Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4282 0 пікір 21 Тамыз, 2012 сағат 09:31

Оңғар Өмірбек. «Сожитель» де, азаматтық неке де – зина!

Бүгінгі жастар арасында «жаңаша өмір сүру» белең алуда. Бұған қатысты Ислам дінінің ұстанымы қандай деген сауалмен ҚМДБ-ның «Иман» журналының Бас редакторы Оңғар Өмірбекке жолыққан едік. Енді сол сұқбатты қалың оқырман назарына ұсынбақпыз.

- Бүгінгі Қазақстанда - «көгілдірлердің» пайда болуы, қыздарымыздың тұрмыс құрып, үй болуға құлқының төмендеуі, некесіз балалардың көбеюі, отбасында әйелі мен күйеуінің қосыла арақ ішуі - «заманауи өмір сүру» деген ұғымнан пайда болған «жетістіктеріміз» десек артық емес. Тәрбиедегі осындай қырсыздықтарды жоюға тек ислам діні тәрбиесі ғана төтеп бере алатыны сөзсіз. Сондықтан осы күндері діни сабақтарды барлық оқу орындарында қолға алудың амалы бар ма екен?

Бүгінгі жастар арасында «жаңаша өмір сүру» белең алуда. Бұған қатысты Ислам дінінің ұстанымы қандай деген сауалмен ҚМДБ-ның «Иман» журналының Бас редакторы Оңғар Өмірбекке жолыққан едік. Енді сол сұқбатты қалың оқырман назарына ұсынбақпыз.

- Бүгінгі Қазақстанда - «көгілдірлердің» пайда болуы, қыздарымыздың тұрмыс құрып, үй болуға құлқының төмендеуі, некесіз балалардың көбеюі, отбасында әйелі мен күйеуінің қосыла арақ ішуі - «заманауи өмір сүру» деген ұғымнан пайда болған «жетістіктеріміз» десек артық емес. Тәрбиедегі осындай қырсыздықтарды жоюға тек ислам діні тәрбиесі ғана төтеп бере алатыны сөзсіз. Сондықтан осы күндері діни сабақтарды барлық оқу орындарында қолға алудың амалы бар ма екен?

- Ертеде бір кісі баласымен бірге келе жатады. Ұлы кенет аяғы шалынып, жығылып бара жатып: «Ай!» - деп айқайлап жібереді. Іргедегі тау жақтан да дәл сондай дауыс естіледі. Бала таңырқап: «Сен кімсің?» - деп дауыстайды. Тау да оның айтқанын қайталайды. Бала ашуланып: «Сен қорқақсың!» - деп айқайлайды. Тау да: «Сен қорқақсың!» - деп жауап қайырады. Сонда ұлы әкесінен: «Бұл не?» - деп сұрайды. Әкесі тауға қарап: «Сені құрметтеймін» - деп дауыстайды. Тау да: «Сені құрметтеймін!» - деп жауап береді. Бала таңқалады. Бірақ, оның не екенін түсінбеген еді. Содан соң әкесі оған былайша түсіндіреді: «Мұны жаңғырық деп атайды. Негізінде өмір де осы жаңғырық сияқты. Сен өмірге не берсең, саған сол қайтып келеді». Біздің қоғамдағы тәрбиеміз де осы секілді. Қалай тәрбие берсек, соның «жемісін» көріп жүрміз. Адамдар бір-бірінің айнасы. Өмірімізді және қарым-қатынасымызды белгілейтін де сол іс-амалдарымыз. Өзіміз өзгеден қандай қатынас жасауды күтсек, дәл соны өзіміз жасауымыз қажет. Бір сөзбен айтқанда не алғымыз келсе, алдымен соны өзіміз беруіміз керек. Яғни, жақсылық күтсек, жақсылық істейік. Мейірім күтсек, мейірім, құрмет көргіміз келсе, өзгені өзіміз құрметтейік. Өзгеден де не көруді қаламасақ, оны өзіміз де басқаға істемейік. Дұшпандық көргіміз келмесе, дұшпандықтан, менмендіктен өзіміз де аулақ болғанымыз абзал. Адамдар бір-бірінің айнасы дегеннің мәні осыған саяды. Сондықтан да сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендердің ешбірің өзіңе қалағанын бауырына да қаламайынша шын иман келтірген болмайды» - деген (Бұхари).

Бұған жету жолы Алланы танудан басталады. Әрбір ата-ана перзентіне жақсы тәрбие беру үшін алдымен олардың өзі ислами әдептерге қанығуы тиіс. Ұлағатты ұрпақтар жақсы аналардың тәрбиесінен өсіп шығады. Сондықтан да әрбір ана шын мәнінде баланы ғана емес, сол арқылы бүкіл қоғамды тәрбиелейді. Бір данышпан айтқандай: «Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді». Қайсы бір қоғамның деңгейін алсақ та, сол елдегі аналардың деңгейін көрсетеді. Олай болса, тәрбиелі бала жайлы әңгіме қозғау үшін мәселені әріден көрегенді анадан бастаған жөн. Бұл жайлы әңгіме ұзақ. Мұны реті келсе, одан әрі жалғастырармыз. Дініміз ананың қоғамдағы, отбасындағы рөлін аса жоғары бағалаған. Ал, сіздің қоғамдағы келеңсіздіктер туралы қозғаған мәселеңіздің расында да әрбір мұсылман қандас бауырымыздың арқасына аяздай батып жүргенін қалай жасырып, жабайық. Барып тұрған азғындық! Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Үйленіңдер, көбейіңдер. Мен қиямет күні үмметімнің көптігімен мақтанамын» - деп, үмметіне отбасы құрып, ұрпақ өсіріп, өріс кеңейтуді өсиет еткен. Ал, сіз айтып отырған «көгілдірлер» яғни, қызтекелерден ұрпақ өсе ме? Қайта, өшпей ме? Қызтекелік саналы адам тұрмақ, төрт аяқты хайуанда да жоқ. Бұл туралы сөз қозғаудың қажеті бар ма? Діни дәріс беруге келсек, еліміздегі үлкенді-кішілі мешіттердің барлығында дерлік діни сауат ашу курстары тұрақты жұмыс істейді. Онда жасына, жынысына, ұлтына, нәсіліне қарамастан діни ілім алғысы келушілердің бәрі тегін оқи алады. Мектеп оқушыларының жазғы демалысында мешіттер жанынан лагерьлер ұйымдастырылуда. Балалар онда білім алып қана қоймай, табиғат аясына шығып демалып та жүр. Ал, жалпы білім беретін мектептердің оқу бағдарламасына адамгершілік пен ізгілік пәнін енгізу қажеттігі жөнінде діни басқарма Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс жасағалы қашан?! Алла қаласа, ізгі ниет жүзеге асар.

- Қазіргі күнде қазақтар арасындағы «сожительдер» саны отбасылардан көп. Қалалы жерде көзбен көріп те жүрміз. Бұл қанша жерден жеке басқа тән болғанымен, қоғамды ойлантатын мәселеге айналып келеді. Бүгінде Алматыдағы Шаңырақ, Бақай, Қалқаман, Әйгерім секілді ықшамаудандардағы арзан пәтер жалдап жүргендердің ішінде «сожитель» қыз-жігіттерді жиі кездестіреміз. Өкінішке орай, жігіттермен некесіз бір үйде тұрып жатқан қазақтың қыздары. «Сожительдік» - өмірді азғындықпен өткізу емес пе? Бұған кім кінәлі?

- Мұны «сожитель» деңіз немесе сыпайылап, «азаматтық неке» деңіз, мұның  шариғаттағы атауы - зина. Ауыр күнәлардың бірі. Қасиетті Құранда Алла тағала: «Мүмін әйелдерге айт: жат еркекке көз сүзбесін, абиырларын жапсын (бет, қол, аяғы тобыққа дейін) ішкі (тән) көріктерін көрсетпесін. Көкіректерін желектерімен жауып жүрсін!» («Нұр» сүресі, 30-аят), - деп бұйырған. Ал, зинақорларға қатысты Алла тағала былай деп әмір еткен: «Зинақор әйелге де, зина жасаған еркекке де жүз (қамшы) дүре соғыңдар. Егер сендер Аллаға, қиямет күніне сенетіндерің рас болса, (зинақорларға) аяушылық жасамаңдар. Оларды жазалағанда мүміндерден бір топ куә жандарыңда болсын.

Зинақор еркек тек зинақор әйелмен, әйтпесе көп құдайшылардың әйелдерімен ғана үйленуге тиіс. Зинақор әйел де зина жасаушы еркекке, әйтпесе, көп құдайшыл еркекке ғана тиюі керек. Зина - мүміндер үшін тыйым салынған (харам етілген)» («Нұр» сүресі, 2-3-аяттар).

Мұндай жолға түсушілерге кім кінәлі дегенге келсек, Алла тағала тура жолға салғанды ешкім адастыра алмайды. Ал, Алла тағала адастырғанды ешкім тура жолға сала алмайды. Әйтсе де, адамға харам мен халалды, обал мен сауапты, жақсы мен жаманды айырарлық ақыл мен сана берілген. Соны дұрыс пайдалана алмаса, парқына жетпесе, оған кім кінәлі? Осылай жаса деп ата-анасының айтуы мүмкін бе? Әлбетте, мүмкін емес, айтпайды да. Демек, бұл үшін өзгеге кінә арту ағаттық әрі әділетсіздік болар еді. Өмірді жеңіл түсіну, оған жеңіл қарау өз тағдырын ойыншық ету емес пе? Демек, бұл отбасы тәрбиесінің жеткіліксіздігі.

Ислам діні некеге зор мән береді. Неке - әйел мен ер азаматты ерлі-зайыпты ететін келісім. Бұл келісім екі жаққа да тең құқықтар мен жауапкершіліктер жүктейді. Сол құқықтарды қолданып, жауапкершіліктерді орындау арқылы ғана неке сақталып, нығаяды. Неке сақталса, отбасы да берік, сансыз отбасылардан тұратын мемлекет те берік, қоғам да азбайды. Сіз атап көрсеткен «сожительдің» зина екендігі айтылды. Сондықтан бұған біздің қоғамда жол беруге болмайды. Оның нәтижесі тастанды балалар, әке-шешесіз тірі жетімдер. Олардың көз жасын кім құрғатады? Некесіз туылған тірі жетімдер қоғамның толыққанды, иманды азаматы бола ала ма? Қазақы тілмен айтқанда тексіздік жайлаған қоғамнан елден қаншалық жақсылық күте аламыз? Тек, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, сыбайлас жемқорлық пен қылмыстың небір асқынған түрлері осындай тексіздіктен шығады.

- Мүмкін қоғамдағы осындай жәйттердің кең тарай бастағаны болар, елімізде пидофилдер шыға бастады. Олардың жазасы қалай болуы керек деп ойлайсыз?

- Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) заман ақырына таяған шақта адам болмысына жат қылықтардың көбейіп, шәһуаттардың кеңінен етек алатындығын айтқан еді. Зинаның жайылуы ақырзаман белгісінен саналады. Заманақыр болғанда бөгде ер мен әйел жолдың қақ ортасында жария түрде ойнастық жасайды. Мұнда қияметтің екі белгісі қамтылады: зинақорлықтың бұрын-соңды болмаған түрде кең етек алуы және арсыздықты жасырмай жария істеу. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «...әйел адам күндіз жария түрде жолдың ортасында ойнастық жасамайынша қиямет болмайды. Бұған ешкім қой демейді және мұны өзгертпейді де. Сонда олардан ең жақсысы: «Мына жолдың шетіне шықпайсыңдар ма?» деп ғана айтады. Олардың арасындағы мұндай кісі сендердің араларыңдағы Әбу Бәкір (р.а.) мен Омардай (р.а.) болады», деген (әл-Хакимнен жеткен  хадис). Қазір бірқатар телеарналардағы арсыздық, газет-журнал беттеріндегі жалаңаш суреттер, мүміннің көзі қарауға ұялатын ғаламтордағы бейнелер бұл белгінің осы заманымызда да белең алғанын айқын көрсетпей ме? Олай болса, мүмін ер мен мүмін әйел нәпсісін тыйып, көзді төмен салғаны және зинаның кез келген түрінен бойды аулақ салғаны мақұл. Зинақор жандармен араласпау және бұл күнәдан аулақ етуін Алладан тілеу де одан сақтанудың бір жолы дер едік. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде айтылғандай бір жамандықты көргенде оны қолмен тоқтатуды, оған шамасы келмесе, тілімен айтуды, оған да шамасы келмесе, жүрегімен жек көруді әрбіріміз өмірлік ұстанымға айналдырсақ, мұндай жиіркенішті жәйттар да сіз айтқан пидофильдер де азая түсер еді.

- Бұл күндері өкінішке орай, әсіресе жас отбасылардың ажырасуы жиілеп кетті. Бұған не себеп деп ойлайсыз?

- Некеленіп, отбасы құру Алла тағаланың саналы адамзатқа берген заңдылығы, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Некесіз бұл тіршілікті ойша да, көзге де елестету қиын. Бала сүйіп, артына иманды ұрпақ қалдырғысы келген адам бұған тек ақ неке арқылы ғана қол жеткізе алады. Жалпы адам баласының бұл дүниеде жалғыз өмір сүруі мүмкін емес. Жалғыздық тек Аллаға ғана жарасады. Адамның күні адаммен, оның ішінде, ердің күні әйелімен, ал әйелдің күні ерімен екендігі шындық. Ендеше отбасы құрып шаңырақ көтерудің негізгі мәні мына дүниеге перзент әкеліп, адамзат нәсілін жалғастыру. Мұның бәрі ерлі-зайыптының өзара сүйіспеншілігі мен түсіністігі ынтымағы, сыйластығы арқылы жүзеге асады. Ал, мұндай қарым-қатынас үзілген жерде түсініспестіктен екеуінің бір шаңырақ астында өмір сүру мүмкіндігі шектеледі де ажырасуға алып келеді. Ажырасу - дініміздегі Алла тағала рұқсат еткен, бірақ ең жек көретін амалы. Сол секілді жағымсыз деп танылған амалдар да аз емес. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде айтылғандай: «Қауымда олжаны ысырап ету басталса, олардың жүрегінде міндетті түрде жаудан қорқыныш пайда болады. Қоғамда зина жайылса, міндетті түрде өлім көбейеді. Адамдар таразыдан жей бастаса, онда міндетті түрде ризық-несібе азаяды. Халық дұрыс үкім етпесе, онда қантөгіс көбейеді. Адамдар уәдесінде тұрмаса, оларды жау билейді» («Муаттаа», Имам Мәлік).

Үйленіп, отбасын құрып, оны сақтап қалуда ерлі-зайыптылардың өзара міндеттерін дұрыс түсініп, оны бұлжытпай орындауы аса маңызды. Ерінің әйелді алдындағы міндеті оны адал табысымен киіндіріп, ризық-несібесін тауып беру, отбасы мұқтажын өтеу. Бұған қоса, ерінен әйеліне зұлымдық жасамау,  жәбірлемеу, сабырлы-шыдамды болу талап етіледі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде: «Мүміндердің иманы ең толығы және мінез-құлқы жағынан ең көркемі, өз отбасы, бала-шағасына және туысқандарына құрметті болғандары»; «Қатігез, бала-шағасына дөрекі қарым-қатынаста болған кісіні Алла тағала жек көреді», - делінген. Ал, әйелдердің ерлері алдындағы міндеттері: еріне сөзсіз бойсұну, тапқан табысына қанағат ету, дүние-мүлкі мен абыройын сақтау т.б. Жалпы ерлі-зайыптылардың арасындағы қарым-қатынас, адамдар арасындағы қарым-қатынастардың ішіндегі барынша жақсартып, нығайта түсуге тұратыны. Мұнан өзге қандай да бір қарым-қатынастың мұншалық деңгейге дейін нығайтыла түсілуі мүмкін емес. Сіз сұраған ажырасудың себеп, түйіткілдері көп. Оның дені осы өзара қарым-қатынасқа атүсті қарап, тиісті міндеттерін сақтамаудан, ислами білімінің таяздығынан, сол арқылы мұсылман әдебінен хабарсыздығынан деп қысқа қайыруға болады. Діни ілім ой-өрісті, дүние-танымды кеңейтеді, барынша әдепті, мәдениетті ете түседі. Сондықтан да, дінімізді біліммен танудың өмірлік мән-маңызы аса зор.

- Бүгінгі күні шетелдерге қазақ балалары сатылып жатыр. Исламда бала сатуға тыйым салынған. Ал бірақ кейде өз еліміздегі жетім балалардың ахуалын көргенде, шынымен-ақ шетелде жақсы тәрбие алып, өзінің қазақ ұлтынан екендігін біліп өсіп жатқаны дұрыс па деп қаласың...

- Бала - бауыр етің. Барлық сәби дүниеге кіршіксіз таза, мұсылман болып туылады. Олардың арасынан кәпір мен екіжүзді шықпаған, шықпайды да! Оның ақпарақтай жүрегіне дақ түсіру, шынайы қалыбын бұзу, табиғи болмысына кереғар сенімдерді қатып қалған қасаң қағида, теріс ниет-пиғылмен жеткізу сәбиді қатігездікке ұрындыруы мүмкін. Яғни, дүниеге мұсылман болып келген баланы ата-анасы яһуди не христиан етіп шығарады. Ал, ата-анасыз жетім баланы өз ортасы тәрбиелеп, соған қарай сенімінің де өзгеруі бек мүмкін. Жалпы бала тәрбиесінде ата-ананың орны мен рөлі аса зор. Ал, жетім балалар ата-ананың қамқорлығынан тыс қалып, жүрек жылуын сезінбей қамкөңіл өседі. Ананың орнын ешбір күтуші толтыра алмайды. Ананың мейірімін қандай да бір қамқорлықтың алмастыруы мүмкін емес. Мұның үстіне ол сәби шетелде, өзінің ата жұртынан жырақта басқа тілде, өзге ортада өсетін болса, ұлттық болмысынан мүлдем айрылып, жат бауырға айналады. Ұлан ғайыр даламызда халқымыздың саны онсыз да аздығын ескерсек, өзіміз көбейе алмай жатқанда шетелге балаларды қандай себеп, сылтаумен болсын басы бүтін жіберу орны толмас олқылыққа соқтырады. Бұл елі мен ұлтының тағдырына немқұрайлы қараушылық әрі өз тамырын өз қолымен кесу емес пе?! Халқымыздың тағдыр-тауқыметі көрсеткендей қазаққа қазақтың ғана жаны ашиды. Оның орнын ешкім де баса алмайды. Ұлтымыздың бүкіл салт-дәстүрі мен тілін, ділін, дінін жетік меңгермейінше нағыз қазақ болу мүмкін емес. Бұған бойында ұлттық қаны тулаған әрбір қандасымыз атсалыспайынша қол жеткізу қиын. Онсыз бүгінгідей жаһандану заманында жұтылып кетуіміз оп-оңай. Өз баласының тәуелсіз Отанынан шетелге сатылуын Алла тағала да, ұлтымыз да, тарихымыз да кешірмейді.

- Еліміздегі жетім балалар саны 46 000-ға жетіпті. Аталған цифр біздің елде «Жетім балалар туралы» заңды талап ететін сияқты. Балалар үйінде тәрбиеленушілер ол жерден шыққан соң, болашағы бұлыңғыр өмірге қарай қадам басады. Олардың құқығын қорғайтын заңның қалай болғаны дұрыс?

- Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте былай делінген: «Бірде түнгі намазды Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге оқып жолда келе жатқанымда, алдымнан бір әйел шықты. Мені тоқтатып: «Әй, Әбу Һурайра! Мен бір күнә жасадым, тәубе жасасам қабыл болма ма?» - деп сұрады. Қандай күнә жасағанын сұрағанымда, зина жасағанын, зинадан туған баласын өлтіргенін айтты. Мен: «Бір күнәмен қоймай, сәбидің де қанын мойныңа жүктепсің. Ант етейін. Сенің тәубең қабыл болмайды», - дедім. Мұны естір-естімес әлгі әйел талып қалды.

Кетіп бара жатып: «Апыр-ай, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзі тірі кезінде пәтуә беретін мен кіммін?!» - деп, кері бұрылып, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) барып, мән-жайды түсіндірдім. Ол (с.ғ.с.) маған: «Өзің де оңбапсың, оны да жетістірмепсің. Мынадай аяттар бар да, сен қалай ондай жауап айтасың. Ұлы Жаратушы Құранда былай деген: «Олар Аллаһтан басқа тәңірге табынбайды. Әділ үкім шықпайынша, Аллаһ харам еткен жандыны өлтірмейді. Зина жасамайды (міне, солар шынайы құлдар) кім бұларды жасаса, жазаға тартылады. Қиямет күні ондай адамның азабы үсті-үстіне еселеніп, мәңгілік жалғасады. Алайда, тәубе етіп, ізгі амал жасағандар бұдан бөлек. Ал, Аллаһ олардың жамандықтарын жақсылыққа айналдырады» («Фурқан» сүресі, 68-70-аяттар).

Мұны естігенде әлгі әйелді қайта тауып алып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқан пәтуасын жеткіздім. Ол бұған жүрегі жарыла қуанды. Сөйтті де: «Бір бақшам бар еді. Соны Аллаһ жолына садақа ретінде бағыштадым» - деді.

Осынау ғибраты мол хадис әділдік пен қамқорлық іздеуші әрбіріміз үшін үлгі. Елімізде жетімдерге ғана емес, түрлі тұрмыс-тауқыметін көріп, қиналған отандастарымыздың да алаңсыз, бейбіт өмір сүруіне, қызмет етуіне, отбасы құрып, бала-шаға өсіруіне, оларға жақсы тәрбие мен білім беруіне, азаматтық құқықтары мен ар-ұжданының сақталуына мүмкіндік туғызатын қоғам қалыптастыруға күш салынуда. Қазіргі де, болашақ заңдарымыз да осыған қызмет етіп жатса, үмітіміздің ақталғаны. Жетімге мүмкіндігінше жетімдігін сездірмейтіндей жағдай туғызылып жатса, қане?! Қағажу көрмесе, жылатпасақ, елжанды нағыз азамат болып шығуына қолдан келгенінше мүмкіндік туғызылса. «Ерім» дейтін елі болмаса, «елім» дейтін азамат қайдан шығады? Жетімдерге қатысты заң шығар болса, онда осының барлығы негізделуі тиіс деп ойлаймын. Жалпы қазақ әу бастан жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халық. Бұл дәстүр берік орныға түссе деңіз. Хадистердің бірінде: «Жерде жетім жыласа, көкте періште қайғырады» - делінген. Жетімдікті ешкім де Алладан сұрап алмайды. Тағдырының жазуы солай болған шығар.

- Еліктегіш қазақ жастарының бүгінде кейбірінің зомби болып жүрген жайы бар. Атап айтар болсақ, зомбидің болмысында - адамзаттың шексіз жауыздығы жатыр. Еліміздің ірі мегаполисіне айналған Алматыда зомбилердің шыққанына екі жылдай уақыт болды. Бірақ ел іші мүлгіген тыныштықта отыр. Алайда, мұны кейбіреулер: «ешкімге зияны жоқ топтар» деп түсіндірмек болады. Сонда бізден шыққан зомбилер кімдер деп ойлайсыз?

- Жалпы «зомби» туралы http://ru.wikipedia.org сайтында  былай деп (орыс тілінде) анықтама беріліпті: «Зо́мби (англ. zombie, гаит. креольск. zonbi, северный мбунду nzumbe) - мифический архетипический персонаж современной массовой культуры. Под зомби понимается, как правило, либо оживлённый фантастическим образом труп, либо живой человек, полностью потерявший контроль над собой и своим телом или подчиняющийся чьим-то приказам. В переносном смысле слово может означать человека, находящегося под сильным влиянием чего-то - как правило, каких-либо увлечений». «Мағынасы бұрмаланды» демес үшін әдейі қазақшалаған жоқпыз. Барынша айқын анықтама берілген ғой. Құдай мұның бетін аулақ етсін дейік. Қазақ біреуге көңілі толмай жатса: «Бұл тірі өлік қой» деп кейімей ме?! Шынтуайтына келгенде, расында да тірі өлік. Не бардың қатарына жатпайды, кеудесінде жаны болған соң оны жоқ дей де алмайсың. Онда ақыл да, сана да жоқ. Бірақ, сіз айтқан «зомбиді» Алматы қаласында өз басым көрген де, кездестірген де емеспін. Бәлкім, сіздің айтайын деп отырғаныңыз тілін, ділін, дінін білмейтін, ұлттық болмысынан алыстаған, ешкімге де жаны ашымайтын, бұған басын да ауыртпайтын, көйлегінің көк, тамағының тоқ болғанына мәз, «мәңгүрттер» емес пе? Мұндайлардың арамызда өкінішке орай ұшырасып қалатынын жоққа шығара алмаймын.

- Еуропада қызмет етіп жүрсе де, «діни азшылық» деп танылып тіркелмеген «діндер», біздің елге келсе оп-оңай тіркеле салуының мәнісі неде?

- Тәуелсіздік алғаннан кейін демократияның жөні осы екен деп діни сенім бостандығы берілісімен таңдап, талғамай қазақы болмысымызға жат небір дінсымақтар мен топ, ағымдарға есік, тереземізді айқара ашқанымыз рас. Жиырма жыл бойы еркін тайраңдады. Білгенін істеді. «Әй!» дер әже, «қой!» дер қожа табылмады. Әйтеуір, кеш те болса, есімізді жиып, оң, солымызға қарадық-ау?! Жалпақшешей заңымыз былтыр күзде ғана реттелді. Енді «ештен де, кеш жақсы» дейміз де! Дінге қатысты ұстанымымыз қойын алдырып, қораның есігін жапқан бейқам кісінің күлкілі қылығы іспетті.

- Қазақ жастарының және қарттарының дәстүрлі емес діндерге бет бұруының мәнісі неде? Оларды әлеуметтік жағдай аздырды ма, әлде, ислам діні өкілдерінің үгіт-насихатының осалдығы ма?

- Бұл өзі айтыла-айтыла жауыр болған әңгіме ғой. «Дін - апиын» деп үйреткен атеистік қоғамнан жаппай діни сауатсыз шыққан халықты әрбір дінсымақ бөліп алды да кетті. Оған дейін дін маманы дайындалған жоқ. Оның үстіне сол шетелден келген миссионерлердің қалтасы қалың еді. Жұмыссыз, әлеуметтік жағдайы төмен әрі діни сауатсыз халықты өзіне тиын-тебенмен алдарқатып тартуына мемлекет тарапынан ешқандай да кедергінің болмауы елді әлемдегі дінсымақ, жын-шайтандардың қыз-қыз қайнаған базарына айналдырып жіберді.

Ислам діни мамандары тапшы, жоққа тән еді. Сол кездегі ашылған мешіттердің көпшілігінде  5-6 сүрені криллица әрпімен жаттап алған ауыл қарттары отырды. «Білімің жоқ, орынды босат» деуге дайын білімді маман қайда? Кадр мәселесін шешуге уақыт қажет еді. Оны қысқа мерзімде науқаншылықпен шешіп тастау да мүмкін емес-ті. Соңғы 11 жылдан бері діни оқу орындары ашылып, мамандар дайындалып жатыр. Қазір Құдайға шүкір, жағдай көш ілгері. Мықты мамандар жетерлік. Бір өкініштісі, осы мамандарды ауыл мешіттерінде тұрақтандыру қиынға соғуда. Университет, не медресе бітірген жас имам үшін онда әлеуметтік жағдай: тұрақты жалақы да, тұрғын үй де қарастырылмаған. Онсыз жас маманды қалай ұстап тұрақтандыруға болады? Бұл бүгінгі шешімін күткен күрделі мәселе. Еліміздегі қызметі бар, бірақ тұрақты жалақы алмайтын бірден бір сала да осы біздің ауыл мешітінің имамдары. Оларға артылған жауапкершілік жүгі өте ауыр. Әрине, оны алаңсыз орындауы үшін тиісінше жағдай жасалуы қажет емес пе?! Үлгі ретінде демократиясы дамыған Батыс әлемінде өз діндеріне, шіркеулеріне мемлекет тарапынан тиісінше қаржылай қолдау көрсетіледі. Дін мен мемлекет бөлек деп екеуінің арасына Қытай қорғанын орнатып қойғанша мұны бізде қолдануға болмас па?

- Арамызға іріткі салушы жат ағым, секта, топтармен қалай күресуге болады?

- Біз үшін бүгінгі тәуелсіздігімізді сақтап, оны нығайта түсуден, сол арқылы бодандық қамытын қайта кимеуден артық мақсат бар ма?! Осы тәуелсіздікке қол жеткізу арқылы  ата-бабамыздың асыл діні Исламмен қауыштық, ұлттық мемлекетіміз құрылды. Өзгеге бодан болудың не екенін сан ғасыр езілген біздің халқымыздан артық кім біледі? Ал, осы тәуелсіздікті сақтап қалудың бірден-бір жолы Елбасы үнемі айтып жүргеніндей бірлік пен ынтымақты сақтап, оны одан әрі күшейте беру. Елдің негізін құрап отырған қазақ халқының мұнда шешуші рөл атқаратыны айтпасақ та түсінікті. Сондықтан ең алдымен қазақтың діни сеніміне сызат түспеуі қажет. Халқымыз әу бастан Ислам дінінің Ханафи мәзһабын ұстанған, ұстана да бермек. Дін туралы жаңа заңның бір артықшылығы сол осы мәзһабты түпкілікті бекітті. Демек, Ислам атын жамылып, осы кезге дейін жамағат арасына іріткі салып келген өзге ағымдар мен топтардың, секталар мен дінсымақтардың ресми қызмет етуіне тиым салынды деген сөз. Әрине, тиым салынды екен деп, қызметін тоқтатқан олар жоқ, «жасырынбақ» ойнауға көшті. Қазақ айтпақшы «батпандап кірген ауру мысқылдап шықпай ма»? Ендігі міндет солардың жетегінде адасып жүрген, санасы уланған қандастарымызды өз ортамызға қайта оралту үшін діни үгіт-насихатты жан-жақты өрістете түсу қажеттігін діндарларымыз жақсы түсінеді. Бұған бұқаралық ақпарат құралдары мүмкіндігінше атсалысса. Оларда қызмет ететін ұлтжанды қандастарымыз ең алдымен діни сауаттанып, оң мен солды айыратын материалдар мен хабарлар топтамасын беруді діни басқарма мамандарымен ақылдасып, белгілі бір жүйеге түсіргені жөн. Үлкенді-кішілі жиындарда да дін мәселесі көтеріліп, пікір алысулар ұйымдастырылса. Ханафи мәзһабы аясындағы кітаптар мен үн, бейне таспалар көптеп таратылып, теріс пікір туғызатын сайттар қызметі тоқтатылса. Қасиетті рамазан айының әр кешінде имамдар мен өзге де діндарлар қатысқан сұрақ-жауап хабарлары жыл бойына жалғасып жатса, құба-құп. Сонда көрермен өзін толғандырған мәселелерге қанағаттанарлық жауап алып діни таным өрісі кеңи түспек. Мұның бәрінің белгілі бір жүйеге түсуіне билік тарапынан қолдау қажеттігі айтпаса да түсінікті.

- Сіз бүгінгі қандастарымыздың бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді?

-  Қазақ әлімсақтан мұсылман болғандықтан оның бойында мүмінге тән ізгі қасиеттер қалыптасқан. Күні кешегі бодандық пен дінсіз қоғам сол табиғи болмысын недәуір әлсіреткені рас. Ол қасиеттер не дейтін болсақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.а.) хадисінде айтылғанындай: «Мүмін дінге қуатты (яғни, дінді мықты ұстайды). Жұмсақ бола тұрып - табанды. Иманда -тұрақты. Білімде - ынталы. Талапта - сабырлы. Ғылымда - саналы. Байлықта - үнемді. Кемтарлықта - шыдамды. Ынта, тілекте (яғни, өзіне бір нәрсе талап еткенде) - ұялшақ. Кәсіпте - адал. Туралықта - таупықты. Басқаруда - белсенді. Құмарлықта - есті (яғни, құмарлыққа елікпейді). Әрекет етушіге - қамқор. Өзін күндегенге жәбір көрсетпейтін Аллаһ тағаланың құлы. Жақсы көргеніне және аманатқа қиянат етпейді. Күндемейді. Масқаралап, даттамайды және тіл  тигізіп лағынеттемейді. Өзіне зияны тиетін болса да, шындықты мойындайды. Өзгеге лақап ат таңып, мазақтамайды. Намазына берік, зекетті тезірек өтеуші. Күйзелісте - байсалды да байыпты. Молшылыққа - шүкір етуші. Барына - қанағатшыл. Өзгенің затынан дәмеленбейді және дөрекіліктен аулақ. Бір жақсы іс істеуін қаласа, оған жоқшылық кедергі бола алмайды (мысалы, барымен бөлісу). Мүмін адамдармен жақсы қатынаста болып, ақылға қонатын сөз айтады. Аллаһ тағаланың қамқорлығына лайық болу үшін зұлымдық пен қысымшылыққа сабыр етеді».

Әр қандасымызда осынау қасиеттер болса екен деп, Алла тағаладан тілеймін.

Сұхбатты жүргізген Шара Құрбанова

«Абай-ақпарат»

0 пікір