Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3932 0 пікір 23 Шілде, 2012 сағат 09:52

Интернет-конференция: Амангелді Сейітханов (жалғасы)

Интернет-конференциямыздың кезекті қонағы журналист Амангелді Сейітханов оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдарға жалғасты жауап бере отырып: «Теннисшілерден өзім де шатасымын, Ресейдің атынан ба, біздің ту астында өнер көрсетіп жатыр ма деп. Олардан он тиын пайда жоқ. Зияны шаш етектен. Тіпті «Роллан Гарростың» бас жүлдесін алсын, одан не пайда жалпақ қазаққа. Бір қалағаның өзі мың баланың тамағына қажет қаржы талап етеді. Әкеліп жатыр, өздері де келе береді екен...  Велоспортың да сол. «Астана» сапында ана жүлдені алады, мына жүлдеге қол созады. Бюджеттерін көрсеңіз, құрысын, көрмей-ақ қойған жақсы... Сырттан хоккейші әкеліп ойнатамыз. Айтулы бапкерлерді де жіпке тізгендей етіп ұстаймыз. Содан «Барыс» алысқа ұзады ма? Жоқ, плей-оффтың бірінші кезеңінен тоңқалаң асады», деп еліміздегі кейбір спорт түрлерінің мәселесін айтады

«Абай-ақпарат»

Интернет-конференциямыздың кезекті қонағы журналист Амангелді Сейітханов оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдарға жалғасты жауап бере отырып: «Теннисшілерден өзім де шатасымын, Ресейдің атынан ба, біздің ту астында өнер көрсетіп жатыр ма деп. Олардан он тиын пайда жоқ. Зияны шаш етектен. Тіпті «Роллан Гарростың» бас жүлдесін алсын, одан не пайда жалпақ қазаққа. Бір қалағаның өзі мың баланың тамағына қажет қаржы талап етеді. Әкеліп жатыр, өздері де келе береді екен...  Велоспортың да сол. «Астана» сапында ана жүлдені алады, мына жүлдеге қол созады. Бюджеттерін көрсеңіз, құрысын, көрмей-ақ қойған жақсы... Сырттан хоккейші әкеліп ойнатамыз. Айтулы бапкерлерді де жіпке тізгендей етіп ұстаймыз. Содан «Барыс» алысқа ұзады ма? Жоқ, плей-оффтың бірінші кезеңінен тоңқалаң асады», деп еліміздегі кейбір спорт түрлерінің мәселесін айтады

«Абай-ақпарат»

- Мен бала күнімде Амангелді ағаны тыңдап, естіп өстім. Оның футбол жүргізудегі тәсілін әбден біліп алдым. Дауысы құлаққа сіңді. Қазақ тілінің қою да көркем құнарынан қанып ішіп, қазақ қауымын қуантқан саңлақ журналист ретінде аса жоғары бағалаймын. Уақыт өтті, заман өзгерді, алайда, Амангелдіден кейін шыққан спорт журналистерін де тыңдадық, көрдік, маған ешқайсысы ұнамады. Маған ұнамаған нәрсе - көпшілікке ұнауы да шарт емес. Бірақ, біз қазақ алалау үшін емес, бағалау үшін бірігуіміз қажет-ақ.

- 47 - ші қонаққа. «Көк тудың желбірегені, жаныма қуат береді. Таласқа түссе жан мен ту, жан емес маған керегі - Көк тудың желбірегені..». Алмас аға қалай айтады. Сазгер де мықты. Қолымнан келсе осы әнді министрлер кабинетінің ұраны етіп бекітіп берер едім. Бізді мақтағаны емес, қазақтың бірігуін жақтаған  үшін азаматқа респект. Толық қазақ түгілі Тобықтының басы да қосыла алмады-ау бағзы бір заманда. «Жаужүрек мың баланы» көргендер ұшып  тұрып, қол шапалақтайды екен. Ол тіпті де режиссерге немесе актерлерге арналған қошамет болмауы мүмкін. Жұртты пружинадай ыршытатын Қазақ рухы, нақты айтқанда әлгі қойылымдағы қазақстандықтар емес, «Қазақтар» деп анық айтылуында жатыр. «Толерантты Қазақстан» десінші біраз ел мырс-мырс күлер еді.

- "Масада" Ұлтымның ержүрек ұлдары неге «бандит» атануы керек? деген мақала шықты. Оқып шығып, пікір айтыңызшы. Біздіңше сіз жақсы білетін тақырып.

- «Масадағы» мақаланы оқыдық. Және сауал берушінің нені меңзегенін түсіндік. Алла жазса, осы тақырып төңірегінде толғансақ дейміз. Әлгі азаматтардың қоғамдағы рөлін ұғындыру мақсатында. Кейбіреулер «тоқсаныншы жылдардағы топалаң» атаған кезеңге қарақты көзбен қараған жөн-ақ. Дерек теріп жүрміз. «Піскен» кезде көқейдегі ойды ағытамыз.

- Ара-тұра блог жазып қоясыз. "Хабарда". Іште запыран бар секілді. Ашып айтуға болмайды ма. Тілектес ағаң.

- Запыран жоқ. Зар болуы мүмкін. Бүгінгі жұрт сериал құмар. Ауылдағы кемпір-шал да теледидар алдында отырады дейді, кезекті серияны күтіп. Қазақтың асыл уақытын мылжың сериалдар сарп етіп жатыр. Идея, мүмкін озық ойларды осы сериалар жұтып жатыр..  Одан не рухани азық аламыз? Берері бар ма, біздің ұлтқа? Әйтпесе анау «М-агент» - ол да бір құрт. Жегі секілді.  Сананы кеміріп жатқан. Алып тынбай ма ертең ақыл мен ойды, осыған тоқтау болса дейміз. Сосын жазасың. Өнерің өгей, күйлерің жетім. Шіркін, «Күй сағатын» ашар ма еді.. Бір күн Құрағаң «Көбік шашсын», сосын Түркеш «Көңіл ашсын». Тәттімбет пен Қазанғап  тағы бар. Олардың шығармаларын орындайтын оркестрлер баршылық.  Өткенде біреу айтады, «окопта отырып қару тазалаған қиын», - деп. Соның айтқанынан түк түсінгем жоқ. Ары қарай быды, быды бірдеңелер..

- "Хабар"" құрылғаннан бері істеп келесің. Спорт журналистикасында орның бар азаматсың, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Сөз қадірін, тіл қадірін түсінесің.Тележурналистердің көпшілігі осы тілден сүрінеді. Тележурналистер ішінен кімді қадір тұтасың? Атын атай аласың ба?

- Төрт аяғын тең алған жорға тележурналистер баршылық. Алдымен Нұртілеу Иманғалиұлын атар едім. Ол нағыз «телевизионщик». Бастан бақайшығына дейін. Немесе Әлімжан Сабыржанұлы. «Ұшақтан түсіп, құшаққа құлаған» қандастар жайлы айтқаны қандай әдемі. Бірде Әл-ағам тілшілер арасында жүр екен. Төргі комптьютерде Бибігүл Жексенбей мәтін теріп отыр екен. Тақырып қиын ба, ойланып қояды. Күн жауа бастады. Сонда Әл-ағам табан астында былай деді: «Көкте бұлт ойланып, сәлден соң құйды нұр. Ал, жерде ойланып, отырды Бибігүл». Әдемі ғой, ә. Арман Сқабылұлының өзі бір мектеп. «Жеті күнді» келесі бір белеске көтерді ғой. Экономикалық тақырыптың тарланы Аға Серік Жанболат. Жүргізушілік шеберлігімен талайды тамсандырған Қымбат жеңгей Досжан, жақсы қыз Жайна Сіләмбек. Дархан Әбдік пен Дана Нұржігіт.. Біздің тізім әзір таусылмайды. Кейінгі буыннан Қасым Аманжол. Берік Уәлидің шоқтығы биік. Сөзі нәрлі. Біраз жалғастыруға болады, енді..

- Аманкелді Сейітхан - ұлтшыл. сөзге шешен. Текті. Мінезді. Қырсық та кей кезде. Футболды тамаша ойнайды. Жүрсіннің жүйрігі болды бір кезде. Ақындығы ұнады. Айтысқаны емес. Жазбаша ақындығы. Жандос Айтбай: әзілқой момын және пысық адам. Аманкелдінің тілін алады. Есей Жеңісұлы: қырсық. білімді. Жазуы керемет. Почеркіде әсем. Тілі жатық. Асхат Сағынаев: Жағымпаз. Әлжуаз. Көреалмаушылығы бар тағыда. Даусы әдемі. Бірақ құлақты шаршатады. Ержан Көшкінбаев: Әділетті. Бетке айтады. Даусы унамай жатады халыққа. Шалқар Естен: Тыныш жүріп бәрін тындырады. Ғалым Сүлеймен: Ұшып жүреді аспанда. Не алып не қойғанын ұмытып қала береді. Рауан Оқасов: Жымиып жүреді. Өте арық. Руслан Меделбек екеуі бірденені ұйымдастырып жүреді. Руслан Меделбек: Қашан көрсең очки ауыстырып жүреді. Он сегиз очкиі бар ау шамасы. Ермұхамед Мәулен: Асхат айтатындай ұзын тұра журналист. Нұрғазы Сасаев: Не понятный тип. Бірде көл бірде шөл. Ұлтшыл. Болды осымен. Мен кіммін. Тапқыр болсаң Аманкелді ал кәне тап.

- Сөз саптасына қарағанда соның өзі болды-ау. Танып отырмын ба, қалай?

- Әбеке, ақыры спорт каналы ашылғалы жатыр екен. Соны жағалап көрсеңізші. Кем дегенде ұлтқа жаны ащитын бір тілші жүрер еді. Тізгінді бермейді оған бас қатырмаңыз

- Спорт арнасының тізгінін беретін «жоғарыда» нағашым жоқ. Оны өзім де сезем. Егер бастамашыл топқа қосса қазақ спортының кешесі мен бүгінін баяндайтын талай нәрсе ұсынуға болады..

- Лондон олимпиадасына Қазақстаннан қанша спортшы барады? Бокстан қанша барады? Өзіңіздің отбасыңыз туралы айтсаныз, үйде спортпен шуғылданатын адамдар бар ма? Нурик Нұржанұлы

- Лондонда Қазақ елінің спортшылары 25 сала бойынша сынға түседі. Боксшылар тоғыз. Қанат Сіләмға қатысты екі ауыз сөз. Бежінде өнерін тап қасынан тамашаладық. Кубаның спортшысын екі шайнап, бір бүркер еді, сәл қолы жүрмеді. Ұтылып қалған соң, рингтен түсіп тілшілер алдынан өтті. Алдымен Қытайдың ССТВ арнасы шақырды. Одан бас тартты. Жапон NHK, оларға да бұрылған жоқ. Еуроспорт пен ESPN ді де айналып өтті. Бергі бұрышта біздер тұрдық. Қасымызға тақағанда «Қанатжан» деп айқай салдық. Жетіп келді. Сөзі құлақта қалды. «Аға, майданда шамам келгенше соғыстым, бары осы болды», - деді. Шоқтығымыз биіктеген секілді. Әлгі алпауыттардың алдында. Биіктеткен Қанат бауыр. Қазақ сөзі естілген соң қаны ертіп келген ғой. Лондонға бармайтыны өкінішті. Ендігі нәсіпті кәсіпқой бокстан терер ма екен. Бағы ашылсын. Жұдырықты Қанаттай жұмсайтын спортшы аз, АІБА төңірегінде. Аллаға шүкір, отбасымыз бар. Үш бала дегендей. Үлкені доп тебеді.

- Ауыл атлетикадан Илья Ильин бара ма? Медаль алатындар кімдер болады деп ойлайсыз?. Бұл тағыда Нурик Нұржанұлы

- Илья Ильин тас-түйін дайын. Орыстың Ивановы болмаса өзгелерінен басым тұр әзірше. Ақылы бар жігіт. Медаль ілудің бір жөнін табатын болар. Ауыр атлеттер бірнеше жүлде алуы тиіс. Анау жеңіл салмақтағы Чонтей мен Фарки. Сосын Шиншанло мен Манеза. Подобедовасы тағы бар. Еркін күресте Дәурен Жұмағазиев пен Дәулет Ниязбеков. Қытай жерінде екінші орын алған Теймураз Тегиев те Батыс Қазақстанның атын шығаруды ойлайды. Жеңіл атлетика, оның ішінде ұзындыққа секіруді қапысыз меңгерген Ольга Рыпакова. Биіктікке секіретін Марина Айтова да бестіктен төмен түспейді деседі. Кебіспаев әлем чемпионатында күміс медаль алды. Дархан Баяхметов Бежінде бестіктен табылған. Нұрмахан әлем біріншілігінің жүлдегері. Бокс жайында айттық. Раковтан басқа дзюдода Сергей Лим мен Ринат Ибрагимов жүр. Ислам Бозбаевтың да көрінетін тұсы. Серкелер солар, бірақ бәрін бұйрық біледі.

- Иншалла, Әділбек Ниязымбетов чемпион болады, бұны бір деп білің. Ал Амангелдінің сөйлегені ұнамайтындар шала қазақтар, оны екі деп білің!

- Әділбек Ниязымбетовтың де аяқ алысы жаман емес. Бірақ олимпиада да ысылғандарның мысы басып кетпесе..

- Aмангелдi бауырым, саясатка қалай қарайсын? Осыдан 8 жыл бұрын Үржар-Мақаншыдан Парламент депутаты болам деп шапкылап едiң. Содан кейiн сенi Мақаншыдан көрген жоқпыз. Елге өкпелеп жүрсiң бе? Мади, Маканшы.

- Бекжан ақынның айтатыны бар: «Сауалыңа  мен жауап бере алмаймын, кемшіліктің болмауы да кемшілік қой». Саясатқа қатысты не айтуға болады. Ұлтқа жаның ашыса керек-ті. Мынау мемлекеттің өзімізді екенін әбден түйсінуіміз қажет-ақ. Баяғыда Ленин ревалюциясы кезінде патшаның ұрпағы таң қалып отыр дейді. «Апыр-ау атам осы елде байлар көбейсін деуші еді, мынау Совет кедейлер жасасын дейді. Естері анық дұрыс па екен өзі». Астар жатыр әлгі сөзде. Қазір әркім болсын, әкім болсын өз жеріне өгей көзбен қарайды. Бір тарпып қалуды аңсайды, ақшалай болсын, заттай болсын иемденіп қалса көңілдері шат. Шетімізден эгоист атандық. Қоғамға емес, қарынға деген қарыммен өмір сүріп жүрміз. Өткендер біреу барды ғана емес арды сатудың алғы шарты жайында айтады. Түсінген жоқпыз. Ол түсіндіруге тырысты. Бас сауғаладық. Құрысын дедік. Түбі бізді осы «құрысын» құртуы да мүмкін. Ел енжар, жұрт жалқау. Ауылда трактор жүргізетіндер тапшы. Қой бағуға да бармайды, жастар. Алматыны іздейді. Қаланың көшелерінде жүргенді ойлайды. Ауылдар Алатының іргесіне қоныстанып жатыр. Шекаралық аймақтар жалаңаш қалса қайтеміз. Баяғыда Мақаншының үлкен-кішісі шекарашы еді, шекара жақын ғой енді. Ауылға жанымыз ашымаса, ауыл дейміз-ау аулаға да жан ашымайды қазір. Алғаш ҚазМУ студенті атанғанда жатақханының маңын бір үлкен кісі сыпырып жүреді. Бірде көмектескіміз келді ғой деймін, жақын бардық. Жарты сағат ақыл айтты. Терезеден төмен лақтырылған заттарды көрсетті. Лас-лақұлын терезеден лақтыратын елдің мәдениеті өте төмен болатынын айтты. Келешекте олардан тәрбиесіз ұрпақ өретінін жеткізді. Әлі күнге дейін қоқсықты жөнсіз атып етуге сол кісіден қаймығамын. Бірде Шымкент пен Алматы арасын шойын жолмен өттік. Зеріккен соң терезедан сыртқа қарадық. Дала қоқысқа толы. Дала болғанда поез жолының қапталын айтамыз. Не жоқ дейсіз. «Одессалықтар» қайтер еді? Асықпай теріп алар еді. Құтыларды өткізеді, қағазың макалатура. Ендігі дерт анау целофандар секілді. Ол құрғылларың бірнеше жылдан кейін улы заттар бөледі дегенді айтады ғалымдар.  Мұхтар аға Мағауин айтты дейтін нақыл бар. «Жақсылықты әуелі өзіңе жаса, сосын туған -туыстарыңа, отбасы тағы бар. Одан қалса ауылыңа асып бара жатса ауданыңа. Облысты ойласаң да болады. Қалып бара жатса Республика бар ғой..» Біздер бірден ТМД -ны таңдаймыз. Менталитет сондай. Мақаншыға өкпелеу? Ол мүмкін емес. Мақаншы -менмін. Өз қолыңды қалай кесесің?

- Елімізде спорт коментаторларын дайындайтын курс бар ма?

- Елімізде спорт комментаторларын даярлайтын курс әзірше ашылмаған. Сауатты сөйлейтіндер бар болса беделімді салып, репортаж жүргізуге қосып көрейін.

- Әбеке,сізге аз-кем ұсыныс айтсам деп едім:
1.Олимпиада жүргізуші болсаңыз көркем тілде айшықтамай,қысқа әрі нақтылау сөйлесеңіз;
2.Белгілі спорт түрін бастар алдында сол ойын атауы,командалар,ойыншы жетістігі жөнінде аз-кем мағлұмат берсеңіз;
3.Ойын барысында қызбалық жасамай бірқалыпты,бейтараптық ұстанып сөйлесеңіз. (Барша қазақ жүргізушілеріне тән жағымсыз нәрсе-ол дарақы мақтаншақтық. Алдын ала жерлестерімізді жер-көкке жеткізбей мақтаудан арылу керек ғой);
4.Ойын барысында көп сөзділік пен қуақы сөйлеуге тырыспасаңыз.Бізде қазақша білетін ұлты басқа 129 ұлт өкілінің кейбір сөзіңізге күлетінін ескеріңіз.
5.Олимпиадалық ойын барысында сол ойынның терминін қолдансаңыз. (Мысалы,футболда "қапталдан ұрды дейсіз.Қазақ қашан аяқпен тебуді ұрды деген?аяқпен ұратын қол емес пе?

- Ұсынысқа ұқыппен қараймыз.

- Сіздің туған жеріңіз Қытай дейді? Сол рас па? Әлде ата-аналарыңыз сол жақтан көшіп келді ме? Тележүргізуші оралман болған дұрыс сияқты? Жергілікті қазақтар қазақ тілінде дұрыс сөйлей алмайды.

Оралман

- Туған жерім - Мақаншы. Қытайдың Шәушегінен алпыс алты шақырым. Шынтақтап жататын тауымыз - Тарбағатай. Қазақша түсінікте суырлы тау, суыр өріп жүреді. Аяқты Алакөлге малып, салқындаймыз. Әсет Найманбаев ән салған өлке. Негізінен Қаракерей Қабанбайдың ұрпақтары тұрады. Қожақұл біздің бабамызбен бірге туысады. «Спорт» газетінде «Найман Ата, Ер Қабанбай, Мұстафа» атты мақала жаздық. Сонда біраз тарихи оқиғаларды ойға қазық еттік. Бәйжігіттің балалары жайында деректер бар. Тіл жазықты, түйсік шекара дұрыс сызылмаған-ау деген уәж ұстатады. Жеті атаның бейітін түгендегенде көз жеткіздік.

- Осы күнги қоғамда Әлжан Жармұхамедовтың насихаты аз секілді көрініп тұрады. Әлжан Жармұхамедов жайлы не айтасыз?

- Әлжан Жармұхамбетов қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы. Саңлақ ағамен сан мәрте сөйлестік. Кейбір әңгімені баспасөзге бердік. Мысалы, «Жас қазаққа». Мұрағатта тұрған шығар. Насихаты аз, әрине. Екі саусағы жоқ, көзі нашар көреді. Сөйте тұра кешегі кызыл империяның құрама командасына ілінді. Иван Эдешко секілді мықтымен тізе қосып ойнап, Кеңестер Одағына олимпиаданың алтын медалін алып берді.

- Амангелді мырза, теннис, жеңіл атлетика, велоспорт т.б. спорттарда әлі қара көздер аз. Осы спорт түрлерінде ешқандай алға жылжу жоқ. Салық төлеушілердін ақшасын жегеннен басқа ылғи туристтер сияқты, тренерлер басқа ұлт болғаннан кейін қазақ балаларын алмау саясаты әлі қалып қалған сияқты. Первак, Щукин, Винокур әне-міне жеңеді деп жеген ақшаларын ақтаған сияқты ғып орыс баспасөзі қырып жатқандай қолдап қояды. Ал біздің спорт журналистері олар туралы шындықты айтпай біздің керемет чемпион боксшылар, күрескерлер бір жерде қалт кетсе төпелей бастайды. Саясаттары жоқ журналистер жазу деген осы екен деп орыстармен қосылып жамандай береді. Осы спорт түрлеріне мемлекет қанша ақша бөледі? Менің айтқан ойым дұрыс па, амангелді мырза? Ана сөз андыған, түсініктері төмен қатындарға жауап бермей-ақ қойыңыз сіздің  денсаулығыңыз жақсы болғаны ел қызметіне керек

- Қышыған тұсты қасып беріп отырсыз. Жаным рахаттанып қалды. Теннисшілерден өзім де шатасымын, Ресейдің атынан ба, біздің ту астында өнер көрсетіп жатыр ма деп. Олардан он тиын пайда жоқ. Зияны шаш етектен. Тіпті «Роллан Гарростың» бас жүлдесін алсын, одан не пайда жалпақ қазаққа. Бір қалағаның өзі мың баланың тамағына қажет қаржы талап етеді. Әкеліп жатыр, өздері де келе береді екен...  Велоспортың да сол. «Астана» сапында ана жүлдені алады, мына жүлдеге қол созады. Бюджеттерін көрсеңіз, құрысын, көрмей-ақ қойған жақсы... Сырттан хоккейші әкеліп ойнатамыз. Айтулы бапкерлерді де жіпке тізгендей етіп ұстаймыз. Содан «Барыс» алысқа ұзады ма? Жоқ, плей-оффтың бірінші кезеңінен тоңқалаң асады. Қазір Ресей футболы ақсап тұр. Ұлттық құрамасына енді Фабио Капеллоны әкелді. Валерий Газзаев айтыпты. «Содан орыс футболы түзеліп кетпейді. Ресей ақшасы күзеліп қалуы мүмкін. Орыс табиғатын түсінетін жергілікті жаттықтырушы болмаса ақшамен апталған әлгілердің әркетінен түк те шықпайды». Осетин орысты ойлап отыр. Бернаекті емес, Болат Есмағамбетовты бас бапкер етіп тағайындайықшы, қазақ футболы қайқаңға жол салады. Ары қарай асулар да көрініп қалар. Бұрынғыдан сөз қалған ба, етектен кесіп жең болмас, өзіңнен тумай ұл болмас. Біреудің малын біреу ысқырып жүріп іздейді ғой. Сұлтанмахмұт не дер еді, «ішінде нақақ көзден жас барма деп, кесені айналдырып қарай бердім».

Екі жарым жыл Амакелді эфирге шыққан жоқ дейді, өткенде әнші-актерлаер арасында "Хабарда" бокс болғанда комментатор болды ғой, түк те ұнамады, сол "баяғы жартас - бір жартас". "Адам 9 жасында қандай болса 90 жасында сондай болады" - деген. Сондықтан негізінде жоқ болса, бұрын қатырмаған адам енді бірдеңе қатырады деу артық деп ойлаймын.
Сосын жоғарыда біреулер "Хабарда" жүріп іште айта алмай жүрген запраныңыз бар шығар" депті, мен "Хабарда" істейтін адамдарда запыран бар деп ойламаймын, олардың Қазақстандық шенеуніктерден еш айырмашылығы жоқ.
Және "Хабарда" журналист болу не бары - жарнамашы немесе насихатшы болу деген сөз ғой. Егер запыран бола сол жерден кетпей істеп жүре болса, ол адамның өз пікірі, ішкі еркіндігі болмағандығы.

- «Хабарда» істейтіндердің шенеуніктерден айырмасы аз дейсіз ау.. Бірде Бауыржан Омаров дәріс оқыған аудиторияда бір қыз осы мұғалімдерді де еркек дейді-ау деп күңк ете қалыпты. Сонда Баукең жалма-жан «нағыз еркек еркек емес, нағыз еркек мұғалім» деген екен. Жұматай көке Сабыржанұлын көп оқыған соң ба, мен де кейде «не по теме» кете беремін.  Шалдың баласымын ғой...

- Аманкелді аға, біздің елімізде осындай жарыстар өткізуге мүмкіншілік бар ма? Халқымыз дайын ба? Не істеуіміз керек?

- Олимпиада ойындарын ба? Ондай батпанқұйырықты кім берсін. Ел дайын ба дегеніңде үлкен мән жатыр. Шынын айту керек біздер әлі жанкүйер болуға асықпай жүрміз. Сенбейсіз бе? Бақасын қояйық. Бокстан Қазақ елінің ұлттық біріншілігі өтіп жатқанда зал толмайды. Ал көруге келгендер ауылдың ибалы келіндерін еске түсіреді. Жанын жұлып жеп отыратындарды көз шалмайды. Біреулерге неге бармайсың деп сауал тасташы. Жауаптары дайын. «Әй, қайбір шекесін қыздырып бокстасады дейсіңді» алға тарта салады.

- Аудан мен ауыл спорты қайтсе көтеріледі? Санитарлық талапқа сай келе ме?

- Ауыл мен аудандарда спортты көтеру ең өзекті мәселе. Ол шешілсе кеттік зымырап, олимпиада ойындарында олжа салу ойыншық болып қалады. Мен өз ұлтымның өте талантты екеніне күмән келтірмеймін. Әттең «асырау» жағын келістіре алмаймыз.

- Амангелді футболды орыстар ұстайды дейді сол рас па? Азияға қайтаруға бола ма?

Қазақ футболының тізгіні кімде дейсіз бе? Әне, күрсіндіргіңіз келеді.

- Лондон олимпиядасының репортаждарын тікелей эфирден кім жүргізеді, қай арнадан беріледі, комментаторларды кім анықтайды?
Пікірлерді қарап отырсақ сізден басқа ұлтты сақтап қалатын ешкім қалмапты, Аманкелді қазақтың шын жанашыры болғанын немесе басқа спорт журналистерінің қазақтың жауы болғанын кім, қайдан көріпті?
Сізді танымал спорт журналисі деп жатыр (келісуге де, келіспеуге де болады) бірақ танымал болудың барлығы ел алдында беделді болу дегенді білдіре ме?
«Елде спорттық тележурналистика мектебін қалыптастырды» дейді сізді, бірақ біз көреремен қазақтық спорт журналистикасын басқа бір сауатты, кәсіби адам қалыптастырғанын қалар едік, сіз қалай ойлайсыз?
«Если человек - талант, то он талантлив во всем» деген сөз бар, егер сіз спортта қаншама кемшілікпен жұмыс істесеңіз жақтаушыларыңыз айта беретін әдебиетте бірдеңе тындыруыңыз мүмкін бе?
Осы конференцияңызда шыққан сұрақ-жауаптарыңызды телеарнадағы бастығыңызға және спорт комментатор әріптестеріңізге көрсетіп, талқылай аласыз? (болашақта түзеліп қалар деген ниетпен)
ҰСЫНЫС:
Қазақ тілінде сөйлегенде (Асхат Сағынаевқа қатысты) «Мягкий знак - «ь» - жіңішкелік белгісін қосып сөйлемеңіздерші (кешье еліміздье өьзіміздің спортшылар кездьесу өьткізді).
Тіклелей эфирде репортаж жүргізіп отырып жалған патриоттықты қою керек (Сізге де қатысты). Қызбаланғансып, қатты айғайлап, микрофонды жыртып жіберердей өтірік шұбалаңдап не керек? Біздің қазақ теле жүргізушілерінің көбінің ауруы - жаңалық жайына қалып, қайтсем көрерменге жағамын деп өзімен әлекке түсуі.
- Лондон ойындарынан тікелей эфриді «Хабар» мен «Еларна» таратады. Комментаторларды арна басшылары іріктейді. Іріктеп қойды да. Ұлтқа сіз тіреу болсаңыз қандай жарасымды. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Асқатты да, оның айналасындағыларды да. Спорттық тележурналистиканы қоғам қалыптастырады. Адам сол қоғамға қызмет ететін болар. Ұлттың ұстазы бар. Ол - Абай. Құнанбайдың баласы. Қалғанымыз сол кісінің шәкірттеріміз. Не дейді сол, Абай. «Мен көрдім дүние деген иттің көтін, жеп жүр ғой біреуінің біреу етін». Қазақты қазақ қолдасын. Өткенде түсімде, Қазақ ГАИ лері қазақтарға айып салмайтын күнді көріппін. Толерантты бола алмаған түсімнен түңілдім. Сіз ше?

- Амангелді аға! Ассалаумағаликүм! Аға, мұндай қазақ мәселесін ашық көтеретін ортаға «Хабар» арнасының ортасынан алшақтап қалмайсыз ба? Әлде ол жерден әлде қашан табаныңызды суыттыңыз ба? Қазақтың мәселесін әу деп айтқан адам жауға айналатын заман болып тұр ғой.

- Өртеңде отырып та өлең жазатын шығар, әлдеқандай заман болса, тағы да Жұматайшалап кеттім бе?

Кейбір пікірлерге жауап

Айтыстан ажырауға Жүрсін ағаның еш қатысы жоқ. Уақыт тапшы болды. Ерманов замануи айтыс өнерінің өрістеуіне жол ашты. Жүйріктері жырымен елді сусындатты. Көптеген таланттар ашылды. Арман Сқабылұлы бастаған бір топ жігіт «Жастарды жырлатып» жүр. Ол да үлкен жоба. Екі жылда жүздеген жас ақындарды жұрт алдына алып шықты. Шымкенттің Қажымұқаны, Таразды Қанаты, Торғайдың Тобасы, Семейдің Бибігүлі, Оралдың Мұрадымы кез келген додада топ жаратын жүйріктер дер едік. Олардың қапталында тағы бір шоғыр жастар жүр. Айтыс - қазақ өнерінің биік шыңы. Кешеміз әрі ертеңіміз. Асыл мұраны көз қарашығындай сақтау керек.

 

«Спорт» арнасы жайында

Әлгі КЗ тек санаулы сындардан репортаж береді. Өз өнімін ұсынған емес. Енді «Балапан», «Мәдениет» секілді деңгейде телеөндіріс құру көзделіп отыр. Енді түсінікті шығар.

Ардақты ағайын, сіздермен жүздесуге мүмкіндік берген «Абай.кз» ке мың алғыс. Самғай беріңіздер. Жұмысқа келген бетте осы сайтқа бір қарап барып, газетке қол созамыз. Қазақ бірін бірі іздесе дейміз. Іздеу деген осы, қазақтың баспасөзін оқысаңыз да ұлтқа қызмет ету. «Қыз-Жібекті» көрген шығарсыздар. Бекежан мекенім Қосабада демеуші ма еді. Өйткені ол қазаққа жау шапқанда ғана керек болды. Әлгі би-шешендердің «түзде жүрсек батырмыз, үйде жүрсек қатынбыз, әйел ауру бала жас, келі түйіп жатырмыз» дейтінінде де үлкен мән жатыр. Мынау қасиетті Рамазанда Құдыретті Аллдан тілегім бар: Қазақты қазақ бағалайтындай ет, Жаратқан. Әмин деңіздерші, Ағайын.

Соңы

«Абай-ақпарат»

0 пікір