Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3517 0 пікір 21 Тамыз, 2012 сағат 11:47

Шекаралық аудандарға қашанғы шекеден қараймыз?

Шекарадағы елді мекендер мәселесі сөз болғанда оңтайландыру саясаты кезінде таратылған шекаралық аудандарды қайта қалпына келтіру мәселесі де айтылмай қалмайды. Әсіресе осы мәселе соңғы кездері жиі қозғалып жүр. Жақында белгілі қылқалам шебері Еркін Нұразханның «Ел іргесі бекісін десек, бұрынғы таратылған шекаралық аудандарды қалпына келтірген жөн болар» атты мақаласы жарияланды. Мақалада автор бұрынғы Семей облысының Ақсуат ауданы тарағаннан кейінгі уақытта 28 мың адамның Тарбағатай ауданынан көшіп кеткенін тілге тиек етеді. Сонымен қатар 2010 жылы шілде айында туған жері Тарбағатайға барған сапарында «Терісайрық», «Қызыл» секілді шекара заставаларын арнайы аралап, көзбен көргенін баяндайды.

Шекарадағы елді мекендер мәселесі сөз болғанда оңтайландыру саясаты кезінде таратылған шекаралық аудандарды қайта қалпына келтіру мәселесі де айтылмай қалмайды. Әсіресе осы мәселе соңғы кездері жиі қозғалып жүр. Жақында белгілі қылқалам шебері Еркін Нұразханның «Ел іргесі бекісін десек, бұрынғы таратылған шекаралық аудандарды қалпына келтірген жөн болар» атты мақаласы жарияланды. Мақалада автор бұрынғы Семей облысының Ақсуат ауданы тарағаннан кейінгі уақытта 28 мың адамның Тарбағатай ауданынан көшіп кеткенін тілге тиек етеді. Сонымен қатар 2010 жылы шілде айында туған жері Тарбағатайға барған сапарында «Терісайрық», «Қызыл» секілді шекара заставаларын арнайы аралап, көзбен көргенін баяндайды.

«2010 жылы Тарбағатай тауындағы жайлауды көріп қайту мақсатында жергілікті дос азаматтармен бірге арнаулы көлікпен Мауқыбай кезеңіне көтеріліп, Қотанашы жай­лауының кең аңғарына көз салғанымызда жалғыз киіз үйді көзіміз шалды. Кезінде бұл алып аңғарды қақ жарып, шығысқа қарай аға­тын Терісайрық өзенінің қос қапталын ала тігілген аппақ шағаладай киіз үйлерден көз сүрінуші еді. Бүкіл аудан малшылары бас қосқан бұл қан-жайлауда дүрілдетіп шо­пан­дар тойы өтуші еді. Бәйге, көкпар, қыз қуу тәрізді қызықтарды осы жайлауда тама­ша­лай­тынбыз. Олар әр күн еңбек қана емес, демалыс, мерекемен, ырду-дырду қызық­­тармен таңды таңға асыратын... Бүгін­де ел жоқ. Иесіз жатқан иен жайлау. Туған жеріңді көріп қуанасың, бірақ қалың жұртты көре алмай жабырқайсың. Сұрас­тыр­ға­ны­мыз­да ен жайлаудың ең төріне мал­шы­лар­дың жеті-сегіз үйі ғана шыққан екен. Кө­зі­мізге көрінген киіз үйге түсіп, бір қонып, ертеңіне аттанып кеттік. Қалған алты-жеті үйді көре алған да жоқпыз. Тегі бірінен-бірі тым алшақ отырса керек.

Тау қойнауларына орналасқан бұрынғы ферма орталықтары мен қыс қыстауын, жаз жайлауын жайлап, малын бағып, шөбін шауып отырған жергілікті тұрғындар бүгінде ат төбеліндей азайып барады. Олар етекке түсіп, аудан, облыс, тіпті Алматы, Астана қа­ла­­­ларын бетке алып көш түзегелі қашан! Ал­ма­­ты, Астана маңынан «заңсыз жер телім­де­рін иеленіп», «Шаңырақ», «Бақай» оқиға­ла­рының арасында осынау шекаралық ау­дан­дардан көшіп келгендер де болуы әбден мүмкін.

Кезінде ел-жұрт тығыз отырған уақытта ел ішіне кірген бөгде адамға дәм-тұзын алдына қойып, әңгімеге тарта отырып, оның «шақырылмаған қонақ» екендігін бі­ліп, шекара қызметкерлеріне хабар бе­ріп, талай жансыздардың ұсталуына жергілікті жұрттың көмек көрсеткенін бала кезімізде еститінбіз. Ал енді ондай жансыздарды ұстап бермек түгіл, өз шекара әскер­ле­рі­міздің ел іргесін қалай күзетіп, қорғап жүргенінен бейхабар жұртқа бұрын-соңды болмаған суық хабарлар жария етілуде», - дейді ол. 

Еркін НҰРАЗХАН, ҚР Мәдениет қай­рат­кері:

- Ел іргесін бекітіп, нығайтайық де­сек, ше­кара қызметіндегі әскердің санын арттырып, сапасын жақсарту өз алдына, олардың арқа сүйер халқын қайта­дан өз орнына қондыру, яғни, шека­ралық аудан­дар­ды қалпына келтіру ісі әбден пісіп-жетілгендей. Кеңес кезіндегідей шека­ра­лық аудан­дарда тұрып, еңбек ететін бюд­ж­еттік қызметкерлерге 50-70 пайыздық қосымша еңбекақыларын тағайындап, жұртты туған жеріне оралуына мүм­кін­дік жасау керек сияқты. Мектептер, балабақ­ша­лар, мәдени мекемелерін қалпына келтіріп, халықтың әлеуметтік қажет­ті­лік­терін өтеуге бар жағдайды жасаған абзал болар. Айналдырған бес-алты ауданның жағдайын жасауға үкіме­тіміз­дің ақыл-парасаты, күш-қуаты жетуге тиіс деген ойдамыз.

Жақында редакцияға бір ақсақал келді. Бұрын Тарбағатай ауданында тұрған екен. 

- Соңғы кездері шекаралық аудан­дар­ды қайта қалпына келтіру жөнінде жиі ай­ты­лып жүр ғой. Егер бұл мәселе Парламент деңгейінде көтеріліп, қолдау тауып жатса, ел өміріндегі ерекше бір жаңалық болар еді деп ойлаймын. Өйткені бүгінде ше­ка­ра­ға жақын елді мекендерде халық саны мүл­де аз. Кейде қорқасың... Бұрынырақта шекараға жақын маңда халықтың қарасы қалың болатын. Тіпті шекарадан өтіп, шеп бұзып, шектен шыққандарды жергілікті халық­тың өзі-ақ тәртіпке келтіріп отыра­тын. Сондықтан шекаралық аудандарды қай­та қалпына келтірсек, азып-тозған ауыл­дарды ғана емес, шекара мәселесіне аса көп алаңдамас едік, - дейді ақсақал. 

Ақсақал сөзінің жаны бар. Расында, шекара бойында иін тіресіп ел отырса, қайнаған тірлік, жайнаған өмір болса, біз­дің жұртқа ешкім де қыр көрсете алмас еді?! 

Бір байқағанымыз, шекаралық аудан­дар мәселесіне соңғы кездері билік басын­да­ғы азаматтар бет бұра баста­ғандай. Жақын­да Шығыстағы шекаралық ау­дан­дардың мәселесі Парламент Мәжілісінің депутаты Төлеген Ибраев және облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен Өс­ке­мен­де өткен жиында кеңінен талқыланды.

- Шығыс Қазақстан - еліміздің ең үл­кен шекаралық аймақтарының бірі, - де­ген-ді осы жиында Төлеген Ибраев. - Республика мен облыс басшылығы талай жылдан соң тұңғыш рет шекаралық аудан­дар тұрғындарының жағдайына назар ау­дарып отыр. Біз осы аудандардағы ха­лық санының қаншалықты азайып кеткенін білеміз. Оған көптеген себептер болды. Соның ішінде жүргізілген оңтайландыру да бар. Ақырында шекаралық аудандарда халықтың қайтадан қоныстануы үшін оны дамытуға қолдан келгеннің бәрін істеу қажет екендігіне көзіміз жетіп отыр.

Шекаралық аудандар тараған кезде жыл сайын сегіз мектепке дейін жабы­лып, осы жыл­дары шамамен 80-ге жуық елді мекен­нің толық жойылып, тек Тарба­ғатай ауда­ны­ның өзінен ғана 28 мың адамның басқа жаққа көшіп кеткенін тілге тиек еткен депутат шека­ралық аудан­дарды дамыту туралы мем­лекеттік деңгейдегі бағдарлама қажет­ті­гін атап өтті. 

- Осы жолғы және одан кейінгі мәжі­ліс­тердің басты мақсаты - жоғары орган­дарға шекаралық елді мекендерді сақтау мен дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеу, - де­ді Төлеген Ибраев.

Жиында шекаралық аудандардағы елді мекендерді жандандыруға бай­ла­ныс­ты көптеген тың ұсыныстар айтылды. Бас­қосуға қатысушылардың бірі: «Жабылып қалған мекемелерді қайта ашу керек», - десе, енді бірі: «Шекаралық аудандардағы өз кәсібін ашамын деуші азаматтардың кәсіпорындарын үш жылға дейін салық төлеуден босату керек», - деді. Мұндай тәжірибе бірқатар шетелдерде табыспен қолданылып жүр. Одан біздің аймақ та ұтар еді. Оған көршіміз - Қытай елі нақты мысал бола алады. Соңғы он бес жылда Қытайдың шекаралас аудандары қайнаған орталыққа айналды. Ол тіпті халықаралық деңгейге дейін жетті.

Төлеген ИБРАЕВ, ҚР Парламент Мәжі­лі­сінің депутаты:

- Осы ұсыныстардың барлығы бола­шақ­та қабылдануы мүмкін бағ­дарламаға еніп, шекаралық елді мекендерді дамытуға ықпал етуі тиіс. Әрине бұл - біртіндеп жүзеге асатын іс. Бірақ проблеманы бүгін­нен бастап шеше бастау керек.

Түсіпхан ТҮСІПБЕКОВ, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

- Бұл қиындықтармен нақты таныс­пын. Тұрғындардың қалай көшіп кет­кеніне өзім куә болғанмын. Шека­ралық елді мекен­дер­ге адамдарды тарту үшін жеңілдіктер қарастырылуы керек. Жас мамандардың алыс түкпірге еңбек етуге баруы, тұрақтап қалуы үшін бағ­дарламада шекаралық аудан тұр­ғындарына арналған коэф­фи­циент, түрлі жеңілдіктер қарастырылғаны жөн.

Тыңдар құлақ болса, бұл мәжілісте шекаралық аудандардағы елді мекендерді жандандыруға қатысты бірқатар тың ұсы­ныстар мен соны идеялар айтылды. Де­путат оның барлығын мұқият тыңдады. 

Не десек те, шекаралық аудандарға бай­ланысты сең қозғалды. Парламент шекаралық аудандардағы елді мекендерге ерекше мәртебе беретін Заң жобасын қа­был­дауы бек мүмкін. Біздің қосарымыз - Парламент жаңа заң жобасын талқыға салғанда шекаралық аудандарды қайта қал­пына келтіру мәселесіне тереңірек мән берсе жөн болар еді деп ойлаймыз. Өйт­кені бұл - шекара бойындағы мыңдаған елдің тілегі. Ел тілегі ескерусіз қалмаса дейміз. 

Шекаралық аудандар жөнінде бағдарлама қажет пе, заң керек пе?

Шекаралық аудандардың жағдайы туралы бұған дейін сан мәрте айтылды, сан мәрте жазылды. Қай облысты алып қара­са­ңыз да, шекаралық мәртебесінен айы­рыл­ған аудандардың шекесінің шылқып отырғаны шамалы. Мәселен, бүгінде Ал­маты облысының Алакөл ауданына қарай­тын Үйгентас ауылында (бұрынғы аудан орталығы) аудан болып тұрған кезінде 29 ауыл болса, қазірде олардың саны бар болғаны - 19. Кезіндегі дүркіреген ауданда бүгінде бар-жоғы - бір балабақша. Тағы бір мысал. Кезінде 15 мың халық жайлаған Нарынқол ауылында (бұл да бұрынғы аудан орталығы - А.Қ) бүгінде 8 мыңға же­тер-жетпес жұрт қалған. Бұл да -Алматы облысының кезінде атағы дүр­кі­ре­ген аудандарының бірі. Мұндай мы­сал­дарды Шығыс Қазақстанның кезінде ше­каралық аудандары саналған Мар­қа­көл, Ақжар аудандары бойынша да көптеп келтіруге болады. Жоғарыда аталған ке­зіндегі шекаралық аудандардың бәрінің де дерті бір, мұңы ортақ. Халық саны азайған, әлеуметтік маңызды нысандар жабылған, жол нашар... Осылайша сан алуан мәсе­ле­лер жалғасып кете береді.

Қалай болғанда да, сол жылдары қар­жы­ның жетіспеушілігінен жабылған ау­дан­дар сапына шекаралық өңірлерді қос­қан­да, ертеңімізді ойламаған секілдіміз. Мә­селен, Алматы облысы бойынша қысқарған алты ауданның үшеуі: Үйгентес, Нарынқол, Қапал аудандары шекаралық болса, Шығыс Қазақстанда тарқаған аудандардың арасындағы Тарбағатай, Марқакөл, Катонқарағай, Мақаншы аудандары да Қытаймен екі арадағы шекара сызығын бойлай қоныстанған болатын. Бүгінде осы аудандардың бірде-бірінің дәулеті тасып, мәртебесі асып тұрған жоқ. Басқа жабылған аудандардың да жағдайы осы шамалас. 

Не десек те, болар іс болды. Ендігі мақсат - сол кемшілікті жойып, ел-жұрттың жағдайын түзетуді ойға алу. Әйтпесе, шекарамыз қараусыз қалып, еліміздің тұтастығына да қауіп төнуі әбден мүмкін.

Р.S.

Бір сөзбен айтқанда, шекарада шешілмеген мәселе шаш-етектен. Айтқымыздың келгені - шекара бойын босаңсытпау ісін бекемдеу мәселесі. Керісінше, ол жерлерде қайнаған тіршілік, жанданған өмір болуы керек. Қандай жағдай болса да, шекаралық аудандарға жеңілдіктер жасап, арнайы бағдарлама қабылданғаны жақсы. Жұрты босып, халқы азайып кеткен елді мекендерді бір орталыққа шоғырландырып, жаңа әрі өте маңызды шаруашылық кешендерін ұйымдастыруды қолға алсақ, ұтпасақ, ұтылмаймыз. Шекаралық аудандарға халықты тарту үшін арнайы бағдарлама қабылдануы керек пе, әлде арнайы заң қабылдану керек пе? Осы жағын тереңірек ойлап, іргелі жұмыстарды еңсеретін кез жеткен секілді.

Автор: Азамат ҚАСЫМ, Өскемен

«Алаш айнасы» газеті

0 пікір