Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3728 0 пікір 2 Тамыз, 2012 сағат 09:29

Мұнайдар Балмолда. Қырандар қазасы

Мәрттікті жалау еткен ақ сұңқар

Табыл көкемнің рухына арнадым.

автор

Қазақ тілге бай. Жақсысына жерден теңеу таппағанда көкке көз тіккен. Іздегенін сол зеңгірден тапқан. Ол - қыран құс. Басқа-басқа елінің атын шығарар ақыны мен батырын қазақ қылыш қанат, құрыш тұрпат қанаттыға теңеген. «Ақиық», «Мұзбалақ», «Ақ сұңқар» деп нағыз айтулыларын атаса, өндір жасын «Тастүлек» дейді.

Мәрттікті жалау еткен ақ сұңқар

Табыл көкемнің рухына арнадым.

автор

Қазақ тілге бай. Жақсысына жерден теңеу таппағанда көкке көз тіккен. Іздегенін сол зеңгірден тапқан. Ол - қыран құс. Басқа-басқа елінің атын шығарар ақыны мен батырын қазақ қылыш қанат, құрыш тұрпат қанаттыға теңеген. «Ақиық», «Мұзбалақ», «Ақ сұңқар» деп нағыз айтулыларын атаса, өндір жасын «Тастүлек» дейді.

Отты күнге көз тайдырмай турадан тура қарайтын, құз-қияны шарлап, айпара аспанның бір өзі иесіндей болып кететін еркін құсты да қолға үйретіп, ең қымбат досына айналдыра білген - қазақ! Кәнігі құсбегілер қыранды қалай ұстау керектігін, бағып-баптау қажеттігін білген. Обал-сауабын ескерген. Ешқашан кем көрмей, өзімен тең көрген, жоғарыға, биік тұғырға қойған. Ат басындай алтыннан артық санаған. Қиса, үйір-үйір жылқыға, ақ мылтыққа, құмай тазыға қиған. Қазақтың қараша үйінің оң қапталында, төр-тұғырға құс қонған. Оны ешкез кеудесінен итеріп, зекіп, бетінен қақпаған, қайта сылап-сипап, жібектен бау тағып, барын сап баптаған. «Қараторғай» әнінде: «Мойныңа сары алтыннан алқа тағып, Қолға алып сылап-сипап бағар едім» деп шырқаған қазақ текті құсты уақыты келе, шау тарта азат аспанға босатқан. Өйткені қырандар - Құдайдікі! Ақындар да ғарыштық құбылыс! Азат ойдың иесі! Тегін адам ақын болмайды. Бірақ қай заманнан бермен тартпаңыз, қырантекті қазақ ақындарына құсбегінің аяулы алақанындай ая, тиесілі тұғыр тиген бе? Осы тұста құстың құс екені, адамның адамшылығынан гөрі пенделігі көрініп қалады.

Сарқылмас ой кеніші ұлы Абайды жабылып таяққа жықты. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!..» деуден сонда да таймай, «мыңмен жалғыз алысып» өтті. Абайға дейінгі, замана әрісіндегі ақын-жырауларымыздың да тағдыр-талайы сондай. Жаяу Мұса, Біржан Сал, Мәди сынды мәрттерді морт сындырса, Махамбеттің басын шапты. Ал Абай атамыздан берменгі ақындардың өзі өмір сүрген орта-биліктен көрген тепіреш-тепкісі ше? Мағжан, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер көші... Қасалбастыға ұстап беріп, атқызып жіберді. Қайсы бірін айтасың, бәрінің қазасы қыран қаза. Уақыт сан құбылса да өр мінезді ақындарына өгей қарауын қоймады. «Ей, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы! Танисың ба сен мені, Мен қазақтың баласы!» деп көкірегі қарс айырылған қайран Қасымды үйсіз-күйсіз қаңғытқан зор қала Алматыдай дырау астана емес пе еді? Қасымның: «Шығып тұр ғой бүгінде, Қасым деген бір ақын. Осы болар түбінде, енелеріңді ұратын!» дегенін жанындағы жайдақсулар ұқпады. Ал Жұмекен ше? Ақын күнделігінде: «Жеке тұлға (личность)- Алматинка өзенінің ортасында жатқан дөңбек тас секілді: есуас көк сулар сол тасты домалатып әкетем деп әлек. Ал, ақылды ағыстар - айналып өтеді. Әрине, бір кезде сол дөңбек тасты да ағыс, су екпіні әкелген. Бірақ ол үшін уақыттың талай тоғандары толып, мейманасынан асуы шарт» деп ауруханада жатып қатты таусылыпты.

«Мен Қазақпын!» деп ұрпағына рух берумен өткен Қыран ақын Жұбанымыздың 1986 жылғы күрестен соң түсініксіз жағдайда жарық дүниемен бақұлдасуы жұмбағын ішіне бүксе де сезімге секем, көңілге күдік бүркіп, күпті қылып кетулі. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» деп аты аңызға, жыры маңызға айналған Ақиық Мұқағали ше, қаншама рет күресінге лақтырып, «ішкіш» атандырып, күйелеп, жұмыссыз қалдырған кер кезең Марат Отарәлиев, Сағат Әбдуғалиев, Әділ Ботпановтардың маңдайынан сипады ма? «Өмірден от боп өтпесең, ит боп өткенге не жетсін!» дегізгендей Марат «ит тірлікті» аңсап па? Сағатты «алқаш» қылып, қаңғытып, Әділді із-түссіз «ғайып» қылғызып жіберген не тағдыр? Берісі қазақтың ай маңдай ақын қыздарының мұңын шағып: «Бәріңді де қыздар-ау, бәріңді де, Орағысы келеді жаным гүлге. Жылап-күліп жүрсіңдер, құлап-тұрып, Қабылдаңдар Өмір деп бәрін бірге!» деп жанын жеген Ботагөз Баймұқанқызын Оралдағы бір бөлмесінен кең қойнауға шығарып салдық. Айтыстың көрігі Оразалы 30-да опырылса, соның ізін шала 22 жасында:

«Тоқырап мәңгілікке кеткен күні, Топырақ жоғалтады арманымды!..» деп тастүлек Асылбек Ишанов «тас-талқан» болды. Төлеген Айбергенов 29-да, Артығали Ыбыраев 21-де, Саттар Ерубаев 23-де бұ фәнимен бақұлдасыпты. Бірін атап, біріне көштік-ау.

Ақыры «Қазақ едім дегенше...» деп Индер-түпте күңіреніп өткен, Махамбет кешкен қысқа ғұмырдан құрық бойы да аса алмай, қырық бесінде өзегі өртеніп, қанаты қиылып, тастай түрмеге тоғытылып, тастай өлімге тасталған «қалың адайды» ғана емес, қалың қазағын еңіретіп кеткен, бірден-бір бард ақын Табыл ақсақал ғұмырға құштар болмаған ба? «Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам...» деп жүріп, ақыры... Өмірден түңілетіндей барлығына не болды? Барлығының аузынан «ажал»  түспейтіндей бейуақта не төнді, нендей күш қыспаққа алды? Ондай күш жоқ дерсіз. Қателесесіз. Сонау Шалкиіздермен шалысып, Дулаттармен тартысып, Абайлармен алысып, құдая не керек, ақындармен өштесіп келе жатқан бір өлмес, жетесіз қара күш бар екен. Біз «қара күш» деп алдық, бәлкім оны «мерез», яки дерт деп атаса да болар. Сол «қара күш» Алладан қияметке шейін рұқсат сұрап алған малғұндай көзге түспейді, бірде «Батыраштың балтасы» болса, бірде «37»-нің сойқаны болады. Жалтара бере «жұмыстан қысқарту» не «жол апаты» боп жымып,  қақпан құрып, алды-артыңа тұзақ сап бағады. Ақын біткенге «өлім тілеткізіп» айдап салушы тасада тұрған сол сайтан екен. Әйтпесе, егемен елінде қыран-ақындар көгінде самғай бермес пе? Жоқ. Өйткізбейді. Ақындардан ақын атағын қызғанады. Сахнаға шығармай кеудесінен итереді, аяғынан шалады. Бұйырған нәпақамен бала-шағасын асырап, еліне адал қызмет жасап жүрген жерінде көптің бірі болып қалмай ақын аты шығып, ауызға ілігіп жатса, әлгі қара күш көзіне ілгісі келмейді, жетістігін қаралай қызғанып, иттің сүйек-саяғын алдына тастайды. Таланттың мерейін көре алмай, оны халықтан бөлгісі бар. Оны мүсәпір, көппен тең емес, тіпті кем күйде көргісі бар. Оған ақын көне ме? Ол от қой! Жанып кетеді. Жанып кетіп жатыр.

Қазақ бұл-бұлы Күләш күнделігіне: «Әттең, өнер шіркін, сені де әлдекімдер былғайтыны бар-ау, қандай ұсақ жандар бар, сені түсінбейді, менің нәзік қылдай өнерімді ұқпайды» деп уайым төгіпті. Сахнаның жұлдыздарын жұлдыздай еркелету керек. Сол сияқты дарынды бағалау құсбегінің бүркітті бағалағанына жетпей, бұл «ажал трассасы» тоқтамайды. Оларға тиесілі марапатты бермей, бергізбей, бере қалса көптің көзінше емес, тасада, жұмыс аяғын ала бере «ұрлап алған» нәрседей қылып министрдің, не әкімнің құттықтауын жасырын ұстата салу, төс белгісін сейфке тығып, әрі кетсе бес адамның көзінше өңіріне амалсыз, қиналып, қадай салу «қара күш» иектеген зиялысымақтардың тірлігі. Ұжым алдында, театр, мәдениет үйлерінде жария берілсе, өзінің де, елдің де мерейі өсеріне оның өресі жетпейді. «Өй, мынау менен асып кетеді» деген пендауи мүжіме ойдан аса алмайды, байғұстар. Таланттарды белгілі жерлерге шақырып жатса, құзырын салып жібермейді. «Көзге түсе бермесін» деген мыстан әрекет. Әй, ол қасқалар дәл осылай етейін демейді-ау, бірақ «жыны» жібермейді. Сосын қайтсін. Бір Қазақбайдың баласы бола тұра талантқа келгенде оның іші пышақ айналмастай тар. Қолынан келсе, күн бермеуге бар. Содан өзін-өзі біліп болмастай әділетсіз. Ал жұрт көзінше кәдімгі кісі. Ел қамын ойлаған ақ жағалы, қызыл галстукті алып бір бас. Бірақ «осы мен не істеп жүрмін?» деп өзінен есеп алмайды.

Қыран алғаш торға түскенде, намыстан өртеніп кете жаздайды екен. Құсбегі дереу салқын бүркіп, суық басып от қызуын түсіріп, жылы сөйлеп, сылап-сипап бірден мәпелеуге көшеді. Өйпесе, түз құсы жантәсілім. Өз отына өртеніп өледі. Ақын да солай. Ақын мен қыранды қатар қоюдың астары осында. Оны білген  Хан Абылай Бұқар жыраудың бағасын білген, сөзін көтерген. Бүгін ше? Хан көтерген сөзді уәзір де емес, бергілердің бергісі көтере алмай, шабына шоқ түсіп, шалабын шайқап әуре. Содан ұлы айтыс өнерің де қайтыс. Айналғанда ақынның ащы тілі «айтыстың көрін» қазыпты?..

Жақсылар Жаратқанға керек демейді ме, сол кеп біздің баста. Аңғал ақын «өлемін» десе, «әумиіні» әп-әзір. Көксуларға керегі сол. Ақылды ағыс - халықтай болып, айналып өтсеші. Өйтпейді, «құзыр менде» деп кергиді, тергейді, тұншықтырады. Жошы домбыраға қорғасын құйғызса, бұлар сол балқыманы қолқаға құюға бар. Хан оны қаламаса да. Олай ет демесе де. Ақиық Жұмекен:

Ескі арбаға шиқылдау да сый-бақыт,

Күн кешеді майлаттырып, сыйлатып.

Ал қырандар тозбас үшін арбаша,

Өзін-өзі тастайды екен қиратып!- депті «Қыран» атты өлеңінде. Біздің жоғарыда аттары аталғаны бар, аталмағаны бар небір талантты ақындарымыз қырандар сияқты қаза құшуда. Оған ішімдіктің, ұрыс-төбелестің, тас жол, көліктің қатысы шамалы. Олар бергі сеп, сол ақынды өлтіруге шейін алып келген қара күшті жасырып қалушы бергі сылтау, бүркеншек қана. Сен оның артына үңіл. Артында кім тұр? «Айна қойдым алдыма, көрейін деп өзімді. Екі құлақ тарс бітіп, шел басыпты көзімді» десе, оны атып, шыңырауға тастаған Шәкәрім сыны саған керек. Өзіңді көресің бе, өзгені көресің бе? Сен емес, өзге болса ол кім? Қазақ па,? Жоқ әлде түрі қазақ, іші кәззап қара күш пе? Кеспірі кімдікі? Саған ұқсайды ма? Ұқсаса қай жері? «Бал ғой мені сөккен тіл» дегін.

«Қазақтың жауы - қазақ» деулі бөскіштер. Атасының басы! Жалған. Қазақтың жауы - қазақ емес, жан-тәнімен қазақ бола алмай жылы-жұмсаққа таңылған қу нәпсі, зұлым қара күш, ... дирмен тартам деген әумесер.

Азат рухты ақынға, бүгінгі күннің бет-пердесін сыпырғаны үшін лажсыз шетел асқан жазушы Мағауиннің «жармақ» тірлігі де жат. Әнеу жылдары Араб елдеріне ұрлап әкеткен 200-дей сұңқарды тордан аз уақытқа шығаруы мұң екен, олар бірден Алатауына, Хантәңіріне бет түзепті. Сол сияқты қыранның қанаты қос болса да, санаты біртұтас. Ол «жармақ» болып екіге жарыла алмайды, өзіне-өзі салмақ болып, өзіне-өзі қармақ болып, қоғам өзекке тепсе «ішкіш қаңбақ» болып, өз елінде, өз жерінде қалады. Қанағат иесі қас қырандар туған жерінің көгінен аспайды. Асса да өз еліне шаң жуытпай аңсап өтеді. Және Қыран Алаштың көк байрағына қонып, өшпес рух болып жанып, желбіреп тұр емес пе?!. Тағыда Жұмекенге жүгінсек: «Қырсықтардан жаратылған бағы бар, Өмір сүре білсек біздер қыранша, Өлудің де бір есебі табылар...» деп зіл күрсініп қойып, қара нан, қара суымен, жазарын жазып, алаулап аса беру әр түкпірдегі бүгінгі қазақ ақындарының қалі. Бірақ Қадыр абыз айтпақшы «тірі жүргеніңді де көре алмайтын» уақытта қасқайып тұрып, қашанда Құдай Иеңнен өлім емес, өмір тілеген абзал. Өмір, тәуелсіздік дейтін асыл құндылықтар адалдардың арқасында жасаулы, ақындардың өлеңімен асқақтаулы. Зәулім үй тігіп, байлық жиғандар мансаптың ұшар басына шығып, қанатын қанша жайса да бәрібір қыран бола алмайды. Асылы, олар қырандарға іш тарлық етпей, қамқор құсбегі болса жарасқан. «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр деуі» қажеттік емес, парыз екенін ұғар түйсік бітсін.

Қыран тағдыры - қиын тағдыр. Жанып кеткен алдыңғы аңғал, қайсар қырандарының тағдыр-тауқыметі кейінгі тастүлектерге рух дарытса да, маңдайына тастай тағдыр боп жазылмағай. Қырандардың қазасы - қазақ ұлтының қазасы. Қаза сиреп, маза: мемлекетіміздің көсегесін көгерту, тілде, ділде, дінде нық болу болғай. Қырандарың көгіңде қалықтасын, Мәрт Жомарт, Қас Батыр Қазақ!

Мұнайдар БАЛМОЛДА

Орал қаласы

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3558