Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3746 0 пікір 23 Шілде, 2012 сағат 07:14

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

IV

Күрсініп жіберіп, арбаны 3-ші ауылдағы Дүйсен мектебіне қарай бұрғыздым. Жаңа бүрлеп келе жатқан жусанды жазық дала, жайнаған шуақты күн, қалай жүрсең де қауіпсіз, тыныс кеңіте аңқыған жұпарлы леп. Көкірегімді тарылтып келе жатқан, тек Мақпал ғана. «Ішімнен өзінен бір лебіз ести алмай кетер ме екенмін!» -деп қынжыламын. «Рас сақшы құтқарған болса, ең ұзағанда ақпан айында-ақ хат жазар еді ғой!»...

Мақпал қақпанға түскен Дөңгелекши жиегіне жете бере арбадан секіріп түстім. Сондағы арпалыста тереңірек түскен сыңар табанның ізі табылса да сүйгім келгендей, құмарта, қадала іздедім сол маңды. Екі қыс бір жаздың жауыны мен желі барлығын өшіріп жоғалтыпты. «Жүрегіндегі лапылдаған отын да осылай өшіріп кетті мекен!» -деп қалғанымда көзімнен жас ыршыды. Арбаға қайта келіп отырып, қос теректің тұсына келгенде тағы да секіре жөнелдім. Ұмтылмас қасиетті «төсегімізді» сиыр аунап, бұқа тарпып ойрандағандай қарға, қарақұс саңғырығы да жатыр. Ондағы шалғын-қияқтан ештеңе жоқ! Жаңа көріскенімізде, онан кейін жолығып, айрылысар шақтардағы қайта-қайта қайрылысып, сүйісулерімізде далда болған Жарқабақ та құлап, бір опырылым түсіпті! Ар жағында көктеулік жұртында шошайып-шошайып, туған-өскен ауылы отыр. Жерошақ маңында күйбеңдеген бір-екі кемпірден басқа ешкім көріне қоймады. Тағы да күрсіне қайтып арбаға шықтым. Бұлақты жағалап барып, мектеп тұсына жеткенде өттік.

IV

Күрсініп жіберіп, арбаны 3-ші ауылдағы Дүйсен мектебіне қарай бұрғыздым. Жаңа бүрлеп келе жатқан жусанды жазық дала, жайнаған шуақты күн, қалай жүрсең де қауіпсіз, тыныс кеңіте аңқыған жұпарлы леп. Көкірегімді тарылтып келе жатқан, тек Мақпал ғана. «Ішімнен өзінен бір лебіз ести алмай кетер ме екенмін!» -деп қынжыламын. «Рас сақшы құтқарған болса, ең ұзағанда ақпан айында-ақ хат жазар еді ғой!»...

Мақпал қақпанға түскен Дөңгелекши жиегіне жете бере арбадан секіріп түстім. Сондағы арпалыста тереңірек түскен сыңар табанның ізі табылса да сүйгім келгендей, құмарта, қадала іздедім сол маңды. Екі қыс бір жаздың жауыны мен желі барлығын өшіріп жоғалтыпты. «Жүрегіндегі лапылдаған отын да осылай өшіріп кетті мекен!» -деп қалғанымда көзімнен жас ыршыды. Арбаға қайта келіп отырып, қос теректің тұсына келгенде тағы да секіре жөнелдім. Ұмтылмас қасиетті «төсегімізді» сиыр аунап, бұқа тарпып ойрандағандай қарға, қарақұс саңғырығы да жатыр. Ондағы шалғын-қияқтан ештеңе жоқ! Жаңа көріскенімізде, онан кейін жолығып, айрылысар шақтардағы қайта-қайта қайрылысып, сүйісулерімізде далда болған Жарқабақ та құлап, бір опырылым түсіпті! Ар жағында көктеулік жұртында шошайып-шошайып, туған-өскен ауылы отыр. Жерошақ маңында күйбеңдеген бір-екі кемпірден басқа ешкім көріне қоймады. Тағы да күрсіне қайтып арбаға шықтым. Бұлақты жағалап барып, мектеп тұсына жеткенде өттік.

Мені тани сала қарсы ұмтылған мол омыраулы жеңешем қолымды қыса амандасып, үйіне жетектей жөнелді. Оның дабырынан түскі демалыста жатқан «шалы» оянып, ыршып тұрды. Арбакеш атын доғарып, жем беріп кіргенше, көңілімдегі әлгі күдікті сұрауларды тұспалшыл жеңгеден сұрап та үлгердім:

- Сауырдағы түтқынды қай жердің сақшысы құтқарғанынан дерек таппадыңызба, жеңеше?

- Қай жердің сақшысы екенін білсе, шешесі маған айтар еді. Өздері жақында ғана солай естіп, жыласып жүр. Үлкен шешесі «үкімет сақшысы әкетіпт» деп жыласа, өз шешесі «сақшы болып жасанған басқа біреу әкетті ме екен?» деп жылайды. «Сонау 1-шы айда кеткен, рас сақшы болса, қазірге дейін бір хабар келмей ме!» дейді. Сенің де хабарсыз екеніңді естіп, алдыңғы күннен бері тіпті көп жылап жүр. Осы үйге келгеніңді білсе, өзі қазір-ақ жетеді.!

- Әлгі бөле күйеу мен нағашылары Жеменей сақшы мекемесіне барып сұрастырмап па?

- Қай беттерімен сұрайды!.. Сақшылар Мақпалды шанаға орап отырғызып ала жөнелгенде, тіпті үйлерінен де шыға алмай отырып қалыпты. Үкімет сақшысы әкеткен болса, артынан ол ауылға тергеуші келмей ме. Бұл туралы хабар естілмей жатыр. Екінші хабар келмеуіне қарағанда, мен ойлаймын, бөле күйеуде, нағашылары да түгелімен абақтыға түсіп, мұндағы үйлеріне хабар жеткізетін ешкімі қалмаған шығар!

- Әмин, олай болса, рас сақшы әкеткені күмәнсіз болар еді ғой! Ал, бірақ міне төртінші ай, ол рас құтылған болса маған неге хат келмеді?

- Алдыңғы күні осыны шешесі де айтып жылады, Биғаш. Мен ойлаймын, Мақпал саған хатты өз атымен жазса, поштадан ұрланған ба екен деймін!. Сен қаладан шыққалы екі апта болды ма?... Ендігі тағы бір жазған хаты үйіңе, немесе, мекемеңе келіп те қалған шығар, күйеужан-ау, асықпасаңшы, ол жөпшенгіде ешкімге алдана қоятын қыз емес дегемін ғой! -Жақсы ауызды жеңешем, осыны сөйлей шығып, сырттағы ошаққа қарай кетіп бара жатты да жалт қайрылды. - Айттым ғой, әне, келе жатыр!

Келе жатыр дегенін Мақпалға ұйғарып, ыршып тұрдым орнымнан. Сыртқа жүгіре шығыппын. Ауылынан бері беттеп келе жатқан шешесі екен.

- Әй, уақыты жетпей алжыған жеңешетайым-ай! -деп күле қайтып, сылқ түстім төрге. Үйден аға, сырттан жеңге қарқылдағанда арбакеш кірді. Бұл тақырыптағы әңгімені сонымен доғардық.

Мақпалдың шешесі жетіп, ошақ басындағы сырласымен күбірлесті. Қызы жөніндегі менің пікірім сөз болғандай, жақындап отырып, бар зейінін сала тыңдағанын байқадым. Кимешек шалғайымен көзін сүртіп, жат көзге жайбарақат күлімсірей кіріп амандасты менімен. Ибалы күйеудің әдеті бойынша иіле түрегеліп амандасып, төр нұсқадым.

- Рахымет, қалқам, отыра ғой! -деп қалып, күрсінді де, Дүйсеннің төменгі жағына келіп отырды. Бұл күрсінісі мол сабырдан асып, шалқып шыға келген күйініш еді. Дастарқан жасалып, шәй құйылған соң шынысымен жүзін далдалап, тұқыра ұрттады шайын. Мен де тұқырудан кенде емес сияқтымын. Көз астымен ғана қарасып, көлдей жасымызды ішке төгіп отырған жайымыз бар. Езіліп-елжіреп отырған ана, дертіне ем боларлық дерек іздейді жүзімнен. Өзінің нұрлы қамқор жүзінен мен де соны іздеп жаутақтадым. Былтыр жаздағысынан әжімденіп, күйіктен қартайып қалғаны байқалды. Көз жасы шынысына қосарымен домалады бір шақта. Ем таба алмасам да дәтке қуат дәрмен айтып кеткім келді. Дүйсенге қарап сөйлеп, Мақпалды құтқару жөнінде аупартком секретарының өткен күзде Алтайға қатынас жаздырып жібергенін айттым. Елеңдеп жеңілдей тыңдады шешесі.

- Ол, өткен 11-шы айда Алтай парткомына жазылған қатынас, -деп айқындай сөйледім сонан соң. - Ал, биыл 1-ші айда Сауырға сақшы келіп әкеткен болса, сол партком жіберген сақшы болады. Олар әрине қарақшы емес. Мақпалыңыздың құтқарылғаны рас!... Жалғыз-ақ өзінен хат келмей тұрғаны болмаса, алаңдайтын мәселе жоқ! .. Хат келмеуінде әртүрлі себеп болады ғой, иә, бір себептен жазылмай қалады, иә, жазса да поштадан - жолдан жоғалады.

- Ие, солай болатын себеп көп қой, -деп құптады Дүйсен. - Хат жазбады деп алаңдау қазірше орынсыз болады!

- Әке-шешесі болсақ та бізден көңілі қалатын жөні бар ғой! -деп күбірлеген ана көз жасын бір ағытып жіберіп сүртті. - Тіпті өмір бойы бізге қайрылмай, танымай кетуге де ақысы бар! Ал, қалқам, құтылса саған... жазады. Ол мінезіне сенемін!... Әйтеуір мені өзің... келісімен сүйінші сұрап қуантпасаң, бір күнім он жылға бергісіз ауыр болып барады!...

Жылаудан ерінін жия алмай түрегелген ана, сырт айланып шыға берді. Үрімжіге қызметке шақырылғанымды ол каісі кеткен соң айттым аға-жеңгеге. Ондағы адресімді анықтап жазып беріп, Мақпалдан қандай хабар келсе де сол адреске тездікпен хабарлауын қайталап-қайталап өтініп қайттым. Үш рет қайталап өтінгенімді қалжыңға айландырған жеңешеме өз күдігімді де, тіпті өзімнен хауіптенетіндігімді де жасырмай қысқаша ескерте кетуге тура келді.

Күдігім: бөле күйеуден Мақпалдың қалай да құтылғаны рас. Басқа бір суық қолға тұтылуы мүмкін емес. Мұмкін емес болатыны, ол маңдағы суық қол қара күштер суық қол беделді нағашыдан жиен келінін тартып әкетпейді. Еркіндік әперетін сақшының әкетуі толық мүмкін. Олар Мақпалды әрине қамамайды. Ал, еркіндік алғанына үш ай болғанға дейін маған Мақпал қалай хат жазбайды. Жазса, марттың соңына дейін маған қалай тимейді? Соған қарағанда Мақпалдың көңілін алып құтқарған біреу әкеткен болуы мүмкін. Олай болғанда көл жағасында жүрген менің бұлай күтіп қурай беруім құр әурешілік болмай ма?!

Ал өзімнен қауіптенетінім: қыздарға тым көрсе қызар болып бара жатқаным. Әнеу күні де бір жендет қыз көзімді суырып әкете жаздамады ма. Осы дүниеде сұлу сиқырдан қатерлі жендет өткен бе. Әлиясының өзі-ақ мені талай әлекке салмап па еді. Қырсық шалғанда бүтіндей жұмбақ сырлы Асияларының бірі мені шрық үйіріп әкетіп, махаббат шыңынан Әлияша шыңыраудағы ми батпаққа былш еткізбесіне кім кепіл. Ал, олай болмағанда да, неше жылдан бері тіршілігімнің ең зор арманы болған Нұрияшым шырмаған тағы бір тордан мүбәда жарқ етіп шыға келсе, оған дейін жаңсақтан жаза басып мен жоғалсам не болғаны!...

«Бірінші айда құтылыпты» деген хабар екі-үш күннен бері менің басыма осындай бейжай ой түсіретін болған. Аға-жеңгеге тұспалдап қана айтқан күдігім мен хаупім осы еді. «Бір хабары неғұрлым Үрімжіге жүргенімше жетсе екен!» деген тілегімді тағы қайталап білдіріп қайттым.

Аудандық үкіметке келіп арбадан түсе сала жүгірдім бөлімге қарай. Жүгірткен - Алтайдан хат келген-келмегенін білу. Орнынан бұрала түрегеліп қол берген Әлиядан сұрадым.

- Жоқ, хат көрмедік! -деп төмен қарап күбірлегені күмәнді қоздырды. Стол тартпаларын лезде ақтарып-тексеріп жіберіппін. Табылмағандығы бетімнен шымшып алғандай сезілді. Жүзім сәл қызыңқырап мен де төмен қарай бердім. Ұялғанымды білген Әлия кешірім еткісі келдіме, әлде хат жөнінен мүлде бейхабар екендігін көрсетпек болдыма, бұл тінтуімді Асияның суретін іздегендікке айналдыра салды. - Картшкасын өзі алып кеткен! -деп арбай қарады жүзіме. Мұнысы сұмдығы болса да сүйсіндім бұл жолы. Үнсіз бұрылдым да жүре бердім. Орнымда қалған инспектор де, Шәкербай да, кассир де маған келген ешқандай хат көрмепті. Поштаханаға жүгірдім. Әлия бірге жүгірді. Күлімдесе де күлгін тарта сұрады менен:

- Не болды, Биға? Өзі хат жаздым деп хабарлап па?

- Жоқ! -деп қалыппын. «Әттегене» дедім ішімнен, хабар келді дей салсам, әлгі тінтуімнің ұяты, мұмкін жеңілдер еді де. Шынға әдеттенген аузым тағы да алдырып қойды-ау!» деген оймен қынжыла бұйырдым. - Сен қайтып қызметіңді істей бер, Әлия.

Ол аңтарылғансып тұрып қалды. Жүзінің ағара түсуінен күдігім қайта жаңғыра түсті. Поштахана бастығының бөлмесіне кірдім.

- Өткен 2-3-ші айлар ішінде маған Алтайдан пошта арқылы жолданған хат бар екен, -дедім қол алысып сәлемдескен соң. - Әлі тапсырылмады. Мен көптен күткен аса зәрулі хат еді. Хат-шек басқаратын қызметкерлеріңізден анықтап берсеңіз екен!

Сол өтінішпен бастықты ертіп шыға келгенімде залдың үлкен есігінен Әлия шыға жөнелді. Кімге сөйлесіп кеткенін біле алмай қалдым. «Мына сайқал сол хатты алған адамның аузын бекітіп кетті ме екен» деген жорамалмен кектене қарадым сыртынан. «Алдымен хат таратушыдан сұрасамшы!»

Бастық мені ерте жүріп сұрастырды. Хат тарататын бөлімдегі тізімдерді де тексеріп, дерек таба алмай, хат таситындарды тағы да қузап тексеріп көретіндігін айтып қайтарды.

Үйге қарай ілбідім. Иілген басым тік көтерілді бір шақта:

«Мақпалдан хат келген делік» оны күншіл күндес білген делік те, оқып көрген делік. Сонда ол хатта мені суындыратын - махаббаттан үміт үздіретін хабар жазылған болса, алдымнан күле көтеріп, табалай шықпай, Әлия жасырмақпа ондай хатты!» -деген ой үйріле қалып еді. - Нұрияшым маған құтылғанын, пәлен адрестен табылатынын айтып, қуандырып-уандырып жазған. Мені аздырып айыру ниетіндегі Әлия сондықтан жасырған» деген наза-наламды жеңілдеткендей болды.

«Ал, ең зәруі адресін білу ғой. Сол хатты, тым болмаса, канвертін қайтып қолға келтірсем екен?... Ашықтан-ашық тінте берсем тіпті ұят. Ашық тиісіп тергесем ерегесе түспей ме. Күйдіріп мүлде жоғалтуы да мүмкін!.. Жалынсам жібір ме?.. Қорқытсам берер ме?... алдасам алдырар ма?»

Үйге келіп, далұрған далбаса мен хат келген-келмегенін қарындасымнан да, шешемнен де сұрадым. Ешқандай дерек жоқ. Титықтап отырып қалыппын. «Қолды болған хат. Сұмдығынан асыра сұмдық қолданбай оны ала алмайсың!» деген қортынды шықты. Бишара халге түстім.

Шешем қатарымдағы орындыққа келіп отырды да, басымды алдына алып, маңдайымнан сүйді. Аялап, арқа-басымды сылап-сипалай түсті. Арықша, шағын ғана ана алдында мен де кішірейе түсіп, балалық шағыма қайта оралғандай, бесікте тербелгім келгендей болды. Ана омырауын иіскелеп, мойнына асылдым. Қартайып қалған әжімді ашаң шырайынан жүрегіме тағы бір ауыр қам орала қалды. Көзіме жас келіп, иығына тамшылады. «Әке-шешем өліп қалса қалай тірі қалмақпын!» -деп терге малшынып, ұйқысыз өткізген түндерімдегі сияқты бір түнек қайғы еді бұл. Әке өлгенде тірі қалдым. Бірақ тірлігімнен дерек білдіре алмай, аса аянышпен - арылғысыз зармен айрылдым ғой. Енді мына қартайған жалғыз аяулы ана!... Мен Үрімжіге кетсем, бұл да менен сондай тағдырмен айрылса қайтпекпін!»

- Сен одан қамкөңіл болма, қарғам! -деп шешем көз жасымды алақанымен сүртті. «Одан» дегені Мақпалдан деген екенін сөзінің жалғасынан ұқтым. - Ол табылады. Мақпалдың дәл өзі, бәлкім өзі болмаса өзінен айырғысыз біреу келеді. Менің білуімше өзі, дәл өзі табылады! Сенің бақытты болатындығыңа сенемін!

- Апа, ол туралы емес, мен Үрімжіге тағы шақырылыппын. Соған кетемін ғой, сен қартайып қалдың ғой... соған..

- О қарғам-ау, мен туралы несін қайғыланасың! Әке-шеше кімге жолдас болған!... Жолың болсын, алаңсыз бара бер! Бұл жерде әр томарға бір шалынып жүргенше, сондай биігірек жерге барғаның жөн. Ананың алаңы, өз өлімі емес, артында қалатын балаларының хал-жайы ғана болады. Ал, сенің мұратыңа жететіндігіңе жақыннан бері қатты сеніп, қуанып жүрмін! Бәсе...

- Болжап білдің бе, түс көріп білдің бе? -деп күлдім мен.

- Оны өздерің әке-шеше болғанда түсінерсіңдер. Мархұм әкең сенің бірдеме болатындығыңды ауырғаннан бұрын, сау кезінде-ақ маған сыбырлап айтып жүруші еді! Мен енді ғана толық сенетін болдым. Бақытты боласың, қарғам!

Алдыңғы Нұрияның 45-шы жыл басындағы осындай бір болжамы есіме түсіп, күрсініп жіберіппін. Ол, айрылысатындығымыз туралы екі-үш рет айтып жылап еді ғой! Сонысы артынан іле-шала шынға айланбады ма!... Ол да бүкіл жан-жүрегі, бар тілегімен, терең қаммен ойлайтын, шексіз махаббат иесі. Адам миы - әлем заттарының ең дамыған, ең жетілген жемісі десек, сондай күшті махаббат иелеріне болжағыш қасиет бітер-ақ. Ал, мен неге Мақпал жөнінде мұндай болжамды сенімге келе алмаймын?... Әлде оған арналған махаббатым кемірек пе? Жоқ, тіпті де олай емес!... Әлде сезімдік апараттарым әлсіздеу ме?... Мүмкін, мәселе осыдан шығар!... Әлде оның махаббат оты өшкендіктен бе?... Жоқ, жоқ өшпек емес, өшпесін, өшпесін!» осы ой басымды шешемнің алдынан ыршытып жібергендей болды... Ертеңіне мекемеге барып, қызметімді түгел өткізіп бердім. Үрімжідегі қызметке орналасқанымша расхот ретінде Телбай әкім екі айлық артық еңбекақы босаттырып берді. Лиң секретарды күтіп, партияға өтудің жосынын өтеуден басқа жұмысым қалмады. Мақпалдың дерегін табудың қамымен поштахана мен Әлияны ғана айналсоқтай бердім.

Үрімжіге кететіндігімді Әлия алғаш естігенде елең ете түсіп, сұрлана қалып еді. Онысын мені қимайтындығына балап, қайтадан дәмелендіріп қоюдан сақтансам да, Мақпал хатының иісі осының бойынан сезілгендей мені тімтіндіре берді. Екінші күні оңашада жанқалтасына ғана емес, төс қалтасына да қол салып жіберіппін. Жылмаң қақтырды бұл қылығым. Мен түйіле қалдым онысына.

- Түсінемін, Асияның картшкасын іздегенің ғой! -деп күрсінді Әлия. Мен де әдейі соған аудара салу үшін үнсіз жымидым. - Қырға кетеріңізде біз берген жолдықтың ішіндегі хатты көрдіңіз бе? -деп сұрады сонан соң. - Әсияның ахуалы расында солай. Бірақ өзі танысқан жігітінің сырын біліп болмай ешкімге сөз бермейді. Оған сөз салған жігіттер көп. Біраз сөйлесіп көріп, бәрін де қайтарып жүр. Сол картшкасын мен өтініп, сізге көрсетейін деп әрең алғанмын.

- Өзі алып кетті ме? -дегенімде Әлия күліп жіберді.

- Сіздің оны әлі де көргіңіз келетінін білемін. Үйде, әкеліп берейін бе?

- Қазірше керегі жоқ, өзіңізде тұра тұрсын!

- Қазірше? -деп тағы күлді Әлия. - Сол жоғалған қатыннан әлі де үміт күтетіндігіңізге күлкім келеді!

- Ол күлкі келетін іс емес!... Өзі солай!...

- Қазірше дегеніңіз не? Мақпалдан хат келгенше дегеніңіз ғой? Ол меніңше енді хат жаза алмайды. Неге десеңіз...

- Ол қалай да жазады. Тым болмағанда мені күттірмеу үшін жазады! Оның жауабы келмей мен де ешкімге сөйлеспек емеспін!

- Оған осыншалық опалы болғаныңызға таңмын!

Бұл жауаптарым тағы да шынына сайып, күншілдігін тағы да қоздырып алғаным сезілді. Енді қалай да азғырылған болып көрініп, іштесуге, сөйтіп, өз бөлмесінде тінтіп көре алатын байланысқа тез жетуге асықпай болмады. Тәуекел айттым да, «қамқор қйынбике» атап, «күле» айлансоқтадым. Ертеңіне өзі бұрынғыша алтын сырғасымен жарқырап киініп, бұрқырап келіпті. Бұл жасануынан Асия мен де бақталас болып «базарға» одан бұрын өзі бір салып алмақ ниеті барын байқағандай болдым.

- Жақын кезімізде жатағыңды бір көрмеппін-ау шіркін! -деп күрсіндім әдейі. - Өзің сияқты жайнап, жәннат аңқып тұратын шығар?

- Көргіңіз келсе барып көре беріңіз, айырым бөлмеге шығып алдым.

- Арамызға асусыз талай кезең тастап айрылыстық қой, енді Асиямен сөйлестіргеніңде көрмесем!...

Осы сөзбен күрсіндіріп қана шығып едім.

Сенбі күні түске жақын бөлімге бір кіргенімде Әлия бүктеулі қағаз ұстатты қолыма. Сол жерде ашып оқыдым: «Әсия кеше кеште келген. Сізбен әңгімелескісі келетінін айтты. Кеште клуб алдынан күтіңіз, сол жерден табыламыз! -деп қана жазыпты. Бас изей сала қайттым. Поштахананы әсіресе ондағы Әлияның бекіткен аузын тауып тексеру, осы бояушы сиқырлармен сөйлесудің алдындағы негізгі жұмыс болды. Бірақ, қалай түрткілесем де поштадан Мақпал хаты туралы жылт табылмады.

Ақшам бата үйден шықтым. Таныстырушы Әлиясына қарап ойлана келе танысушы Асиясына бой ұрмауға мықтап бекініп, хат іздеу үшін ғана шықтым.

Әлия жалғыз, клубтан көп бері жарым жолдан кезікті. Бар асылын сусылдатып киініп шыққанына мен таңырқай қарадым да, менің көне тоз сұры көйлек-сыммен ғана шыққаныма ол күлімсірей үңілді:

- Асияға жақсы көрінгің келмейтінін біліп қойдым.

- Көп сынайтын қыз дегенсің ғой. Қажеті киім болса, үйге апарып көрсетемін!

Сыңғырлай күлген Әлия білегімді мығым омырауына баса қолтықтап, басқа көшеге бастады. Әсия қайда деп сұрағаныма ойланып, кідіре жауап қатты.

- Біздің үйде! -деді күрсініп қалып. - Әжемнің қасында қалды. Тілегіңіз бойынша менің бөлмемде сөйлесесіз!

- Сендерге туыстық жағынан жақын  ба еді?

- Жақын, немерелеспіз. Ол менен бір жас қана кіші сіңілі. Мен сізге қастық істегенде сіз маған көп жерде достық істедіңіз. Сондай борыштарлығым үшін...

Кәкімбайдың қақпасының алдынан өте бергенімізде, Әлияның әкесі мен Кәкімбайдың жақын сыбайластығы, үлкен шешесіне іргелес көрші екендігі есіме қалт түсе қалды. Қашып жүргендігін білсем де жорта сұрадым:

- Кәкім бай үйінде бар ма, көптен көрмеппін. Не істеп жүр?

- Саудамен кетіп жүр ғой деймін. Үйінен бейсенбі күні ғана көрінетін болып жүр ғой, енді былай жүрейік. Біздің жайымыз мынау - сәл кешірек кірейік!

Қараңғы түскен шақ. Кәкімбайдың үйіне келетін бейсенбі кешін есіме түйіп, оны қолға қалай түсірудің ойымен қала шетіне шыққанымызды сезбей қалыппын. Оңаша бір құрғақ арық жағасына келіп отыра қалды Әлия.

- Отыршы! -деп қолымнан тарта отырды. Кішкене әңгімелесіп алайықшы! -деп күрсінді біраз ойланып алып. - Сіз енді кетесіз ғой, мені кешір! Көп уақыт бірге болдық, жақсы айрылысайықшы! -осы сөзімен иығыма басын сүйеді. Жымия сұрадым:

- Қайтсек жақсы айрылысқан боламыз?

- Сіз Мақпалдың жауабын күтіп, зарығып жүрсіз ғой, жаным ашиды. Ол кеткен адам ғой. Рас кеткендігін білгенде... тағы қиналасыз ғой!Бірақ лаж жоқ болған соң, мәселен делік біреумен үйленесіз ғой. Сонда кіммен... шыныңызды айтыңызшы?

- Өзің сіңіліңмен көрістірмек болып ертіп келдің ғой! -деп аңыра қарадым жүзіне. - Сөйлесіп көреміз, сынасамыз. Лайық деп табыссақ сонда естірсің. Қазірше айтарлық бұдан басқа шыным жоқ.

- Оны сіздің ұнататындығыңызға сенемін, ол ұнатпасашы?

- Онан соңғысын артынан көрерміз, өлер деймісің! -деп күле түрегелдім де оның қолынан мен тартып тұрғыздым. - Жүр, кешігіп қалдық, үйіңде де аз мылжыңдаспаспыз!

Әлия қайта қолтықтап жүре сөйледі:

- «Мақпалдан бір жауап алмай, ешкіммен сөйлеспеймін» демейсіз бе?

- Сіңілің жарамды болса, олай демей-ақ қоярмын!

- Мақпал әлдеқашан кетіп, балалы болып қалса да, соншалық күткен себебіңіз не?

- Уағдама опалы болайын дегенім ғана ғой, әйтпесе кімнен сұлу дейсің. Күтуім енді жеткен-ақ шығар! - Осы сөзді ести сала аш белімнен шәп берді Әлия. Күрсініп жіберіп қыса құшты. - Қайынбике, енді әдептен асып кетпелік! -деп күле сырғыттым қолын.

Іштен ілінген қақпасын бұта сұғып ашты да, сықырлатпай жауып, ілгегін қайта ілді. Бөлмесінің есігі үлкен үйінен айырым екен. Оны да еппен ашып кірген соң шырақ жағып, терезе пердесін жапты.

- Ал отыра тұрыңыз, мен Асияны шақырып шығайын! -деп шығып кетісімен столының тартпасын аштым. Әртүрлі тағам салынған екі-үш тәленкеден басқа ешнәрсе көрінбеді. Жиған кітаптарына ұмтылдым. Ең үстіндегі кітапты тарақтап қалғанымда ақ конверт жерге түсіп кетті. «Дөрбілжін оқу-ағарту бөліміндегі Биғабілға», «Алтай-Сарсүмбе пошта-телеграф мекемесі (м...дан) деген таныс жазу жарқ ете түсті. Көзімді сығымдап жіберіп қайта оқыдым да жанқалтама тыға қойдым. «Сұмдығыңа менің дөрекі қулығым да төтеп бере алды ма бәлем!» дегендеймін. Есіктен еш сыбыс естілмеген соң конвертті асыға аштым. Жазылған азғантай ғана сөз дәл төбемнен шойын шоқпармен періп жібергендей мең-зең етті. Отыра қалдым. Жазу түріне жан-дәрмен қайта үңілдім. Айнақатесіз Мақпалдың өз жазуы: «Биға, мені кешір, өз басымда сізге опасыздық істемек ой жоқ еді. Өзіңізге белгілі зорлыққа ұшырадым. Сонда да, осы бала білінгенше қашып барайын деп тырысып көрдім. Лаж жоқ, өлсем де бір көруді нәсіп етпепті, босанғаныма жарым жыл болды, ана болдым. Үкімет құтқарса да баламды шырылдатып тастап кете алатын емеспін. Естуімше сіз мені әлі күтіп жүріпсіз. Ендігі бақытыңызды ойлаңыз, мен жоқпын. Маған сізде жоқсыз! 1951-шы жыл 10-шы март.

Бақытсыздыққа еріксіз көнген сорлы М...ңыз. Хат сөзі осылай ғана. Столды орып жіберіп екбетімнен сұладым. «Үкімет құтқарып, бөле күйеуден айырса да баласын қимай, қайта барып қосылып алған екен ғой!» деген өз күбірім өзіме жат біреудің сөзіндей естілді. Сырттан аяқ сыбдыры білініп, басымды көтеріп алдым да сымымның жан қалтасына тыға салдым суық хатты. Сұрғылт тартқан Әлия кіріп, жүзіме бағдарлай қарап сөйледі:

- Асия сыртқа шығып кетті дейді, осы көшеден іздеп таба алмай келдім. Қазір келіп қалар, күте тұрайық!

Әлияға қарап отырсам да сөзі құлағыма дарымағандай. «Бұл хатты не себепті осыншалық оңай жерге қойған?» -деген сұрау келді ойыма. - Осы бөлмесінде Асиясымен кездестірмек болып, түстен бұрын шақырды ғой. Менің келетінімді біле тұрып... Ең негізгі сырды осы жерге қоюын, ұмытшақтық, иә, салақтық деуге бола ма?... Жоқ, конвертін жыртып қойып айыпты болғандығы үшін ғана жасырғансымақ болғаны!... Осы кітап арасынан өзі тауып оқысын, күткенінен осы жерде түңілсін дегені!... Егер Мақпалдың хаты мені үміттендіріп, күттіретіндей болып жазылса, мұндай оңайға сақтар ма!...»

Көзімді керең адамша жарқыратып отырып қалыппын. Хатты тауып оқи қойғанымды Әлияның өзі де білгендей, жалтақтай қарап, күрсіне берді. Хат сақтаған кітабына қарап та қоймай, лыпылдап дастарқан жасады. Қонаққа керек деген тағамдарының бәрін де осы кішкентай ғана аса сәнді бөлменің шкап-тартпаларына дайындап қойыпты. Оларын тәптіштеп жасап жатқанда кітап қойылған бұрышын тағы айландырдым. Терезені тұтас қаптаған пұлыс пердесінің сол жағынан бағана саңлау қалдырып жауыпты. Енді байқалды. Хатты тапқанымды сол саңлаудан көріп тұрған сияқты. Асияны іздеп емес, мені сырттан көздеп қана кешіккені түсінікті болды. Шай құйып тұрған Әлия үнсіз егіліп, көз жасын төгіп тұр екен. Орныма қайта оралып отыра кеттім.

- Асия келгенше шай іше отыралық! -деп күбірлеп Әлия да отырды. Бетін басып алып солқылдай жылады енді. Стол ортасына қойылған жуан бөтелке канияктан стаканға толтыра құйып, бір-ақ көтердім. Кішкене стаканға өзі де лақылдата құйып, жұтып жіберді де, столға басын тақ еткізіп қоя солқылдады. Әлия солай екбеттеп жатқанда дәніккен көзім үй ішін тағы да тінте жөнеліпті. Енді сол «сұғанағыма» ызаланғандаймын, «табылмаған енді нең қалып еді!» деген оймен столды жұдырықпен қойып жібергенімде Әлия басын көтеріп алды. Өз ыдысыма канияктан тағы құйдым. Өз ыдысына Әлия тағы лақылдатты да менің стаканыма қаағыстырып жіберіп қылғыды.

- Сен көп ішпе! -дедім, өзім де сіміріп жіберіп. - Оңаша бөлмеде қатерлі қонақ күтіп отырған қызсың ғой, алданған адам ашулы келеді, менен сақтан! Осында алдап шақырғаныңды арық бойына апарып сөйлеген сөзіңнен-ақ білгенмін!

- Кешір! -деп ыршып тұрған Әлия басымды құшақтап аймалай солқылдады. - Сені осында жеткізгенге дейін, тіпті қазірге дейін алдауға мәжбүр болдым. Кешір жаным! Өзімнің қызықтырарлық іштеңем жоқтай басқа бір қызды көрсетіп, соның магнитімен ғана әкелгеніме қорланамын! Бұдан да өлгенім артық! Ақыры рет бір сөйлесіп көру үшін ғана алдадым.

Қатты басым осы сиқырдың мамықтай омырауында жұмсап бара жатқандай сезілді. Атып тұрдым да екі иығынан бүре ұстап, орындығына отырғыза сөйледім:

- Расында, мен Асияңа қызыққандығымнан емес, осы байланыспен не өзіңді алдау үшін келіп едім. Бірақ, болмыс мені алдандырып, алдырып қойыпты! -дедім де бөтелкеден тағы да құйып сілтеп жібердім. Әлия енді күлімдей қарады. Арақұ қызуымен қызыға қарадым мен де. Ойнақы қара көзі де, ерекше қалыпқа құйғандай сұлу мұрны да, суретші қолмен жасалған қап-қара қасы да, иығына төге қырққан жылтыр қара шашы да жарасымды, барлық мүсінмен бұрынғы сүйген кезімдегідей көрінді. Адамгершіліктен сырт өткізген аса сүйкімсіз қылықтары есіме түсе бергенде, сана-сезіміме онысы жуымасын дегендей оң қолымды сырт жағыма қатты сермеп қалыппын. Орнымнан тұрып, арлы-берлі жүріп кетіппін.

- «Асияға қызыққандығымнан келмедім» дедіңіз бе? -деп Әлия бұрала күлімсіреп сұрады.

- Ие, оның сыртқы сұлулығы екі жылдың алдындағы сенің өзің ғой баяғы. Мен онымен сырласпадым ғой. Дүниедегі ең баянды сұлулық адамгершілікте ғана. Гүл солады, жүз тозады, жан сұлулығы ғана тозбайды. Сенен Асияның сол жағынан артықшылығы болмаса, физиологиялық парқы жоқтың қасы.

- Ол... екі-үш жігіттен ажыраған! -деп қалып, иығын бір құйқылжытты ачасы[1]. - Жоқ, ғаибат болмасыншы, Үрімжіге жүргеніңше бір келіп қалар, өзің сөйлесіп көрерсің!... Сонымен, енді мені адам болады деп ойламаймысың?

- Құбылмалы мінезің адам алдауға ғана салынып, қалыптасып кетті ғой, Әлияш, ондай үміт күту қиын! -деп салып, тағы да қарап тұрып қалыппын. Әлия бөтелкеден ыдысына тағы құйып жұтып жіберді. Мен күле жалғастырдым сөзімді. - Бірақ, қазіргі көркіңде титтей де мәселе жоқ. Уақыттық жүруге қызықтырасың-ақ!

- Қойшы! -деп мойнын бұрып салды да, құйқылжи ұмтылып, патифонына табақ қойды. - Кел, онанда билейік!

Құшақтаса кеттік. Мастық толқыны валис толқынын жұтып жіберді ме, әлде өзіміз жасампаздық шабытпен дамытып әкеттік пе, әйтеуір, дағдыдан тыс неқилы «жаңа фигуралар» жаратылды. Сорақы соқтығылыстар, қаһарлы қақтығыстар, долы жүргендей, валисіміздің туталақайын шығарды. Нағыз «күрескер валис» осылай ойналса керек қой. Тасқын толқындары бірінен-бірі аса шапшып, бірінен-бірі аса орғып, бірін-бірі баса қарғып барып, көлге құйылғанда ғана тынышталмай ма. Сол бейбітшілікке жетуге асыққандай краватқа барып құлай кеттік. Қаншалық құтырсам да оны бұл ретте құлатқан мен емес, Құдай біледі, «Әлияшымның» өзі. Ешқандай сылтаусыз-ақ өздігінен құлады. Мен, әрине, сонан соң құладым...

О дүниенің бейіші бейіш пе, бейіштің әкесін таңға жақын оянғанда көрдім. О дүниенің бейішіндегі кебінсіз шәйттер мен жалаңаш қор қыздары мұндай рахатқа ешқашан миссар бола алмаған шығар. Лампы өшірілмепті. Айдай ашылып, айрандай шашылып, батбиып-баттасып, тұтасып қана қалыппыз. Аппақ етті мәликем тіпті сазандай жалаңаш, толықсып жайқалып жатыр. Басымды тыржия көтеріп алуымнан оянғансыды да, қымтырылған болып, бас жағындағы іш көйлегімен жіліншігін ғана жапты. Сұлулығын тұла бойымен тұтас көрсеткісі келіп жатқанын сездім.

- Неғып мұншалық жалаңаштанғансың? -деп тыжырына қарадым жүзіне.

-  Өзің ғой!...

Шашымды қос қолыммен уыстай бүріп отырып қалған екенмін. Әлия білек сағатына қарады да, мені құшақтай тартып, қайта жатқызды. Ырқына әдейі сұрау қоя бағындым:

- Осы пәле сенен болды ма, менен болды ма?

- Менен, өзімнен!... Өзім шақырып келдім ғой, жаным!

- Әлгі сөйлестірем деген Асияң қайда?

- Айттым ғой!... Оның уәделесіп қойған  жігіті бар. Анау уақытта Дөрбілжінге келгенін естіп, ұрыпты....

- Мақпалдың әлгі хатын неге жасырдың?

- Сені аяп, көрсеткім келмеп еді... көрсетпесем, сен күтіп, зарыға беретін болған соң... осылай болды... көңіліңді аулап, күйігіңді басқым келді!

- Жаның шықсын!-деп құшақтадым. Күліп жіберді де, жыламсырай аймалап сөйледі Әлия:

- Мені некеңе алсаң да, алмасаң да өз ықтиярың, сүйетінім сондай, әрқандай жағдайда да саған енді жаманшылық істемек емеспін!...

Қатерлі қақпадан таң біліне қайтып шықтым да, недәуір жол жүріп барып, жусанды далаға жаттым. Мақпалдың хатын қайта бір тексеріп көргім келді. Анықтап салған жанқалтам түгіл салмаған қалтамды да аудара ақтарып таба алмадым. Құмардан ұтамын деп барып, құлағымды да ұттырып қайтқандай сұмдық сезілді. Хатты қайтарып алып қойған екен! Енді несіне керек етпек болып, қайта ұрлағандығын түсіне алмай жатып, ұйықтап қалыппын. Ояна кетсем, күн сәскеге көтеріліпті.

«Мақпал! Мақпал!... қалай болдық, Мақпалым! Нендей азғын халге түстік! -деп жусанды жұла бердім, күңірене-долдана жұлыппын. «Көк жусан немді алып еді!» -деп қалғанымда көзімнен жас саулай жөнелді...

Түстен кейін сақшы мекемесінің бір бастығына Құрышбекті ертіп, арызын көтере бардым. Құрышпек Кәкімбайдың табылатын жерін де, табылатын уақытын да толық мәлімдеді. «Әр бейсенбі күннің кешін ұмытпаңыздар! Мен де маңайлап барып тұрамын. Егер сіздер бармай, маған тап бола қалса, қарсылық көрсетеді. Біз, қанымыз қарайып жүрген талапкерміз. Ондайда қатерлі іс туылады!» деп мықтап ескертіп қайтты.

Үйге келіп, Мақпалдың бұрынғы жазған хаттарына ұзақ үңілдім. Кеше іңірде жарық лампада оқыған суық хаттың жазу үлгісінен бұлардағы жазудың ешқандай парқы табылмады. Әлиядан сол хатты қайтсем де алып, қайтадан анықтап тексеріп көруді қатты аңсадым. «Менің көргенім осы сайқалдың өзі жазып қойған өтірік хат болмаса, қайтадан ұрлайтын себебі жоқ қой! Егер маған бұл көрініп жоғалған хат, өтірік хат болса, шын хат және тығулы. Мақпалдың жазу үлгісін содан үйренген де солай жазған!». - Осы жорамал мені ұшыра жөнелді тағы да, Әлияның істен түсер уақыты болып еді. Екі үйінің арасындағы көше түйілісінен тостым. Көре сала құйқылжып, күлімдей жетіп сұрадым:

- Ерте шығыпсың ғой, неге асықтың?

- Мақпалдың кешегі мен көрген хатын қайта ұрлаған себебіңді сұрауға асықтым.

- Ұрлағаным жоқ, өзің тастап кетіпсің! -деп маған аса таңырқаған шыраймен қарады Әлия. - Қайта ұрлап мен оны қайтпекпін!... Өзің де керексіз еткендей тастап кеткен соң Асия сияқты басқа біреу көріп күлмесін деп күйдіре салғанмын!

- Өртеп жібердім деймісің? -деп бажырая қалдым. Бұл жауабы нанымды. Қыжыл болғандай жауабын моий қайтарған шырайы да нанымды көрінді.

- Қайда, ошаққа тастап күйдірдің бе?

- Өз бөлмемде, сіріңкемен... барғанда көрерсің күлі де жатқан шығар!... Жүр, Жержамбыл жақта жүре тұрайық!

«Мұнысы да нанымды!» деген оймен қынжыла ілестім. - «Бірақ, әр қадамда бір алдайтын салдақы ғой, үйінде басқа бір хат бар-жоқтығын қалай да тексеру қажет!»

- Мақпалдың хатта жазылған адресі қалай еді? -деп сұрадым әдейі.

- «Сарсүмбе пошта-телеграф мекемесі М...дан» деп қана қойыпты ғой. Өз адресін жазғысы келмегені ол сенен хат күтпейтіндігі де белгілі.

Бұл жауабы да нанымды шыққандықтан, «шын хат» табу жөніндегі үмітім өшкіндей берді. Сөзден қалып ойланумен болдым.

- Мен көңіліңді қанша көтерейін десем де, қайғылана береді екенсің! -деп кейи күрсінді Әлия бір шақта. - Бұл көңілсіздігіңнен мен де қиналып келемін. Асияны шақырып берейін бе, сол біраз жадырата алар ма екен?

- Сөйлескісі келсе, өздігінен келіп кездесер. Бірақ шынын айтқанда қазір оған да көңілім жоқ, қалай екенін білмеймін!

- Сенің қайғыңды көргенде жерге кіріп кете жаздаймын!... Осындай болуыңа мен де қылмыстымын ғой, енді қайтсем екен?

- Ие, сол қылмысың үшін... сенімен некелене алмаймын ғой Әлия, алдағым келмейді. Сені адам болмайды деп аса кем санағаным да емес. Егер мен туралы осы түсінігің тиянақтаса, тіпті жақсы жар болуың да мүмкін. Бірақ, өзің айтқандай Мақпалға қас қылғаның бар. Соны біле тұра оның орнына сені алуға ар-ұжданым көтермейді! -деп шынымды айта сала, хат жайын жете тексерудің амалына көштім.  - Некеленбейтінім рас. Бірақ, опасыз, алдампаз сүйіктім, өзің білемісің, өте сұлусың ғой сен, етің қандай аппақ! Енді тамыр керек болған соң, үйреніскен жаумыз ғой, өзіңмен ғана болсын, түндегідей қызықтай берейікші!

- Қойшы! -деп Әлия мойнын иығына жыға қойғанда, мен шынымен қарқылдай күлдім. Бұл күлкімді мазақ күлкі дегендей сезікпен қарап сұрады Әлия. - Неге күлесің?

- «Қойшы!» дегенің «қоймашы!» деген сөз еді ғой, өте сүйкімді естілді маған. Ха-ха-һа-һа...

Қараңғы түсіп, «қоймайтын» бөлмеге кіргенімізше осы күлкім үзілмеп еді. Әлия мұның есесін Мақпал хатының күлін көрсетіп, күліп қайырды:

- Міне опалы сүйіктіңнің хаты! Оған деген өз опалылығың да белгілі болды!

Осы табасы түйсігімді қатты түртті, күндесінен кегін толық қайырып мұратына жеткендігін бейнелегендей көрінді. «Мақпалдың өз хаты басқа» деген сезігімді арттыра түсті. Бұл түнгі тінту қарқынымды да арттыра түсті бұл жайт. Әжесінен шәй сұратып та, дәрі сұратып та шығарып жіберіп, сандық пен чемоданнан басқа күдікті жерлерін түгендеп тінттім. Бірақ хат табылмады. Соның ызасымен тағы да жалаңаштап қайттым.

Ертеңіне іңірде өзім әкелген арақпен жығып ұйықтатып тастап, сандық пен чемоданын тінттім, бұл жолғы төккен терім де селге кетті. Хат таба алмай өзін тақыр жерге жалаңаштап тастап қайттым...

Екеуіміз осылай жалаңаштап, тінтісіп жүргенімізде, өлкелік партия мектебінен курс бітірген екі жігіт келіп, аупарткомның көмекші іс басқару қызметіне орналасып еді. Бірі, аузы толған алтын тісімен Әлияны жалт қаратқандай, қою қара қасты, қырма мұрт, қоңқа тұмсықты, саржы сымының қырын пышақ жүзіндей «қайрап» жүретін жігіт екен. Мұндай серінің партком қызметінде болуы тіпті қызықтырды білем, Әлияшым күндіз соның қасында жарқылдап көбірек жүрді. Төртінші рет жалаңаштауды мен де көксей қоймадым.

«Алтай (Сарсүмбе) пошта телеграф мекемесі арқылы Мақпалға» дегеннен басқа анық адрес қазірше табылмайтынына көзім жеткендігі еді бұл. Өзіне жетуі екіталай, тым күңгірт болса да сол адреске тәуекел айтып хат жаздым.

«Қадірлі Мақпал!... Сенің атыңнан 10-шы март күні жазылған қысқаша бір хатты көргеніме үш күн болды. Қатты жабырқадым. Жазу үлгісі сенікі. Бірақ, сенен күткен сөзім бұл емес, мені түңілдіру үшін басқа біреу жазған, жат ниеттің (қастықтың) хаты болар деген жорамалға әрең келіп, осы қысқаша өтінішті жолдап отырмын. Тапсырып алысыңмен неғұрлым тездетіп, қазіргі ахуалыңмен адресіңді анықтап жазып жібере гөр! Әрқандай тілегің болса да орындалатындығына күмәнданбай жаз! Құрметпен: Б...ың. Енді 10 күннен соң (1-ші майдан бастап) адресім: Үрімжі. Оқу-ағарту меңгермесіндегі... болып жазылады. 1951-ші жыл 20-шы апрел.»

Хатты поштахананың Алтайға жүргізетін березен қапшығына өз қолыммен салып, өз көзіммен жөнелттім. Секретар содан екі күн өткенде қайтып келіп, күткен жұмысымды орындап берді.

Мен Сарыбұлақта жүргенде, Қиялзат пен Мәрия «сырапқорлық» дегеннен қорқып, шәкілдеуік-бұршақпен ғана ың-жыңсыз тұрмыстана қойған екен. Мені ұзату сылтауымен отауларына барлық достарын шақырып, той жасады. Осы бастама бойынша, Емілдің аржақ-бержағына ұзатылатын қызша «танысып» үш сөтке жүрдім. «Тойымның ең соңғы күні кешке жақын ақ қайыңдай ырғалып, жас шыбықтай бұралып, Әлия шыға келді алдымнан. Алтын тістінің қасында, қызылкөпірдің басында кездесті. Киімін енді қайтып шешпестей, түйме бауларын түгел салып, кемер белбеуін мықтап байлаған жайы бар. Алтын тіс маған иіле қол беріп, амандасып өтсе де, Әлияның әдемі мұрны кетеген түйе бастанып кейкие қалыпты. Көріспеген осы 4-5 күн ішінде мені танымай қалғандай паңдана өтуіне таңдана қарап мен өттім. Қасымдағы Мәрия күле өтті де, Меһір сүле өтті.

Әділетті тергеушім, осы тараудан сіздің алдыңызда қылмысым міне деп ашып, ашалап тапсырарлық мәселе «табылмайтындығы» өзіңізге аян шығар. Әлияны жалаңаштауым қылмыстан ақ-нахақ екендігін анықтау үшін ғана істелген тексеру қызметі ғой. Тексеру стилін кім тектемек. Және «ашық-әшкере» істеу, қылмыс қатарына жатушы ма еді. Алтын таразыңыз дәл осылай өлшемей ме!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


[1] Ача (ұйғырша) - әпеке.

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2252
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3505