Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3713 0 пікір 23 Шілде, 2012 сағат 07:27

Аманхан Әлімұлы. Абайды түсініп оқудың өзі талант.

***

Абай - қазақтың поэтикалық және әдеби тілін қалыптастырды. Өз сөзімен айтқанда, жаңаның басы (жаңалық ашушы емес) болды. Яғни, ол сезіну, сезу - құбылысын, білу, білімділік -  қасиетімен үндестіріп, өзі ұлттық тұлғаға айналды. Сөйтіп, гректер өздерін Гомерсіз, ағылшындар өздерін Шекспирсіз, немістер өздерін Гётесіз, орыстар өздерін Пушкинсіз көз алдына елестете алмайтынындай, Абай да қазақтардың өздерін, өзінсіз көз алдына келтіре алмайтындай жағдайға жеткізді.

***

Абай Гёте, Пушкин, Лермонтовтың өлеңдеріне қазақ «қанын» құйып, ассимиляциялап жіберді. Өйткені,  ұлттың ұлы ақыны олардың туындыларын, олардың өздерімен ақындық жарыстырып  аударған  еді.

***

Поэзияда шындыққа қарағанда,  ақиқатқа қол жеткізу қиын. Абай соған қол жеткізіп, данышпан ақын атанды. Яғни, ақыл-ойды поэзияға көтерді, сөйтіп, о қасиеттерді сезім  атты құбылыспен үндестіріп, ұлт ақыны атанды.

***

Абай екі қызметті қатар атқарды. Бірінші - әдеби тілді қалыптастырса, екінші - әдебиеттің өзін қалыптастырды. Оған қосымша, нағыз ұлт ақынының ғұмырын кешті.

***

***

Абай - қазақтың поэтикалық және әдеби тілін қалыптастырды. Өз сөзімен айтқанда, жаңаның басы (жаңалық ашушы емес) болды. Яғни, ол сезіну, сезу - құбылысын, білу, білімділік -  қасиетімен үндестіріп, өзі ұлттық тұлғаға айналды. Сөйтіп, гректер өздерін Гомерсіз, ағылшындар өздерін Шекспирсіз, немістер өздерін Гётесіз, орыстар өздерін Пушкинсіз көз алдына елестете алмайтынындай, Абай да қазақтардың өздерін, өзінсіз көз алдына келтіре алмайтындай жағдайға жеткізді.

***

Абай Гёте, Пушкин, Лермонтовтың өлеңдеріне қазақ «қанын» құйып, ассимиляциялап жіберді. Өйткені,  ұлттың ұлы ақыны олардың туындыларын, олардың өздерімен ақындық жарыстырып  аударған  еді.

***

Поэзияда шындыққа қарағанда,  ақиқатқа қол жеткізу қиын. Абай соған қол жеткізіп, данышпан ақын атанды. Яғни, ақыл-ойды поэзияға көтерді, сөйтіп, о қасиеттерді сезім  атты құбылыспен үндестіріп, ұлт ақыны атанды.

***

Абай екі қызметті қатар атқарды. Бірінші - әдеби тілді қалыптастырса, екінші - әдебиеттің өзін қалыптастырды. Оған қосымша, нағыз ұлт ақынының ғұмырын кешті.

***

Сезіну, сезу - туабітті табиғи құбылыс, білу, білімділік - жүре келе қалыптасатын қасиет. Жүребітті қасиет келе-келе бұзылуы әбден мүмкін, ал, туабітті сезім, сезіну бұзылмайды. Білу- білімділіктің көрсеткіші, сезім, сезіну - қандық-тектік категория. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде,   Олжас адам ретінде көп біледі, ақын ретінде тілді де, рухты  да сезінбейді. Ондай жаннан ұлт жанашыры шығуы екіталай.   Сонымен бірге, онда білім, білу қасиеті жетілген. Ондайларды кітаптан шыққандар дейді. Кітапшылдық өмірден өрмей, оқып-тоқудан бастау алады. Бұны айтып отырғаным, білімділік пен сезімталдық-сезіну үндескен тұстан интеллектуалды  поэзия өріп, ақын топырағының құнарлылығын көрсетеді.  Мұнда ана тілінің, туабітті бойдағы  ділдің  алатын  орыны ерекше. Абайда соның екеуі де жетілген,  кемелденген. Оның «толық адам» болатынының сыры сонда.

***

Абай қазақ тілінің поэтикалық заңдылықтарына орыс поэзиясы арқылы еуропалық қан жүгіртіп, оны үндестік үрдісімен логикалық және көркемдік жағынан жетілдірді. Сөйтіп, қазақ поэзиясы ұлттық тіл, образ, музыка  (ТОМ) үндестігіне бой алдырып, ақындарымыз суреткелік пен көркемдікке қол жеткізді. Яғни, қазақы қарабайырлық пен қарадүрсіндіктен әрі жалаң баяндаудан,  көпсөзділіктен арылды. Қазіргі кейбір ақынсымақтар, сол үндестікті бұзып, өлеңді хаосқа, ыстығы көтерілген баланың сандырағына, яғни, абстракциялық қолға да, сана-сезімге де тұрғысыз еткенді былай қойғанда, прозаизмге айналдырып жіберді. Соның бірден бір көрінісі, «Қазақ әдебиеті» (№27. 29.06.2012) газетінде жарық көрген Ықылас Ожайдың   топтама өлеңсымағындағы қыздырма-қызыл қарасөздер жиынтығы. Белгілі бір ырғаққа түсірілген, басқасын былай қойғанда, тіпті, өлеңге қояр басты талаптардың бірі ұйқастан ада, ақынсымақтың ойдан-қырдан құрастырған (шабытсыз шатпағы) қарасөздерінен ұлы Абайдың   «/Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы, /Қиыннан қиыстырар ер данасы./ Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,/ Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы/»,  сосын « /Сылдырлап өңкей келісім, Тас бұлақтың суындай/», дегенінің өзі түгілі, түр-түсін де, мазмұн-мәнін де таппайсың. Жыраулық үлгімен құрастырылған  «Қоңырдағы» жылтыр, әр жерден бір тиіп қашып көрінетін  шалыс, шала ұйқастар, көпірме көпсөзділік көңіл қаузайды. Мен білемін, ондай ақынсымақтар, өлеңнің ырғаққа түскенінен басқа қасиеті бойына туабітпегенін мойындамау үшін «Мен өлең жазып  отырғанда ұйқасқа қарамаймын. Маған мазмұн, ой керек» дейді. Бұл ақталу ғана. Әйтпесе, ырғаққа түсірілген қарасөздер жиынтығы шабыттың емес, қаражұмыстың, яғни, отыра қалып «өлең» жазудың кәсіпқойға тән қасиеті ғана. Дыбыс, сөз бен сөйлем, тіл, образ, музыка (ТОМ) үндестігін сезінбеген адам солай демеске амалы жоқ.  Бұндай ақынсымақтардың жақсы оқырман болып қалғаны әдебиетке де, поэзияға да әлде қайда пайдалы.

***

Абай ақылды поэзияға көтерген бірден бір ақын. Ақыл мен сезімді үндестіру кез келген ақынның пешенесіне жазыла бермеген. Қадағаң, Қадыр Мырза  Әлі де сондай ақындар санатына жатады. Лирика мен философия үндескен тұстан данышпандық басталады.

***

«Жас жүрек жайып саусағын» Нағыз ақын көріп, сезінген құбылыс. Ал, оны поэзиялық  көркем, сазды, образды ( бір бірі толқындай қуалап, дыбыстық хаостан арылған «ж» әріпімен басталған сөздер мен сөйлемдер үндестігі соның көрінісі)  деңгейге көтеру туабітті шабыттың шалқыған тұсы.

***

Абай поэзиясында да, прозасында да стилист (еліктеуші емес) және көркемсөз (художник) иесі. Оның әрбір сөзі мен сөйлемі нақты, жинақы, айналасы жұп-жұмыр ( Өз сөзі) көпсөзділік пен шашыраңқылықтан ада. Онда артық өлең, артық қарасөз жоқ.   Тәкең көкем, Тәкен Әлімқұлов сондай жазушы еді. Жақсы нәрсенің жұқпалы болғаны  қандай жақсы.

***

Пушкин «Вот  Муза, резвая болтунья» - десе, Абай «Өлең  шіркін өсекші  жұртқа жаяр» - дейді. Бұл  ұлылар  үндестігі. Поэзиядағы  реминисценция деген осы.

***

Абай қазақ өлеңінің көкжиегін кеңейтіп, Ана тіліміздің мол мүмкіндігін  поэтикалық-интеллектуалдық  поэзияда толық пайдаланды.

***

Тілді меңгеру  ұлттық ақындықтың  көрнісі  емес. Ол ұлттық стихияны, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, сана-сезім, тұрмыс-тіршілік   көріністерін  тіл,  образ, музыкамен  (ТОМ) көмкеріп, ұлттық  нақышта оқырманға  жеткізе  білу. Мысалы, Еуропалық  үрдіске  тән «Жапырақтар қол соғып тұр» деген сана-сезімде емес, « Жапырақтар жамырап тұр» деп толғаған қазақы ойлау мен көруден өрген сана-сезімнің көрінісі болуы керек.  «Жапырақтың жамырау» қазақ  тұрмыс - салтындағы  құбылыс.  Қозы - лақтың  жамырағанын  көз алдыңызға  келтіріңізші?  Болмаса, сол Абайдағы  «Лай суға  май бітпес қой өткенге» , сондай-ақ,  « Көңілдің  жайлауынан  ел кеткен  бе?» немесе «Кәрі  құдаң  қыс келіп, әлек салды», «...бас изеймін шыбындап» деген  жолдарда Тәкен  көкем Әлімқұлов айтқандай «ұлттық дәстүрден тысқары» ештеңе жоқ емес пе?  Міне, ұлттық ақын мен ұлттық өлеңнің  үлгісі  осыларда  жатыр. Сол Тәкен  көкем «Тамырсыз өсімдік өспесе,  тамырсыз  пенденің  кітаби  білімі  ұзаққа  бармайды»  дейді. Бұл сөз  Олжас,  Қабдірақманов,  Қодар, Данияр  Әшімбаев,  Болат Аюханов секілділерге  қаратып  айтылғанына  еш дауа  жоқ.

***

Ақын  болу  үшін  прозаик  болмау  керек. Екеуінің  арасында  алуан-алуан өткел бар.

***

Абайды  түсініп  оқудың  өзі  талант.

"Абай-ақпарат"

0 пікір