Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 5026 0 пікір 8 Тамыз, 2012 сағат 12:39

Мәдениеттің кіндігі атанған ауылда мәдениет үйі неге жоқ?

Биыл күзге қарай Сыр өңірінде Сыр Абайы атанған шайырлардың жарық шырағы, дін-исламдық ағартушылық классикалық әдебиет дәстүрін қалыптастырушы, адуынды ақын, Тұрмағамбет доммоланың 130 жылдық мерейтойы халқаралық дәрежеде тойланбақ. Елім, дінім, салт-дәстүрім, болашағым деп соңғы деміне дейін Кеңестің солақай саясатымен арпалысып өткен ол биліктің бұрауына да, соқпағына да қасқая қарсы тұрып өтті. Ең өкініштісі, осы бір текті тұлғаны «халық жауы» деп қор қылған өз қазағы еді.

Биыл күзге қарай Сыр өңірінде Сыр Абайы атанған шайырлардың жарық шырағы, дін-исламдық ағартушылық классикалық әдебиет дәстүрін қалыптастырушы, адуынды ақын, Тұрмағамбет доммоланың 130 жылдық мерейтойы халқаралық дәрежеде тойланбақ. Елім, дінім, салт-дәстүрім, болашағым деп соңғы деміне дейін Кеңестің солақай саясатымен арпалысып өткен ол биліктің бұрауына да, соқпағына да қасқая қарсы тұрып өтті. Ең өкініштісі, осы бір текті тұлғаны «халық жауы» деп қор қылған өз қазағы еді.
Енді, міне, егеменді ел болып, есімізді жиған соң марқасқа азаматымызды мақтауға шықтық. Бұған да мыңда бір шүкір. Алайда, сол түркінің орақ тілді ақыны, қазақтың қайсар тұлғасы, ұлы ислам дінін таратушы Тұрмағамбет Ізтілеуұлы атындағы ауылда бүгінде мәдениет ошағы болмай отыр. Яғни, бір кезеңде 100 ақын қатар шыққан ауылдың клубының шаңырағы ортасына түскеніне 10 шақты жыл болды. Мұнысы мәдениет саласының ақсап тұрғанын көрсетеді. Болмаса Қорқыт ата жатқан өлкеге жақын жердегі бір ғана ауылдан аты алысқа кеткен Мұзарап жырау, Ешнияз сал, Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп, Балқы Базар, Жапон халқын тәнті еткен жырау Қуандық Бүрлібаев, алты қырдан дауысы естілетін Рүстембек Көшенейұлы, шумақты оңынан да, солынан да оқығанда бір мағына беретін етіп өлең жазып шығарған, «қапиза» дастанының авторы Разақ Мыңжанов секілді 100 кемеңгер бір кезде өмір сүрген ауылда оншақты жыл бойы клубтың болмауы қалай? Тек бір көңілге демеу етіп отырғанымыз, жергілікті биліктің мықтылардың ішінен оза шапқан Тұрмағанбеттің биылғы 130 жылдық тойына дейін клуб саламыз дегені. Алайда, оған сенеміз бе, жоқ па?! Мезгіл болса жаздың қақ ортасына келді. Күдік басым, үмітте жоқ емес. Бірақ ел азаматтарына сәттілік тілейміз.
Ендеше, осы түркінің саялы терегі деп атанған Тұрмағамбет жайлы қолда бар мәлметті қалың оқырманға ұсынып, бізде ұрпағы ретін парызымызды өтеуге тырысайық. (төмендегі мәліметтер толайыммен оқушы  Жаснұрдың зерттеме еңбегінен алынды)     

Т. Ізтілеуов 1882  жылы  9  шілдеде  сол  кездегі  Түркістан  өлкесіне  қараған  Сырдария  облысының  Қазалы уезі, Қуандария  болысын 2-ауылында, «Ақтайлақ-кезең»  аталған  мекенде  (қазіргі  Қызылорда  облысы,Қармақшы  ауданы,Тұрмағамбет  ауылы)  дүниеге  келген.
Ақын  алғашқыда  өз  ауылындағы Қожабай, Алдашбай, Ораз, Қалжан ахундардың,яғни  сол  кезеңдердегі  білімге  аса  бай, елді  аузына  қаратқан шешен, бала  оқытқан  имандардың  алдынан  мұсылманша  білім  алып, өзінің  өте  зеректігін  ұстаздары  алдында ерте  танытады. Аса  алғыр  баланың  бойындағы  ерекше  талантты  байқаған  ұстаздары  оны  сол  кездегі  Таяу, Шығыс және  Орта  Азия  елдерінің ұлық  тұтатын, XVI  ғасырдан  білім ордасы  саналатын  Бұхарадағы  әйгілі  оқу  орын- «Мир-Араб»  медресесіне  оқуға   аттанады. Ол  1899  жылдан  бастап  сондағы  «Көкелташ»  медресесінде  оқиды.
Белгілі  мәдениет  қайраткері, Тәжік  Ғылым  Академиясының  алғашқы  президенті, академик  жазушы  Садриддин Сайдмұратұлы  Айни  да  (1878-1954)  осы  жылдары  «Көкелташ»  медресесінің  шәкірті  болған. Яғни, Тұрмағамбет  пен  Садриддин  осында  танысып, дос  болып,  осы  медресені  бірге  тәмамадағаны, бір-бірін  ұлық  тұтып, үлкен  сыйластықта  болған.
Тұрмағамбет  ақын  осы  медресе  қабырғасынан  білім  ала  жүріп, оның  бай  кітапханасынан  Шығыстың  ежелгі  мол  мәдени, әдеби  мұраларын  еркін   аударып  оқи  білген. Ол  арабтың  классикалық  дүниесі  « Мың  бір  түнді»,  үндінің «Тотынамасын», парсының  «Шахнамасын», шығыстың  «Жеті  жұлдызы»  саналатын  ақындар  шоғырының  шығырмаларымен   толық  танысқан. Омар  Хайям, Хожа  Хафиздің  тұспалды  да  сопылық  лирикасымен, Шайхы  Сағдидің  «Гүлістаны»  мен  «Бостанынан», Низамидің  «Ескендірнамасы»  мен  «Жеті  шұғыласынан», Рудаки  мен  Физулидің, Жәми  мен  Биделдің  мол  дуниелерінен  бас  алмай, құмарта  сусындайды. Бируни, Мұхамед  әл-Фараби, Әбу-Әли  Ибн  Сина, Ұлықбек  сияқты  философтар  мен  тарихшылардың  асыл  қазыналарын   ерінбей  ақтарады.
Осылайша, зерек бала 9 жылда бітіруі керек оқу орнын 3 жылда бітіріп шығады. Яғни, ұстазы Алдашбай ахун ондағы медіресенің бар білімін беріп жіберген еді. Сөйтіп Медресені үздік бітіріп, Шығыс тілдері - араб, парсы, түркі тілдерін еркін меңгерген Тұрмағамбет осы тілдерде жазылған  Шығыстың классикалық шығармаларын өз халқына жеткізуді алдына мақсат етіп қояды. Ол өзі ұшқан ұясына оралып, туған жеріне мектеп ашып, бала оқытады. Сөйтіп, ақын өз өлкесіне аянбай қызмет етіп, бойындағы бар асылы-бай тілімен келешек ұрпаққа беруге асығады. Бірақ ақынның бай тіліне замана ағымы кереғар ұшырасып, ақынға өз мақсатына жетуге көп кедергілер келтірілді. Қазан төңкерісінен кейін, ақынға «молда» деген атақ тағылып, ақын өмірінің «Тар жол, тайғақ кешуі» басталады.
Ақын  әр жылдары Қармақшы, Қазалы, Шымкент түрмелерінде   отырып,  көп  қиыншылықтар  көргенмен  Алла-тағаланың  бойына бітірген құдіретті өнері - ақындығын  шексіз  білімімен  ұштастыра  отырып, халыққа  үгіт-насихат  түріндегі  өлең-жырларын жазуын тоқтатпайды.
Тұрмағамбеттің  аты,  жастайынан  шыншыл  жырлары  мен  әділ  ісімен  жайдың  оғындай  өткір  әзіл-қалжыңдарымен  жұртшылыққа  таныла  береді. Табан  астындағы  тауып  айтатын  тапқырлығы, суырып  салма  ақындығы, талайдың аузында сақталып жүр. Бұл қасиеттері өзінің де, өзгенің де өмірін қорғап қалды. Көзін көргендердің айтуынша, Тұрмағамбетті аңдып жүрген НКВД-ның тыңшысы ақынмен табақтас бола қалады. Сонда ақын алдына келген ыссы етке қол сала беріп «Биссимилла» депті. Мұны іліп әкеткен әлгі тыңшы салған жерден «жаңа не дедіңіз»,- депті. Сонда Тұрмағанбет:
-А, мына ет ыссы ма деп жатырмын»,-депті.
Бір күні шахнаманы жазатын адам керек болып, жоғарыдағылар Тұрмағамбетке тоқталады. Сөйтіп, келісу үшін Алматыға шақырады. Тұрмағамбет Алматыға барып, Темірбек Жүргеновтың үйіне түседі. Сонымен ондағылардың барлығы Тұрекең келді деп Темірбектің үйіне жиналады. Барлығы Тұрмағамбетті ортаға алып, «ал Тұреке ауылда не жаңалық бар, не кетті, не қалды» депті. Сонда ақын Үкіметтің ісіне наразылығын білдіріп:
«Үй дегенде кесек қалды,
Мал дегенде есек қалды.
Мүлік дегенде шашылып,
әр бұрышта төсек қалды.
Ұсақ-түйек барлығын,
Үкімет кеп есепке алды», депті. Мұны естіп отырған НКВД-ның құлағы сол күні тұтқындатады. Осылайша, бір сотталып, бір шығып жүргенде ауданға сот шақырады. Сотқа барса алдында адам болады. Сөйтіп Тұрмағанбет есіктің алдында отыра береді. Бір кезде соттың алдындағы адам шығып кеткен соң сот:
- Әй, сен кім болдың-дейді өктемдеу. Сонда ақын:
- Мен, халқым молда бол деген соң молда болған,
Сен шақырып мола бол деген соң босағаңда мола болған Тұрмағамбетпін»,-депті. Сөйтіп, оның әр сөзі үшін Үкіметке қарсы шықты деп қудалай беріпті. Алайда, өлеңі  өзен  арнасын  бұзып  ағатын ақынның  екпіні бәсеңдемей үдей  түседі. Осынау  бір  шабыттың  шырқау  биігінде  жургенде 1934  жылы  Қазақстан  жазушыларының  бірінші  съезі  мен  халық  таланттарының  алғашқы  слетіне  қатысады. Осыдан  кейін  білімі  мықты  5  тілге  жүйрік  Тұрмағамбет  ақынды  Алматыға  бір  кездегі  өзінен  діни  дәріс  алған  шәкірті  сол  кездегі  халық  ағарту  комитетінің  төрағасы  Темірбек  Жүргенов  арнайы  шақырады. Ондағы  мақсат  әйгілі  Шығыс  ақыны  Фердаусидің  туғанына  1000 жыл  толуына  орай  «Шаһнама»  жырын  қазақшаға  аудару  болатын.
Әбілқасым Фердауси шығыс әдебиетінің классикалық туындысына айналған Шаһнаманы 35 жыл жазса, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы бас - аяғы 10 айда 40 мың жолдық дастан етіп қара өлең ұйқасымен аударып шығарды.
Ақын жырдың сюжеттік желісін негізге ала отырып, қазақтың өз өлеңіндей, қиса дастанындай етіп, «Шаһнаманы» шалқар шабытпен қайта жазып шыққан. Жыр толық аяқталып болғанға дейін баспасөз беттерінде оның үзінділері жарияланып, Тұрмағамбет сол кездегі қазақтың зиялы қауымы ортасында кеңінен танылды.
1961 жылы «Рүстем - Дастан» деген атты жарық көрген еңбектің алған сөзінде, Мұхтар Әуезов:
- «Бұл жыр Фердаусидің «Шаһнамасынан» жасалған аударма емес, ол арғы - бергі ауызша да, жазбаша да хикаялардың бәрінен құралып, қазақ халқының арасына ертегіше тарап кеткен батыр жорықтарының жинақ жыры» - деп баға берді.
Саяси қуғын - сүргін кезінде Темірбек Жүргеновке тағылған «халық жауы» деген жала, Тұрмағамбетті де айналып өтеді. Оны 37 жыл «Халық ақыны» деген құрметті атау да, қазақ АССР - інің орталық атқару комитеті тағайындаған Республикалық дәрежедегі дербес зейнет ақысына лайық тұлға дегенде атақтары құтқара алмайды. Тағдырдың мұндай тосын соққыларын күтпеген Тұрмағамбет өз наразылығын өлеңмен білдіреді. Бірақ оған құлақ асатын өкімет пе?! Содан ол 35 дәптерден тұратын 40 мың жолдық «Шаһнама» жырының түп нұсқасын алып, ата қоныс Қармақшыға аттанады. Алайда НКВД тыңшылары әр түрлі айла - шарғымен Тұрмағамбеттің үстінен іс қозғап, ақыры ақынды қамауға алады. Мұнымен тынбаған тінтушілер оның шығармаларына қастандық ойлап, көзін құртпақ болады. Ерінің еңбектерін Биға анамыз аман алып қалу үшін небір амалдар жасаған. Ол Тұрмағамбеттің қол жазбаларын, НКВД- нің иісшілдері іздеп таппайды - ау деп, біресе ошақтың астына, біресе таңертең мал жүретін жолды қазып, киізге орап тығады және жасырған орнын күнде ауыстырып отырады. Сөйтіп түрмеден, түрмеге қамалып әбден қуғын көрген күйеуінің көзіндей болған еңбектерді қызғыштай қарап жүріп, аман алып қалады.
Бүгінгі біз оқып жүрген ақын мұрасы Биға ананың аман сақтап, Мардан Байділдаевтің жинақталуымен жеткен дүниелер. Бір қызығы 10 айда «Шаһнама» 40 мың жол етіп жазған Тұрмағамбеттің тіл туындылары, өсиет, толғау, терме, мысалдары мен мақал - мәтелдері, мінәжіт, арнаулары, хикая - дастандары 20 мың жолдан азақ асатын 424 шығарма 5 дәптерді ғана құрайды.
Дүниеден өмір өтіп, өтсем де өзім
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім
Көре алмай кейінгіні кеттім - ау деп
Арманда болмай ақ қой екі көзім.
деп жырлаған Тұрмағамбет тек қазақ әдебиетінің ғана өрісін кеңейтіп қойған жоқ, ол әлем әдебиетінің асқарына құлаш сермеді. Өз халқының ой - арманымен, мұң - мұқтажын, көмескі тарихи мен тұлдыр да бұлдыр тағдырын жырға қосқан.
Алайда, осылай елім деп өткен ерді әлі де терең зерттеулер мен тыңғылықты насихаттаулар күтіп тұр. Сондықтан өткенімізді қастерлеп, өнерімізді өрге көтерсек, ел болар ұлттың үрдісін жалғағанымыз болар еді. Ол үшін Ізтілеуұлы Тұрмағамбеттің есімін есте қалдыру жөнінде әлі де белсендірек жұмыс жасауымыз керек деп ойлаймын. Яғни, «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып жатқан шақта қазақ әдебиетінің ортасынан ойып орын алатын дүлдүл ақын Т.Ізтілеуұлының  шығармалары жоғары оқу орындарында және мектеп бағдарламаларында кеңінен орын беру керек. Сонымен қатар, Т.Ізтілеуұлының көптеген өлеңдері мен дастандарынан, мақал-мәтелдерінен алып, оның таңдамалы шығармаларының толық бір томдығын көп таралыммен бастырып шығару, оның айтқан нақыл сөздерін көшелерге ілу керек және Қармақшы ауданының орталығы мен Қызылорда қаласында Тұрмағамбеттің мүсінін орнатқан жөн. Бұл ұсыныс Тұрмағанбетті зерттеп жүрген кішкентай ғана Жаснұрдың пікірі. Біздің де одан өзге алып қосарымыз жоқ. Тек ғана Сыр Абайы атанған тұлғаға лақты құрмет керек болып отыр. Соның бірі - Тұрмағанбетті насихаттауда үлкен жұмыс керек болса, екіншісі, ол туған киелі Тұрмағанбет ауылына бір мәдениет үйі керек-ақ.

Сәкен Алдашбаев

Қызылорда қаласы



Тұрмағанбет ақын шығармаларынан:

Айтар нақылы  жоқтың
Табар  ақылы  жоқ.

Әкім - бір  ұлттікі
Ақын - бар  жұрттікі

Сөйлеуге  сөз таптым  да
Тыңдауға  құлақ  таппадым.

Бөз  көйлек  болады
Сөз  еңбек  болады.

Ғылым - іштегі  нұр
Өнер  сыртқа  салынған  түр

Білім  арзан
Білу  қымбат

Әйел  жерден  шыққан  жоқ
Ол да  еркектің  баласы
Ерлер  көктен  түскен  жоқ
Әйел  оның  анасы

Жалғыздың  үні  шықпайды
Жаяудың  шаңы  шықпайды

Жылқы - малдың  патшасы,
Түйе - малдың  қасқасы.

Жуас  түйе  жүндеуге жақсы.

Қырықтың  бірі - Қыдыр,
Мыңның  бірі - Уәли.

Санасызға  сан  айтсаң  да  болмайды.

Дені  саудың - жаны  сау.

Досы  көпті  жау  алмайды
Ісі  көпті  дау  алмайды.
Өзіне  қайыр  қылмаған,

Өзгеге  қайыр  қылмайды.

Ұлы  жүзді  құрық  беріп  малға  қой,
Орта жүзді  қамшы  беріп  дауға  қой,
Кіші  жүзді  найза  беріп  жауға  қой.

Әуелі  Құдай  жерге  береді.
Жерге  берсе  елге  береді.

Отызыңда  Орда  бұзбасаң,
Қырқыңда  қыр  аспайсың.

Біршілік  болмай  тіршілік  болмайды.

Жігіт  сегіз  қырлы  болсын
Я, бір  сырлы  болсын.

Үндемеген  үйдей  бәледен  құтылады.

Өлімнен  ұят  күшті.

Ұлық  болсаң, кішік  бол.

Білегі жуан - бірді  жығады,
Білімді  ер - мыңды  жығады.

Ауру  қалса  да, әдет  қалмайды.

Ас - адамның  арқауы.

Қауіп  бар  жерде - қатер  бар

Сақтықта  қорлық  жоқ.

Жылы - жылы сөйлесең
Жылан  інінен  шығады.

Асықпаған  арбамен  қоян  алады
Асыққанның  етегі  аяғына  оралады.

Ақыл  жастан  шығады,
Асыл  тастан  шығады.

Әңгіме  бұзау  емізеді,
Бұзау  таяқ  жегізеді.

Таспен  ұрғанды  аспен  ұр.

Сиыр  сипағанды  білмейді,
Жаман  сыйлағанды  білмейді.

Ойнасаң  да, ойыңдағыны  айтарсың,
Ойнап  айтсаң да, ойлап  айт.

Аузы  күйген  үрлеп  ішеді.

Қызғанғаның  қызыл  итке  жем  болады.

Ақыл  тон,аңдағаныңа  тозбайтұғын,
Ғылым  кен, күнде  өніп қозбайтұғын
Елін  екеуіне  еткендердің  жаны  жоқ
Жер  жүзінде  азбайтұғын.
Адамды  әрлі-берлі  үйрілдіріп
Сияқты  тұрмыс-толқын  қозғайтұғын
Өнермен  кен  ғылымға  уақытың  барда
Себеп  не  қол  сұралып  созбайтұғын
Қатарың  қалмай  шауып  бара  жатса
Арқаңның  ауруы  не  қозбайтұғын
Көшкермей  өз  бетінше  қаңғалаған
Бота да боз  тақырда  боздайтұғын
***

Жасымнан  назым  сөзге  шебер  едім.

Өзімнен шебер кім? - деп кебер едім

Әр түрлі хикая мен дастандардың

Ширатқан шым жібектен көргені едім.

****************

Тұрмағамбетке берген зиялылар пікірі

Қазақтың кейбір ақындары « Мың бір түн» ертегілерінен алып жыр - дастан жазатын. Мына тұста Тұрмағамбет тәжірибесінен біз сондай еңбек мысалын көреміз. Сонымен Рүстемнің жайы туысқан тәжік әдебиетінің ұлы классигі Фердаусидің «Шахнамасынан» тікелей жасалған аударма демейміз, сол Фердауси үлгісімен халық ақыны Тұрмағамбеттің өзі өлең етіп жазған Рүстем жөніндегі дастанының қазақша варианты дейміз.
Мұхтар Әуезов
*                             *                               *
Көруге кім ынтықпас күннің көзін
Естуге кім құмартпас ғалым сөзін
Заман тұр ұйыған бір қатық құсап
Ішінде жатыр тулап ыстық сезім.
Шырағым Тұрмағамбет білім алдың
Еліңе енді қызмет істер кезің
Суытпай адамшылық әділ сөзді
Қош бауырым, өзің көтер жыр күмбезін! 
Базар Жырау

***
Тұрекеңнің сырға оралуы бір ғана медресе ашуда емес, Сыр елінде шағатаизм - түркизм стилімен ұштасқан қазақтың жазба әдебиетінің тууымен байланысты болды. Соның басында Тұрмағамбет тұрды.
Тұрмағамбет негіздеген жазба әдебиеттің шығысқа тән жаңалығын түсінгендер - Қарасақал, Ерімбет, Шораяқтың Омары және Дүр Оңғар болды.
Әуелбек Қоңыратбаев

***
Көп жыл Бұхара шахарында  көрнекті ғұламалардан дәріс алған, араб, парсы, түркі тілдеріне жетіккен, шығыс тарихы мен  әдебиетінің алуан мағлұматын білетін, қазақтың халықтық поэзиясы бұлағынан еркін сусындаған және өз ақындық, шайырлық, жыршылық өнерді қадір тұтатын елде туып өскен Тұрмағамбет бойынан «Шахнама» сынды көркем сөз құдіретінен тізілген әлемдік туындыны қазақша сөйлеуге қажетті шарттар толық табылған еді.
Рахманқұл Бердібаев

***

Қазақтың қара өлең үлгісімен жазылған «Шахнама» дастанында данышпан Тұрмағамбет ақынның философиялық, поэзиялық ой, пікір, сезім байлығы қазақ поэзиясының этикалық дәстүрлері дәрежесінде  анық, түсінікті, ақындық тілмен берілген.
Мұхамеджан Қаратаев

* * *

Тұрмағамбет сөздерін
Мақтамайық қалай көп,
Өздерің берген бағасын,
«Сырда туған - Абай »! - деп
Манап Көкенов

***

Сыр  алаштың  анасы,  тарихқа  жүгінсек, бұл  жерде  қазақтың  үш  астанасы  болған: Жент, Сығанақ, Қызылорда.
Сыр  өңірі  Қорқыт  бабамыздың, Жанқожа  мен  Бұқарбай  сынды  батырлардың, Мұстафа  Шоқайдың, Сыр  сүлейлері  Кердері  Әбубәкір  мен  ғұлама  Тұрмағамбеттің, Ақын  Әбділдә  мен  Нартайдың, тамаша  халық  жазушылары  Әбдіжәміл  мен  Қалтайдың  және  көптеген  ардақты, дарынды  перзенттерінің  туған  өлкесі. Сонан  да  Қызылорда  күллі  қазақ  үшін  ортақ  жер.

Н.Назарбаев

Ақын  шығармаларының  жариялануы:

«Рүстем. Дастан»-1961 жылы
«Назым» өлең жинағы-1972 жылы
«Назым» өлең  жинағы-1982 жылы
(толықтырылып екінші басылуы)
Шаһнама 1-2 кітап-2004 жылы
Шаһнама 1-2 кітап- «Сарыарқа» баспа үйі Астана 2009   


Қорғалған  ғылыми  еңбектері:

Ө.Күмісбаев- Тұрмағанбет  және  оның  Рүстем Дастаны
Ұ.Жаңбыршиева - Т.Ізтілеуовтың  поэзиялық  творчествасы
Е.Кәрібозов - Т.Ізтілеуовтың  шығармасындағы  адамгершілік мәселелері
Ф.Қожаһметова- Т.Ізтілеуовтың  тілдік  тұрғысының  дескустік  сипаты.
Көркем  әдеби  бейнесіне  арналған  кітап А.Тоқмағанбетов  «Жыр  күмбезі» (Алматы-1975ж.). «Көтерілген  күмбез» (Алматы 1982ж.)
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3522