Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3830 0 пікір 15 Тамыз, 2012 сағат 11:33

Әлімхан Ермеков: ««Алашорданың» қызметінде де қиыспайтын қайшылықтар толып жатты»

2.

Бұл өтініші Қазақ Атқару Комитетінің алқасына жетті ме, жоқ па, ол жағы беймағлұм. Жеткен күннің өзінде Ораз Исаев сияқты дәбірлер ештеңе істей алмайтын. Сондықтан да бұл арыз тергеушінің, ары кетсе Орталық Комитеттің бақылау бөлімінің тартпасынан орын тапқан сияқты. Бұдан кейін жауаптың аңысы өзгеріп, өмірбаяндық сыпат алады.

2.

Бұл өтініші Қазақ Атқару Комитетінің алқасына жетті ме, жоқ па, ол жағы беймағлұм. Жеткен күннің өзінде Ораз Исаев сияқты дәбірлер ештеңе істей алмайтын. Сондықтан да бұл арыз тергеушінің, ары кетсе Орталық Комитеттің бақылау бөлімінің тартпасынан орын тапқан сияқты. Бұдан кейін жауаптың аңысы өзгеріп, өмірбаяндық сыпат алады.

Ә.Ермеков (жалғасы): «Революцияға дейін оқу оқыдым, оқығанда да орта және жоғары оқу орнына төленетін қаржыны өзімнің маңдай теріммен таптым.  Төңкерістен бергі менің қызмет баспалдағым мынадай: Облыстық қоғамдық мекемелердің атқару комитетінің президиум мүшесі, Қазақ облыстық комитетінің мүшесі, жұмысшы, солдат және шаруа кеңесі облыстық атқару комитетінің мүшесі, Бүкілқазақтық «Алашорда» халық кеңесінің орталық кеңесінің мүшесі, губерниялық земство басқармасының меңгерушісі, Корниловтың тұсында губерниялық революциялық комитеттің мүшесі, Колчак талқандалғаннан соң губерниялық революциялық комитеттің мүшесі және  ВЦИК-тің жанындағы Қазақ революциялық әскери комитетінің өкілдігінің төрағасының міндетін атқарушы, губкомның және мемлекеттік жоспарлау мекемесінің төрағасының орынбасары міндеттерін педагогикалық жұмыспен ұштастырып келдім. Ауыл шаруашылығы банкісінің басқарма мүшесі болдым, соңғы төрт жылда тек қана жоғары оқу орындарында істеп келемін. Тұтқындалған кезде Қазақ мемлекеттік университетінің математика кафедрасының доценті боп істедім. ҚССР кеңесінің соңғы екі құрылтайында ҚССР Аткомының мүшесі болып сайландым»,- деп мағлұмат берген.

Бұл қызметтердің барлығы 1918-1920 жылдардың арасындағы қысқа мерзімді қамтығандықтан да, анкеталық анықтама ретінде:

Әлімхан Ермеков: - 1891 жылы Семей облысы Қарқаралы уезінде туған. 1898 жылы Қарқаралыдағы үш жылдық орыс мектебіне, 1905 Семейдегі мұғалімдер гимназиясына, 1912 жылы Томскі технология институтының матеметика факультетіне түскен (оны 1922 жылы тәмәмдаған), - деген деректі қосымша ұсына кетеміз.

Оның бұдан кейінгі мағлұматтары алдыңғы көрсетінділерде баяндалған жайларды қайталайды. Сондықтан да жылнамалық тәртіпті сақтау үшін қарашадағы жауапты назарға алдық.

 

Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Алашорданың» жүргізген ісіне тоқталып жатпай-ақ, оның бір мүшесі ретінде менің кейінгі іс-әрекетімнің бағытын өзгерткен тарихи тәжірибеме тоқталсам да жеткілікті».

Бұл «тарихи тәжірибе» - 1917 жылы 21-26 шілде күндері өткен І Бүкілқазақ құрылтайына Семей облысынан өкіл боп сайлануынан, ал оның дербес саяси жанталасқан күресі 1917 жылғы 9-қазан күнгі Сібір облыстық құрылтайындағы:

«Сібір халықтарының арасында өзара ынтымақтастық болған жоқ, әр ұлт өзінше өмір сүрді, ортақ мүдделері анықталмады. Енді біз өз өмірімізді өзіміз игеруге мүмкіндік туғанда, бүкіл Сібір жұрты өзінің мұқтаждықтары туралы бар дауыспен арындай айтуы үшін барлық ұлттардың тұтастығы аса қажет»,- деген (Д.Аманжолова,. На изломе. А. 2009. 181-бет) деген ұранмен басталды.

Сібір құрылтайында қазақ ұлтының дербес мемлекеттігі мен ұлттық автономиясы, «жер автономиясы», «мәдени автономия», экономикалық автономиялық құрылым туралы Ә.Бөкейхановтың баяндамасы арқылы тұңғыш рет саяси мінбеде талқыға ұсынылды. Екеуінің үзеңгілестігі осыдан кейін ажыраған жоқ. Алаш автономиясына қатысты барлық саяси талқыда солармен бірге тезге түсті. 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында өткен ІІ Бүкілқазақ құрылтайында үкімет мүшелігіне сайланды. Сөйтіп: «Мемлекеттіктің негізі:1. Жеке территория үшін. 2. Онда тұратын ұлттың. 3. Елді билейтін үкіметтің» атынан саяси сахнаға шықты.

Жалаң идеядан басқа қаруы жоқ алаш үкіметінің жалтаңкөз болмасқа шарасы да жоқ еді. Күнде болмаса да ай сайын аударылып-төңкеріліп тұрған үкіметтердің аранын арбап, ұлтты қырғыннан аман алып қалу мақсатында, аятолла Хомейни айтқандай, «шайтанның да тілін тауып, дос болуға» тура келді. Алаш автономиясын мойындауға ықылас білдіріп:

«1918 жылы 2 көкек күні Ленин мен Сталин екеуі «Алашорда» үкіметінің мүшелері Ә.Бөкейхановпен, Х.Ғаббасовпен және Ә.Ермековпен тікелей байланысқа шықты» (Владимир Ильич Ленин. Биографическая хроника. М. 1974 стр. 352).

Кеңес өкіметінің ондағы мақсаты Қазақ даласын басқару жөніндегі әскери-революциялық кеңестің төрағасы С.С.Пестковскийдің айтуынша:

«Енді Түркістанға Еуропаның Азиядағы қақпасы болуы ғана қалды, социалистік идея мен саяси еркіндіктің тасқыны кеңестік Ресейден, әлемдік революцияның қазіргі отанынан Түркістан арқылы Азияға ағылуға тиісті... Түркістанның мұсылмандарын қаратса, Ауғанстан мен Персия да бағынады, ал оның ар жағында Монғолия мен Индияға да жол ашылатын» еді.

Төңкерістің қазақ даласындағы І Петрі, қазақ елінің кеңестік көсемі Пестковскийдің арманы, міне, осындай болатын. Сондықтан да «Алашорда» үкіметі кеңес өкіметін алдарқата отырып Сібір үкіметімен де, Құрылтай үкіметімен де ресми байланыс жасап, келісім жүргізуге мәжбүр болды. Қалайда қазақ автономиясының мойындалуына мүдделі тұста Әлихан Бөкейханов тағы да Әлімхан Ермековті жау мен даудың өтіне шығарды. Одан басқа шара да қалмаған еді.

Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «1917-1919. Бұл әскерилердің - колчаковшылар мен атамановшылардың билеп тұрған кезі болатын. Жазалау отрядтары, зорлық-зомбылық, дала-әскери соты жаппай орын алған еді. Жұмысшылармен, шаруалармен бірге сорлы қазақ елі де майдан даласына тән террорды, езгіні, басынуды бастарынан кешті. Губерниялық, уездік жер басқармаларының мүшелерін, «Алаштың» орталық кеңесін тұтқындау күн өткен сайын жиілей берді. Олардың кейбіреулері әскери-дала сотына беріліп, дарға асылуға дейінгі жаза қолданылды. «Алашорданың» мүшесі Ақбаев (Ж.Ақбаев - Т.Ж.) «большевиктердің төңкерісіне көмектесу үшін қару жасырғаны үшін» ату жазасына кесілді».

Төрт жақтан: Кеңес өкіметінің, Сібір уақытша үкіметінің, Құрылтай мәжілісі үкіметінің және ішкі большевиктік бағыттағы кеңесшіл депутаттар мен казактар жүздігі тарапынан алқымға алынып, таланға түскен қазақ елін қалайда қорғап қалу үшін, қалыптасқан жағдайға байланысты шұғыл түрде саяси бұрылыстар жасап отыруға тура келді. Сеніп отырған Семейдегі кеңес өкіметі 18 мамыр күнгі қазақ құрылтайын қызыл әскер күшімен таратып, көсемдерін қудалауға кірісті. Алаш қаласы:

«Қаңырап бос қалды, ондағы барлық қазақ тұрғындары қырға шығып кетті. Қызыл әскерлер жаппай тонауға кірісіп кетті, бір тал бауырсақты да қалдырмады».

Бұған қарсы жауап ретінде «Алашорда» үкіметі:

«Алаш автономиясының территориясында кеңес өкіметінің барлық декреттері заңсыз, орындауға жатпайды»,- деген қаулы қабылдады.

Капитан Хамит Тоқтамышев басқарған «Алашорда» жасағы Ертістің қыр жағалауындағы Алаш қаласын қорғанысқа алды, әскери іске Х.Ғаббасов, Б.Сәрсенов, М.Тынышбаев, А.Тұрлыбаев, Б.Маметов астыртын жетекшілік етті. Ә.Ермеков саяси мәселелермен айналысу үшін қалада қалды. Достықтан дұшпандыққа бет алған совдеп мүшесі Е.А.Самойлов бұл қарбалас туралы:

«... кеңес өкіметі құлауға тақаған сайын оған қарсы қолданылған шаралар да үрейге толы болды, қазақтардың шабуылынан қорғану үшін қоршаулы қалқан тұрғызылды, төңкерістен бір ай бұрын түнде Ертістің жағалауына қаз-қатар шеп құрып, қыбырлаған қайықты ескертусіз атуға бұйрық берілді, соңғы аптада параходтар түнде қазақ жағалауына прожектор жарығын түсіріп тұрды. Шындығын айтқанда, біздің совдеп қазақтардан қатты қорықты»,- деп жазды.

Ақыры, 11-шілде күні Семейде кеңес құлады да Сібір уақытша үкіметі енді кеңес өкіметімен келісім жүргізген алаш көсемдерін жаппай жазалауға көшті. Жақып Ақбаевті 7- шілде күні тұтқындап, 10- шілде күні Колчактың әскери-далалық соты өлім жазасына кесті. Ыдырыс Мұстамбаев та дар алдынан қайтты. Ә.Бөкейхановтың жарлығымен: автономияның жерін уақытша пайдалану туралы қарар шықты, жерге жеке меншік жойылды, қазақ сот құрылымы бекітілді. Сөйтіп:

«Біз өзіміздің автономиямызды өз күшімізбен қорғаймыз және Ресейді немістер мен большевиктердің зорлығынан қорғап, Ұлы Федеративтік Ресей республикасын құруға ұмтылған бүкілресейлік өкіметке қарымды көмек көрсетеміз»,- деп жариялады (Д.Аманжолова,. На изломе. А. 2009. 224-бет).

«Алашорданың» бұл бағытына Сібір уақытша үкіметі басқаша «жауап берді».

Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Омбыда келісім жүргізіп жатқан кезінде «Алашорданың» төрағасы Бөкейхановтың өзі де тұтқынға алынды. Жергілікті газеттерде губерниялық жер басқармасының мүшелерін большевиктерге бүйректері бұрады деп әшкерелеп жатты (Семейде шығып тұрған «Речь» газетін қараңыз)».

Бұған қоса Сібір  Далалық корпусының командирі П.Иванов-Ринов Семей облысындағы барлық кәсіпорындарды үкімет меншігіне алып, «Алашорданың» қаулыларын жоққа шығарды.

Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Ақырында он алтыншы жылғы көтеріліс кезінде Жизақ қаласы тұрғындарының бірін қалдырмай қырып-жойғаны үшін «Жизақтық» деп атанып кеткен  Колчак диктатурасының әскери министрі Иванов-Ринов тек «Алаш» автономиясы мәселесін көтергені үшін ғана қазақ (сол кездегіше айтсақ қырғыз) зиялыларының бірін қалдырмай қырып тастау туралы жобасын ұсынды, ол: ақсақалдарды медальмен, шен-шекпенмен жарылқай отырып та қыр елін билеуге болады - деп ойлады. «Алашорданың» қызметінде де қиыспайтын қайшылықтар толып жатты. Мысалы, сол кезде Колчакқа «Батыс Алашорданың ақсақалы» атағын беру туралы ұсыныс та жасалды. Бұл жөнінде: «Алашорданы» - «Ералашорда» деп атаған Сібір үкіметінің пікірі шындыққа келетін».

Мұндай қанды да қатерлі қарбалас тұсында саяси мәмілегерліктің салмағы зейіні зерек, ширақ та батыл, еркін ойлы өжет азамат Әлімханға түсті. Ал Райымжан Марсеков: 1) Алаш жасағын. 2) Алаш сотын «Алашорда» құрамында дербес қалдыру мәселесін көтерді. Облыстық комиссар Г.Г.Крот  9-шілде күні Р.Марсеков пен С.Дүйсенбинді «сотпен тергеу ісін» тоқтатпау үшін комиссия құрамына енгізді. 1918 жылы 10-шілде күні Сібір үкіметінің Батыс-Сібір комиссариатына Мәмілегерлік ұсыныс хатын тапсырды. Онда:

«Ресей халқы мен шет аймақтағы ұлттардың саяси өрлеуіне негіз қалаған ақпан төңкерісінің жеңістерін қорғайтын Сібір үкіметін қыр елі де жан-жақты қолдайтынын білдіре келіп, Сібір Уақытша үкіметіне: ІІ Бүкілқазақ құрылтайы бекіткен Алаш автономиясының ұлттық-территориялық тұтастығын мойындау, шекаралық тұрғындардың пікірлерімен санаса отырып шешілетін жер мәселесін заңды түрде тану туралы жоба ұсынылды».

1918 жылдың 29-30 шілдесінде және 2-3 тамызда Сібір Уақытша үкіметінің халық ағарту министрі В.В.Сапожниковтың төрағалық етуімен, құрамында әскери мекеменің өкілі В.Л.Попов, Ішкі істер министрінің орынбасары П.Д.Михайлов, жер және отарлау министрлігінің өкілі А.М.Яромыш, «Алашорданың» жетекшісі Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков және капитан Х.Тоқтамышев автономия жобасын талқылады. «Алашорданың» қазақ жеріндегі бірден-бір және ешқандай қол сұғуға жатпайтын мемлекеттік орындаушы құрылым ретінде танылуы - «Алашорда» үкіметі тарпынан шұғыл шара қолдануды талап етті. Ең бастысы өзінің мемлекеттік қуатын көрсету үшін Сібір армиясы қару-жарақпен қамтамасыз еткен алаш полкі жасақталып, Жетісу майданына аттанып кетті. Бірақ бұл да әскери және саяси арандату болып шықты. «Алашорда» әскерінің майдандағы беделінің өсуіне байланысты ұлттық құрылым мәселесі үздік-создық талқыланып, ақыры үкімет кеңесшісі К.Г.Дишлер:

«Алашорданың» талабы аса зор, бірақ нақты негіз жоқ. Егерде ұсынған жобаны комиссия қабылдайтын болса, онда Сібір Уақытша үкіметінің көмегімен жаңа мемлекеттік тұлға өмірге келетін болады, ал мұны мен заңдық тұрғыдан қате, саяси тұрғыдан мақсатсыз шара деп есептеймін»,- деп (сонда, 235-бет) қорытынды шығарды.

Ал «Сибирская речь» газеті:

«Тек өзін-өзі құртуға бет алған мемлекет қана бұратаналардың мұндай жікшілдігімен өз еркімен келісуі мүмкін... Тек қана олардың мәдени-ұлттық қажетін өтеумен шектелген дұрыс... Олардың талаптарын орындамаған жағдайда «Алашорданың» Сібірмен одақтастығын үзетіні және өз беттерінше автономия жариялайтыны туралы көрсеткен сесі - мәмілеге қол жеткізетін тактикалық қадам емес»,-  деп (сонда, 235-бет) бағалады.

Колчактың қырғи қабағын аңғарған «Алашорда» үкіметі жоғарыда көрсетілген жобаны қабылдаған Самара Құрылтай мәжілісі үкіметімен (Комуч) саяси одақтасуға ұмтылды. 1918 жылы 25-қыркүйекте Комучті алмастырған Уақытша Бүкілроссиялық үкімет - Директория: «Алашорда» үкіметін тану туралы Декларация қабылдады. «Алашорданың» атынан Декларацияға Ә.Бөкейханов пен И.Әлімбеков қол қойды.  Ол туралы Комуч мүшесі И.Майский:

«Самараға, тіпті, Сібір үкіметімен тіл табыса алмаған Комитеттен өздерінің «Алашордасын» саяси тануды қалаған және қару-жарақ алғысы келген қазақтар да келді», -  деп өктем үнмен жазды (сонда, 252-бет).

Шындығында да бұл «Алашорда» үшін ең жауапты әрі ауыр кезең еді. Анталаған араннан қалай да қорғансыз елін арашалап қалу мақсатында барған саяси қадам болатын. Ашынған Колчак та, Комуч та екі иығын жұлып жеген таланды ұрғашы арыстандай ызалы, қатыгез, жау мен досты айыра алмайтындай қандыкөз күйге түсіп еді.

Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): Колчактың жанталасы, өлім алдындағы ант мезгілі басталды. Біз, земство қызметкерлері, ұлттық кадрлар осындай от пен судың сынағынан тәжірибе ала отырып, қазақ төңкерісі тұсындағы ұстанымдарымызға, Сібірде төңкеріс жасаған эсершіл чех-словак әскеріне іш тартқан әрекеттерімізге сын көзбен қарауымыз керектігін түсіндік. Террор барған сайын күшейе түсті, бұдан әрі қалада қалу өмірімізге қауіп төндірді. Семейдегі төңкерістен бірнеше күн бұрын далалық әскерлер шегіне қалған жағдайда көзі құртылуға тиісті адамдардың тізімі тұрғындарға таратылды. Тізімнің ішінде біздің де атымыз бар екен-мыс. Сондықтан да мәжілісте: қызыл армия келгенше қырға шығып кету керек, ал Семейдегі төңкеріс басылғаннан кейін қалаға қайтып оралу керек - деп шештік. Бірақ Семейге қайтып келу де қиын болатын. Өйткені: қазан төңкерісіне деген теріс ұстаным, чех-словак эсэрлерінің әскеріне көрсетілген көмек, құрылтай Мәжілісін қолдау (Ресей ұлтшылдарының үкіметі - Т.Ж.) «Алашорданың» бетіне шіркеу түсірген болатын. Соған қарамастан: ешкім де Қазақстаннан тыс жерге кетпесін, ешкімде шекара асып шет елге өтпесін, Бөкейхановтан басқаларының барлығы Семейге қайтып келсін,- деп ұйғарым жасадық».

Уақытша Бүкілроссиялық үкіметтің - Директорияның талқылауы арасында 11-қыркүйек күні «Алашорданың» төтенше кеңесін өткізді. Оған Ә.Бөкейханов, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер, М.Тынышбаев, А.Бірімжанов, Ә.Ермеков, У.Танашев қатысып, «Ойыл уәлаяты» «Алашорда» автономиясымен ресми біріктіріліп, «Алашорданың» Шығыс және Батыс бөлімдері құрылды. Омбыда өткен Директорияның 4-қараша күнгі қарары бойынша «Алашорданы» территориялық басқару құқы ғана мойындалып, автономия туралы шешімі күшін жойды. Қалыптасқан әскери жағдай мәжбүр ете қалса, Қазақ - Башқұрт республикасын құру жөнінде Заки Валидовпен шарт жасасты. Мұндағы мақсат - әскери қуаты күшті, Ленин мен Сталин сескене қараған Башқұрт республикасымен бірігіп, «Алашорданың» мысын көтеру, Орынбор мен Орынбор облысын өзіне қаратудың амалы еді. Егерде бұл территория РСФСР-дің құрамына қарап кетсе, Башқұрт, Татар, Қазақ республикаларының арасы бөлініп, түркі жұртының іргесі ажырап кету қаупі туатын. Енді саясат сахнасына құқықтық-басқару мәселесі туралы қисындар шықты. Қызыл әскердің қысымы күшейіп, басымдылық таныта бастады. Саясат сахнасына тағы да кеңес өкіметі шықты.

Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Бұл шешімге тоқтам жасатқан: төңкеріс тұсында жинақталған ауыр тәжірибелер мен Колчак пен қаптаған атамандардың кезіндегі террорлық зорлық-зомбылық еді. Сонымен қатар, кеңес өкіметінің халықтардың ерікті құқығы туралы декларациясы, «Алашорданың» кейбір мүшелерінің Москвадағы тікелей келісімдері, «Алашорданың» Семейдегі бөлімі мен Москваның арасындағы тікелей байланыстың нәтижелері де ықпал жасады. Дутовтың бандыларының арасынан екі-үш адамдық шағын топпен қалаға кірдік. Қалаға кірісімен Сібір ревкомының мүшесі жолд. Косаревтің (қазір ОК-тің мүшесі) губерниялық үкіметті құрып, жетекшілік ету үшін Семейге келгенін естідім. «Алашорда» мүшелерінің ішінде жалғыз мен ғана қалада екенмін, сондықтан да жалғыз өзім шұғыл түрде Косарев жолдасқа бардым. Мен оны «Алашорданың» іс-әрекетімен қысқаша таныстырып өттім. Қазіргі жағдайда қабылданған шешім мен өзімнің келу мақсатымды баян еттім. Косарев жұмысшы қазақтармен бірнеше рет бас қосу өткізді де, солардың келісімімен мені губревкомның құрамына енгізді.

Төңкеріс тұсындағы өткен баспалдақтар ұлттық қозғалыстың мүшелеріне өте маңызды әрі құнды тәжірибелер үйретті...».

1918 жылдың екінші жартысы мен 1919 жылдың 11 айы, шындығында да, «қозғалыс мүшелеріне өте маңызды әрі құнды тәжірибе» үйретті. «Шығыс алашорданың» кеңес өкіметімен «қайтадан қойындасып», бейтарап саясат ұстануына Ахмет Байтұрсыновтың 1919 жылғы көкек айындағы Мәскеумен келісімі, кеңес өкіметін «Алашорданың» мойындауы әсер етті және: «Дәл қазір атамандардың арасындағы аранда қалған «Алашорданың» Шығыс бөлімі бірден кеңес өкіметі жағына шығуға мүмкіндігі жоқ»,- деген мәлімдемесі мен «Батыс Алашорданың» кеңес өкіметімен арадағы жүргізген саясатының нәтижесі болатын. Бұл мәселелер алдыңғы тарауларда жан-жақты тәптіштеле талданғандықтан да бұл арада тоқталып жатпаймыз. 1919 жылы 4-қараша күнгі Ә.Бөкейханов шақырған кеңесте «Алашорданың» кеңес өкіметі жағына шығатыны туралы шешім қабылданды. 18 қараша күнгі Семей облыстық ревкомының мәжілісіне Ә.Ермеков, М.Әуезов, Р. Дүйсебаев қатысты.

Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Осыған байланысты мен өзімнің партияға мүше боп өту туралы көзқарасымды да білдіре кетейін. Жолдастарымыз қырдан қалаға қайтып келген соң мен ВКП-ның қатарына өтуді мәселе етіп қойдым. Қарсы шығып сөйлеген Ғаббасовтың басты дәлелі: қазақ арасында пролетариат жоқ - дегенге сайды. Пікір таласымыз белгілі бір шешімге келуге мүмкіндік бермеді. Мен шұғыл түрде: Семей облысын Қазақ революциялық әскери комитетінің қарамағына беру мәселесін шешу үшін Орынборға іссапарға жүріп кеттім. Орынборда бірден мені: Семей және Ақмола облыстарын Қазақ революциялық әскери комитеті басқармасының құрамына кіргізу туралы мәселені күн тәртібіне енгізу үшін және республиканың құрылғанын жариялайтын декретті дайындау үшін Москваға жіберді».

«Алашорда» үкіметі туын түсірісімен автономиялы республика деңгейінде қалып отырған Башқұрт үкіметінің төрағасы З.Валидов бұрынғы келісім шартты негізге алып, 1919 жылы 13 желтоқсан күні Қазақ - Башқұрт республикасын құру туралы ұсыныс түсірді. Бүкілодақтық Атқару Комитетінің президиумы саяси оқиғаның күш алып кетуінен сескеніп сол күні Орталық Комитеттің төралқасы төтенше отырыс жасап:

«Қазақ - Башқұрт республикаларының қосылуы туралы мәселе мақұлданбасын», - деген қарар шығарды.

15 желтоқсан күні Қазақ, Башқұрт, Татар республикаларының шекарасын межелеу туралы мәселе қаралды. З.Валидовтің талабы большевиктердің уәдесін орындауға ықтияр етті. 1920 жылы 9-наурыз күні Қазақ Әскери-революциялық кеңесі «Алашорда» үкіметінің тағдырын бүтіндей шешіп берген бұйрық шығарды. Онда:

«1. Өзін «Алашорда» деп жариялаған үкімет және соған қарасты барлық жергілікті мекемелер, РСФС-дің конституциясында бекімегендіктен де, таратылсын. Ол өмір сүрген кездегі шығарылған заң, нұсқаулар мен бұйрықтар жарамсыз деп табылады. Барлық мүлік пен ақша белгілері, қару-жарақ, әскери қор мен жабдықтар тиісті комиссариатқа және аймақтық, облыстық уездік ревкомдардың арнайы бөліміне тапсырылсын»,-  деп (сонда, 343-бет) атап көрсетілді.

Сөйтіп, «мәңгілік ерікті елді» аңсаған алаш идеясы 1917 жылдың 5-13 желтоқсанынан бастап 1920 жылдың 9 наурызына дейін, тура 711 күн тәуелсіз өмір сүрді. Сол күні Ә.Ермеков, Д.Ж.Төленов губревкомның құрамына кірді. Ж.Аймауытов, М.Тұрғанбаев, А.Шикібаев, М.Әуезов губкомның бұратана халықтар бөліміне қызметке бекітілді. Тек Ә.Бөкейханов қана автономия жарияланғанша өзін большевиктердің ықпалынан тыс ұстап, автономия туралы қаулыны қасарыса талап етті.

Қазақ әскери-ревкомы 1920 жылы 16 мамырда шекараны анықтау комиссисын құрды. Оның құрамына Әйтиев, Ермеков, Кулаков, Авдеев кірді. Шекара межесін белгілеу үшін Ә.Ермеков Кремльге жіберілді. Бұл Ә.Ермековтің саяси қайраткерлігінің ең жауапты және қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған аңсарлы күндері еді.

Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Москваға барғаннан кейін ревком мүшелері маған республиканың шекарасын анықтау үшін тиісті құжаттарды жинастыруды және ұлттар жөніндегі халық комиссарымен (ол кезде Сталин болатын - Т.Ж.) декреттің жобасын жасауды тапсырды. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін мені ВЦИК-тің жанындағы Қазақ революциялық әскери комитетінің  өкілдігіне уақытша уәкіл етіп қалдырды. Мен Москвада Халел және Жаһанша Досмұхамедовтермен кездестім. Олар менің жаңа саяси бағытыма таңдана қарады, менің солшыл пікірлерімді біраз тыңдап тұрды да, сынауға көшті, біздің пікір алысуымыз ерегеске ұласып кете жаздады».

Қазақ автономиясын құру жұмысымен Сталиннің өзі тікелей араласып, 1920 жылы 18 мамыр күні Сібір, Түркістан, «Мусбюро», Орынбор, Челябі, Бөкей ордасы, Қазақ ревкомдары өкілдерін және «Алашорданың» барлық көсемдерін, оның ішінде басты адам ретінде Әлихан Бөкейхановты қадағалай шақыртып, «Қазақ өлкесін басқару мәселесін» талқылады. Осы ретте біз қазақ мемлекеті үшін аса бір тағдырлы да талмауытты және осы уақытқа дейін тарихшылар нақты талап бере алмай жүрген оқиға болғандықтан да Ә.Ермековтің тергеушіге берген көрсетіндісіне қоса алпысыншы жылдардың соңында «Білім және еңбек» журналында жарияланған, сол үшін бас редакторы Талап Сұлтанбеков орынынан алынған мақаланы, бауырлары К.Мәкенбаев пен Қ.Сәдуақасовтың басылымындағы мәтінді өзіміздің қолымыздағы Ә.Ермековтің қолжазба нұсқасымен салыстыра отырып пайдаланамыз.

Әлімхан Ермеков, «Менің Владимир Ильич Ленинмен 1920 жылғы кездесуім»: «Кеңес әскері Колчакті құлатып, талқандаған соң, 1919 жылдың соңында губерниялық кеңес өкіметін ұйымдастыру үшін Сібір ревкомының мүшесі Косарев (Ленин комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, белгілі Косаревтің әкесі) - Омбы қаласынан Семейге келді. Ол Семей қаласының жұмысшы аудандарында қазақ жұмысшылары мен жатақтары қатысқан бірнеше жиын өткізіп, олардың ішінен сайланған өкіл ретінде губерниялық революциялық комитетке мүшелікке ұсынылып отырған кандидаттар туралы олардың пікірін білді. Оның өзінің ұсынысы бойынша Завадский - төраға, Большаков - хатшы және мүше ретінде Құрамшин, Төленов және мен губерниялық революциялық комитеттің құрамына кірдік.

1919 жылдың күзінде-ақ РКП(б) ОК мен Кеңес үкіметі Қазақ өлкесін басқаратын Қазақ революциялық әскери комитетін құрған болатын. Оның құрамына: Пестковский - төраға және Әліби Жангелдин, Меңдешев Сейтқали, Әйтиев Әбдірахман, Арғыншиев Сағынгерей, Ғұбайдолла және Әлиасқар Әлібековтер, Қаратаев Бақытжан, Тұнғашин, Бегімбетов Нысанғали және басқалар оның құрамына мүше боп кірді.

Семей губревкомы басында Сібірревкомына қарады, кейіннен Орталықтың қазақ даласын басқаратын қазақ әскери ревкомын құру туралы қаулысы шыққаннан кейін бұл губернияны басқару және оны соңғысына қосу туралы мәселе қойылды.

Кезек күттірмейтін бұл мәселені шешу үшін 1920 жылы мамыр айының басында мен Орынборға іссапарға жіберілдім, қазақ әскери ревкомы және біздің республикамыздың ұйымдастырылуы мен қалыптасуы кезіндегі уақытша орталығы осы Орынбор болатын.

Екі облыстың - Семей және Ақмола облыстарының қазақ әскери ревкомына қосылуы және оның қарамағына берілуі мәселесі Орынбор қаласындағы мәжілісте барлық мүшелердің қатысуымен талқыланды. Талқылауда: болашақтағы автономиялық республиканың құрамына кіретін Қазақ өлкесіндегі барлық облыстарды белгілеу және олардың шекарасын анықтау мәселесі көтерілді».

Бұл - империя мен отар елдің арасындағы ең күйінішті де сүйінішті, мүдделері тоғыспайтын, жүйкені шүйкелейтін жанкешті жұмыс еді. Ал, Әлімхан Ермеков үшін болашақтағы тәуелсіз Қазақстанның территориясын анықтап беруі тиіс ұлт аманаты болатын.

Ә.Ермеков (жалғасы): «Мұндай үлкен жұмысты жүргізу үшін Қазақ әскери ревкомының қаулысы бойынша 1920 жылғы 18 майдағы № 2043 мандатпен «Жалпы Қазақ өлкесі, оның ішінде шекара мәселесі» туралы баяндама жасауға Мәскеуге аттандым. Қазақ революциялық әскери комитетінің шешімімен ВЦИК-тің жанындағы Қазақ әскери ревкомның өкілетті коллегиясының төрағасы болып тағайындалдым, әрі ВЦИК-тің президиумының қаулысы бойынша Қазақ революциялық әскери комитетінің мүшесі болып бекітілдім. Қазақ революциялық әскери комитетінің мүшелерінің қатарына, сондай-ақ Ақмола облысынан Сәкен Сейфуллин кірді. Мәскеуде жүрген 4 ай уақыттың ішінде мен Қазақ әскери ревкомы мүшелерімен тығыз байланыста болдым. Олардан автономиялық республиканың құрылуы мен оның шекарасын анықтау мәселелері жөнінде тиісті нұсқаулар алып тұрдым».

Сол жылы 23-шілде мен 7-тамыз аралығында өткен ІІІ Интернационал конгресінің қарсаңында ұлттық автономия мәселесі ең басты саяси пікір таласына айналды. Алаңдататын оқиғалар күн сайын шиеленісе берді. Кеңес өкіметі кез-келген сәтте Қазақ автономиясынан бас тартуы мүмкін еді. Соның бір айғағы ретінде 1920 жылы 19-мамыр күні бұрынғы тәуелсіз Башқұртстан үкіметі - «Ресейдің автономиялық губерниясы» деп жарияланады. Бұрынғы келісім шартты бұзуының себебін сұраған З.Валидовке Ленин:

«Сіз мұндай адамгершілік мәселесін неге негіздеп айтып отырсыз? Сіз өзі қандай революционерсіз? Сол келісімге неғып жабысып қалдыңыз? Сіз бен біздің келісім шартымыз - бір жапырақ қағаз ғана, ол ештеңені міндет етпейді... Орталық алдағы уақытта да бұрынғы отар елдердегі орыс  пролетариатына сүйенетін болады, ал сіздер «басшылыққа» қандай дәрежеде ымыраластық көрсетесіздер, немесе қандай сенім көрсетесіздер, сондай деңгейде ғана сенімге ие боласыздар. Ресей жерінде социализм толық орнаған соң да бұл сенімсіздік сақталып қалатын болады. Тіпті, социализм бүкіл әлемде жеңіске жетсе де шығыстағы отар елдерге европалық пролетариаттың - ағылшындардың, француздардың, бельгиялықтардың, «басшылығы» жойылмайды»,- деп жауап береді.

Бұл З.Валидовті үлкен тәуекелге жетелеп, Мәскеуде жүрген Ә.Бөкейхановпен, А.Байтұрсыновпен, Ә.Ермековпен, Т.Рысқұловпен пікір бөліседі. Алайда Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермековтің бар күш-назары Қазақ автономиясының шекарасын анықтауға жұмылдырылып еді.

Ә.Ермеков (жалғасы. Түрме көрсетіндісінен): «Ара-арасында жауапты қызметкерлер, әр республикадағы ревкомның мүшелері, солардың ішінде менің тергеуіме тікелей қатысы бар Байтұрсынов, Рысқұлов, Валидов  Москваға келіп-кетіп жүрді. Байтұрсынов Кирвоенкомның мүшесі ретінде келген сайын өкілдікке жиі келіп тұрды. Сирек те болса Валидов те келетін. Бірде маған Байтұрсынов: кеңес өкіметінің саясатына Валидовтің риза емес екенін, мүмкіндігі болса Индиямен байланыс жасағысы келетінін, сол жақта жүріп революциялық қозғалыс ұйымдастырғысы келетінін, тәуелсіздікті қарумен орнатқысы келетінін, мұны кеңес өкіметінің ішінде жүзеге асыруды ойластырып жүргенін айтты. Бұған Рысқұлов та мақұл сияқты көрінеді деді».

Т.Рысқұлов араға жылдар салып барып : «Петерс: 1920 жылы партия ұйымында дайындалды деген желеумен, нағында партия ұйымы емес контрореволюциялық «Иттиһад уә таракки» ұйымы дайындаған бағдарламамен делегация болып Лениннің қабылдауына кірді. Делегация Москваға барған соң белгілі башқұрт буржуазияшыл-авантюрисі Валидовпен және татар ұлтшылы Сұлтанғалиевпен кеңесіп,  «Иттиһад уә таракки»  ұйымы арқылы бағдарламаны талқылады, сөйтіп өздерінің кім екенін ашып алды. Делегация Ташкентке оралған соң  «Иттиһад уә таракки» ұйымының ташкенттік белсенділерінің алдында есеп берді, делегация ұсынған платформа белсенділердің қолдауын тауып, таяу уақытта жүзеге асыруға тиісті бағдарлама ретінде қабылданды»  - деп жазады. «Правда Востока» газетінің биылға жылғы 14-желтоқсандағы санында жолд. Петерстің сол сөзі сәл қырналып, нақтылана түсіпті. Онда: «Бұл арыздың мәтіні «Иттиһад уә тараккидің»  ішінде дайындалған. Москваға Рысқұлов, Низамиддин Қожаев және патша шенеунігі Көшербаев барды. Москваға барысымен комиссия белгілі башқұрт ұлтшылы Валидовпен (Башкирия), Сұлтанғалиевпен (Татария), Байтұрсыновпен (Қазақстан) кездесті. Кеңесте кеңес өкіметімен күресудің жалпы платформасы талқыланды. Делегация Ташкентке оралған соң «Иттиһад уә тараккидің» кеңесінде тобымен отствкаға кету туралы шешім қабылдады» - делініпті...»,- деп жоғарыдағы деректі мойындаудан бас тартты.

Валидов (жалғасы): «...Бұл шындық (Лениннің сөзін мекзеп отыр - Т.Ж.) біздің алдымызға кеңес өкіметіне қарсы пәрменді және ашық түрде күрес жүргізу қажеттігін міндет етіп қойды. Сол күндері Ташкенттегі олардың пікірлестері Рысқұлов, Низам Қожаев және басқалары Түркістан комиссиясының және Түркістан атқару комитетінің (ТурЦИК-тің) құрамынан шығарылды. Біз, Ахмет Байтұрсынов екеуміз 29-маусым күні Москвадан кетіп қалуға келістік. Бұған Сталин рұқсат бермеді, бірақ Астраханьға барып денсаулығымды түзетемін - деген сылтау айтып Орталық Комитеттің хатшылары Крестинский мен Преоброженскийдің рұхсатын алдым...».

Коминтернді пайдалана отырып дербес Түркістан коммунистік партиясын құруға ұмтылған ішкі қозғалысқа Ә.Ермеков (жалғасы):

«Мен бұған үзілді-кесілді қарсы шықтым: Колчактың терроры мен зорлық пен қорлығынан жаңа ғана құтылдық, кеңес өкіметінің арқасында ғана мұнда республиканы ресми түрде жариялауға мүмкіндік алып отырмыз, сөйте жүріп мұндай екі жақты келісім жүргізудің арандату екендігін айттым... Байтұрсынов менің пікіріммен келісті. Мен ол кезде мұны: жеке бастың әлдеқандай бір себептеріне байланысты туған көңіл-күйдің уақытша құбылуы шығар - деп бұған мән бермедім. Валидов өте іскер адам еді... Сол кезде белгілі бір дәрежеде жасыңқырап жүрген Рысқұловты Валидов өзінің қиялымен баурап алғысы келген болуы керек. Онымен (Валидовпен) бірінші және соңғы рет кездескенімде мен оған Қазақстанның өкілі ретіндегі өз көзқарасымды ашық білдірдім және екеуміз де пікір таласына барғамыз жоқ. Қайтып кездескен емеспіз»,- деп қарсы  пікір білдіріпті.

Әрине, тергеудегі жауаптың мазмұнына сақтықпен қараған жөн. Ал сондай қысылтаяң күндердің бірінде кездескен Ә.Ермековтің атының аталмауының себебін З.Валидовтің «Естелігіндегі»:

«Зияны тимес үшін бұған қатысқан, қазір көзі тірі  тағы да екі адамның атын атамауға тура келіп тұр»,- деген ескертуінен аңғаруға болады.

«Естеліктер» жарияланған жылы Әлімхан Ермеков тірі болатын.

З.Валидов (жалғасы): «...Сол күндері қазақ қайраткерлері де және Ташкентте де осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатты. 1919 жылдың наурызында Башқұртстан облыстық коммунистік партиясы құрылды, біз Түркістандағы социалистік қозғалыстың басын біріктіріп, дербес социалистік партия құрып, оны Россия компартиясынан бөліп алып, ІІІ интернационалға дербес мүше ретінде кіруді жоспарладық... Бұл кезде (1920 жылы - Т.Ж.) қазақ пен өзбектің көрнекті қайраткерлері Низам Ходжаев, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов Москвада болатын. Орталық Комитеттің жанындағы мұсылман коммунистері бюросы соңғы демін алып жатқан. Өліп бара жатқан осы ұйымды пайдаланып Түркістан, Қазақстан, Башқұртстан, Бұқара мен Хиуа облыстық компартия ұйымын ықпалымызда ұстауды көздедік. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін Башқұртстанда жүрген кезімнің өзінде Түркістанға 14 адам жіберген болатынмын. Бұл жұмыс Москвада бұрынғыдан да кең ауқымда жүргізілді»,- деп (268-бет) еске алады.

Ә.Ермеков (жалғасы): «Тек 1917 жылы шілде айында өткен бүкілқазақтық құрылтайда ғана құрылтайдың шешімімен «Алаш» өлкелік-ұлттық автономиясы жарияланды. Осы құрылтайда Түркістанмен қосылу мәселесі де шет жағалап жалпылама қозғалды.  Құрылтай көсемдері, соның ішінде шығыс облыстарының өкілдері: онда үлемдердің ықпалы күшті, діни фанатизм бар, деспоттық билік жойылмаған, осы бағыттағы шет ел мемлекеттерінің әсері күшті - деген уәж айтып, Түркістанмен қосылуға түбегейлі қарсы шықты. Маған келетін болсақ, мен сол көзқарасты 1925 жылға дейін де ұстандым».

З.Валидов (жалғасы): «Мен өтірік пен көлгірсуге төзе алмаймын. Егерде болашақтан сәл ғана сәуле көрінсе, онда мұндай алдамшылыққа төзуге болар еді. Бірақ та біздің төзіміміздің төлеуін өтейтін еш үміт жоқ. Мұндай әрекетке өз еркіңмен тәуекел етесің. Мен онда (Түркістанға - Т.Ж.) өз армиямды алып барып, олардың қанын мойныма алғым келмейді. Мен өз басымды ғана оққа тігіп отырмын. Менің сенімді достарым бар, олар мен қал десем де қалмайды, бірге жүреді... Шығыс түркі өкілдеріне, соның ішінде Тұрар Рысқұловқа да айттым. Ол бұл туралы Бөкей ордасындағы өзінің жақтас коммунисінің біріне хат жазды»»,- деп шешім қабылдағанын жазады.

Мұндағы «Бөкей ордасындағы жақтас коммунисі» кім екенін тап басып таба алмадық. Дегенмен де, Ташкенттегі өзара байланысын ескерсек, Жаһанша және Халел Досмұхамедов екеуінің бірі болуы әбден мүмкін деп жорамалдауға негіз бар. М.Мырзағалиев пен Ғ.Әлібековті де естен шығаруға болмас. Ә.Әйтиев пен С.Меңдешевке мұндай хабарды жеткізуі екіталай. Ал Б.Қаратаев пен М.Тұңғашинге сондай сеніммен қарады деудің қисыны келмейді. Тергеуден тыс, ол оқиға өткеннен кейін қырық жыл өткен соң Әлімхан Ермеков :

«1920 жылы 23-маусымнан 7-тамызға дейін Коминтерннің ІІ конгресінің мәжілістері өткен еді. РКП (б) делегациясының құрамына Владимир Ильич Лениннің басқаруымен партия мен үкімет басшылары кірді. Сондай-ақ бұған автономиялық республикалардан да делегаттар келді. ІІ Конгреске РСФСР Компартиясының делегациясының құрамында Тұрар Рысқұловтың т.б. қатысқаны есімде. Қазақ автономиясын Ахмет Байтұрсынов бастап барды.

Конгрессте Владимир Ильичтің: «Егер де алдыңғы қатарлы елдердің пролетариаты көмек берсе, әлеуметтік-экономиялық жағынан артта калған елдер капитализмді орағытып социализмге өте алады»,- деген сөзі маңызды теориялық мәнге ие болды. Ең алдымен В. И. Лениннің осы конгресте неміс тілінде сөйлегені мені таң қалдырды. Мұнда Үндістан Коммунистік партиясының лидері Ройдың өз Отанында ұлттық буржуазиялық-демократтық қозғалысты қолдауға қарсы сөйлегені көп пікірталас туғызғаны есімде қалды. Владимир Ильич Ройдың бұл пікіріне түбегейлі қарсы шығып, империализммен күреске бағытталған ұлт-азаттық қозғалысқа пролетариаттың шұғыл түрде көмек көрсетуі қажеттігін батыра айтты. Ағылшын коммунистік партиясының делегаты Квеч те осындай көңіл-күйде сөйледі. Иә, осы бір қысқа естелігімді аяқтай келе, мен жас, албырт шағымда Владимир Ильич Ленинмен кездескеніме өзімді бақытты санаймын. Оның шабытты да дана, аса адамгершілікті кейпі жүрегімде мәңгі сақталады...»,- деп  еске алды.

Әрине, бұл жарияланымда Заки Валидовтің астыртын жұмысы және оның коминтерннің конгресі тұсында Ресейден дербес Ұлттық Түркістан партиясын құруға ұмтылғанының айтылмағаны өзінен-өзі түсінікті.

Алайда осы үш айдың ішіндегі оқиғалар араға жылдар салып барып «Алашорда» қайраткерлерінің алдынан шықты. Бұл кездесулер олардың тергеу ісіндегі басты мәселеге айналды. Бұған сәл кейінірек қайтып ораламыз.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір