Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3191 0 пікір 14 Тамыз, 2012 сағат 09:33

Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі. Ұлық мереке құтты болсын!

19 тамыз - ораза айттың бірінші күні

ШЕЙХ ӘБСАТТАР ҚАЖЫ ДЕРБІСӘЛІ,

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ

МЕН

ОРТА АЗИЯ МҮФТИЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ,

БАС МҮФТИ

ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

 

19 тамыз - ораза айттың бірінші күні

ШЕЙХ ӘБСАТТАР ҚАЖЫ ДЕРБІСӘЛІ,

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ

МЕН

ОРТА АЗИЯ МҮФТИЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ,

БАС МҮФТИ

ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

 

Қадірлі мұсылман бауырлар, құрметті отандастар!
Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!
Міне, айлардың төресі, күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айымен қимай қоштасатын күнге де таяп қалдық. Еліміздегі барша мұсылмандар күннің аптапты ыстығына қарамастан, шілде мен тамыз айын жақсы ниетпен, тақуалықпен, оразамен өткізді. Кездескен қиындықтарға сабыр етіп, Жаратушы Иеміздің разылығына ұмтылды. Ми қайнатар ыстықты ауырсынбай ораза ұстауға төзе алған жан, өмірдің басқа да сынақтарына сабырлық таныта алатыны сөзсіз.

Рамазан - құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік, мейірім мен қайырымдылық айы болса, үш күн бойы тойланатын Ораза айт мейрамы - адамдардың көңіліне көктем сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке. Баршаңызды Ислам үмбетінің ең қасиетті де ұлық мерекесі - Ораза айт мейрамымен құттықтаймын! Еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін барша мұсылман шат-шадыман қуанышқа бөленетін бұл мейрам Қазақстан жұртшылығына да құт-береке, ынтымақ, ырыс әкелсін!

Айт мерекесі адамның рухани өміріне сәулесін төгіп, жанға жылу беріп, жүректерге қуаныш сыйлайды. Сондықтан жыл сайын бұл мейрамды барша мұсылман сағына күтеді, ерекше қастерлейді.

Жалпы мұсылман жұртшылығы жыл сайын екі рет зор шаттыққа бөленеді. Бірі осы ораза айтында, екіншісі - құрбан айты кезінде. 
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшіп келгенде, жергілікті халықтың мейрамдап, көңіл көтеріп жатқанын көріп: «Бұл қандай мереке?» деп сұрағанда: «Бұл біздің Исламға дейін тойлап келе жатқан мерекелеріміз», - деген жауап естіді. Сонда Расулулла (с.ғ.с..): «Алла сіздерге бұдан да ұлық екі мейрам берді. Олар Рамазан және Құрбан айттары», - деп осы ислами мейрамдардың мәртебелі екендігін білдірген.
Ораза айты адамдарды бауырмалдылық пен кішіпейілділікке, кешірімділік пен сүйіспеншілікке шақырады.
Ислам шариғатында пітір садақасының осы айт қарсаңында берілуі де жайдан-жай емес. Ораза айттың хадистерде «Ғид-у-лфитр», яғни «Пітір мейрамы» деп аталуы да сондықтан. Пітір садақалар жағдайы нашар, мүмкіндігі шектеулі отбасыларды қуанышқа бөлеп, айт мейрамында дастарқан жаюға жағдайы келмегендерге демеу болады. Сонымен қатар бұл күні мұсылмандар марқұмдарын да еске алып, Алладан оларға шапағат тілеп, дұға етеді.
Айт күнінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Айт күні оқылған намаз да, жасалған дұға да, Алла тағаланы пәктеулер де өзгеше. Өйткені бұл күндері адам жүрегі айрықша тебіреністер мен сырлы толқуларды терең сезінеді. Бұл күні ғұсыл құйынып, үстіне жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу - сүннет. Әр үйде сәні мен салтанаты ерекше мерекелік дастарқан жайылады. Мұсылмандар туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңды аралап, бір-бірінің үйінен дәм-тұз татып, мәре-сәре болады.
Ренжісіп қалған кісілермен татуласу, қандай да бір келіспеушіліктің салдарынан қатынас үзілген туыстардың үйлерін арнайы аралау да ерекше маңызды. Өйткені Алла Тағала: «Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп мұсылмандарды барынша кешірімді бола түсуге шақырған.
Күндегі оразасын құрмамен ашуды сүннет еткен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айт намазына барарда алдымен құрмадан дәм татып барып үйінен шыққанды ұнататын.

Сондай-ақ айт құрметіне жайылған ақ дастархан басындағы имани әңгімелер, діни сұхбаттар, «Айт құтты болсын!» деген ақжарды тілектер мереке күнінің нағыз көркі, сәні мен салтанаты.

Сан ғасырлардан бері ата-әжелеріміз бір-бірінің үйін аралап, айттық жеп, Құран оқып, бата қайырысқан. Бұл бүгінде жалғасып келе жатқан, әлі де сақтала беретін игі үрдіс.  
Дәл осы күні балаларды жаңа киім, тәттілер мен сыйлықпен қуантуды дағдыға айналдырсақ, ораза айтты олар да асыға күтетін болады.
Жалпы, Ораза айты қасиетті Рамазан айы аяқталғанының белгісі ғана емес, ол - бір айлық құлшылығымыздың қуанышы мен жемісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Ораза тұтқан адам екі рет қуанады: бірі - ауызашарда, екіншісі - ақыретте ұстаған оразасының сауабын алғанда», - деген екен.

Алла тағала бір ай бойы ұстаған оразамызды қабыл етіп, баршамызға екі дүние бақытын нәсіп еткей! Жаратушы Иеміздің шексіз мейіріміне бөленіп, әрбір қайырлы ісіміз Алланың құзырында қабыл болғай! Раббымыздың ризалығына бөленетін салиқалы амалдарды жасауға асығайық, бауырлар!

«Абай-ақпарат»

0 пікір