Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4158 0 пікір 6 Тамыз, 2012 сағат 08:48

«Мыңбала» - «Ақжүніс-Астана» журналында

«Қазақ әдебиеті» газетінде танымал мәдениет және өнер қайраткерлерімен әңгімелесіп,  сырлы сұхбаттар жазып, оқырман қауымды өзіне жалт қаратқан Сәуле Әбединованың Қазақстан ұлттық арнасындағы «Ақжүніс» атты бағдарламасы да көрермен аудиториясын баурап алған болатын. Ұлттық арнадан қызметі ауысқан соң Сәуле әріптесіміз біраз жыл республикалық «Айқын» газетінің бетінде қалам тербеген еді. Енді міне, «Ақжүніс-Астана» журналын шығарып, жеке басылымның басшысы ретінде ақпарат майданына шығып отыр. «Ақжүніс-Астана» бүгінгі қоғамның драмасын түрлі тағдыр иелерінің бастан кешіп жатқан оқиғаларымен байланыстыра ашатын журнал болады», - дейді Сәуле бізбен аз-кем әңгімесінде. Жаңа басылымның қаз басқан қадамы қатая берсін дей келіп біз, аталған журналдың соңғы сандарында жарық көрген «Жаужүрек мыңбала» филімінде басты рольдерде ойнаған жас актерлердің сұхбатын жариялағанды жөн көрдік.

«Абай-ақпарат»

Аян ӨТЕПБЕРГЕН - Таймас:

Асылхан екеуміздің талғамымыз екі түрлі...

 

«Қазақ әдебиеті» газетінде танымал мәдениет және өнер қайраткерлерімен әңгімелесіп,  сырлы сұхбаттар жазып, оқырман қауымды өзіне жалт қаратқан Сәуле Әбединованың Қазақстан ұлттық арнасындағы «Ақжүніс» атты бағдарламасы да көрермен аудиториясын баурап алған болатын. Ұлттық арнадан қызметі ауысқан соң Сәуле әріптесіміз біраз жыл республикалық «Айқын» газетінің бетінде қалам тербеген еді. Енді міне, «Ақжүніс-Астана» журналын шығарып, жеке басылымның басшысы ретінде ақпарат майданына шығып отыр. «Ақжүніс-Астана» бүгінгі қоғамның драмасын түрлі тағдыр иелерінің бастан кешіп жатқан оқиғаларымен байланыстыра ашатын журнал болады», - дейді Сәуле бізбен аз-кем әңгімесінде. Жаңа басылымның қаз басқан қадамы қатая берсін дей келіп біз, аталған журналдың соңғы сандарында жарық көрген «Жаужүрек мыңбала» филімінде басты рольдерде ойнаған жас актерлердің сұхбатын жариялағанды жөн көрдік.

«Абай-ақпарат»

Аян ӨТЕПБЕРГЕН - Таймас:

Асылхан екеуміздің талғамымыз екі түрлі...

 

- «Жаужүрек мың баланың» тұсаукесерінде қатты қысылып тұрғаныңды айтып сұхбат бере алмап едің... Енді үйрендің бе?

- (Күліп алды) Мәселе сұхбат беріп үйренгенде емес қой... Ол кезде өмірімдегі ең үлкен жетістіктің буы кеппей тұрған кез еді. Екінші жағынан, небір мықты өнер дүлдүлдерінің қатарында бірінші рет отырғандықтан, расында, біраз қобалжып қалдым.

- Туған жерің, тәрбиеленген ортаң жайлы не айтасың?

- 1992 жылы 26 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келдім. Әкем Бексейітов Өмірәлі Жамбыл облысының тумасы, анам Торғаева Марияш Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданынан. Отбасымызда 5 адамбыз. Менен үлкен Нүрила атты әпкем бар. Бүгінгі күні тұрмыс құрған, өз отбасы бар, шаштаразшы болып жұмыс істейді. Қарындасым Бексейітова Аружан 6-сыныпты бітірді. Жақында өткен қалалық Абай және Махамбет оқуларына қатысып,жүлделі орынға ие болды. Өнерге жақындығы байқалады, өлең жазатын қасиеті бар. Жалпы, отбасымдағы адамдардың бәрі де өнерден алшақ емес. Әкем сахнаға шығып ән айтпаса да, көңілі түскен кездерде құйқылжытып «Балқадишасын» шырқап кететін кездері аз емес. Ал анам әсерленген кездерде өлең шығаратын өнері бар.

№108 орта мектепті бітіріп, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының колледжін Есім Сегізбаевтың курсы бойынша аяқтадым. Өткен жылы аталған оқу орнының академиясына режиссер Болат Атабаевтың курсына қабылдандым.

- Таймас батырдың рөлі арқылы елге танылдың. Сенің түсінігіңдегі «батыр» ұғымы қандай?

- Бауыржан ағамыз: «Адам батыр болып тумайды, ол орын алған оқиғаларға байланысты батырға айналады» дейді. Мен де осы нақылға қосыламын. Ең қызығы, фильмдегі Сартай батырды көп сынады. «Батыр ол кезде үлкен денелі болған...» деген сияқты... Меніңше, ол біздің санамызда қалыптасқан стеоретиптер. Халқымыз «батыр» дегенде, бес күн, бес түн ұйықтамай, бір қойдың етін жалғыз жейтін адамды елестетеді. Батырлық адамның денесінде, түр-келбетінде, жеген етінде емес, батырлық - жүрегінде болады.

- «Жаужүрек мың балада» көңілің толмай қалған эпизод бар ма?

- Көңілім толмайды деп айту артығырақ, бірақ әттеген-айлар болады ғой... Дегенмен, колледждегі мұғалімім Есім аға: «Асылхан екеуің бір-біріңнен асып ойнадыңдар» деп бағасын берді. Бұл біздің көңілімізге қарап, жай айтыла салған сөз емес деп ойлаймын...

- Ал қазіргі мұғалімің Болат Атабаев қандай баға берді?

- (Күлді) Шынымды айтсам, ол кісі бұл фильмді көрді ме, көрмеді ме, білмеймін. Өзім жолығып, фильмді көрсетуге әлі батылдығым жетпей жүр. Бірақ жақын арада көрсетемін деп жоспарлап отырмын. Болат ағаға премьераға билет алып беремін деп жүр едім. Екі ғана билет беріліп еді, оларды ата-анама бердім де, өзім жерде отырып көрдім.

- Өмірде де Асылхан екеуіңнің жақсы достар екеніңді білеміз. Фильмде досыңды сатып кетесің. Ал өмірде Асылханды ренжітіп алған кезің есіңде ме?

- Ситуацияларға қарай көреміз де ол жағын... (Күлді) Қалжың ғой...

- Орыстар «әр қалжыңның астарында бір мысқал шындық жатады» дейді ия?!

- Қазақ тіліндегі қалжыңдарда жатпайды. (Күлді) Асылхан екеуміз қаншама қиыншылықтар мен қызықтарды бірге өткіздік. «Достың біреуі жан шыққанша, енді бірі қан шыққанша» деп бөлініп жатады десек, Асылхан менің жан шыққанша жүретін досым деп білемін.

- Ал екеуің бір қызды ұнатып қалсаңдар ше?

- Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Себебі, екеуміздің қызға деген талғамымыз екі басқа. Өмірі бір-біріміздің ұнатқан қызымызды қолдап көрген емеспіз. Ылғи да бір-бірімізге «бұл қыздың қай жеріне қызықтың?!» деп таңқалып жүреміз...

- Асылханның ойындағы қыз қазақы мінезді, ибалы екенін білеміз. Талғамың бөлек болатындай сенің арманыңдағы ару қандай сонда?

- (Күлді) Менің талғамымдағы қыздар «стервозный» көрінетіндер. Қалжың ғой... Әрине, қазақы, инабатты қыз болғанға не жетсін?!. Кездесіп жатса, қанеки?! Ол кез-келген азаматтың арманы.

- «Үндемесең дау алады, жата берсең жау алады» дейді... Пысықсың ба?

- Кейбір адамдарға пысықтық табиғаттан беріледі ғой. Тырмысып, пысықтығының арқасында біраз нәрселерге қол жеткізіп жатады. Бірақ өзім сол қатты пысықтардың қатарында емеспін. Мінезім көбіне біртоға, салмақтымын. Өзімнің алдыма қойған мақсаттарым бойынша ғана жұмыс істеймін. Ал әзіл-қалжыңға жаным жақын, қалжыңға келгенде өз есемді жібермеймін.

- Өнерде кімдерді пір тұтасың?

- Ешкімді пір тұтып, еліктеп көрмеппін. Бірақ өнерлерін жоғары бағалап, ұнататын актерларым жетерлік. Мысалы, Берік Айтжанов, Нұрлан Әлімжанов, Ерік Жолжақсынов, Сергей Безруков, Ли Бен Хок... Бұл кісілердің біреуге көзі, біреуге ерні ұнап жатса, мен актерлық шеберліктеріне қарап бағалап отырмын.

- Ең үлкен арманың...

- Арманым өте көп. Мен үшін олардың бәрі үлкен, бөліп-жарып қарастыра алмаймын...

- Басыңнан өткен қызықты оқиға...

- Түсірілім алаңында Құралайдың туған күнін өткізгенде қызық болып еді... Бірақ оны өзі айтып берсін иә?!. Мен колледждегі кезімді айтайын.

Алдыңғы сабақта театр тарихынан беретін апаймыз «Енді кешіксеңдер «2» қоямын» деген болатын. Бірақ келесі күні тағы 15 минутқа кешігіп қалдық. Кірсек ұрсатынын біліп, амал ойластыруға көштік. Содан группаласым Есен өтірік талып қалып, колледжді абыр-сабыр қылуды жоспарладық. Келіскеніміздей, Есен талды, қыздар шыңғырып, демде у-шу, абыр-сабыр болып кетті. Асылхан екеуміз Есенді әрең көтеріп, мед.пунктқа қарай апара жатырмыз. Жолдан сұрағандарға «екінші қабаттан құлап қалды» деп едік, олар апайға «Есен төртінші этаждан құлапты» деп жеткізіпті. Бір кезде жедел жәрдем, артынша полиция да келді. Содан Есенге бір рет ыстық укол салды. Ол шошып, қызарып кеткен, «ойнап айтам, ойнап айтам...» дей береді. Дәрігерлер бала «шоковый состояниеде» деп, екінші ыстық уколды салды. Осылай ойыннан өрт шығып, мен театр тарихынан ақыры «2» деген баға алып, ал Есенді полиция тіркеуге алып кетті...

- Оқырмандарымызға айтар тілегің...

- Ел аман, жұрт тыныш болсын!

 



Асылхан ТӨЛЕПОВ -  Сартай:

 

Әзірше ұшып жүрмін...

 

- Асылхан, «жерге түстің бе», әлде әлі де «ұшып жүрсің» бе?

- Өзіңіз қалай ойлайсыз, бұрын толықметражды тарихи экшн түгілі, он секундтық жарнамаға түсіп көрмеген жас актердің дебюттық жұмысы анау-мынау емес, «Мың бала» сынды жоба болса және оны Ақан Сатай мырза түсірсе, ұшпау мүмкін бе? Әзірше ұшып жүрмін... (күлді)

- Танымалдылықтың дәмі қандай екен?

- Жаман емес. Танымалдылықтың «тәтті дәмін» сезіп жүрмін... Қалжың ғой. Бұрынғы қалпымнан өзгеріп кеткен түгім жоқ. Қоғамдық көліктермен жүремін. Жақында бір журналға сұхбат бердім, сонда қызық болды. «Көлігің қандай?» деген анкеталық сұрақтары бар екен. Басқалары «тойота», «джип» деп жазғанда, мен «автобус» деп үлкен етіп жазып қойдым... Ата-анам «ұлық болсаң, кішік бол» деп құлағымызға құйып өсірді. Сол нақылдан аттап кетемін деп ойламаймын.

- Қыздар көп мазалап жүрген жоқ па?

- Жоқ, қазақтың қыздарынан ақылды қыз жоқ қой... Олар барлығын

орнымен жасайды. Құлақтарына алтын сырға, басым бос... (күлді)

- Қандай қыздар ұнайды?

- Қазақша таза сөйлейтін, ұлттық салт-дәстүрді білетін қарапайым қыздарды ұнатамын. Бір қызығы, мені танымайтындар «қазақша білмейді» деп ойлайды екен. Сондықтан да болар, барлығы орысша сөйлеп бастайды. Ал мен ерегесіп таза қазақша жауап беремін, сонда «сені қазақша түсінбейді екен деп ойласақ...» деп таңқалып жатады.

- Осы фильмнен қанша гонорар алғаныңды білуге бола ма?

- Ол жағы құпия. Бір айтарым, өзіме жетеді. Ұсақ-түйекке құртпай, банкке депозитке салып қойғаным жөн деп шештім...

- Жарайсың! Өзің жап-жас болып, пысық екенсің...

- Қайдағы жас? Жиырмаға келдік қой. «Болар бала он бесінде баспын дер, болмас бала жиырмасында жаспын дер» демей ме Төле би атамыз?

- Иә, «үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған жігіттен без» демекші, нағыз болашақты ойлайтын азамат екенсің...

- Азамат деген атқа лайық болуа тырысамыз...

- Туып-өскен ортаң жайлы әңгімелеп берші...

- 1992 жылы мамыр айының 21-жұлдызында Ақтөбе облысы Ойыл

ауданында дүниеге келдім. Ата-анам қарапайым адамдар. 8-сыныпты аяқтаған Айдана атты қарындасым, өнерді менен ертерек бастаған Артур деген ағам  бар. Ең қызығы, қарындасым екеуіміз бір күнде туылғанбыз. 1996 жылы отбасымызбен Алматы қаласына көшіп келіп, 2008 жылы М.Дулатов атындағы қазақ орта мектебінде 9-сыныпты  бітірдім. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының колледжіне «актер мамандығы» бойынша Есім Сегізбаевтың шеберханасына қабылдандым. 2011 жылы колледж дипломы қолыма тиген соң, Өнер академиясына оқуға түстім, Дариға Тұранқұлова апайдың шеберханасында оқып жүрмін. Мектеп кезінен ағам екеумізді де өнерге баулығын Гүлшарат Есетқызы атты ұстазымызға алғысымыз шексіз.

- Білуімізше, бұрында мықты спортшы болған көрінесің...

- Мектеп кезінде 7 жыл бойы таэквон-домен шұғылданып, қара белбеу

иегері атандым. Корея елінде болған жарыста жүлдемен оралдым, 2006-2007 жылдары жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атандым.

- «Жаужүрек мың баланың» кастингіне қатысқаның жөнінде көп

жерден оқып, біліп жүрміз. Ал ағаң Артурдың «киноға інім арқылы түстім» дегенін қалай түсінсек болады?

- Көбіне қалжыңмен жауап беріп үйреніп қалған ғой. Расында, Ақан

ағаға Ілияс рөліне актер таңдап жатқан тұста: «Ақан аға, менің ағам жақсы актер еді, қарап көріңізші» деп бір ауыз айтқаным бар еді. Артур соны негізге алып айтқаны ғой. Ары қарай қатысым болған жоқ, кастингтен өз күшімен өтті.

- Түсірілім кезінде Ақан ағаның қатты ұрысқан кезі есіңде ме?

- Жоқ, Ақан аға бұл тұрғыдан алғанда өте сабырлы адам. Тіпті, түсірілім

болған төрт айдың ішінде ұрыспақ түгіл, дауыс көтеріп сөйлегенін де көрмеппін. Одан бөлек, кастинг директоры Жанар Әбдиева, продюсеріміз Әлия Уәлжанова апайлардың да адамгершілігіне таңқалдым. Барлығы актерларды алақандарында ұстады. Ақан аға түсірілім біткен соң күнде кешкісін қайырлы түн тілеп, тіпті таңертең қалай ұйықтап тұрғанымызға дейін сұрап, денсаулығымызға көңіл бөліп, ылғи да көңілімізді аулады.

- Бірнеше дубль түсіріп, қатты шаршап, қиналған эпизодың болды ма?

- Ең көп дубль, ары кетсе, жетеу болған екен. Негізінен, шайқастарды

түсіру қиын болды. Ол негізінен, техниканың мүмкіншіліктеріне байланысты орын алды. Мысалы, «Алаш» деп айқайлап, барлығымыз жауға қарай шабатын сахна бар. Соны түсіру 15 дубльге дейін барды. Себебі,  қателіктің барлығы көпшілік сахнасындағы актерлардың кесірінен болды. Сценарий бойынша мен ең алдында шабуым керек қой, ал көпшілік сахнасындағы ауылда атқа мініп үйреніп қалған жігіттер менен озып кете берді. Шамасы, бәйгеде шауып келе жатырмыз деп ойласа керек (күлді). Одан бөлек, мысалы, мен «Алаш!» деп айқайласам, бірі «Давай!» деп, енді бірі  «Аттан!» деп шапқандар болды. Ең соңғы дубль керемет түсіріліп басталған. Артыма қарап, қуанып, «Алаш!» деп шауып келе жатырмын, ешкім озып кетпеді. Осымен біткен шығар деп қуансам, бір кезде біреуі «Асылха-а-а-ан!» деп айқайламасы бар ма?! Басында дұрыс естімей қалдым ба деп шаба бердім. Сөйтсем, төрт рет қайталады. Артыма дұрыстап қарасам, ағам Артур екен.  Рөлге берілгені сонша, тамағының тамырлары шығып кеткен,  «Сарта-а-а-ай, ананы қара» дейтін сөзін ұмытып,  «Асылха-а-ан ананы қара!» деп күлдірді.

Актер ретінде ауыр тиген сахна - Таймасты байлап қойып, «Қорлан мерт болды» деп айтатын тұсым. Себебі, Қорланға бауыр басып қалғаным сонша, расында да мерт болған сияқты сезініп, қатты қиналдым, сол сөзді айту ауыр соқты.

- Ал оңай әрі тез түсірілген эпизод ше?

- Айүрмен жекпе-жегім оңай түсірілді. Негізінен, жекпе-жектерді түсіру

қиын ғой...

- Туындының  экранға жол тартқанына да біраз уақыт болып

қалды. Көрермен өзіндік пікірін де қалыптастырып үлгерді. Ішінде сен келіспейтін тұстары бар ма?

- Халықтың «Көшпенділер» мен «Мың баланы» салыстырғанымен

келіспеймін. Себебі, бұл кинодағы Ақан ағаның мақсатында «Көшпенділерден» асып түсеміз деген ойы болған жоқ. Тіпті, бөлінген қаржысын да салыстыруға келмейді. Біздің киноға әлдеқайда аз ақша кетті. Ол кинода шетелден келген үлкен актерлер ойнады. Ал бізде 99 пайыз қазақтар, басты рөлді жас актерлер ойнады. Ең қуантарлығы, интернеттегі мәліметтерге қарағанда, кейбір қазақ отбасылары жаңа туылған сәбилеріне Сартай деп ат қойыпты.

- Осындай үлкен тарихи кинода басты рөлді ойнап шықтың... Ал, жалпы, тарихтан білімің қалай? Мектепте қандай оқушы болып едің?

- Мектепте сабағым нашар болды. Себебі, сабақтарға көп қатыса алмай, түрлі қалалардағы жарыстарға жиі барып жүрдім. Мұғалімдер «Төлепов сабақ оқымайды...» деп ренжитін. Алайда, сабаққа көп көңіл бөлмегеніммен, мектебімнің атын спорттағы, өнердегі жетістіктеріммен танытуды мақсат еттім. Жарыстардың барлығына арнайы мектебімнің атынан шықтым. Алайда, ұстаздарым мені бәрібір мүлдем жақтырмады...

- Неге?

- Сабақтан көп қалғандықтан болар. Тек бір мұғалім ғана сөзімді сөйлеп, «сені неге мұғалімдер жек көреді?!» деп, жаны ашып, қорғаштап жүретін.

- Мүмкін спортқа жақын болғасын бұзық болып, өзіңнен кейінгі сыныптарға көп әлімжеттік жасаған шығарсың...

- Жоқ, мен ешқашан өзімнен кішілерге тиісіп көрген емеспін.

Үлкендерге болмаса... (күлді)

- Сені ұнатпаған апайларың енді мақтанып жүрген болар, «Асылхан менің шәкіртім» деп...

- Мүмкін... Бірақ ол жағы енді мені қызықтырмайды. Себебі, ол кісілерге деген өкпем қарақазандай...

- Сабақ оқымасаң кінә өзіңнен де бар ғой... Неге сонша ренжисің?

- Ол кісілер 9-сыныптан кейін тек өздерінің ғана қамын ойлап, мені

мектептен қуғандай болды. Бұл жағдайлар өз алдына... Одан бөлек, сыныптастарымның қоштасу кешіне оларды қуантайыншы деп, Жүргеновтегі достарыммен арнайы концерттік бағдарлама дайындап барғанымда, тіпті мектепке кіргізбей де қойған... Енді ол мектепке арнайы шақырса да бармаймын деп отырмын...

- Түсірілім алаңында болған қызықты оқиға...

- Таймастың өлетін сахнасын түсіріп жатқанбыз. Таймастың басын

қолыммен демеп көтеріп тұрып, оны «Таймас, Таймас!» деп жұлқылайтын сахна бар. Ал ол «алдым кегіңді» деп айту керек. Мен оны жұлқылап жатырмын, ол өзінің сөзін айтты. Қарасам, аузының ішінде шыбын ұшып жүр. Қанша қайғылы сахна болса да, шыдамай күліп жібердім. Ол ғана емес, жалпы, түсірілім кезінде масаға әбден «тойдым». Мысалы, «Қазақтар, мына жеңіс біздікі!» деп айғайлайтын тұста кемінде 3-4 маса жұттым. Артынша тездетіп су ішіп жібердім. Қазір де ішімде жүр ғой деймін... (күлді)

- Құдай бетін ары қылсын дейік, егер ел басына күн туа қалған жағдай болса, Сартай батырдың ерлігін қайталай алар ма едің?

- Өз басым, құрғақ, ұранды сөзді ұнатпаймын. Құр ұрандатып жүргендер біздің қоғамда жетіп-артылады. Меніңше, әркім қазақты сүйетінін сөзімен емес, ісімен көрсетуі керек деп ойлаймын. Біріншіден, ел тыныштығы бұзылмасын деп тілеймін. Екіншіден, қиын-қыстау заман туа қалса, әрине, қазақ үшін жүрегімді жұлып беруге дайынмын.

- Арманың не?

- Ағылшын тілін үйрену...

Сұхбаттасқан

Айдана  АЛАМАН

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1565
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2260
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3541