Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3943 0 пікір 28 Қыркүйек, 2012 сағат 12:46

Мирзоянның Алаш арыстарының атылуына қатысы бар ма?

1. Қазақтар 1934-1938 жылдары билікте отырған Левон Мирзоянды «мырза-жан» атап кетті. Бірақ бі­луімше, оның жұрт ойлағандай мырзалығы жоқ. Ол репрессия тұ­сында Сталинге хат жазып, жаза­ла­натын адамдардың тізімін көбейтуге лимит сұраған екен. Ал оны қазақтар ерекше дәріптеп, Алматыдағы бір көшенің атын берген. Сонда талай адамның қанын арқалаған Мирзоян Алаш зиялыларымен тең дәрежеде құрметтелуі керек пе?
2. Байқасақ, талай зиялыларымыз дәл Мирзоянның тұсында қуғын көрген. Демек, оның Алаш арыс­та­рының атылуына тікелей қатысы бар ғой...
3. Кейін оған «қазақ ұлтшылы» деген айып тағылып, ату жазасына кесілгенін қалай түсінуге болады?

Мәриям БАҚТЫБАЕВА,
Абай атындағы ҚазҰПУ студенті

Бұл сұраққа әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Қазақстан тарихы» ка­фе­д­расының меңгерушісі, профессор Талас Омарбеков жауап береді.

1. Қазақтар 1934-1938 жылдары билікте отырған Левон Мирзоянды «мырза-жан» атап кетті. Бірақ бі­луімше, оның жұрт ойлағандай мырзалығы жоқ. Ол репрессия тұ­сында Сталинге хат жазып, жаза­ла­натын адамдардың тізімін көбейтуге лимит сұраған екен. Ал оны қазақтар ерекше дәріптеп, Алматыдағы бір көшенің атын берген. Сонда талай адамның қанын арқалаған Мирзоян Алаш зиялыларымен тең дәрежеде құрметтелуі керек пе?
2. Байқасақ, талай зиялыларымыз дәл Мирзоянның тұсында қуғын көрген. Демек, оның Алаш арыс­та­рының атылуына тікелей қатысы бар ғой...
3. Кейін оған «қазақ ұлтшылы» деген айып тағылып, ату жазасына кесілгенін қалай түсінуге болады?

Мәриям БАҚТЫБАЕВА,
Абай атындағы ҚазҰПУ студенті

Бұл сұраққа әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Қазақстан тарихы» ка­фе­д­расының меңгерушісі, профессор Талас Омарбеков жауап береді.

1. Левон Мирзоян Қазақстанға 1933 жылдың басында келді. Ол негізінен, сол кезде Мәскеуде басшылықта отырған тұлғалармен жақсы араласқан. Тұрар Рысқұловпен де жақсы байланыста болды. Рысқұлов Сталинге 1933 жылы 9 наурызда хат жазса, Мирзоян 20 күннен кейін, яғни 29 наурызда жазған. Осы жазылған екі хат та мазмұны жағынан ұқсас келеді. Мирзоян өзінің хатында елдің 71 ауданында ашаршылық жүріп жатқанын, халықтың босып кеткенін жазып, 2 млн пұт астық сұрап, оның 1 млн пұтын тарымен беруді өтінді. Ашаршылық салдарынан халықтың барлығы қырылып, қазақ даласы бос қалуға шақ қалды. Мұның соңы ауыр болатынын жақсы түсінген Сталин, ашаршылықты тоқтатуға күш салған Мирзоянның сұранысын қанағат­тандырды. Мирзоян 1 млн пұт тарыны аштық болып жатқан аудандарға үлестірді. Сонымен қатар Сталиннен Қытай мен Қазақстан шекарасын ашуды сұрап, ол жақтан сиыр малын алғызды. Оны шекара бойындағы 11 ауданға үлестіріп, ол жердегі сиырларды орталық аудандарға, орталықтағы сиырларды батысқа айдатқызып, колхоздардағы сиыр малының санын едәуір көбейтті. Содан колхоздың сауын малдарын елге таратып берді. Келе сала егіншілікке күш салып, егін күзде бітік шықты. Міне, осындай шараларды қолдану арқылы ашар­шылықтың бетін қайтарды. Жанын сақтап қалған басшыны халық сол үшін де «мырза-жан» атап кетті. Сондай-ақ орысқа отар болған ұлттың өкілі болғандықтан, ол қазақтарға дұрыс қарады. Бірақ ескеретін бір жайт, Мирзоян тікелей партияның, яғни Сталиннің тап­сыр­масын орындады.
Мирзоян таза коммунист болған. Ол коммунистік тоталитарлық жүйенің нағыз қайраткері ретінде құрметтелді. Халық үшін жұмыс жасайды десе де, іс жүзінде партия халықтан шыққан адамдарды «халық жауы» ретінде қу­да­лады. Осындай қайшылықты қо­ғамда өмір сүрген адамның қайшылықты тұлға ретінде қалыптасатыны сөзсіз еді. Ол кездегі басшылар да халықты қанша сыйлап, құрметтегенімен партияның саясатын жүргізуге мәжбүр болды. Ал партияның саясаты тым қатал болғанын бар­лы­ғымыз білеміз. Мұндай жағдайда Мирзояннан керемет басшы шығады деп үміттенудің өзі әбестік. Та­рих­шылар Мирзоянды ашаршылықты тоқтатқаны үшін, халыққа жақсы қарағаны үшін ғана мақтайды. Бірақ олар Левон Мирзоянды тоталитарлық жүйеге қарсы болған, қазақшыл адам ретінде әспеттемейді. Оның адам­гер­шілік қасиеттерін замандастары да жоғары бағалаған. Бірақ қалай десек те, ол ле­нин­дік-сталиндік гвардиядан шыққан адам. Ойлау жүйесі де коммунистік сипатта. Ол елді басқаша құрып, саяси жүйені өзгертейін деген жоқ. Мәскеудегі Сталин бастаған қуғын-сүргінді де тоқтатуға мүдделі болған емес. Сол себепті де одан ұлтшыл, қазақшыл тұлға жасаудың қажеті жоқ.
2. Қазақстандағы қуғын-сүргінге Мирзоянды кінәлі ету де дұрыс емес. Бірақ ол басқарған тұсты кемшіліксіз, керемет, қазақтар бақытқа бөленген кезең деу, тағы да орынсыз.
1936-1938 жылдар аралығында Мәскеуде ірі үш сот процесі жүрді. 1936 жылы бірінші сот процесінде Зиновьев пен Каменев бастаған 14 адам сотталып, ату жазасына кесілді. Ал екінші сот процесі 1937 жылы болды. Онда Рыков, Серебряков, Пятаков сынды партияның көрнекті тұлғаларынан 17 адам сотталды. Бұл адамдар «троцкишілдік орталықты құрған», «Кировты өлтірген», «Сталин мен Ворошиловты, Ждановты, Орджаникидзе мен Куйбышевты және тағы да басқа партия басшыларын өлтірмек болған» деген айыптаумен сотталды. Осы жылдың жаз айында әскерилердің үстінен де сот жүргізіліп, 408 адам сотқа тартылып, оның 401-і атылды. 1937 жылы осындай екі ірі сот ісі басталғанда, Мирзоян ішін тарта бастады. 1937 жылғы бір пленумда Сталин: «Қазақстанды басқарып отырған Мирзоянның өз артелі (кол­хозы) бар. Ол Қазақстанды бас­қаруға өзімен бірге бірнеше жүз адамды Әзірбайжан мен Оралдан алып кетті. Бұл артельдердің көзін жою керек» деп сөз сөйлеген екен. Содан-ақ Мирзоян қиын жағдайдың қалыптасқанын түсінді. Сол себепті де ол ОГПУ мен НКВД ­шараларына қарсылық көрсет­кен жоқ. Сот­тал­ғандарға араша түспеген себебі 1937 жылы айыпталғандар Ж.Сұлтанбеков, Мәскеудегі Н.Нұр­мақов, О.Жандосов сынды тұл­ға­ларды «бізге нұсқау берген, террористік тро­ц­кишілдік әрекетімізге басшылық еткен» деп көрсетті. Ал Мирзоян болса, олармен тығыз байланыста болған.
1937 жылы Мәскеудегі сот процесіне еліктеп Қазақстанда да «халық жау­ларын» айыптауға байланысты үш ашық сот процесі ұйымдастырылды. Ол Қарағандыда, Солтүстік Қа­зақстанның Преснов ауданында және Семей облысының Үржар ауданында жүргізілді. Осы үш сот процесінде бесеудің хатын жазған адамдар бұрынғы Қазақстан өкіметінің жауапты хатшысы болған Е.Алтынбеков пен М.Ғатаулин қу­даланды. 1936-1938 жылдары Қа­зақстанда 25 833 адам «халық жауы» ретінде партиядан шығарылып, олардың 8 544-і атылған. Бұл Мирзоян басқарған кездегі жағдай. Бірақ біз мұны тікелей Мирзоян жасады деп айта алмаймыз. Бұл шын мәнінде, Мәскеудегі сот процестерінің жалғасы еді. Ал 1938 жылы Мәскеуде үшінші процесс басталды. Онда троцкишіл, оңшыл ағымдағы адамдар қудаланды.
Негізі, еліміздегі қуғын-сүргін 1934 жылы С.Киров атып өлтірілгеннен кейін басталды. Партияның 17 съезінде делегаттар жиналып, Орталық Комитетке сайланатын адамдарға жасырын дауыс береді. Сайлаудағы жасырын дауыс нәтижесі бойынша Сталин 9 орында тұрған. Мұнда көпшілік өз дауысын Кировқа берген. Бірақ еш себепсіз дауыс берген 121 адамның бюллетені жоғалып кеткен. Осы жиыннан кейін көп кешікпей Киров өлтіріліп, оған дауыс берген адамдардың барлығы қуғынға ұшырай бастады. Біз мұнда Мирзоян мен Кировтың жақын дос болғанын ескеруіміз керек. Осыдан соң Мирзоянның да қуғын көретіні сөзсіз еді.
Ал Алаш зиялыларының қуда­лануына Мирзоян себеп болды деген бекер сөз. Алаш зиялыларына қатысты сот 1930-1932 жылдары болған. Сонда олар сотталып, айдалып, одан аман оралғандары НКВД тізімінде тұр­ған­дықтан 1937 жылы қайта қуғындалды. Яғни зиялылардың қуғындалуына Мирзоянның тікелей қатысы жоқ. Олар Мәскеу про­цестерінің салдарымен сүргінге ұшырады.
3.1937 жылы Мәскеудегі бір кез­десуінде Сталин Мирзоянға: «Сіз өзі­ң­іздің досыңыз Киров жұмыс істеген жерге барасыз» деп айтқан екен. Ал ол кезде Киров өліп қалған болатын. Яғни бұл Сталиннің «Киров сынды көзіңді жоямын» деген әңгімесі болса керек. 1938 жылдың басында Сталин Мирзоянға өз қолымен телеграмма жіберіп, онда жұмыстың барлығын Скворцовқа тапсырып, 3 күннің ішінде Мәскеуге қайтуын хабарлайды. Осы телеграмманы алған соң Мирзоян қатты дағдарысқа ұшырайды. Содан өзінің серіктерін шақырып алып, «Маған Сталин досыңыз барған жаққа барасыз деген еді, бәлкім мені Ленинградқа жіберетін шығар» деген ойын айтады. Алайда ол мінген пойыз Коломнаға дейін ғана жетіп, онда оны үкімет вагонынан шығарып, темір тормен қапталған вагонға отырғызған екен. Міне солайша ол Лубянка түрмесінен бір-ақ шыққан. Ол 1938 жылы қыз­метінен босатылып, 1939 жылы 26 ақпанда Чубарь, Косарев, Постышев тәрізді партия қайрат­керлерімен бірге атылды. Ал оған «қазақ ұлтшылы» деген айып тағылған емес. Мұндай айып сот ісіндегі құжаттарда да кездеспейді. Оны ұлтшыл-уклонист, троцкишіл деген айыппен соттап, ату жазасына кескен...

"Айқын" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1579
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606