Жұма, 22 Қараша 2019
Жаңалықтар 1764 0 пікір 22 Тамыз, 2012 сағат 08:19

Өскемендегі ең үлкен мешіт

Бүгін Шығыс жұрты көптен асыға күткен Өскемендегі Ертістің сол жағалауында салынған жаңа мешіт ел игілігіне берілді.

Көлемі жөнінен Астана қаласындағы «Нұр Астана» мен «Әзірет Сұлтан» мешітінен кейінгі орынды иеленетін имандылық үйінің ашылу салтанатына Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Дін істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шариф және зиялы қауым өкілдері қатысты.

- Бүгін - біздің өлке үшін бұл тарихи күн. Дінімізді, дәстүрімізді сақтау үшін осындай зәулім, салтанатты мешіт бұрыннан қажет еді. «Ештен кеш жақсы», осындай қуанышты күнге жетіп отырмыз, - деді мешіттің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Бүгін Шығыс жұрты көптен асыға күткен Өскемендегі Ертістің сол жағалауында салынған жаңа мешіт ел игілігіне берілді.

Көлемі жөнінен Астана қаласындағы «Нұр Астана» мен «Әзірет Сұлтан» мешітінен кейінгі орынды иеленетін имандылық үйінің ашылу салтанатына Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Дін істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шариф және зиялы қауым өкілдері қатысты.

- Бүгін - біздің өлке үшін бұл тарихи күн. Дінімізді, дәстүрімізді сақтау үшін осындай зәулім, салтанатты мешіт бұрыннан қажет еді. «Ештен кеш жақсы», осындай қуанышты күнге жетіп отырмыз, - деді мешіттің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Бұл мешіттің ашылар сәтін Шығыс жұрты ғана емес, жүрегіне иман нұры ұялаған еліміздің көптеген азаматтарының тағатсыздана күткені анық. Күтетіндей-ақ жөні бар. Өйткені, ғимарат құрылысы 2009 жылы басталған-ды. Қаржы жетіспеушілігіне байланысты құрылысы үш жылға созылған имандылық үйінің еңсе тіктеуіне Шығыс жұрты жұдырықтай жұмылды, бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай еңбек етті. Әсіресе, бұл тарапта Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың еңбегін бөле-жара айтуға тиіспіз. Мешіт құрылысының сағызша созылғанына жаны ауырған ел жанашыры биылғы көктемде өңірдегі кәсіпкерлер мен өзге де азаматтардың басын қосып, үлкен бастама көтерді. Жұртты имандылық үйінің құрылысына бір кісідей атсалысуға шақырды. Нәтижесінде соңғы үш айда ғимарат құрылысы қарқын алып, 20 мыңға жуық адам сауапты іске өз үлестерін қосты.

Жаңа мешітте бір мезетте үш мың адам құлшылық жасай алады. Әйелдер намаз оқып, құлшылық ететін жеке бөлме де қарастырылған. Сонымен қатар қатымхана, кітапхана, неке залы мен сүндеттеу бөлмесі де бар. Мешітке келушілердің көліктерін қоятын автотұрақ та жоспардан тыс қалмаған. Мешіт құрылысына 1,5 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалған. 11-ден астам мердігер компания құрылыс жұмысына қатысты.

- Бұл имандылық үйін еліміздегі ең үлкен мешіттердің бірі дегеніміз дұрыс шығар. Ғимараттың жалпы биіктігі - 20 метр, мұнараларының биіктігі - 63 метр (бұл биіктіктің де өзіндік астары мен мән-мағынасы бар. 63 - бұл Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың өмірден озған жасын көрсетсе, мұнараның жанындағы бес күмбез мұсылманның бес парызын әйгілеп тұратын көрінеді - А.Қ). Ауданының жалпы көлемі 800 гектарды құрайды. Ғимараттың бірінші қабатында үш қатымхана орналасқан. Біріншісі, ең үлкені - 300 адамдық, қалған екеуі - 70 орындық. Оған қоса ас бөлмесі бар. Ал екінші қабатта Құран-кәрімді үйренетін және оқитын екі сынып бөлмесімен қатар дәрет алу орны қарастырылған. Сондай-ақ, мың жарым адамға арналған шағын зал жұмыс істейді. Ғимараттың үшінші қабатында балконымен қосқанда сыйымдылығы 2500 орынды құрайтын намазхана болады. Ер-азаматтар негізгі залда намаз оқыса, әйел адамдар балконда ғибадат-құлшылықтарын жасайды, - дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен аймақтық өкіл имамы Нұрлан қажы Асанов.

Мұхтар Құл-Мұхамед, мемлекеттік хатшы:

- Тек қазаққа ғана емес, бүкіл түркі халықтарына алтын бесік болған қасиетті мекен Алтайда ең үлкен еліміздегі ең үлкен мешіттердің бірі ашылып отыр. Осы құтханаларыңыз құтты, қайырлы болсын. Біз Тәуелсіздік алғанға дейін бүкіл елімізде алпысқа жуық қана мешіт болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасымыз әрбір азаматқа өзінің ғазиз дінін, мүбәрәк дінін ұстануына жағдай жасады. Соның арқасында, елімізде бүгінге дейін 2500 мыңға жуық мешіт ашылды. Осының барлығы еліміздің береке-бірлігін артыратын жағдай. Сондықтан барлығыңызды бүгінгі болып жатқан қасиетті шарамен шын жүректен құттықтаймын. Шығыс Қазақстанның азаматы ретінде Шығыста қазақи рух берген, облыс орталығына Абай атамыздың ескерткішін орнатқан, енді, міне еліміздегі ең үлкен мешіттің бірін салғызған облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевқа үлкен рахметімді айтамын. Еліміз руханиятын дамытып жатқан бүгінгі сәтте бұл мешіт бүкіл елді береке-бірлікке шақыратын иамандылық үйі, тамаша құтқана болсын деп тілеймін. Қуаныштарың құтты болсын, ағайын.

Бошай Кітапбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистiк Еңбек ерi:

- Өскемен қаласында мұндай үлкен мешіттің ашылуы өңіріміздегі руханиятымыздың бүгінгі бет-бейнесін көрсетеді деп ойлаймын. Бұл мешіттің шығыс елінің береке-бірлігімен, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың арқасында салынғанын айрықша атай кеткен жөн.

Маусым айынан бері барлық аудандар мен басқармалар, иманды азаматтар білек түріп, белсене жұмыс жасағанын көрдік. Тіпті, өзге ұлт өкілдері де жатырқамай келіп жабыла атсалысты. Бұл да болса біздің елдің айрандай ұйыған береке-бірлігін көрсетсе керек.

Дулат Исабеков, жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

- Бүгін, міне, Шығыста анау Иерусалимдегі «Аль-Ақсаға» ұқсайтын, мынау өзіміздің Астанамыздағы «Әзірет Сұлтан» мешітіне ұқсайтын сәулетті де көрікті мешіт бой көтеріп отыр. Әрине, елімізде басқа мешіттер де салынып жатыр, алайда бұл ғимараттың орны бөлек. Мұның бәрі тәуелсіздігіміздің арқасы, әйтпесе, баяғы заман болса, мұндай құрылысты саламыз деген ой үш ұйықтасақ түсімізге де кірмес еді ғой. Енді, міне, егемендіктің арқасында осының бәрі көз алдымызда болып жатыр. Бұған қарап бәрі бірте-бірте болатындығына тағы бір мәрте көз жеткіздік. «Біткен істің басына, жақсы келер қасына» демекші, бүгін осы салтанатты шараны өздеріңізбен қатар бөлісуге еліміздің игі жақсылары, зиялылары келіп отыр. Бұл күн мемлекетіміздің тарихында қалатын маңызды күн болмақ. Елімізде мешіт көбейе берсін, мешіт көбейсе, бесік те көбеймек.

0 пікір