Сейсенбі, 19 Қараша 2019
Жаңалықтар 2618 0 пікір 9 Тамыз, 2012 сағат 07:12

Сағат Жүсіп: «Дойбыға үстірт көзқарас оның абыройын көтертер емес»

 

Тәуелсіз  журналист, қаламгер  Сағат Жүсіпті  жұртшылық демократиялық бағыттағы саяси белсенділігі жағынан көбірек білсе керек. Оның қаламынан демократия тақырыбына жазылған «Демократияның 25 сабағы», «Азат пен аманат», Әділетқисса, тарихи тақырыптағы «Қанішер Гержодтың қолжазбасы», энциклопедиялық «Мағлұмат» анықтама кітаптары шыққан, аудармашы ретінде А.Төкіштің «Мәңгүртстан», Ю.Семеновтың «Тақ үстіндегі үрей», Б.Грасианның «Даналық сөздер» кітаптарын қазақшалаған.

Сағат Жүсіптің Қазақстандағы дойбы ойынын бұқаралық деңгейде кең таратуға ат салысып жүрген танымал дойбы шебері екенін көпшілік біле бермесе керек. 2004 жылы Алматыдағы «Арыс» баспасынан шыққан «Спортивный Казахстан» энциклопедиялық анықтамасында Сәкең туралы мынадай жолдар жазылған: «....Қазақстанның дойбыдан (хат арқылы) екі дүркін чемпионы, КСРО-ң финалына екі рет қатысқан, Қазақстан командасының құрамында өз тақтасында үшінші орын алған. Үздік партиялары «Шашки», «Дамбрете» журналдарында жарияланған» (624 бет).

 

Тәуелсіз  журналист, қаламгер  Сағат Жүсіпті  жұртшылық демократиялық бағыттағы саяси белсенділігі жағынан көбірек білсе керек. Оның қаламынан демократия тақырыбына жазылған «Демократияның 25 сабағы», «Азат пен аманат», Әділетқисса, тарихи тақырыптағы «Қанішер Гержодтың қолжазбасы», энциклопедиялық «Мағлұмат» анықтама кітаптары шыққан, аудармашы ретінде А.Төкіштің «Мәңгүртстан», Ю.Семеновтың «Тақ үстіндегі үрей», Б.Грасианның «Даналық сөздер» кітаптарын қазақшалаған.

Сағат Жүсіптің Қазақстандағы дойбы ойынын бұқаралық деңгейде кең таратуға ат салысып жүрген танымал дойбы шебері екенін көпшілік біле бермесе керек. 2004 жылы Алматыдағы «Арыс» баспасынан шыққан «Спортивный Казахстан» энциклопедиялық анықтамасында Сәкең туралы мынадай жолдар жазылған: «....Қазақстанның дойбыдан (хат арқылы) екі дүркін чемпионы, КСРО-ң финалына екі рет қатысқан, Қазақстан командасының құрамында өз тақтасында үшінші орын алған. Үздік партиялары «Шашки», «Дамбрете» журналдарында жарияланған» (624 бет).

Дойбыдан спорт шебері, 2008 жылы «Тұмар» баспасынан шыққан «Дойбы мектебі» кітабының авторы, әлі күнге дейін тұғырдан түсе қоймаған, ардагерлер арасынан 2011 жылғы ел чемпионы болған  Сәкеңнің  жұртшылық онша мән бермейтін, «қойшы, дойбы да ойын ба» деп айтатын осы бір өте қарапайым, бірақ өте ақылды, өте терең ойын жайлы пікірлері  көпшілікке қызық болар деп ойлаймыз.

-          Сәке, дойбыны ақылды, интеллектуалды ойындар қатарына  жатқыза отырып, оған деген көзқарасымыз неге атүсті, неге жеңіл?

- Көзқарас дейсіз, дойбыға деген көзқарас тіпті жоқ деген болар едім. Дойбыға біз баланың ойыны деп қараймыз. Ешқандай күрделілігі жоқ, тайыз ойын санаймыз. Себебі 4-5 жастағы баланың өзі дойбының ережесін оп-оңай үйреніп алады. Содан болса керек ешбір ересек адам балаға  «бұл өте терең, ақылды ойын» деп айтпайды, түсіндірмейді. Ересектер айтпаған соң, балалар оның тереңдігіне бара бермейді, одан тез жеріп кетеді. Солай десек те, дойбы халық арасына кең тараған (бірақ жеңілтек күйде) ойын. «Дойбы ойнау білесің бе?» деп кез келген адамнан сұрасаң «білмеймін» деп жауап беруге ұялады. Күнделікті сөз құрамымызда «екі жеп биге шығу» дегенді екінің бірінде айтамыз. Бір сөзбен айтатын болсам, дойбы нағыз халық ойыны, қазақтың ұлттық ойыны.

- Кеңес заманында «орыс дойбысы» деген сөз тіркесі жиі айтылатын еді...

- Бұл  қате сөз. Сол кездегі  барлығын «үлкен ағаға» жапсыра беретін отарлық басымшылдықтың (ауа райынан бастап табиғат, жан-жануарлардың бәрін атадық емес пе  - орыс қысы, орманы, аюы дегендей) белгісі. Еш халықтың жекешелендіріп алған дойбысы жоқ, бірақ әр халықтың өз дәстүр ерекшеліктеріне байланысты оны түрлендіріп, қосымша өзгеріс, ереже енгізулері қалыпты жағдай. Мысалы, соңғы шаршыға   шыққан тасты біз «би» деп атаймыз, орыстар «дамка» дейді. «Дамка» деген сөз не мағнаны білдіреді?  Қазақша  өте тауып айтылған «би» атауының өзі оның қазақылығын,   жай тастың төрге шыққанын, қосымша үлкен мәртебе алғанын көрсетіп тұр емес пе?!

Әлемде дойбының бірнеше ондаған түрлері бар  - түрік, поляк, италиян, ағылшын, бразил, испан және тағы басқалар. Әр елде жергілікті халық оған өз ережелерін, өз атауларын, өзгешеліктерін қосып отырған. Қазақ даласына дойбы 18 ғасырда сауда жолдары арқылы келген деген әңгіме бар. Қазақта оны батыс аймақтарда «шатраш», басқа аймақтарда «дойбы» деп атаған. Абай атамыз ойнаған бұл ойынды қазақтың ұлттық ойындарының қатарына қосқанның еш сөкеттігі жоқ деп ойлаймын. Сондықтан да бұл ойынның өте қарапайымдылығын, үйренуге оңайлығын және ұлттық ойындарға жақындығын ескере отырып, оның жас балаларды жастайынан  -  алғырлыққа, есептегіштікке, сабырлылыққа, шыдамдылыққа тәрбиелеуге қолайлылығын ескере отырып дойбыны бала бақшаларында міндетті түрде үйретуді қолға алса (Білім министрлігінің құлағына алтын сырға) қандай жақсы болар еді.

-          Сонда сіздіңше, дойбыны бағаламауымыздың түпкі себебі оның қарапайымдылығында демексіз бе?

-Дәл солай. Дойбының үстірт көзге қарапайымдылығы, ережесінің жеңілдігі, үйренуге оңайлығы  оның бақытын ашпай жүр, абыройын көтермей жүр деген болар едім. Дойбыны, шахмат, тоғыз құмалақ сияқты ақылды ойындар қатарына енгізе отырып, оны ми гимнастикасы үшін, ақыл ширататын, шыңдайтын, жаттықтыратын күнделікті  қажетті тірліктің бірі деп неге қабылдамасқа?! Оған ешбір қаражат, ақша, шығын қажет емес.  Құмарпаздық қаупі  де жоқ.

Мынадай бір қалыптасқан, бірақ жаңсақ пікір бар: Еврейлер әлемдегі ең ақылды ұлт, оған  дәлелдің бірі  - дойбыдан, шахматтан әлем чемпиондары мен гроссмейстерлері  негізінен алғанда осы ұлттан шыққан дейміз. Мұны белгілі бір заңдылық деп те жүрміз. Оны айтасыз, кейбір жылдары азиялықтар ақылды ойындарға бейім емес, мұндай ойындарға қазақтың миының дайындығы төмен деген де пікірлер айтылып жүрді емес пе. Бұл пікірдің қаншалықты жаңсақ екендігін 12 жасар Жансая Әбдімәлік әлемдегі шахматтан ең жас гроссмейстер болып дәлелдеді ғой.

-Сонда қазақтың атын дойбымен де шығаруға болады демексіз бе? Айтпақшы, дойбыдан қазақ гроссмейстерлері , әлем чемпиондары бар ма?

-Қазақтан дойбыдан гроссмейстерлер де, әлем чемпиондары бар. Қазақтан дойбыдан ең алғашқы әлем чемпиондары болғандар  -  біздің астрахандық қандастарымыз Мәжит және Жанна Саршаевтар. Ақтөбелік Мират Жекеев пен оралдық Алтынай Жұмагелдиева өз құрдастары арасынан әлем чемпиондары болды. Мират Жекеев былтыр Азия біріншілігінде чемпион атанып  тұңғыш халықаралық гроссмейстер атағын алған қазақ болып отыр.

-Дойбы сияқты ақылды ойындарды бұқаралық деңгейге көтерудің  «кілтипаны» қайда жатыр деп ойлайсыз?

- «Кілтипан» спорт басшыларының дойбыны «олимпиалық» ойын емес деп шеттетпей оған тиісті назар аударуында. Оған көп қаржының қажеті де жоқ, ұйымдық машақаттары да аз. Жәй ғана мысал:  Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын бір футболшыға жұмсалатын ақша бір облыс орталығында жұмыс істейтін шахмат, дойбы, тоғыз құмалақ спорт мектебін бір жыл бойы ұстап тұруға жеткен болар еді. Жоғарыда айтып кеткен ағайынды Саршаевтарды орыстар төбесіне көтеріп отыр. Екеуін де Петербургке шақырып оқуға түсіріп, баспана, жұмыс берген. Бізге де өз дарындарымызды, соларды дайындаған ұстаздарды қадірлеп жағдай жасағанның еш артығы болмас еді.

-Еліміздегі дойбының бұқаралық деңгейін арттыру бағытында істелініп жатқан жұмыстар бар ма?

-Бар. Жалпы алғанда, дойбы ойыны (шахмат пен тоғыз құмалақ та) негізінен энтузиастардың, осы ойынды ерекше сүйетін, оған шын тәнімен берілген адамдардың арқасында дамып келе жатыр. Олар дойбықұмарлардың басын құрап, облыстық  дойбы федерацияларын құрып жарыстар өткізіп келеді. Атап айтсақ, шымкенттік Жандос Үсенов (ол ФМЖД-ң вице-президенті, республикалық  дәрежедегі төреші), қарағандылық ұстаз, республикалық дәрежедегі төреші Алла Никаноровна Чуприктің осы бағытта атқарып жүрген жұмыстары мол,  олар негізінен қоғамдық деңгейде жұмыс істеп келеді. Бұл кісілер жергілікті басшыларға қайта-қайта барып, қол жайып, қалталы азаматтарды, тілеуқорларды, меценаттарды іздеуге көп уақыт-жігерін жұмсаудың арқасында дойбыны аз да болса жыл сайын жаңа деңгейге көтеріп келеді.  Қазіргі жағдайда бұл жұмыстар аздық етуде. Дойбы негізінен алғанда тек Ақтөбе, Орал, Шымкент облыстарында ғана біршама тәуір десе болады. Көптеген облыстарда әлі күнге дейін дойбы федерациялары ашылмаған, республикалық түгіл өз аймақтарында жарыстар өткізбейді.

-Дойбының түрлері көп екенін айттыңыз ғой. Әлемдік аренаға шығу үшін оның қай түріне назар аудару керек?

- Біздің дойбышылар дойбының 64 және 100 шаршылы жүйесімен өтетін Әлем, Европа және Азия чемпионаттарына қатысып жүр. 100 шаршылы дойбыдағы жетістіктеріміз әзірше жоқ. 64 шаршылы дойбыда негізінен алғанда оның классикалық түрінен (бұрынғы «орыс дойбысы» деген атау қазір осылай делінеді)  және 64 шаршыдағы бразилиялық ережемен халықаралық жарыстар өтеді. Классикалық жүйемен өтетін жарыстарға негізінен алғанда ТМД елдерінің ойыншылары қатысады, ал бразилиялық жүйемен өтетін жарыстарға Европа, Азия, Америка құрылықтарының ойыншылары көзге түсіп жүр. Израильде, Украинада, Ресейде арнайы дойбы басылымдары мен журналдары шығып тұрады.

Қазақстанда да соңғы жылдары дойбы жарыстары негізінен алғанда бразилиялық жүйемен өтіп келеді. Жас мықты ойыншылардың саны күн санап көбейіп келеді, қазірдің өзінде бірнеше халықаралық  мастер атағы бар дойбышылар тәрбиеленді. Бразилиялық жүйеге үйрететін дойбы оқулықтарының жоқ екенін ескере отырып, осы олқылықты толтыру мақсатында спорт шебері Геннадий Пак екеуміз «64 шаршыдағы халықаралық дойбы» деген оқулық кітапты жазу үстіндеміз. Құдай қаласа келер жылы бітіріп баспаға береміз деп отырмыз.

-Сәке, қоғамдық,танымдық, ағартушылық бағытында атқарып жатқан істеріңіз жандана берсін.

Әңгімелескен  Елсерік Әбдіреш

«Абай-ақпарат»

0 пікір