Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3436 0 пікір 28 Қыркүйек, 2012 сағат 12:50

Ақиқатын айтсақ ащы, Балалар дәрігері тапшы...

Он жылдың ішінде елімізде бала өлімі 14,9 пайызға төмендеген. Ал 2010 жылмен салыстырғанда, 1000 грамға дейінгі, яки өте қауіпті салмақтағы шараналардың тірі қалып, өмір сүруі 1,6 пайызға ұлғайыпты. Әйтсе де, медицинаға енгізілген жаңа технологиялармен жұмыс істейтін білікті маман тапшы. Бұл жөнінде еліміздегі балалар дәрігерлерінің VII съезінде белгілі болды.

Он жылдың ішінде елімізде бала өлімі 14,9 пайызға төмендеген. Ал 2010 жылмен салыстырғанда, 1000 грамға дейінгі, яки өте қауіпті салмақтағы шараналардың тірі қалып, өмір сүруі 1,6 пайызға ұлғайыпты. Әйтсе де, медицинаға енгізілген жаңа технологиялармен жұмыс істейтін білікті маман тапшы. Бұл жөнінде еліміздегі балалар дәрігерлерінің VII съезінде белгілі болды.

Биылғы балалар дәрігерлерлерінің VII съезі Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының 80 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Жиынға еліміздің бас дәрі­герлері ғана емес, арысы - Германия, Вен­грия, берісі - Тәжікстан, Қыр­ғызстан, Украина Ресейден білікті дәрігерлер қатысып, балалар ден­саулығын жақсарту жолдары һәм дертті ерте анықтау мәселелерін ортаға салды. «Соңғы он жылда денсаулық сақтау саласын қаржыландыру он есе ұлғайды. Соның арқасында метариал­дық-техникалық база жақсарып, бір­қатар жаңа технологиялар енгізілді» дейді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры Сәуле Нұқышева. Елімізде балалар денсаулығын барынша жақ­сарту мәселелері жан-жақты қамтылып отыр. Мәжіліс депутаты Айткүл Самақованың айтуынша, елімізде қабылданған мемлекеттік бағдарла­малар ұлт денсаулығын қалыптас­тырып, сақтауға барынша оң ықпал етіп отыр. Соңғы үш жылдың ішінде бала өлімі 11 пайызға қысқарса, туу көрсеткіші 25 пайызға артқан. «Бүгінде елімізде бірқатар ірі денсаулық сақтау мекемелері көптеп ашылуда. Ден­саулық сақтау саласына жаңа техно­логиялар енгізіліп, барынша жағдай жасалып жатыр. Дегенмен әлі күнге білікті мамандар тапшы. Бұрыннан еңбек етіп, білігі мен білімінің арқа­сында жетістікке жеткен аға буын дәрігерлерді құрметтеуіміз керек. Алдыңғы буын кейінгі толқынға өз дәрежесінде білім беріп, үлгі болуы тиіс. Қанша жерден ғылыми тұрғыда озық дәрежеге жеткен техника бол­ғанымен, оны басқара алатын маман болмаса, бәрі бекер» дейді Айткүл Самақова.
Әрине, балалар денсаулығын сақтау саласы бірқатар жетістікке қол жет­кізді. Мәселен, балалар кардиохи­рургиясы дамып, биыл елімізде тұңғыш рет шеміршек майын трасплантациялау бойынша үш операция жасалды. Әйтсе де, шешімін таппаған мәселелер де жетерлік. Елімізде балалар жаппай С гепатитіне шалдығып, халықты біраз дүрліктіргені есте. Осы орайда, съезге қатысушылар түрлі гепатит дерті мен ЖҚТБ-ны ертерек анықтау жағы ақсап тұрғанын жасырмады. Қателіктердің белең алуына дәл осы мәселе себеп болып тұр. Әлі күнге дейін елімізде түрлі сырқаттарды жұқтыру мәселесі толық­қанды зерттелген жоқ.

Денсаулық сақтау саласының ең өткір тұсы - ана мен баланың денсаулығы. Еліміздің бас педиатры Гүлнар Кенжетайқызының айтуынша, 2008 жылы еліміз Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының кеңесімен өлі-тірі туылу ұстанымын қабылдады. Яки, аз салмақта немесе мерзімінен бұрын туылған сәбилердің өмірін сақтап қалу аса маңызды болып отыр.
2008 жылдан бері сәби өлімі 20 пайызға төмендесе, 5 жасқа дейінгі бала өлімі соңғы он жылда 37,8 пайызға қысқарған. «Еліміздің педиатрия саласында проблемалар бар. Дәл қазір кадр тапшылығы анық байқалады. Әсіресе, неонотологтар мен реанима­тологтар жетіспейді. Өйткені аталмыш екі саланы меңгеру оңай емес. Қазір 500,700,1000 грамм салмақпен туылған балалардың өмірін сақтап қалу үшін барлығын жасаудамыз. Әрине, балаларды тудырып, күту өте қиын. Осы ретте неонотологтардың жетіс­пеу­шілігі анық сезіледі» дейді Гүлнар Кенжетайқызы.

Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ
"Айқын" газеті

0 пікір