бірақ ашық сөз, анық байлауға екі жағы да жете алмай, енді жақындап келе жатқанда, Сыбанбайдың немересі өліп қалды. Бұдан кейінгі сөз ұзақка бара алған жоқ. Сыбанбайдың өзге балаларының барлығында да не айттырған, не алып отырған әйел бар. Бұрын ұстанған сөз бойынша Сыбанбай: «Қарагөзді кейінгі балаларға қаратамын... Құдамнан қол үзбеймін!» деген болды.
Бірақ бұл сөз ұзаққа бармады. Үсен Сыбанбайдан алған барлық малды түгендеп қайыртып, өзі Қарагөзге құда түсіп, арада бір жыл өткен соң ырғап-жырғап келінін алған...
Бұл оқиға өз кезінде Ырғайлы мен Қоңыртаудың арасына көп салқындық салды. Көп ырғасып тартысумен барып, екі жақ зорға тынған. «Үсен көбінше мал күшімен жеңіп алды» деген сөз ел ортасына жайылған сайын, Сыбанбай болымсызды сылтау қылып, Ырғайлыға соқтыға беретін болған.
Бірақ арада бірер жыл өткен соң, жесір дауының кызуы солғындап келіп басылды. Сөйтсе де басында бір шиеленісіп калған елдер енді жаңа дау, жаңа араздыққа жол тауып алып, кезек алысып ұстасып жүрді.
Бері келген соң Сыбанбай Үсен басындағы кекті өзгертіп, өзі Ырғайлының басқа елімен, басқа жуандарымен көбірек ұстасып кетті. Араздық себебі жаңадан туып, жаңа сөз, жаңа істермен қайта қозған соң, Үсен көп елінен қалыспай, ЬІрғайлының басқа елімен бірге Қоңыртаумен анда-санда алысып қалып, ұстасып жүрген. Осы халде Қарагөз бен Әзімханның қосылғанына жеті жыл толғанда, Үсеннің ауылы жайлауына көшіп келе жатып, Қайыңдыға қонды.
Жаңа қонысқа жайғасқан күні түнде ауыл маңында жатқан жылқыға жау тиген. Көптен сақтанып, Қоңыртаудан кезек күтіп жүрген Үсен ауылы күнде кешке екі-үш сенімді ат-айғырды ауылда ұстайтын. Бүгін көшіп келген ел қирай жығылып, шырт ұйқының ішінде жатқанда, тауды қақ жарып шыққан «Аттан!» дауысына өзгеден бұрын оянып, асығып қамданған Әзімхан болды.
Әзімхан арқандаулы тұрған бәйгі жиренді алып келіп, асығып ерттеп жатқанда, Қарагөз жүрегі дірілдеп тұрып, үріккен пішінмен қасына келіп:
- Басқаларды жіберсеңізші! Тау іші шабуға жаман, - деп еді. Бірақ  жарық айлы тыныштық түні жас жігіттің тұла бойын ысытып, бір қызу қан алып ұшты.
Ауылдан Әзімханнан басқа да үш-төрт жігіт шапты. Бұлардың бәрі тастақ төбелермен сатырлатып шулап жөнелді... Бұл кезде ауыл да азан-қазан болған. Атсыз қалған жаяулар босқа дырду жасап айғайласып, әрлі-берлі жүгірісіп жүрді.
Әзімхандар сол бетте барып, жылқыны әкетіп бара жатқан жауға жетіп араласқан... Жылқышылар көп жаудан қаймығып, батып ұрыса алмай, кейін келе жатыр екен. Көп жылқыны қалың жау ұзын өзекпен дүрілдетіп, қиқулап әкетіп бара жатыр.
Сол кезде қуғыншының алдымен жеткен Әзімхан тосқауыл қылған көп жаудың ортасына келіп кіріп кетті. Әзімхан қорықпайтын ер жігіт еді. Бірақ бұрын көп соғыста болып төселген емес. Оның үстіне бір кісіге әлі жетерлік мықты да емес-ті.
Жирен атты қуғыншы екіленіп келіп, екі-үш рет арасына кіріп шығып, алдын орай берген соң, жау ішінен соғысқа ыңғайланып алған екі мықты барымташы артын айналып келе жатқан Әзімханды көргенде:
- Күрең атты тағы келеді... Ортаға ала бер... ортаға ал! - дескен.
Әзімхан екі жаудың ортасына солардың тілегінше екпіндеп келіп кірген... Бұл кіре берген бетінде оң жағындағы боз атты еңгезердей жауды желкеден қаға ұрып жіберді... Бірақ дәл сол секөнтте өзінің де желкесінен сол жағындағы сары айғырлы жаудың қара сойылы мықтап тиді. Бұл сойыл Әзімханға дене тауып, қатты соғылды. Алғашқы сойыл тиіп кеткенде, қолындағы ағашы ұшып түсіп, өзі еңкейіп, атының жалын құшып қалды. Дәл осы уақытта бұрынғы ағынмен келе жатқан бәйгі жирен боз атты жаудан қиыс өтіп бара жатыр еді. Оған Әзімханның сойылы тисе де, әлсіреткен жоқ екен. Жанынан қиыс өтіп бара жатқан Әзімхан аттың жалын құшып қалғанда, анау ақ сойылды шыр айналдырып келіп, маңдай тұсынан қағып-ұрып жіберді... Әзімхан бір-ақ секөнттің ішінде жүрегінен оқ тигендей болып, аттың артына ұшып түсті. Маңдайды мегзеп ұрған күшті сойыл дәл құндыздықтан тиіп, басты айырып кеткен  екен...
Әзімхан аттан тымақша ұшып түскенде, бұрын талай соғыста болып, қолы ауырлығынан талайды сорлы қылған боз атты жау артына бұрылып қарап:
- Қап, жығылуы тым жаман болды-ау!.. Жазым болмаса игі еді!.. - деді. Жазым болғаны шын! Әзімханның басы төрт елідей айырылып кеткен екен. Кейінгі жұрт шулап жылап, үстіне келіп үйілген уақытта, Әзімхан үзіліп жүре берді. Сұлу жарға ақырғы рет «қош» деуге де тілі келмеді...
Әзімхандар аттан салып жөнелгенде, шошынып жылап, тілеу тілеп қалтырап тұрған Қарагөз үйіне кіріп жата алмай, жылқы жақтан хабар күтіп тұрғанда, жұмбаққа толған мұңлы түннің ортасында ауылға қарай шулап келе жатқан қаралы айғайды естіген. Бұл шу - ауылға қарай ат қойып, «ой бауырымдап» келе жатқан жылқышылар мен қуғыншылар шуы.
Алғашқы жылау, алғашқы қаралы қайғы осы түннен, осындай халдің ортасында басталған-ды.
Бүгінгі көш сол адыра қалған Қайыңдыға тағы қонғалы келе жатқан пәуескенің ішіндегі Қарагөз алғашқы қаза түнін есіне алып, ыстық жалынмен жиі күрсінеді.
Әзімханның өлімін Ырғайлы жоқтаусыз қалдырған жоқ. Ол жақтан жылқы аламыз деп барып, кісі де өлтірді... Кегін де алды... Әзімхан басына жүз түйенің құнын да алды. Қоңыртауды жасытып, ықтырды. Бірақ оның бәрі сүйген жармен бір ауыз сөзге келмей, арманда қалған қайғылы сұлуға түк жұбаныш болған жоқ. Алғашқы бір жыл бойында ойына ешнәрсе тиянақ болуға жараған жоқ...
Иесіз қалған мол дүние, ауыр дәулеттің ортасында жетпіс жастағы кәрі атасы мен Қарагөз қалды. Онан соң бұл екеуінің де, барлық ағайынның да үміті сияқтанып, екі жасқа келген кішкентай Мұқаш қалды. Қарагөз бен Әзімханның алғашқы көрген баласы - осы. Бұдан басқа бала жоқ... Әкесі өлген соң, кішкентай да болса, Мұқаш «өлі арыстаннан - тірі тышқан» дегізіп, Әзімханның артындағы қаралылардың сүйеніш тілегі болды.
Әзімханның қырқы өткен соң, жалғыздың кайғысын көтере алмай, бұрын кәріліктің өзі де жеңуге айналған Үсен де қайтыс болды.
Маңайы тұлдыр болып, құлазыған жалғыздық жас сұлудың бір өзінің басында ғана қалды. Күнде тіршілігіне ырза болған жұрт ұйқыда жатқан құлқын сәріде, мұңайып батқан бейуақта Қарагөз қаралы жаулығымен бетін жауып отырып, зарланып дауыс айтатын.
- «Жалғыз біткен бәйтеректей» арманда өткен «алғанын» қайғылы сұлу «алтын терек - арысым» деп, аңырап жоқтайтын. Көзінен тамшылап аққан жаспен бірге, шынымен егілген қайғының сөздерін айтып, тыңдаған адамның сай-сүйегін босататын. Қарагөз қайғы ішінде кексе тартып, ұлғайып кеткендей болды. Іштегі жалын мен күрсінген жүзі Қарагөздің басқа тіршілікті талақ қылып ұмытқанын білдірді. Қаралы тор тұтқынын жұрт: «Жарын жоқтай білді» десті. Қарагөздің жоқтауы мен дауысын барлық Ырғайлы жаттап алып, әнге салып айтып та жүрді. Кемпір-шал Қарагөзді аузынан тастамай мақтап: «байының артын бұндай жақсы қылып күткен әйел болған емес» деп аңыз қылды.
Сондай жылау, жоқтау ішінде Қарагөз барлық үмітті, жастық дүниесін көрге көмді. Ол Мұқаштың тілеуін тілеп, енді ерге тимейтін тұл қатын болып отырып қалуға өзіне-өзі серт берді.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Дүниесін билеп, ауылына, атасы мен жарының орнына ие болып отырып қалды... Ендігі жалғыз үміті, жалғыз жұбанышы - кішкентай Мұқаш. Сүйеніші мен ермегі бір соның тәрбиесі болды.
Ағайын ортасы бұл күнге шейін Қарагөзді қадірлеп, күтуден қалған жоқ... Ұзақ қайғыны өмірінің мәңгілік шер күйі қылып сақтап, Қарагөз әлі күнге келеді...
Бүгінгі көшті бастап келе жатқан қаралы сұлудың жайы - осы.
Бірақ бұл күндерде Әзімханның қайғысы жалғыз Қарагөздің ғана көңілінде қалған. Өзге маңайдағы адамдар мен желікті дүние Әзімхан өлмеген күндегідей әлі де қызықты, желікті. Бұл күнде сегіз жасқа келген Мұқаш Қарагөздің жанында келеді. Оның да көңілі қазіргі тіршілікке мәз! Айғайлап қуанады. Арбаның ішінде іші пысып секіріп, дауыстап күліп, маңайласқан кісілермен ойнайды. Бұл да буыны бекіп, дені сау болып, ержетуге тақады. Қарагөздің қаралы алты жылы өтті. Сол жылдардың ішінде көлденең қараған көз қаншалық қадалса да, Қарагөздің сыртына шыққан не әлсіздік, не қобалжуды көре алған жоқ. Бірақ сол уақыттарда Қарагөз көрген азапты білсе еді жұрт!..
Көп жас қыршынынан қиылады. Тіршілігін қарғап етеді. Көпшілігінің сынығы жамалып, қайта түзеліп, ел қатарына қайта қосылады... Ал Қарагөз қайғысы бір алуан ұзақ, мұңлы жыр болып, әлі кетіп барады.
Тұңғиық қара көздерінен сұлу ажар кеткен жоқ. Жас денесі әлі де уыздай аппақ, толық, сау. Бірақ не керек, барлық ойы, барлық тілегі бір-ақ жерге шегеленді. Аясы азғантай орынға бұл өзін-өзі сыйғызды. Қаралы күнге шейін тасқындап келген сезімді тұсады, буды... Сонымен, бірнеше жыл өтті.
Қарагөз күйеуі бар, бала тауып отырған әйел еді... Қайратты тіршілік үшін жаралған жас дене мен тілек үшін қайнаған ыстық қан, шойын есікті тұтқын орнына қанағаттану қиын болды.
Қарагөз ол қиындықты тістеніп шыдап, басын жеңіп жүрсе де, кейбір кездерде таңды-таңға ұрғызатын азаптар болатын.
Жас әйелдің бұл түндері көр азабындай қинау түні... Үй іші қараңғыланып, бұл төсекке жатқанда, әлдеқандай жыланша иірілген сезім толқындары тамыр-тамырын қуалап, өне бойын билеп кететін. Тістеніп, шыдап, «құтылар ма екем» деп, дұға оқыса да, сол жыландар ауыр басып, ақырындап жылжып келіп, ақ төсіне оралып, ақ тамағынан сүйіп, барлық  денесін шыдамынан айырып, ысытып, дірілдетіп жіберуші еді.
Шошынып, қабағы түйіліп, дір-дір етіп жатып, көрпені шиыршықтап, қысып құшақтайтын. Шоқтай ыстық-ыстық ойы таң ағарып атқанша, бір минутке босатпай, жанын жей, дозаққа салып шығатын...
Талай түндер Қарагөз шыдай алмай, қасына қызметкер кемпірді шақырып алып, денесін сипатып, жарық жағып қойып, күрсініп, жүдеп отыратын. Ол бұның ішінде тіршілікке ұмтылған жаңа өмір ұрығының жарық дүниеге шыққысы келіп, көзана тілегені еді.
Сол күш Қарагөзді көп заман қинап жүрді... Әлі күнге шейін мезгіл-мезгіл асау сезім құтыртып келіп, бір тоңдырып, бір қыздырып, ысытып, қаралы Қарагөзді отқа салатын.
Барлық ұзақ қаралы күндерде ойлап өткен қайғы мен әлгі сияқты азаптар Қарагөздің мінезін де өзгертті... Ол ерекше сезімділіктің себебінен дертті сияқтанды. Бұрынғыға қарағанда, қаны бұзылғандай: тез ашуланып, тез жылап, тез күліп жіберетін күйіп-жанғыштық пайда болды... Кейде жадырап отырған қабағы қазір шытынап түйіліп, болымсыз нәрсеге қиналып кетеді. Өкініп қайғырып, шыдамсыздықпен тұтанып, ұйқы-тұйқы боп қалады.
Түндей тұңғиық көздері енді ыстық жас үшін жаралғандай болды. Бірақ сонда да Қарагөз бір байлауына жабысып, тастай мықты болып келе жатыр. Өзге дүниеде өз көңілінен азғантай теріс шыққан нәрсе қинап жібергендей болса, өміріндегі ең ауыр, ең қайғылы түйінге келгенде, Қарагөз өзін аямастан қатты ұстап, қандай қиын азапқа болса да көндіріп келді.
Бүгінгі көш бойында бірталайдан ұмытылып кеткен азап Қарагөзді қайта қинап, толқытып келе жатыр еді...
Қарагөздің сопылығы бұрынғы молшылық, бұрынғы қызықты дүние ортасында өтіп келеді. Күндегідей ыстық жарық күні туып, сезім түндері өтеді... Жаз жасарған табиғат та - мінеки желігіп еліреді... Жан кіргендей боп, қызулы тіршілікті көксегендей мастанады... Жүз бұралады.
Бозбала асаумен теңселіп, құтырып шабады. Қыз-келіншек назданып күледі... Өзгенің бәрі өз бетінде, алпыстағы қойшы Болат та Қарагөздің есіне жыландай сумаңдаған сезімдерді келтіріп, желіге мастаяады...

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Ыстық сезім бұған Қарагөз көштен озып келіп, жылда ауыл қонатын Қайыңдының өзегіне жетті. Өзен бойы қайыңды, мойылды жас тоғай... Сылдырап су ағады... Таңертеңгі көлеңкеден шыққан тоғай салқыны, самалы Қарагөздің бетіне ширатылып келіп соғып өтеді.
Іште - ыстық сезім, қарсы соққан салқын леп... Пәуеске иесіз жұртқа келіп тоқтағанда, Қарагөз өз үйін жылдағы қонып жүрген жұртына тіккізбекші болып, арбадан түсіп, сол жерді іздеді. Ақыры тауып тоқтап, айналаға қарағанда, төменгі жақта - өзен бойында, бір тоғайдың көлеңкесінде доғарулы тұрған трашпеңкені көрді. О да осы жерге көшіп келетін бір ауылдың алдын озып келген адамдары болу керек. Қарагөз ұйықтап жатқан Мұқашты оятпай, жалғыз өзі аяңдап, әрлі-берлі жүріңкірей түсті; аяғы әлсіз... Денесін зорға алып жүреді. Белгісіз тілек қинаған көңіл тоқталмай, жіңішкелеп шаншады. Ескі жұртты өзен жағасына жақындай барып, тегіс көріп, енді арбаға қарай жүруге айналғанда, Қарагөз арт жағында, тоғай арасында сақылдап күлген жас дауысты естіді. Бұрылып біраз тұрып, тоғайға қарай жүрді.
Көлеңкелі биік тоғайдың іші рақатты... Сұлу... Жас тоғайдың салқыны жайлы тыныштығымен денені мас қылып сенделткендей. Тоғайдың шетіне кіргенде, Қарагөз жылда осы қонысқа келгенде, естіп жүретін дағдылы бұлбұл даусын естіді... Бұған шейін жіңішкелеп естілсе де, елең қыла қойған жоқ еді. Енді тыңдады: елсіз таудың ішінде, иесіз қоныста мәңгі жастық, мәңгі жарастық жыршысы - кішкене бұлбұл сайрайды... Жаратылыстың қызығына қошемет айтумен бірге, жайын тау, жаралы жартастың жалғыздық күйін де шерлендіріп қосады. Кей кезде иесіздік пен құлазыған тыныштықтың күйі сияқтанады. Кейде өзек бойында күрсініп соққан желдей, жібек жібі сияқты жіңішке даусын жүз бұралтып суылдап, ысқырады... Тілсіз табиғаттың жүрегін үзгендей болып, шаншылып қадалады. Бір кезек жарық айлы түн ортасында қалың таудың ішінде алыстан естілген көп кішкене қоңыраулардай болып, жартаспен жаңғырығып дірілдейді. Тағы бір сәтте Қарагөз жүрегінің қайғысын айтқандай болып, ұзақ мұңмен ырғалып, шұбатылып тамылжиды. Елсізде жалғыз өзі жүз толғанып жырлаған бұлбұл Қарагөздің ұзақ жылғы қайғысы мен жайын табиғаттың иесіздігін жыр қылғандай. Қаралы әйелдің сұлулығын қошеметтегендей. Бұ да сезім күйін шертеді. Онсыз да қайнап жүрген қанды бір тоңдырып, бір ысытып, Қарагөздің жүрегін қысып ентіктіреді.
«Әттең, қара жыландай нәпсі!.. Не күйге ұшыратасың? Қайда апарасың?» дей түсіп, Қарагөз бұлбұлды тыңдап, тоғайдың ішіне кіріп қалыпты. Бір мезгілде бағанағы естілген ашық күлкі тағы естілді... Бұл уақытта жақыннан шықты... Екі күлкі... Бірі - жас әйел, бірі жігіт болуға керек.
Қарагөз жаңылған жоқ. Алдында - қалың ағаштың саясында жіңішке өзектің қасында Қарагөзге сыртын беріп, бір қыз, бір жігіт құшақтасып ойнап отыр... Бұлар қатты даурығып күледі. Құшақтасқан қалпында қатар жығыла кетіп, құмарлықпен сүйіседі. Қарагөздің екі көзі түнжырап, жасқа толып, екі бетін ерекше ыстық қан басып кетті. Тамағы кебірсіп, қылғынып жұтынады.
Таза аппақ  көйлектің сыртынан қара желетке киген жас жігіттің ұзын бұйра шашы бар. Сондай жарастықпен киінген құмар жас қыз. Екеуі құшақтасып жантайғанда, жалаңаш аяқтары өзен суына малынып, салқын сумен шалпылдатып ойнайды... Бұлар Қарагөздің ағайыны Ысмағұл ауылының жастары. Жас жігіт - қыздың қайындап келіп жатқан күйеуі... Оқыған, сұлу жігіт. Жаздай осы елде болатын... Бұларды аталары еркімен жіберіп, жалғыз қыздың қызығын еркінше қызықтайтын.
Қарагөз таныды. Бірақ іштегі қара жылан (Қарагөз бұл сезіміне осындай ат қойған) өмірінде бұл күнге шейін болмаған асаулықпен жүз толғанып иріледі... Бойы ұйып кетті. Қалың жапырақтың арасында үндемей, көзін ала алмай қатып тұрғанда, ыстық жас ағып-ағып барады... Бірталай тұрды. Денені ерекше ыстық сенделтіп кеткенде, дүние қарауытып, айналып бара жатқандай болды... Бірақ құлаған жоқ. Зорға есін жиып, қайта түзелгенде, ішінде күшті намыс пен жігер қайнағандай болып, әлсіреп, ұйып кеткен денесін қайта жиып, билеп алды. Көздің құрты сияқтанған мас жастарды сол орнында қалдырып, қайта айналып жүріп кетті.
Ауыл қонды. Бұрынғысынша жаңа қонған ел көп әбігердің артынан тыныштық алып жайланды. Жарық айлы түн жылжып келді.
Күндізгі толқынтқан ой бір басылып, бір көтеріліп түнге жеткен. Басылған уақытында Қарагөз: «Бұл екі жылдан бері бүйтіп қинаған соқты... Әлі де қайта айналып соққаны шығар. Өлейін - өлсем де шыдайын!..» деп күрсінген қайғы ішінде тағы бекінді.
Төсекке жатысымен қараңғылық қайта ойнады. Қаралы күңгірт көңілді, күндізгі көрген сурет неше түрлі қызылды-жасылды пішінге мініп келіп, мазақтап қинай бастады. Әрбір жаңа сурет жаңа келген азаптай жанды қысып, жүректі инемен шабақтағандай болады. Сағымды тілектің қара жыландай жат болып кеткен сезімі, біресе белгісіз сұлу жігітке Қарагөзді қатты қысып, құшақтатқандай болады. Мас қылып елтітіп, тамағынан сүйгізгендей. Біресе үстіне, барлық денесіне ауыр салмағын әкеп салғандай. Біресе дірілдеген дәмді, тәтті сұлу сыбырды естірткендей. Шыдам біткендей... жүрек езіліп бара жатқандай... Қарагөз көрпесін сілкіп тастап, қатты күрсініп дауыстап:
- Аллай, тұншықтым ғой!.. Құдай-ау, мұнша неге сорлы еттің?! - деп, қайнап қызған қанмен, қайда барарын білмесе де, үйден атқып шығып кетті.
Ауыл ұйқыда. Жарық айдың қалғытқан сәулесінде жеңіл күрсініп, тыныс алады. Жанды жеген азаппен қиналып шыққан Қарагөзді білген жан жоқ... Ол жалаң аяқ қалпында үстіндегі жалғыз көйлегімен, тарқатылған қара шашы арқасына жайылған қалпынша, тоғайға қарай жүреді. Бұл уақытта Қарагөз ерекше сұлу. Оны қинаған дерт әлі де басылмай, қайнап келеді. Жүректен шыққан жауыз дұшпаннан құтылу үшін, жас әйел белгісіз ем іздейді... Қазіргі түн салқыны ыстықтап, күйген денесіне азғантай да сезілмейді. Қарагөз күрсініп, жылап келіп, екі аяғын тізесіне шейін жалаңаштап, суық суға батырып, жиекке жарым денесімен құлай кетті. Ақ денесі ашылып, қара шашы тегіле жайылып жатыр. Жүректе белгісіз құмарлық қарауытып шығып, жүз толқытып барады. Сол мүйнетте бас жағынан:
- Қарағым, Қарагөз, немене? - деген үн шықты. Сөзін ұққан жоқ, кімнің үні екенін де аңғарған жоқ. Бетіне де қарамастан, қолын шалқасынан созып, бұлғағандай болып:
«Келші бері!» деді. Келе берген кісіні өзіне қарай жыға құшақтап, құшырлана тістеп сүйе бастады...
Дүние құмарлық мастығына батып, көзден өшіп барады...
Денедегі жыландар енді қуана ойнақ салады. Бұл күйдің кінәлісі Болат еді...
1925 жыл.

 

 

Шерхан Мұртаза. 41 ЖЫЛҒЫ КЕЛІНШЕК

 

-  Сен мені танымай қалдың ба, неге үндемейсің, Мақсұт?

Ол тіл қатпады. Босағада тұрды да қойды.

-  Бір-бірімізді көрмегелі отыз жылға жуық болды, Мақсұт. Сен соғысқа кеткенде, мен жиырма сегізде едім ғой.

Ол үндемеді.

-  Қартайдым, Мақсұт. Ал сен дәл осыдан отыз жыл бұрынғы қалпыңда қалыпсың.

Ол үндемеді.

-  Танымадың ба, Мақсұт? Мен Хадишамын ғой! Сені әне келеді, міне келеді деп отыр едім. Жұрт көрсе, сені менің балам дер. Сен, сірә, сол сөзден қорқып тұрсың ғой.

Ол  үндемеді.

-  Босағада тұрғаның қалай, Мақсұт! Төрге шық, өз үйің ғой.

Хадиша Мақсұтты қолынан ұстап төрге алып шықпақ «болып, ілгері аттайын деп еді - орнынан қозғала алмады. Арада екі адым жер, бірақ алыпбас асу сияқты. Жілік-жілігіне қорғасын құйып, жерге қағып қойғандай тырп етуге дәрмен жоқ.

Ал Мақсұт табалдырықта әлі тұр.

-  Сенің келгенің жақсы болды, Мақсұт,- дейді Хадиша.- Туысың Шалабайдың қорлығына шыдай алмай, сені айқайлап тұрып шақырып ем, естіген екенсің... Шалабайдың былтыр күйеуге тиген қызы төркініне түсе келіпті. Ол қызды сен көрген жоқсың, мұнда туған бала ғой. Қағынып, былтыр байға қашып кеткен. Шалабай қызына: «Енді сенің өлігіңді ғана көрейін»,- деп еді, бә-

лені ме, құдасы бахуат неме екен. Шалабайдың көмейіне тас тығылған касқырдай болды да қалды. Тас қауып, тапқаныңды ит жегір. Мейлі ғой, қыз - жат жұрттық. Күләй тұрмақ, сенің жалғыз қызың Жанар да әлдеқашан тұрмыс құрып, балалы-шағалы боп кеткен. «Қолыма көшіп кел, жалғыздан-жалғыз қайтіп отырасың» деп мың айтып жалынды - бармадым.-«Мақсұттың үйінің түтіні өшпесін - отырамын осында»,- дедім.

Ой, алжыған басым, бірді айтып, біріне кеткенім... Бәрі анау Шалабайдың қызы Күләйдан шықты ғой. Күләй күйеуімен келіп түсті. Ауыл болып жиылдық. Күйеу мен Күләй алып келген қоржынның аузын ашамын ғой деп отырғанмын. Ата жағынан алғанда, менен жақын кімі бар Шалабайдың? Аталастан осы Мақсұттың үйінен жақын ешкімі жоқ қой, біле-білсе. Білмеді. Айдаладағы Ақшай кемпір ұстады қоржынның аузын. Ақшай кемпірдің бүгінде мұрнынан есекқұрт түседі. Шалы қасында, үш бірдей келіні қызметін істеп тұр. Шифрлеп сегіз бөлмелі үй салдырған, балаларының бас-басына мотоциклі бар. Шалабай шіркін, сенің інің, менің қайным ғой, қайын болмай қата қалғыр, қоржынды маған ұстатуға жарамады.

Бұрын бір құдайдың басқа салғанына көніп, жоқшылықты да, тоқшылықты да көріп, көндіккен бас қой мына бас. Бірақ анау қорлыққа шыдамадым:

-  Әй, шырақ,- дедім Шалабайға,- аруақ атып кетпесін,- дедім.- Егер Мақсұт болса, мен кіммін? Хадиша болар едім, алдымнан көлденең жүрмес едің сен шірік,- дедім. Мақсұт жоқ болған соң, мен сияқты жетім кемпірді елемейсің,- дедім. Аруақ атқыр болмасаң, анау Ақшай кім, мен кім?- дедім.- Жөн білмейтін қандай көргенсіз едің,- дедім.- Тұқшиып, төмен қарап, жер шұқылайды, жерге кіргір.

Ал, әлгі Ақшай құтырсын.

-  Алды-артының бәрін жалмаған қақбас,- деді мені.- Өліп қалмай жападан-жалғыз неғып отырсың. Қоржынның аузын ұстаған сенің не теңің, қақбас,- деді.

-  Әй, Ақшай,- дедім мен де. Қаным қарайып кетті.- Алды-артымды жалмап, жалмауыз болайын деп құдайдан тілеген жоқпын,- дедім. Мақсұт көппен бірге әскер кетті. Сенің байың Құрақбас құсап әскерден қашып, үш жыл бойы тауда тағы боп жүрген жоқ дедім. Қызым Жанар болса, тұрмысқа шықты, құдайға шүкір, қазір балалы-шағалы,- дедім. Өзім болсам, Мақсұттың отын өшірмей, түтінін түтетіп   отырмын.   «Қырық  жыл қырғын болса да - ажалды өледі». Кебенек киген, әйтеуір, бір келеді. Мақсұт үйден кебін киіп аттанған жоқ қой,- дедім. Оны мен семіз деп сойған жоқпын, етті деп сатқан жокпын, мен қайдан қақбас боламын,- дедім. Сөйтіп ем:

-  Сорлысың, сорлы,- деп Ақшай ернін шығарды, ерніңе күйдіргі шыкқыр.- Тағы отыз жыл күт, келеді Мақсұт,- деп кекетті.

-  Күтемін,- дедім.- Жүз жыл күтемін,- дедім. Сөйттім де, ызаға шыдай алмай, айқай салып далаға атып шықтым.

-  Қайдасың, Мақсұт!-деп айкайладым. Үйге енді кіріп отырғаным да осы еді, сен келіп қалдың, Мақсұт. Ақшай енді не бетін айтар екен, бәлем. Кісімсіп, қыздан келген коржынның аузын ұстап, дәрежеге жетіп, жетісіп еді, енді қарабет болды, қараң қалғыр...

Ол үндемеді.   Бәрін үнсіз   тыңдап босағада   әлі тұр:

-  Неге үндемейсің, Мақсұт?!-деп Хадиша соңда шыңғырып жіберді.

* * *

Хадиша өз даусынан өзі шошып оянды. Кәдімгі үйі. Үйде жалғыз өзі. Таң атып қалыпты. Сиырды сауып, табынға қосатын уақыт болыпты.

-  Шыннан тағы да түс пе?-деді өзіне-өзі.-Шыннан Мақсұт бір тіл қатпады ма?- деді өзіне-өзі.

Ал, шындығында, Хадиша Ақшайдан көрген қорлығын арыз етіп айтқанда, сол түсте Мақсұт сай-сүйегі сырқырап егіліп еді. Қаншама жұбату сөздер айтып еді Хадишаға.

Бірақ өлгендердің көзінен еш уақытта жас шықпайды. Өлгендердің сөзін тірілер еш уақытта есіте алмайды.

Ал Хадиша болса:

-  Мақсұт тым болмаса түсімде көргенде неге бір тіл қатпады?- деп әлі аң-таң.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

БІР НӘЗІК СӘУЛЕ

Келтесай разъезіне жолаушы поезы бір-ақ минут аялдайды. Ал, экспресс тоқтамақ тұрмақ, екпіні бәсеңдетпей, жұлдызша ағып өтеді.

Хадиша ұзатылған қызының үйінде қыстай жатып, енді ауылына қайтпақшы болған. Қызы Жанар мен күйеу баласы Жекен:

-  Әлі бола тұрсаңызшы, ауылыңызға барғанда не бітіресіз жападан-жалғыз,- деген.

-  Е, шырақтарым, тірі адамның тіршілігі таусыла ма. Көктем болса шығып қалды. Көк сиырды Шалабай көршіге: «Әуелі құдай, одан соң өзіңе тапсырдым» деп кетіп ем, бұзаулайтын кезі еді, ол не болды екен? Шалабайы түскірдің қарасаны сүзеген еді, көк сиырды сүзіп бұзау тастатып қойды ма - қайдан білейін.

-  Апам-ай, әйтеуір. Сол сиырды сатып жіберіп, біржолата келсеңізші, не бар қартайғанда жалғыздан-жалғыз. Бас ауырып,   балтыр     сыздамай   ма   екен,- дейді

қызы.

-  О, сорлы қар, мені аруақ атсын деп жүрсің ғой. Аруақтарды қайда қоясың? Сенің әкең бар емес пе еді, бабаларың бар емес пе еді? Олардың аруағы түтін шықпаған үйден безбей ме екен? Күйзелмей ме екен? О дүниеге барғанда мен оларға не бетімді айтам? О несі-ей!--деген шешесі.

Содан Хадишаны қызы мен күйеу баласы Келтесай разъезінен поезға шығарып салып тұрған. Шоқ талдың тасасынан көк поезд қырықаяқ жұлдыз құрттай ирелеңдеп шыға келді. Келтесайда билет тек жалпы вагонға са-тылады. Сол жалпы вагонды іздеп Жанар мен күйеу бала әрі-бері алақ-жұлақ жүгірді. Жазғытұрымда жау алатындай барқыт шапан киіп, күндікті шалқайтып, шаңырақтай етіп ораған Хадиша қызының соңынан бір күйеу баласының соңынан бір жүгіріп есі кетті. Ақыры жалпы вагон табылып, оның тұтқасына жармаса бергенде, поезд жылжи бастады.

Күйеу бала қоржынды тамбурға лақтырып жіберіп, енесінің қолтығынан демеді.

-  Ойбу, мына жаның шыққыр қайтеді-ей,- деді Хадиша поезға ұрсып.- Тоқтай тұр-әй... Пастой!

Тәңірі жарылқап, тамбурда тұрған тәмпіш мұрын бір қара қыз кемпірдің қолынан тартып, ішке ендіріп алды. Хадиша поезға ілінгеніне шүкіршілік айтудың орнына, бұрқылдап ұрсып жүр:

-  Ойбу, мына жаның шыққыр қайтеді, соңша әкесі өлгендей асыққаны несі... Әй, Жанар, Жекен-ай, аман бол, айналайын, айналайын, қарақтарым әшейін, садағаң болайын, шырақтарым әшейін...

Келтесайдың қызыл кірпіштен сокқан   разъезі   тағы бір топ талдың тасасында қалды.    Өзінің  даусын  енді Жанар мен Жекен ести қоймайтынын Хадиша соңда барып түсінді.

Қызын қимай, тумаса да туғандай болған күйеу баласын қимай, көмейіне бір түйін тығылып, көзіне мөлтілдеп жас іркілді.

«Қал, қал» деп жалынғанда, неге қала қоймадым, деп өкінгенін байқады.

«Жоқ,- деді тағы да  өзіне-өзі.- Қайтқаным дұрыс.

Бір күн өтер. Ел бар, жұрт бар - жалғызсырамаспын».

-  Апа, қайда барасыз?

Хадишаның тарс есінен шығып кетіпті. Әлгі өзін тамбурға қолынан тартып шығарып алған қызды мүлде ұмытып кетіпті.

-  Құдай тілеуіңді берсін, сен болмағанда іліне алмайтын екенмін,- деді Хадиша бейтаныс қызға жалбаңдап, ризалығын білдіріп.- Борантауға барамын, шырағым. Өзің қайда барасың?

-  Мен бе?-деп қыз өзінің қайда бара жатқанын жаңа ойлағандай дағдарыңқырап қалды.- Дана-Атаға барамын, апа.

-  Онда Борантаудан ары кетеді екенсің ғой. Мына поезы түскір Борантауға тоқтар-тоқтамастан жүріп кете ме деп қорқамын.

-  Қорықпаңыз, көмектесеміз ғой,- деп күлді бейтаныс қыз.

Сөйтіп, Хадиша кемпірдің қоржынын көтерісіп, өз купесіне ертіп барды. Бір-біріне қарама-қарсы жайғасып отырысты. Вагонның терезесінен иір-иір ақбас тау поезбен жарысып жөңкіліп жатты. Осы бір басына бұйра бұлт қонып, атлас көк аспанмен аймаласып жатқан тау мына қызға көрген бір түстей ыстық, бірақ бұлыңғыр.

Неге ыстық - өзі де білмейді. Осынау таусылмас таудың бір түкпірінде өзінің шешесі жүргендей көрінеді де тұрады. Ал, тауы түскір сөйлемейді, тасы түскір сөйлемейді. Ұлы жұмбақ. Осы ма, осы жер емес пе? Осындай көлбеңдеген тау ма еді, сағым ба еді? Темір жолдың бойы сияқты еді. Өйткені анасының арқасында ұйқтап келе жатқанда паровоздың қышқырған даусынан шошып, жылағаны есінде. Шешесінің өзін көтеріп келе жатқаны анық. Оны біледі. Онан кейін сол шешесінің арқасында келе жатып тағы ұйқтап кеткен болуы керек, арғысын білмейді. Содан соң апатайын көрген емес. Содан бері талай жыл өтті.

-  Әке-шешең бар ма, қарағым?-деді Хадиша.

-  Білмеймін.- Қыз иығын қиқаң еткізіп күлер-күлмес езу тартты.

«Білмегені несі? Дені сау ма өзінің?»- деді ішінен Хадиша. Бірақ дауыстап:

-  Білмеймінің не?- деді.- Өзің қайдан келесің? Үйің бар ма?

Қыз төмен қарап, терезенің жақтауын саусағымен сүрткілей берді. Хадиша соңда байқады, қыздың әдемі мойыл көзіне жас толып, шүпілдеп тұр екен.

«Қу басым, қарап отырмай, байғұстың жарасын қасып алдым ба?»

-  Мен детдомда өстім, апа,- деді қыз енді езу тартпақ болып.

- Е, байғұс-ай,- деді Хадиша көңіліне келеді-ау деп ойлап жатпай. Соңан соң есіне бірдеңе түскендей, лезде қатқыл үнмен, жұлып алғандай:

-  Қай жердің жетімханасы?- деді.

-  О апа, көп. Дана-Атада да болдым, Жасылкентте де болдым, Мәуеліде де болдым. Көп...

Хадиша енді мына қызды жаңа көргендей, ежірейе қарап:

-  Атың кім?-деді.

Қыз бұл сұраққа жауап бергісі келмегендей, қасын көтеріп, сыздаңқырап қалды да, үлкен кісінің сауалын жауапсыз қалдырмастан:

-  Валя,- деді.

-  Тек, «Бәлесі» несі?!

-  «Бәле» емес, Валя,- деп күлді қыз.

-  Жетімханада орысша боп кеткенсің ғой, әйтпесе әке-шешең қойған қазақша атың бар шығар?

Ши барқытты үстіне қабаттап кие берген мына кемпір енді Валяға ұнамай қалды. «Әлгінде мен болмасам, поезға ілінбей де қалар еді, енді өктем-өктем сөйлеуін»,- деді ішінен.

Ал, Хадиша қызға сұқтана қарағанын қоймады. Валя мұнысын ұнатпай терезеге бұрылды. Басына шарадай ақ шаңқан күндік ораған мына кемпір қадалып қарай берген соң: «есі дұрыс па өзінің?» деген күдік те келді.

Валя шыдай алмай орнынан тұрып кетті. Вагонның қарсы жақ терезесіне барып, әйнекке бетін басып Шақпақтау жотасынан ары аспанға найзадай шаншылған Алатауға қарады. Жүрегі дір етті.

Поезд Шақпақтаудың биігінен еңіске қарай еңірей жөнелді. Хадиша ши барқыт бешпентінің қалтасынан папирос алып, коридорға шықты. Шылымды тұтатын, сөнген шырпыны     шишақпақтың     қорабына   қайта салып қойды.

«Кемпір басымен темекі шегуін»,- деді теріс айналып.

Хадиша    қызды    иығынан    тартып,   өзіне   қаратып алды.

-  Әй, Бәле.

-  Бәле емес, Валя.

-  Уәлия болсаң бола ғой. Кемпір басымен шылымы несі деп тұрсың ба? Герман соғысынан бері тапқан өнер ғой. Қазір Борантауға келеміз. Біздің Өжетте Зуайда деген кемпірдің баяғыда жетімханаға өткізген қызы жоғалып кетіп еді. Сен сол емес пе екенсің деп келемін. Бірақ оның аты басқа сияқты еді.

-  Менің шын атым белгісіз,- деді қыз жұлып алғандай.-Валя деп детдомда қойған. Зуайда, Зуайда... Естімегеи сияқтымын.

-  Зуайда байғұс анау бір жылы қызын Дана-Атадағы жетімханаға апарып өткізген екен, қайтып барса - басқа қалаға ауыстырып жіберіпті. Содан көз жазып қалды ғой. Тірі болса, сен сияқты бойжеткен шығар.

-  А, сіздің ауыл қайда?

-  Біздің «Өжет» пе? Мына таудың етегі ғой. Борантаудан ровнай он шақырым. Осы сен біздің Зуайда бәлеге ұқсайтын сияқтысың-ей?

«Құдай-ау,- деді қыз,- шынымен осының сандырағы келсеші».

-  Әй, Уәлия,- деді кемпір папиростан соң даусы ашылғандай саңқылдап.- Осы сен шайтан біздің Зуайдаға ұқсап бара жатқан сияқтысың. О да жас кезінде сендей қара домалақ еді. Қазір ұрысқақ қара кемпір болды ғой. Сен әдірісіңді жазып берсеңші, Зуайда сені өзі іздеп барсын. Можить бить, соңың жоғалып кеткен қызы шығарсың. Бірақ оның аты басқа сияқты еді...

Қыз тағы да тау жаққа қарады. Таныс сияқты. «Қашан көріп едім?- деді. Әлде жай елес шығар. Еш уақытта мұндай тау көрмеген шығар. Қиялда не көрмейсің, қиялда бұдан да биік таулар болады. Ал анасы маска киген адам сияқты. Бет-аузы ақ жаулықпен шандулы ма еді - еш белгі есінде жоқ.

-  Апа, мен сізбен бірге барамын «Өжетке»,- деді Валя.

Хадиша сенерін де, сенбесін де білмей, қыздың бетіне бағжия қарап сәл тұрды. Соңан соң:

-  Алда, айналайын-ай, сағынған екенсің ғой,- деді.

* * *

Олар Борантау разъезіне түсіп, «Өжетке» баратын көлік қарастырып еді, ештеңе табылмады.

-  Апа, он километр деген не, жаяу кете берейік, қоржынды маған беріңіз,- деді Валя.

-  Алда, айналайын-ай! Түңілмеген екенсің ғой. Соғыс басылғалы қанша жыл - мен де түңілген жоқпын. Біздің үйдің қожайыны кеткелі қашан! Әлдеқашан сүйегі қурап қалды ма дейін десең - көз көрген жоқ, көңіл суыған жоқ. Можит бить, тірі шығар...

Разъездің қызыл үйі - айдарлы әтеш сияқты. Айналасын қоршап шоғырлана қалған аласа ақ үйлер - ақ мекиендер артта қалды. «Өжетке» қарай бұралаңдап, сайға түсіп, сайдан шығып қара жол жатты.

Сайлардың бетегелі бұлымдары бір жері тақыр, бір жері ашаң жасыл - тозған доқабадай. Бәйшешек жұмыртқа жарып шыққан балапандай қайдан, қайда келгенін біле алмай, аң-таң қалып тұрған сияқты. Қартаң-құлақтың жапырағы тырбиып-тырбиып, өлерменше тырысып, өзге шөптің өрісін тарылтып, жайылып барады екен.

Аспанда бозторғайлар, төскейде тракторлар бір-бірімен айтысып тұрған кез екен.

Көктемнің саумал ауасы тынысын кернеп кеткендей, Валя түшкіріп-түшкіріп жіберді.

-  Аққұш жәрекім-алла!- деді Хадиша.- Қоржын дауай, сен шаршаған, қызымкә.

Лимон түстес сары көбелек бұлардан озып та кетпей, қалып та қоймай, қапталдасып, қалт-құлт етіп ұшты да отырды. Анасын іздеген адамға жол көрсетіп, серік болғысы келгендей.

Сайдың қабағында қарындары шеңбірек атып, желіндері жер сызып, сиырлар жайылып жүр екен. Жүні әлі түспеген жүдеу көк есекке мінген бақташы разъезден жаяу келе жатқан екі әйелге көзін қолымен көлегейлеп көп қарады.

«Осының бәрін мен бір кезде көріп ем,- деді қыз өзіне-өзі.- Мына шарбы бұлтты, көгілдір аспанды, мұнарлы биік тауды, қылтиған бәйшешекті, маңқиған сиырларды, терең сайларды бұрын бір көрген сияқты. Сірә, түсінде шығар?»

Қыздың кеудесі дүрсілдеп, әлгі «Өжетке» тезірек жеткісі келді.  Қодас жүнді көк есек мінген бақташы тымағын баса киіп алып:

-  Оу, Хадишамысың? Ат-көлік аман ба?-деді.- Көк сиырың бүгін-ертең бошалайды-ау, сірә. Қасыңдағы қай бала?

-  Бұл - баяғы Зуайданың жоғалып кеткен қызы көрінеді.

Бақташы енді тымағын жоғары көтеріп қойып қарады.

-  О, айналайын,- деді,- тірі, бар екенсің ғой. Қайран, Мәмбет жәкемнен қалған жәдігер екенсің ғой.

«Мен бір кезде бұл шалды да көргенмін»,- деді Валя.

-  Зуайданың баяғыда жоғалып кеткен қызы табылыпты, Хадиша алып келе жатыр екен,- деген хабар «Өжетке» лезде жетіп, тарап кетті.

Зуайданың үйіне кемпірлер мен балалар толып қалды. Зуайда қызын көрмей жатып аңырады-ай дейсің.

-  Өлгенім тіріліп, өшкенім жанды ма, жұртым-ау! Айналайын, Шәмшия-ау, адасып қалған анаңды ақыры таптың ба, құлыным?!.

-  Е, байғұс, қайтсін,- деді кемпірлер.

-  Ойбай-ау, қызының аты Шәмшия ма еді?

-  Апыр-ай, ұмытып та қалған екенбіз ғой.

Валя өзіне құшақ жая, көзін тарс жұмып алып, аңырап келе жатқан ақ кимешекті кішкентай қара кемпірге қарап состиыңқырап қалды.

Кемпір келіп, бас салып, қос иығынан айқара құшақтап, бетіне-бетін тақап, теңселіп бір тұрды дерсің. Оның көзінен домалаған жас мойнына тамғанда, Валяның да көңілі босап, өксіп-өксіп жіберді.

Хадиша мақтанып, папирос алып тұтатты,

-  Жанардың апасы-ау, қайдан таптың бұл қызды?- деп абысындары жабыла сұрап жатыр.

Хадиша қалай тапқанын қайталап шыққан. Бұл кезде көзінің жасын сүртіп, жылауын қойған Зуайда бір сәт Валяға үнсіз түйіле қарап тұрды да, жүгіріп барып қыздың басындағы жасыл ала үшкіл орамалды жұлып алды. Адамдар аң-таң. Валя да сасып қалғаН. Зуайда оның қырқылған толқын қара шашын саусағымен ары-бері ашып көріп, басынан күдікті бірдеңе іздегендей тінткіледі.

Зуайда сәлден соң қолын кимешегінің астына жасырып, төмен қарап, күбіжіктеп қалды.

-  Бәсе, қайдан болсын,- деді кемсеңдеп.

-  Әй, байғұс-ау, мұның не?- деді Хадиша.

-  Менің Шәмшиямның төбесінің оймақтай жері екі жасында отқа күйіп қалып еді-ау...

-  О, тұқымың құрымасын, тұқымың құрымағыр. Жұрт балшықтан бала жасап ала алмай жүрсе, бауырыңа келіп тығылған қызды кеудесінен итергенің не, сорлы! Әй, Уәлия, жүр бері, шеше болмай қалсын, бұл шешек алғыр Зуайда!

Хадиша Валяны қолынан жетектеп, қыстай құлыптаулы тұрған өз үйіне қарай асыға адымдады. Асықпаса, адасып барып тапқанынан айрылып қалатындай.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

 

 

Оралхан Бөкей. МЫНАУ АППАҚ ДҮНИЕ

 

 

"...Он ни в чем не виноват!

Прошу вас, верните ему

свободу"

(Луиза)

1

Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына он жыл толып, елдің ырсиған арқасы, тыртиған қабырғасына шыр бітейін деп қалған кез еді. Бүгінде мықтап тойынып көз еті өсе бастаған жұрттың  тәубесі әлі бойында,- ертеңді-қаракеш итырықтатқан жұмыстан зәрезеп болып шаршау, жүйке тоздырып жалығу дегенді білмейтін жанкешті уақыттың өз қызығы - өзінде: бала секілді аңқау алданғыш, ессіз иланғыш; ие-ие, жүректің соғыс салған жарасы ептеп жазыла бастаған-ды. Кіршең көңілдің қайтып ағармастай болған, қайтып жаңармастай болған жаулығы уақыт желіне қайта желбіреп, батсайыдай құлпырған, қызыққа толы шуақты да, шаттықты шақтарының бірі еді. Соғыстан соңғы он жыл - осына тым аз әрі ұзақ мезгілдің еншісіне, қираған, бүлінген дүниені қалпына келтіру ғана емес, жылап-сықтаған жетім мен жесірдің баяғыда, сол орны толмастай болған, ауыр қайғының, аһлап-уһлеген өкініштің өксігі басылып, уануы да тиген. Жау салған жара тыртыққа айналды, жыртылған жеріміз жамалып, аузымыз аққа ілінді. Сонау аза мен қазаға толы жылдардағыдан гөрі айналайын табиғат та жасап-жасарып, түлеп-түрленіп тоты құстай сыланған. Қар ерте еріген; көктем ерте шыққан; көк тез көктеген; жылдағыдай емес 1955 жылдың құсы тым-тым ерте оралған; ал, тау басының қары әлі еріген жоқ, күні кешелері ғана дүмбілез жатқан қыстың ызғарын еске салғандай күн сәулесімен ойнап, айнадай шағылысады әне.

Биыл Бұқтырма өзені шанағынан асып, долданып, қатты тасыды. Ауыздығымен алысқан ақ езу тентек, көбік түкірген толқындар жағалауды бар пәрменімен ұрғылағанда асау тепкіге шыдай алмаған жарқабақ гүрс-гүрс омырылады. Әсіресе, құла түспен шоқтығы еңселене мөңкіп аққан тау өзенінің жал-жал толқынына жармасып, қалқып бара жатқан бейшара салындылардан: қайың,

терек-талдардан су беті көрінбейді - аткөпір. Енді-енді ғана бүршік атып, жапырағын жая бастаған ағаштың түп-тамырымен қопарылыл, тіршіліктен мүлде қоштасуы, мәңгі солып, семіп, жағалауда қуарып қалары аянышты еді. Қар қалың жауған жылы Бұқтырма  байып, мәйектеніп  жетісіп қалатын. Ал, тау өзенінің тасығанын көру - әлдебір улы-шулы күй тыңдағандай айызың қана қуаттанып, көңіліңе желік пайда болып, ағызып-ағызып алар арғымақ іздегендей елегізіп, тақымың қышыры және рас.

Сонымен 1955 жылдың көктемі келді. Май мерекесін ұлан-асыр тойлап, енді Жеңіс күніне қам жасаған Шыңғыстай ауылы үлкен бір қарбаласта. Әсіресе бірінші Майды жақсы қарсы алды. Қолына қызыл ту ұстап қаздай тізілген колхозшылар, мұғалімдер мен мектеп оқушылары бүкіл ауылды айналып, демонстрацияға шықты. Құндыздай шұбаған қызылды-жасылды шерудің соңынан ала ауылдың тамам бала-шағасы еріп, қылаяғы ауылдың қайқы құйрық итіне дейін еркелеп ермек тапты. Ән айтылды: Отан туралы, Ұлы жеңіс, Бірінші май туралы. Бұдан соң ағаштан қиып салынған ескі клубтың алдында, ашық аспанның астында жойқын митинг өтті. Ауданнан келген кительді, хром етікті аппақ сазандай сұлу өкіл сөйледі, сонда өкілдің қағазға қарамай тез-тез сөйлеген сөзін шыбынның ұшқаны білінбестей тыныштықпен ұйып тыңдады: артынан ауыл жастарының күшімен дайындаған концерт болды. Тіпті сол күні соғыстан қайтқан солдаттардың да арқасы қозып, Солтақан деген елудегі азамат алтайды жаңғырықтырып, ән шырқады. Бозторғайдың үніндей шырылдап шығатын жіңішке дауыс көкпеңбек аспанда дірілдеп, ілініп тұрып қалғандай, жалғыз ноқат болып мәңгіге қатып қалғандай еді. Бұдан соң қабырғасы қаусаған жаман клубтың шіріген еденін тепкілеген „Қырықаяқ", „Саратов", „Полька" деген би басталған. Ұзын көйлекті, тік иықты қыздар шалбарының балағы жер сызған, шашын шалқайта қайырып, жып-жылмағай қырынған жігіттермен ұзақ билеген. Айлы аспанның астында ұзақ қыдырып, сыбыр-сыбыр сырласқан. Бұл күні әр үйде қазан көтерілген, шырмауық салып, қолдан ашытқан бал сыраны өлердей ішіп, мас болған және осына мастық өздеріне соншалық жарасқан. Өйткені ешкім ешкімнің жағасына жармасып, ата бабасынан түсіп балағаттамаған еді-ау. Бар болғаны аздап өтірігін қосып, соғыста немісті қалай қырғандарын, тырқырата Берлинге дейін қуғандарын, жеңіске қалай жеткендерін жыр қылып айтысқан... ол кезде айтар әңгіме қандай көп еді...

Сол күні Нұрлан да таң атқанша көз ілмеген: әуелі елмен бірге демонстрацияға шыққан, содан кейін аппақ сазандай өкілдің сөзін аузын ашып тыңдаған, содан соң сахнаға иегін тіреп қойып ойын көрген, би басталғанда сықсима терезеден сығалап тұрған, бұдан соң ауыл ғашықтарының түнгі оңаша жорығын андыған, жортуыл таң қылаң бере аяқталып, жау түсіріп келгендей төсегіне жығылған; шешесі ұрысқан, ұрысып жүріп үстіне өзінің шапанын жапқан, жан-жағын қымтаған, маңдайынан сүйген: „азамат болып қалды, құлыным", деп сүйсіне күбірлеген. Табалдырыққа келіп қалған боз-балалық шақ Нұрланға да өзінің алаңсыз күндерін ала келген. Қызыласықтан қар кешкен, қанды жылдардың ауыртпалығы бәлкім ересектерден гөрі балаларға көбірек батты десек, тойып тамақ ішіп, жарытып киім кимеген қара домалақ қазақ ұлдарының бірі Нұрлан-тын. Есеймей тұрып ес кірді, мынау дүниенің ащысы мен тұщысын үлкендермен бірге татты. Ер-азаматынан айрылған әр үй „тілеуі теріс жалмауыз, әкесін құртқан қу жетім" деп таяққа жықты. Күнмен бірге шығып, күнмен бірге батқан мүгедек балалық шақ әсіресе әкеден айрылғандар үшін қош-қошын ерте айтқан еді. Нұрланның өзге құрдастарынан анау деген айырмасы бақытына орай ма, „Әкесін жұтқан қу жетім" деген сөзді естіген жоқ. Жаман әкесі басы қалқайып от пен оқтың ортасынан есен-сау оралды. Есен-сау оралғанымен ауырғыштай береді, қорықшылығына бір күн шықса екі күн төсек тартып жатады. Ескі жара - әлі алынбаған оқ сыздатады білем, қыңқыл-сыңқылы күн өткен сайын көбейіп барады. Кей түні көрер таңын көзімен атқызып ыңқылдайды, тісін қайрайды, „алға" деп аласұрады. Ондай сәтте Нұрлан шыдай алмай, сыртқа шығып кетеді. Жар жағасындағы жалғыз теректің түбінде Бұқтырманың сарынын тыңдап, ауыр ойға батады. Терек жалғыз емес еді, көп еді, талайын өзен жалмады, ендігі кезек осы Нұрланның өзіне меншіктеген кәрі терегіне жеткендей. Ол тым болмағанда биылша құламай тұра тұрса екен деп тіледі. Кейде ауылға қарай жан ұшыра ентелеген Бұқтырманы ары аунатып ағызатын тылсым күш іздейтін. Жарды жегідей жеген жемір өзен біртіндеп Анна апасының үйіне жақындап қалғаны қабырғасын тіпті қайыстырушы еді. Өкімет орнамай тұрып, көшіп келген жалғыз үй - орыс Нұрландардың көршісі, міне, елу жылдан асты шай десіп бетіне келіп көрген жоқ. Анна-апасы Нұрланның кіндігін кесіпті. Кейде анасы: айтып отыратын: „Дүңк еткізіп турасын айтатын орыс мінезді болып барады ұлым. Аннаға кіндігін бекер кестірген екенмін". Кіндік шешесінің шалы Гриша ағай өткен жазда дүние салды, жалғыз қызы Маруся болса байға - қазаққа тиіп кеткеніне үшінші жыл, кейде келеді, кейде мүлде ат ізін салмай қояды. Сол Анна-апасы айтады: „Көктем биыл ерте шықты, ырысты, берекелі жыл болады, бірақ өлім-жітім мол болады, әсіресе қариялар қирап, қырылады". Оны естіген жұрт шамданып „мыстан кемпірдің жағы қарыссын, қара басына көрінсін" деп долданып, өз отының басын өзі сабалайды. Гриша ағайдың қалай өлгені Нұрланның әлі есінде. Шыңғыстай ауылындағы жалғыз ұста шал қайыңнан шананың басын иіп отырған жерінде жүріп кетіпті. Оның о дүниеге жым-жырт аттанып кеткенін былайғы ел байқамайды, өйткені ол өте ұйқышыл шал еді. Соғыс кезінде пішенші әйелдердің шалғысын шыңдап отырып, не болмаса маяға шөп әперіп тұрып, немесе қаз бауыздай беріп қалғып кетеді екен. Бір күні Нұрланның үйіне бұлан-талан ашуланып Анна-апасы кіреді. Гриша ағайды балаша дедектетіп, қолынан жетелеп алған: „Ей, құдай көрші,- деді,- елу жыл отасқан шалыммен бөлінейін деп сендерді куәлікке тарта келдім. Қырманға астық ұшырайын деп кетсем қара басып жалғыз самауырынды бүлдіріп тастапты. Оттығына толтырып тұрып шоқ салған да, шай құйып ішем деп шүмегін бұраған күйі ұйықтап кетіпті. Содан барлық суы суалып, қаңсыған самауырын балқып істен шыққан. Не істеймін, ақылдарыңды айтыңдаршы",- деп Гриша ағайға алая қараса, ол кісі пештің түбіндегі орындықта қорылдап ұйықтап отыр. Содан жұлқылап жүріп, әрең оятып аманында үйіне ертіп кетеді. Нұрланның анасы Сандуғаш айтып отырады: „Байғұс Анна бір үйге қонаққа барса, ұйықтап қалмасын деп шалының бүйірінен түрткілеп, санынан шымшылап отырушы еді деп..." сондықтан Гриша ағайдың колхоздың шеберханасында қылжиып өліп отырғанын - ұйықтап отырғанға жорып, ешкім жоламайды. Тек кешке жақын Анна барып: „Тұр қақбас, тұр" деп шалының жағасынан тартып қалғанда сылқ етіп құлап түседі. Анна-апа жан-жолдасын қара жамылып, көп жоқтады; қазақтың қатындарындай бетін жыртып, шашын жайып жырлаған жоқ, үнсіз егілді. Кіндік шешесінің үйінің бұрышындағы қасын керіп, көзін бақырайтқан „бөтен шалдың" суреті алдына шырақ жағып, шоқынып күбірлеп тұрғанын сан рет көрген еді. Көрген сайын анасынан сұрайтын, сонда өз шешесі айтатын: „Ол - орыстың құдайы, сен ол табынып жатқанда бара берме, кәпір болып кетесін,..." Сонда Нұрлан айтқан: „Мені балалардың барлығы кіндігіңді орыс кескен,шоқыншысың,- деп мазақтайды". Өмірге жаңа келген кезінде басқа ел құрып қалғандай кіндігін ауылдағы жалғыз орыс әйелінің кескеніне өкініп те жүрді. Есейе, ес кіре келе тағдырының анау шүйкедей көк көз кемпірге телулі екенін, жылбысқы кезінде көп ауырып, шыбын жанын осы орыс әйелі аман сақтап қалғанын білді. Осыншалық   мол   мейірімге   толы   аналық   қарыздан   қандай жақсылық жасап құтыламын деген ұятты сезім де жүрегін шабақтайтын-ды. Аннаның бұл ауылда емдеп, домдап жазбаған адамы аз. Тіпті, қыстыгүні ғана келген дәрігер қызға бармай саусағының ұшы қанап қалса осы кісіге жүгіреді. Бұл ауылда - Шыңғыстайда жеміс егетін жалғыз үй - Анна мен Григорий ағайдікі еді. Тек, ауылдың   тамам   баласы   көктемей   жатып   таптап,   огородты ақтаңлақтап кететін. Ондай жорыққа алғашқы кезде Нұрлан да қатысып жүрді. Бір күні салқамды жұла берген мұны Григорий ағай шап беріп ұстап алды да, ұрмай-соқпай ақылын айтты: „Сен біздікі кіндік бала, огородты сен охранят етуің керек.  Бұдан былай ұрлықты қой. Жеміс жегің келсе біз өзіміз де береміз. Бала жоқ, сен жемегенде - кім жейді",- деді де қойны-қонышын көкөніске толтырып берді. Бұл сол оқиғадан былай қайтып огородқа ұрлыққа түскенді қойған. Қазір ойласа өз оспадарлығына өзі қиналады. Бірақ, балалыққа бәрі жарасымды... Гриша ағай өлген соң бұл кіндік шешесіне тіпті үйір бола түскен. Ертеңді кеш отынын жарып, суын әкеліп береді. Кейде жеміс-жидек егуге көмектесті. Кей күні орыс пешінің үстіне шығып алып, қарала мысықпен ойнап жатып ұйықтап қалатын. Ондайда Анна ұйқысын бұзбастан үстіне шалының қара тонын жауып, күзетер еді.  Бірде ол әлдекім түртіп жібергендей селк етіп оянып кетті. Көзін уқалап ашып қарап еді, Анна-апасы аяқ  машинасымен  жүн  иіріп,  әндетіп отыр екен. Нұрлан әннің сөзін ұқпаса да әуеніне тербеліп, маужырап ұзақ жатты... Бұрын естімеген ән әлдебір қиялдарға, алыс армандарға жетелегендей мұңлы, әрі шалқар кең. Сонда ол өзі көрмеген, тек картадан ғана білетін орыс жерінің сыңсыған бай орманын, жылып ағар кең өзенін, қайыңды шалқар шабындығын көргендей қиял дүниесіне шомып, көзін жұмар еді. Көзін жұмса да бәрібір жіп иіріп, көк жазықтың ортасында әндетіп отырған Анна-апасының аяулы бейнесі өшпейтін. Өз үйіне қонбаған күні бұны ешкім іздемейтін: „Е, орыс шешесінің үйінде шығар" деп кәперсіз отыра берер еді. Көрші-қолаңжағы қатындар Нұрланның анасына: „Балаңды орыс кемпір   дуалап    қойғаннан    сау    ма,  үйірсектеп  сол үйден шықпайды",- деп қыжыртар еді. Ондайда Сандуғаш: „Жас кезінде жанын алып қалған сол Анна байғұс, бала қылып алам десе де қарсылығым жоқ" деп тиып тастаушы еді.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

2

Май мерекесінің ыстық-суығы басылып, дырдумен екі күнді өткізген колхозшылар көктемгі қарбалас жұмысқа жұмыла қайта кірісті. Биыл Қара далаға күнбағыс егіп, бұл елде бұрын болмаған жаңа  ырым  бастамақ.   Оны   бастайтын  ауданнан  келетін   бір қаршадай қыз көрінеді. Алғашында шаруашылықтың бұл бастамасын түсінбеген жұрт: „немене, сонда шекілдеуік жейтін болдық па" деп нәумез көңілмен күңкілдескен. Күнбағыстың мал азығындық сүрлем үшін егілетінін, мұны жеген сиырдың жардай болып семіріп, сүті бұлақ болып ағарын білген соң, балаларын жүгіртіп жіберіп, тұқымдық дәннен ұрлатып алып әр үй өз огородына сеуіп тастап еді. Ұрлықтары күнбағыстары бас жара ашыларын ешқайсысы сезген жоқ.   Нұрланның   ауру   әкесі   сол   күнбағыс   егілген даланың қорықшысы.  Ол көбіне биыл  оныншы класта оқитын ұлы - Нұрланды сабақтан босаған әредікте өз орнына жіберіп, аяқ суытады. Осы қорықшылық жұмыстың тіпті азап екенін әкесі зарлап күндіз-түні айтып отырушы еді. Малын байлауға, немесе қораға қамап ұстауға үйренбеген жұрт кешке өрістен қайтқан сиырын қақтап сауып алып, басқа бір салады да егіндікке айдап қоя беретін. Өңкей қу мүйіз қарасан келгірлер салып ұрып, Қара далаға, жұмысы бардай мөңіреңдеп жетіп баратын. Таң атқанша ары-бері қуып, тырпық қалмайды. Әбден тіс қағып, қуланып алған сиырлар бұта-қарағай, сай-саланы баспалап тығылып тұрып, қорықшының көзі тая бере егіндікке қайта түсетін. Әлі көктемеген қап-қара даланы тапап, үстіне жусап ластағанға мәз. Мұндай қаскүнемдік сиыр төлі бұзауға да жастайынан жұққан. Күні бойғы ермек - жер тарпып гүжілдеген бұқашыға бар бұзау, тайыншаны қуу. Кейде Нұрлан егіндікке түскен малды әкесіне айтпай қуып отырып, қойшысы жайлауға көшіп кеткен иен қыстаққа қамап тастайтын. Шайпау әйелдер осы ұрт мінезі үшін талай рет қарғап-сілеген де. Сонда әкесі айтатын: „Бұл өзі соғыстан да қиын болды ғой. Майданда қарсы келген дұшпанды атып тастай салушы едік. Жаудан бетер қаскөй адамдар бар, не ата алмайсың, не аса алмайсың..." Неге? Оның себебін Нұрлан білмейді және пәлендей бас қатырып ойламайтын да.   Ол  ойлайтын  -  тезірек  ер  жетсем  екен,  оқуды тәмамдап, ауылдан кетсем екен, бәлкім үйленсем... кімге? Тағы білмейді. Оның білетіні әлдекім мұны самасы сарғайып күтіп жүр, сандалып іздеп жүр, әйтеуір бір күні екеуі жолығады. Ал қазір бұған

ешкім де ұнамайды. Ойша ауылдағы, барлық қызды санап, көз алдынан көгендеген қозыдай өткізеді. Жоқ! Бұлардың ішінде жоқ ол. Сосын ол таң атқанша ұйықтай алмайды. Денесі ысиды, жүрегі жиі- жиі соғады, санасына қайдағы-жайдағы оралып атып сыртқа шығып кетеді. Табанын топыраққа басып, салқындайды. Басқышқа отырып, телміріп жұлдыздан тана тағынған алқара көкке, сол көктегі майда жүзген айға телміреді. Ауыл... Ал, ауыл сол баяғы қалпы, жым-жырт ұйқыда; қаймақшыл жатқан тыныштықтарды Бұқтырманың сарыны ғана бұзады. Жоқ, Бұқтырманың сарыны бұзбайды, қайта сол ауыл үстінде ұйыған тыныштықтың күзетшісіндей мәңгі толастамас қуатпен сарқырап ағып жатқаны. Егер Бұқтырманың сарыны бір сәтке тоқтап қалса, мынау жылқыдай жусаған дүниенің өлі тыныштығы сонда ғана беймазаланатындай еді: Осыншалық жуас мамырстан тыныштықты қалайда бір нәрсе бұзушы еді ғой. Ол не? Е-е, еріншек үрген иттің дауысы ма, ұйқысыраған қораз ба, ол емес... Енді не? Е-е, ашқарақ енесі өрістен келмей қалып қарны ашып мөңіреген бұзау ма, ол да емес... Енді не? Е-е, сыраға тойып алып, сырнайлатып жүрген Қожақтың барқыраған әні? Жоқ, жарқанаттың сусылы шығар; судың ар жағындағы тоғайда әупілдеген елік шығар, түн қоңызының ызылдап ұшып келіп сиырдың мүйізіне сарт соғылып құлап түсуі ме; үйірін таба алмаған жылқының кісінеуі ме?.. Кейде ауыл іргесіндегі бейіттен жанға жат үн естілгендей болушы еді, сол ма?.. пейіштен жанға жат үн естілгендей болушы еді, сол ма?.. пейіштен ескен самал ма, солар ма тірілерді шақырған... Жоқ! Не сонда мынау барқыт түннің тылсымын бүлдірген, бораздалаған, тілгілеген не?! Тәңірім-ау, кеудесіндегі асколка сыздатқанда жанын қоярға жер таппай ыңқылдаған әкесінің құлындаған зарлы үні екен-ау... Осыдан он жыл бұрын аяқталған соғыстың, аузын арандай ашқан зеңбіректің әлі сембеген үні, әкесінің бойынан сенбей, қайта жаңғырығып жан-жаққа тарап мазалап тұрғаны ма екен? Жо-жоқ ол да емес... қазіргі жас сәбидің ұйқысындай таза ұйыған тыныш­тықты бұзған өз жүрегінің махаббат іздеген, тазалықты аңсаған, ертеңіне алаңсыз ұлы дүбірлі қуанышты үмітпен телмірген құлын көңілдің көп-көп аңсар әндері; әлі айтылмаған, айта алмай жүрген сағыныш саздары, ешкімге сездірмеген, іштей жасқана жасырған ұялшақ сезімнің сергелдең үні, жоқтан барды іздеген ұшпа қиял құсының қанат сусылы; мүмкін жас ботаның тәй-тәйіндей балаң дененің жұмсақ дірілі... жұмсақ дірілі... жасқана ән салуы... тәңірім-ау, ұлы тыныштықты бұзған осы үн екен-ау, оны қайдан білген! Иә, оның білетіні - тезірек ер жетсе, осы ауылдан ертерек кетсе, бәлкім тек қиялында ғана кездесіп жүрген ғашығына қосылса, сәбилі болса... Нұрлан өз ойына өзі күліп жіберді. „Сол немені бақыртып-шақыртып керегі бар ма өзі. Мүмкін керегі жоқ шығар. Мүмкін ол сәби ертең болар... бәлкім болмас та... соғысқа керек солдат шығар... бәрі мүмкін".

Май мерекесі біткенмен, екінші мереке енді-енді ғана бастала берген шақ еді. Өлгенде көрген, бес жылдай қан төгіп, миллиондаған адамымызды құрбандыққа шалып, әрең дегенде қолымыз жеткен Ұлы жеңіс күні - ертең дегенде Шыңғыстай ауылында үлкен жаңалық болды. Тып-тыныш жатқан жамағат алатайдай бүлінді. Елді алатайдай бүлдірген шыбық мініп, ауылдың үстінен шаңдатып, шапқылап өткен қара бала болды. Ол құйрығын сабалап, құйын-перен жүгірген күйі бар даусымен, „неміс келе жатыр, неміс келе жатыр" деп жер жаңғырықтыра айғайлады. Алғашында тентек ұлдың бұл оспадарлығын әркім әр түрлі қабылдады. Үлкендер жағы: „Жағыңа жылан жұмыртқаласын, өз басыңа көрінсін, жетпегір жаман ырым бастағаны несі",- деп жер тепкілеп ұрысты. Кейбірі шынында да бір жерде тығылып қалған жау ағаш-ағаштың арасымен баспалап, Алтайдың өр қойнауында жатқан момақан ауылды аңдып басып алуға келе жатпасын деп жағасын ұстай шошыды. Осы жастарына дейін тірі немісті көрмеген тау арасындағы аңқау жұрттың аузын аштырып, таңдайын тақылдатқан оқиға осылай оқыстан басталды да, өрттей қаулап, гуілдеп етек алды. Баланың сөзі расқа айналды, шынында да неміс келе жатыр! Бірақ, жасырынып қалған дұшпан емес, осы колхозға агрономдыққа келе жатқан, бұл елге күнбағыс егуді үйреткен қарғадай ғана неміс қызы. Оның анық сол, осыдан он жыл ғана бұрын жерімізге жеті басты айдаһар болып шапқан фашистердің қызы екенін анықтау үшін Нұрланның әкесін шақыртты. Бұл ауылда немісті көрген, тіпті жалғыз немісті ғана емес, Қиыр Шығыста жапонды, солтүстікте финдіктерді көрген және жыға танитын есі бүтін солдат сол ғана деп білісті. Соғыстан басы аман-есен оралған сол - Әкім мен бригадир Иса және бұл ауылдағы ақсақ-тоқсақ бірер азамат. Қорықшының денсаулығы нашар, әсіресе бүгін ыстығы көтеріліп, орнынан тұра алмастай ауыр сырқаттанып жатқан соң қызды қарсы алуға Исаны азғырған. Ол тіпті, зәрезеп болып, мүлдем ат-тонын ала қашты. Әншейінде „гу-тиморгин", „гутинтак", „гут-гут камара", „хон де хок" деп кісінің құлақ етін жейтін бригадир „танымаймын десе танымаймын" деп безектеді: Жұрт оған: „Ендеше сенің Берлинге барғаның да, тіпті,

на то пошло соғысқаның да өтірік, қашып жүріп қайтып келген дезертирсің",- деп шабына от тастай шамдандырды. Ал, ол болса: „Е, немене, мен ол қыздың қойнына жатыппын ба" деп безектейді. Сол бір шақта ауданнан ауылға автобус жүрмейтін. Аптасына екі-үш рет қатынайтын Қожақтың машинасы болмаса, адамдардың көбі қара жолда шұбырып жаяу-жалпы кетіп бара жататын. Агроном қыз да жаяу келеді екен деген хабар дүрліктіріп және жетті. Шыңғыстайдан шыға берістегі бір шақырым жырақта Күркіреме деген бұлақ бар еді. Міне, осы бұлақтан бері өткен қыздың алдынан тайлы-таяғы қалмай ауылдың мұқым еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін қаптап шыққанда жолаушы есі қалмай қуанды; өзін қарсы алуға шыққан ақ ниетті адамдар екен деп балаша мәз болады. Бірақ, жақындай-жақындай келе өңі қуқыл тартып, өзгеріп сала берді. Әдемі бір көңілмен: „Здравствуйте" деп сәлем беріп еді, қабақтарынан қар жауып, оқты көздерімен ата қараған қазақтардың тіпті өңдері жылып, еріндері де жыбырламады. Барлығы да әзірейіл көргендей екіге жарылып, ығыса жол берді... Әркімге бір жаутаңдап қолға түскен қояндай қорқақ халді басынан кешірген неміс қызы: „Колхоздың кеңсесі қайда?"- деп сұрады орысша. Жауап болмады. Жауар бұлттай түнерген ожар топтың мұзы еріген жоқ, қайта бұрынғысынан әрі дүмбілездене түсті. Енді не істерін білмей сасқалақтап тұрды да, бетін қолымеи басып жылап жіберді. Осы шақта сеңдей сірескен суық топтың арасынан Нұрланның шешесі жұлқына шықты да: „Жылан көргендей болмаңдаршы түге, бұл қыздың жазығы не?"- деп қолынан жетелеген күйі колхоз кеңсесіне қарай дедектете жөнелді. Сандуғашқа наразы болған жұрт нәумез көңілмен күңкілдесіп бет-бетіне тарай бастады.

Бұл оқиға Нұрланға әсер ете қойған жоқ. Оқудан қолы босаса болды, әкесінің орнына қорықшылыққа кетеді. Әсіресе соңғы күндері бұрынғы желікті көңілі суынғандай, мазасы кетіп, бей-жай, ұйқылы-ояу манаурап жүрген. Әжептәуір ән айтатын өнері бар-тын. Мектеп директоры мен класс жетекшісі қаншама қолқалап: „Оныншы кластан көшірмейміз, бағаңды кемітіп қоямыз" деп ұрысса да 9 Май күні болатын концертте ән айтпауға бекінді. Осы міз бақпас қатты мінез кімнен жұққанын, қайдан пайда болғанын өзі де түсінбеді. Бері тарт десе, ары тартып, құрысып-тырысады да қалады. Ұлы Жеңіс күнінде ән айтпауы қуанышқа қарсылық емес, ішін кеулеп, санасына ұйықтаған бейжай сезімнің, өзгені қойып өзі де сезе бермеген

тұңғиықты ойларға, өзі ұға бермейтін бұйығы оңаша бір тірлікке қақпайлап алып кетуі еді: Мынау аппақ дүниені... баз кешіп, әлі ешкімнің аяғы жетіп, табаны тимеген өз аралын - өз арманын іздеуі, жер бетіндегі қыбыр-жыбыр тірліктің қай-қайсысына да қанағаттанбауы, бөтен, қорқыныштылау сапарды сағынуы, немесе ешкімге білдірмей ептеп ерлікті аңсауы - сөйтіп, бозбалалықтың боз атына мініп, алысқа, боз ала таңдағы мұнарлы жорыққа аттанып, содан жүз жылдан соң,, бәлкім мың жылдан соң, маңдайы жарқырап оралса ғой, әттең... Қанағатты, табыну мен жалынуды мансұқтап, өр серпіп өтер көңілдің көк құсы еркіндік аспанына шырқай ұшар дауылпаз шағы - он сегіз жасар Нұрланның өн бойын улап, сезім сергелдеңіне салған еді. Егіндікте шошаң етер мал болмаса да әкесінің ақкеңсірік қарагер атына бір мініп алса, қайтып түскісі келмей ұзақты күн сенделетіні-ай... Агроном қыз келген күні де көп-көп қызықтан құр қалып, Қара далада жортуылдап жүрген. Кешке жақын оралған ол Ақкеңсірікті арқандап, отқа қойып үйге келгенде шай үстінде шешесі айтты:

-  Ауылға агроном қыз келді. Анна-апаңның үйіне квартирге тұрды.

Нұрлан мән бермей аз-кем отырды.

-  Неміс қызы екені рас па?- деп сұрады әкесі.

- Рас дейді. Атын айтып еді, қиын екен есімде қалмады,- деді шешесі,- мен болмасам байғұсты өлтіріп қоя жаздады.

- Әңгімелесіп көрдің бе,- деді әкесі.

- Қайдан,- деді шешесі,- қазақша білмейді. Анна-апаңның айтуына қарағанда оңды қыз көрінеді. Е-е, есіме енді түсті, аты Лиза.

- Лизә емес, Луиза шығар,- деп түзету жасады әкесі. Әңгімені алғашында зауықсыз тыңдап отырған Нұрланның  құлағы елеңдей бастады. Керең адамдай меңірейіп, біраз отырды да:

--Қашан келді?- деді түйеден түскендей.

- Түстен кейін,- деді ыдыс-аяқты жуып жүрген Сандуғаш.

- Мен барып көріп қайтсам қайтеді?

-  Ат соғып, шаршап келдің, тұштаңдамай деміңді ал. Таң ата қайта тұрасың, әкеңнің атқа мініп, мал қайырар шамасы жоқ,- деді шешесі.

-   Барсын,- деді төсегін қамдап, жатуға ыңғайланған әкесі.

-  Бармайды!- деп кесіп айтты шешесі.- Ол қыз ешқайда қашпайды. Іргеңде көрерсің. Қарағайдай мүйізі, сайтандікіндей

құйрығы жоқ, Маруса секілді ақ сары, көк көз қыз. Шашы әдемі екен,- деді шын сүйсінгендей,- аппақ болып иығына төгіліп жатыр, көздің жауын алады, сенен әлдеқайда үлкен жиырмадан асса керек.

„Шашы керемет екен, аппақ болып иығына төгіліп жатады..."- деп ойлады ішінен Нұрлан.

3

Нұрлан 9 май күні әдеттегіден әлдеқайда ерте оянды. Біреу бүйіріне біз сұғып алғандай, селк етіп атып тұрған. Көзін жыпылықтатып жан-жағына үрке қарап еді, төргі бөлмеде әке-шешесі қаперсіз ұйықтап жатыр екен, басқа бөтен үн жоқ, жым-жырт тыныштық. Түні бойы жау салған ескі жараның орны сыздап, шыдатпай зарлап көз ілмеген Әкім таң алдында ғана байыз тауып, ептеп көз шырымын алған секілді. Аяғының ұшынан мысықша жұмсақ басып, сыбдырын білдірмей далаға шықты. Аспан шайдай ашық, тұп-тұнық екен. Сол ашық ажармен төбеден төнген тұп-тұнық аспанға аңтарыла қарап тұрып, тұнығы шайқалмаған көңілдің көк дөненін желікті мінезбен ерттеп қайта мінді. Алтайдың шығысы ағараң тартып, алып таудың ар жағы бірсін-бірсін өртеніп бара жатқанға ұқсайды. Шығар күннің алтын жалқыны ұшпа шоқылардың сонау... ұшар басына әшекейлі тақия кигізіп, ыңырана кергіп баяу көтеріледі. Бұқтырмадан жеңіл бу ұшып, ол да аңғардың алқымынан ұзай алмай, қор бола шұбатылып бауырлап жатыр. Тынымсыз сайраған бозторғай, алаңсыз ұйқы тұншықтырып серейген ауылды оята алмай шырылдайды бейшара. Ал, енді енді ғана қылтиып баламұрттана бастаған көкті көктемгі шық қабыздап, артыңда басқан ізің батып қалады. Ауада сарайыңды ашар жұмсақ салқындық бар. Тау ішінің қоңылтақ желі, таң алдында сап болып аңғарды ғажап бір тыныштық жайлаған. Нұрлан денесі жазғытұрымның жібектей салқынтым ауасына шомылған соң сергіп салды. Ақкеңсірік арқандаған қазықтың айналасындағы тісіне әрең ілінетін көкті тақырлап жеп, қара топырағын шығарып басқа ұрғандай сұлқ тұр екен, Нұрланды көргенде кегжең еткізіп басын оқыс көтерді де, аяңдап келіп жүгендегенше қос құлағын тіге оқыранды. Бұқтырманың Жалпақ өткел деп аталатын бір айырығына жетелеп апарды, асықпай суарды, сонсоң жетелеп үйіне алып келіп асықпай ерттеді. Бұдан соң, бишігін қолына алып,күнбағыс себілген аңызға беттеді. Түні бойы жусаған жерінен керенау көтеріліп, керілген сиырлар тұяқтары сыртылдап өріске беттеген. Күн шықты. Ауыл біртіндеп ояна бастады. Ескі клубтың шекесінде Жеңіс күнін айғақтайтын Қызыл ту желбірейді.

Тоғызыншы май күні балалар оқуға барған жок. Үлкендерше мерекеледі. Қабырғасын қақыратып жүріп азаппен жеткен Жеңіс күнінде ыңырсып ине жұтқан иттей үйде жатуды ар санады-ау деймін, Әкім де ілдалдалап орнынан тұрып, қорықшылыққа өзі кеткен. Кешке клубта өтетін салтанатты жиналысқа шақырып, ауылдық Советтің председателі сөз сөйлейсің деп тапсырған. „Мені қайтушы едіңдер мазалап, өзгелер де жетеді ғой, соғысқа барған жалғыз мен емес" деп тартыншақтап еді, председатель „Немене Жеңіс күніне қарсысыз ба, Ұлы Жеңіске қуанбайтын шығарсыз",- деп әкіреңдеген соң амалсыз көнген. Көнсе де ішіндегісін ақтарып барып, жарайдыға көшіп еді: „Сен маған өйтіп қоқаңдама шырағым,- деді Нұрланның әкесі.- Бір көргенім сен емес, борбайыңда лыпаң жоқ қара сирақ болып қаңғып жүргеніңде мына мен жапон, фин соғысын тәмәмдеп, сонау ит өлген жер - Берлинге дейін жаяу барған адаммын. Мен біле-білсең қазақтан шыққан тұңғыш офицермін. Сонау 1936 жылы қазақтарды әскер қатарына шақырғанда бірінші болып тіркелген мына мен. Қаныма айырбастап алған жеңісті тартып алайын деп көкіп тұрсың ба?" Бұл ауылға алдыңғы жылы келген жас сельсовет қып-қызыл шиқандай болып қатты ашуланды. Бар қолынан келгені „штраптатамын" деп шатпақтап, қойнындағы мөріне жармасты. Әкім шал оның быдық-быдық еткен сөзін құлағына ілмей, атына мінді де қасқайып мал қайыруға аттанып кете берген.

-   „Сен шал өлесің,- деді жас председатель артынан айғайлап,- кеудеңдегі қорғасын қоймайды, бүгін болмаса ертең мұрттай ұшырады. Сонда сен шалдың сүйегіңе топырақ салуға бармаспын".

-  Е,- деді шал оған айғай салып,- төрт жыл оқ пен оттың ортасынан сен салатын бір күрек топырақтың дәмі айдап келген-ау.

Нұрлан жаңа келген неміс кызын күні бойы көре алмады. Бұрынғыдай емес Анна-апасының үйіне алқын-жұлқын жетіп баруға өз-өзінен қысылды. Ал, қыз болса ерегескендей тіпті есік алдына да шошаң етіп шықпады-ау. Қарай-қарай көзі талған Нұрлан қас қарая, елмен бірге клубқа аяңдады.

Клуб дегеніміз ертеректе салынған жатаған ескі үй.

Астын тақтайлап, төріне сахна орнатып, әдемілеп әктеген соң даңғарадай мәдениет ошағы болып шыға келген. Жаңасын салып аламыз деп тепеңдегендеріне бес жыл толды, құрғақ уәдемен келеді. Тәуекел деп бастап кетсе „Ынтымақ" колхозының байлығы жетер еді. Құнттың жоқтығы ма, әлде уақыттың аздығы, жұмыс қолының жетпеуі ме әлі күнге жетесіздік жасап отыр. Нұрланның естен кетпейтіні, былтыр осы туған ауылына радио орнатқандағы оқиға еді. Қас қылғандай сым темір жүргізген жігіттер: „Сендердің үйлерің негізгі көшеге кірмей, қаға берісте үркіп тұр. Сонау астыртта жатқан Анна мен Әкімге жеке діңгек орнатар жайымыз жоқ",- деп радио жүйені бұларға жеткізбей бұрып әкеткен. Екі айдай басқа үйге барып әбден әлегі шыққан Нұрлан әкесіне таудан діңгек алдырып, үш күн өзі мықшыңдап шұңқыр қазған. Сосын кіндік шешесі мен өз үйі ортасына зәулім бағана орнатып, сым тарттырып еді. Сөйтіп, қақсаған қара табақ Әкімнің үйінде де ән салатын болған. Ең қызығы, клубтың шатырына үлкен ақ шелек - радио орнатып, тұңғыш рет дүниені дүрліктіре сарнап қоя бергенде, Шыңғыстайдың тігерге тұяғы қалмай, бар малы тауға қашып шығып кетіп еді. Сонда талай үйдің малы жоғалды. Иә, сол ақ ше­лек бүгін дамыл таппай сөйлеп тұр. Нұрлан „Жеңіс-жеңіс" деген сөзден басқа жарытып еш нәрсе ұға алмады. Қатты жаңғырыққандікі ме даңғараланып, анық естілмеді. Электр шамын уәде еткенімен әлі орнатқан жоқ. Жиналыстың бәрі керосин шамының жарығымен өтетін еді.

Клуб іші әдеттегідей алакөлеңке екен. Адамдар көп жиналыпты. Балалар жағы сахнаның алдына қойдай жусап бағана, ерте жарықтан жатып алған. Жиналыстың артынан кино көрсетіледі деген соң қызыл іңірден келіп, жайғасып біржола орын тепкен секілді, кейбірі қалғып-шұлғып әрең отыр. Қарағай тақтайдан мықтап жасалған ұзынынан-ұзақ орындықтарда қаздай тізілген ауыл адамдары күбір-сыбыр көңілді шертіседі. Сахна төріне де тақтайдан істелген биік стол қойылып, қызыл матамен жабылған. Нұрлан босағаға сүйеніп біраз тұрды да арт жақтағы самаладай болып сап түзеп түрегеліп тұрған жастарға барып қосылды. Президиумға әуелі колхоз бастығы, сонан соң ауданнан келген өкіл, соңын ала ауылдық Советтің председателі келіп ырғала, ыңырана жайғасты. Кол­хоз басқармасының бастығы көпшілікпен бас изесіп амандасқан болды да, анадай тұста отырған Әкімді төрге шақырды. Ондай құрметті күтпеген қорықшы қорынып қалып еді, ауыл басшысы:- Әкім аға, президиумға келіңіз, бұл - сіз әперген жеңіс!-деп қолқалап болмаған соң, ыңғайсыздана қызыл столға барды. Бұл Әкім - Әкім болғалы көрген құрметі еді. Отырғандардың арасынан „жауды жалғыз жеңгендей, жаман шалды есірткені несі"- деген нәумез күңкіл естілді. Ауыл ағасы сөз бастады:

-   Немістерді күл-талқан етіп, қорқауларды өз ұясында талқандаған Жеңістің ұлы күніне арнаған салтанатты жиналысымызды ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!- Сатыр-сұтыр қол соғылды.- Бірінші сөз аудандық партия комитетінен келген өкіл Бекбау Қарасартовқа беріледі,- деп үлкен іс бітіргендей орнына нығыздана қайта отырды. Мінбеге өкіл шықты. Орта бойлы, қызыл шырайлы, шашын артына жылтыратып тараған толық кісі ең әуелі аспай-саспай кителінің түймесін ағытып қойнынан қағазын шығарды, бұдан соң көзілдірігін алып, оны үрлеп жіберіп қол орамалымен сүртті, киді, сонсоң тамағын бір кенеп алып, манаураған күйі бір кекіріп оқуға кірісті.

-   Жолдастар! Біздің соғысқанымыз председатель жолдас айтқандай тіпті де неміс емес, неміс басқыншылары, яғни Гитлер бастаған фашистер,- деп ауыл ағасының кіріспе сөзіне саяси өзгерту енгізді. Бұл сөзді ол қағазға қарамай, ауызша айтты. Дәл осы кезде клубтың ойбайлап ашылатын есігі ән салып, жаңа ғана қаймақши бастаған бүкіл тыныштықты бұзды. Мінбеде тұрған өкілден бастап түгел - бәр-бәрі адамдық әуестікпен есікке жалт қарасқан. Келген агроном екен. Нұрлан оны ал дегенде танымады. Басына орамал тартқан қыз алакөлеңке үйде ауылдың көп қызының біріне тым ұқсаған. Жанындағы шайыр шайнап тұрған шофер жігіт Қожақтан сұрап еді, жалмаң қағып, жынын шашқан түйедей былш еткізіп еденге түкіріп тастады да: „Немістен келген шыбыш, жаудың тұқымы" деп гүр ете қалды. Жұрт енді өкілдің сөзін тыңдаудан гөрі, тірі, есіктің көзінде состиып тұрған немістің қызын қызықтауға көшкен. Ауыл ағасы осыны сезді ме қолындағы қарындашымен столды тықылдатып: „Қане, жолдастар, тынышталыңыздар",- деп ескерту жасап өтті. Сонсоң, әлгі қызға: „Прохо­дите, пожалуйста, садитесь, әй жігіттер, бірің орын берші",- деп еді, ешқайсысы міз бақпады. Агроном қысылып қалды білем, „Ни­чего, я могу постоять" деді майда үнмен. Бұл оқыс көрініс, жат қылық өкілге жаққан жоқ білем, қыржиып, көзілдірігінің астынан сүзе қарап, баяндамасын әрмен қарай жалғастырды.

-   Жолдастар! Неміс-фашист басқыншыларын талқандап, азаттықтың таңы атқанына, міне, Он жыл! (отырған жұрт тағы да агроном қызға қарады) Жеңіс бізге оңайға түскен жоқ, жолдастар!

20 миллионнан астам совет халқы қырылды. Мыңдаған әйел жесір, мыңдаған бала жетім қалды. Украинаның, Белоруссияның қалалары мен селолары талқандалды...

Осы кезде арт жақтан айғай шықты: „Агроном қызды тірідей қақтап жемей неғып отырмыз. Қырып-жойып, өлтіріп-өртеп, қиратып-бүлдіргендері аздай ауылымызға тайраңдатып жібердік. Құдайдың қызы болса... да әкеңнің аузын..."

Кеңірдек жырта айғай салған Нұрланның қасында тұрған Қожақ.

Нұрлан әлгі бір ұр да жық сөзді өзі айтқандай жаман қысылды да, шофердің жанынан жылыстап кейін тұрды. Есікке енді бір қарағанда неміс қызы жоқ екен...

Кино қызықты болды. Советтің солдаттары Гитлердің әкесін танытып, соққанда сөлін, қаққанда қанын алды. Тықсыра қуып, желкелеп, жұдырықтап жеңіп шығады. Біздікіндей емес, ол кездегі кинода, неміс солдаттарының түрлері де сұқсырайған қорқынышты, адамнан гөрі хайуанға көбірек ұқсаушы еді; әлсіз, әлжуаз, мүлдем соғыса алмайтын өңкей бейшаралар еді...

Кинодан соң созалаңдай барып зорға басталған ойынға Нұрланның қалғысы келмеді. Үйге кіруге де зауқы жоқ, қашаға сүйеніп көп тұрды. Аспанға қарап еді, бүгін жұлдыз самсап жиі туған екен. Ауада көктемнің салқын лебі бар. Клуб жақ у да шу араның ұясы секілді. Делдиіп, бостан-бос тұрғанша егінжайды болжап келейін деп оқталып еді, әкесі өзі кеткен бе Ақкеңсірік ат аулада көрінбеді. Анна апасының үйіне қалай келгенін, неге келгенін өзі де сезбей қалған. Әйтеуір, бір ырықтан тыс тылсым күш жетелей жөнелгені рас еді. Кірер-кірмесін білмей, аңтарылып біраз тұрды. Тайдай тулай жөнелген жүрек лүпілін әрең байыздатып, тәуекел деп есік ашты. Алдыңғы үйде кіндік шешесі көрінбеген соң төргі бөлменің есігінен жасқана сығалап еді, Анна төсекке етпетінен түсіп, солқылдап жылап жатқан агроном қыздың шашынан сипап отыр екен, мұны байқаған жоқ. Нұрлан аяғының ұшынан басқан күйі лып етіп қайта шығып кетті. Жүрегі қысылып, қолқасына кептеле тағы да тарсылдап ала жөнелген... Кеудесінен мың-миллион ат дүрсілдете шырқай шапқылап өтіп жатқандай. Тіпті, өз жүрегінің соғысын өзі естіп келеді. Баяғы, жар жағасындағы жалғыз теректің түбіне келді. Бұқтырма кешегіден гөрі жақындап қалған, енді аз күнде Бәйтерекпен мүлде қоштасатынын білді. Бүкіл балалығы саясында өтіп еді. Әке-шешесіне өкпелесе осы кәрі теректің түбіне қашып келетін. Нұрлан

осы бәйтерек пен Анна-апасын өте ұқсататын: мейірімді, кімді болса жатырқамайтын кең пейіл... Неге екені белгісіз, оның көз алдына етпетінен құлап, жылап жатқан агроном келді. Аяды. Жоқ, аяған жоқ, „Неміс бізді де аямаған", әншейін бозбала көңілмен әуестене еске алды. Анна-апасы мұны да талай алдына алып, басынан сипап уатқан. Енді оның бойын қызғаныш меңдеді. Егер немістің қызы болмаса ғой, кіндік шешесінің орыс пешінен жаңа ғана алынған борщын ішіп, ыстық нанын жеп, жып-жылы, шап-шағын үйде масайрап отырар еді. Анна-апасы бұған Волга өзені туралы ұзақ-ұзақ әңгіме шертер, сонсоң  ұлы өзен жайлы ыңылдап ән айтар, сол әңгіме мен әннің әуені жетелеп орыс пешінің үстінде Гриша ағайдың тонын иіскеп, тәтті ұйқыға кетер еді. Шалы өлгеннен бері кіндік шешесі шешіліп, бұрынғыдай жайраңдап күліп, масайрап, көл-көсір көңілмен әңгіме айтпайтын еді. Көп күрсінетін, үнсіз іштей егілетін, сырттай жүдейтін. Бұрынғыдай емес белі бүгіліп, шөгіп барады; бұрынғыдай емес көзінің нұры қашып, жасаурай беретін болып жүр. Нұрланға ине сабақтап бер деп сан рет шақырды. Анна-апасының осы ауыл үшін мүлдем жат тұрмысы, ойы, әңгімесі, адамдарға деген қарым-қатынасы Нұрланды қайран қалдыратын. Тіпті кіндік шешесінің үйіне кіріп келгенде басқаша, мүлдем басқаша иіс сезетін. Жер бетіндегі қыбырлап жүрген адамдардың өз мінезі, өз бет-бейнесі, өз тірлігі бір-біріне қаншалық ұқсамаса, сол адамдардың исі де соншалық өзгеше екенін сонда ғана ұққан. Адам иісі! Нұрлан бұл үйден борщ ішіп шыққан түні „Сенен орыстың иісі шығады" деп мұны ауыл балалары жандарына жолатпаушы еді. Бірақ ол үшін бұл әлемде Анна-апасынан тәтті, кереметтей сұлу, жаны жайсаң кісі жоқ секілді. Шүйкедей ғана көк көз, сары кемпірді сәбилік таза көңілмен кереметтей сүйетініне өзі де қайран қалатын. Қызыл шақа, балапан кезінде астық оруға кеткен шешесі мұны ылғи да көршідегі орыс кемпірдің үйіне бесікке бөлеп, қалдырып кетеді екен. Сонда қарны ашып, безектеп жылаған баланы Анна сан рет өз омырауын беріп, уатады екен; аналық мейірімге бөленіп қарны тойған соң, томпайып ұйықтап қалады екен. Бәлкім Нұрланды өз шешесінен гөрі кіндік шешесі көбірек емізген шығар; бәлкім жаңа туған жас нәресте ана емшегін, ана махаббатын талғамайтын шығар... бәлкім жер бетіндегі балалардың және жер бетіндегі аналардың бір-бірінен айырмашылығы жоқ та шығар...

Бұлқан-талқаны шығып аласұра аққан Бұқтырманың жағасында отырған Нұрлан әкесі Әкімнің әңгімесін есіне алды. Әкесі айтатын: „Григорий мен Анна Алтайға тым ертеректе, уыздай жас кезінде, 1910 жылы жер ауып келіпті. Арқасына таңған дорбасынан өзге байлығы жоқ, қыз бен жігітті қазақтар құшақ жая қарсы алған. Григорий ағай алғашында Әбдікәрім болыстың писарі болып қызмет істейді. Кейін қазақ тілін үйрене келе, тілмәші болады. Жергілікті қазақтармен бірге бұлар да жаңа өкіметті жанын сала қарсы алады. Үй салып Шыңғыстайды ата мекеніне айналдырады. Ауып келген орыстарды елдің бәрі бірдей жақсы көрген жоқ, кейбірі: "Кірме, қаңғырып келген қайыршылар" деп көзге шұқыды. Алғашқы жылдарда сан рет қора-қопсысын, не моншасы мен маялап қойған шөбін өртеп жібереді екен. Григорий Светославич сонда да көшпей осы жерді мәңгі мекендеп қалған. Григорий мен Аннаның келуі мұқым Шыңғыстайға үлкен жаңалық болды. Елді ағаш шеберлігіне, үй салуға, былғары илеуге үйретгі. Олар келгенде Шыңғыстайда бірде-бір монша жоқ еді. Қираған, түбі тесілген заттар бүтінделмей күресінде қаңсып қалатын. Ісмерлік Гриша ағайдан басталған-ды... Қазақтың даласы кең ғой дейтін әкесі,- кімге болсын қоныс, кімге болсын өріс, қашқанға да, қуғанға да екінші Отан болған. Ондай дарқандығынан азап шегіп жүрген жоқ, білімге, өнерге ұмтылды. Үйреніп алып, енді өздерін үйрететінді шығарды. Дегенмен, дейтін әкесі, мен Гриша көршімнен сан рет сұрадым: туған жер, өскен еліңді сағынбайсың ба?- деп. Ол жер шұқып ойланып отыратын, сосын күрсінетін, сонан соң айтатын: Білем, қазақта „Ер туған жеріне, ит тойған жеріне" дейтін мәтел бар. Меніңше дейтін ол, адам қай жерде өз бақытын, өз қуанышын табады, сол жер - туған жері.

Нұрлан сонау жотаның үстіндегі екі шаңыраққа - өз үйі мен орыстың үйіне қарап еді, шамдары сөнген жоқ, әлсіз жарық шашып тұр екен. Осы тұстан көз салғанда түйілген бір кісінің қос жұдырығы секілді, ал терезеден сәулеленген шам - саусақтағы гауһар жүзіктей көз қытықтай нұрланады: Клубтағы мереке әлі аяқталмаған сыңайлы. Өр жақ іргеде шөгіп жатқан тау, ажарын анық танытпай, тұнжырай қарауытады. Нұрлан осы сонадайдан жым-жырт нұсқынмен беріштенген тауға өрмелей шығып, сонау күлімдеген сансыз жұлдыздардың бірін алып түскісі келді-ақ. Қызық, не жылу, не жарытып жарық бермейтін жұлдызды адамзат не себепті жақсы көреді... Әлде өте тұңғиықта, қол жетпес биікте болғандықтан ба... Жақын нәрсенің қадірі болмай жек көретініміз сондықтан шығар. Адам өзінің қолы жетпейтін, армандай алыс дүниеге әуес келмей ме? Адам мәңгі орындалмайтын мақсат-мұраттарды қуып, үміттің жетегінде мұрнын тескен тайлақтай елпеңдеп жүрмей ме...

Әкесі егіндіктен келді білем, ат тұяғының дүбірі естілді. Өзен жақтан сап-салқын жел есті. Түн баласында Бұқтырманың сарыны әлдеқайда қатты естіледі. Әлгіндегі ат дүбірі сап болды да, маңайды тағы да жым-жырт, жұмсақ момақан тыныштық басты. Тек, Бұқтырманың сарыны... тек сол ғана жалғыз сәт байырқаламай асығыс ағыспен аласұрып, жөңкіле қашып барады. Тек сол ғана... Бұқтырма ғана мәңгі өлмейтіндей, мәңгі суалмайтындай езуі көпіршіп менмен мінезбен долдана ағады... Тек сол... Бұқтырма ғана түнгі Алтай арудың күміс теңгелі шолпысындай сыңғырлап, еркелей бұлаңдайды...

Ол бүгін күндегісінен де ерте тұрды. Түнде кеш жатқандікі ме, тас болып ұйықтап қалған екен, шешесі оятты.

- Әкең таң атқанша тыныш ала алмай шықты. Егінге мал түсіп кетпесін. Болжап келші,- деді. Тоғай ішінде арқандаулы Ақкеңсірік айналасын баяғыда тақырлап, тықыршып тұр. Нұрлан әлі ұйқысын аша алмай, мең-зең болған соң бетін суық сумен шайып жіберейін деп өзен жағасына барып еді, бұрынды-соңды көрмеген ғажап көрініске қайран қалды. Бұқтырманың жиегінде бар байлығымен шағидай судыраған шашын тарқата жайып жіберіп, аппақ сазандай қыз отыр. Су перісі болып жүрмегей деп ал дегенде шошына шегінді. Арт жағынан шыққан тықырға елеңдеп, қыз да жалт қарап еді, екі көзі тас төбесінен шығып, сіресіп тұрған бозбала жігітті көріп, күліп жіберді. Нұрлан табаны қара жерге шегеленіп қалғандай орнынан қозғала алмады. Су жағасында тотыдайын таранған қызға тіктеп, жанар тоқтату мүмкін емес еді. Ақ қайың балтыры, соншалық таза, мінсіз беті, таңғы шықтай жылт-жылт еткен шашы - көз қарықтыратын. Ол тағы да өзгеше бір нәзік пішінмен күлді, сонсоң Нұрланды ымдап шақырғандай болды. Бірақ ол қозғалуға да, қимылдауға да батылы жетпей, тас ескерткіштей мелшиіп тұр. Қыз мұның жанына келіп, әлде не айтқандай ма? Ұққан жоқ. Қыз тағы да сөйледі. Сықылықтап күлді, тіпті қолынан тартқандай... Нұрлан үнсіз. Сәл қозғалса, не болмаса аузын ашса, не болмаса қаттырақ дем алса осынау адам айтып жеткізгісіз түс сынды таң-тамаша көріністен, енді ғана оюлана бастаған теңдессіз сұлу суреттен айырылып қалардай сезінді. Есін ептеп жинағанда әлгі күнмен таласқан алтын шашты қыз ұзап бара жатыр екен. Ақкеңсірік те қос құлағын тігіп солай қарай-үрке қарап тұр. Нұрлан тізгінінен тартып, шу-шулеп жетелеген соң ғана еріншектене соңынан ерді. Әлгі су перісі жүріп емес, жүзіп бара жатқандай, әне... жүз метр қашықтықта - бәлкім он метр қашықтықта маңып барады. Ендігі сәтте Анна-апасының үйіне кіріп жоқ болды... ғайып болды... Көзден тасаланды. Нұрланның жанарына жас үйірілді, көңілі - осы әзірде ғана жауынның астында қалғандай, сонсоң аспанды торлаған бұлт ыдырап, күлімдеп күн шыққандай шуақты нұрға малынды. Ол өзін осыншалық сергек, әрі бақытты сезініп көрген жоқ. Былтырдан бері иығынан мың батпан салмақпен басқан жүкті әуп деп аударып тастап  секіріп билеп, ор текеше ойнақтап шыға келгендей. Жүрегінде запыран болып ұйықтаған белгісіз мұң, белгісіз арман, белгісіз қасірет - құлан таза, нөсер жуып-шауып кеткендей-ау. Жұмбақ біреуді іздеуші еді ғой, тапқандай... Бірақ кім ол, білмейді. Тәңірім-ау, тапты,- кім ол?! Білмейді... Енді ойлайтын да, қиялдап, көрер таңды көзімен атқызатын да ешкім жоқ. Ол өз қиялында кәмелетке толғалы сом болып соғылған, өмір бойы іздеп өтем дейтін елес адамын жолықтырғанға қуанды, бірақ одан мүлдем айырылатынын және бұған дейінгі көңілінде гүл болып енген арман-қызын мәңгіге өлтіргенін тағы да сезген жоқ. Ақкеңсірікті тез ерттеп мінді де, сауырынына салып-салып жіберіп, құйын-перен шапқылай жөнелді. Ол бұрын тәулік бойы қарны тоймай қапталын көбік қақтап жүретін Ақкеңсірікті аяушы еді, қамшы жұмсамайтын, орынсыз қыстап, арам тер қылмайтын, жаны ашитын... Ал, қазір өлген-тірілгеніне қарамай ағызып шапқылады, көзінен жас аққанша зулады, бұл зымыраған сайын іргеде ғана тұратын көкжиек алыстап, әрмен қарай қаша берді. Бозбала үйіне тек қас қарая әндетіп оралған-ды.

Әке-шешесін қонаққа шақырып кеткен екен, биыл онға толған қарындасы қағаз-қарындашын жайып салып, сабақ оқып отыр, ағасын көріп қуанып қалды. Елегізеді білем.

-  Сен қайда жүрсің?- деді ағасына,- папам мен мамам ат үркіп жығылып қалды ма деп зәресі қалмады. Әне көже, аяққа құйып іш, сонсоң сабағыңды оқы, әйтпесе екілік алып, оныншыдан көшпей қаласың, ұят емес пе?

Кәдімгі ересек кісідей, салмақтанып ақыл айтты. Тықылдап кілең беске оқитын қарындасының маңдайынан иіскеді де, ұн көжені рақаттана ұрттады.

-  Анна-апа келді,- деді қарындасы.- Сені сұрады. Екі күн болды біздің үйге жоламай кетті дейді. Неге бармайсың? Білесің бе, Анна-апаның үйінде сұлу болғанда ой-сұлу... немістің қызы тұрады. Бағана мені шақырып алып, кәмпит берді.

Нұрлан күлді. Жауап берген жоқ. Қарындасы бұртиып өкпелеп қалды.- Үндемесең қой,- деді,- енді мен де үндемеймін.

Ағаш үйде қоңыр тыныштық орнады. Жұпыны бөлмені шамның әлсіз жарығы болмашы ғана сәулеге бөлеген: бұрышта тұрған ағаш кебеже, іргедегі ағаш төсек, есік жақтағы тандыр - бәрі-бәрі абажадай болып көрінеді. Қабырғаға түскен қарындасы Шолпанның көлеңкесі де арбайған дәу. Нұрлан енді бір қарағанда Шолпан пысылдап, жылап отыр екен.

-  Не болды, Шолпан, не болды саған,- деп жанына барып шашынан сипады. Қарындасы бауырына тығылып, өксіп қоя берді.

-  Менімен ешкім сөйлеспейді, мамам жұмсай береді, папам ауырады, ал сен... Сен болсаң үйге жоламайсың. Жалғыз ұлымыз таң атқанша далада жүреді, ауру болмасын дейді мамам.

- Жылама,- деді көзінің жасын алақанымен сүртіп,- мамаң өтірік айтады, менің денім сау, екілігім жоқ, сабақты жақсы оқимын. Есейіп, бой жетіп тура менің жасыма келгенде әлі сенің де ұйқың қашады.

- Менің қазір де ұйқым келмейді,- деді қарындасы еркелей.

-  Енді бұдан былай екеуміз әңгімелесіп тұрамыз. Мен саған көп-көп ертегі айтып беремін, жарай ма?

- Алдамайсың ғой, пионерлік сөзім, деші.

- Комсомолдық сөзім, мен пионер емеспін.

- Онда кел, менің қасыма отыр да, сабағыңды оқы. Нұрлан   „жарайды"  деді   де  оқулықтарын  ақтара  бастады.

Кітапты алдына өңгеріп алып, қанша тесіле қараса да химия элементтерінің орнына бағана... таңертең өзен жағасында жолықтырған қыз кетпеді көз алдынан. Шашы жылтырап, күлімсірейді де тұрады... Бетін уқалап жіберіп, қайта үңіледі, қайта тұрады... Атып далаға шығып кетті... Шолпан аң-таң болды.

4

Нұрланның өміріне ұлы өзгеріс кірді. Бұрынғы бұйығылық жоқ, бүкіл дүние аппақ... бейнебір ән салып тұрғандай тамылжиды. Мектепке бұрынғыдай емес бір минут кешікпей барады, сабағына тиянақты әзірленеді, әкесінің орнына қорушылыққа да жиі шығатын болып жүр. Бір кереметі бәріне уақыт тауып үлгереді. Жалғыз ұлының аяқ астынан өзгерген мінезі әкесі мен шешесін таңқалдырмай қойған жоқ. Бірақ себебін ешқайсысы таба алмады. „Ес кірген шығар, ер жетті ғой",- деді шешесі. „Ұлымның есі әлдеқашан кірген, ол өте ақылды болып өсіп келеді"- дейді әкесі. Қарындасы да риза. Ағасы әр күн кешке алдына алып отырып, ертегі айтып береді. Кейде ұйықтап қалса төсегіне апарып жатқызады, бетінен сүйіп, жан-жағын қымтап жабады. Кіндік шешесінің үйіне әлі аяғын аттап басқан жоқ. Исі бұрқыраған ыстық борщты, аялы алақан, қамқор сөзді қанша сағынғанымен жүрегі дауаламады. Белгісіз бір сезім, буынын алып, аяғын тұсап, олай қарай аттап бастырмайды. Жо-жоқ, кеудесінен итерген тылсым күш емес, қайта солай қарай жетелер күш бар, өкінішке орай олай қарай жүргіздірмейтін қуат және бар. Елу жылдай жымдасып, айырылмастай, қоныс тепкен екі үйдің ортасына адам аса алмас биік асу орнағандай. Нұрланның ендігі қолынан бар келері - қос жанарын дүрбі қылып, жалықпай телміре қарай беру, агроном қыздың әрбір кірген-шыққанын қалт жібермей аңду, ойша сөйлесу, қиялмен қол ұстасып, тоғай аралап, өзен жағалау... ойша алысқа... тым шалғайға таңғы шықты кешіп тентіреп кету, әйтеуір сол аспаннан түскендей болған қыздың соңынан қалмай қаңғыру. Бұл не өзі? Махаббат па? Ол едәуір: мүмкін бес жас, мүмкін елу жас... үлкен ғой... бұл не өзі? ...көзсіз, ессіз сезімнің боз баланы буындырып, мойнына қыл шылбыр болып оралуы ма... бұл не өзі?.. көптен күткен қиял қыздың өліп-тірілуі ме... айғайлап алыстан қол бұлғап шақыруы ма... әлде жанында баяғыдан жүрген сезім - қыздың әйтеуір бір күні сергелдеңге душар қылар сезікті бейнесі ме, бұл не өзі?.. қапияда ғайыптан пайда болған аққу-қыздың айдынға келіп қонуы, мамырлап жүзуі - бейбіт жүзуі кезінде әлдекімнің тас лақтырып үркітуі ме... не істеу керек мұндайда, дәрмен жоқ, расырағы тәжірибе жоқ, жалаңтөс сүйіспеншілік бар. Басыңды тауға ұр, тасқа ұр қашып құтыла алмас жастықтың ақжелкенді қайығына міндің, енді түсе алмайсың... сезім желі қалай айдаса солай ығасың. Нұрланның ешкімге тіс жармай, тіпті өзінен де қызғанған жасырын сыры, құпия жұмбақты сүйіспеншілігі күнді күн қуған сайын бүршік жарып, гүлдеп, құлпырып сала берді. Енді ол тастың жарығын қуалап өскен шынардай жасырын қаулаған таза махаббатынан өзі жан ұшыра қорықты да. Қолынан түсіріп байқаусызда сындырып алам ба, әлде жанға жат, тәнге салқын бөтен біреуге таптатып алам ба деп қорықты; ал сындырмақ түгіл, сызат түсірсе қайтіп қалпына келтіру, жамап-жасқау мүмкін емесін сезген... әлде сезбеген... олай ойлаудың өзінен сескенген, ысынып-суынған жан дүниесіндегі жұмыртқаны жарып шыққан балапандай аузын аша шиқылдаған сүп-сүйкімді ақ үрпек махаббаты қалықтап ұшар зеңгір аспанды,

қиялай қонар заңғар шыңды әлі ұялшақ тілекпен егіле, есінен айырыла аңсағаны ма? Мынау аппақ дүние... жер басып тірі жүрген пендесіне көрсетері көп екен-ай. Нұрлан бүгін кешке ерлік жасағысы келді. Түбі немен тәмамдаларын бір құдайдың өзі білер ерлік жасағысы келді. Неше күннен бері жолай алмай, сарсаңда жүрген Анна-апасының үйіне есігін айқара ашып, кіріп бармақ болып бекінді. Ол үшін сылтау керек. Осындайда себеп те құри қалады-ай. Тоғайдан шыбық қиып әкеліп огородыңыздың кеткен, иә-иә тарқатылған тұсын тоқып берейін десе... жо-жоқ мұнысы шарасыздық, тіпті күлкілі жағдай; ә-ә тапты-тапты: үй маңайында қарулы қолды қажет ететін, ыбырсып қыстан қалған қоқыр-соқырды тазалап берсем дейді... Қой батырым, бұл да жетіскен сыл­тау емес. Не істеу керек өзі? Әңгімелесетін адам табылған соң, Анна-апасы да бұл үйге сирек қатынайтын болды. Әншейінде табалдырықты тоздырушы еді. Нұрлан қараптан-қарап отырып, ашулана бастады: „Орысы не, немісі не, айырмасы жоқ. Құлынды биедей жараса қалуын қарашы",- деді ішінен. Міне, қызық, есеңгіреген көңілін сап-сап басып, есін жиса, кіндік шешесінің ауласында тұр. Ұрлық істегендей жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап шегіне берді. Маңайда қыбыр еткен жан жоқ. Әкесі күнбағыс егілген алқаптан шоқытып келеді екен. Көзіне түспейін деп қораға қайта кірді. Кеудесін балғамен әлдекім ұрғылап жатқандай, немесе бір қарағайды жалғыз өзі турап шыққандай алқынып кетті. Өзі үйінен бетер тайраңдап, төрі мен төсегін бермейтін Анна-апасының баспанасына басын сұға алмай, қор болғанына жыны келді. Батар күнге жүз беріп, қашаға сүйеніп көп тұрды. Енді көңілін жүдеу мұң қабыздай бастаған. Дәл осы сәтте есік сыңсып ашылып, апасы шықты. Нұрлан тығылып үлгіре алмады.

- Оу, Нұрланжан, не қылып тұрсың, балам, біздің үйге жолағанды қойдың ғой, өкпелеп жүрсің бе?- деп бетінен сүйді.- Жүр үйге, бейуақытта далада тұра ма кісі. Мен сені қызыммен таныстырайын.

„Қызыммен..." Нұрланның өн бойын қызғаныштың оты дуылдата шарпып өтті. „Қызымменіне жол болсын".

Бұлар бөлмеге кіргенде шам әлі жағылмаған, алакөлеңкелеу еді. Агроном пеш алдында көлгіреп, емін-еркін картоп тазалап отыр. Үстінде келтелеу гүлді-гүлді шыт көйлегі бар, алқам-салқамдау жайғасқан екен, Нұрланды көріп етегін тартып, қысылғаны ма, екі тізесінің арасын жымдастырған болды. Қыстан қалған картоп өсіңкіреп, жарық шалмаған аппақ сабағы шырмала шуатылып жатыр. Қызға картоптың қабығын аршу жараспайды екен.

- Төрге шық, отыр,- деді апасы. Сонсоң агрономға бұрылып:

-  Познакомься, этому парню я крестная мать. Зовут - Нурлан,- деді орысшалап. Не айтқанын жыға ұқпаған Нұрлан аты аталған соң сасқалақтап: „А" деп атып тұрды. Анна күлді. Күлді де:

- Сендерді таныстырып жатырмын,- деді. Қыз көз қиығымен салқындау қарады да:- Луиза,- деді.

Анна көп аялдаған жоқ, шелек алып сыртқа шығып кетті. Сиыр мөңіреді. Тыныштық қайта орнады. Нұрлан шұбатылған қол-аяғын қоярға жер таба алмай өзін тым артық сезініп отыр еді, агроном қыз тіл қатты:

-   В каком классе учишься?- деп сұрады. Нұрлан бұл қарапайым сұрақты ұқты, бірақ жауап беруге қорынды. Қыз күлімсіреп, алдымен сегіз, содан соң тоғыз саусағын ымдап еді, Нұрлан он саусағын тарбайтқанда қыз басын изеп тағы да күлді, Нұрлан да күлді. Арадағы темір тордың бір шеті ептеп сөгілгендей болған. Үнсіздік... Картоп аршып біткен соң, оны жуып, ұсақтап турады. Орысша көп сөз айтты, Нұрлан кейбірін ұқты, кейбірін ұқпады, жауаптасуға тіл құрғыры жетпеді. Ол тұңғыш рет орыс тілі пәнінен сабақ берген ашарық, ұзынтұра мұғалімін балағаттады, әрине ішінен. Өзі де екі сөздің басын құрай алмай жүріп, бала оқытады. Неміс қызы алдында өзін мүгедек сезініп, қатты қорланды. Осылайша бұлдыр-салдыр ауыр да қымбат минуттарды кешіп отырғанында сиыр сауып болып, Анна кірді үйге.

-  Түу, ұлым-ау, шам неге жақпағансың, қараңғы ғой,- деді. Нұрлан пеш мойнында тұрған сіріңкені тұтатып, шам жақты. Жаңа ғана шойын табаға салған картоп шыжылдап қарыла бастаған. Қолын жуып, Нұрланның қарсысына келіп отырған Луизаның жанары жарықпен бірге қоздап жанады. Нұрлан анау-анау маздаған отты көзге қарай алмады,- қанша тілек етсе де тура қарауға дәті жетпеді. Мұның таза көңілмен ұялатынын қыз да, Анна да сезгендей.

-  Сен бұл қыздан ұялма,- деді стол жасап жүрген апасы. Өзіңнен үш-төрт жас-ақ үлкендігі бар болар. Келсін-келмесін орыс­шалап, белінен бір басып сөйлей бер, ертең-ақ үйреніп кетесің.

Нұрланға қарап бір нәрсе айтты. Ал, Анна оған жауап берді.

-  Луиза айтады,- деді Анна,- атқа мінуді үйретсін,- деп. Күнбағыс егілген даланы аралап көрейін десем, атқа мініп жүре алмаймын дейді.

Нұрлан ес-ақылдан айырыла басын изеді. Көп изектепті, өйткені қыз бен кемпір рақаттана күлді. Сосын бүйтіп мазақ болғанша кетіп қалайын деп ойлады, еріксіз күш екі иығынан басып тастаған, қозғалуға шама жоқ.

-  Сенің шашыңды мақтайды, мына қыз,- деді кіндік шешесі.- Қап-қара, әрі бұйра, әрі қалың екен дейді. Мен айттым: бұл Шыңғыстайда менің кіндік баламнан сұлу ешкім жоқ деп. Рас, Қожақ әдемі-ақ, бірақ ұр да жық, ішкіш әулекі жігіт,- деді. Нұрлан бүгінге дейін шәй десіп көрмеген, өзінен бес-алты жас үлкен жігітке өлердей өшікті. „Жұрттың бәрі сұлу дейді, қай жері жетісіп жүр. Үнемі арақ сасып, жуынбай жүреді".

Көзінің астымен Луизаға қарады. Екі жанары жанып, жайбарақат картоп жеп отыр. „Беті қандай аппақ,- деп ойлады,- бор жағып қойғандай. Ал шашы... тек қана түске кіретін шығар". Қайдан ғана сап ете түскені белгісіз оның есіне Қожақ барқырап айта берер ән оралды: „Анаңнан айналайын сені тапқан".

-   Тамақ жесеңші,- Нұрлан шырт ұйқыда жатқанында әлдекім бүйірінен бір теуіп оятқандай шошынып қалды. Қасығына жармасып, табаға ұмтыла беріп еді, орнында жоқ, таусылған соң бағана жинап алған секілді. Ұялған тек тұрмастың кебімен жолшыбай бір түйір нан сүйрей кетті.

-  И так мы договорились,- деді Луиза.- Утром я тебя жду. Научишь ездить верхом...

Анна-апасы аударып берген соң, Нұрлан тағы да басын изеді. Ол ертеңінде сабаққа бармай қалды.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

5

Неміс қызы расында да атқа мінуді білмейді екен... Нұрлан үйрете алмай көп әуреленді. Қолтығынан демеп, сол жағынан мінгізсе - сылқ етіп, салмағы басым қоржындай оң жақ қапталына ауып қалады. Жаңа келген агрономның атқа жүре алмайтынын ескеріп колхоз ең шабан әрі жуас Байшұбар деп атайтын кәрі лақсаны беріпті. Қапталына жармасып, қабырғасын тырналай қанша салақтаса да мыңқ етпей тұра береді жануар. Қыздың шалбар киген сидам борбайынан алып, жалғыз-ақ қолымен көтеріп ерге бірақ атып қонғызады Нұрлан. Сонсоң ердің қасынан мықшия ұстап алған Луизадан көз алмай Байшұбарды жетелейді. Астыңғы жұп-жұқа ернін жымқыра тістеген қыз енді-енді болмаса аспанға ұшардай қомданып, зәресі қалмай қорқады. Кейде жан ұшыра                                                                                      шыңғырып жібереді. Ебедейсіз отырған агрономның тақымынан шандып, ерге таңып тастасам деп бір ойлады. Оқыстан ат үріксе үстінде кетер деп және сақтанды. Осылайша әуремен жүріп түс ауғанын сезбеді. Бозбаланың шыдамы қанша сірне болса да таусылайын деді, Луиза шаршар да, тіпті жалығар да емес, әрі-беріден соң бойы үйрене келе сықылықтай күліп, Байшұбардың далиған арқасында отырып тепеңдейтін өнер шығарды. Кешелер ғана жанына жақындасуға жасқанып, тек қиялмен ғана жүздесіп, тілдескен арманқыз міне, дәл жанында: сан рет құшақтап атқа мінгізді, сан рет қолтықтап аттан түсірді, денесінің жылуын, демінің соққанын сезді. Жұмырлана біткен санына, үрке біткен қос анарына қолы тиіп, қолы тиген сайын еті үйреніп, әуелгі сартап сағыныш, жиі соққан жүрек саябырсып сабасына түскендей болды. Егер осына неміс қызын Байшұбардың үстіне мінгізіп алып, тау асып кетсең де, өз бетімен аттың үстінен түсе алмасын, иә, секіріп жерге түсе алмасын сезген. Не істесе де қыз мұның қолында еді. Ондай ерлік қайда... Екеуі тілсіз тілдесті, ыммен сөйлесті, бір-бірін қалтқысыз, тіпті аудармашысыз-ақ жете түсінгендей болды. Осыншалық етене жақындық, қимас серіктік қаншалық ұзақ болса, соншалық келте, бір қайырымға келмейтін әдемі ән секілді аса қысқа еді. Күн еңкейе, өрістен қайтқан малмен бірге сүлдерін сүйретіп үйге оралды. Екеуі де шаршады, қарындары ашты. Жота-жотаның астымен суыртпақтала ауылға апарар жолға түсіп, ілби басып келе жатқандарында бұларды полуторка машинасы қуып жетіп, шаңын бұрқ еткізе тоқтаған еді. Кабинадан ала көз, бұйра бас Қожақ шықты да тісі ақсиып өп-өтірік күлді.

- Қатының қайырлы болсын!- деді Нұрланға.- Немене мектепті бітірмей жатып үйленбексің бе? Немістің, жаудың қызынан әйел алсаң жетісерсің, өй, әкең...

Әбден кетеуі кеткен машинасы селкілдеп барып сөніп қалып еді, қолына иір темірін алып қарғып түсті де, тістеніп тұрып бұрап-бұрап жіберді. Машина тырқылдап барып от алды. Сонсоң секіріп қайта мінді. „Өй әкелеріңнің..." деп бір балағаттады да, ар-ұр еткізіп машинасын айдай жөнелді.

- Кто это?- деді Луиза ұзай берген машинаның артынан көз алмай қарап тұрып. Нұрлан бұл сұрақты ұқты.

- Қожақ, біздің ауылдағы жалғыз шопыр осы,- қыз Нұрланның сөзін ептеп түсінді білем:

- Красивый парень,- деді әлі көз алмай қараған күйі. Нұрлан бұл сөзді ұқты, әмбе ішін бір қара мысық тырнап өткендей болған.

Жайбарақат тұрған Байшұбарды шу деп тізгінінен оқыс шаужайлап қалғанда қаперсіз отырған агроном „Ой, мама" деп құлап қала жаздады.

Сол   күннің   ертеңінде   Нұрлан   жар   жағасындағы   жалғыз бәйтеректі таба алмады. Орнында екі жағалауын кемірген жемір өзен   Бұқтырма   ғана   бұлаңдай   ағып   жатыр.   Тып-типыл.   Бұл жалғанда жүз жасаған кәрі ағаш тіпті болмағандай. Теректі іздеген жалғыз Нұрлан ғана емес еді, шулай ұшып, айналсоқтап көп құс жүрді. Жылағысы келді. „Қалайша, дүниедегі ең зәулім, ең мықты ағаштың бір-ақ түнде ғайып болғанына қайран қалды. Тамырына тырмысып неге тұра бермеді? Әлде асау өзенге қарсы күресер дәрмен болмады ма; әлде ағаштың киесі болады деуші еді, солар ұрлап әкетті ме; әлде... ағаштар да адам секілді - туар, сонан соң азды-көпті жасар, сонсоң - өлер. Тәңірім-ау, ағаштар да өлер ме, иә, өледі, жаңасы өнеді өмірге. Нұрлан ауру әкесін шошына есіне алды.  „Жо-жоқ, бұл дүниеде ештеңе де жоғалмайды, өлмейді, әйтеуір бір күні... бәлкім жүз жылдан соң... бәлкім мың жылдан соң қайтып оралады. Біз, тірі жүргендер сол қайтып оралғандарды тек байқай алмаймыз, ал олар болса бізге көрінбей, көлеңкесынды қатар, жанымызда қол ұстасып, қолтықтасып ғұмыр кешеді. Рас, рас өлгендер қайтып оралады. Олар тек оралмайды, өздерімен бірге арғы дүниедегі бар жақсылықты - пейіштен ескен саумал самалды ала келеді; иә, олар тек ән салып оралады! Арғы дүниеге ғасырлар бойы аттанған адамдар қол ұстасып, құндыздай шұбап ән салып келе жатса... тірілер не бетін айтар-еді". Нұрлан өз ойынан өзі шошынды.

Бұқтырма тау-тасты басына көтере айбаттанып, сарқырап ағып жатыр.

Тоқтатар күш жоқ!

Нұрлан Алтайдың күре тамыры іспетті ұлы өзен Бұқтырманы тұңғыш рет жек көрді - қатыгез, бас білмес асаулығы үшін жек көрді. Ертектегі көл жұтар секілді күні бітсе, жалғыз-ақ ұрттап, бір қасық суға зар болып отырған елге апарып ақтара төгер еді, әттең. Ол орталықтан шығатын бір газеттен оқып еді: жер бетіндегі судың 97 проценті ішуге жарамсыз екен; ал әлемдегі 40 мемлекет ауыз суына зар, Американың кейбір аудандары суды Канададан сатып алады, тағы тағылар, тағы тағылар... Алтайда өзен-бұлақтан аяқ алып жүре алмайсың. Әділетсіздіктің өзі табиғаттан басталады деген осы...

Көңілінен ел көшкендей болып жапа шеге үйіне қайтты. Майданда барлық солдаттарынан айрылып қалып, тек соқа басы ғана кері оралған қайғылы офицердей. Анна-апасы келіп, әке-шешесі, бәрі шай ішіп отыр екен.

- Қайда жүрсің, тамағыңды ішпей,- деді шешесі.

-  Өзен жағасына бардым, Бұқтырма жалғыз теректі ағызып әкетіпті. (Көзі боталап, отырғандарға қарады - бейнебір мынау дастарқан басында жағалай жайғасқан жандар Бұқтырманың көмейінде кеткен жалғыз теректі суырып алып, қайта орнына орнататындай жалбарынышты түрде жаутаңдай қарады).

- Байғұс, мен туғанда бар еді,- деді әкесі.

- Біз көшіп келгенде, бұл Бұқтырма сол теректен 300 метрдей ары ағып жатыр еді,- деді Анна.

-  Бәріміздің жастығымызға куә секілді еді,- деді әкесі.

- Осы жердің ақсақалы сол сықылданатын.

- Өзен - ол да бір өмір,- деді Анна-апасы.

- Бәйтеректің түбіне ылғи да үй жасап, қуыршақпен ойнаушы едім,- деді қарындасы мұңая.

Бірақ осы сөздің бәрі амалсыз айтыла салған әңгімедей салқын естілді. Жүрегі сазып, мазасы болмады. Енді әңгіме жүйесі агроном қызға ауысты. Тұрып кетейін деп бір оқталды да, амалсыз қайта отырды.

Шешесі айтты:- Квартирант қызың пысық па, үйдің шаруасына көмектесе ме?

Анна-апасы айтты:- Шүкір, біртоға екен. Әр нәрседен хабары бар.

Әкесі айтты:- Өзі қай жақтың немісі, сұрай алдыңдар ма?

Анна-апасы айтты:- Волга бойынан көрінеді. Ата-бабасы сонау Петр Біріншінің тұсында жер ауып келіпті.

Әкесі айтты:- Тіпті ерте келген екен өздері. Ана тілін біле ме?

Анна-апасы айтты:- Ой-бой, ерні-ерніне жұқпай сарнап тұр. Бұлар ана тілін өлсе ұмытушы ма еді?

Шешесі айтты:- Жерсініп кетсе жақсы, атқа да дұрыстап міне алмайды, жыл уағына жетпей қашып кете ме, әй, үйрене алмайды-ау. Басы жас байға тиіп, бала табу керек. Біздің итшілеген тұрмысымызға шыдай алмас.

Анна-апасы айтты:- Өзінің түпкілікті қоныс теуіп қалар ойы жоқ-ау деймін. Срогым бір жылда бітеді, сонсоң ел жаққа қайтамын дейді.

Шешесі айтты:-  Ел  көзіне  күйік  болмай,  есі  барда елін тапқаны ақыл.

Нұрлан ойлады: „Мұның бәрі жалған. Еріккенде айтқан қаңқу сөз. Ол ешқайда да бармайды: Кетері бар, неге келеді".

Бүгін ерте жатып қалды, көпке дейін ұйықтай алмады. Бытықы-шытықы ойлар қаумалап, ары аунап, бері аунап берекесі кашты. Бір уақ тұрып кетпекке оқталды да, түбінде отырып сырласар бәйтеректен айрылған, мәңгіге қоштасқан - жалғыздығы есіне түсті.  Бағана балалар киноға  шақырғанда бармағанына өкінді. Шаршап барып, көзі ілініп еді, түс көрді: „Дүние аппақ нұрға шомылған... аппақ дүние, сол аппақ дүниеде Луиза екеуі астарында ақбоз ат бар, қатарласа шауып жарысады. Күміс жалды ат не шаппай, не ұшпай беймәлім сапар, мақсатсыз бағытқа баяу қалықтап барады-ай. Нұрланға алғашында бір орында тұрғандай сезінді. Астындағы аттың аппақ жалы мен неміс қызының алтын шашы желмен   желбіреп,   мынау   ақбоз   әлемнің   жалындаған   жалауына айналған...   Ол  енді  Луизаның ат құлағында  ойнайтын ғажап өнеріне таң қалды. Өтірік екен ғой, атқа міне алмаймын деуі бекершілік екен ғой... сонсоң, бұлардың алдынан шегірткедей қаптап қап-қара танкілер шығады. Кімнің, қай елдің танкісі екені белгісіз. Тұмсығын сорайтып, оқ бүркеді.  Екеуі бірдей құлайды...  Бірақ өлмейді... тек астарындағы ақбоз ат - қып-қызыл қанға айналып қатып қалады... екеуі бірдей: „Мама!" деп жан ұшыра айқайлайды: „Мама!"

Шошып оянды, сүмек болып терлеп жатыр екен. Үйдің іші тас қараңғы. Құлақка Бұқтырманың сарыны естіледі... басқа үн өлген...

6

Көктем өтіп, жаз келді. Табиғат тамашаға малынып, көзден де, көңілден де қашандап кеткен көп-көп қызықты, алаңсыз күндер қазбен бірге қайта айналып келгендей еді. Ұлан-ғайыр шаруаны бітіріп тастап жағасы жайлауда риза көңілмен кеңк-кеңк күліп, кердеңдей басар ағайын секілді ел де соғыстан соңғы бейбіт күннің алғашқы шуағына маужыраған қалыпта. Енді қайтіп, бұл жалғанда мылтық атылмайтындай бейқам тірлік шыңғыстайлықтарды да мұңсыз-қамсыз жайлаудың шыбынсыз жазындай дүниеге жетелеп кеткен. Кешегі қан майданнан қалған жеңіске, ертеңіне - иә, иә, болашаққа, тіпті, бір-біріне деген ұлы сенім, қарымта-қарызсыз істелер адал еңбек, кең байтақ мемлекетті аяғынан тік тұрғызып,марқайта бастағаны рас-ты. Елге, жерге, қала берді бүкіл әлемге деген қалтқысыз сенімге ұласа бастаған. Жаз шыға ойдағы мал жонға көшіп, ауыл үстінен азан-қазан ұлардай шулап, жүріп өткен. Дала... төрт тұяқтың тозаңынан айырылып, тынысын кең алғандай еді. Онымен бірге кеше күн күркіреді! Күн ерте күркіресе ырысты жыл боларын шалдар бал ашпай біледі. Кемпірлер үй айналып, шөміш қағып, отқа ақ құйды. Сонау шамандықтан бермен келе жатқан ырым-кәде тағы да жақсылық үшін, тынышты өмір, бейбіт қоныс үшін жасалған. Себезгілеп алғашқы жаңбыр жауды: Міне, міне түлей бастаған көк, жауқаздана бастаған гүл, жаңадан жапырақ жайған ағаш - нөсердің мөлдір тамшысына алақанын аша ұмтылған, ұяң сезіммен сүйсіне жұтқан. Осыншалық мол қызықпен жаздың да бір айы - маусымды көзді ашып-жұмғанша шығарып салған. Колхозшылар шалғысын жалаңдатып, шөп шабуға аттанды. Шалғын әсіресе биыл ересен.

Біздің жас кейіпкеріміз Нұрлан болса мемлекеттік емтиханның қамымен әбігер, мұрнына су жетпей жүр. Мектеппен қоштасу осын­шалық қиынға түсер деп ойлаған жоқ еді, сәтсіздік ал дегенде қазақтың тілінен басталып, шығарманы үштік деген бағаға әрең жазып берді. Қыстай өте жақсы оқыған баланы мұғалімдер аяды, бірақ әділеттіліктен аса алған жоқ, „бірді айтып бірге көшеді... сақтанбай, салақ жазған, тақырыптың ауқымынан шығып кеткен, айталық Қамар сұлуды ақбоз атқа мінгізіп, жауға шаптырып қойған, ол ол ма, Қамар сұлудың көзі көгілдір, шашы ақсары, шалбар киген қыз еді деп көкіген..." Үштіктің өзін бұрынғы бағаларын ескеріп, ұялғанынан әрең қойғанын айтты.

Өміріне өзгеріс енгендей болған Нұрланның болмысында балалықпен қоштасып, ертерек ер жету бар еді. Балалықтың бал дәуренін ертерек жоғалтқанымен елуінші жылдан бергі уақыт сол орны толмастай болған олқылықты жамап-жасқаған. Оның ноқта кимеген құлындай алаңсыз кісінеген жастығы, жазылмастан жараланған... жарыққа ұмтылған көбелекше тағат таппай шыр айналады. Бұл жалғанда Луизадан өзге қуаныш та, жетімсіреген көңілдің медеті-сынды алданыш та жоқ еді. Жан дүииесінде жанар тау болып жанып жатқан махаббатын білдіре алмай, білдіргенді қойып, әлі күнге күлімдеген бетіне тіктеп қарай алмай, сандалған және өзін осыншалық қор, жігерсіз, жасық сезінді; және өзін тым кеш туған, не тым ерте туған бұл дүниеге бөтен адам ретінде жек көрді, жиіркенді, тіпті, өлгісі де келді; неге екені белгісіз дүние жүзінде ешкімнің батылы бармаған ұлы сойқан ерлік жасағысы келді; бірақ

мынау қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда емес, басқа... ердің бағысыналар қан майданда қаза тапқысы келді... өзінің Отан соғысына қатыса алмағанына өлердей өкінді де... ол сол соғыста өлмеген күннің өзінде қатты жараланып, ал қатты жараланып жатқан шағында неміс қызының тауып алып, үйіне апарып, ағайындарына білдірмей жасырын емдегенін, аузына су тамызғанын, жұп-жұмсақ, жып-жылы алақанымен қап-қара бұйра шашын сипағанын көкседі... Сонда Нұрланның бетіне Луизаның жанарынан бір тамшы жас ағып түссе, сосын ақырын мұның ерніне ернін тигізіп сүйсе... (көзі ашыды, бірақ жылай алмады, жүрегі тоқтап қалған секілді шалғынға шалқалай құлады, сырлы тегенедей төңкеріле аспанға қарады, шегіртке ыршып шекесіне қонды, елемеді, құс сайрады, естіген жоқ, дүние: анау көк, анау жер - жым-жырт...) сырқатының беті бері қараған кезде Луиза екеуі екі ақбоз атқа мініп, Германияның жап-жасыл орманын араласа, Германияның жап-жазық даласын армансыз кезсе, суретке түссе қандай әдемі болар еді. Бұл - қап-қара, ол - аппақ... (ат тұяғының дүбірі естілгендей болды) Ол ойлады - Луиза екеуміз ақбозбен жарысып келеміз деп, көзін ашты, көзін ашса мың салса бір баспайтын Байшұбардың үстінде агроном қыз отыр.

Жатқан жерінен атып тұрды. Егер қыздың тақымындағы Байшұбар емес, одан басқа жастау жылқы болса қорс етіп үркіп, үстінде ербиіп отырған иесін тастап-ақ кетер еді.

- Я тебя испугала?- деді ол орысшалап. Нұрлан бұл сөзді ұққанына есі қалмай басын изеді. Луиза лып етіп аттан түсті, бұрынғыдай емес үйреніп қалған екен, қимылы ширақ. Сонсоң әлгінде ғана Нұрлан аунаған жерден қып-қызыл болып езіле піскен жидекті көріп, қолын шапалақтай айқайлап жіберді: „Ой, как много ягод, какая прелесть-прелесть". Тізерлей отырып, теріп жей бастады. Тандайына әр бүлдіргенді салған сайын тамсанып, басын шайқады:- Вот богатство, матушки-природы.

Нұрлан да еңкейіп, бір-екеуін аузына салды. Шынында да тәтті екен. Ес білгеннен бері теріп жеген бүлдіргеннің осыншалық дәмділігін енді-енді, қазір ғана анық сезінгендей. Екеуі аттарын ағаш түбіне байлады да, жарыса жидек теруге кірісті. Қыз Алтайдың сұлу табиғаты, таза ауа, кәусар суына еті мүлдем үйреніп, қайран қала көп айтатын болды. Ол бірде Аннаға осы ауылға сіз секілді біржола қалып қойсам қайтеді, деп ақыл сұраған. Сонда жарты ғасырға таяу осы жерде тірлік кешкен кемпір, ұзақ ойланып барып: „Өзің білесің, қызым, жаман айтпай жақсы жоқ, бүгін болмаса ертең басыңа іс түскендей болса, маған өкпелер едің. Адам теңін таппай - тегін таба алар ма. Жас кісі үшін табиғаттан өзге де қазықша байланар семья қызығы керек. Сен ондай ұяны осы жер­ден құра алар ма едің?"- Қыз мұңайып қалған. Бүлкілдей соққан жүрегіндегі мазасыздықтың сарынын сездіргісі келмеді ме, атқа мініп егін аралап кетіп еді.

Бүлдіргенді үзіп алуға еңкейген сайын Луизаның ақ толқын шашы иығынан құлап бетін жауып қалады. Оның өзі бозбалаға теңдессіз сұлу әрі еріксіз тебірендіретін телегей тентек көріністей, сезімін қытықтаған. Жалтақ-жалтақ қарап, бүлдіргенді жегенінен гөрі, таптап бүлдіргені көп. Ол осы бейнебір түстей болып елестеген суретті жоғалтып, немесе былғап аламын деп қорықты. Жанында, иықтас қана жүрген адамның соншалық шалғай қол жетпес қиялдағы - алыстығы, әрі танымастай тым жат суықтығы қинады. Егер бұдан басқа өжеттеу біреу болса шыншыл жүрекпен сүйген, мөп-мөлдір сезімін дәл қазір ағыл-тегіл ақтарар еді; егер бұдан өзге өркөкіректеу біреу болса анау алақанат көбелектей ұшып-қонып табиғатқа еркелеген қызды бас салып құшып, сүйер еді, иә басқа біреу... Нұрлан өз ойынан өзі шошынды... „Жо-жоқ, Луизаны ешкім, тірі жан құшақтауға тиіс емес Ондай асыл жігіт туған жоқ!"

Агроном жидекке әбден тойғанын айтты, қайтайық деді. Шыбындап, мазасы кетіп, тал түбінде тықыршып тұрған аттарына мінді де ауылға қайтты. Жол-жөнекей жаңадан бас жара бастаған күнбағардың арасымен қақ жарып жүрді; қалың білекті өскен шекілдеуік аспанға қарап енді-енді ғана аузын ашып келеді екен. Луиза осына теңіздей толқыған күнбағыс алқабына сүйсіне қарап, әлдебір түсініксіз әнді ыңылдайды. Нұрлан бұл әуенді ертеректе естігендей құлай тыңдаған және қосыла ыңылдауға батылы жетпей, тек ішінен иманын айта ерген болады. Ол, мынау аппақ дүниеде... барлығына - жер басып жүрген тірлігіне қуанды; ол мынау аппақ дүниеге...үзеңгілес келе жатқан неміс қызының жаралғанына мың мәртебе тәубе қылды. Осылай ұзақ-ұзақ маңып, жап-жасыл дарияны кешіп, Алматыға, Москваға, тіпті одан әрі Берлинге дейін жүре бергісі, жүре бергісі келді. Оған мынау астарындағы тырақы ат шаршамайтындай, ал мынау ал жасыл, ал қызыл, ал сары күнбағыс алқабы шексіз-шетсіз сона - Берлинге дейін созылып, жайнай-жасарып шалқып жататындай сезілді. Тіршіліктің сұлулығында шек жоқ, мәңгілік деп білді. Алтай өңіріне күнбағыс деген сүп-сүкімді

(әсіресе Нұрлан үшін) өсімдікті қатар жортқан қаршадай ғана Луизаның ала келгенін, осы сапарлас, үзеңгісіне үзеңгісі тиіп қатар жортқан ақсары қыздың бастамасы, маңдай тері, ауданмен айтысып жүріп еккен дақылы екенін білмеген... бәлкім білген; оның анық ұғынғаны Күнді сүйіп, айналайын сол Күнге талпынып өсетін күнәсіз сәби іспетті өсімдік былтырлар ғана шаң басып, ақтаңлақ болып жатқан колхоз даласын - Қара даланы сәнге бөлегені. Тіпті, көктемде ұрлап огородтарына, үйінің маңайына шашып жіберген әлгі күнбағардың жаз шыға қаулап, бүкіл ауылдың ұзатылар қыздай жасанып, қырмызыдай құлпырғаны еді... Луизаның „күнбағыс қыз" аталуы да осыдан. Анна Ивановна бір күні агрономға: „Сені ауыл адамдары девушка-подсолнушка" деп атайды", дегенде күнәдан пәк сәбидей уыз тазалықпен күлген, есі қалмай балаша мәз болып қуанған; кеше ғана ата жауы ретінде қабылдаған ауылдың ішіндегі тоңы жіби бастағанын сезіп көзіне жас ала рақмет айтқан. Міне, сол екі ұлттың арасын дәнекерлеген күнбағыс дариясында жұмыр жердегі жамандық, сұмдық атаулыдан бейхабар қазақтың уыздай өскінімен қатар жүзіп келеді-ай. Луиза Нұрланның мұңдылау, бірақ қайратты дидарына қарап, өзінен кешірек туғанына өкінгендей, бәлкім қуанғандай күрсінді...

Нұрлан қалт-құлт етіп мектепті де тәмамдады-ау. Кәмелеттік куәлік қолына тиген соң, басқа оқушылар секілді қай оқу орнына барамын деп, басын қатырып жатпады. Алыс, тым жырақтағы көрмеген қалаға білім қуып кетуге, біріншіден - қаражат жағы тапшы, екіншіден - мінекей, соғыстан бергі он жылдың ішінде әкесінің сырқаты бері қарар емес. Қайта күн өткен сайын денесіндегі жау салған темір жара сыздатып, асқына түскен. Қара шаңырақтағы ендігі қолқанат,- жалғыз ұлдарынан айрылып қалғысы келмеді. Шешесі болса, әкесінің денесіндегі жара түбі алып жемей қоймайтынын айтып, күн-күн сайын уайым қыла зарлайтын. Бозбала мектепті бітірген соң да, қорықшылық қаракетін қойған жоқ, күнбағыс қаулап жетілген сайын күндіз-түні ат үстінен түспейді. Ауылдың ешкі-лағы қандай мазасыз дейсің, көзің тайса болды аңдып тұрып егістікке бет алады. Бойлап, бас жарып бітік өскен күнбағардың арасынаи ешкі түгіл ірі қараның өзі әрең көрінетін. Оны былай қойғанда Шыңғыстайдың соғыстан соң туған тамам қара сирақ балалары әлі дәні қатпай балаң өскен шекілдеуікті көктей жұлып, ара-арасына тығылмақ ойнап, жапырып тастайтын. Күндіз баланы, түн мезгілінде төрт түлік малды қорып, қашан орып сүрлемге салғанша берекесі қашты. Бірақ осыншалық жанды жер итырық жұмыстан жалықтырмас бір ұлы қуат алғандай еді. Ол Күнбағыс қыз - Луиза. Аудан мен ауылдағы жиналыстан сәл қолы босай қалса, Байшұбарға мініп, тепеңдеп алқаптың о шеті мен бұ шетін жалықпай, шолып жүрер еді. Атқа әлдеқашан үйреніп алған, кейінгі кезде шоқырақтап шапқылайтын қылық тауып жүр. Байшұбар ол үшін ұшқан құсты аузымен тістер ертектегідей бір төбенің шаңын бір төбеге қосар, айдарынан жел ескен, арғымақ. Екі күннің бірінде жалын, кекілін тарап, күн құрғатпай Бұқтырмаға апарып, сабындап тұрып, жуады. Өмір бақи колхоздың қара жұмысына жегіліп, әбден көнтулақ болып қалған тырақы, агроном келгелі түлеп, жұп-жұмыр боп семіріп алған. Бұта-қарағанның түбінен оқыс ұшқан бөденеден қорс етіп үркетін мінез шығарды. Жануардың туғалы көрген рақаты осы шығар-ау. Ал Шыңғыстай ауылында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Баяғы ұшы-қиырсыз таусылмайтын шаруаның қамы: шөп шабу, егін суару, біреу өледі, біреу туады,- осылай өмір жалғасады. Бұқтырма өзені де теріс аққан жоқ, көктемгі көкперілігі басылып, мөлдір тартқан, жынын алған бақсыдай жуас, жағалауын әлдеқашан талақ тастап баяғы арнасымен қорлана ағады. Су таяздағалы ауыл балалары арғы беттегі аралға өтіп сиыр бүлдірген, мойыл теріп жеп, тыныш тірліктің қамсыз күндерін балалық мінезбен мәз бола қызықтайды. Ал, Қожақ бұрынғы жұмысында - шофер. Бри­гадир колхозшыларға пішен дайындатып, мұрнына су жетпей жүр. Өтірігі, ол да бір індет екен, әлі қалған жоқ. Екі кісінің басы қосылса: „Немістерді тырқыратып қуып барамыз, алды-артымызға қарамаймыз; менің қолымда снайперский мылтық; окопта аңдып жатырмын, қылт еткен немісті жібермей басып қалып жалп еткізіп, тымақтай ұшырып түсіремін... Бір күні қарсы окопта жатқан неміс солдаты: "Ей, Иса, мерген екеніңді білейін, қазір қылышымды көтерем соның жүзін атып түсірші"- дейді айғайлап.- Бәстесемін,- дедім, ал ол бәсіне Гитлерский сырнай, бір дорба махорка, колбаса беретін болды... Сонымен жолдастар, жау солдаты қылышының жүзін маған қаратып шошайтты. Сендерге өтірік, маған шын, құдай-ау ұмытпасам қашықтық екі-үш шақырым болар, мылтығымның қарауылына алып; шүріппені аңшы атам Ербаланың аруағын шақыра ақырып, бәлемді басып қалдым, дыз ете қалды. Іле, ойбайлаған дауыс шықты, сөйтсем қылыштың жүзі ұшып, әлгі менімен бәстескен солдаттың көзіне тиіпті, бірақ обалы кәне, азамат екен, уәдесінде тұрды.

Колбасасы шошқанікі болған соң жегемін жоқ, орыс солдаттарына үлестіріп бердім... „Ал, не отырыс шаруаға кірісейік", деп әлдекім сұрақ беріп қала ма деген қауіппен қуыстана орнынан қарғып тұрып кететін.Бригадирдің қашанғы әдеті-осы.

Нұрлан егінге түскен малды қайырып, сай-сайды қуалай, ауыл шетіне тақала беріп еді, қара жолдың шетінде қаңтарулы тұрған Қожақтың полуторкасын көрді, Иесі жоқ. Атымен шыр айналып шықты. Жоқ. Күнге қызған машина қаңсып, жанар май иісі сасып тұр екен, мұрынға жағымсыз қоңыс келеді. Ол бензиннің иісін құсардай жақтырмаушы еді, кейіндеп кетті де жан-жағын болжай бастады. Қожақ анадай жердегі арғы ауылға телефон-сымы тартылған бағананы құшақтап, бүк түсіп жылап отыр. Нұрлан алғашында өз көзіне өзі сенбеді, алпамсадай ожар мінезді, намысқой, тәкаппар жігітке осыншалық егіліп, еңкілдеп жылау - оғаш сықылданды. Шу-шулей тебініп, жақындады да: „Қожақ аға, неге жылап отырсыз?"- деді. Ол басын көтерген жоқ. Аттан түсіп, біртіндеп жанына барып, иығынан тартты. Қожақ ала көзімен атып қарады да:

-  Кет!- деп әмір етті.- Кет өзің, мазамды алмай. Мен әкеммен сөйлесіп отырмын.

Удай мас екен, тілі күрмеліп, сөйлеуге әрең келеді. Нұрлан шегініңкіреп тұрды. Қожақ есін жиғандай болды да, қолына кеспелдектей тас алды. Бұдан соң телефон діңгегін бар пәрменімен ұрып-ұрып қалды да:

- Алло, алло! Бұл қай жер, Москва! (тағы да бар пәрменімен ұрғылап еді, сымдары дірілдеген діңгек, уілдей шулап қоя берді) Менің әкем қайда? Панфилов дивизиясында танкист болатын. Не дейсіздер, естілмейді? Қаттырақ сөйлеңдер, естілмейді. Құдай болсаңдар да қаттырақ сөйлеңдер. Отанды қорғау жолында қаза тапты... Ал, үлкен ағайым мен кіші ағайым, әкемнің екі інісі, шешемнің бауыры қайда? Тауып беріңдер, чорту? „Олар да неміс фашист басқыншыларынан Отанды қорғау жолында қаза тапқан..." Поче­му, именно солар қаза табады... өтірікші! Иса тірі оралады, а?.. Почему?.. Алло! Мен енді біраз күнде полуторкамен барып, әкемнің сүйегін алып қайтамын, даярлап қойыңдар!.."

Қолындағы таспен бағананы қойып-қойып қалды да, бар пәрменімен тістеніп лақтырып жіберді. Сымдары зуылдаған діңгек біразға дейін әлдекімдермен шынында да тілдескендей гуілдеп, белгісіздеу бір мұңнан, белгісіздеу бір қайғыдан хабар таратқандай дірілдеп, қалшылдайды... Қожақ басы салбыраған күйі үш ұмтылып,орнынан әрең тұрды да, тәлтіректей басып, анадай жерде тұрған салабай-салқам машинасына қарай қиралаңдай жүрді. Бұған дейін өлмей келген болмашы үміті мүлдем үзілгендей... Рукояткасын кабинадан алып шығып, бұрап еді от алмады, бұдан соң сонадай тұста секиіп тұрған Нұрланға айғай салды:

-  Әй, Әкімнің баласы, кел бұра, мен газды басайын,- деді тілін шайнап.

Нұрлан тізгінді бұтаға іле салды да жүгіріп келіп, бұрап-бұрап жіберіп еді, полуторка бақсысы ұстағандай селкілдеп, гүрілдей жөнелді.

-  Кет былай!- деді Қожақ көзі алайып.- Рукоятканы әпер де, тайып тұр жолымнан. Мен Москваға әкемнің сүйегін алып келуге аттандым!- Қисалаңдап, зымыраған машинаның артында будақ-будақ шаң ғана қалды.

Нұрлан қаншалықты Қожақты жек көрсе де дәл осы жолы аяды. Ол шынында да тұл жетім еді. Туыстарының бірде-бірі соғыстан қайтпады, Ал шешесі 1943 жылы Бұқтырманың ар жағынан ат шанамен шөп тасып жүріп, мұз ойылып кетіп, суға ағып өлген. Өзі алыстан қосылар аталас ағайынының қолында тұрады, мінеки жиырманың бесеуіне шықты, әлі үйленген жоқ. Соңынан шырақ алып түскен талай қыз болған кезінде, бірақ қай-қайсысына да қарамады ғой. Ешкіммен ашылып сөйлеспейді, тіпті жігіттік жасап қыдыруды да білмейді, ойын-сауыққа да зауықсыз. Клубта кино немесе ойын болып жатса, есікті шалқасынан ашып кіреді де бұйра шашының астынан аласы үлкен қара көзімен сүзе қарап тұрады. Сонсоң есікті бір теуіп ашады да, қайтып жаппастан тарс-тұрс шығып жүре береді. Жым-жырт жер жұтқандай жоғалып кетіп, іздетіп барып табылған кездері де көп. Мінезіндегі осындай тағылығы мен жұмбақтығы оны бірте-бірте адамдардан алыстата берген. Үлкендер бала кезінен оспадар тентек еді, деседі. Соғыс кезінде осы ауылдағы тамам баланың асығын жинап алып, „майданға көмек" деп Бұқтырмаға ағызып жіберіпті. Шешесі мұздың астына кіріп кетіп, мұқым ел-жұрт таба алмағанда, қозы-көш жердің мұзын балтамен өзі ойып шығыпты. Ал, анасының көк сіреу мұз болып қатқан денесін тауып, қол шанаға салып үйіне сүйреп келген тағы өзі екен... „Содан бері қаны бұзылды,- дейді шыңғыстайлықтар.- Көп әуестеніп, ыза қыла бермеңдер, қанына қарайған неме төбеден бір салып өлтіріп тастайды".

Бірақ, Қожақ күні бүгінге дейін жалғыз адамның жағасына жармасып көрген емес Өзі ойлап тапқан жұмбақтың шешуін өзі таба алмағандай мәңгіреді-ай... Анау күні Анна-апасы айтқан: „Осы  жігіттің ақыл-есі дұрыс па?" деп сұраған соң, тағдырын сыр ғып әңгімелеп беріп едім, Луиза көзіне жас ала күрсініп, қатты аяды. Оған қайткен күнде де көмектесу керек. Маңайын түнек болып басқан жалғыздықтан арашалау керек, тек оған тілін таба білетін жан ашыр адам керек,- дейді.

Шешесі айтқан:- Ортекедей орғып тұрған асауға кім жолайды.

Әкесі айтқан:- Агроном қыз дұрыс байқаған, онымен ақылмен сөйлескен адам бар ма бұл ауылда.

Шешесі кейіген:- Соғыста кім жетім қалмаған, кім жесір қалмаған. Жалғыз Қожақтың басына келген зауал емес бұл. Қиғаштамай, өз-өзінен долданбай, қатын алып қатарға қосылмай ма, тәйірі-ай.

Анна-апасы айтқан:- Расында да біреуді құлай сүйсе жан дертінен айығар ма еді...

Шешесі айтқан:- Анна-апасы-ау, неміс қызыңды ыңғайласаң қайтеді...

Осы сөзден соң Нұрлан жанын қоярға жер таба алмай, үйден атып шығып кетіп еді. Түн ортасы ауғанша үйге жоламаған. Бұқтырманың жағасында судың сарынын тыңдап отырып, анасының ойламай сөйлейтін аңқаулығы үшін кейіген... Әмбе, Қожақ екеуміздің басымыз Шыңғыстайға сыймас деген тұжырымға тірелген, осы ауылдан кетуін, тіпті сол жігіттің көп  ұзамай өліп қалуын тілеген.

-  Нурлан! Нур-л-а-н...

Жалт қарады. Луиза екен. Үстінде кеудесі мен иығы ашық, жеңіл ақ көйлегі бар, осы қалпында бейне бір Алтайдың ақ көбелегіне ұқсайды. Бұқтырманың жиегін де етпетінен түсіп, кітап оқып жатыр еді, дәл жанында күлімсіреп тұрған қызды көріп, ұшып түрегелді. Агроном оның қолындағы кітапты ептеп алып, ары-бері аударыстырып қарады да, басын шайқап ұқпаймын дегендей қайтарып берді өзіне. Көгілдір көзі күлімдеген қыз:

-  Пойдем купаться,- деді. Нұрлан басқаны білмесе де, дәл осы „купатьсяны" түсінуші еді. Өз-өзінен қысылып қалды. Ересек қыздар мен ер балалардың суға бірге шомылуы бұл ауылдың салтында бұрын-соңды болып көрген жоқ-ты, не дерін білмей мелшиіп тұрып қалған. Луиза енді оның қолынан ұстап:- Купаться не хочешь?- деді қиыла қарап. Базарға біреу сатуға жетелегендей орнынан зорға қозғалып, соңынан ерді.

Енді екеуі ағашы қалың ел-жұрттан далдалау өзен айырығы - Жалпақ өткелге барды. Күн ыстық. Ернеуін тал, қайың көмкеріп тып-тыныш жатқан судың бетін оқта-текте шыбын-шіркей іздеген ақшабақ әжімдейді. Тоғай ішінің ептеп ызыңдаған масасы да бар еді. Луиза гүлді-гүлді шыт көйлегін сыпыра бергенде, бозбаланың жүзі шыдамады білем, теріс қарай бұрылып кетті.

-  Нұр-л-ан-чик,- деген әдемі дауыс тағы естілді. Бұл шақта қыз аппақ денесі күн көзіне қақтаған күмістей болып шағылысып, тек суға түсетін іш киімімен тұрған. Нұрланның өн бойын токпен ұрғандай болды. Көзі қарауытып басы айналды. Денесі әп-сәтте қызып сала берді, жұтқынып еді, ыстығы бірден көтерілгенде тамағы құрғап кеткен екен, кебірленіп түкірігі жүрмеді. Су шалп ете түскенде барып, есін әрең жиған. Луиза басы ғана қылтыңдап, жүзіп барады... Құлаштай көтерілген білегінен мың-сан мөлдір тамшы сорғалайды. Нұрлан дымы құрып, жағаға отыра кетті. Бір гектар жердің шөбін жалғыз шауып шыққандай, шаршаңқы сезінді өзін. Амалы таусылды. Не болса да шешініп, суға қойып кетейін деп ойлады, бірақ шешесі бөзден тігіп берген балағы тізесін ұратын сала-құлаш ызған бауы бар іш киімінен ұялды. Біреу-міреу көріп қоймады ма деп, ауылы жаққа қарап еді, ешкім байқалмады.. Аг­роном арғы жағаға жүзіп шықты, сонсоң өзен шетіндегі қиыршық тас араласқан майда құмдаққа жата кетті. Бозбала ес-ақылынан ауысты,тіпті Луиза арақ ішіп алған қызу шығар деген күмәнді ой келген. Қыз ақ шағаладай болып, ақтарыла құлап әлі жатыр. Жазған-ау, неткен сұлулық! Енді ол оң тізесін әнтек көтеріп, білегін басына жастап, маужыраған еді. Мынау аппақ дүниеде... не болып жатқанымен ісі жок, бәр-бәрін, тіпті бергі жағалауда отырған Нұрланның да өмірде бар-жоғын ұмытқандай, бейбіт те мамыр күннің ауыр жылдардан соңғы көз шырымын алған момақан ұйқысы сықылданған. Алқоңыр тірлігіне еркелеу бар еді, бәлкім сонау алыста... Алтайдан тым жырақта қалған мамасын сағына ма, әлде Германияны... бәлкім Волга өзенін көксей ме екен? Луиза Анна-апаға айтыпты!

-  „Әкем Ұлы Отан соғысында фашистердің қолынан қаза тапқан, тілмәш еді... Мамам және екі ағайым Волга бойындағы бір қалада тұрады. Техникумды бітірген соң направлениені Қазақстанға берген, содан осы Алтайды өзім қалап алдым. Мен бұл жақты Рерих деген суретшінің салғанынан білуші едім. Мұнда жөнді ешкімді танымаймын, әйтпесе тау-тасты, анау Белуханы, Хатын өзені мен Маралкөлді, одан әрі сонау Телеске (Алтын көл

дейін барып қайтқым келеді. Германияны да сағынамын. Мен Россияда тудым ғой. Ол жақтан хабарым жоқ..."

- Нур-л-а-н-чи-и-к! Почему не купаешься, иди сюда, боишься да, ах, как тебе не стыдно...- Қыз орнынан тұрды да, тәніне жабысып қалған құмды сипап түсірді. Бозбалаға „Луизаның денесіндегі құмды сипап мен түсірер ме едім" деген азғырынды арман келген. Қыз бергі жағаға жүзіп өтті. Суы сорғалап, Нұрланның жанына келіп тұрғанда, оның ептеп құс еттенген ақ сазандай жұмыр саны мен аққу төсінде мың-миллион моншақ күн нұрымен ойнап, мөлдірейді. Төбесіне түйген шашын жазып жіберіп еді, бүкіл өн бойын жауып қалды.

-  Я знаю, ты от меня стеснялся,- деді жымиып,- а у вас парень с девушками вместе не купаются. Ты на меня не смотри, хорошо,- деп көйлегін қолына ұстаған күйі талдың арасына сүңгіп кетті.

Нұрлан тек қиялында, не түсінде ғана жалқы сәт көрер көріністен мүлдем айырылғанын білді. Алқынған жүрек, ысынған дене салқын тарта бастаған. Көңілін беймәлім жуас мұң басты, „сүйемін" деген жалғыз сөзді айта алмай, өстіп сүйретілген күйі жан тапсырармын деп ойлады. Осы сөзді айтса көктемнен бері қинаған, бүкіл денесіне у болып тараған аурудан құлан-таза айығатындай көрінді. Луиза тек осы сөзді өз құлағымен естісе болды, „Нұрлан, я тебя тоже люблю" деп мойнына асылатындай. Таң атқанша көрер таңды көзімен атқызып, аунақшытып, ұйқы бермес дерттің емі - өзі екенін сезінер ме көгілдір көзді көктем қыз! Ол келгелі бозбаланың мынау жалпақ дүниеге деген көзқарасы мүлдем өзгеріп, өмірге қайтып келгендей тіршілік атаулының бәр-бәріне бейкүнә, шексіз іңкәрлікпен сүйсіне қараған. Алтай өңіріне нағыз жеңіс, жылқының жусағанындай бейбіт заман, бар бақыт пен байлықты осы неміс қызы ала келгендей еді. Нұрлан үшін агроном қыз дегеніміз - аппақ дүние: ашық аспан, алтын масақты күн, жайқалған егін, сайраған құс, толқыған теңіз, аяғын жаңа ғана тәлтіректей басқан үкілі ботаның телпегіңді ала қашып ойнайтын әдемі ойыны еді; Нұрлан үшін осына ақсары шашты неміс қызы: қабығы әнтек ашылған қайыңның желмен дірілі - мұңлылау, бірақ қуаныштың, егер бар болса бақыт дегеннің хабаршысындай ән салуы еді: ол ән біртіндеп бойға тарап, буын-буыныныңды алатын, ептеп масайтатын, белгісіз сапарға шақырып, жүр-жүрлеп құлағына сыбырлайтын, жып-жылы демі келетін, жып-жылы... ал тұп-тұнық жанары ше... Нұрлан сол жанар-мұхитта желкенсіз, ескексіз қалқып жүрген қаңғыған қайық қана... кейде тереңнен, тым тереңнен жұмбақ үні естілетін.

Сұлулықтың шын мәнін Нұрлан тек Луиза арқылы ғана ұғып, мынау қара жердің асты мен үстіндегі өлісі бар, тірісі бар адамдар жасаған, адамдардың құдіретті қолы тудырған жақсылық атаулыға тәнті болып еді.

Агроном қызды аудан орталығына шақырып кеткен. Енді біраз күннен кейін күнбағысты орып, сүрлемге салу науқаны басталмақ. Анна-апасының жалғыз отырғанын білген Нұрлан аттың басын бүгін сол үйге бұрды. Неміс қызы келгелі қашқақтап, көп жоламайтын. Кіндік шешесі ықыласты қарсы алды, алдына барын тосты. Өзі мұрнынан сығып алып, көз алдында өскен баланың көңіл-күйін қас-қабағынан танитын кемпір, Нұрланнан соңғы кезде өзгеше бөтен мінез байқап, соның түпкі бір себебін іздейтін. Оңаша қалып сырласып, еркін әңгімелескісі келетін. Нұрлан болса сүйекті сойталдай жігіт болып өсті. Осыдан 18 жыл бұрын жөргекте қып-қызыл шақа бажылдап жатқан баланың енді міне, аяғымен жер, төбесімен көк тіреген азамат болғаны осы. Құдай-ау, кеше ғана еді ғой, өмірі өз пұшпағы қанамаған Анна Ивановна бала десе ішкен асын жерге қоятын. Тумаса да туғанынан бетер болған Марусясына „көп балаңның бірін бер, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай тәрбиелеймін",- деп қанша рет құдайдың зарын қылды. Енесі алдына келсе тістеп, артына келсе теуіп жолатпайды. Және „орыс болып кетеді" деп, немерелерін Аннаның үйіне үйір қылмайтын. Құдағиының қытымырлығы Анна-апаны сопайтып жалғыз қалдырды. Анда-санда қашып келетін неме­релерін сол Марусяның енесі ұрып-соғып: „Енді осы үйге аттап бассаңдар, аяқтарыңды сындырамын",- деп алып кетуші еді. Ана үшін дүние жүзіндегі бала атаулының жаттығы жоқ деп ойлаушы еді Анна Ивановна. Қыл аяғы сонау ит арқасы қияннан келген, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын неміс қызын қандай мәпелеп, асты-үстіне түсіп күтеді. Бүгін болмаса ертең, оның да бұл шаңырақтан пыр етіп ұшып кететінін сезіп, қиналатын. Өзегін жалғыздықтың желі кеулеген Анна кіндік баласы кіріп келгенде құрақ ұша қуанғаны осыдан еді.

-  Нұрлан,- деді майда үнмен.- Сен өзгеріп барасың?

- Өйткені өсіп барамын ғой, апа,- деді күліп.

-  Мүмкін солай шығар, қайдам, әйтеуір бұрынғыдай емес тұйық, ауыр тарта бастадың. Бір үлкен жаңалық ашқалы жүрген секілдісің. Біздің үйге де сирек келетін болдың.

-  Мен сол үлкен жаңалықты әлдеқашан ашып қойғанмын, апа,- деді.- Бірақ өзіме емес, басқаға бұйыратындай.

- Жұмбақтай сөйлейтін болыпсың, ақылдың толысқаны-ау. - Ақылым толысқан жоқ, ауысқан секілді...

- Неге?- Шошына сұрады.

- Айта алмаймын, апа. Бұл дүниеге кеш келгеніме өкінемін.

- Енді бір он-жиырма жылдан соң ерте келгеніңе өкінесің, ба­лам.

-  Бірақ маған енді жиырма жылдан кейін емес, дәл қазіргі өмірім, қазіргі жасым керек болып тұр да.

-   Мен ептеп сезем,- деді Анна Ивановна Нұрланның ұйысқан шашынан сипалап.- Сен біреуге ғашықсың. Рас па, еш сырыңды жасырмаушы едің ғой, шыныңды айтшы, агроном қызды сүйіп жүрген жоқсың ба?

Нұрлан ұяла басын изеді. Кіндік шешесі бетінен сүйді:

-  Біліп едім, құлыным, біліп едім. Айналайын, маған сенің осы балапан тазалығың, өтірік айтпайтын, өтірік күлмейтін, өтірік жыламайтын пәктігің ұнайды. Еңдеше сен өтірік сүйе де алмайсың... Ой, ауыр болады, қиын-қиын... Бұл жалғанға аз-маз өтірік керек-ақ.

-  Оған сіз кінәлісіз, апа,- деді Нұрлан. Кемпір таң қалды. „Әкім мен Сандуғаштың ұлы ерте ер жеткен екен" деп ойлады. Әрі қуанды, әрі...

Анна-апасы айтты:- Әлі есімде „кіндік апа, шоландағы варениеңді жеп келдім" деп, жағал-жағал аузыңды көйлегімнің етегіне сүртуші едің. Енді міне... менен де алыстап бара жатқан секілдісің. Жақсы көретін адамың өзгерді... Жігіт болдың... Маған сол өспеген балалық шағың керек еді. Сондықтан да мен үшін мәңгі сәби болып қаласың.

Нұрлан айтты:- Ал сіз маған мәңгі апа боласыз.

Шағындау терезеге күн түспесін деп тұтылған көк перде бөлмені көгілдір нұрға бөлеп тұр. Далада тамыздың ыстығы болғанымен ағаш үйдің іші қоңыр салқын. Пеш үстінде пырылдап ұйықтап жатқан жүндес қара мысық есіней керілді де, бірдемеден құр қалғандай, стол басына жетті мияулай. Бұрышта бойлай өскен лавр, оның жоғарғы жағында үш бұрыштап қиюластыра қағылған тақтай, оның бетін шілтерілеген матамен жапқан, оның үстіне сүйеп қойған Христиан құдайы отырғандарға бажырая қарап, таң қалғандай телміріп тұр. Әлгі сурет - құдайдың екі жағында шырақ. Бұрыштағы Иконға оқыстан көзі түскен Нұрлан бір сәт арбасып қалғандай болды да, жанарын тайдырып әкетті. Сонсоң мұсылман құдайының түр-келбетін көз алдына елестеткісі келді, бірақ ол мүмкін емес еді.

Нұрлан күні бүгінге дейін Анна-апасының осы бұрыштағы суретке не себептен табынып, шоқынатынын білмейді. Адамдарға жақсылықтан өзге тілері жоқ орыс кемпірі құдайға шын сене ме, жоқ ырымын ғана жасай ма, ол жағы Нұрлан үшін жұмбақ. Мысығына сүт құйып жүрген Анна Ивановнаға: „Сіз құдайға сенесіз бе?" деген оқыс сұрақ қойды. Анна-апасының жауабы қысқа болды:- Оны сен сұрама, мен айтпайын... Дегенмен адам болып жаралған соң әйтеуір бір нәрсеге сенген жақсы.

„Әркімнің өз құдайы бар шығар, менің ендігі табынар тәңірім - Луиза. Бұрышқа соның суретін қоямын" деп ойлады Нұрлан.

Бөлмені тағы да сәл үнсіздік басты. Нұрлан қайтайын деп жинала беріп еді:- Қайда асықтың?- деді.- Айтып жүрегінді жара-ламай-ақ қояйын деп едім, бірақ айтпасам алдағандай боламын. Луиза сенен төрт-бес жас үлкен. Және ол Қожақты ұнататын секілді. „Сол жігітті қайткен күнде де өмірге қайта алып келу керек" дейді.

- Ол өлген жоқ, тірі секілді еді ғой!- Нұрланның дауысы шаңқ етіп, оғаш естілді. Есіктен қалай атқып шығып, атқа қашан қарғып мінгенін білмейді, әйтеуір Қара далаға қарай ағыза шауып келе жатыр екен. Көзіне қан құйылғандай болды. Бетін айғыз-айғыз жас жуған. Аспан, тау-тас, орман-тоғай шыр көбелек айналған, ал астындағы Ақкеңсірікті бас-көзіне сабалап, оңбай сүрінсе-ау деп тілейді. Құласа, жер сүзе жығылса, содан қайтып тұра алмаса, қара жер қарс айырылып, астына түсіп-ақ кетсе, сонсоң мың жылдан кейін оралса, тіпті бүйтіп, тағы да күйікке қалар болса, күйіп өртенер болса оралмай-ақ қойса... „Мүмкін емес,- деді күбірлеп,- ол мүмкін емес, Луизаның шофер жігітті сүйетіні жалған! Анна-апасы мұның көңілі мүлдем қалсын деп әдейі өтірік айтты. Сол орыстың жаман кемпіріне жолап нем бар еді... Аузынан арақ пен шылым арылмайтын май сасыған кір-кір Қожақ, орта білімі де жоқ Қожақ Луизаның теңі ме?! Оған пысқырып та қарамайды, көресің әлі. Ол мені жақсы көреді. Маған әнеугүні күліп қараған, менімен бірге жидек терген, мен оған атқа мінуді үйреттім, менімен бірге қысылмай, бөтен санамай, құдай-ау, ұялмай суға түсті, менімен киноға барды, мен оған сан рет кепеш-кепеш бүлдірген теріп, Бозталдың түбіне қойып кеттім. Ол мен жоқта келіп жеді. Тіпті, күні кеше ғана қолымнан ұстап "ән айтшы, сендердің әндерің маған ұнайды" деп тесіле қарамады ма. Бірақ... „сенің түрің Қожаққа өте ұқсайды"- деп күрсініп еді-ау. Ә-ә, енді білдім, қалай  ғана сезбегенмін, солай деген, ол мен арқылы Қожақты көрген екен  ғой.

Астындағы ат көбігі шыға болдырды. Есін енді бір жиғанда, басын тағзым еткен сап-сары ала күнбағыстың ішімен кақ жарып келеді екен. Оған сол сәтте мынау жайқалған сайсыз күнбағыстың бәрі агроном қыз болып жымия қарап тұрғандай елестеді. „Жоқ,- деді дауыстап,- жоқ! Луиза мені ғана сүйеді!" Сонсоң: „Әттең, дүниедегі асыл адамдарды жерге дән қылып сеуіп, мынау күнбағыс секілді көбейтіп алса ғой, шіркін. Бәрімізге де жетер еді..." деп ойлады.

Қара даланың беті қаптаған күнбағыс, ұлы махаббаттың, ұлы жеңіс пен мамырстан бейбіт күннің айғағындай ырғатыла ән салады. Өйткені ол күнге, айналайын күнге мәңгі бақи ғашық еді.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

8

Толассыз қозғалыстағы өмір жер шарының соншалықты үлкен картасында жоқ Шыңғыстай ауылын да ұмытпай тіршіліктің арбасына сала  кеткен. Жер бетінде осындай қарапайым тірлікті қанша ауыл бар, соншасында - қарбалас өмір: біреу туып, біреу өліп жатыр. Көрмейтін, білмейтін адамдардың суішкілігінде бұлтартпайтын ұқсастық,- тіршілігі үшін жанталасқан күрес болса, ол ақиқат шыңғыстайлықтар үшін де жат емес еді. Осыдан он жыл бұрын бұршақтай соғып, қара шегірткедей қаптап өте шыққан соғыстың, тіпті соғысқанның куәсі анау ақсақ Құсбек пен Шәкен, анау қолы иығынан жоқ Солтай мен сол қолы шынтағынан жоқ Жантай, анау құлағын мерген оғы тесіп өткен Хайдар, немесе контузия алып, басы ауыратын Хамит, денесіндегі темірі әлі күнге алынбаған Нұрланның әкесі Әкім секілді еді. Бұл ауылда майданнан дені-қарны сау оралған бригадир ғана еді. Оның өзі суайт-өтірікші, қай майданда болғанын жан білмейді. Ол айтатын көрінеді: „Мен агро­ном қыз Луизаның әкесінің үйінде болдым. Франкфурт деген қалаға кіре берісте бір хуторда түйе бағады екен. Түйелері біздікі секілді қос өркешті емес, үш өркешті, лақтыкіндей ғана мүйізі болады екен. Немістер етін жемейді, сүтін сауып, самогон ашытып сатады. Агроном қыздың әкесі байғұс совет солдаттарын жаны қалмай құшақ жая қарсы алды. Сырты герман болғанымен іші совет екен. Бұдан соң екеуміз бәстестік, ол айтты: "Самогоннан 150 стақан ішемін дейді, ал мен - 200,- дедім: біздің батальон ауыр ұрыстан соң демалып жатқан. 200 емес 588 стакан самогон ішіп, үш күн, үш түн мас болғаным әлі есімде. Қоштасарда айттым: „Әй, Шнайдер, сен мына Луизаң бой жеткен соң Қазақстанға жібер" дедім. Обалы қане, уәдесінде тұрды. Ал, қане, жұмысқа кіріселік, жолдастар не отырыс"-деп қарсы сұрақ  берілгенше, орнынан атып тұрып кетіпті. Күлкіден ішектері түйілген колхозшының бірі сонда да етегіне жармасып: Ағасы, агроном қыздың әкесі Гитлерге қарсы соғыста қаза тапқан, Волга бойының немісі деп естідік қой,- деп сұрақ беріп үлгерді.- Былжырайды!- деді саспай.- Былжырайды, мына көкең ешқашан өтірік айтпайды.- Шімірікпестен кеудесін қағады. Ал дауласып көр, ал дәлелдеп көр...

Колхоздың қазіргі қарқыны жаман емес, жоспарын артығымен орындай бастаған. Аудан, сонау облыстан аппақ шағаладай бастықтар да көп келіп жүр. Бәрінің бас шұлғып, көз жұмып мақтайтыны Луизаның Қара далаға еккен күнбағысы. „Егер төкпей-шашпай, уақтылы сүрлемге салып алса, шыңғыстайлықтар қыстан ыңқ етпей шығады" деседі. Ол сөздің жаны барды. Қара дала сыңсыған күнбағыс, көздің жауын алады.

Соншалық бітік өскен майсада Нұрланның да азапты күндері мен түндері бар, бірақ ол оны сезінген жоқ. Анна-апасы мықтап өкпелеткен соң санасында салына бастаған әдемілік, сұлулық мұнарасын жарықшақ шалғандай еді. Сол көгілдір мұнарасының ірге тасын қаласқан кіндік шешесінің өзі еді ғой, Луизаны қалай ғана аузы барып, жамандыққа қиды. „Жо-жоқ, ол Нұрланды ғана сүюге тиісті". „Неге тиісті"- өзі де білмейді. Бұл оның менмендігі емес, көзсіз сезімнің иемшіл қызғанышы-тын. Луизаның басқа біреуге жар болу мүмкіндігін Нұрланға бұл жалғанда дәлелдеп түсіндіріп, сендіре алмас еді. Өзінен төрт-бес жас үлкен қыздың өз меншігіне қашан, қалай айналғанынан бозбаланың хабары жоқ. Келін ғып түсірем десе, әке-шешесі қалай қарар еді. Шешесі не дерін кім білсін, әйтеуір әкесі қарсы болмас. Әттең, сырқаты асқынып барады. Тағдыр - қатыгез екен, былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады, әйтеуір бірі құрау, бірі жамау сандалбай өмір.

Кеше Әкімнің көңілін сұраймын деп Луиза келді. Нұрлан жүзі шыдай алмай төргі бөлмеге кіріп кеткен. Әкесі мен неміс қызы әңгімелесіп көп отырды. Олар орысша сөйлескендіктен кейбір сөзді түсінді, кейбірін ойша топшылады.

Оның ұққаны, соғыста әкесі де Луизадан аумайтын неміс қызымен танысқаны, одан арғысы ертегі-жыр, күңгір-күңгір, күбір-күбір... Әкімнің әңгімесін ықылас қойып тыңдап отырған Луиза кейде мәз болып күледі, кейде дидарына кіреуке ұялап, мұңая қалады. Сол күні әкесі көңілді болды, түнде де жақсы ұйықтап шықты.

Шешесі айтқан:- Осы неміс қызының сиқыры бар-ау деймін. Бір сағаттай сөйлесіп еді, Әкім сергіп қалды.

Ал әкесі айтқан:- Әттең, ұлымыздың жасы кіші, әйтпесе келін қылып түсіретін әйбәт қыз.

Шешесі айтқан:- Қой әрі, біріміздің тілімізді біріміз түсінбей, „орамал дегеніміз - опка, сабын дегеніміз - сапка", деп шүлдірлесеміз бе, ымдасамыз ба, тәйірі.

Әкесі күліп айтқан:- Араларыңда Анна, әйтпесе мен аудармашы болар едім. Мәселе тілде де, дінде де тұрған жоқ. Түсінісудің кілті жүректе. Әншейін қалжыңдаймын, әйтпесе біздің Нұрлан әлі бала ғой.

Шешесі айтқан:- Дегенмен сенің сол ұлың, әлгі қызға қырындап жүр. Апа қыла ма жазған-ау.

Нұрлан Луизаға хат жазайын деп сан рет оқталды. Амал не орысша білмейді. Колхоз бастықтың ортаншы ұлы аудан орталығындағы орыс мектебінде оқушы еді, соған өтініп жаздырайын деп те тәуекел жасаған. Бірақ балаларға айтып қойып, мазаққа ұшыраудан қорықты. Оның мынау аппақ дүниедегі... ендігі жауы - жалғыз дұшпаны, шопыр жігіт Қожақ еді. Ол қазір ауылда жоқ, ауданда машинасын жөндетіп жатыр. Нұрлан егер күндердің күнінде Қожақпен төбелесе қалсам таяқ жемейін дей ме, күнде су жағасына барып, дәу-дәу тасты көтеріп, ары-бері жүгіріп, бұлшық етін бұлтыңдатып денесін шынықтырып жүр. Алыса кетсе одан таяқ жемейтін қаруы барын біледі. Шеберлігім, тәжірибем аз деп сескене беретін. Ол осының бәрін адал көңіл, шын ықыласымен бүтіндей беріле жасады-ай. Қызығы сол, Луизаны Нұрлан ептеп әнеугүнгі әңгімеден соң әкесінен де қызғанды.

Нұрлан жер-көкті сел боп қаптар нөсер жауса екен деп тіледі. Қырсыққанда биыл, әсіресе жаз айында бір тамшы тамбай, аспанның желіні суалып қалған. Бұл жаңбырды Нұрлан ғана емес, сыңсып өскен күнбағыс та көксеп еді. Күнбағыс ғана емес, барша табиғат: орман мен көк майса шалғын да көксеп еді. Бағана әкесі айтқан:

- Ұлым, қолдағы жалғыз сиыр мен бес-алты қой-ешкіге қыстық азық керегін білесің, менің халім болса мынау, далаға кіріп-шығудан қалдым. Жан торсыққа сусын құйып алып, Бозталдан шөп шап.

Ақкеңсіріктің ер-тоқымын алып, отқа қойды, шалғысын шыңдады. Байдамталдың көлеңкесі салқын, әсіресе іргеде сылқ-сылқ күліп ағып жатқан бұлақтан жанға рақат леп келеді. Алтайдың мәңгі қар жатар ұшар басынан бастау алған мұндай балбұлақ әр жүз метр сайын бұраңбел ирек жасап, жөңкіліп түсуші, еркелей ағушы еді. Еркелей аққан бұлақтан уысыңды толтыра бір ұрттасаң жүз жылға жасарғандай сергіп, серпіліп сала берер едің. Қазір жаз айының соңғы күндері бар дүние ауырлағандай болып, еңсені басыңқырайтын. Мұрынға піскен қарақат пен таңқурайдың иісі келіп, жаздай айтылған тамаша әннің қайырмасындай әрі келте, әрі әсем дауыспен құстар сайрайды. Айналадағы қайың, терек, мойылдың көктемде ғана бүршік атып, өмірге алақанын жая келген жапырақтары қадау-қадау сарғайып, жап-жасыл бояуы оңа бастаған. Бояуы оңа бастаған ағаш қана ма, буыны қатқан шалғын, ол да әбден пісіп, танауды жыбырлатып түшкіртер тозаң шашады. Нұрлан шалғысын жан қалтасындағы қайрағымен жанып-жанып алды да, қолына бір түкіріп, шөп шабуға кірісті. Ысылдап барып тартпаның болат орағы тиген шалғын жапырыла құлап, сол жақ жамбасқа құлдықұра үйіледі. Нұрланнын соңынан тап-тақыр жол, түп-түзу болып жал қалды. Бұлаққа беті-қолын жуып, шешесі құйып берген ашымалдан жұтып алады да, құлаштай тартып сыза жөнеледі. Күн екіндіге таянғанша едәуір жердің шөбін шауып тастады. Қолы шалғының құлағында болғанмен санасы сандал көгіне мініп, баяғыда қаңғып кеткен. Көңілінде орнатқан сұлулықтың көк күмбезін сонау күні сызат шалғандайтын, қазір сол сызат біртіндеп қалпына қайтып келгендей еді. Анна-апасына деген реніші де ұмытыла бастаған. Ал, жүрегі бұрынғыдай болар-болмасқа алқына соқпайды, өз-өзінен елірмейді, неге болсын салмақты, ақылмен пайым жасайды. Күзде әскер қатарына шақырылатынын естіген соң, алғашында қатты қиналған, әсіресе өзімшіл көңіл Луизаны кімге қиып тастап кетем деп, іштей жүдеткен, енді ойласа оның бәрі бекершілік, балалықтың базарынан қалған жеңіл мінезділік екен. Ол күні бүгінге дейін сол қыздың өзі туралы не ойлайтынын білмесе де көзқарасынан, қамқор-ықыласынан „кет ары, аулақ жүрді" аңғара алған жоқ, жақсы көретін секілді ме?.. Жоқ! Өзі Анна-апасын қалай шын ниетімен құлай жақсы көрсе, Луиза да сондай алаңсыз сезіммен ғана, адамдық үлкен жүрекпен ұнатарын білді ме? Жоқ! Жалпақ жаһанда болып өткен соғысты тек естіді, ешкімнің атқанын, асқанын, өлтіргенін, судай аққан қанды, тіпті бақан алып төбелескен адамдарды да бұл жасына дейін көрген жоқ. Тек, сонау бір сұрапыл жылдарда бригадирдің қамшысы басына тиіп анасының маңдайынан жылып аққан жылымшы қан ғана күні бүгінге дейін көз алдында. Нұрлан үшін соғыс дегеніміз сол шешесінің самайын қуалай аққан қып-қызыл қан боп елестейтін. Ал, соғыстан соңғы он жылда бірде-бір кісі тек айғайласып - кесепат-кексіз айғайласып, ұрысқаны болмаса, жағаға жармасып төбелескенін де көрмеп еді. Шайқастан әбден шаршаған ел қой торы қоңыр тірлікпен ертеңіне - әзірше жұмбақ, бірақ соншалықты сенімді ертеңіне жан ұшыра ұмтылған. Сол ертеңнің - ертеңі боларын ойлап, бастарын ауыртпады; асықты, аянбай еңбек етті, көтерме ақы, көл-көсір сый, сылдырлаған орден-медаль дәметкен жоқ қоғамнан. Бұл өмірге - олар тек беріп кетуге жаралғандай жанталасты жазғандар. Тұнығы лайланбаған өмірдің аңқау адамдарында жалғыз-ақ тілек бар еді. Ол тілек - жоқшылық, ашаршылық қайтып болмаса екен, тәңірім; тағы да соғыс басталып жетім-жесір қалмасақ екен, тәңірім; сумаңдап ұшқан оқты, су болып аққан қанның беті аулақ етсін, тәңірім. Иә, қып-қызыл қаннан Нұрлан да өлердей қорқушы еді. Егер мал немесе құс бауыздап жатса, бетін басып азар да безер тура қашып кететін еді, піскен етті жерде бірақ қайтып оралатын. Қасапшылар мал сойып тұрып, буы бұрқыраған жып-жылы қанды уыстап ұрттап жібереді дегенді естігенде жүрегі лоблып күні бойы құсқан.

Бейбіт өмірдің берекелі тірлігінде шөп шауып жүрген бозбала тағы да жаңбырды сағынды. Жер бетіне кілем болып төселген сұлулық пен тыныштықтың кенезесін кептірмей, шөліркеген таңдайын жібітер, уағына жетпей сарғайтып, солдырмайтын, қайта түлетіп дүр сілкінтер тәңірлі көк кешікпей ізгі жауынын себелер... сонда Нұрлан Луизаның қолынан тас қылып ұстап жалғыз аяқ соқпақпен ұзақ жүгірер... аспаннан тамған нөсерге шомылып, рақаттана алақанын тосар; сосын Бозталдың түбіне келіп қорғалар; үсті-басы сүңгілескен су дір-дір еткен Луизаны бауырына қысып жылытар; сонда Нұрланның танауына бұрын ешқашан сезілмеген хош иіс келер; ол - неміс қызының, бидайдың жез масағы секілді - алтын шашынан аңқыған нан иісі! Етіне ет болып жабысқан жұқа ақ көйлегін, баяғыда суға түскендегідей именбестен шешеді де, суын сығып талдың бұтағына жайып кептірер, Нұрлан да шешінер... екеуі құшақтасып, (сүйісіп) қас қарайғанша отырады; сонсоң құрғақ екі тас тауып алып, шақпақ қылып бір-біріне шағып от тамызар; қу бұтақ жинап әкеліп, лаулатып от жағар; лаулаған түнгі оттың басында отырып, бір-біріне тесіле қарайды, жалынмен қоса жанып, алаулаған

Луиза Нұрланның ептеп дегди бастаған дымқыл бұйра шашын сипап отырып: „Нурланчик, я тебя люблю" дер... Бозталдың түбінде, балбұлақтың жағасында іш киімімен ғана түнгі отты көсей түсіп қауышып отырған Қыз бен Жігіт мәңгі айырылмастай болып табысар: Адам - Ата мен Қауа - Ана секілді жаңа бір өмірді, жаңа бір халықтың, жаңа бір ұлттың қайнар бастауына айналып, бәлкім әлемдегі Ақ пен Қара, Батыс пен Шығыс деген ұғымды мүлдем жояр, немесе сол екі ұғымды мәңгілікке теңестірер...

Шабылған шөптің үстіне езуінде бидайықты тістелеп, тегенедей төңкерілген көк тұнық аспанға тесіле қарап жатқан бозбала жұмыр жердегі ең бақытты жанмын деп есептеді өзін.

Оның көз алдындағы анау ертеңге ауып бара жатқан Күн - сонау күлтелене жайқалған күнбағыстың бірін жұлып алып, аспанға шырқата лақтырып жібергендей, сосын ол көк жүзінде бақилыққа қатып қалып қойғандай елестеді.Не болмаса, сонау жайқалған күнбағыс, сол үлкен Күннің бойынан, нұрынан тараған сары үрпек кішкентай балапан күндері іспетті еді. Енді біраздан кейін сол балапандардың басы қырқылады...

Оның есіне ендігі сәтте анасы түсіп еді. Әкесін соғысқа алып кеткен соң, Нұрланын құшақтап, жылай-жылай қала берді. Көп ұзамай іште қалған қарындасы дүниеге келді. Бесікке бөлеп, өзі наубайханаға жұмысқа кеткенде қырқынан жаңа шыққан қарындасы Шолпан қарны аша ма, шырқырап маза бермей жылайтын-ай. Бесікті тербете-тербете қолы талған Нұрлан сәбимен қосылып өзі де еңірейтін. Сонсоң бақыра-бақыра ішегі үзілердей болған карындасы көгеріп-сазарып, ықылықтап қайтадан ұйықтап қалар еді. Өліп қалды ма деп шошынған ағасы жалаң аяқ, жалаң бас безектеп қыс ішінде талай рет шешесіне жүгірген. Күндіз-түні колхозшыларға нан пісіріп, пештің отымен алысқан анасы толғақ қысқанша елемей жүре беріпті. Содан болар Шолпан сап-сары жалқын болып туған екен. Нұрланның әлі есінде, шешесін көп ұзамай наубайханадан шығарып тастады. Етек-жеңіне тыққыштап әкелер бір үзім наннан қағылған соң, Нұрлан да мойны ырғайдай болып, жүдей бастаған. Үсіңкіреп кеткен картоп пен қара суға қарап қалған соң ба, масақ оруда жүрген Сандуғаш бір күні бір уыс бидай салып әкеліпті етігінің қонышына. Табаның түбіне қуырып, тостағанға салып Нұрланға енді бере бергенде сырттан бригадир Қажының айғайы естіледі. Күйеуінің ескі күпісін Нұрланның үстіне жауып үлгіргенше Қажы қамшысын білемдей ұстап кіріп келген. Талтая тұрып айғайлап,

көзі ежірейіп, масақ ұрладың деп зекіген. Шешесі айтқан- Ұрласам тауып ал.

Бригадир бұлардың жаман үйін асты-үстіне шығарып, тіміскілеп тінткен. Бірақ ештеңе таба алмаған. Көзі қанталап тағы да ақырған:- Ық жақтан желе жортып келе жатқанымда желмен бірге сенің үйіңнен қуырылған бидайдың иісі келді мұрныма. Будақтап түтін көтерілген, бидай қуырмағанда неңді... сен қатыннан шығады, сумақайлығың бүгін болмаса ертең ашылады!- деп амалы таусылғандай үйден енді шыға бергенде күпінің астында бүлкілдеп жатқан Нұрлан.- Тәте, бидайды жеп болдым!- деп шыға келіп еді. Не істерін білмей сілейіп тұрған Сандуғашты бригадир қақ бастан ала қамшысымен салып жіберген. Содан соң: „Салдақы, көзің көгеріп, түрмеде шірисің!" деп есікті бір теуіп ашып, шыға жөнелген. Маңдайынан төмен жылып аққан қанды Нұрлан өз қолымен сүрткен. Шешесі жылаған: „Құлыным, тірі жүрсең, осы кәрі иттен кегімді ал" деген. Нұрлан ол кекті әлі алған жоқ. Ол сонда анасының маңдайынан жылып аққан қанды... иә, қанды мәңгіге өз қолымен сүрткендей еді және содан бері қан атаулыдан өлердей қорқушы еді. Қажыдан сол себептен де шешесінің кегін алмаған. Аққан қанды мынау аппақ дүниенің... бетінен мүлдем сүртіп, кетірдім деп ойлаған...

Байғұс шешесі енді міне, сол оқиғаны ұмытқандай, бір күнгі тоқтығына мәз. Ауыртпалықты өте тез ұмытатын, бәлкім тек адамдар ғана шығар. Бір үріккен жағынан жылқы екеш - жылқы да белең ала бермей ме?..

Шалғынның үстінде шалқасынан жатқан бозбала көкжиектегі күнді анау жайқалған күнбағыстармен бірге қимай, көкжиектен асырып шығарып салды.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

9

Колхоз Қара даладағы күнбағысты орып, сүрлемге салатын болды. Ол шақта арнаулы комбайн дегенді білмейтін шаруашылық алдымен пішен шабатын машинамен құлатып, содан кейін ат жеккен тырмамен жинауды ниет қылған. Қожақ кеше полуторкасын жөндеуден өткізіп әкелген, ойлы-қырды боздақтатып, ауылдың шаңын аспанға көтеріп жүр. Бір жерде дестелене жиналған күнбағысты сүрлем сақтайтын орға тасымалдайтын осы Қожақтың машинасы-тын. Жаңбыр әлі жаумай жер көк тозаңға айналып,   қаңсып   тұр   еді.   Жаздың   жайраңдаған   мол-мол  қызықтары ұзақ сонар тойдан шаршағандай талмаурап барып маужыраған күйі бірсін-бірсін тарқауға айналған. Табиғат та, адам да ертең келер күздің салқындау лебін уағынан бұрын сағынғандай еді. Бұқтырма болса әбден мөлдірленіп, жуаси ағады. Айнала: орман-тоғай, тау-тас - бәрі-бәрі ересек тартқандай. Алтай қойнауындағы ат төбеліндей аз ауылдың ерте көктемде басталған қарбаласы қусырыла келіп дөңгеленіп, саябырси бастаған. Биыл мал азығын артығымен дайындап алды, күннің ай бойы ашық болуы шаруашылықтың етек жеңін жинауға мүмкіндік туғызып еді. Ендігі міндеттер - Қара даладағы күнбағысты ысырапсыз жинап, сүрлемге салу.

Нұрлан аттан әлі түсе қойған жоқ. Ол да күнбағыстың орылуын күтіп жүрген. Қоңыр күзде әскер қатарына шақырылатын болған соң ба, желдей ескен көңіл су сепкендей басылып бұйығы халде меңзең күй кешкен. Оның көңіл күйінде жаз мінезіне жақындық, ұқсастық бар еді. Кейінгі кезде „егер үш жыл әскерде жүрсем, ауру әкемнің жағдайы не күйде болады" деген ой мазалай берген. Жалындап басталып бүгінде әрі-сәрі қалтқыдай дірілдеген махаббаты бейне бір тұтылған күнше болымсыз сәуле шашатын. Бірақ, бойындағы қызуы, нұры баяғы қалпы, уақыттың отты көрігінде шыңдалып, әбден суарылған. Бұл дүниеден көшіп кетіп, мың жылдан соң қайтып оралса да бар ділімен ең әуелі зар еңіреп, зар жұтып іздері - мәңгілікке сүйері Луиза екені рас. Артқа қайырылуды, жан-жағына жалтақтап қарауды білмейтін жастық өз дегенін істеді білем, Нұрланның ендігі ұққаны: жер бетіндегі адамдар тек бір-бірі үшін туады екен, жөргектен құтылып, тәй-тәй басып жүре бастағаннан сыңарын іздейді екен; өз теңін таба алмай, тапқан күннің өзінде қолы жетпей қор болады екен. Бұрынғылар айтушы еді:- "Шын ғашық бұл дүниеде қосылмайды" деп, мүмкін сол рас шығар. Баяғы зар заманда қосыла алмағаны түсінікті, ал қазір ше, қазіргі жастарға не жетпейді? Нұрлан көңілінің жасыл жайлауына орнатқан сұлулықтың көгілдір күмбезін сезімімен күн өткен сайын тазарта сүртіп, жарқыратып қоятын. Сол айлар аялап салған күн сәулелі күмбезіне немістің ақсары шаш көгілдір көзді қызымен қол ұстасып кіргенше өзін-өзін рухани тұтқында ұстады. Луизаны ғана емес, өзін де қайта тауып, қайта туып жақсы көре бастаған. Мейлі алыста, не жақында жүрсін; мейлі оны көрсін, не көрмесін; мейлі ол сөйлессін, не сөйлеспесін,- ынтызар тілек суыған жоқ. Ол үміт атты арғымақты құйысқандап тұрып, қайтып түспестей ерттеп мінер еді. Қазіргі көңілсіздік, бейжай жүрісі уақытша, үлкен қуаныш алдындағы мамыра тыныштық деп білді. Ол ойлады: Луизаның шаруадан қолы босамай жүр, күнбағысты орып болған соң... Нұрланның әскерге шақырылатынын естігенде мұңайып: „Без тебя мне очень-очень скучно будет" деген. Ол қыздың аузынан шыққан осына сөзді әдемілеп тұрып жүрегіне жазып алған.

Сонымен бүгін Қара даладағы күнбағысты оруға кіріседі. Құрал-саймандарын сайлаған колхозшылар күн көтеріле танап басына жиналып қалған. Қос аттап жеккен машинистер платформаларын солқылдатып, таңғы салқынмен едәуір жерді орып тастапты. Тырмашылар да сабағынан қиылған күнбағысты дестелеп, енді-енді келіп қалар Қожақтың полуторкасын күтісіп жүр. Ал, агрономда маза жоқ. Байшұбарды шоқырақтатып, Қара даланың о жағына бір, бұ жағына бір шығады ойқастап. Бетін күн қағып, жүзі қара күреңдене тотыққан қыз өз қолымен баптап өсірген өсімдікті өлімге қимайтындай жапырыла сұлап жатқан күнбағысқа қинала қарайды. Әлпетінде Шыңғыстай ауылына келгелі болмаған жұқалаң мұң бар, әлденеге асығыс, әлденеге мазасыз. Көгілдір көзі кіртиіп, шаршаған сыңайлы. Ауыл адамдары қызға, қыз оларға әбден үйреніп, үкілеп ұстар ардақтысына айналған. Аудан, колхоз басшылары да риза. Риза болмағанда қайтсін, Луиза күнбағыс егуді тек Шыңғыстайда ғана емес, қатарынан үш-төрт шаруашылыққа бірден ұйымдастырған. Бәрінің егіні де бітік өсіпті. Бұдан төрт-бес күн бұрын сол көрші колхоздардың күнбағысын орып, сүрлемге салуды жүргізіп келген. Ат үстінен түспеген аптаның ішінде аяқ-қолы салдырап, екі қара саны талып, сыр берген. Қанына сіңген ықтияттылық пен тиянақтылық мұнда да игілігін көрсетті. Колхозшылардың қазіргі қарқыны жақсы. Тек қазылған орға сүрлем тасымалдайтын машина кешігіп жатыр. Айдарынан жел есіп бригадир келді, салдырлап сөйлей келді.

- Атаңның аузын ұрайын, Қожақты жер-көктен іздеп таппадым, жер жұтқандай жоқ. Кеше кешке бір жаққа кеткен, содан қайтып оралмаған.

Бірінші колхозшы айтты:- Мен білсем ол арғы ауылға өтіп кетті, Фадихада туыстары бар.

Екінші колхозшы айтты:- Мен білсем, ол ішіп-ішіп бір ағаштың түбінде ұйықтап қалды.

Үшінші колхозшы айтты:- Мен білсем, соғыста өлген әкесінің қабірін іздеймін деп ақша жинап жүрген, Москваға тартып кетпесін. Ондай ерлік шығады одан.

Агроном да сасайын деді, қайырлы басталған жұмыстың тоқтап қалуынан қорықты. Ақ жаулығы желбіреп ауыл жаққа қайта-қайта қарай береді. Нұрланның төбесі көрінді.

Ол кеше ғана басына бір-бір кішкентай күнді қадап алып күлімдеп тұрған күнбағыстың қара жерге сұлап-сұлап жатқан бейшара халін көргісі келмегендей. Бірақ, орақ басында Луизаның өзі жүрген соң, еріксіз атқа қонып еді. Агроном қыз салған жерден:- Нурланчик, Кажака не видел?- деп сұрады. Нұрлан басын шайқады.

Луиза енді керегің жоқ дегендей Байшұбарды бауырлап-бауырлап жіберіп, ауыл жаққа желе жөнелді. Қызды осыншалық күйзеліс ашу үстінде алғаш көруі еді, жүрегі әлденеге мұздағандай болды.

Күнбағыс жаппай құлап жатыр. Қалпағына қонған аралар бал сорғызбай мазасын алған орақшыларға өкпелегендей соңдарынан еріп ызыңдап қалмайды. Жалпылдап қарғалар ұшып-қонады. Дорбасын арқалап, ауыл балалары да жеткен. Бригадир оларды атпен қуып, быж-тыж болып жүр. Қожақ кешіккен соң жұмыссыз қаңтарылып жатқан айыршылар езулері көпіршіп, бір-бір шекілдеуікті өңгеріп алып, шағып жайрап жатыр. Агроном көп кешікпей қайта айналып келді. Жүзі онан әрі күреңітіп, түтігіп кеткен. Ашулы жанары жалт-жұлт етеді. Нұрлан қызды бұл кейіпте көргісі келмегендей бұрыла берді.

- Боже, куда он мог деваться, что за халатность... Где совесть?- деп орысшалап ұрсады. Нұрлан кәдімгідей қуанып қалды. Ұрса түссе екен, жек көре түссе екен деп тілейді.

-  Әттең, орнына кісі табылмай жүр, әйтпесе шопырлықтан баяғыда түсіріп тастау керек еді,- деді самбырлап брига­дир.- Әй,- деді содан соң Нұрланға айғайлап,- әй, Әкімнің ұлы, әскерге барсаң обизательно шопырдың оқуын оқы, білдің бе?

Нұрлан үндеген жоқ. Ішінен ол да жөн екен деді. Осы кезде ауылдан шаң көрінді.

- Дәу де болса, Қожақ.

- Мас қой деймін.

-  Пәтшағардың айдауын-ай, әкесі тіріліп келгендей,- десіп отырғандар дабырласа орнынан өре түрегелді. Агроном кірпік қақпастан қадала қараған. Жүзінен майда қан толқындары жүзіп өткендей әрі ренжулі, әрі қуанулы. Осы сойқан жігітті не себептен ұнататынын өзі де білмейді, Алғашында аяушылық сезімнен шығар деп жүрді, кейін ақыл таразысына салып көрсе, мүлдем олай емес, шын сүйеді екен. Әттең, қыз намысы жібермейді, әйтпесе баяғыда... баяғыда... Ал, ол біле ме?

Қара даланың шаңын аспанға көтере дар-дұр етіп тоқтаған Қожақ кабинадан шыға алмай, шұлғып отырып алды. Шынында да удай мас еді. Шаң-шаң шашы дудырап, көзі алайып кеткен. Луиза аттан түсіп, жаяулай жетелеген күйі оның қасына тақалғанда, Нұрланның жүрегі тоқтап қалғандай тынысы тарылды.

-  Кожак,- деді Луиза соншалық майда қамқор үнмен.- Как это так, мы тебя с нетерпением ждем, а ты... разве так можно.

Шофер сүзеген бұқадай түксие қарады да:-Кет! Кет!- деп айғай салды қазақша. Сосын:- Я тебя ненавижу,- деп жаман орысшасымен былдырлады. Луиза „ах-ах" деп бетін басқан күйі өңі құп-қу болып шегіне берді: Қожақ тағы айғайлады.

- Ты, именно ты, во всем виновата. А ну-ка скажи, не добитый фашист, кто убил моего отца?!- Кабинадан қарғып түсті де көзі жасқа толып, сілейіп тұрған қызды қолындағы „22-ші" номерлі кілтпен қақ маңдайдан салып қалды. Машинасына қайта қарғып мінді де әлі орылып үлгірмеген күнбағысты жапыра, қос сызық тастап құйындата жөнелді батысқа... Колхозшылар күрке-тауықтай шуласып барып, үзілді... Нұрланның көңіліндегі сұлулықтың көк күмбезі быт-шыт болып сынған еді! Аттан домалап түсіп, күнбағыстың үстінде құлап жатқан қызға жүгірді: өңі аппақ екен... талықсып ұйықтап кеткендей... ал, маңдайынан, аппақ маңдайынан жылып қан аққан... қан... қып-қызыл қан аққан аппақ маңдайынан... Нұрлан Луизаны емес, сонау 1943 жылы қамшы тиіп жараланған шешесін көргендей өкіріп барып бас салды. Одан арғысын білмейді, есінде жоқ. Ақкеңсіріккке қарғып мініп, Қожақтың машинасын ұзақ қуыпты, бірақ қуып жете алмаған екен, ата-бабасынан түсіп балағаттаған екен... жылаған, өксіп көп жылаған... әскерден тірі оралсам Қожақтан кек алам деп ант еткен, жүрегіне еріместей болып, жұдырықтай мұз қатқан... ерімейтін бо­лып... сұлулап соққан күмбезі мәңгіге сынған, күл болып уатыла сынған... быт-шыт... быт-шыт... быт-шыт...

Ертеңінде Анна-апасының үйіне барды. Луиза төсек үстінде ба­сы таңулы жатыр екен. Нұрланды көріп, күшпен жымиған болды. Өзін-өзі ұстай алмады, бұған дейін бұғып келген ынжық мінездің басына бір тепті де, ғашығын құшақтап солқылдап жылады.

Неміс қызы жас жігіттің шашынан сипап уатты.

Қыздың көзінде де күнәсіз мөп-мөлдір жас бар еді. Осы кезде үйге колхоздың бастығы және ауылсовет ауданнан ертіп келген бір милициясы бар кіріп келді.

- Как здоровве дочка, голова не болит?- деді бастық. Агроном қыз көзін жұмып, басын изеді.

-  Қожақ итті ұстап түрмеге қаматтық. Ол енді ешкімге де қол көтере алмайды,- деді ауыл советтің бастығы. Луиза таңулы басын оқыс көтеріп алды да, ауырсынып қайта құлады. Содан соң аналарға естірте:

-  Сейчас же отпустите его! Немедленно отпустите его!.. Он, он не виноват, он ни в чем не виноват...,- деді.

Милиционер жігіт аң-таң. Бұдан соң неміс қызы ұзын кірпігін қайта көтеріп, төбеге тесіле қарап жатты. Тағы да:- Отпустите его, пожалуйста, прошу вас, верните ему свободу... он ни в чем не вино­ват!- деді.

Келгендер „мына қыз жынданған шығар" деп сарт-сұрт шыға жөнелді. Олар кеткен соң Луиза Нұрланды ымдап қасына шақырды, бетінен сипап, қолын қысты. Алақаны ып-ыстық екен.

- Нурланчик, поцелуй меня, не стесняйся, прошу тебя, поце­луй,- деді көзін жұмып. Не істерін білмей толқып қалған Нұрланға Анна-апасы:- Ұялма сүйе ғой ұлым, сүйе ғой,- деді жанарына ұялаған жасты жаулығының ұшымен сүртіп. Нұрлан неміс қызын алғаш та, ақырғы рет сүйді. Луиза:- Спасибо!- деді. Сонсоң бұларға түсініксіз тілде:

-  Их лиепте зи... деді Неміс қызының осы ауылға келгелі тұңғыш рет өз тілінде сөйлеген сөзі еді бұл.

* * *

Міне, осымен 1955 жылдың жазында болған оқиғаны аяқтаймын. Бұдан соң не болды дейсіздер ғой, бұдан соң бұл ауылда пәлендей өзгеріс, не жаңалық болған жоқ. Қара даланың бетіне сары ала кілем болып төселген күнбағыс орылып, орнында дән терген қарғалар ғана қалған... Неміс қызы тәуірленіп, әл жинаған соң Шыңғыстайдан мәңгілікке кеткен - мүлдем кеткен. Колхозшылар: әйтеуір бір күні, бір жылы қайтып оралатын шығар,- деп дәмеленіп жүр. Соғыстан қалған жарақаты жазылмаған қорықшы Әкім дүние салды. Оның ұлы Нұрлан әскерлік үш жылын өтеп бүгін қайтып оралды туған ауылына. Жаз шыға қайтып оралған Нұрлан туған жерінің бір пұшпағына табаны тие бере мұқым Қара далада, қала берді әр қазақ үйінің бақшасында, ауласында Күнге қол созған сансыз күнбағысты көрді... ал, ашық аспанда неміс қызы аманатқа қалдырып кеткен алып күнбағыстай, айналайын Күн тұр... күлімдеп!

Бірақ, Нұрланның мынау аппақ дүниеге... орната бастаған сұлулық күмбезі құлаған қалпында қалды... быт-шыт.

Мынау аппақ дүние...

Переделкино,  1977 ж.

0 пікір