Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3203 0 пікір 15 Тамыз, 2012 сағат 13:01

«Көңілге қонымсыз жасалған ескерткіштерді орнатуға жол берілмеуі керек»

Дархан Мыңбай,

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі:

Дархан Мыңбай,

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі:

Ескерткіштер - тұтастай дәуірлер мен заманалардың кескін-келбетін айқындайтын, тарихын таразылайтын мызғымас мұралардың санатына жататыны мәлім. Монументалды өнердің әлемдік тарихына көз жүгіртсек, ежелгі заманнан бері елеулі тарихи оқиғаларды, ұлы тұлғаларды және танымал қайраткерлерді мәңгі есте қалдырудың бірден-бір жолы ретінде ескерткіш орнату тәжірибесі қалыптасты.
Көнеден жеткен таста салынған алғашқы қауымдық құрылыс өнерінің үлгілерінен бастап, Ежелгі Үндістан, Египет, Грекия және Рим дәуірінен келіп жеткен қайталанбас монументалды өнер туындылары бүгінге дейін сақталып келе жатқаны белгілі.
Елімізде ескерткіштер тұрғызу ісі ХХ ғасырдың екінші жартысында кең өріс алып, ғылым, әдебиет, қоғам қайраткерлерінің, атап айтсақ, Абай, Амангелді Иманов, Шоқан Уәлиханов және басқа да тарихи тұлғаларымыздың ескерткіштері Алматы қаласы және өзге өңірлерде бой көтерді.
Тәуелсіздік жылдарында республи­камыздың қоғамдық-саяси өмірінде де осы үрдіс екпін алып, еліміздің бірлігі мен тұтастығын сақтап қалған ұлы тұлғаларға, хандарымыз бен ба­тырларымызға арналған ескерткіштер орнатылу ісі жүзеге аса бастады.
Осы үрдісті жүйелі әрі мақсатқа сай жүйелеу үшін 2001 жылғы 1 наурызда Үкіметтің «Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі Мемлекеттік комиссия құру туралы» № 311 қаулысы қабылданды. Аталған қаулымен елімізде орнатылатын ескерткіштер мен монументтердің жоғары идеялық, көркемдік деңгейін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі Мем­лекеттік комиссияның құрамы бекітілді. Комиссияның жұмыс органы ретінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті анықталды.
Комиссия құрамына еліміздің та­нымал сәулетшілері, мүсіншілері, өнер­та­ну­шылары, ғылым және мә­дениет мекеме­лерінің, шығарма­шылық одақтардың және басқа да мүдделі мекемелердің өкілдері енді. Атап айтқанда, комиссия құрамындағы сәулетші Серік Рүстембеков, Аманжол Чиканаев, Амангелді Садықов, мүсінші Мұрат Мансұров, Болат Дос­жан, Тоқтар Ермеков, өнертанушы Байтұрсын Өмірбеков сынды азаматтардың қазақ өнерін өрге сүйреп жүргені бар­шаға белгілі. Сондай-ақ комиссия құрамындағы белгілі тарихшылар, қоғам қайраткерлері, тарихи-мәдени мұра саласындағы мамандар комиссия қарауына келіп түскен ұсыныстарды жан-жақты қарап, тиісті сараптамалық шешімге келуге толық мүмкіндік береді.
Өкінішке қарай, кейбір жергілікті атқарушы органдар тарапынан комиссияның келісімінсіз ескерткіш орнату фактілері орын алып отырғаны жасырын емес. Осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында министрлік тарапынан облыс әкімдіктеріне бірнеше рет ескерту хаттар жолданған.
Соған қарамастан, жергілікті жерлер­де заң бұзушылықтар әлі де орын алып отыр. Тек қана, өткен 2011 жылы облыстарда 20-дан астам жаңа ескерткіштер заңсыз орна­тылған. Мәселен, Ақтау қаласында Құрманғазыға, Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында Асқар Сүлейменовке, Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында Әнет бабаға, Павлодар қаласында Павел Васильевке орнатылған ескерткіштер белгіленген тәртіппен комиссияның қарауына ұсынылмаған.
Осының нәтижесінде жер-жерлер­де көркемдік деңгейі сын көтермейтін ескерткіштер қатары көбеюде. Егер ескерткіш орнатудың түпкі мақсаты белгілі бір тарихи оқиғаның маңызы мен мәнін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, қайраткерлердің өшпес бейнелерін есте қалдыру, сонымен қатар елді мекеннің тағылымдық-эстетикалық сәнін келтіру тұрғысынан өлшейтін болсақ, бұл мәселеге біз аса зор жауапкершілікпен қарауға тиіспіз.
Жалпы ескерткіш орнатудың өзі үл­кен мәдениет екендігін ескерер болсақ, әр деңгейдегі жергілікті атқарушы орган қойылатын ескерткіштің жоғары көркемдік деңгейіне келісім бере отырып, сол өңірдің мәдениетін көтерудегі моральдық жауапкершілікті қоса жүктеуге тиіс деп білемін.
Алдағы кезеңде заң талаптары орындалмай орнатылған ескерткіштер­ге инвентаризация жасалып, бұл туралы электронды және баспа бұқаралық ақпарат құрал­дарында, министрліктің интернет ресурс­тарында жариялауды көздеп отырмыз.
Яғни Қазақстан аумағында орнатылатын әрбір ескерткіш, монумент, бюст болсын аталған комиссия сараптамасынан өткеннен кейін ғана орнатылуға тиіс. Ал бұл рәсімдерден тыс қойылған ескерткіштерге қатысты қатал шешімдер қабылданып, олардың көркемдік сапасын қайта қарау жөніндегі шаралар іске асырылуы қажет деп санаймын.
Осы ретте жергілікті атқарушы орган немесе шығармашылық одақтар, қоғамдық ұйымдар ескерткіштер мен монументтер орнату туралы ұсыныстарын ең алдымен Мемлекеттік комиссия қарауына ұсынуы керек. Өз кезегінде комиссияда республикалық деңгейде өткізілген конкурс жеңім­паздары болған үздік жобалар қаралады. Сонымен қатар ескертетін бір жайт, құрылысы аяқталған, эскиздері мен модельдері комиссияда алдын ала қа­ралмаған ескерткіштер мен монументтер жөніндегі ұсыныстар комиссияның қарауына қабылданбайды.
Қорыта айтқанда, елімізде көркем­дік және идеялық тұрғыда төмен сапада жасалған ескерткіштерді орнатуға жол берілмеуі керек. Бұл бағытта біздің тарапымыздан алдағы уақытта ескерткіш орнату мәселесін бір арнада жүзеге асыру мақсатында қолданыстағы заңнаманы жетілдіру, яғни оған тиісті түзетулер енгізу жұмыстарын іске асыруды жоспарлап отырмыз.
Сондықтан да ескерткіштердің тарихи мәні ерекше әрі көркемдік шешімінің көңілге қонымды болуы және жоғары кәсіби біліктілікпен, эстетикалық талаптарға сай орындалуы аталған Мемлекеттік комиссияның тікелей жауапкершілігіндегі ауқымды шаруа және бәріміздің азаматтық міндетіміз деп білемін.

«Ана тілі» газеті

0 пікір