Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3590 0 пікір 2 Тамыз, 2012 сағат 09:18

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

IІІ

«Тарих тапсыру» науқаны тапқан қылмыстыларын сотқа-түрмеге тартып, оларға қарсы күресте көрінген белсенділерді партия қатарына тартып, өлке орталығынан аймақ-аудандарға, одан ауыл-қыстақтарға жайылып бара жатты, жайқап бара жатты. Менің тірі Нұрияшым да сол мектебінде тұрып-ақ, кері төңкерісшілер мен жуан жұдырықтарды жайқаушылардың бірі болыпты. Өзі білетін аудандарға «әшкерелеу», «анықтама», «мәлімет» жазып, өз жауларының тарихтарын дұрыс тапсыруына «көмектесуші» болып сыбанған екен. Тяншан қонақ үйінен мен қайтқаннан соңғы бесінші күні әрең келіп көрісті менімен.

1949-шы жылдың сентябрінен берге өзінің маған жұмбақ болып қалған тіршілік күйі менің оңаша жатағымда шертілді.

Тергеушім, несібеңізге не ілінер екен, енді соны тыңдап көріңіз!

*          *           *

IІІ

«Тарих тапсыру» науқаны тапқан қылмыстыларын сотқа-түрмеге тартып, оларға қарсы күресте көрінген белсенділерді партия қатарына тартып, өлке орталығынан аймақ-аудандарға, одан ауыл-қыстақтарға жайылып бара жатты, жайқап бара жатты. Менің тірі Нұрияшым да сол мектебінде тұрып-ақ, кері төңкерісшілер мен жуан жұдырықтарды жайқаушылардың бірі болыпты. Өзі білетін аудандарға «әшкерелеу», «анықтама», «мәлімет» жазып, өз жауларының тарихтарын дұрыс тапсыруына «көмектесуші» болып сыбанған екен. Тяншан қонақ үйінен мен қайтқаннан соңғы бесінші күні әрең келіп көрісті менімен.

1949-шы жылдың сентябрінен берге өзінің маған жұмбақ болып қалған тіршілік күйі менің оңаша жатағымда шертілді.

Тергеушім, несібеңізге не ілінер екен, енді соны тыңдап көріңіз!

*          *           *

Ауылының күзеулігіндегі өзі маған уәде еткен иен дөңгелек шиге Мақпал ымырт жабылысымен барып тығылып, көбінесе отаудағы ауыру жеңгесінің қасында болатындықтан, соған қоштасып қана шығып кеткенін ешкім сезбеген екен. Күзетшіден күндіз жіберіп орналастырған киім-кешегінің амандығын көріп, арқандаулы атын ерттепті. Ат құлағы көрінбейтін биік ши арасынан баспалап, иіскелеп жүріп табатын қасқырдан басқа қорқыныш жоқ сияқты. Ал, оны да алдымен аты сезіп белгі беретінін біледі. Көзіне мына электр көзін қадай қойсам, ол да қорқынышты емес деген оймен қолшырағын ыңғайлап отыра қалғаны сол-ақ екен, екі тұсынан тасырлатып оншақты салт атты шыға келіпті. Мақпалды атына міне қашуға үлгіртпей ұстаған екі жігіт, асау қол-аяқтары мен аузын мықтап байлап, бір жуанына өңгертіпті. Ала кеп жөнеліпті атты бөрі.

Тауға кірген соң артта қалған тосқауылшы тоғыздан бір қосар атты екеуі қуып жетіпті. Күбірлесіп қана Мақпалды аттан түсіріп, байлаудан босатыпты. Қап-қара жартас, қараңғы шатқал, қара орман, қара жүзді үш қарақшы... бәрі де бейтаныс. Мақпал өз тауының қай үңгірі екенін де айыра алмай тұрып қалған екен.

- Енді ибалы бол, келін! -депті өңгеріп әкелген қатты қолды бөтен дауыс. - Тағы да асаусысаң, лаж жоқ, қайта байлаймыз!

- Мен сіздерге өлсем де келін болмаймын, ағайлар, мендей қарындастарың да, қыздарың да бар шығар. Қаныма ортақ болмай қайтарып жіберіңіздер! -деп еңіреп жіберіпті Мақпал. - Менің өлімім іздеусіз қалмайды, өз тіршіліктеріңізге де кесір болатыным анық!

Қарақшылар Мақпалдың өз ертоқымы ерттелген бөтен атқа көтеріп мінгізіп жатып қайрыпты жауабын:

- Ақ қой сойып, ақ бата оқытқан, құдай қосқан өз орның, шырағым!... Басқа емеспіз. Әжең де, әке-шешең де разылықтарын беріп тапсырды бізге!... Өздері де келіп айтар, ақылыңа келесің, қазірше ренжіме! -дей жүріп, шырқыраған Мақпалдың аяқтарын ат бауырынан қосып байлап-та үлгерді. Ұзын арқанмен қолын денесіне шырмап байлап, арқан ұшын біреуіне ұстатты да, шылбырдан жетектей жөнелді. Екі асудан асып, жонға шықты да, күн шығысқа қарап зулатты. Үш сағаттай уақыт тоқтаусыз желе шоқырақпен жортып барып, теріскейге қарай еңкейіп еді, түсірер жері тұйық шатқалдың басы екен.

Бір топ ақ терек арасындағы тас үйден екі әйел шықты. Қатты байлаудан аяғы үйіп қалған Мақпалды аттан екеулеп сүйемелдеп түсірді. Екі қолтығынан екеуі әрең көтермелеп есікке апарды.

- «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң», оң аяғыңмен бисмилла деп кір, Мақыш! -деді бірі. Мұның бөле күйеудің жеңгесі екенін Мақпал дауысынан танып ширады.

- Мен келін боп түскенім жоқ, әпке, малша байлап әкелді. Егер қаныңыз болса бұған сіз де намыстануға тиістісіз! -деп серпіліп, тепсіне кірді үйге. Ауыз үй екен. Майшамның алакеуім сәулесімен бір бұрыштан қолын қусырып бөле күйеу көрінді. - Аманбысың бауырым? -деп Мақпал тура ұмтылғанда, ол ығысып барып, кішкентай есіктен түп үйге зып беріп еді. Мақпал қуа кіргенде, амандаса алмай, ауыз үйге қайта шыға жөнелді.

Екі жеңге Мақпалдың бұл өжеттігіне күліскен болып, соңынан қуа кірді. Түскиізді, шымылдықты жер төсектің алдына иығынан басып отырғызды «келінді». «Бөле күйеудің» өлексе жастығын білген Мақпалдың көкірегі сәл кеңігендей соза күрсінді. Бейтаныс «жеңге» жаппақ болған желекті қолынан жұлып алып, лақтырып жіберді де, кешірім сұрады өзі.

- Жеңешетай, бір-бірімізге өштік-қастығымыз жоқ, жаңа көрістік қой, көңіліңіз қалады, бұл жөнінде зорлай көрмеңіз мені!... Осы жолда келін бол деп құдай зорласа да көріп алмақпын. Жазаның ең жоғарысы өлім ғана шығар!    Бейтаныс жеңге, таныс жеңгеге ымдап қойып, ауыз үйге шығып кетті. «Сен ақыл айт!» дегені екен. «Әпке» болып алғаш сөгіс естіген жеңге енді ақыл айтпай, өз жөнін ғана айтты.

- Мақыш, мен тым алыста жүрсем де таниды екенсің, енді не айтайын, «барып жеңгелік міндет өте, қайтсең де көндір» деген бұйрықпен келдім. Қазір сендерді жатқызып тастап қана қайтпақпын. Мынау біздің жігіттің нағашы жеңгесі, Сауырдан келіпті. Мұнан соң сол қарайды саған. Ендігісін өзің біл. Бірақ енді құтылуың қиын. Құдайға тапсырудан басқа менің қолымнан келер жоқ! -деп өксіп қалды әпкесі. - Әйтеуір, ақылды екеніңді еститінмін. Өлім дегенге барма, қандай ахуал болса да тірлік керек, сіңілім!

Ауыз үйден жуан қарақшының біреуді жазғырған түрпідей үні шығып, сөзі естілмей қалып еді. Іле-шала бөле күйеу күбірлеп жауап қайырды.

- «Бауырым» дейді, өзі үлкен екен менен, ұрып тастайды!

- Бойы ұзындау болғанымен, көрмеймісің өзің, жіп-жіңішке! -деп сыбырлай кіжінді қарақшы. - Ал, сен одан жуансың, күшің толық жетеді, өз келіншегінен қорқа ма екен, ынжық!

- Оның қолы ұзын, буындырып кетеді!

- Қап мынаның! -деп тістенген қарақшының күйеуді сыртқа жетектей жөнелгені сезілді.

Сөздерін шиқылдап күле тыңдаған әпке «жеңге» Мақпалға қарай берді. Сәулелі шанақты көзі кең ашылып, безере қарады Мақпал да:

- Менің өз шешемді білесіз ғой, сәлем айтыңыз әпке, оған өкпем жоқ. Ана аюға билігі жүрмейтінін білемін. Өзі менен басқа бір жақсы баласы барын сезетін. Сонысын бауырына тартсын!... Мен қашан да бір табамын!...

Осыны сыбырлап айта отырып егілген Мақпалмен бірге жылаған әпкесі, жат жеңге кіргенде шорт тиылды. Дастарқан ала кірген жеңге шәугім әкелуге қайта шыққанда, әпкесі сыбырлады:

- Мұнан соң мыналарға жуас болып көріне тұрғаның пайдалы шығар! Ал, қайным өте аңқау-ақымақтау бала. Биыл 14 те ғана  ғой. 15 те деп өтірік айтып жүр. Жасырын қорқытсаң да, алдасаң да айтқаныңа көндіре алатын сияқтысың!...

Екі жеңге зорлап отырып тамақтандырды Мақпалды. Бейтаныс қарасы төсек салуға кіріскенде, әпке аталғаны Мақпалды түзге ертіп шығып еді. Қайта алып кіргенде күйеусымақты төсек іргесіне жатқызып, шымылдықты түсіріп қойған екен. Мақпалдың сырт киімі мен етігін тартып, зорлап шешіндіріп, шымылдыққа «ақыл» айта итермелеп кіргізген екі жеңге шырақты үрлеп өшіре сала шығып кетті. Кішкене ғана түп үйдің есігі сыртынан құлыпталғанын естіді Мақпал. Ақырын басып барып, ішкі ілгегін ілді де, астына бір көрпе жая салып, төрге жатты.

«Күйеудің» шымылдық сыртына домалап шыққанын Мақпал сезбей қалыпты. Тағы бір аунап жетіп, жамылшы сыртынан құшақтай алғанда, Мақпал селк ете түсті де, шәп беріп алқымынан ала түсті. Бөлесінің өзі хауіптенгеніндей кеңірдегінен тірей қысып, шиық-шиық еткізді.

- Үніңді шығарма! -деп сыбырлады сонан соң. - Мен әпекеңмін. Әкең мен менің «шешем» бір анадан туған! Оны білемісің?

- Білмеймін. Әйтеуір сені менің келіншегім деген соң... осылай құшақта деген, тәтетай... құшақтамасам олар ұрсады!

- Менің тілімді алсаң оларға ұрысқызбаймын. Тілімді алмасаң осылай буындырып өлтіріп тастаймын. Тілімді аламысың, алмаймысың?

- Алайын, тәтетай, алайын, қоя бер!

Мақпал алқымынан қолын босата бергенде, бөлесі шымылдығына қайта домалай жөнелді. Қайта бассалып ұстады Мақпал:

- Менің сөзімді ұғып алып қайт!... Сенің Қади деген әпекең бар емес пе?

- Бар еді, күйеуге беріп жібердік.

- Мен сол әпекеңмен құрдаспын. Қадиды келіншегім деп ойнаудан ұялмаймысың!

- Жоқ, жоқ, болмайды олай десем, ол мені қуып жүріп сабап, таспен ұрып, өлтіріп тастай жаздаған!

- Маған қылжақтасаң, таспен ұрмай-ақ мына қолыммен үніңді шығармай, түнде буындырып өлтіріп тастаймын, өлгеніңді ешкім білмей қалады, ұқтың ба?

- Ұқтым, ұқтым!

- Мұнан соң екеуіміз ыңғай бір үйде тұрамыз. Бірақ түнде менің қасыма келмейсің! Сенің қасыңа мен бармаймын. Ал, күндіз, мен не айтсам соны істейсің! Сонда екеуіміз тату боламыз. Ағаларың ұрыспайтын болады. Ұқтың ба?

- Ұқтым, ұқтым!

- Мен сенің дәл Қадидай әпекеңмін. Саған келіншекті өзіңдей ғана кішкенесінен, өте сүйкімдісінен тауып беремін! Оны алғанша ешкімге айтпайсың, ұқтың ба!... Айтып қойсаң, соның кешінде буындырамын, ұқтың ба?

Мақпал бөлесінің осылай алқымына да, ақылына да мықтап қондырып қайтарып, тып-тыныш ұйықтатты. Таңертең жеңгесі есік қаққанда төрдегі көрпе-жастығын шымылдық ішіне тастай салды Мақпал. «Күйеу» қасынан, шымылдық ішінен шыққандай көйлекшең барып, ілгек ағытты. Бейтаныс жеңге елеген-құман, орамал, сабын кіргізіп, қатпарлы кексе көзінің астымен ғана күлімсірей қарап қойып шықты. Мақпал шымылдық сыртына отыра қалып, қайта киінді де бөлесін оятты. Бейтаныс қара жеңгенің кімнің әйелі екенін сұрады.

- Ортаншы нағашымның қатыны! -деп даңғырлады бөлесі. - Түнде сенің атыңды жетектеп келді ғой, ортаншы нағашым сол!

Бейтаныс жеңге, алғашқы өңгеріп ала қашқан қатыгез жуан қараның әйелі екенін Мақпал енді ұқты.

- Тұр, киін! -деп бұйырды бөлеге.

- Мақұл, тәтетай!

- Ақырын сөйле! «Тәте» демей, «Мақыш» деп ата мені, ұқтың ба?

- Ұқтым, ұқтым!

- Мақпал бөлесінің қолына су құйып беріп тұрғанда, жеңгесі есікті ашып қалып, ұялмасын дегендей тез жаба қойды. Мақпал құманды сонан соң бөлесіне ұстатып, беті-қолын өзі жуғанда есік тағы бір ашылып жабылды. Нағашы аға-жеңгесінің «күйеу» мен «келіннің» отасу-отаса алмау жағдайын бақылап жүргенін байқаған Мақпал таңертеңгілік шайды түйіле отырып ішті. Байланып келіп тым тез келіскендей көрінудің өзі де күмән тудыратындығын ескерген еді бұл.

«Дүзге» шығарғаннан басқа уақыттың бәрінде де есік сырттан құлыптала берді. Бөлесіне осылай зорлап теліп, зарықтыру арқылы үйреністіріп қоспақ екендігін түсінді Мақпал.

«Телініп болдым-көндім, келін болдым» дегендей жалған ишараны күнсайын ашығырақ байқатып сендіруге тырысты. Сендіру арқылы сыртқа шығып, жүріп тұруды оңайластырса, зыта жөнелу де оңайласпай ма. Күлімсірейтін де болды Мақпал. Бірақ нағашы аға-жеңге онысына алданбай, қамай берді. Нақұрыстанып өскен жиені үш күн ішінде-ақ, күздің қурайындай сарғайып болды. Іші пысқандықтан "шығамын-шығамын" деп есік тепкілеп бақырды. «Сен шықсаң Мақыштың іші пысады, шықпайсың отыр! Қарта, дойбы ойнаңдар!» деп сырттан нағашы жеңгесі зекіді.

- Сыртқа шығайық! -деп сен айтшы Мақыш, сен сұрасаң шығарады! -деп бір күні таңертең Мақпалдан да өтінді бөлесі.

- Мен айтсам «ұят» болады! -деп сыбырлады Мақпал оған. «Мақыш екеуіміз жақсы болдық қой, енді не өштерің бар бізде! Екеуіміз бірге шығамыз, қарап тұрыңдар өздерің, тоғай аралап сергіп келейік» деп айт!

Мақпал осы сөзді бөлесіне түске шейін жаттатып, әрең сөйлетті. Есік ашып үнсіз күлімсіреп қана тыңдаған жеңгесі Мақпалға сынай қарап кіріп, желек салып еді, «келін» бұл жолы қарсылық көрсетпей жамыла салды. Қос тұтқынды соның ертеңіне алтыншы күні таңертең нағашысы шығарды сыртқа. «Осы үй маңында ғана ойнаңдар, бұл тау қазір иен, қасқыр ашыққан уақыт. Аю да көп, жеп кетеді!» деп қорқытып шығарды. Мақпал желекпен үнсіз ғана мойындағандай ілесті бөлесіне. Сөйтсе де, онысын нағашы күбірлі зілді бұйрықпен басқарып, үй маңындағы тоғайды ғана аралатып қайтарды.

Екінші күнгі екінші сейілді де, үшінші сейілді де әккі аңдушыларын секемсіз сендіру үшін сондай ибамен өткізді Мақпал. Сол үш күн ішінде ерттеулі аттың күндіз бекітілетін жерін де, жонға шығатын жолын да біліп болып еді. Төртінші күні сейілдеуге бөлесін сол аттар бекітілген жаққа қиыстай беттетті де, бір қолын ұсына бұйырды.

- Мені сүйре!

- Неге?... Ұрмаймысың?

- Тілімді алсаң неге ұрады екенмін, жүгірт мені!

Бөлесі Мақпалды қайдағы бір топ қарақатқа қарай дедектете жөнеліп еді. Арттарынан баспалап қарап тұрған жуан қара айқай салды.

- Ой, қайда барасыңдар?

- Қарақат іздейміз дейді! -деп оған Мақпал дауыстады да -сүйрей бер! -деп бөлесіне бұйырды. Өзін «күйеу» тоқтата алмай зорланып бара жатқандай бейнемен сірікке тайғанап жығылғансып, тұра сала тағы «дедектеді».

Бақылаушыға көрінбейтін бір жыраға түсісімен «мықты күйеуді» домалата сала зытты өзі.

- Ал, қуала мені! -деп жыраны өрлей жөнелді. Борсаңдап тоқ «күйеу» қалды да, тастан тасқа орғып, жарау «келіншек» кетті. Құз жартас түбінен кеше көрінген ертоқымды екі ат бүгін жайдақ, екі жерде арқандаулы екен. «Жүйрігің осы болар» деген бір күреңіне жетіп барғанда арт жағынан айқайлаған жуанның зор дауысы шығып, барлық жартастарды жаңғырықтырды. Мақпал арқанның бір ұшымен күдір күреңді ноқталап жіберіп, шапанын тоқи сала ырғып мінді. Біреу ыршып кеп аш белінен жабыса түсті дәл осы кезде, ат үстінен жұлып кеп алды да, аяғын жерге дік еткізді.

Жартас үңгүрін паналап, ат бағып жатқан қызылкүрең бір қарақшы тағы бар екен. Ұйқыдан қанталаған қиық көзін Мақпалға қадай түсіп, атын қайта арқандады...

Үлкен қарақшының аласұра жетсе де аяй ұрған бір шапалағымен Мақпалдың қылмысы, екі шапалақпен «күйеудің» қылмысы кешірілгендей, жым-жырт қосақталып, қайта қамалып еді. Содан тағы екі күн өтіп, үшінші күн жеткенде сыртқа «күйеу» ғана шықты. Шыққанда да мықтап шығып, Мақпалға түскі шайдан басқа уақытта көрінбей, кешкі жатын орында ғана кездесті. Бұрынғыдай емес, кесірлей кездесті. Ұйқы бермей жалына берді Мақпалға: «жалғыз жатсақ қорқамыз ғой, бірге жатайықшы... тиіспеймін ғой!» деп жалынады. Жалынған баланы жазалау қиын екен. Қылқындырмай, шымылдық ішіне бірнеше рет желкесінен қысып қана сүйреп кіргізіп тастады. Онысына қоя қоймаған соң кеңірдек жағына үлкен ескерту айтқандай бір рет қана шиқылдатып қайтарып еді. Таңға жақын өзінің сілесі қатып, қатты ұйықтап кетіпті. Жамбасына қонған мысықтан ауыр, қозыдан жеңіл бірдемені сезіп ояна кетсе, бөлесінің бір саны екен. Арқасына жабысып, үшкір тұмсығын етке сіңіріп алған түйекенедей қадалып қатып қалыпты. Шынтақпен бүйірлеп, қабырғасына түйгілеп жіберіп, әрең ажыратты Мақпал. Мұндай  өнерлінің кеудесін мықтап басып қоймаса, қатерлі болатынын білді. Көкірегіне қона сала екі қолын тізесімен басып алып, ал, шапалақтамаймысың. Кеңірдегін «ойбай» мен «аттанға» жібермей қысып, шиқылын ғана шығарды. Ішінен ілгінген есікті жұлқылап, аша алмаған жуаннан ғана жуан үн шықты енді.

- Қылқындырма!.. Ей келін, босат қолыңды, өлтірмекпісің!

- Ие, өлтіремін де, өлемін де! -деп Мақпал шақ ете түсті. - Ақымақ жиеніңді бұлай құтыртуыңды қоймасаң, біздің соңымыздан өзің де өлесің!

- Күйеуін ұра ма екен, Құдайдан безген!

- Құдайдан безген өздерің, бауырын әпекесіне қосақтай ма екен!

- Босат қолыңды, қоя бер!

- Мақұл, болсын, таңертең сен де қоя бер мені!... тірі тұрғанымда өз еркімнен тыс ешкімді де басындыра алмаймын! Мына ісіңнің аса қатерлі екенін ойла да, қайтар!

Жуан үн осымен тоқтады.

Өндіршектеуден бөлесі де тоқтағандай, ертеңіне кешті тыныш ұйқымен өткізіп еді. Енді шариғатшыл қатындарды әкеліп, өндіршектетпек екен. Үшінші күні түсте бір топ қатын сау ете түсті. Мақпалға бейтаныс екі кемпір бүбі «еркек киесі» туралы екі сағат хикая айтты да, емшек сүті араласпаған немерелерді қосатын шариғат туралы бір сағат сапылдады. Ал, Мақпалдың жауабына жарты минут та тиімді.

- Апайлар, бұл шариғаттарыңыз татар-өзбек байларының ғана шариғаты, бұған Омарбек пен менің соқыр әжемнен басқа қазақ мүриті табылмайды! -дегенше аузын баса қойды жеңгелері.

- Тәйт ары! -деп екі бүбі қатар зекіді де, үлкен қайнатасының атын «батпитып», «мүрит» дегендігі үшін екі-үшеуі жабылып шымшылап, додаға сала жаздады.

Молланы шақырып кіріп, ауыз үйге жүгінтіп те қойған екен. Төр үй есігін аштырып тастап, дереу неке оқытты. «Разымысың» деп сұраған моллаға күйеу атынан «разымын» деп орта жасты бір еркек жауап берді де, Мақпал атынан бір жас әйел жауап бере салды.

- Разы болсаңдар өздерің-ақ некеленіңдер! -дегенге ғана жетті Мақпалдың мұрсасы. Қасында отырған бір жеңге аузын баса қойды.

«Күйеу» атынан разылық айтушы еркек, «келін» атынан разылық айтушы әйелдің қайнағасы екен. Бұл күнәсі үшін Мақпалды өкіл әйел бассалып, аузын шымши берді. Тіпті тырнақтап та жіберіпті. Аппақ бет қып-қызыл қан болып көрінгенде, ол дауперімді тағы бір дауперім әйел бассалды. Тырнаушының беті де Мақпалдың бетіндей боялғанда ғана арашаланды...

Тату сампылдаса келген әйелдер өзара қату сампылдасып, күн еңкейе асты асудан. Іңірдегі дастарқанда жастау екеуі ғана қалғаны көрінді. Бұрынғы қара жеңгемен үшеу болып, Мақпалды «күйеу» көрпесіне кіргізді де шымылдық түсірді. Сыртынан сақшыдай күзетіп үшеуі қатар жатты. Шырақ өшті.

- Бауырым, тыныш жатпасаң жазаңды қолма-қол беремін! -деп сыбырлады Мақпал бөлесіне. «Күйеу» алдыңғы күні ғана көрген жазаны қайта көрмеуге ант еткендей іргеге қарап тоңқайды да, қозғалмай қорылдап қана таң атырды.

Жеңгелерінің ерте түрегеліп, ауыз үйдің тым ерте қозғалғаны Мақпалды елеңдетіп еді. Өзін түзге шығарғанда қомдалған екі түйенің есік алдына шөгерілгеннен сезді - «отауды» көшірмек екен. Асығыс жасалған шайдан соң оқалы камзол, үкілі желек, шытыралы камар, әшекей айшықты кебіс-мәсі әкелген әлгі үш жендет үш жағынан жалаңдап, басқаша порыммен киіндіре бастағанда бір-ақ түсінді, өзін басқа жаққа әкетпек екен.

Сырттан жуанның күбірін естіп келген біреуі үкілі желекті тымаққа ауыстырып, оқалы камзол үстінен олпы-солпы еркек шапанын кигізді де, Мақпалды сыртқа шығарды. Мырзалау ғана ер-тұрманды шардақ көк бие көлденең тартыла қалған екен. Аяғын тағы да ат бауырына таңдырмау үшін Мақпалдың өзі, еркімен мінді. Тізгіні өзіне тигенімен шылбыры тағы да жуан қарақшы қолында. Көз жасын үнсіз парлата жөнелді. Жетектеуші де айдаушы да, айқара басқан сұры тұман да жым-жырт, түксие түсті...

Біріне-бірі жалғасқан қожыр-қожыр бөктерлер, қиқы-шойқы, кедір-бұдыр керітастар арасында үзік-үзік соқпақтар. Үш күн басқан жолын үш жыл кезсе де қайта таба алмайтындай, басын айландырды Мақпалдың. Үшінші қоналқыға жеткен түкпірі - ендігі қамалатын абақтысы - иен қыстау екен. Бұған айсыз қараңғы түнде жетіп түскендіктен қай жақтан келгенін де білмей қалды. Жалғаса қаланған бірнеше есікті аласа тас үйлерден Мақпалға ортадағы кішкентай есік ашылды. Аяқ ауызындай ғана жалғыз көзді терезесі бар аядай бөлменің бір жақ жарымын ағаш креует алыпты. Бөлесін мұнан кейінгі кеңірдектейтін үйшігі осы екен. Сауыр адырларының біріндегі нағашы қыстауына осылай келіп қамалыпты.

Содан үш-төрт күн өткенде екі жағындағы қабырғалас үйлерге күзеуліктегі үлкен ауылдан екі отау көшіп келіп түсті. Бірі «ортаншы» делінген жуан қарақшының өз үйі де, бірі бөле күйеудің айтуынша кенже нағашысының үйі екен. Маймаңдаған семіз кемпірді екі келіні тар есіктен нығарлай кіргізіп, төсек алдында жалаңбас отырған Мақпалды көрсетті. «Шашу» шашты. Келін сиқында иба, илігу-имену дегендерден ештеңе сезілмеген соң, есікке дереу қайта бұрылып кептелді кемпір. Бұйрықты сырттан түсірді. Желек салу, жас жиенге жел беру, жасындырмау - басындырмау... тағы басқа не бұйрықтар бары белгісіз, әйтеуір Мақпалдың алғаш көрген тұйығындағы науқандар қайта жүргізілді. Бірақ, қос жеңге сыртынан құлыптаудан басқа міндетке сыпайылық сақтап, сыбанып кіріспегендіктен, бұл жолы да ештеңе өндіре алмай, Мақпалды желекке де көндіре алмай қойды.

Жеңгелікке әйелінен көрі Әбеу атты кенже нағашысының өзі спорлау екен. Мақпал ілген ішкі ілгекті сыртынан бұтамен ағытып кіріп, бір-екі түнде Әбеу жыландай ысқырды. Мақпалмен арбасып қатты айтысты. «Келіні кем түспей қойғандықтан, «дарынды» жендеттігін әшкерелемесін бе. Креуетта тоңқайып жатқан жиенін көтеріп әкеліп, жер төсектегі Мақпалдың үстіне екпеттете басты. Әрине, жүрекшайлы күйеудің өзі шырқырады мұнысынан.

- Әкетіңдер мына арсыздарыңды! -деп сыртқа Мақпал айқайлады. - Неткен тексіздік бұл! - Қабырғалас үйдегі кемпірдің құлағын кебісше кие жөнелгендей болды бұл сөз, ол үйден ол аю ақырғанда, есік алдында тыңдап тұрған ортаншы жуан жолбарыс күркіеді.

- Әбеу, қайт! Шық бері!

Дәл осы шақта Әбеудің босай қалған алақанының астынан мысықтай ыршып жиені шықты. Алды-артына қарамай қашып, нағашы шешесінің қойнына тығылды барып. Мақпалдың әлгі сөзінен сырттағы жуан шімірігіп, өз үйіне кіріп кеткен болатын. Бөлесін серпіп тастап, көрпесін қымтана қойған аппақ Мақпалға енді Әбеудің өзі төнді. Мұны үлкен деп сыйлаудың тіпті де қажет жоқ екендігін енді түсінді «келін». Дәл тұмсықтан теуіп кеп жіберді.

- Жеңеше, жеңеше! Балкүміс, құтқар мына тексізіңнен! -деп бар дауысымен айқайлады сонан соң.

Есікті шарқ еткізіп теуіп, шаңқылдай кірді жас әйел. Қайнағасы үйіне кіріп кетісімен есікке жетіп, тыңдап тұр екен. Дәу танауын қолымен басып тұрып қалған Әбеу, жармаса түскен әйелін шынтағымен қағып жіберді. Ішкі-сыртқы ащы тілдер астында аузы мен мұрнынан мыңқылдай сөйледі Мақпалға:

- Ңайтып ыңқояйың, ңосы кегің ңүшіүн ңөзім ңкүң тоқал ңетемін сені! Бадешке іңконбей ңкөрші ңқане!

Әйеліне жеңгесі келіп қосылып, ала жөнелді Әбеуді.

- Неғып жүрсің ей? -деді ағасы Әбеуге сыртта күбірлей кіжініп, сүйрей жөнелді оңашаға. - Осындай да масқаралық бар ма?

- Іңне деміп тілдегенін ңестімедің ме!

- Тексіз деді, бұдан да өткен тексіздік өтуші ме еді! -деп ағасы шарт еткізді шапалақпен. - Сенен басқа қай қазақ өңмеңдепті келініне!

- Ңеш қайсыңмызды ңадам құрлы ңкөрмей асқаңқтауына ңқалай шыдайсың! -деп бажалақ қақты Әбеу. - Еркектік намысымыз қайда!... Еңгер ңөз күйеуін меңсіңбесе, менің қалай қорлап ңайелденетінімді іңкөресің!

- Жап аузыңды! -деп ағасы гүж ете түсті. Шарт-шұрт, оңды-солды шапалақтан шегінген Әбеуде қатуланды енді.

- Ой, Әбдібай, ағалығыңды сыйлаудың шегі бар. Тап қысқарт енді!

- Қысқартпасам қайтпек едің! -деп інісін ағасы бассалғанда, сыртқа шыққан семіз кемпірдің дауысы естілді.

- Өй, әдірақалғырлар, не жетпеді сендерге! -дегенде-ақ тыныштала қалды екі дәу. - Осы мінездеріңді біліп-ақ келіппін-ау! Әбдібай, сен естілеу едің ғой, қарғам, қайта ғой үйіңе, анау бетсіз сұрының жазасын өзім-ақ берермін!... Бадеш! -деп шақырды сонсоң жиен баласын. - Сен де бара ғой отауыңа! Мақыш бір ашуын берер маған!

Бәдешті кіші жеңгесі «отауына» жетектеп әкеліп кіргізгенде, Мақпал шырақ жағып алып, есік ілгегін таспен ұрып жөндеп жатыр еді.

- Қорқып қалдың-ау, Мақыш! -деп күрсіне күбірледі кіші жеңге. - Мен бармын ғой, қайтер дейсің!... Сөйтсе де, сақтанғаның жақсы, қызыл көрген соң мұндайлар тіміскілер-ақ әлі! - Көйлек-штаншаң жалаңаяқ күйеусымақты креуетіне шығарып жатқызған Балкүміс үйіне қайта барып, тістеуік әкелді.

Мақпалдың есік ілгегін жақсылап иіп берді.

- Екі күшіктеген соң амалсыз байланып қалғаным болмаса... мен де көріп жүрмін-ау бұдан! -деп сыбырлады да, көз жасын сығып-сығып алды «жеңгесі». - Мінезі осы!

- Мені де сізше солай байлау үшін әкелгені ғой!

Мақпал осы күбірмен қыстыға еңірегенде маңдайынан сүйіп алған оймақ ауызды қып-қызыл Балкүміс, тілеулестігін айта шықты есіктен:

-... Сабыр ет шырағым, шама шарқым жеткенше көмегіңде болармын!

Алқам-салқам көп үйлі иен қыстауда жеті кейіпкерлі комедия осымен аяқтағандай түнекті түн тыныштығы орнай қалып еді. Ноябр соңына таман ауыл түгел көшіп келді. «Зорлайтын жеңге жендеттер енді көбейді-ау!» деген хаупі күшейе түсті Мақпалдың.

Сауыр жотасынан етек жайған қар бұл қыстауға да бір жауып салған күні тұтқын «келін» мен «күйеуі» тосыннан тағы да киіндірілді. Мақпал жеңгелерінің желек салуына қарсы шығып тұрғанында, есік сыртынан жуан ақсақалдың даңғырлаған кеңшілік үні естілді:

- Мейлі, желек салынбай-ақ қойсын, тымақпен-ақ барып қайтсын! -деді ол. Үйренген тымағын кептеп кие сала шыққан Мақпалға қою бурыл сақалды шал бағдарлай қарады да, сырт айланып жүре берді. Кішкене күйеудің таудай көретін нағашы атасы осы еді. «Жаңа келіннің» именсіз бадырая қараған шаралы көзіне түртіп қалғысы келгендей түйліге қарап бұрылды. Саптама етік, желбегей жамылған мол барқыт шапан, түлкі тымағымен сыртынан көрінгенде палуан денелі кісі екен бұл да. «Қайната деп танымасам да қайымсыз әдет көрсетсем нем кетер еді!» деген оймен төмен қарап тұрған Мақпалға тағы да сол көк шардақ, енді күміс ертоқыммен көлденеңдеді. Мақпал тағы да өз еркімен мініп еді. Сәнді киінген қоңқа танау сұры Әбеу қамшысын сүйрете шығып, дередегі атына ұмтылғанда жүрегі зыр ете түсті қыздың.

- Ей, сен қал! -деп Әбеуге зекіді ақсақал. - Ой, Әбдібай қайдасаң, бар, мына балаларды сен бастап апар! Бол, жүріңдер тез!

Бұйрық табанда орындалып, бала күйеу, Балкүміс, Мақпал үшеуін ортаншы жуан бастай жөнелді. Ақсақалдың батпақшылықта уақытсыз қыдыртып жіберген жері Сайырдағы Көнбай атты інісінің ауылы екен. Мақпал онда барып бүйімтайсыз-жұмыссыз бір апта қамалған себебін түсінбей, аса құсаланып қайтып еді. Артынан естісе, олар Сайырға аттанған күннің ертеңіне ауылға ұстазы Дүйсен келіпті. Оның Мақпалды іздеп шыққанынан алдын ала хабарланған «ұзын құлақ» сұмдар Мақпалды тасалауға қыдыртқан екен. Дүйсеннің келіп айтып кеткен сәлемін Гүлсана Мақпалға содан бір апта өткенде «түзге» шыққан уақытында әрең жолығып жеткізіпті. Биғанға дерегім жететін болды деп қуанған Мақпал содан бастап, Гүлсанаға кезіккен жерде мені суреттеп таныстыра берген екен.

Әбеу құтыртқан «кенесі» Мақпалға сол қыста екі рет қана жабысып, екі рет қана мытылып, шиқылдапты. Терезе сыртынан соны естіп, нағашыларының ақырғаны болмаса, бұл қыстан қысым көрмей шығыпты Мақпал. Балкүміс арқылы Жеменей сотына екі рет, Алтайдағы аймақтық сотқа бір рет арыз жолдап та үлгеріпті.

Қар кете келеді деп мені күткен Мақпал арыздарына жауап күтіп, ұйқысы қашып жүргенінде сұмдықтың үлкені көрініпті бір күні: Көктеуге  ауыл көшесімен «жаңа отауын» Көнбай ауылына көшіре жөнеліпті. Өзінің сыралғы бөлесімен ғана емес, сұры тажалдай Әбеудің үйімен бірге көшіріпті.

Мақпал үшін ең қатерлі жаз басталды сөйтіп. Іргелес берік, ілгегі мықты там үй емес, айбарлы ері, иә, асалы қарты, салмағы-сақтығы бар үлкенірек те киіз үй емес, желге жеңсік, есерге ебелек көрінетін титтей отаусымақтағы күшіктей ғана күйеусымағын менсінбейтін сұлуға сұқ көз, сумаң қолдар көбейе бастады. Түнде іргені, иә, жабықты көтеріп кіріп, кезек-кезек сумаңдады. Жай ақылға көніп, кет дегенге кеми қоймайтын сұғанақ иттер де бар екен. Ондайларды өзі оқтаулап, бөлесін аттандатып әрең кетіретін болды Мақпал. Сол сумақылардың ең сотанақысы Әбеудің өзі болып еді. Оны артынан қуа жеткен Балкүмістің көсеуі, алдынан Мақпалдың оқтауы әрең қаймықтырып, зорға қайтарып жүрді. Ақыры Әбеу мен Балкүміс үш тәулік толассыз соғысып, айрылысу үшін Көнбайға жүгінді. Көнбай Әбдібайды шақырып, екеулеп соққылады да, ауыл молласының алдында ант шкізіп әрең тиды Әбеуді.

Басқа бейтаныс сұғанақтар торықты ма, зорықты ма, бұл сұлуды көндіруден әйелдікке айғырды көндіру оңайырақ екендігін түсінді ме, әйтеуір толастай қалды. Түнімен соғысып, таң ата талығып жығылатын Мақпал тыныштық таба қалып еді сөйтіп. Бірақ бұл тыныштық та баянды болмады. Шілденің ақырына таман біртүрлі мазасыздық тағы жетті Мақпалға. Бөлесі екеуін Көнбайдың бір ұлы айдап, бір ұлы жетектеп, уақытсыз қыдыртып әкете берді. «Биған мұнда да келіп тінтіп жүр екен-ау!» деп айқын сезсе де, үнсіз егілуден басқа лаж таба алмай, айдала берді Мақпал. Орман күзетшісінің жалғыз тамына да, қыстаулық, күзеулік жайылым күзетшілерінің лашықтарына да қамалып, он шақты күн серуендеп қайтарылды. «Биған мені таба алмай қайтты-ау!» деп онан сайын егілді. Тым болмаса менің сәлемімді Гүлсанадан естісе игі еді!

Көнбай ауылындағы күндер осындай сергелдеңмен өтіп жатқанмен, сергітетін үміткерлік істер де естілді. Балкүмістен өтініп, оның ең пысық деген бауырын шақыртты күзге таман. Алтай жерлік парткомға барлық ахуалын  баяндап, құтқаруды өтінген арыз дайындады. Өзінің күзде, қыста, жазда табылатын адрестерін түгел айқындап, толық ескерту жазды. Шақырылған уақытынан біраз кешігіп, сентябр жарымдағанда жеткен бауырына Балкүміс арызды жерлік парткомға өз қолымен жеткізуді мықтап тапсырып аттандырды.

Сол балдызынан секем алған Әбеу, «Мақпалды игеру» қимылына қайта кірісті енді. Әйелін ұрып таяққа жығып тастаған бір күні бұрынғысынан өсіп, ержетіп қалған Бәдешті Мақпалдың көзінше ашық қайрады. «Жігітке өз келіншегінің қасына жата алмаудан өлген жақсы», «ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді», «соншалық намыссыз неткен ынжық едің! Күшің былтыр жетпеген болса, енді биыл толық жететін зіңгіттей жігіт болғаныңды білмеймісің! Мына сұлуды егер сен ала алмасаң, «ерден кетсе де елден кетпейді», мен аламын, ұғып қой!... Егер саған бәйбіше болғысы келмесе, маған тоқал болады. Басқа барар жері жоқ. Осыны екеуің де ойланып көріңдер!» -деді.

Мақпал да егеспен жауабын қатты қайырып, тірі тұрғанда берілмейтіндігіне серт айтып шығарды. Әбеу іңірде жиенін сыртқа шығарып алып, тағы да күбірлеп кіргізді. Ел ұйқыға жатысымен алысты бөлелер. Жанталас шайқас отауды шақырлатты. Мақпал бұл жолы астыға қаплыс түсіп қалып әрең аударды да, әрең шиқылдатты. Жан ашуымен қатты қылқындырып еді. Аз уақыт өтпей өзі шыр ете түсті. Бір күшті қол арқасынан сап ете түсті де бассалды. Ол бассалған мықтының Әбеу екендігі, іле-шала өзінің шалқадан түсіп аттан салуынан танылды. Оны аңдып тұрған тағы біреу бассалып, тепкілей жөнелген екен. Үшінші рет аттандауға мағдыры жетпей қырылдай қалды Әбеу. Соққыға жыққан екі малшы мырзаны есіктен сүйреп шығарғанда, ауыл адамдары шулы отауға қарай «домалап» келеді екен. Көйлек-штан үстінен қаптал шапанын желбегей жамыла мамырлап келе жатқан Көнбайдың алдына Әбеуді тастай ақырды малшының бірі.

- Не қылық бұл!... Келінін інісі үшін қайнағасы зорлау қайдан шыққан!...

- Қандай хайуанның ісі бұл! -деп малшының тағы бірі ұмтылды.

- Қарақтарым, Қазікен, Бәзікен сабыр етіңдер! -деп қалтыраған Көнбай, Әбеуден ант алған молланың үйіне қарай айқай салды. - Ой, моллеке, Жантас бері кел, бері кел! Мына ант атқырдың азғындығын көр!

Үйінен шығып молла айқайлады:

- Өй, байеке, анау келін-кепшіктің, балалардың алдында не дейміз, өздерің бері келіңдер!... Қазікен, «ашу алдында, ақыл соңында» мұнда келіп сөйлеселік!

Қазікен, Бәзікендер қылмыстыны сүйреп, іркілдеген Көнбай, Кенбайлар өздерін-өздері сүйрегендей ыңқылдай дедектеді моллаға.

Таяққа күндіз жығылған Балкүміс Мақпалдың үнін естісімен сенделектей түрегеліп, сыртқа шыққан болатын. Күйеуі «кіші отаудан» сүйреліп шыққанда ол кіріп, Мақпалдан көңіл сұрады.

- Бүгінше бармын жеңеше! -деп үн сала еңіреп жіберді Мақпал. Қараңғы үйде екеуі қосыла еңіресіп, сөзге мұрсалары келмей отырғанда сырттағы көпшілік молланың үй жағына кетіп еді. Екі жақ сөз бастасымен молла екі кемпірді Мақпалдан қылмыс анықтауға жіберіпті...

- Қайнағаңның еті дарыды ма, дарымады ма, қалқам? -деп біреуі күбірлеп қана сұрады Мақпалдан. - Ұлы істе ұят жоқ, бізге шынын ғана айтсаң болғаны! Өзіңде айып жоқ екенін бәріміз де білеміз!

Үлкен аналардан шыққан осы сөздің ұятынан жерге кіріп кете жаздаған Мақпал, тұқырып, түйіле түсіп, қалай сөйлегенін де сезбей қалды:

- Дарығаны несі, тірі тұрғанымда мұндай жабайылыққа жол бере қоямын ба? Бірақ, жабайы болғанда да... тіпті төбеттей ұятсыз... соған намыстанамын!

- Е, болды онда, ештеме етпес, түзелер бар жағдайың!

- «Жас өсіп, жарлы байымай ма» -деп екінші кемпір ғана зіл сездірді сөзінен. - Әлі-ақ бақытты боларсыңдар!

Екі кемпір шыға жөнелді осы жауаппен. Біраздан соң бөлесі әлдекімнің итермелеуімен қайтып кіріп, өз төсегіне сұлай кетті де, Балкүмісті Мақпал сүйемелдеп, өз үйіне кіргізіп қайтты. Есікті босағадан шандып байлап, өз орнына қисайды. Қайтадан жым-жырт бола қалды ауыл. Таң атқанда тіпті жым-жырт, түндегі оқиға сондағы қараңғылыққа сіңіп, сол түнмен бірге жым-жылас жоғалғандай.

Сол жым-жырттан жым-жырт, сұрлана-сұрлана күз ақырласты. Алғашқы қар жауды. Әбеу төсек тартып жата берген сайын сұрланған ауыл, тіпті жым-жырт. Заман жаңарғанын Қазкен, Бәзкендердің жауапқа тартылмағанынан біліп Мақпал жатты. Бұл ауыл қыстауына көшерде үлкен ауылдан көлік келіп, екі отауын көшіріп әкетті. Ердің қасына төрт жастық қойып өбектеп әрең жеткен Әбеуді көргенде әке-шеше, туыс-туғандары тіпті сұрланды. Жым-жырт, күн бұлай өте берсе, мына жендеттер өзін жемтікке айналдырмай қоймайтынын түсініп, Мақпал да сұрланды. «Басқасын былай қойғанда мына жаман Бәдештің бес жас үлкен өзімен жағаласатын болғанын көрмеймісің! Еркек емес пе, күші ертең-ақ асып, емін-еркін зорлайтын болатындығында күмән бар ма!... Балкүміс айтқандай «күшіктесе» күні не болмақ!... Осы қатерден тітірей беретін болды Мақпал. Мұндай зорлықпен лажысыз көндіру бар екен, әрине күшік өндіруде бар ғой. Онан соң тірлік не болмақ!...» Күшікті қыңсылатып тастап, сүйген жарға қалай тірі көрінерсің! ... Шипасыз қасіреттің емі тек өлу, өлу ғана болмақ!... Зорлыққа төтеп бере алмай жеңілген күні-ақ жерге кіруім жөн!» -осыны ойлап тітіреді Мақпал. Бесік күйеудің беті қалыңдап, күшейіп келе жатқанын көрген сайын тітіреді.

Мақпалдың осылай қысылып жүрген шағында Гүлсана, айтар сыры барын сездіре жалтақтап, әудем жерден қарағыштай жүрді. Әбеу соққыға жығылып келгеннен бері тіпті аларған көздер, оған Мақпалды «дүзге» барған шағында да жақын келтірмей қойған. Гүлсананың бір хабарды жеткізе алмай тықыршып жүрген жайын сезген Мақпал да тықыршып, Балкүміске жалынды.

- Жеңешетай, әнеу үйдің қызынан сұрашы, маған келген хат бар ма екен!

- Келсе де айтпайды ғой, маған сенбейді!...  Онан да, мен ауырдым деп сені суға жұмсайын. Оған сен өзің ғана жолық!

Сай тағанындағы бұлақтан су тасу құқығы Мақпалға соның ертеңіне таңертең иінағашпен бірге тиді. Қар қалың түсіп, сырттан келетін жол беки қалған күн еді. Сонда да текше төріндегі үй төбесіне Әбдібайдай айбынды қарауыл орнаған соң шығарылыпты. Гүлсананың үйі бұлаққа түсетін жалғыз аяқ соқпаққа жақын шетте еді. Жолға түскен Мақпалды көрген шешесі қарауылдағы жуанға да баспалай қарап қойып кірді үйіне. Мақпал ол кірген есікке көз қиығымен қарай-қарай өтті.

Сайдан ол қайта өрлеп шыққанда әрең көрінді Гүлсана. Шелектерін иінағашпен бұлғақтатып, әдейі тентектене даңғырлатып келеді екен. Жақындай бере Мақпалға жол бергенси омбылап тұра қалып сөйледі:

- Мақыш, жазда Биғабіл аға келген. Айтарлық қуанышты хабарым бар еді...

- Рахымет жаным! -деп Мақпал өз жолына үңілген беті жылжып жүре жауап қайырды. - Қағазға толық түсіріп, менің қызыл тал тұсына бұрылғандағы бірінші ізіме көме ғой! Өзің сол ізді басып өт!...

Мақпал ол бұрылыс қадамын белгілі кесек тастың түбіне басқан екен. Суға ертеңіне кешке жақын барғанында бес тарақ қағазға жазылған кесек хат тауып қайтты.

Сауырға менің барғанымнан қайтқаныма дейінгі барлық ахуал мен Гүлсанадан айтқан сәлемім түгел жазылыпты. «Отауына» қайта қамала сала оқыған Мақпал алдымен хатты сүйіп-сүйіп алыпты да, құшақтай алып діңгекті сүйіпті... «Жоқ, енді ешшкімнен де жеңілмеспін!» депті сонан соң. Бұл сүйегендігі өмірге деген құштарлығының еселеп артып қозғаны екен. Содан кейінгі уақытта үш рет шабуылдаған бөлені үш рет жаныштап, жүрегін бір жолата қайтарыпты.

Январ жарымдағанда Әбеу жазылыпты. Бір күні түс уақытында «отау түрменің» есігінен кіжініп те кетіпті.

- Енді көресің менен!

- Көрсетпек болсаң енді өлесің! -депті Мақпал ашық дауыспен сақ ете түсіпті. Гүлсана мен хат жазыса жүріп, ықшам ғана шойын шоқпар тауып қайтқан екен. Бірақ, Әбеу «көрсетер» түніне жете алмай, шоқпар жей алмай қалыпты. Содан екі күн өткенде ел жата байдың үйі дабырға тола кетіпті. Екі-үш адамның аяқ сықыры Мақпалдың есік алдына келіп, құлып ашылыпты.

- Есік аш қарындас, қорықпа!... біз сақшы қызметкеріміз! Арызың бойынша құтқаруға келдік!...

Мақпал арқалықты шанаға жайғасып отырып, қасқыр ішікке оранып алып, зырлай жөнелгенде ауылдан ешкім шықпапты сыртқа. Мықтылары қорқып шықпаса, шеттегі қоңсы үйлері сезбей де қалған сияқты. Мақпал түскен шанамен қорғаушы он атты әскер Жеменей сақшы мекемесінде қалыпты да, шофердан басқа құралды бір жауынгер мен екі әйел отырған кішкене машина Мақпалды аймаққа (Алтайға) ала жөнеліпті.

Екі күн өткенде соттан көрініпті бөлесі. Нағашылары мен төртеу болып келіп қамалған екен...

Әйелдер қоғамының бір бастығы Мақпалды тергеу біткенше үйінде ұстауға міндеттеліп еді. Түсі суық жуандар сол үйге де үңіле берген соң, сақшыдан күзет қойыпты. Содан 4-5 күн өткенде үй иесі сұрлана кіріпті сырттан. «Маған өшікті» дегеннен басқа ештеңе айтпай қайта шығып кеткен екен. Жепаңжүнше киінген бір ханзу әйел іңірде келіпті де, Мақпалдың басынан сылап, өз үйіне апарып қорғайтындығын айтыпты.

Мақпал бесік күйеуден азат болғандығын да, бұл қыста Дөрбілжінге қайта алмайтындығын да сол үйде естіпті. Бір аптада маған екі рет хат жазыпты да, поштаға сол «мамасын» жіберіп салдырыпты. Өзіне лайық оқу құралдарын «бабасы» арқылы тауып, үйден «жалғыз шықпай», «қатерге ұшырамай» оқып, жаз шығарыпты.

«Мен сұрастырып, естіп біліп жүрмін», -депті «бабасы», Мақпал түсінетін болған ханзуша тілде. - «Саған қастық дайындағандар аз емес. Сен Үрімжіге барып, партия мектебінен оқы, Дөрбілжінге сол жақтан қайт!...»

Мақпал бұл ақылға да көнген болыпты да, маған тағы да хат жазып, «мамасына» ілесіп барып, өзі салыпты поштаға.  Бір айдың ішінде менен бұл хатына да жауап ала алмай, Күмәнмен торыға бастапты. «Масқараға ұшырау үшін болмаса Дөрбілжінге енді кіміме бармақпын, байқайын!» - Үрімжіге - партия мектебіне барып оқуға осылай бекіпті. Жүрер кезінде маған тағы да хат жазып, «керек болсам, мені енді Үрімжіден - партия мектебінен табасың!» деп жазыпты да, «мамасының» сіңілсіне тапсырған хатын алып, «бабасы» дайындаған белетпен аэропланға шығыпты... Үрімжіге келген соң тағы да екі рет хат жазыпты маған...

 

*            *            *

 

Мақпал менің шырақ жағылмаған күңгірт жатағымда әңгімесін осылай аяқтатты. Сұрау қоя қарады жүзіме.

- Менің Алтайдан жазған хаттарымды Әбеу жыланның туыстары жұтып алды делік. Дүйсен ағайға жазған хатымды Әлімбай жұтсын. Ал, мұнда келіп жазған хаттарым Дөрбілжіндегі үйге неге тимейді?

- Алтайдан жазған хаттарыңды да түгелімен Әбеулер жұтқан емес, -дей құштым жанқияр жарды. - Кемінде бір екеуін Әлия дейтін күндесің жұтқанынан дерек бар. Ол, хат түгіл, менің өзімді де жұтып қоя жаздаған. Хатыңның кейінгілері де соның қолына түскен шығар!...

- Сондай «досымыз» тағы бар ма еді?

Екеуіміз жабыса түсіп, қатар күлдік. Менің намыстан жүдеген жеңіліс күлкім тез тиылды. Былтыр осы айдың бір таңертеңінде назадан Көк жусанды жұлған жұлысым елестеп, бетім мен құлағым қыза түсті, «азғындық!» деп жіберіппін. Нұрлы көзін кең аша қараған Мақпал кезек-кезек шөпілдетті екі шекемнен.

- Мен сол шидің ішінде отырмай, атты қуғыншының ешқайсысына шалдырмайтын сенімді жүйріктің үстінде маңымды шолып қана отырсам, олар көрінісімен-ақ тебініп қалып ызғытып, жарып шығар едім де, шаңымнан да адастырып, қалаға бір-ақ тартар едім ғой! Онда, онда, бұл жапа жоқ еді ғой бізге! Өзімнен болды бәрі де, сол сәтті жіберіп қоюымнан болды! - Күрсініп жіберіп көкірегіме басын сүйеді Мақпал.

Мәртебелі тергеушім, өзінен әлдеқайда күшті зорекермен ар үшін, жар үшін өлім-өмір шайқасына түскен жанқияр жар алдында менің қорланғандығым соншалық, өзімді жиренішті қара жүректердің бірі екенмін деп қалдым. Жардың мен үшін арпалысқа түскен сол шағы, менің салдақы Әлияны жалаңаштап мәз болып жатқан шағым екен ғой! Жасырын қарақшылық, қаражүрек шенділердің негізгі белгісі емес пе. Ұлы мәртебелі сіздерге сәл ғана ұқсай қалған мұндай қара тектіліктен ақ өлімнің өзі жақсы еді ғой! Маған біткен еркектік қару-жарақ тұла бойы тұтасымен қылмыс екендігі енді айқындалған-ақ шығар!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3577