Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 16022 0 пікір 28 Қыркүйек, 2012 сағат 12:52

Қаламгер – руханият шырақшысы

 

Жазушы, ақын, қаламгер... Бұл ұғымдар халқымыз үшін қашанда қасиетті. «Өнер алды - қызыл тіл» деп тілді, оның құдіретін ерекше бағалайтын халқымыз ақындары мен шешендерін, дуалы ауызымен ұлттық, елдік мәселелерді шешкен көсемдерін қашанда ардақ тұтқаны тарихтан белгілі жайт. Жазушылар бас қосқан кезде де елдің болашағы, халқымыздың ынтымағы мен берекесі, рухани құндылықтар, тәуелсіз еліміздің баянды жетістіктері, мемлекетіміздің бүгінгі келбеті мен ертеңгі асулары әңгіме арқауына айналары сөзсіз. Жазушы қауымның өзара жүздесіп, пікір алмасатын кезі де, араға жылдар салып келетін - Құрылтай.

 

Жазушы, ақын, қаламгер... Бұл ұғымдар халқымыз үшін қашанда қасиетті. «Өнер алды - қызыл тіл» деп тілді, оның құдіретін ерекше бағалайтын халқымыз ақындары мен шешендерін, дуалы ауызымен ұлттық, елдік мәселелерді шешкен көсемдерін қашанда ардақ тұтқаны тарихтан белгілі жайт. Жазушылар бас қосқан кезде де елдің болашағы, халқымыздың ынтымағы мен берекесі, рухани құндылықтар, тәуелсіз еліміздің баянды жетістіктері, мемлекетіміздің бүгінгі келбеті мен ертеңгі асулары әңгіме арқауына айналары сөзсіз. Жазушы қауымның өзара жүздесіп, пікір алмасатын кезі де, араға жылдар салып келетін - Құрылтай.

Абай атындағы Опера және балет театрында өткен Қазақстан Жазу­шы­­ларының кезекті ХIV құрыл­та­йы­­­на Қазақстан Республи­касы­ның Мем­ле­кеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед, Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, жазушы Әлібек Асқаров, Қазақстан Республикасының Мә­дениет және ақпарат вице-ми­нистрі Арман Қырық­баев қатысты. Құрылтайда Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бес жылдық есебі тыңдалып, басқарманың жаңа құрамы сайланды. Әдебиеттің бүгінгі жай-күйі, уақыт талабы тудырған өзекті мәселелер сөз болды.
Құрылтайдың алғашқы сөзі Мем­ле­кеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммедке берілді. Мемлекеттік хатшы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Құрылтай қа­тысушыларына жолдаған құттықтауын оқып, жиын жұмысына сәттілік тіледі. Ұлттық әдебиет пен оның дамуы турасында келелі ойларымен бөлісіп, тәуел­сіз мемлекетіміздің әдебиеті мен өнеріне деген Елбасы қамқорлығын ерекше атап көрсетті.
- Жазушылардың, қаламгерлер­дің қай қоғамда болмасын алатын орны ерекше болған. Сіздер ерекше кәсіп, ерекше өнер иесісіздер, - деп бастады өз сөзін Мемлекеттік хатшы. - Ұлы Жаратушыдан жеткен төрт кітаптың бірі Інжілде «Әуелі сөз болған» деп жазады. Демек, сөз ұстаған адам, қалам ұстаған адамның қай қоғамда, қай елде болмасын атқаратын жүгі де, жауапкершілігі де зор болған. Бұл - адамзат дамуының әр кезеңіндегі ұлы қоғамдарда, ұлы мемлекеттердің бәрінде бірдей орын алған құбылыс. Жазушы бір ұрпақты ғана емес, тұтас ұлтты тәрбиелейді. Ұлы Абайдың дүниеден өткеніне жүз жылдан астам уақыт өтсе де, бір ғасырдан астам уақыттың ішінде қазақ халқының талай буыны ақын шығармаларымен тәрбиеленді. Тіпті Абайдың ұлылығы жиырма бірінші ғасырдың биігінен де асып, біз ұлы деп келген, ұлық деп келген халықтың, ХХI ғасырдағы өзге де халықтардың ұрпағын тәрбиелеуге көшті. Міне, сөз өнерінің құдіреті, қалам өнерінің құдіреті деген осы болса керек.
Мұхтар Абрарұлы өз сөзінде уақыттың алдында тұрған жауапкершілікті қазақ қаламгерлері өз дәрежесінде атқарып келе жатқанын, әдебиет дамуының бүгіні мен кешегісін саралап, халық арасында алатын орнының биік те, кемел екенін тілге тиек етті.
- Қазақтың тағы бір ұлы жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Әдебиет ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды» деген керемет сөзі бар. Шындығында, ұлттың ұлылығы оның рухани қазығының мықтылығында. Ал сол рухани қазық пен діңгекті орнықтырушы бұл - жазушылар қауымы. ХХ ғасырдың ортасында қазақ әдебиетінің дүниедегі атағы алысқа кеткен талай ұлттардың әдебиетімен терезесі тең, ал көп жағдайда озық екендігін дәлелдеп кеткен ұлы Мұхтар Әуезовтің шығармалары - соның айқын айғағы, - деді ол. «Елбасымыз ұлт тәуелсіздігінің жиырма жылы ішінде, ең қиын кезеңдерде Қазақстан Жазушылар одағына үнемі қолдау көрсетті. Елбасы тәуелсіздіктің елең-алаң шағында, әсіресе 90-жылдардың басында кітап шығару түгілі, «открытка» шығару мұң болған кезде бұл мақсатқа мемлекет тарапынан миллиондаған қаржы бөлдірді. Мұнымен қатар, Мемлекет басшысының ұйғаруымен 1993 жылдан бері қарай Қазақстан жазушыларының, жалпы шығармашылық өкілдерінің таңдаулы тұлғаларына мемлекеттік арнаулы стипендия тағайындап келеді. Бұл да мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтың шынайы үлгісі» деді Мұхтар Абрарұлы. Мемлекеттік хатшы Құрылтай қарсаңында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бүгінгі тыныс-тіршілігімен, мұң-мұқтажымен танысу үшін Елбасы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалинді арнайы қабылдағанын, кездесуде жазушылардың мәселесі, қазіргі қазақ әдебиетінің жай-күйі, келелі мәселелері сөз болғанын атап өтіп, алдағы уақытта Елбасының қатысуымен жазушылардың үлкен кеңесі өтуі мүмкіндігі барын хабарлады.
Құрылтай жұмысын бастауға байланысты хаттамалық шаралар өткізілгеннен кейін, жиынға қатысушылар екі құрылтай арасында бақилық болған 118 қаламгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Олардың аты-жөндері оқылды.
Содан кейін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин жазушылардың алдында тұрған келелі мәселелерді арқау еткен баяндама жасады. Ол өз сөзінде ұлт әдебиетінің өзекті мәселелеріне, бағыт-бағдарына, жазушылардың жауапкершілігі мен мақсат-мұраттарына, одақ жұмысына тоқталды. Сонымен қатар жазушы қауымды толғандырып жүрген кітап таралымы мен кітап саудасы жағдайы, жазушылардың еңбегіне төленетін қаламақы мәселесінің шешілуі, жас қаламгерлерді пәтермен қамтамасыз етуге байланысты ұйым тарапынан атқарылған жұмыстарды баяндады. Қазақстан Жазушылар одағына қатысты БАҚ беттерінде айтылып жүрген бірқатар сыни пікірлерге қа­тысты салиқалы жауап берді. ҚЖО өзін-өзі қаржыландыратын ұйым болғандықтан ғимарат кеңселерін жалға беру - қаржы тапшылығын шешудің амалы екенін мәлім етті. Әлдебіреулердің шағым түсіргеніне байланысты одақта қаржылық тексерулердің жүргізілгенін, алайда ешқандай заң бұзушылық әрекеттердің анықталмағанын айтты.
Нұрлан Оразалиннің қаламақы мәселесі мен қаржы тапшылығына байланысты шығарылуы тежеліп қалған «Сын» журналын мемлекет­тік тапсырыспен шығарылатын басылымдардың қатарына қосу жөніндегі ұсынысына Мұхтар Абрарұлы назар аударып, мәселенің оңынан шешілетініне сендірді. Мұхтар Абрарұлы жазушыларға қаламақы төлеу мәселесі көптен бері айтылып келе жатқанын, таяу уақытта мемлекеттік тапсырыс­пен жарық көретін туындыларға және жазушыларға бөлінетін қаламақының ең төменгі шекті мөл­шері белгіленетіндігін, қаламақы берілетін әдеби туындылардың Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы проза, поэзия, драматургия, т.б. секцияларында талқылаудан өтуі тиіс дегенді айтты.
Бұл күні алыс-жақын шетелдерден ізгі тілекті арқалаған құттықтау хаттар келіп түсіп жатты. Атап айтар болсақ, олар Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан Жазушылар одақтары атынан келген хаттар. Сонымен қатар белгілі ақын Олжас Сүлейменов, жазушылар Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы, Роллан Сейсенбаев, Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Байтұрсынов, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтың атынан да жү­рекжарды лебізге толы құттық­таулардың келгені хабарланды.
Құрылтай жұмысына қатысқан ҚР ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Қирабаев толғамды ойларымен бөлісті. Ол қоғамдағы жазушының рөлі, жаңа заманның жасампаз кейіпкерін қалыптастыру, жазушылардың жеке шеберханасы мен жан дүниесі хақында, жалпы шығармашылық еңбек жайында әңгіме қозғады.
Қазақстан Жазушылар ода­ғы­ның осы құрылтайға дейінгі атқарған еңбегін саралайтын Бақылау-тексеру комиссиясының есебін белгілі ақын Аян Нысаналин жасады. Алқалы бас­қосуда қазақ поэзиясының қазір­гі жай-күйі туралы ақын Исраил Сапарбай, проза секторы бойынша атқарылған шаруа­лар төңірегінде жазушы Тұрысбек Сәукетаев, Қазақстандағы орыс әдебиетінің дамуы жайында секция жетекшісі Любовь Шашкованың баяндамалары тыңдалды.
Түстен кейінгі еркін пікір алмасу жағдайында Қазақстан Жазушылар одағының атқарған жұмыстары туралы Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Шаханов, Ақұштап Бақтыгереева, Иран-Ғайып, Тұрсынбек Кәкішев, Оразбек Сәрсенбаев, Бексұлтан Нұржеке, Қоғабай Сәрсекеев, Ахметжан Ашири секілді белгілі ақын-жазушылар өз ойларымен бөлісті.
Жиын соңында Қазақстан Жазу­шыларының кезекті XIV құрылтайына қатысушылардың үндеуі қабылданып, одақтың 147 адамнан тұратын басқарма мүшелері сайланды. Олар өз кезегінде Қазақстан Жазушылар одағының басшылығын сайлады. Басқарманың алғашқы пленумы өткізіліп, оны белгілі жазушы Қалихан Ысқақ жүргізіп отырды. Басқарма мүшелерінің ұйғарымы бойынша Нұрлан Оразалин Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып қайта сайланды. Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары болып Ғалым Жайлыбай, Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасарлары болып Жанарбек Әшімжан, Маралтай Райымбекұлы сайланды.

Дәуіржан Төлебаев

"Ана тілі" газеті

 

0 пікір