Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3204 0 пікір 30 Шілде, 2012 сағат 07:55

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

VI

Күлән екеуіміз Асылқанның үйіне қарай қолтықтаса жылжыдық. Күн де жылжып батып барады. Көз бақтырмайтын кереметті нұрын жасырғысы келгендей солғынсып, төмен қарап барады. Күләш та дәл осындай райда сияқты. Ақ дидарлы топ-толық дөңгелек жүзін төмен салып, жас жігіт қолтығындағы жасамалы әйелдей салмақпен солғын көрінгісі келеді. Сөйтсе де қазіргі мына жайлы көктем кешіндей көңілділігін бусанып албырап келе жатқан ашық маңдайынан, жып-жылы қарасынан байқаймын. Ақ кофтасын кере жарасқан омыраулы толық денесінің қызуы айқасқан білегінен маған өтіп, ішінен түлеп, ішінен көктеп келе жатқаны да сезілді. Бұл жайын өзі сөйледі бір шақта.

- Бүгін сені көріп, Нұрияшым тірілгендей сезімге келдім, Биғаш, жеңілдеп қалдым. Ол туыспаса да менімен егіз туғандай, менен 3-4  жас кіші болса да құрдастай, нағыз дос еді ғой!.. Сен алғаш көріскеннен бұрын-ақ... білетін шығарсың, мен әлдеқашан қалыңдық болып кеткем. Керіскедей... кексе едім. Тек Нұрияшпен бірге жүргенде ғана сонымен лайықтасып, жаңа өспірім қыз болғым келетін...

VI

Күлән екеуіміз Асылқанның үйіне қарай қолтықтаса жылжыдық. Күн де жылжып батып барады. Көз бақтырмайтын кереметті нұрын жасырғысы келгендей солғынсып, төмен қарап барады. Күләш та дәл осындай райда сияқты. Ақ дидарлы топ-толық дөңгелек жүзін төмен салып, жас жігіт қолтығындағы жасамалы әйелдей салмақпен солғын көрінгісі келеді. Сөйтсе де қазіргі мына жайлы көктем кешіндей көңілділігін бусанып албырап келе жатқан ашық маңдайынан, жып-жылы қарасынан байқаймын. Ақ кофтасын кере жарасқан омыраулы толық денесінің қызуы айқасқан білегінен маған өтіп, ішінен түлеп, ішінен көктеп келе жатқаны да сезілді. Бұл жайын өзі сөйледі бір шақта.

- Бүгін сені көріп, Нұрияшым тірілгендей сезімге келдім, Биғаш, жеңілдеп қалдым. Ол туыспаса да менімен егіз туғандай, менен 3-4  жас кіші болса да құрдастай, нағыз дос еді ғой!.. Сен алғаш көріскеннен бұрын-ақ... білетін шығарсың, мен әлдеқашан қалыңдық болып кеткем. Керіскедей... кексе едім. Тек Нұрияшпен бірге жүргенде ғана сонымен лайықтасып, жаңа өспірім қыз болғым келетін...

- Сен сәби кезіңнен қайғы көріп, қамкөңіл болып өстің. Адамды қартайтатын да, жасартатын да көңіл. Сол кезде өзіңе өзіңді «кексе» сездірген сол қамкөңілдігің, көңіл жүдеулігің болса керек. Оның есесіне ақылың ерте толды. Адамды ақылды ететін арман мен қам ғой, -деп жіберіп, сөзімнің соңын тия қойдым. Тағы да ағытылуға ыңғайланған ыстық сезімімді тиғаным еді бұл. Өйтетінім, Күләннің, өзін кексе әйел, кәрі етіп баяндап келе жатқаны өзінен мені суытудың сөзі. Өзінен менің көңілімді бүтіндей тиюдың, зор ақыл мен ахлақтың сөзі. Сол ақылға өз сезімін де көндіріп, өз көңілін де шектеу үшін сөйлеп келе жатқаны. Егер, мен тұтансам, ол өз еркінен тыс лап ете түсетіндігін сезіп, сақтанып та, сақтандырып келе жатқаны. Ал, мен Мақпалдан бір жауап алып, одан үмітім үзілмей, мұның әрең жасырынып тұрған нәзік жүрегін қытықтағым келмеді.

- Ақылбайдың мерт болғанын сол 45-ші жылдың соңында естігенмін! -деп Күлән, енді мүлде қартайған адамша қатты күрсінді. - Арман-үмітім де сонымен бірге өшкендей, содан бері бір жадырап күлмеппін.

- Арман деген бұғының мүйізіндей салаланып, бірінің үстіне бірі өніп тұрады ғой. Адам тіршілігі арман-үміттен адаланбауды шарт етеді. Ол өшсе өмірің де өшеді. Мүбәда өмірің өшпей қалса, адамгершілік қасиетің өшеді. Адамгершілік қасиет дегеніміз - өмір талқысына (жауыңа) қарсы жауап қайтара жасау. Яғни жауың қор етейін десе, мен сенен зор өтейін деп күресу. Ол қысқанда қабысудың орнына керней түсу. Адамгершіліктің ең негізгі қасиеті осы деп түсінемін. Бұл қасиет сенде бұрын жетерлік болатын. Бердіқұл сені зорлап қорлағанда, өлуді ғана ойлағаныңа - у ішкеніңе наразылық ойлап қалдым.

- Сол қорлағанына мойындап, некелі әйелі болуға көнсем разы болар ма едің? -деп жымиды Күлән.

- Қарсы шара қолданбай, у ішіп өле салмақ болғаның күрескерлік емес дегенім. Тым болмаса, талай азаматтың түбіне жеткен сол қанды қолдың арам қанын ғана төгіп өлудің амалын қолдансаң еді!

- Өзіме өкпелейтін дәрменсіздігім сол! Мен үшін төлейтін қалың малы ретінде Сұңшиланға туыстарымның бастарын кесіп әкеп беріп, өзімді әйелденгеніне өліммен жауап беруді ғана ойлаппын!

«Біреуді өлтіруге жүрек қуаты жетпейтін адамның мұндай ұйғарымға келуі де шегіне жеткендігі-ау!» -деп ішімнен сөйлегендей күбірледім де, сөзді басқа тақырыпқа аудардым.

- Жә, Бердіқұл сенімен сол «құтты» тойын өткізген соң «игілікті» қызметіне қайта кетті. Сонан соң не істепті?

- Оны да осы жақында тергеушісінен естідім. 49-шы жылдың 2-ші айында кеткен. Бұл, Жұңго төңкерісінің күшейіп, гоминдаң үкіметінің құлайтындығы айқындалып қалған шақ. Оспан өзінің негізгі серіктерін жиыстырып, гоминдаңнан іргесін бөле бастапты да, Бердіқұлға шарт қойыпты: «сен шырағым бізбен бірге болғың келсе күбір-сыбырыңды қойып, келген жеріңе қайт!» -депті. Бердіқұл сол жерде құран ұстап, қасам беріпті де, жыңса басқармасына жазатын мәліметтерін батырының өз айтқаны бойынша ғана жазып тұруға келісім алыпты.

- Гоминдаңға адам ұстап беруді қойып па?

- Оспанның бекітуі бойынша ханзудан көменес деп ұстап, үш-төрт рет айдатып апарған екен. Оларын жыңса орындары қамамай қоя  беріпті! -деп Күлән күліп жіберді. - Он шақты тұтқыннан еңбегі солай еш болған соң, адам ұстауын Бердіқұл да қойыпты.

- Ол гоминдаң түрмелерін үрей жұтқан кез ғой! -деп толықтадым мен. - Бұл шақта Сұңшилан қанқұмар жоқ. Шинжаңдағы бас қолбасшылыққа Таусиуй қалған.         Жаңкайшы оны да шақырып, жүз мың сараяғымен өзін қорғатпақ болған. Демек, «генералсимосының» өзін де үрей жұтып қойған кез. Таусиуй ол бұйрығына: «біз кетсек, қалған мына жеті аймақ үш аймаққа қосылып кетеді!» деп бақырыпты, ха-ха-ха-һа-һа... Үлкен бастығы «қосылса қосыла берсін, қайт!» десе, «бірігіп алып, Жұңгодан бөлініп кетеді!» деп бақырыпты.

Қарқылдап күлгенімді қызықтағандай күлімсіреп, бағдарлай қарап қалған Күлән мен қарағанда көзін лып қағып, төмен түсіре сөйледі.

- Дегенмен өзі қиын екен, басым кетсе де уысымдағы асым кетпесін дегені ғой!...

- Бұдан басқа лажы да жоқ еді. Жолдан талай соққы жеуге шыдап Кулиге қайтқанымен де, осы жүз мыңмен Жаңкайшының қу басын қорғап, жеңіске жете алмайтындығы айқын болатын. Онан да Жұңго компартиясына осы Үрімжіде тыныш қана тізе бүгіп, уысындағы осы асының абыроймен өз басына сауға тілеуі тиімді ғой. Осынысы абырой болды өзіне!... ал, ұстағандарын түрме қабылдамайтын болған соң, Бердіқұл не кәсіп істепті?

- Оның кәсібі: отырғанның артынан қыдиып мәнпағат таба алмағанда, жүргеннің соңынан сүмеңдеу ғой! -деп түйілген Күлән өштікпен айтқан бұл суреттемесін өрескелдеу сезінгендей қызғыш тарта жалғастырды сөзін. - Оспанға иісшілдігімен жағып, соның мал табары болып шапқыншылық істеп жүрген екен. Өзінің гоминдаңының Құмыл мел Үрімжі арасындағы тасымал автомобилдерін тонайдыда баяғы. -деп Күлән енді сықылықтап күлді. Әрқай сөзінен шешендік байқап мен таңырқадым. Жүзіне өзінше мен де қарап қалыппын. Онымды сезе қойған Күлән төмен қарап жалғастырды сөзін. - Тоғызыншы ай ішінде Америка елшісі Макынанды халықазаттық армия қоршауынан құтқарып жіберу міндеті түскенде, Оспан бірнеше мықтысына сол иісшілді қосып жұмсапты. Олар Макынанды Баркөлге, одан қарақшының төте жолдарымен Шинхай-Тебет шекарасына жеткізіп салыпты. Ол қайтқан кезде гоминдаң офицерлерінің қаруы түгіл беліндегі қайыстары да жұлынып болған екен. Қару тапсырмай отырған Жемсарыдағы Оспан ғана сияқты. Закария мен Қадуаңнан басқа қашуға тиісті қазақтардың барлығы соның үйінде бас қосқанына үш күн болғанда жетіпті Бердіқұл. Шонжарлардың не қаулыға келгендіктерін білмепті. Тек тарайтын шақтағы бір-біріне айтқан қоштасу сөздерінен ғана өзді-өз беттерімен оңтүстікке қарай босатындықтарын сезіпті. Оспан олардың жайын кейінірек тұспалдап қана айтып, кету-кетпеу мәселесін Бердіқұлдың өз еркіне салыпты.

- Не депті?

- «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кетіп жатыр, Бердіқұл. Қаламын десең жер міне, кетемін десең, осылардың біріне қосып жіберемін. Ал, бірге көрмек болсаң, мен міне, қайтпексің?» депті.

- Сіздің соңыңыздамын, батыр. Қалай бастайтындығыңызды ғана ұқсам болғаны, соған қарап дайындық көрейін!

- Менің енді қонарымды сай, көшерімді жел біледі. Алдымен өзің барып келген жақтағы бір иенге жүк салып, ерген елімді сол жаққа қоныстандыра тұрмақпын. Ал, өзім қалып, аспанның райын, көменестердің қабағын бағамын. Маған тиіспейтін болып сенімді келісімге келсе, ауылдарды қайтарып әкелемін. Алтайды тастап кеткім келмейді!

- Хұп! -депті Бердіқұл бұл ақылға. - Мен сол көштеріңізбен бірге болайын. Көріп келген жолым ғой, бұл жерден пайдам тиер! Қазірше әкете тұратыным, жаңа алған әйелім мен бір інім ғана!...

- Бердіқұл қолға алынар кезінде осы мақсатпен келіпті маған! -деп Күлән мұрнын бір шүйіріп қалды. - Қалай келгенін білмей қалыппыз. Екі кілем мен бір мөшек бұл әкеліп, шешемнің краватының бас жағына қоя салды да, әрқайсымызға әкелген асыл киімдері мен алтын алқа, сырға жүзіктерін түп үйдегі үстелге әкеліп жайды. Мен шешеме басымды бір шайқай салып, сыртқа шыға жөнеліп едім... сақшыға мәлімдемек едім. Бердіқұл ауыз үйде қуып жетіп, қарқылдап күлген болды да, түп үйге білегімнен сүйреп апарды. «Сақшыға бармақсың ғой, ақиқатқа қайту үшін жаңа үкіметке біздің не әкелгенімізді тыңда алдымен!» -деп сөйлей жөнелді. Есім шығып, қалтырап кетіппін. - «Бес керуен! Оспанның шердиманы да бар! Тебетке қашып бара жатқан гоминдаң - офицерлерін ұстадық!» деген кей сөздері ғана кіріпті құлағыма. Сөйлей жүріп, алқа-жүзіктерін менің ілулі тұрған қол сумкама салды. «Оспанның қыз-келіндері ендігі Шүймогуге жеткен шығар. Қазір көңкемен сонда барып, қонақ үйге алып келеміз... сен де барасың, дайындал!» -дегенде есік-терезе қатар қағылды. Жалт-жұлт қарап зыта жөнелген бандыны қарапайым киімді төрт жігіт, біз шыққанша байлап болыпты. Жан мылтығы мен қанжарын өз бойынан тінтіп тауып, айдай жөнелді. Үйде қалған нәрселерін ұстаушылардың нұсқауы бойынша біз тізімдеп апарып, халық сақшы мекемесіне өткіздік. Бір жарым жыл болды. әлі тергеуде дейді. Қайда жатқанын да білмеппін. -деп тоқтатты Күлән әңгімесін.

- Мәселесін Оспанға беттестіріп анықтап алып атпақ шығар! -деп күрсіне салыппын. Күлән жалт қарап сақылдай күлді бұл күрсінісіме.

- Немене, «жездеңді» қимай келемісің?

- «Нақ сүйеріңді» сен қисаң, мен қиямын ғой!

Асылқанның үйіне екеуіміз жарқылдап күле кіріппіз. Бізден басқа шақырған қонақтары жиыла қоймапты.

- Күлкілерің құтты болсын! -деп жымия қарсы алды Асылқан. -Бәсе, екеуің «бірге азат болатын» жөндерің бар еді!...

- Бұлай қалжыңдама, Асеке! -деп Күлән қызара күбірлеп өте шықты да, қайта қайрылып сыбырлай сөйледі. - Биғаштың менен жасы да, жолы да кіші, ұят болады!

Жас шамамызды толық білетін Асылқанның епті қалжыңы езуінен бүлкілдей берді сонда да. Кең столдың төріне екеуімізді қатар отырғызды да күтуші әйелдерге сездірмей өрмекшіше торлап қосақтай түсті. Бұл қалжыңнан Асылқанды бұру үшін мен Күләннан жолдағы әңгіменің жалғасын - Оспанның қолға қалай түскенін сұрадым.

- Оны Асекең толық біледі, Асеке, сіз сөйлеп берші! -деп Күлән Асылқаннан жымия өтінді. Мұндай отырыста оның саяси мәселе араласқан сөзге баспайтындығын Күлән біліп жымиған екен:

- Оспан жайынан оншалық хабарым жоқ! -дей түрегеліп, есікке беттегеніне Күлән сақылдап күліп жіберді.

- Бәсе, күлетін жерде күледі-ақ екенсің-ау! -деген Асылқанның сөзінен мойығандай қызғыш тарта қалған Күлән, әңгімені тез бастап әкетті:

Оспан сол айтқаны бойынша «аспанның райын, көменестердің қабағын бағып» жатса керек. Шапқыншылық жөнінен жаман ат шығара қоймапты. Сайлауыт азаматтарына лайық мал-басын шағындап қана қалдырған аулымен құбының иен құмын тып-тыныш қыстапты. Құмнан жазға салым қайта көшіп шығып, Жемсары даласының шетіне көктепті. Қаруларын кең ышқыр мен мол етектерінен шығармаған күйі, енді Боғданың қиысына барып жайламақ екен. Оның қабағын да қалт жібермей бағып отырған жаңа үкімет елшіні осы мезгілде салыпты.

- Өзінің сенімді қызыл қазақтарынан ғана емес, ағынан да, сарысынан да, қарасынан да, аласынан да, тіпті аласасынан да жіберіпті, -деп Күлән Асылқанға тағы да жымия қрап сөйледі. Оспанның, шашты қазақтар ішіндегі аузы дуалысы деп ең сенетін Закариясы да бар. Үкімет оны тіпті осы елшілер группасының бастығы етіп тағайындап жіберіпті....

- Үкіметтің Закарияны көріністе елші етіп жіберудегі мақсаты дұрыс, -деп сөзге Асылқан енді кірісіп, толықтау айтты. - Ол Оспанға бұрыннан сырлас-ниеттес адам ғой. «Салмақ салып, құрал тапсыруға қайтсең де көндіресің!» деп мықтап тапсырып жіберген. Закарияның өз идеясын да өлшейтін таразы осы болатын. Осы арқылы сынап крмек еді!

- Асеке өзің де сол елшілердің бірі едің ғой, қалғанын сен сөйлеші! - деп Күлән тағы өтінді де, тағы да күліп жіберді. Бұл жатбатардың жаңағы «қарасы да, аласы да, тіпті аласасы да бар» дегеннің бірі осы Асылқан аласа екендігін енді түсініп мен де күлдім.

- Мен қайдағы елші, ойын қоюға барып, қатындарымен қалжыңдасып қана қайтқанмын, білмеймін! -деп Асылқан тағы түрегелгенде қатарласа күлдік.

- Көргенін көрмегендей, көрмегенін көргендей сылдыратуын қарашы, әй ақындарым-ай! -деп Күлән еселей күлгенде мен де еселеп жіберіппін.

- Ие, ие, осы күлкілерің жарасты. Қосақтарыңмен қоса ағарыңдар! -деп Асылқан езуін тағы да бүлкілдете шықты есіктен. Екеуіміз бір-бірімізге қарасып жіберіп тұқырдық. Отты көздеріміздің жарқ-жұрқ етіп бір сәт тоғыса кетуінен қысылдық тағы да. Осы қарасымызбен-ақ екеуіміз бір-бірімізге алаң-ашыққа тыржалаңаш шыға келгендей көрініппіз. Жалт беріп әңгіме шытырманына қайта кіре жөнелдік. Ұяттан құтылуға асыққанымыздан сұрауда тез қойылып, жауап та тез қайтарылды.

- Сөйтіп... жаңа үкімет Оспанмен не жөнінде сөйлесуді тапсырыпты елшілерге? -деп мен сұрақ қойдым да.

- Оспанға жаңа үкімет саясатын түсіндіруді тапсырыпты! -деп Күлән іле қайырды жауабын. - Шың Шысай мен гоминдаңға қарсы күрескен бұрынғы батырлығы үшін кешірім етеміз. Басы түгіл малына да тиіспейміз, Жұңго компартиясына сеніп, құралдарын тапсырса болғаны! - депті. Партиямыздың саясатында ақиқатқа өз еркімен қайтушыға әрқандай кері төңкерістік қылмыс болса да жаза қолданылмайтынын толық түсіндіруді тапсырыпты. Закария үкіметтің осы үндеуін дәлме-дәл айтып жеткізіпті де, басқа елшілер ұзақ-ұзақ сөйлеп насихаттапты.

- Оған Оспан не депті?

- Оспан бұл сөзден күмәнданатындығын айтыпты. «Шың Шысай да мен халық үкіметімін деп келіп, осылай кеңшілік деген сөзімен бізді талай алдап еді. Ырысқан, Есімқан мархұмдар отты оқтан емес, дәл осы тәтті тілден өлген болатын. Мұндай кешірім дейтіннен аузым талай күйген жан иесімін, шырақтарым. Ал, бұл үкіметтеріңнің кешірім ететіні рас болса, «құрал тапсыр» дейтін суық сөзді айтпасын, аң аулайтын осы бір-бір көсеуімізбен жүріп-ақ үкіметтің момын бұқарасы болмақпыз. Осы сәлемімді айтып барыңдар!» депті.

- Елшілер Оспанның осы сәлемімен ғана қайтып па?

- Жоқ, -деп маған көз қиығымен бір қарап қойған Күлән, қайта төмен қарап алып жалғастырды сөзін. - Елшілер жаңа үкіметтің саясатын тағы дәріптеп, қоғамның, төңкерістің қазіргі ауқымын айқындай түсіндіріпті. Халықтың аң-санасы әлі түгел ашылып болмаған шақ қой бұл, Америка жиянгерлігі мен гоминдаңның азғыруына сенетін адамдар әлі де жоқ емес қой. Мұндай шақта бұқараның қолында соғыс құралы сақталмауы қажеттігін айтыпты. Партияға сенетін адам дәл қазіргі шақта қару ұстап отырмайды. Егер қарсыласу ниетіңіз болмаса, құс атар шитілеріңізді де тапсырып беруіңіз шарт!» -депті елшілер. Оспан тұнжырап ойланып отырып қалыпты да, Закарияға қарапты: «ал Закария, шашыңды есепке алмағанда қазақтық қаның, мұсылмандық иманың бар азамат едің ғой, сен сөйлеші» депті...

Әңгімені қайта келіп тыңдап отырған Асылқан Күләннің сөзін осы кезеңде шорт бөлді:

- Тоқтай тұр Күләш, қателеспе! Оспанның бұл сөзі Закарияның қараниеті әшкереленетін жерде айтылған. Титтей бұзып айтсаң-ақ қателесесің!. Қазір тергеліп жатқан Закарияны ақтап қоясың... Оспан бұл сұрауын Закарияны оңаша шығарып алып сұраған.

- Қайдан білейін қайда сұрағанын, -деп Күлән тағы да сықылықтап күліп жіберді. - Әйтеуір Оспанның осылай сұрағаны рас қой? Басың кетпес, өзің сөйлеші, Асеке!

- Осылай сұрағаны рас, бірақ орны басқа... елшілер әлгіндей талпты қойып қысағанда Оспан қарақшы жауапсыз тұнжырап, сыртқа шығып кеткен. Үйінің сырт жағына оңаша барып отырып алып шақыртқан Закарияны. Ал, сөзіңнің басқасы дұп-дұрыс, сөйлей бер!

- Шақыртып алып не айтыпты, менен толық білетін, қатынасқан әңгімең болған соң сөйлей берсеңші, әңгімелеуші мен-ақ болайын!

- Әңгімелеуге келгенде сен қыздың менен артық жерің бар, әркімнің сөзін өзінше сөйлеп алады екенсің, сөйлей бер, сөйлей бер!

- Қорқақ қана жанының қулығын қарашы! -деп Күлән енді сақылдап күліп жібергенде мен де сақылдап күліп алып, қалғанын Асылқанның өзі әңгімелеп беруін өтініп едім. Қорқақ аталуынан қорланғаны ма, иә, менің өтінішімнен зорланғаны ма Асылқанның өзі әңгімелеуге кірісті:

- Елшілердің талабы жаңағы айтылғандай үзілді-кесілді болды. Оспанның құрал тапсыруын тынышталудың жалғыз-ақ шарты етіп қойды. Оспан тұнжырап сыртқа шығып кетті де үй сыртынан Закарияны шақыртып алып, оңаша сөйлесті. Сонда недеп сөйлескенін қазір тергеудегі Оспанның өз жауабынан естідік: «Е, Закария қазақтық қаның, мұсылмандық иманың бар азамат едің, шынын айтар деп сеніп шақырып отырмын. Сен алдап өлтіртсең, менің қаным өзіңе алал ас бола қоймайтынын түсінесің, маған айтшы осы оңашада. Егер құрал тапсырып, қол көтерсем, мені, менің соңымнан ерген мына азматтарымды түбінде осы үкіметтің жазаламайтындығына сенім бере аламысың?» деп сұрапты. - Мұны Оспанның өзі айтқандай сеніп сұрап отыр ғой. Егер сонда Закария ақымақ «тиіспейтіндігіне көзім жетеді» деп сенім бере салса, бұл қарақшының қару тастап бағынғысы келіп отырған кезі ғой. Осыны айтқанда Закшыңның өз басына да үлкен абырой болар еді. Зор қабілетіне лайық жоғары дәрежелі қызметке де орналасар еді ғой, неткен алжасқандық!..

- Енді не депті, айтсаңшы Асеке-ау тезірек! -деп күліп едім.

- Тоса тұр Закариясына жаны ашығаннан есін жия алмай қалды! -деп Күлән ілмелей күлді. Өзінің денесіндей жұп-жуан домалақ басын сипап отырып қалған Асылқан селік ете түскендей болды бұл «қылмысынан»:

- Жоқ, қайдағы «жанашу», азғындығына ызаң келеді!... «Көзім жетпейді» депті!

- Бұл «азғыныңыздың» тым болмаса өз жауабын айтсаңшы! -деп сықылықтапты Күлән.

- Осылардың сөзін өзің-ақ сөйлей берші Күләш, толық білмеймін!

- «Азғынның» сөзін «азғын-ақ» сөйлесін деп бұйырғаның ғой! -деп Күлән тағы да күліп жіберіп сөйледі. - Ал, не боп кетсем де сөйлейін. Закария оған: қару тастап сендіріп бағынсаңыз, дәл қазіргі жағдайда жазаламайтындығына көзім жетеді! Ал, түпкіліктің түбіндегі іске көзім жетпейді. Жазалайды, иә, жазаламайды деп келешектегі іс туралы кесім айта алмаймын!» депті. Осы сөзімен күрсіне түрегелген Закшіңді Оспан қолынан тартып қайта отырғызып сұрапты:

- «Жақсылық істесең жете істе» дейді ғой Закшы, қандай себептен «көзің жетпейді», енді соны айта кет! -депті.

«Бұл сауалға өзіңіз де жауап бере аласыз, батыр. Сіз өзіңіз байсыз да, бисіз де... азғантай ауылыңызға падша аталып та көрдіңіз ғой, социализм қағидасы ондайларға қарсы жазылған ғой, ал, біздің мына Жұңго социализмі келешекте сізге, сіздейлерге не айтатындығы маған қараңғы. Көзім жетпейтін себебі сол. Мен не көрсем де осы Үрімжіден қозғалмайтын адаммын, сізбен мына елшілердің көз алдында оңаша сөйлесіп отыра берейін, қайтсеңіз де өзіңіз біліңіз! Олай істеме, бұлай істе деп жауапкершілік көтере алмаймын!» - Закария Оспанның жеке кеңесінен осы жауаппен әрең құтылыпты.

- Ал, Асеке, -деп Күлән сық ете түсті де күлкіден зорланып тиыла сөйледі. - Сөйлеуден қорыққан сөзіңізді сөйлеп, құтқардым ғой, қалғанын өзіңіз әңгімелей беріңіз енді!

- Қателесетін жеріңнен енді өзің де өттің, Күләш, -деп Асылқан төрт аяқтай түрегелді де кеселді сөзін езуінен тағы бүлкілдете беттеді есікке. - Бұл әңгімеден енді қателесетін жерің қалмады ғой. Жалғыз-ақ Оспанды «батыр» деп, Закышыңды «ақыл» деп қоймай ептей берсең болғаны!... Әйтеуір осындай тәтті шағыңда қателеспей, мынадай татымды күйеуге тиіп алғаның жақсы, мен осыны ғана білемін!

- Қойыңызшы осы сөзді! -деп қызғыш тартқан Күлән, Асылқан шығып кеткен соң төмен қарап күбірледі.

- Ондай... шағым қайда кетті, мен қайда қалдым!... Биғаш, сен басқалардың мұндай жел сөзімен, мұндай қиялдан сақтан! Бағанағы сөзімді есіңнен шығарма! Қазір осында келіп қалар. Нұрияштан қалған қасіретіңді жоя алатын Кәмалат, ақылды қыз. Мен кепілдік ете аламын!

«Басқа камалаттың енді керегі жоқ. Маған тірі Нұрияшымнан қалсам, анық түсініскен нағыз «камалатым» қажет шығар!» деген ой жүрегіме тағы да үйріле қалды. Жауабымды күлкімен жаймалай салдым.

- Шағым кетті демесең болғаны, сақтан дегеніңнен сақтана отырайын да, көр дегеніңді көре отырайын!... Енді әлгі әңгімеңнің жалғасын айтшы! -деп «қиялдан» серпіле қарадым сонан соң. Оспан Закарияның сол камалатты жауабынан соң не істеді?

Өзінің «камалатты» деген сөзін Закарияның осы жауабына қолданғаныма бас изей жымиған Күлән да серпіліп, іркіліссіз жалғастырды әңгімесін.

- Оспан елшілер отырған қонақ үйіне, сол тұнжыраған қалпында қайта кіріпті. «Ал, меймандарым» -деп тік тұрған қалпында жауап беріпті. - «Менің жаңағы жауабым естеріңде шығар, сол жауабым, дәл жауап. Жаңа үкіметтерің менің шексіз көп қылмысымды кешіретінін айтқанына көп рахымет! Шын кешіруді ойлаған болса, менің там-құмдаған күн көргіш қаруларымды тапсырып бермейтіндігіме де кешірім жарияласын! Кейінгі уақытта шындап рақайласа алатындығыма көзім жеткенде өзім-ақ түйеге теңдеп апарып бере салармын! Ал, бұл тілегімді қабылдағысы келсе осы алдымыздағы екі-үш күннен қалдырмай, маған мына Закарияны қайта жіберіп хабарласын. Мен де адам жіберіп тоқтамдаспақпын. Осы сөзімді өзгертпей жеткізіңіздер! Топ болып елеп-ескеріп келгендіктеріңізге рахымет, қайтуларыңызға рұқсат!» деп шығып жүре беріпті. -деп Күлән сырттан естілген дабырды тыңдап отырып қалды.

- Сонан соң? -деп жалғастыра бер дегендей сұрадым.

- Сонан соң... өзің түрленіңкіреп, шашыңды жөндеп тарап алсаңшы күйеужан!... Енді алшаймай, әдеппен отыр менің қасымда! Біздің қыз секемшіл, сезімтал қыз. Ал, мен әңгімемді бітіріп тынайын. Сонан соң Оспанның айтқаны екі-үш күн ішінде ешкім келмеген екен. «Көменес партия екені рас болса, бұл үнсіздігі, менің маңайымды енді бір-ақ қоршап болып келуге дайындалып жатқаны!» деген күдікпен көше жөнеліпті. Із жасыру үшін таумен жоталап та, бөктерлеп те, тынбай көшіпті. Баркөлдің бір қиысына көліктерін тынықтыру үшін аял етіп, өздері тынықпай-ақ, мал таба кетудің, артынып-тартынып азық-түлік таба кетудің жортуылына қайта аттаныпты. Жол тосып, бекет тонапты. Жүргіншілерді зар қақсатыпты. Соңынан қуғыншы барын сезісімен иенге тартып, жоғалып беріпті сөйтіп. Осы жазғытұрым Шыңхай шекарасындағы жап-жазық даладан ұсталыпты ғой.

- Талайды көрген сақ қарақшы, жап-жазық даладан қалай ұсталған!... Атысамын деп қоршалып қалып ұсталып па?

- Жөнделіп атысуға да мұрсасы келмепті!... Оны қуып дағдыланған ұлттық армиядан жол бастаушы болған соң ондайға төзімді қалың жепаңжүн қоя ма... иенде көк мұз болып қатып жатқан қақтардың ортасына қонған жалғыз үйден ұсталыпты.... қалай екен, сол күні өзінің жауынгер қызынан басқа ұлдарынан ешқайсысы жоқ екен дейді. Із өкшелей берген қалың қуғыншыдан тарай қашқан ауылдарын қорғауға мықты азаматтары бөлініп-бөлініп кеткен сияқты. Таңға жақын қатты ұйқыға кеткен Оспанды, қоршалып қалғанын таң атқанда бір-ақ білген қызы оятыпты. Сол күні белдеуде ер-тоқымды жалғыз-ақ ат қалған екен, екеуі мінгесе қашыпты. Өкпе тұсынан төнген бір қуғыншылар тобы таяп қалғанда жалтыр мұздан аты тайып жығылып, мінгескен екеуі ұшып түскен екен. Оспанның қолындағы маузері мұз үстінде недәуір алыстап ұшыпты! - Күлән күрсіне аяқтастырды сөзін. - Оспан ол «еркектігіне» домалап жеткенше өзіне қуғыншылар жетіп, жабыла кетіпті де, тұруға үлгіртпей басып байлап алыпты!...

Көз ұясына іркілген жасын Күлән елеусіз ғана сипап тастап, күлімсіреген бейнемен ауыр тыныстады. Оспан батырдың қолға түсуі талай жасырын талқыдан, талай өкініш пен күрсіністен өткен ғой. Бұл оқиғаны осы рет әңгімелеуші әйел досымның тіл орамының епшілдігіне қызыға қарап қалыппын. Өзі қандай шыншыл, қандай әділ, өз жүрегіне шығарған үкімін ескерші! Нысапсыз Әлиялар бір процентін үйренсеші осының! Ғазиз басы қара батпаққа қаншалық малынса да, бүйі тағдыр қаншалық шырмап, қаншалық қырсыққа шалынса да, қатал қара жауыздық қаншалық масқаралап, жігер-қуатын қаншалық тонаса да мойымаған-мойындамаған қандай ерік!... Өзін-өзі өлтіруге мәжбүрлесе де, талай уақыт өлім табалдырығында жатса да, қоғамдық болмысқа көз жұмбай қарап жатқандай неткен зеректік! «Әлеумет ісіне көкірегі жарық, көзі өткір, көңілі тыныш, жүрегі бүтін ең биік дәрежедегі бір әйел қараса, осы жаралы-қаралы тұтқын сұлудай-ақ қарар! Құйындай үйрілген құбылыстарды осындай-ақ түсінер!» деген оймен есіркей-елжірей қарап қалыппын Күләнға.

- Міне келді! -деп күбірлеп, шынтағымен түртіп қалғанда ғана оянғандаймын. Есік жаққа жалт қарадым.

- «Сәлем!» - «Сәлеметпе?» - «Есенсізбе?» -деп өзіме таныс амандасушы екі жігіт, екі келіншектен соң жымиып, ернін жыбырлатқан сұры қыз, сонан соң күлімдеп көзін жұмған аппақ «сырлы» қыз, күлкісін миығындағы шұқыршағына ғана иірген, қызыл ерінді шырлы қыз, қара көзді, қайқы кірпік «мұңлы»қыз, аппақ тісін жарқыратқан аялы көзді нұрлы қыз, ойнақылана қарайтын керме көкірек сынды қыздар кірді. Жүздеріне қарай-қарай қол алыстым. Мені Күләнға шынтағымен түрткізіп оятқаны қайсысы екенін аңғара алмадым. Сонда да, көрсетушіден ешқандай ишара болмады. Әйтеуір бәрі де сұлу сияқты. Бірақ, Мақпалдан қалып, Әлиядан тоңып-жаурап келген маған Күләннің өзінен басқасынан жылу табылмайтындай.

Алдымен кірген сұры қыз Асылқанның таныстыруы бойынша емхананың пелішері екен де, қайқы кірпік мұңлы қыз, институт бітіріп, жаңа шыққан оқытушы екен. Басқа қыздардың әйел-қыз киімді бірі де жоқ. Ал, түгелімен артиска. Көк бешпет-сыммен келіпті бәрі де. «Мына тырсиғандар - Маханбеңнің сымы ғой, ә» дегендей, Асылқанға қарап жымидым.

- Ол Асылқан ағаңның өзі ғой, Биғаш! -деп күбірлеп, Күлән қалжыңдады. - Көк сымнан қарап, оны да қыз екен деп қалдың ба?

Қарқылдап-сыңғырлап бәріміз түгел күлдік. «Олпы-солпысы жоқ» тұп-тұтас, жуан қара Асылқан бұралып-қылмиып, қыз бола қалғанда ішек-сілеміз қатқанша күлдік. Алғашқы тосырқауды бұзып, бетімізді ашқан осы күлкі болды.

- Осында Биғабіл дейтін оқымысты сылқым келді деп еді. Жаңылмасам сол мырза сіз шығарсыз деймін? -деп Асылқан қылмыңдағанда, менің де жасырын әртістігім қоза кетті:

- Так тошно, сұлу бикеш! Аңсаған сол оқымысты сылқымыңыз мен боламын! -деп, басымды оңды-солды ойнақтатып жіберіп, иығыма сала иілгенімде күлкі тіпті үдеді... бір-бір шыны шай ішкенше-ақ үйірлесіп, «ауыл аралас, қой қоралас» ымдас-жымдас бола кетіппіз.

Менің келуімді құттықтаған бұрынғы сабақтас жігіттер кезек-кезек тост сөзін сөйлеп, стакан қағыстырды. Қағыстырғанмен де ауыздарына қабыстыра алмаған «жаман қыздар» Асылқаннан айып тартып жатты. Төлейтін айыбы ән мен күй, болмағанда іс екен. Көтерілген алғашқы екі тостан-ақ қыздардың көбі айыпталып, алдымыздан бір-бір өтіп еді. Үзім виносынан ұрттап қана құтылып отырған «әйел қыздардан» айыпкер болып, «қайқы кірпік мұңлы қыздың» аты шықты бір кезекте. Айта алмаймын дегеніне қарамай, шарт ретінде Әсеттің «еркем-айы» талап етілді. Ұяңдығына қарап, «қиын ән қысты - ау мына байқұсты» дегендей төмен қарап алып едім. Алғашында тартыныңқырап, әнін төмен бастап алған «мұңлым», тамағын бір қырынып жіберіп, екі еселей көтергенде әннің өзін үйіріп-серпіп аспанға ұшыра жөнелгендей сезілді. Дауысында маған таныс та тәтті, аса сағынышты бір саз бардай. «Мұңлымның» мұңы тереңнен тұна мөлтілдеп жасаурағандай көрінетін тұнық қара көзінде ғана екен. Ән салғанда тұла бойынан шаттық таси жөнелгендей құлпырғанына таңданыспен көз тоқтата қарадым. Мұнымды бір жалт етіп қана байқаған Күлән, әншінің өзіне қарап жымиды. Ән тоқтасымен көпшілікті бастап қолшапалақтай айтты құттықтауларын. Өзі дырама театрының бірден-бір әншісі аталып жүрген, өзі жүрегін менен ынсап құдіретімен ғана шектеп отырған құштар Күләштің осы көз тартар сұлудың әнін күншілдік кірбеңінен мүлде пәк ниетімен құттықтағанын сездім. Осы қызға бар ақыл-есімен барлық тілеулестік пейілмен сүйіне, рахаттана қарап отырған ақ жүзіне мен аңқия қарап қалыппын. «Көкірегің кең, мінезің жайсаң, білімді ақсың-ау, Күләш!» дегендеймін.

- Биғабіл, ей, -деді Асылқан. - енді Күләштің әнін тыңдағың келіп отыр ма?

- Айыпты болмаған адамға ән салдыру, обал ғой! -деп едім. Күләннің өзі іліп әкетті.

- Биғабіл менің «обалыма» емес, өз «обалына» қарап отыр, айыпты болмаған адамға ән салдырмайтын заң шығарып, «қонақ кәдесінен» құтылып кетпек! -деп күлді де, әнші қызды шақырды. - Кел Ақияш, екеуіміз «ауылдың алты ауызын» айтып берейік те, көрейік құтылғанын!

Осы сөзімен арамызға бір орындық әкеліп қоя қойды да, Ақияны қолынан тартып әкеліп отырғыза қойды қасыма. Маған айтқызбақ «қонақ кәдесінің» сылтауымен таныстырмақ қызын жабыстыра қоныстандырғанына күлкім келіп еді. «Ағажай» әніне бастай жөнеліп, сол күлкімді жылауға айналдырып жібере жаздады. Тісімді тісіме баса қойдым. Алғашқы танысқандағы Нұрияшымның айтқан әні еді ғой бұл. Сонда да осы Күләш қосылып айтпап па еді! Жүрегімді төңкеріп жібергендей құйғытып, төңкеріле басталып, дәл сол әуеннің өзі жетті құлағыма. Жетті де жетемді еріте жөнелгендей, тұла бойым езіліп бара жатқандай сезілді. Ішімнен егіле тыңдадым. Бұл әнге келгенде Ақия Нұрияның дәл өзінше айтады екен. Енді пәш болды. Күлән Ақияны осы әуені арқылы сол өшкен Нұрдың қайта жануына, солған гүлдің қайта жайнауына балап аялайды екен. Өзі таңдана-тамсана ұнататын Нұрияш екеуіміздің махаббатымызды қайта тірілтуге мықтап бекіген сияқты.

Күлән Ақияға осы әнді бастап айтқыза отырып, менің жүзімді бақылады. «Нұрияш осылай айтушы ма еді?» деп күбірлеп, күрсініп жіберді ән соңында. Бас изей салдым. Үн шығарсам-ақ көзім жаспен жауап беретіндей білінді.

Күлән сол отырыстағы Нұрияш айтқан әннің бәрін айтқызды Ақияға. Бәрі де соның нақышымен безеніп, құлағыма соның жалынындай тиді. Әншінің жұп-жұмсақ нәзік саусақтарын қос қолыммен қысып, разылық алғысымды айттым. Дастарқандастар қолшапалақпен қарсы алды.

- Ал, ауылдың алты аузын екі еселеп орындадық білем, -деп Күлән жымия қарады маған. - Енді қонақтық қарызыңды өтейтін шығарсың!

- Не айтайын? -деп сұрадым әдейі Күләннің қаразын айқындағым келді.

- Осы әндердің өзіңе белгілі қарымжыларын айтарсың!

Нұрияшпен ұмтылмас сол отырыстағы менің айтқан жауап өлеңдерімді осы Ақияға да айтуымды осылай талап етті. Бұл әндердің қарымжысы қалай екен дегендей аңтарыла қарасты көпшілік.

- Мақұл, қазіргі өзіме ең белгілі, ең жаңа «қарымжысын» айтып берейін! -дедім де, Қасым Аманжоловтың «дариға сол қыз» атты жаңа романысын айта жөнелдім:

«Өңімде ме еді, түсімде ме еді,

Көріп ем ғой бір армандай қызды.

Бір нәзік сәуле күлімдеп еді,

Сұрапыл соғыс соқты да бұзды!

Тербелді теңіз, шайқалды шың-құз,

Қайда екен, қайда Дариға сол қыз? -деп басталушы еді.

Жүректің ең терең түкпірінен тербеліп, шықына өксіп басталатын алғашқы екі тармағы көмейімнен шыға бере өзім де тебіреніп, жан пернемді дәл басқандаймын. Өксуім де, өкінішім де, сол арманды аңсауым да ағытыла-ақтарыла жөнелді. Тек көзімнен жас шығармауға, үнімнен жарықшақ шығармауға тас бекініп, тас түйіліп алып, келістіріп әндеттім. Қол жаулығымен көзін басып отырып қалған Күләннің екі иығы ән аяқтағанша қалтырады. Ал, басқа көздер әйнектей жарқырап, қыбырсыз телміре қалыпты.

Үрімжі көркемөнермендерін бұрын естіп көрмеген поэзия періштесі құлақтарынан кіріп, киелі қанатымен жүректерін орап ала жөнелгендей. Ақияның көзі тіпті мөлтілдеп кетіпті. Өлеңнің авторын Күлән мен Асылқан жарыса сұрады да қайтадан айтқызды. Бірнешеуі жазып та алды. «Дариға сол қыз» ды айту арқылы Нұрияшты жоқтап отырғанымды айқын түсінген Күлән, сол Нұрияшыңның төлеуі мынау, қамықпа дегендей Ақияны нұсқап екі рет ымдады...

Отырыстың соңы биге ұласты. Күләннің өзімен де, ұсынған кандидатымен де әлденеше рет биге түстім. Ненің кереметі екендігін тергеушімнің өзі білмесе, мен қайдан түсінейін, Нұрияштың төлеуіне татитындай сол асқақ әнші, сұлу Ақиядан тайқап, биге, «әлдекімдерден қалған» Күләнді тарта беріппін.

- Менде не тұр, анаумен сырлассаңшы! -деп құшағыма күбірлей ілінген Күлән, жүзіме әдейі самарқау қарап, солғын билейді. Іс ырғағы жеделдегенде қомақты омырауына "асқазаным" тиіп те кетеді кейде. Ол шақта екеуімізде қызара қарасып алып, жүзімізді екі жаққа бұра билейміз. Оның неліктен қызаратынын өзі білер. Ал, мен ғой, сол қылмысты қазаным тиіп кеткенде күйіп кеткендей шым ете түсуінен қызарамын. Бұл құбылысқа да таңырқайсың. Мұндай омырау бұрын тиіп көрмеп пе еді маған. Әлияның омырауы да баршылық еді ғой? Жүз, шырай, айшық, әшекей жағынан ол тіпті артық та емеспе еді? Бірақ, оның қылмыстары мені жирендіргендігінен «тоңғанмын» дейін. Ал, Ақияшта не мін бар?...

Күлән екеуіміз бұдан соңғы отырыстарда да оқыстан соқтығыса қалып, қиыншылыққа ұшырай бердік. Ақыры асқазандарды жолатпай, алысырақтан сөйлесіп, сирегірек кездесетін болдық. Мақпалдан жауап хат келмеді. Кемелді Ақиясын күн сайын көріп жүрсем де көңілім түспеді. Сөйтіп, Нұрияштардан қалған соңғы дүниеде Күләннан басқа қыз жоқ сияқты сезіле берді. Бір күні таңертең көше қызыл-жасыл, алау-жалау бола кетті тағы да.

«Оспан қарақшыға өлім жазасы берілсін!» деп жазылған плакаттар мекеме ауласының ішкі қабырғаларына да қаптай жапсырылыпты. Жұрт өз еріктерімен ағылып, қызыл майданға кетіп барады. Таңертеңгілік тамақты іше сала мен де ұмтылып едім. Күлән көшеден кезіге кетті де, Ақияны күтіп тұрғанын айтып тоқтасты.

- Естідің бе, бүгін Закария да атылатын сияқты! -деді сонан соң. - Кеше үйіне апарып қоштастырып шығарыпты. Қазір ондай өлім жазасына бұйрылғандардың не тамақ жегісі келетіндігін үш күн бұрын сұрап, тілегенінше тамақтандыратыны бар. Закария өз үйінде отырып ет астырып жеуді өтініпті. Оны сот қызметкерлері үйіне хабарлап, дайындатып қойған екен. Закшың бір табақ етті асықпай, терлей отырып жепті де, жаңа туған жалғыз қызының бетін сүйіп қана шығыпты! -деп күрсінген Күләннің көзіне жас іркіле қалды. Мен де күрсініп жіберіппін. Жайшылықси қарап сұрадым:

- Қимайсың ба?

- Ол өз қылмысы үшін емес, Оспанның өтінуі бойынша өзі білетін шындығын айтудан ғана кетті ғой... өкініші-ақ!...

- Екеуіңізді көп күаттіріп қойыппын-ау! -деп жеткен Ақияға қарап, Күләнға дайындап тұрған Закария өлімі туралы сөзімді тоқтата салдым. «Екеуіңізді» деп қосақтап, дағдай атағанына Күлән бажырая қарап жымиды.

- «Әпекелі-бауырлы» екеуіңізді десеңші!

- Биған ағай келгелі ұялшақ та, секемшіл де болып барасыз-ау, ал, кешір, мұнан соң солай шұбырмалы атаумен-ақ атайын! -деп Ақия сыңғырлай күлгенде, мен тіпті сақылдап күліп жіберіппін.

- Міне, енді "екеуің"  деп мен атасам болады. Қатар шыққан күлкілерің қандай жарасымды! -деп Күлән жүре сөйледі. Ортада екеуін қолтықтай аяңдап едім. Күләннің қолтығына барған қолым тағы да ду ете түсті. Күләннің қолтығы тіпті «быж» ете түскендей, серпіле шығып, Ақияның ар жағына өтіп ала қойды. - айтпақтайын менің Бердіқұлым да атылатынын естідім, бүгін мені күлдірмеңдер! - деп Күлән күлгенде, Ақия менің жүзіме байқай қарап жымиды. Мен кейігенси қарадым Күләнға.

- Күйеуі қазір атылатын келіншек осылай күле ме екен!

Үшеуіміз қосыла сақылдадық. Күлән күлкісін тез жиып, күрсіне сөйледі.

- Өзіме атқызса соны!

- Қай жерінен атар едің?

- Қиналып өлер жерін өзім білем ғой!

Күлән екеуімізге кезек қарап күле берді Ақия. Ішегі түйілгенше күлді. Іштей ғашық екі достың мұндай күлкілі сөздерін комедия сахнасынан да естімеген сияқты.

Біз жеткенде сот майданы адамға лық толы. Үкім жарияланып болған екен. Атуға дайындаған оннеше кері төңкерісшіні дауалға қаратып, қатар тізіп қойыпты. Үшеуіміз қолдасып, қыспақтан бірімізді-біріміз суырып тарта барып, атылушылар көрінетін жерге жеттік. Жиырма шақты құралды сақшы мылтық шақпақтарын қайыра кезегенде артымыздағы халық арасынан иман оқыған күңкүлдер естілді.

- Кері төңкерісшілер өліміне иман айтуға болмайды! -деді бір белсенді зейіл дауыспен. - Тек осыларға тілеулес кері төңкерісші ғана оқуға тиіс!

Көп адаммен бірге күңгүрлеп тұрған бір ұйғыр қарт, бір аттап түсіп, бәсең дауыспен оған жауап айтты.

- Балам, біз бәріне емес, біріне ғана оқып тұрмыз, мұсылманбыз ғой, бишара Закарияға! Пақат соған ғана оқимыз! Ол, Оспан қарақшыға расын айтудан басқа істерінен атылуға тиісті емес адам еді. Ал, расын сөйлеу - иман!

- Егер нахақ екендігін толық білсеңіздер бұрынырақ неге арыз жазбадыңыздар?

- Оның да атылуға бұйрылғанын енді естіп тұрмыз, балам!

Бұл сөзді сыртынан естіп тұрған тапалдау қызылкүрең жігіт сөйлей жөнелді.

- Закария түгіл, «Оспан қарақшы» аталып тұрған кісіңіздің өзі де нахақ жазаланып тұр. Ол, нағыз халық батыры еді, амал қанша! 47-ші жылы шарқи Түркістан басшыларының оның еңбегі жөнінен шығарған аса тар ұлтшыл қортындысы нерв жүйесін зақымдап кетпеген болса!...

Үкім орындаушы мылтықтар дәл осы мезетте гүрс-гүрс етіп, едел-жедел үш рет атылып үлгерді. Ырғала толқып барып бұратыла-бұратыла құлады жазаланушылар. Түгел жусап түсті.

Қызыл майданға жиылған он мыңдаған адам солармен бірге жан үзгендей түйіліп тына қалғанда, мен әлгі бір тың пікір айтқан жігітке ұмтыла бердім. 1947-ші жылы Шығыс Түркістан атындағы үш аймақ үкіметінің бастығы Ахыметжан Қасым мен Сайфидендер Алтайға барғанда, Оспан батырмен не сөйлескенін толықтап сұрап көргім келді. Оспанның төңкеріс жолынан айнып, кері бұрылыс жасаған кезеңі дәл сол сөйлесу екендігін мөлшерлейтінмін. Жер тар болғандықтан турасынан қойдым сұрауды. Ыстық пен суықты көп көргендігі қоңырқай тартқан қызылкүрең, қалың жүзінен білініп тұратын жалпақ, түртпақ жігіт маған үңіле қарап жөнімді сұрап алып, қысқа сөйледі, сырын ірікпеді. Ұққаным мынау: Шың Шысай - гоминдаң үкіметтеріне қарсы 8-9 жыл бойына аса жапалы, қанды-қырғынды соғыс жүргізіп, аяулы бала-шағасын, алтын басын, талай боздақтарын, қанша мыңдаған қарапайым туысқандарын төңкеріс жолында құрбандыққа берген батырға халық талабы бойынша «халық қаһарманы» атағы мен алтын орден беруге келген сол үкімет өкілдерінің атақты Алтай төңкерісін «іле төңкерісінің бір тармағы» деп бағалағандығынан бұзылыпты. (Құрышпен құрсанған зор жаумен құр қол он жыл айқасқан Алтай көтерілісі қан кешіп, империялистік басқыншыны қалжауыратқан кезеңге дейін Іле аймағы тәтті ұйқыда жатқан еді ғой!) Анасын өзі туған кенже ұлынан тудырғандай бұл көргенсіз-ұждансыз өзімшіл бағаға батыр қатты шамданыпты. Үкімет бастықтары әкелген бес бұрышты батырлық орденді Ошаң таяғымен түртіпті: «Тоғыз жыл соғысқанымда бір бұрышын әрең түсіргенмін бе!» - бұл сөз, Шың Шысайдың алты саясатын бейнелейтін алты бұрышты жұлдызымен салыстырғаны. - «мен, қарғы тағатын иттерің емеспін, әкет ары!» дейтіні содан екен.

Соның алдында ғана жас балаларын 20 метр тереңдіктегі құдыққа тірідей тастап қырған гоминдаң жендеті қолға түскенде жол ортадан қосылған осы басшысымақтардың қорғап, құтқарып жібергені де батырдың кекті жүрегіне мұз болып қатқан екен.

Батырлық орден сыйлауға келген осы төре-қожаларды осы сөзбен Ілеге қайтарып жіберісімен Сарсүмбедегі уәли мекемесінен Көктоғайға көшіп барыпты да, көне жауы гоминдаңмен келісуге беттепті. Өмірлік мақсат-мұратынан осылай безіпті.

Қанға малшынып жатқан Оспан батырдың дөңбектей өлі денесіне жақындап келіп, қарап тұрып қалыппын. «Тарихы ерекше биік мұнаралардың біріндей есіл еңбек, дүниеге некенсаяқ келетін есіл жүрек, мұқалмас наркескенім, сол шарға бойлы, шабан үйлі, қисық көз, тар құрсақ жолбике мәнсаптылардың қорлауына тағы біраз шыдап тұрсаң, батыр атағың жерді жарып, көкті шарпып, ажал жетсе де алтындай жарқырап, мәңгі тірілігіңмен тік тұра берер едің-ау!» деген өкінішпен көзім бұлдырап барып, ірі-ірі тамшыларын ыршытып-ыршытып жіберді. Күлән мен Ақия өшіретпен тарап жатқан халыққа бұл жайымды білдірмей ортаға алып, ашық қабақпен қолтықтай жөнелді.

 

Кемеңгер тергеушім, оқыстан еріксіз тамшылап кеткен көз жасым үшін екі көзім солақай саусақтарыңызға киілер-ақ! Өз отанын қорғау үшін құрал ұстаған «қарақшы» Оспан мен титімдей өтірік сөйлей алмайтын «кері төңкерісші» Закария марксизмге «ұлы үлес» болып қосылып отырған ең пәк-ең әділ таразыңызбен нақ өлшеніп жазаланса да «нахақ» деп жылаған көзді солай жоймай болама!.. Қасқыр тақсырлардың жауы - адамның көз қарашығы екендігін өмір әлдеқашан дәлелдеп болған ғой!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір