Сенбі, 28 Наурыз 2020
Жаңалықтар 1501 0 пікір 21 Қыркүйек, 2012 сағат 06:29

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

V

"Ахыметқанның бұл әшкерелеуі Биғабілдің төбесін ойып түсті» деп білген Лижурын ожырая қарады маған. Қисық көзінен қызыл ұшқын жылтылдады. Ақсұры жүзіне сес пайда болып, келте танауы үңірейе қалды.

- Жолдастар, қазір науқанымыздың әшкерелеу сатысы, -деді сонан соң көпшілкке қарап. - Үстінен пікір түсушілерден жауапты кейін аламыз. Алдымен әшкерелеушілер сөйлеп болсын. Ахыметқан жолдас аса жақсы сөйледі. Осы науқанымыздың қарсы тұратын мәселесін дәл басып сөйледі. Бәріміз де Путынжаңнан үлгі алайық! Хупыңшылардың ешқандай мәселесі жасырынып қалмасын! Ада-күде әшкерелеп, азат болыңдар! Ал, үстінен пікір түскен жолдастардың да өзі білетін басқа Хупыңшылардың мәселесін әшкерелеуіне болады. Бұл, олардың өздерінің кеңшілік алу жолы. Қане енді кім сөйлейді?

Көпшіліктің үнсіз қалуынан тынышсызданғандай жалтақтаған күзетші Рузы ахұн қырма бурыл сақалын сипай түрегелді.

V

"Ахыметқанның бұл әшкерелеуі Биғабілдің төбесін ойып түсті» деп білген Лижурын ожырая қарады маған. Қисық көзінен қызыл ұшқын жылтылдады. Ақсұры жүзіне сес пайда болып, келте танауы үңірейе қалды.

- Жолдастар, қазір науқанымыздың әшкерелеу сатысы, -деді сонан соң көпшілкке қарап. - Үстінен пікір түсушілерден жауапты кейін аламыз. Алдымен әшкерелеушілер сөйлеп болсын. Ахыметқан жолдас аса жақсы сөйледі. Осы науқанымыздың қарсы тұратын мәселесін дәл басып сөйледі. Бәріміз де Путынжаңнан үлгі алайық! Хупыңшылардың ешқандай мәселесі жасырынып қалмасын! Ада-күде әшкерелеп, азат болыңдар! Ал, үстінен пікір түскен жолдастардың да өзі білетін басқа Хупыңшылардың мәселесін әшкерелеуіне болады. Бұл, олардың өздерінің кеңшілік алу жолы. Қане енді кім сөйлейді?

Көпшіліктің үнсіз қалуынан тынышсызданғандай жалтақтаған күзетші Рузы ахұн қырма бурыл сақалын сипай түрегелді.

- Мен мына Ахыметқан тынжаңның пікіріне қосыламын. Биғабілдің үстінде басқа пікірім жоқ. Таныстығым аз екен. Менің Әбілемит жолдасқа бір-жар ғана суалым бар. Жекеге табынушыларға қарсы әрекетте бұл кісі де недәуір сөйлеген. Сол шақта маған да бір рет «Розы мүрит» деп күлген. Кімге мүрит болғанымды, мүрит болып не істегенімді енді сұрамақшымын. Және Биғабіл әпендінің қандай әпенді екендігін енді көріп отырыппыз. Ол әпендіге бұл әпенді соншалық көп расхот шығарып, той жасап берген, сондағы мақсаты не, қандай байланыс бар? Осыған да ақиқи толық жауап берсін!

- Менде пікір бар, -деп Сымайыл орақ ауыз түрегелгенде, мені бұл да бір орып өтер ме екен деген оймен, Әбілмейітке жымия қарап едім. Ол миығынан күліп, төмен қарап алды. - Жолдастар, сақтығымызды күшейтейік, мына екі әпенді бір-біріне қарап күлісіп отыр, бірлесіп алды көрдіңіздер ме!

- Бұл екеуі бірлесіп алған болса, Хупыңшыл топ құрған болса, ашық фактыңызды қоярсыз! -деді Юсуп Қасым. - Ал, қазір күлді деп, бір-біріне қарап қойды деп пәле жапсыра беретін солшылдықты такрарламайық, жолдастар. Мәселе әшкерелеуде тек факт қана құқық жүргізеді, факт бойынша сөйлейік!

- Осы күлкісінің өзі де факт емес пе, жолдас, сіз жаңа келдіңіз, білмейсіз бұлардың сырын. Бөріні бөрі иіскеп табады. Маған осылардың осындай күлкісінен кісі өлтіру шайкасының тіректі мүшесі деген жала жабылып, үш ай қамалдым. Бұлардың бәрі бір орманның бөрісі! Биғабіл әпенді жекеге табынуға қарсы әрекетте сол ахуалдарын біраз сөз қылғандай болып еді. Осы ағалары қарап осылай күлген соң жым болып қалған. Сол күлкімен-ақ жасырайық дегенді ұғысып, әшкерелейтін мәселесін аяқсыз қалтырып қойған. Мені қаматқандар енді толық табылды. Осы Биғабіл ғұнсұр[1] мен анау жақсы сөйлеп отырған қоңқабай Ахыметқан тынжаң. Бізді «кісі өлтіру шайкасы» деп шыққан осы екеуі. Бұлардың пікірін партком жиынында қорғаған, осы Әбілемит «акамыз»! Буржуазия зиялылары жұмысшылар табына тіс-тырнағымен қарсы. Бізді жоғалтуды ғана ойлайды. Буржуазия шабуылына қарсы бұл әрекетті қозғап берген ұлы көсеміміз Маужуши түмен мың жасасын!

Сымайыл орақ ауыздың бұл сөзіне қарсы күбір көтерілді. «Бағыраз!»[2], «бағраз!» деседі. Көздер алара қалған екен. Бірнешеуі: «дөйдала, лақпа пікірді тоқтатайық!» десіп, жиылыс басқарушыға дабыстады. Ең соңында біреуі:

- Биғабіл жолдастың жекеге табынуға қарсы науқанда көтерген пікірі аса дұрыс, ақиқат пікір болатын! Ол пікірін біз қазір де қорғаймыз! -деп орнынан көтеріле сөйледі. Бұл сөз шығысымен «жиын уақытының біткені» жарияланды. Сол күні кешке шейін күңгүрледі Лижурынның бөлмесі. Белсенділер бір-бірден шақырылып, тәрбиеленіп жатқанын сездім.

Ертеңіне таңертеңгі жиында Ахыметқан тағы да бірінші болып сөйледі.

- Биғабілдің жекеге табынуға қарсы науқанда партияның адал бір кадрына жасаған шабуылын кешегі жиында кей жолдас ақтамақ болды. Бүгінгі әшкерелейтінім Биғабілдің сол сөзі, -дей бергенде Ошұр бұғалтырдың ызасы бұрық ете түсті.

- «Партияның адал кадыры» дегеніңіз кім ол?... «Партияның адал кадырына жасаған шабуыл» дей бермей, «маған жасаған шабуыл» деп бірер рет дұрысын айтсаңыз болмай ма!

- Кімге қаратса да, мен Биғабілдің сол сөзінің тұп-тура Хупыңның партияға жасаған шабуылы екендігін дәлелдемекпін! -деп тастап Ахыметқан сөзін қайта жалғастырды. - Сол сөзі арқылы Биғабіл Хупың, жекеге табынушыны сындау далдасына өтіп, партияға жақындаушыларды жоймақ болды. «Табынушылары жойылса, партияның өзі халыққа табынар еді, бұл жақсы болар еді» деген кімге қарсы екендігін ап-ашық көрсетіп тұрмай ма! Сөйтіп, партияны халыққа табындырып, оның халыққа жетекшілік рөлін жоймақ болды!... Қане, Биғабіл мырза, сондағы әшкерелеу сөзіңнің осыдан басқа не мағынасы бар? Қане жауап беріп көрші!

- Менің ол сөйлемімде «партия» деген термин жоқ, «табындырушы» дегенмін сонда да. Бұл сұрағыңызға сұрақ қана болмаса, жауап шығын бола қоймас! -деп жымидым мен. - Жиын төрағасы, мына әшкерелеушіңіз сұрақ қойып отыр маған, жауап берейін бе?

Ли журін қасында күбірлеп отырған тілмәш ханзушаға аударып болғансоң ғана сөйледі.

- Сіздің жауап беруіңізге қазір рұқсат жоқ. Әшкерелеушілер сөйлеп болған соң ғана жауап бересіз. Жақсы тыңдап жазып ала беріңіз

- Сөйлесін, сөйлесін! -деп дүр ете түсті көпшілік. - Әшкерелеушінің өзі сұрап отырғанда жауап бергізбеу, не деген сөз!

Лижурын көпшілікке жалтақтай қарады да, маған иегін көтеріп қалды. Маған сөз бергені еді.

- Ахыметқан ақсақал осы реткі сөзі арқылы маған тағы да үлкен жала жауып тұр! -деп бастадым сөзімді. - Бұл қылмысын мына екі сұраумен ғана мойындата аламын. 1-ші сұрау. Маузидұң жолдас «біз, халықтың өгізі бола білуіміз қажет» деген бе, иә, партияның өгізі бола білуіміз қажет деген бе?...

- Халықтың!... Халықтың өгізі болуды айтқан! -деп қалды біреулер.

- Ендеше, халыққа табынудың, яғни өзіміздің жаратушымызға, партиямыздың әкесіне табынудың қателігі қай жерінде? - Жаңағы жапқан жаласына қарсы осы сұрау туылады. Екінші сұрау: партияға табынушы құл қажет пе, иә, азаматтық еркі,  адал жүрегі бар жолдас қажет пе? Яғни мүшелерін жолдастыққа шақыра ма, құлдыққа шақыра ма? Бірінші сұрауыма Маужушидің жауабы жеткілікті. Ал, осы, кейінгі сұрауыма ғана жауап беріңізші, өз сұрауыңызға жауапты содан шығарып берейін!...

Ахыметқан шалқалай құлады орындық арқалығына. Сол қылығына жарай маңайында отырғандар ашулы үнмен қайталап сұрады:

- Жауап беріңіз, біз де соны сұраймыз сізден! - Алшаймай тыңдаңыз сұрауды!  Айтыңыз, бір ғана сөз ғой жауабы, «партияға құл қажет пе, жолдас қажет пе?»

Ахыметқанның жаңа түскен келіндей қымтырылуына алара қарап, Лижурынның өзі де қиналды.

- Бұған жауап бере алмайды, қинамаңыздар енді! -дедім осы ахуалдарын көрген соң. - «Партияға жолдас керек» дейін десе, маған жапқан жаласы уытынан айрлып қалады. Ал, «партияға құл керек» дейін десе, өзіне қорқыныш. Менің орныма өзі Хупың болып «сайланбақ». Егер партия өзіне табынуға жол қойса, партиям деп жекеге табынуын осы борсық қояр ма!

Көпшілік дуылдай күлді. Мен жиын төрағасына өзінше иек қаға салып отыра кеттім.

- Қане, Биғабіл әпендінің үстінде әшкерелейтіндеріңіз бар ма, сөйлеңіздер! -деді Лижурын.

- Жоқ! Жоқ, пікіріміз жоқ! -десті көпшілік.

- Бар, бар! -деп екі жігіт қол көтерді. Әлі де бірдеме шығар дегендей жымиған Лижурын ым қақты біреуіне. Кеше кештегі ең жақсы қайралғаны болса керек. Маған сүзе қарап, шұқшия сөйледі.

- Биғабіл «әпенді» сіздің үстіңізден Ахыметқан жолдас екі күннен бері ауыр мәселелердің ашық факттерін қойды. Ал, сіз ол факттерді екі сұраумен ғана тойтармақ болып, қарсы позиция көрсеттіңіз. Біз оныңыздан қорықпаймыз! Сіздің буржуазиялық біліміңіз бір тиын! Біздің сұрағымызға қарсы сұрақ қоймай, жуастықпен жауап беріңіз сол факттерге! Оның соңынан кезек алған екіншісі де сол пікірді қуаттады.

- Биғабіл «мырза» қазір жауап берсін! -деді ол айқындап сөйлеп. - Біздің қоятын әшкерелеу факттеріміз бен пікіріміз сонан соң сөйленеді!

- Жауап берсін, өзін тексерсін! -деп тағы екеуі айқайлап жіберді.

- Ахыметқан «жолдастарыңыздың» мені Хупыңға қосу үшін қойып отырған дәлелсымақтарының бәрі жала! -дедім қайта түрегеліп. - Менің сөзімді қаншалық бұрмалағандығын білетін мына көпшіліктің алдында тіпті ашықтан-ашық жала. Бірнеше науқан әбден дәнігіп семіріп алған, беті өте қалың жала. Мұндай қалың батпаққа кетпеннен басқаның күші жетпейді. Бұған менің қайтаратын жауабым жай жауап емес. Кетпенмен құралданған жауап болуға тиісті. Кетпендеп ашамын мұндағы мәселені. Бүтіндей қарсы факт қойып, қарсы күрес ашамын. Одан мына науқанымызға жаман әсер жететіндігі сөзсіз. Сондықтан партия группасында ғана сөйлейін! Қазір менен жауап сұрамай, әшкерелейтіндеріңіз болса әшкерелей беріңіздер!... Гүлниса жолдас! -деп қалыппын сонан соң. Көпшілікпен бірге күліп отырған жиын хатшысына қарадым. - Менің осы пікірімді толық жазыңыз!

- Жолдасыңызды тауып жолдас деңіз, жолдас! -деп шаңқ ете түсті хатшы әйел. Ұйғыр тілінде өзінің жұбайын «юлдаш(ым)» деп атайтын әдеті бойынша шамдана қалды. - Мен сіздің жолдас емес!

Бұл сәтсіздігіме көпшілік ду күлді.

- Немене күлкі! -деп зірк ете түсті Сымайыл орақ ауыз. Көпшілік тына қойды. Сымайылдың ойнақтап кеткен тасыр көзі менің басымнан аса шақшиды. - осы жиында қойылған мәселеге осы жиын мүшелерінің өзі жауап алады! Қалай дейсіздер, жолдастар? -орақ ауыз осылай сапылдасымен серіктері сақылдай жөнелді.

- Жауап берсін, жауап берсін!

- Биғабіл Хупың бізді қорқытпасын, жауап алмай қоймаймыз!

- Хош, біздің бұл төңкерістік әрекетіміге жаман әсер тигізіп көрші қане! -деп Рузы күзетші түрегелді. - Жиынымызды бұзатын өнеріңді көрсетші, қане! Кетпенің мен балтаңды шығаршы, қане, көріп алайық!

- Мен ол кетпенді ештеңе түсінбей бақылдап тұрған сіздерге емес, төңкерістік мына науқанға да емес, басшыларыңа ғана көрсетпекпін. Біздің арамызда қайталап өніп тұратын апаттардың бір тамырын партия группасының алдында қазып көрсетіп қоймақпын! Осыны да түсінбейсіздер ме?

Бұл сөзіме Сымайыл орақ ауыз бастатқан үш-төрті аңыра қарап тұрып қалды да, Рузы ахұн сәл бәсеңдеу үнмен сұрады:

- Олай болса, науқанға жаман тәсірі тиеді дегенің не сөз?

- Мәселен, мен әлгі айтылған қалың батпақты қазғанымда Лижурынның бетіне шашырайтыны сөзсіз. Ал, Лижурын қазыр партгруппасының уақыттық секретары. Осы науқанды жүргізіп отырған бірден-бір бастық. Басқарушының бетіне батпақ жабысқанда науқанға әсері тимей қала ма! Мен осы науқанды сондай нәжестен аяп сөйлемей тұрмын. Кешіріңдер! Мен жеке жерде партия группасына ғана сөйлеп берейін!

Партияның Әбілемит бастатқан бірнеше мүшесі Лижурынды қоршап күбірлесе қалып еді. Жаңа келгендігінен ғана сөз қатыстырмай отырған Ынтықбай зіркілдеп жіберді осы сәтте:

- Партия группасына жауап беруіне не себепті қарсы болдыңыздар осынша! Мекеменің ең негізгі басшылық ұйытқысын, партияның мекемедегі өкілдік ететін орынын танымайсыздар ма? Иә, партияға бағынғыларыңыз келмей ме?

- Жоқ, партия иәшейкасын таниды. Мәселе мынада, - деп Юсуп Қасым көпшілікке әдейі естірте жауап берді оған. - Партия группасында үстінен пікір түскен жолдастың жоққа шығару, қарсы пікір айту құқығы болады ғой. Ал, мына науқан жиынының принципінде үстінен пікір түскен азаматтың қарсы сөйлеу құқығы болмайды. Бұлар сол принциптен пайдаланып, жойғысы келген «жауларын» осы залда жөндеп алмақ!...

Маған төнген мықтылар айқайдан мүлде қалды. Зал жым-жырт. Жиын төрағасына бірдеме деп қолын сермей салған Әбілемит сыртқа шыға жөнеліп еді. Меңгерме бастығының артынан қарап қалған Лижурын орнынан күрсіне түрегелді.

- Бүгінгі жиын осымен тоқтады. Қазір өзді-өз бөлмелеріңе қайтып, пікірге-әшкерелеуге дайындала беріңдер, ертең жалғастырамыз!

Мекемеміздегі партия группасының Уаң фамилиялы жөндемі секретары Кулиге емделуге рұқсат алып, орнына осы хатшылар бөлімінің балстығы Ли Журынды уақыттық сайлап кеткен болатын. Науқан жиынын тарата сала секратар бөлмесінің есгіін ашып, партия группасын кезектен тыс жиынға шақырды. Мүшелерінің санын жаңа келген Юсуп Қасым мен Ынтықбай он бірге әрең толтырыпты. Өзара біраз сөйлесіп алған соң шақыртты мені. Қақ төрдегі орындықта секретар столында шашын құйын соққандай дудыратып Ли журын отыр екен. Мен кіріп келгенімде, шектерірек бір орындыққа отыруымды нұсқады.

- Бұл реткі жиынымыз Биғабіл жолдастың талабы бойынша кезектен тыс шақырылып отыр, -деп бастады Ли Журын сөзін. Бұл бөлмеге кірісімен «жолдас» аталғаныма жымиып отырғанымда, жолдастықтан қалдыратындай сөзді тағы шығарды. - Бұл жолдастың өзінің үстінен мәселе әшкерелеушілерге көрсеткен позициясын өздеріңіз көрдіңіздер. «Партияға құл керек пе, жолдас керек пе?» деп айқайлауға дейін жетті. Партияның әрқандай дәрежелі мүшесі Жұңго компартиясның абыройына нұқсан жеткізетін мұндай ұран көтермейді! Ал, өз үстінен пікір көтеріліп жатқанда мәселе қойған сол көпшілікке жауап беруден бас тартып, мекеменің партгруппасына ғана жауап беруге сіресіп алуы да дұрыс кадрдың ісі емес. Комунист сыннан қорықпайды. Талабы бойынша сөзді енді Биғабілдің өзіне берелік. Қазірше отырып сөйлесін. Егер бұл группада мәселесін жасырып кетпек болса, бәрі-бір көпшіліктің алдында қайта шығаруға мәжбүр боламыз. Ұқтың ба, Биғабіл, қане сөйле!

- Мен көпшіліктің алдында сөйлеуден бас тартқан болсам, қазір-ақ анықталады. Асықпаңыз, осы сөзіңіз де жауапсыз қала қоймас! Науқан жиынындағы жауабымды жақсы ұқпапсыз. Аударуда жаңсақтық болды ма екен! Солай да, мені түсіретін тор тоқуды ғана ойламай, жауапкерлікпен, ықылас қойып тыңдауыңызды талап етемін! Тілмаш жолдас, секратерға осы сөзімді бір жеткізіп қойыңызшы! -Ханзуша, ұйғырша, қазақша тілге жетік сібе тілмаш аударғанда өзім де тыңдап отырып сөйледім. - Үлкен жиында менің үстімнен Ахыметқан Путынжаңнан басқа ешкімнен «факт» түспегенін білесіздер. Демек, менің барлық әшкерелеуші талапкерім де осы бөлмеде, осы жиынға қатынасып отыр. Сыртта менің үстімнен пікір көтеретін басқа ешкім қалған жоқ. Сөзім қате болса, өзінше бұрмалап, өтірік қоссам осы жерде айтып, бетіме түкірсін! Егер өзі тағы бұрмаласа мен де енді кешіре қоймаспын! Осыны бір жеткізіп қойыңыз, тілмаш!... Мен енді түсінікті болу үшін Ақыметқан екеуіміздің арамыздағы мәселеден бастайын. Былтыр күзде Абыланың жасырын пышақталуы жөніндегі тергеу күшейген шақта, «кісі өлтіру шайкасы» деп аталғандар қамалып жатқан шақта, мен де бір рет тергеуге түстім. Содан екі-үш күн өткенде Ахыметқан Путынжаң мені қонаққа шақырды. Әңгімеміз былай басталды...

- Мұны сөйлеудің не керегі бар! -деп тыжырына қалды Ахыметқан. - Әбілемитті көзімен нұсқап, оның алдында мұны сөйлеме дегендей басын шайқап қалды. Мен сөзіме осынысын да қостым.

- Секретар, мына әшкерелеуші белсендіңіз күрестегі Хупыңмен ымдасып отырғанын көрдіңіз бе? -деп қарқылдай күліп едім, қызарақтай ескертті Ахыметқан:

- Жолдастарды бір-біріне өшіктіріп, арандатпай-ақ, өз мәселеңе жауап берсең болмай ма! Тіпті ұлттар ара өшпенділік салмақсың ғой!

- Кетпеннің басын бассаң, сабы тұмсығыңа тимей қайда тимек! Сен жала жабуға дейін жеткенде мені шынын да айта алмайтын ынжық деп білгенбісің? -деп ашына жалғастырдым сөзімді. - Менің кетпенмен қазамын дегенім осы болатын. Маған жапқан алдыңғы екі жалаң сондағы сөзден бұрмалап жасалған жала екендігін ұмыттың ба? Сол пәлеңнен осы факттерді ашпай қалай құтылмақпын!... Қонаққа шақырып алып сөйлеген Ахыметқанның сол сөздерін қазірше қысқартып қана баяндай тұрайын. «Кісі өлтіру шайкасы» деп аталып сол қамалғандар жөніндегі көзқарасын Ахыметқан маған былай сөйлеген: «бізге партиядан басқа мидың да, көздің де қажеті жоқ. Бұл мәселеден қамалғандардың ешқайсысын ақтаушы болма, партияның ыңғайына қарап, алдына түс те, түйсінгеніңді де, күмәніңді да дәлел етіп сөйлей бер! Ақтауды да, қаралауды да партияның өзі біледі!» - осылай сөйлеп пе едіңіз «Ақсақал», мен өтірік айтып қойдым ба? -деп сұрадым. Ахыметқан үнсіз тоңырая түсті. Мен сөзімді жалғастырдым. - Сондағы Ахыметқанның осыншалық пассив үгітіне қарсы былай жауап қайтарғанмын: «Партияның әрқандай мүшесі мұндай жауапты мәселеде шындықты іс жүзінен іздеуге борышты. Партияның менен күтетіні сенім ғана деп көзді жұмып қостай салуға борышты емес... Партия ұйымы сізден ондай мүриттік үміт күтпейді де! Ал, соқырша шұлғи салуыңды күтетін кейбір кадрлар компартияға өкілдік ете алмайды!» -дегенмін. Осы жауаптарымнан Ахыметқан мынадай сұрақ шығарып кіжінген сонда: «демек, партияның ұйғарыма бойынша қамалса да, осы қамалып жатқандарды түгел ақтаған екенсің ғой? -деген.

«Абыла пышақталған түні тойға қатынасқандардан қақпа сыртына ешкім шықпағанын дәлелдеп ақтағаным рас» дегенімде, Ахыметқан, міне өзі отыр, маған қаһарын төгіп шыға келген болатын.

- Жоқ, қаһар төккенім жоқ, пікір ғана білдіргенмін! -деп Ахыметқан шалқалай түсті.

- Ал, қаһар төкпеген-ақ болыңыз, мақұл! - күліп жібердім мен. - «Япырай, балақай-ай, өте бір қатерлі жолға түскен екенсің-ау!» дегенсіз, солай ма? -«Шындықты іс жүзінен өзі-ақ табатын ұлы партия мен үзеңгі қағысып, іс жүзінен оған қарсы шындық табамын деп қарсыласуға дәтің қалай жетті екен!» деп тітірегенсіз, солай ғой?... Ашығын айтайын, Ахаңның осы надандығына қарсы түсінік бермесіме болмады, жолдастар, сондағы берген түсінігімнің дәл өзін бұзбай сол бойында оқып берейін, бәріңіздің де жазып алып тексерулеріңізді үміт етемін! Маған «Ахаң» жапқан жаланың ең негізгісі осы сөзімде болғандықтан түгел жазып алуларыңыз, ақ пен қараны анықтап ажырату үшін өте қажет! Хупыңның сөзіне ұқсату үшін осы ақсақалымыздың қаншалық бұрмалағандығын осыдан көресіздер!... Бұл түсінік Ахаңның жаңағы, «дәтің қалай жетті екен» деген күйінішті сөзіне жауап ретінде айтылған.

«Бізге ондай жүрек пен ондай діт берген, пікір айтуға құқық берген сол ұлы партияның өзі! Тегенде осы партияны ұлы дей алатын сеніміңіз болса, көзді жұмып шұлғи беруімізді талап етеді деп ойламаңыз! Мүшелеріне өздерінің көзін де, миын да керексіз етіп, адамша көрмей, адамша ойламай мүрит болуды үйретеді деп қорлай көрмеңіз! Егер мүшелерін осылай тәрбиелейтін партия болса, ол партияның өзі де көз бен мидан айрылған кеуек бас болып қалар еді! Олай болатыны, партия дегеніміз - бір үлкен мақсат жолында біріккен сол жекелердің құрамы. Ол, партия ұйымы орналасқан там да емес, бір ғана құқықты бастығы да емес, мықтап ұйымдасқан осы коллектив!» дегенмін. - Мінеки мені Хупың етіп «сайлатып» - қателестіріп отырған сөзім осы ғана. Асты сызылған сөздерімді тұтас денесінен қалай үзіп, қалай илеп, қандай уға айналдырып отырғанын көрдіңіз дер ме!

- Енді ойлашы, осы сөзің у болмай, бал болмақ па, тексеріп көрейікші, қане! -деп Ахыметқан ұшып тұрды.

- У болса да, бал болса да, партия группасындағы сенен басқа жолдастар айырады. Талқылап, ақ-нахағын тексерсін деп баяндап отырмын. Сенің бағаң науқан жиынында айтылып болмады ма!... «Партияны көзбен мидан айрылған кеуек бас дедің», «Маужуши компартиядан басқа адам дедің», «компартия деген бір идеямен біріккен емес, құрама дедің» деп бұрмалағаныңда бетің бүлк етпеген ғой!... Қазір өз сөзімді өзім бұрмалап отырған болсам ғана сөйлейтін еркің бар! Иә, толықтап қайта сөйлеп бер деймісің?...

Ахыметқан сылық етіп шалқалай қалды да, Әбілемит мырс етіп күліп жіберді.

- Рахымет, Биғабіл жолдас! -деп күрсінді сонан соң. - Ахыметқан жолдасқа берген бұл түсінігің партияның недәуір көп мүшесіне зәрулі сөз екен!... Ал, қалған сөзің болса... неқадар қалтырмай сөйлеп шыққаның жақсы!

- Менің өзіме түскен мәселелерден ендігі қалғаны -Ахыметқанның жекеге табынуға қарсы әрекеттегі сөзіме жапқан жаласы ғана. Менің ондағы «егер жекеге табынушыларға тиым салынса, табындырушысының өзі халыққа табынар еді» деген сөзімді «партияның өзі халыққа шоқынар еді деді» деп бұрмалаған. Мұнысы мені құйға батыра алмайтын жала болса да, құйрығының қаншалық көтеріліп, қаншалық басынғандығымен ашындырды. Ондағы сөзімді осы отырған бәріңіз де естіп, толық ұққансыздар. Бәріңіз де қарсы алғансыздар ғой!... Табындырушы деген сөзді партия деп көпе-көрнеу бұрмалағандығына өзімнен басқа ешкімнің түзету айтпай үндемей қалуы тіпті ашындырады. Егер жекеге табынуға қарсы науқанды жоғарғы жақ қате деп жарияламаған болса, сондағы дұрыс майданда тұрып сынды пікір көтергендерден өш алғысы келгендерді мықтап түзету, төңкерістік шарт!... Олай болатыны, науқанда дұрыс пікір көтерушіден өш алу деген кері төңкерістік әрекет!

- Сіздерге ендігі мәлімдейтінім мына Лижурынның үстінде. Бұл кісіге мен бірнеше сұрау қоймақпын!..

- Бұл кісіге сұрауыңды кейінірек қойсаң қалай? -деп Ынтықпай күбірледі. - Алдымен Ахаң екеуіңнің араңдағы мәселені айырып алғанымыз жөн шығар!

- Жоқ, бәрі біртұтас мәселе. Түгел баяндайын да, партгруппа талқысына тастап шыға тұрайын!... Ли шужи, -деп шақыра қарадым оның жүзіне. - Ендігі пікірім сізге қаратылады: жекеге табынуға қарсы науқанда мен атын атамай, Ахыметқанның үстінен сын көтергенімді әрине ұмытпаған шығарсыз, сол күннің кешінде сіз осы бөлмеге мені шақырып алып, айтқан насихатыңызды есіңізге түсіріңізші! Сол сөзіңіз түгелімен Ахыметқанды ашық сыннан, өзін-өзі тексеруден құтқарып қалу үшін сөйленді, солай емеспе?

- Ол сөзім, ісімізді сол науқан жөніндегі жоғарғы жақтың белгілеп берген көлемінен асырып жібермеу үшін ғана сөйленген. Жоғары жақ ол науқанды сынның шектен асып, күреске айналып кетпеуін тапсырған!

- Сонда да жекеге шоқынушылар сындалмасын, жекеге шоқынушыларға түзету берілмесін, өзін-өзі тексермесін, тіпті оның мәселесі мәселе ретінде қаралмай аяқсыз қалдырылсын демеген шығар? Жоғары жақтың сізге берген жол-жорығы әлде газет-журналдарға бсылған жол-жорығынан басқа жол-жорық па еді?

- Биғабили жолдас, мұны жоғары жақтан сұраңыз! -деп Лижурын қызарақтай күлімсіреді. - Бұл мәселені жоғарғы жақтан Хупың да сұраған, онысы үшін ешкім кіналамаған, сіз де сұрасаңыз болар!

- Хұп, Хупыңның өзінен түрмеде сұрай жатармын. Жоғарғы жақтың алты жүз миллион халыққа жариялап қойған газетіне сенбей, өзінен қайталап сұрауым, барып тұрған арсыздық болар!... Сізге енді бір сұрауым, Ахыметқан екеуімізді сол «ынтымақтастыру» насихатыңызда маған: «сіздің сыныңыздан Ахыметқан жолдастың өзі де жақсы әсер алғанын айтты» дегенсіз ғой. Жақсы әсер алса, осылай бұрмалап, осындай жала жауып, осылай өш алуға кірісе ме? Шужи басыңызбен не үшін өтірік айтасыз?.. Сол жерде тағы да: «Ахыметқанның мен сындаған мәселесінің не мәселе екендігін, кімді жағымпаздықпен алжастырғандығын өзінен анықтап сұрадыңызба?» -дегенімде «сұрадық, сұрадық, бәрін де сұрадық. Ахыметқан жолдастың өзі де мойындады!» дегенсіз, қане мойындағаны? «Партияның адал бір кадырына шабуыл жасады» деп мені қазірге дейін жұтып жібергісі келіп отырмай ма! Ал, оның айырым мәнсаптыларды ғана «партия» деп санайтындығын, «Ахыметқан жолдас партияға ғана табынамын дейді, мұнысы жақсы ғой!» дегеніңіз - қанша бирократтың ұжданы жететін ақтау? Сын айтушының ашынарлық дәлелі, көпшіліктің ашулы айқайы құлағыңызға ілінбей, Ахыметқанның сыбырының ғана жүрегіңізге сіңіп ала жөнелетін себебі не? Сіздің көзіңізге басқа қызметтестеріңізден оның несі артық көрінеді?... Жағымпаздығы, құлдығы, мүриттігі емес пе!...

- Сіз артық кетіп барасыз! -деп секретар столын түртіп қалды.

- Артық кетсем артынан көрерсіз, сабыр етіңіз, секретар! Өзіңіз айтқандай «коммунист сыннан қорықпайды».

Бұл сөзіме Әбілемит бастатып бірнешеу күлгенде, ұялғанынан өзі қаттырақ күлді. Сонысы үшін мен де күле жалғастырдым сөзімді.

- «Ахыметқан жолдас партияның жақсы мүшесі, Биғабили жолдас, сіз де жақсы, бір-біріңізге шабуылдамаңыздар!» деп аяқтаған сол насихатыңызбен сол науқанды аяқсыз қалдырғансыз ғой! Ал, осы науқанда сол жақсы мүшеңіз бүтіндей жала жапты. Мен оның үстінен партия группасына шағым айтқалы келіп отырғанымды білесіз. Біле отырып-ақ, осы жиында алдымен мәселе анықтаудың орнына менің үстімнен күрес ашудың қамына кірістіңіз!.. анықтап айтқанда жиын ашу сөзіңіз, ақ-нахақты айырғысы келетін секретардың сөзі емес, мойнына арқан салудың сөзі болып шықпады ма! Маған көзіңізді аларта бергенше, сол сөзіңізді группа жиынның мына естелік дәптерінен қайта оқып көріңіз! «Тексермеген адамның сөйлеу құқығы жоқ» деген Маужушидың нұсқауы қайда қалған! «секретардың орнына отырып, не сөйлесем де Жұңго компартиясының аузынан шыққан сөз бола салады, мына мүрит жолдастар мен жаққа ауа салады да, мына элементтің аузын буа салады» деп мынадай мүриттен әбден дәніккендегі сөзіңіз ғой бұл, ие, солай емес пе! Олай болмаса үлкен жала жабылып, партияның әділдігіне жүгінуді талап етіп келген адамның үстінен мұндай үкім шығаруға не құқығыңыз бар еді!

- Қане жолдастар, менің қылмысым қаншалық екендігін енді талқылап, тексеріп-өлшеп көріңіздер! -дей сала түрегеліп есікке беттедім. Мына екеуі мойындамай, менен қайталап сұрайтын мәселе шықса, өз бөлмемнен табыламын! -дей кеттім.

Сол күні түстен кейін де, кеште де мені іздеген ешкім болмады. Әр іңірде жаңа отауға келіп,Күләнмен көз сүзістіріп қайтатын Ынтықбай да келмеді. Мақпалдың үйге қайтпайтын кеші. Қуанышымызды да, мұңымызды да ортақтастырып өскен Күлән екеуімізге оңаша тиді сол кеш. Мұндай қонақсыз кештің тағамын Күләннің үйінен шетінмін. Ынтықпай әлі де келіп қалар дегендей, өзі әкеліп дастарқан жасады. Менің орындығыма бүйірлесе тақау тұрған орындыққа Мақпалша келіп отыра кеткенде, тіземіз тиісе қалды. Екеуіміз де сезгенімізбен, елеңсіз жақындығымыз, есепсіз достығымыз еді бұл. Тамырлары бір болмаса да жабысып, етене егіз өскен екі түп қайың сияқтымыз. Жағынысумен жалғасуды ойға да алмайтын мұндай пәк сүйіспеншілік, тең-тұстығы жарасқан екі жыныстың жастарында сирек кездесер-ақ!... Ие, Мақпалдың табылуынан үмітім үзіле бастағанда, осы тізесі мен осы білегі от болып та сезілген ғой маған. Сол кезеңде денесін осылай тиістіріп алудан бір шақ сақтана қойған осы келіншек, қазір менен бой тартуды ескеретін емес. Бүгін тіпті келісіп жасаныпты өзі. Біздің белсенділеріміздің «сырапқорлық» деп тыржия сындайтын иісмайды да көбірек құйыныпты. Тегі бұл кеш Ынтықбай екеуінің күткен тарихи кезеңдік кеш болса керек деп ойладым.

- Күләш, мен бір сыр сұрасам, шыныңды айтар ма едің?

- Сенен қашан сыр жасырып көріп едім!

- Ынтықбай екеуің қалайсыңдар қазір?

- Не қалайын сұрайсың? -деп Күлән сықылықтай күлді. - Өмірлік келісім оңай таныстықпен жасалса, оңбайтындығын Ынтықбай екеуіміз білетін «балалармыз» ғой!... Енді-енді танысып келе жатырмыз.

- Танысып болғанша бастарың тақырланып кетер ме екен деп қорқып жүрмін. Айтып едім ғой өзіңе, саған қастық ойлаймын ба, бұл жігіт бақыты - сәл орталау қызға табыла қоймайтын жігіт!

- Мен туралы оған да осыны айтып жүргеніңді білемін. Көріскелі бір айға толмай екеуімізді бір қазыққа арқандағандай, бір-бірімізге қараттың да қойдың!... Енді өтінерім, бірімізге-біріміздің кемшілігімізді де адалдықпен таныстыр, әсіресе менің кемшілігім туралы үстемелеп сіңірші оған, тым болмаса асықпай сынап көретін ойға келсін!

- Асықтырып жүрме сені? -дегенімде тұқыра күлді. - Өзім көргеннен бергі Күләштан титтей кінәрат таба алмасам, немді айтамын оған! -дегенімде күрсініп жіберді.

- Маған келгенде үлкен көзбен, зор кешіріммен қарайтыныңды білемін ғой, Биғашым! -деп қалды да, қызғыш тарта түйілді. - Өзің солай түсінсең... солай-ақ болсын, бірақ мені Ынтықбайға ондай кешіріммен таныстырма, неғұрлым кемірек таныстырсаң әділдік болады. Кейін мен оның ойлаған жерінен шықпай қалып жүрмейін!

- Өзіңнің одан байқаған мінің бар ма?

- Бұрын... оқушы шақтарыңдағы саған істеген теріс азулығынан жасырынып қалғаны болмаса...

- Пәле, - деп қарқылдап күлдім. - Мәселен, сенің өзіңнің он алты жасыңда Мұсатайға соншалық тез алданғаныңды қазіргі мінің деп есептесем, менің кім болғаным!... Оның балалық-тәжірибесіздік қана емеспе еді. Ал, ол шақтағы Алтай тауының ақсақалдық бесігінен басқаны көрмей келген Ынтықпайға да сол мін әлі жабысып жүр деп ойлаймысың, одан бері ол екеуіміз не көрмедік! Содан бір жыл өтісімен-ақ надандықтың ол торын быт-шыт етпедік пе! Мынауың, басқа мін таба алмағандықтан ғана тапқан әсіре талғампаздық жал ғой!

- Ие, солай-ақ шығар. Маған мұндай күмән ойлатқан Мұсатайдың жылымдығы мен Бердіқұлдың зұлымдығы ғой, басқа негіз жоқ. Шындығында мен оның бұрын сөз беріп қойған тағы біреуі болып, маған көрсе қызарлықпен көз тігіп жүр ме екен деп қана шектелемін.

- «Көз тігіп» демей, «сүзіп» десеңші, екеуің қарасқанда тұп-тура сүзісуге ыңғайланғандай көрінесіңдер. Мақпал екеуіміз қорқып қаламыз. Екеуіңнен нағыз қызылқасқа бұқа туар-ау!

Күлән желкемнен қойып жіберіп, шек-сілесі қатқанша күлді.

- Сөйтіп, өзіңе сайма-сай, жақсы жігіт екендігін мойындадың ғой? -деп сұрадым күлкіден тоқтаған шағында.

- «Сайма-сай» ғана емес, өзімнен әлдеқайда артық екендігін мойындаймын. Сенімен жанқияр дос болып шығуынан да белгілі ғой. Көп шекісіп, көп тартысып жүріп, ұзақ сынасып жүріп достастыңдар ғой, ол жайларыңнан да хабардар болатынмын.

- Ал, мына соңғы күмәнға қалай келдің? .. Қандай негіз бар?

- Бұл күмәнға да сен негіз болдың... Аңырасың ғой, ұмытып қалдың ба?.. Егер осы Нұрияшың сол дерексіз қалпында тағы екі ай кешіккенде қалай болар едің?... Сонда мен алды-артыма қарамай, өз басымның арманын ғана күйттеп, саған көне салсам, екеуіңнің табысар жолдарыңа өскен ақтікен болар едім ғой, өмірлік өкініштеріңе себеп болып, обалдарыңа қалмас па едім!... Әсіресе аумаған Нұрияшымның өзін сорлатқаным, ішімнен жегідей жеп, өзімді де сорлы етер едім ғой!... Тойларың болып, Нұрияшың тіріліп, ән салып тұрғанда сол сабырыма қаншалық сүйініп, бақыт теңізінде қаншалық жүзгенімді сездің бе?... Ал, Ынтықбайдың артында қандай Нұрияштың жатқанын кім білсін, енді оның обалына қалмай, тағы да сол сабырыммен сақтанып, күте тұрайын дегенім болатын.

- Бүгін ерекше жасаныпсың ғой, есін шығарып, сонысы болса, ұмыттырайын дегенің емеспе?

- Ондайының жоқтығына кеше бір рет ант берген.

- Е, олай болса, бүгін...

- Қойшы! -деп серпіліп тұрды орнынан.

- Ал, Ынтықбайдың бүгін не себептен келмей қалғанын білемісің? -деп бастап, әңгімені өз ахуалыма бұрдым.

Партия группасының сол жиыны кеше мен кеткен соң керіске айналғанын ертеңіне естідім. Керіс болғанда да, Ахыметқан мен уақыттық шужидың маған істеген ісін ашық қастандық принципіне көтеріп, кергілеген керіс болыпты. Төрт ұйғыр, екі ханзу, бір қазақ, бір қырғыздан құралған сегіз мүше факт жағынан қаншалық тықсырса да, ол екеуі «ашық қастандық» қалпағының астына кірмей қойған екен. Түн ортасына дейін созылған сол жиын ертеңге қалдырылып, тиянақсыз тарапты.

- Группа жиынын Әбілемит бүгін парткомнан өкіл шақырып жалғастыратын болды! - деп күбірледі Ынтықбай.

Науқанның залдағы жиыны таңертеңгі өз уақытында ашылса да, өрекпімей-өзеуреспей аяқтады бұл күні. Ли журын мен Ахыметқан маған сөйлеуден тәубаға келгендей, бетіме қараудан тайсақтап қалғандықтары байқалады. Хупың идеясы жөніндегі басқаларға ауып, шымшуырсыз, қыспақсыз, шәкене сөздерімен ғана жылжып-жылжып, ағып қана өтті. Партия группасының кешке жақын қайта ашылған жиынына өлкелік парткомнан Нюханбең келгені естілді. Партгұрппадан маған жауап шықпағандықтан өз бөлмеме - қызметіме барып отырып едім. Жарым сағаттан кейін Нюханбең шақыртыпты. Секретар бөлмесіне кіріп барғанымда, ол түрегеліп қолымды алса да, үстіңгі ернінен асып тұратын ұзын мұрны жыбыр қақты. Мені иіскелеп тұрғанын сезіп, «мен де иіскелеген порымға келе қояйын ба» деген оймен күліп жібере жаздадым.

- Биғабили жолдас, партгұрппа жиынына пікір беріп жүр екенсің, бүгін неге қатынаспай қойдың? -деп ол күлімсірей сұрады.

- Кеше қатынасып, барлық «қылмысымды» баяндап болғанмын. Енді осы жолдастардан үкім күткеннен басқа жұмысым жоқ.

- Бүгін мен де естиін, қайтадан сөйлеп бер!

- Қайта сөйлеуден нервім қозады. Мына екеуіне жараланған жолбарыс, құтырған хупың болып тиісуім мүмкін. Ондай болуымды көргіңіз келсе, сөйлейін!

- Неғұрлым солай, ашық сөйлегенің жақсы! -дегенде Нюханбеңнің мұрны тіпті жыбырлап еді, бір ханзу жолдас күбірлеп оған қарсы ұсыныс қойды:

- ... Ол сөйлеп болған, ұзақ оқиға... барлығын біз білеміз. -деген мағына естілді.

- Мәселені мына халыс жолдастардан ұғасыз! -деді Әбілемит, қалғандары да осы пікірді қостаған. Ыңғай білдіріп, «Биғабіл жолдас бүгін де қатынаспасын!» дегенге келіскендей болды.

- Толықтап қайта сөйлеп берейін бе, ей? -деп Ахыметқанға қарадым мен. Ол қауқалақ қақты:

- Жо-жо-жо, көпшілік айтты ғой, менде басқадай пікір жоқ!

Көпшілік күліп жіберді «Футынжаңның» бұл аужайына, Нюханбеңнің мұрны Ахыметқанды тінтігендей жыбырлай берді.

- Түгел қосыласыңдар ма бұл пікірге? -деп алып, сонан соң Лижурынға қарады. Оның бас изегенін көріп, өзі де изектеді. - Биғабили жолдас, олай болса, менің мына пікірімді жақсы тыңдап, ойланып көр! Тегінде сын-пікір дегеннің барлығы дұрыс бола бермейді. Бәрі дұрыс болса, социялизм әлдеқашан құрылып болмас па еді, ха-һа-һа-һа.. Кей біреу білмей, қате мәселе қойып қалады. Қатесін білген соң түзетеді. Өздігінен кешірім сұрайды. Жақсы жолдас болып кетеді. Маужуши айтқан ғой, егер сынның бес проценті дұрыс болса, сындалушы шын жүрекпен қабылдауы қажет, одан зиян жоқ. Ұқтың ба, сын берушіні жау көретін адам коммунист бола алмайды. Солай емес пе?

- Солай, сын жақсы, сын достың пікірі, -дедім мен - сын түзелмей мін түзелмейді. Сынды көтере алмаған адам коммунист бола алмайды. Ал, жала жабу деген сын емес, жаланы жау ғана жабады. Жауға кешірімшіл болған адам тірі жасай алмайды. Мұны сіз де ескеріңіз!

Тұмсығын бұраңдата күліп, Нюханбең қалды да, мен шығып жүре бердім... Жолдастардан күліп қана көп пікір тыңдап, күліп қана аз сөйлеп, Нюханбең қайтты. Барлық нұсқау жолдастар ара татулық-ынтымақ қана екен. Содан екі күн өткенде мені Ли журын шақырып, Ахыметқанның пікірін білместіктен қолдап қойғанын айтып, кешірім сұрады. Осынысын көпшіліктің алдында сөйлеуін талап етіп мен шықтым. Ал, Ахыметқанның шақыруына мүлде бармай қойып едім. «Хупыңға қарсы тұру» науқанын қортындылау жиынында өзін-өзі тәп-тәуір сындады. «Көп білімі жоқ» екендігі мен «өзі біледі деп сенетін кей білікті басшылардың пікірін партияның пікірі деп қабылдай салатындығын» ептеп тиіп қашып қана сөйлеп шықты. Көпшілік алдында жыртылған абыройсымақтарын қайтадан жамап-құрап алу үшін мұны бұлай сөйлеткен Лижурын еді. Өтірік болсын, шын болсын, оңашада қауқалақтай берген соң, «Ахаңды» мен де кешірдім. Мұнан соң тату болуға келістік. Бірақ, содан екі-үш ай өткенде тағы бір «сәті» түсіп, тату бола алмай қалған жайымыз болды.

1954-ші жылдың жаз соңына таман «Шинжандағы шағын санды ұлттарға жерлік өзін-өзі басқару құқығын беру» саясаты жарияланды. Өлкелік партком әр ұлт зиялыларынан өкіл шақырып, пікір ала бастады. Біздің мекемедегі қазақтардан «зиялы» аталып шақырылғаны Ахыметқан ғана еді. «Қандай автономия құруды қалайсыңдар?», «Қай көлемде құруды талап етесіңдер?» деп сұрапты.

- Қазақтардан бүкіл өлке бойынша он шақты ғана екенбіз, -деп әлденеден ренжіп қайтты түстен кейін. - Маужуши мен партия қалай басқарса да өзі білсін, біздің ешқандай пікіріміз жоқ дедік, Биғабіл бауыр, қайсысы жақсы екенін сен білесің ғой, түсіндірші маған!... «Ұлттық автономия», тағы немене еді?... Иә, иә, «ұлттық териториялық автономия» дей ме, осыларының қайсысы жақсы?

- Білмеймін! -деп басымды жалғыз-ақ шайқап едім, қарсымдағы столда отырған Ынтықбай күліп жіберіп, қағазына үңіле тұқырды. Енді одан сұрады Ахыметқан:

- Сен айтшы шырағым, Ынтықбай, тегінде қажет бола қалғанда қайсысын таңдасақ болар екен?

- Аха, қайсысын таңдауды өз идеяңыз біледі. Бұлардың нендей мағынада екендіктерін ғана айтып берейін: ұлттық автономия деген ұлтқа бөліп басқару әдісі. Мәселен, қазақ ұлттық автономиясы болса, Шинжаңдағы қазақ халқын ғана басқаратын автономия.

- Олай болғанда, бастықтары ыңғай қазақтан сайланады деші!... Мынасы тәуір екен!

- Ие, солай! -деп мырс-мырс күлді Ынтықбай. - Басқа ұлттардан бөліп алып басқару машақаты болмаса!... Ал, ұйғыр ұлттық автономиясы құрылса, ұйғырлар басқарады.

- Құдай сақтасын, мынасы қиын екен! -деп тағы да күбір ете түсті Ахыметқан. - Ал, «ұлттық териториялы автономия» дегені қалай?

- Ол - жергілікті өзін-өзі басқару деген сөз. Белгілі бір жер аумағында жергілікті ұлттардың қайсысы көбірек сан ұстаса, соны негіз етіп құрылатын автономия. Мәселен, Шинжаң көлемінде ұйғырлар көп санды ұстайды. Сондықтан, бұл өлке бойынша ұйғыр халқын негіз етіп, басқа ұлттарды өз ішіне алған автономия құруға болады. Мұны Шинжаң ұйғыр автономиялы өлке деп атауы мүмкін.

- Ал, олай болғанда, сеніңше, Шинжаңның  Еренқабырға теріскейіндегі жарым жерін қаптап жатқан қазақтарға ешнәрсе тимейтін болғаны ғой?

- Жоқ, тиеді, ақсақал. Бүкіл Шинжаң өлкесі ұйғыр атындағы автономия болғанымен, соның ішінде қазақ түгіл одан әлдеқайда аз санды ұлттарға да өзін-өзі басқару құқығы беріледі. Мәселен, сібе, дағұр ұлттары делік, оның да көп санды ұстаған жерінде... аудан бола ма, район, тіпті ауыл ғана бола ма, белгілі дәрежеде автономиялық үкіметі құрылады деген сөз бар ғой!

- Е...е... солай де, бүйтіп ырың-жырың болғанша, сонысын сұрамай-ақ қойғанымыз жөн деші!..

Автономия жөніндегі кеңеске ертеңіне тағы қатынасқан Ахыметқан кешке жақын тағы кірді біздің бөлімге. Сұрғылт жүзінде апалаң-топалаң абыржу бар.

- Өй, тіпті сол автономиясын бермей қоймайтын сияқты! -деп бастады сөзін. - "Компартия болған соң болды бізге, бөлініп жеке әкімшілік құрмай-ақ қойдық» деп тағы соны айтып ек, зекіріп ұрсуға дейін жетті бір секретар. «Бұл, Жұңго компартиясы белгілеген саяси жол. Мұны атқармай қоймаймыз!» дейді. «Партия саясатын атқарасыңдар ма, жоқ па»дегендей қатал ажар көрсетеді. Ал, бізден басқа кей ұлт өкілдері, әсіресе сарттар тіпті желігіп алыпты. Жерге таласып жатыр. Қазақ халқының автономиясына тіпті Іле аймағын да бермек емес. Әр ұлт өз автономия көлемін кеңітсе, тым болмағанда, кадрлары көбейіп, қызмет дәрежесі өсетіндей пайдасы барлығын сол таластарынан ұқтым. Сондықтан, түстен кейін мен де түстім таласқа. «Егер солтүстік Шинжанды қазақ автономиясына бермесе, бүкіл Еренқабырға бойымен Құмылға дейін созылған қазақтарымызды төңкерістік үш аймағымызға көшіріп берсін, қазақ ұлттық автономия құрамыз!» дедім.

Ахыметқанның бұл сөзіне Ынтықбай екеуіміз шек-сілеміз қатқанша күліп отырғанымызда, сол кеңеске бізді де шақырған қағаз келді.

- Әб бәле, міне! -деді Ахыметқан. - Енді сарттардың ерік алдына қоймаспыз! Жігіттер, әйтеуір, қай жерде қанша халық, қанша қазақ барына сендер жетіксіңдер ғой, бір сүйем жер бермеңдер, жігіттер, «ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді»!

Әр ұлт «зиялыларын» әр залға шақырған екен. Қазақтан қырық шақты өкіл жиылған шағын ғана жиын залын Ахыметқан спеттес бірнешеу бастарына көтеріп даурығысып жатқанда жеттім. Ең кешеуілдеп барғаны мен екенмін. Сөйлеушілердің пікірлерін тыңдай келе даурықтың бірнеше ұйғыр зиялыларының қойған талаптарына ашынудан шыққандығы байқалды:

- Ең ыза болатын жерің, "қазақтар Алтай мен Тарбағатайда ғана" дейді, тыңдаңдаршы, жолдастар! -деп Ахыметқан көтерілді. - Шинжаң қазағының шығыстағы ең шеті Баркөл ауданы ғой. Сол ауданда неше сарт бар екен? Ал Морида, Шонжыда, Жемсарыда, Үрімжі ауданында, Санжыда, Құтыбида, Манаста, Сауанда, Шихуда қанша сарт бар екен? Бұлар сол аудандардың қала мен қалашықтарындағы бірнеше аспұзылшы, кауапшыларын ғана көрген. Тауы мен далаларында қойша қаптап жатқан қалың қазақты жоққа шығаруы неткен жолсыздық!

- Үй, Ақа, оны бүгін көріпті. Басқа естиярлары түзетіпті. Жоққа шығара алмапты. Енді болды ғой! Бірақ ондағы дүңгендерді сіздің де көрмей кетуіңізге бола ма! -деп біреуі күлді.

- Көрдік, оны да білеміз. Екі-үш қалашықты маңайлап жиы қоныстанған дүңгендер бар. Бірақ, сол аудандардың өзінде де жалпы санда қазақ көп екендігіне олар да дауласа алмайды. Ал, бәрінен де ашынарлығы міне: бір ғана Құлжа қаласындағы ұйғыр санына қарап, бүкіл Іле аймағын ұйғыр аймағы деуін қараңдаршы!... Тіпті, сол Құлжаның өзінің ауданы бойынша алынған санағына қаралықшы, қане, кім көп екен!... Қорытып айтқанда мен өзім Солтүстік Шинжаң тұтас қазақ автономиясына бөлінуін талап етемін!

- Мына кісінің мұздай тайғақ басына мүншалық ұлтшылдық қалай қоныстанған, үй! -деп қалжыңшыл жатыпарлар күлді де, көпшілігі бұл пікірге қосымша қосып, құптай жөнелді: Санжыдағы дүңгендер мен Бораталадағы мұңғұлдарға өз көлеміндегі аудандардан «отау тігіп беріп», солтүстік Шинжаңды қазақ автономиялы район етіп құруды ортаға қойды. Ахыметқан өрши түсті мұны естіп:

- Азаматтар, менің пікірімді әлі де толық ұқпай отырсыздар, мен тұп-тура ұлттық автономия талап етемін! Ұйғырстан құрмақ болып отырған мына Әбілемит әпенділердің қол астына солтүстік Шинжиаңды қаратуына қосылмаймын! Мұнда Бижінге төте қарасты қазақ ұлттық автономиясын құруымыз қажет. Олай болатыны, жаңа айттым ғой, Еренқабырғаның бұл өңірінде ұйғыр тіпті аз. Нанбасаңыздар мұндағы ұлттардан сан парқын толық білетін мына Биғабіл, Ынтықбай жолдастардан тыңдап көріңіздерші, әр ауданның оқу жасындағы балаларының ұлттық санақтарын осылар алып тұрады!:.

Өлкелік парткомның саяси-заң бөлімінен келіп, жиын басқарып отырған Жағай жолдас маған күлімсірей қарап, иек қаға сөйледі.

- Бұл өзі ұлттық жиын, мұнда автономия жөніндегі қандай талап болса да тартынбай ашық сөйлеуді партиямыз қадағалап-қайталап тапсырып отыр. Қане Биғабіл жолдас, Ахыметқан ақсақал куәлік сұрады. Сөз кезегі сіздікі:

- Мен сөйлесем, Ахаңа қарсы сөйлеп қоямын ғой, тойтарғандық болып қалмай ма?

- Осы залда не сөйлесеңіз де еріктісіз. Тек көшеде айқайламасақ болғаны!

- Олай болса, мен Ақаңа куәгер бола алмаймын. Себебі, өз пікірім басқаша. Алдымен айтып алайын: Ақаң талап етіп отырған «ұлттық автономия» дейтін нәрсе біздің елімізде, әсіресе, Шинжаңда жоқ сөз. Жоқ сөз болатыны, мұнда шағын санды ұлттардың сап-таза ұлттық автономия алатындай бір-біріне аралассыз қорған соғып қоныстанған бір де районы жоқ. Ал, араларына тізімдеп, ыңғай қазақ ұлтының ұлттық автономиясын құрса, оның үкіметі тек телефонмен ғана басқаратын телефон үкіметі болар еді. Солай болған күнде де, ондай күрделі телеофн бағаналары үшін Азияны түгел басып алмасақ, ағашымыз да жетпейді ғой!.. Көпшілік ду күлді.

- Ақаңның өзін сайласақ сымсыз телефонмен басқарар!

- Ағаш жетпегенде, иендегі әр қойшының үйіне ондай аспап қайтып жетпек!

- Осыншалық аспап сатып алуға Ақаңның шәші да жетпес!

- Бәле, тақыр жерге енді отырғыздың, Ақаңның басында шаш жоқ емес пе!...Һа-һа-һа...һа... мына ұзаққа созылған ажуалы күлкі Ақаңның тақыр басынан су, бетінен қан шығарды.

- Менің айтпағым қалжың-күлкі емес, жолдастар, шын сөз! -деп тоқтаттым күлкіні. - «Ұлттық автономия» дегеніміз - біз үшін мүлде мүмкіндігі жоқ, құрғақ арманның ғана автономиясы! Ақаңның бұл талабы - мүлде үйлеспейтін талап. Ал, «Солтүстік Шинжаң қазақ автономиялы районы» деп ұлттық териториялы автономия талап етсе, онысын тым лақпа талап демек емеспін. Себебі, бұл өңірде ұйғырдан қазақ саны көбірек екені рас. Партия осы түрдегі автономия құруға шақырып отыр ғой. Бірақ, Шинжаңдағы алты жүз мың ғана шамасындағы қазаққа төрт миллион ұйғыр халқымен бәс таласудың ешқандай қажеті жоқ: жер шарында ұйғыр халқының осы Шинжаңнан басқа жиі қоныстанып, атамекен деп аталған районы жоқ. Мен енді нақтылы өз талабымды қояйын: партиямыздың ұлттық териториялы автономия құруға шақырудағы негізгі мақсаты біреу ғана болса керек. Ол, ұлттар теңдігін іске асырып, тату-тәтті ынтымақты социалистік қоғам құрудың қызметін оңайластыру ғана. Ал, менің талабым, осы мақсатты толығымен іске асырудың ең оңай жолы, автономиялық территорияға, мәнсап-дәрежеге бұлай таласпай-ақ шешім табатын жолы ұлттарды шынайы теңдік-ынтымаққа жеткізудің тамаша, ең өміршең бір жолы, теңдік-ынтымаққа қарсы ұлтшылдықты қатал тергеуге алып, сын отымен жойып отыру, әсіресе зорекер ұлтшылдарды рақымсыздықпен тізгіндеу. Мұны баса айтатын себебім, егер аға ұлт адамдары зорекер ұлтшылдықтан уақыт-уақыт жуынып-тазарып отырса, шағын санды кіші ұлт халқы ағасын ұрып та құтыла алмайды, қашып та құтыла алмайды. Үлкен балық кішкене балықтың аузына симайды. Ал, біздің үлкен ағамыз, жер жүзіндегі кішкене балықтың бәрі жабылса да мойымайтын алып аға ғой. Сондықтан біздің елімізде ұлттар теңдігі шын мәнінде орнаса, ұлттар ара алалықтан келетін апат жоқ деп сендіре аламын. Бізге автономияның да, мәнсап-лауазымның да қажеті жоқ. Ұлттар ара кадыр-қызметкерлер ара теңдік жасасын!

Тыңдаушыларымның қолшапалағы шатырлай жөнелгенде маңайыма тінте қарадым. Ахыметқан мен қатарындағы төртеуінің қолдары ғана тізе құшақтап қалыпты. Танауларын тыжырып, ырсия қарасты маған.

- Ұлттық ар-намыс жоқ екен мынада! -деп «Ақаң» күбірледі де, мен алара қарадым. Жағай әркімнен пікір сұрастыра келе, қортынды сөзінде менің пікірімді қуаттады.

- Біз шын мәніндегі осындай теңдіктен басқа автономия талап етпейміз. Егер, алмаса болмайтын, шарт ретінде қойылған автономия болса, үлкен-кішілі екі ағаның өздері біліп берсін!

Көреген тергеушім, «қырсығы бар жігітті төрде отырғанда ит қабады» деген мақал бар ғой. Бұл жиынға қатынасушылардың түгелге жуығы менің пікірімді қуаттаса да, бір сұры төбеттің маған арс ете түскенін сіз де көрген шығарсыз. Өзі бұрын ұлттық зиялыларға қақпан құру кәсібімен сіздер жақтан жез қарғы тағынған төбет екен. Қожаларына мені жарып беріп, енді алтын қарғы тағынбақ дәмесі бар көрінеді. Дәнігіп алған қылмысты кеңірдегінен тіреп құтылғаныма жауапты бола қоймаспын!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


[1] Ғұнсұр (ұйғырша) - элемент.

[2] Бағыраз (ұйғырша) - түйсіксіз, жарымес.

0 пікір