Жұма, 18 Қазан 2019
Жаңалықтар 1655 0 пікір 19 Шілде, 2012 сағат 07:56

Интернет-конференция: Амангелді Сейітханов (Басы)

Интернет-конференциямыздың кезекті қонағы журналист Амангелді Сейітханов оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдардың алғашқы легіне жауап беріп отыр. Конференция барысында Сейітханов мырза қазақ спортының өткені мен бүгіні, келешегі жайлы айта келіп, кезінде қазақ атын жер әлемге шығарға саңлақтардың ұмытыла бастаған айтады. «Бірақ сол кезде қазақ өз батырын іздейтінін білдік. Желаяқ Сәбит, гимнаст Сәуле келді. Иманбаев  мен Барлыбаеваны бүгінгі буын білер ме  екен. Қазақтан шыққан үстел теннисінің шебері Әлия Серікбаеваны шақырдық. Баскетболшы Ольга Апатаеваны іздедік. Кейін Әмин ағаларға кезек келді. Шаңғышы Қалихан Ноғамбаевтар жайлы көп айтыла ма, қазір? Немесе вело спорттан әлем чемпионы атанған Марат Сатыпалдиевты ұмыта бастадық. Өз ағамызды ағалай алмай жүріп, кісі ағасын жағалағымыз келеді. Ол бола ма», деп көпке сауалды ой тастайды.

«Абай-ақпарат»

Алхамдулиллах. «Абай.кз» сынды қазақ сайтының оқырмандарына бір АЛЛА жақсылығын нәсіп етсін. Ұсыныс түскен екен, бас тартудың жөнін көрмедік. Тәуекелге бел байлап, келген сауалдарға жауап қайтару ниетіндеміз. Сонымен негізгі шаруаға көшейік.

- Аға, амансыз ба? Биыл Лондонға барасыз ба? Тікелей эфирді кімдер жүргізеді?

Интернет-конференциямыздың кезекті қонағы журналист Амангелді Сейітханов оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдардың алғашқы легіне жауап беріп отыр. Конференция барысында Сейітханов мырза қазақ спортының өткені мен бүгіні, келешегі жайлы айта келіп, кезінде қазақ атын жер әлемге шығарға саңлақтардың ұмытыла бастаған айтады. «Бірақ сол кезде қазақ өз батырын іздейтінін білдік. Желаяқ Сәбит, гимнаст Сәуле келді. Иманбаев  мен Барлыбаеваны бүгінгі буын білер ме  екен. Қазақтан шыққан үстел теннисінің шебері Әлия Серікбаеваны шақырдық. Баскетболшы Ольга Апатаеваны іздедік. Кейін Әмин ағаларға кезек келді. Шаңғышы Қалихан Ноғамбаевтар жайлы көп айтыла ма, қазір? Немесе вело спорттан әлем чемпионы атанған Марат Сатыпалдиевты ұмыта бастадық. Өз ағамызды ағалай алмай жүріп, кісі ағасын жағалағымыз келеді. Ол бола ма», деп көпке сауалды ой тастайды.

«Абай-ақпарат»

Алхамдулиллах. «Абай.кз» сынды қазақ сайтының оқырмандарына бір АЛЛА жақсылығын нәсіп етсін. Ұсыныс түскен екен, бас тартудың жөнін көрмедік. Тәуекелге бел байлап, келген сауалдарға жауап қайтару ниетіндеміз. Сонымен негізгі шаруаға көшейік.

- Аға, амансыз ба? Биыл Лондонға барасыз ба? Тікелей эфирді кімдер жүргізеді?

- Аман -есенбіз. Алла нәсіп етсе 25 шілде күні Тұманды Альбионды бетке алсақ дейміз. Онда қыруар шаруа күтіп тұр. Ресми тіркелуден өту керек. Құжат толтырамыз. Қысқасы әлемнің айтулы арналарымен бірге олимпиада ойындарын насихаттауға кірісеміз. Елде тікелей эфирді Жандос Айтбай мен Сергей Райлян жүргізеді. Өзге комментаторлар да тартылатын шығар.

- "Хабар" арнасындағы спорттық бағдарламалардан көрінбей кеттіңіз?
Даусыңызды сағынып жүрміз. Сіздің күлдіре отырып, жұбататын, көркем тіліңізді барша көрермен жақсы көреді. Тіпті, ел ішінде сіздің кейбір сөздеріңіз мақал болып кеткен.
Жеке авторлық бағдарлама ашатын ойыңыз бар ма?

- Ыстық ықыластарыңызға рахмет. Көрінбеудің өз сыры бар. Ол туралы кейін. Ал, авторлық бағдарламаға келсек, жоба көп. Қазақтың ән өнерін насихаттайтын, күйі мен күйшілерін іздейтін дүниелер ұсынсам деймін. Әсет пен Мәдиді, Ақан мен Біржанды бүгінгі буын тыңдамайды. Кешегі жырлаулар мектебі қандай еді. Азын-аулақ мынау Қызылорданың Қармақшысында ғана қалды-ау, сірә. Шораяқтың Омары мен Ізтілеудің Тұрмағамбетін зерттейтін бағдарлама ұсыну ойда бар.

-Бұған дейінгі олимпиада ойындарына қатысқан спортшылармен салыстырғанда, Лондонға баратын спортшылардың бойынды ұлттық рух қаншалықты деп ойлайсыз? Бап пен бақты айтпағанда, Жеңіске жетелейтін да осы рух пен ұлттық намыс емес пе!

- Жеңісті бақ пен бап қамтамасыз етеді дейтіндер көп. Шынында да солай болуы мүмкін. Бірақ рух пен намыс бойды кернемесе, кежегесі кейін кетеді, спортшылардың. Еуропа чемпионатын көрген шығарсыздар. Жартылай финалда Германия мен Италия кездесті. Сонда скуадра адзура қақпашысы Буффон әнұранды жанын салып тұрып айтты. Сұсына қарап, осы жігіттердің мерейі үстем болады дестік. Италия жеңіске жетті ғой. Қазақстан құрамасында намыстың құнын білетін жігіттер бар. Қазақ үшін отқа түсуден тайынбайды олар. Әсіресе балуандар мен былғары қолғап шеберлері. Алмат Кебіспаев пен Дархан Баяхметов, Нұрмахан Тінәлиев пен Асқат Дінмұхамбетов, Біржан Жақыпов пен Данияр Елеусінов, Данабек Сужанов пен Әділбек Ниязымбетов. Бұл тізімді біраз соза түсуге тура келеді. «Ақбұлақта» боксшылар жаттықты. Дайындығына бардық. Екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиев айтады, «Аға тек қазақша сөйлейік». Жан жадырап қоя берді. Жүрек қылын шертіп қалды, Серікжан. Осындай жігіттері бар қазақ бәрібір бақытты халық.

- Ассалаумағалейкум Амангелді аға! Алдымен "Сіздің деніңізге саулық тілеймін, жұмысыңыз жемісті болсын" дегім келеді. Мен сізбен өз ойымды бөліскелі отырмын.
Әрине, біреудің қателігін басқа біреу көреді, төмендегі айтқандарымды айыпқа бұйырмаңыз, керісінше қорытынды шағарарсыз деп ойлаймын.
Сіздің футбол спортына беріп жүрген түсініктемелеріңізді (комментарий)әр уақыт тыңдап отырамыз. Сол сәтте, әрине құлшынарлықтай сөздеріңіз болады, сонымен қатар қате сөйлеген сөздеріңіз де көптеп кездеседі.
Сізден өтінерім:
1) футбол ойынына түсініктеме берген уақытта, ойынның барысын айтуыңызды сұраймын. Кей кезде, ойын қызып жатқанда, ойыннан ауытқып, тақырыпқа сай емес, басқа тақырыпты айтып кетесіз. Сол кезде көрерменнің эмоциясы жоғалады.
2) Орынсыз теңеулеріңізді ойынның үстінде қолданбауыңызды сұраймын. Мысалы: Мұзға қонған аққудай; 1-тайм біткен уақытта: "Қуырдақтың көкесін қой сойғанда көресің, қызықтың бәрі 2-ші таймда болды" т.т.
3) Қазақтың сөздерін орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктер бойынша дұрыс айтуыңызды сұраймын. Мысалы: "Алдыға" - деп айтасыз, қазақ тілінде ондай сөз жоқ, "Алға" деп айтылуы керек, т.т.
Рахмет!

- «Мұзға қонған аққудайды» менің айтуым мүмкін емес. Тіпті айтыста, ұйқас таппай қысылғанда да. Егер дәлелдесеңіз бәйге беруім мүмкін. Жалпы аққуға деген көңіл күйім басқадай-ды. «Мұзды»  аса ұнатпаймын. «Алдыға-ны» да алға салып көрмеппіз. Қой сойып жүрміз, содан сірне болмаса көп қуырдақ шығара алмайсың. Демек олай сөйлеуім де күмәнді. Жалпы футбол жүргізбегелі бір-а-аз болыпты...

- Қазақ футболын қайтсек көтереміз. Осының шешімі бар ма. Осы футболдың басы-қасында жүрсіз ғой. Амалын тапсаңыздаршы.

- Қазақ футболын көгерту оп-оңай. Осы ұлттың қамын ойлайтын аяқдоп басшысы табылса болды. Идеясын құшақтап жүрген азаматтар аз емес. Татар футболындағы «Рубин» бар ғой. Сол -  қазақтың жобасы. Баяғыда Сәрсен марқұм Келжанов жасаған, оны Павел Черепанов пен Құрбан Бердыев Қазанда қолданды.

- Серік Аббас-шах екеуңіздің араңыз қандай, не жауап қайтарар едіңіз

- Серік  - талантты жігіт. Шығармалары баяғыда «Тамашаның» көрігін қыздырды. «Жетпіс жеті күні» мен «Ұят болмасыны» отандық теле өндірстегі шедеврлер. Арамыз жақсы. Қазақстан атты мемлекетте тату, тәтті өмір сүріп жатырмыз.

- Сәлем бердік. Олимпиадаға барасыз ба? Қазақстан делегациясында Чонтей сияқты легионерлер жүр. Оларға деген көзқарасыңыз қандай?

- Чонтей дейсіз бе.. Сіз де жазылмайтын жараның аузын «тырнауға» құмар екенсіз. Күрсінтесіз де қоясыз.

- Бежің олимпиадасында Илья Ильмн алтын медаль алды. Сол кезде сіз помостың бергі жағынан тұрып репортаж жасадыңыз. Стендап сәтті шықты. Лондоннан да жақсы репортаж күтеміз.

Ізгі тілекпен Майра.

-Илья - ерекше спортшы. Жүйкесі темірден. Дохада Азия ойындары өтті. Ильинді түсіруге келе жатырмыз. Жарыс басталып кеткен. Арсалаңдап алдымыздан өзі шықты. «Қайдан жүрсің?» «Сіздерді көріп, бері бұрылдым». «Жарыс қайда?» «Өтіп жатыр, қазір нашарлар. Мен сияқты мықтылар артынан шығып көтере салады». Қарқ -қарқ күледі. Азиядаға емес, ауыл жарысына қонақ болып келгендей. Қазір ой-санасы өсіп кетті. Сырдың қасиеті қонған ба. Қазақша күңіренеді. Бірдеңені іздеп жүреді. Миы қатып. Көп күлмейді. Неге екені белгісіз.

- Кезінде айтысқа қатыстыңыз. Бекжан екеуңіздің сөз сайысыңыз есте. Сіз Джолдасбеков деген атауды өзгертуді талап еттіңіз. Бірақ жазба әлі сол күйінде тұр.

Құрметпен айтыс жанкүйері

-Түсімде айтыс көремін. Додаға дайындалып жүргенімді. Бірақ ойға дәмді ұйқас келмейді. Сосын оянып кетемін. Ал Джолдасбековке келсек, «Ж» алдындағы «Д» жұлынбай қазақы дүние түгелденбей ме деп қорқамын.

- Амангелді аға, көрермен қауым қазақ комментаторларын қатты сынға алады. Негізсіз емес, әрине! Көпірме көп сөз, шұбалаңқы сөйлемдер, жөнсіз сөз саптауы, дауыс мәнері... Қазақ комментаторлары жанкүйерлерді, көрермендерді жандандырып, аудиторияны өзіне тартудың орнына, репортаж (түсірілім) кезінде бармаққа қарап сөйлейтін сияқты. Жасырмай айтайық, өздеріне сенімсіз, көптеген комплекс бар... Сондықтан, көрермен құлағын жауып отыруға, болмаса пультпен даусын басып тастауға мәжбүр... Шын айтыңызшы, аға, сіздерге (комментаторларға) не жетіспейді, қазақ көрермені сіздерді неге тыңдағысы келмейді?!!

- Қазақ, комментаторларын неге тыңдағысы келмейді. Әкімін, қарасын тыңдап болып енді комментаторлары қалып па екен... Қазақ кімді тыңдаған. Тіпті анау сайт төріндегі қара шалға да тыжырынады..

-Амакелді,сен ренжіме. Сенің жұмысыңа, кәсібіңе кедергі келтіргім келіп тұрған жоқ, бірақ қазақ тілді көрермендерді де аяйтын жанашырлық болуы керек. Мен бокс пен футбол болмаса басқа спорт хабарларын аса ыждаһатпен көрмеймін десем де болады. Осы екі сүйікті хабарым болғанда Құдайдан: "Аманкелді Сейітханов пен Асхат Сағынай комментатор болмаса екен" деп тілеймін (басқалары кешірімділеу).
Себебін түсіндірейін, әсіресе спорттық ойынның ең қызық, ең қызба тұстары болып жатқанда қайдағы бірдеңені айтып, «бас десе құлақ» деп отырамыз. "Просто" теледидар көруге "мешать" етесіңдер, "перебиваете" орысша айтқанда! Түсінесің бе? Біздің жүйкеміз жыртылады. Мен сияқты қаншама қазақ бар, біздің отбасымыз, көрші-қолаң, таныстарымыз сендер қуып (лағып) сөйлегенде түгел жынданамыз. Өзіміз ұлтшыл, қаншыл бола тұра сен екеуің сөйлегенде телевизордың дауысын өшіре қоямыз. Ал дыбыссыз, үнсіз, мылқау бокс пен футбол тағы да қызықсыз, жанкүйерлердің эмоциясын да естігің келеді. Ойын көрген құрлы болмайсың. Сосын «неге милы, ақылды, кәсіби қазақ спорт комментаторын таба алмайды? - деп мемлекеттік телеарналардың басшыларын сырттай сыбаймыз (қолдан келер басқа дәрмен жоқ). Лондон олимпиядасы кезінде кәсіби деңгейі төмен қазақ тілді коментатордың кесірінен дұрыс бокс көре алмай қаламыз ба деген қорқыныш жақындап келеді. Спорт тұрмақ әдебиетке қатысы жоқ сауатсыз, орынсыз қызыл сөзге ерік беріп аңқауды алдап, ақылдыны жалмап, өздерің ғана мәз болып отыра бересіңдер ме? Әлде спорт түрін түсінбегендіктен өзіңді қу сөзбен ақтаудың амалы ма? Жанында отырған орыс комментатор сияқты болып жатқан процесті тура және қарапайым түсініп кәсіби ақпараттық форматта сөйлеуге болмай ма? Тікелей эфирде жүргізген хабарларыңды қайта тыңдаған кезде өздерің үшін ұялмайсыңдар ма? Әлде сендер үшін қайдағы қазақ ұяттан ауырып жүргені керек пе? Осы жолдарды жазып отырғанның өзі де жүйкеге оңай емес, бірақ аурудың алдын алу сияқты жағдай. Қысқасы не істесеңдер оны істеңдер, тек бүкіл халық көретін боксқа жоламаңдаршы, сендеге ұсынса да бас тартыңдаршы айналайындар, батамызды береміз. Жаман комментатор болғанша, жақсы жанкүйер болып тыныш жүрулеріңе тілектеспіз. Өмірде жолдарың болсын.
Р.S. Біздің осы арызымызда тыңдайтын адам бар ма? Үнімізді өшіруге Абай.kz те атсалыса ма? Спорт министрі, мемлекеттік телеарналар басшылары сөз бен спортты түсінетін қазақтарды қорлауды тоқтатыңыздар. Біз клоундар мен қумалардан шаршадық.
Сәлеммен - Айдос

- Сізге «жан ашығандықтан» комментаторлықтан сырт жүрміз.. Мұхамтежанның айтыста айтқаны бар еді. «Жол сұрағанша хал сұрасашы», - деп. Құдайдан өзге бірдеңе тілесеңізші. Тым болмағанда бала-шағаға...

-Ассалаумағалейкум аға! Бізде спорт комментаторлары боксты да, футболды да, куресті де жүргізе береді. Спорттың бір түріне маманданған кәсіби білікті мамандар дайындау ісі жолға қойылуда ма?

Қазақ баласы

-Дұрыс айтасың. Бұл да мәселе. Оны шешуге ұмтылатын жан баласы көрінбейді. Мүмкін енді бір 20 жылдан кейін... а.

-Астана арландары бокстарна комментарий жасаған қазақ тілді журналистің аты кім? Осы Асхат Сағынай деген бе, әбден жынға тиіп бітті, бокс көре алмадық. Мына Айдос деген жігіт айтпаса сөздің атасы өледі қылып жазыпты. Аманкелдіні қолына зорға түсірген-ау деймін. Біз бұл жігіттерді осылай ашық сынап, жауап беру құқығынан айырмау арқыл ғана өзіміздің кемшіліктерімізді түзей аламыз. Сен не жауап бересің Сейтханов мырза?
Даурен

-Дәуренжан, шын сынға оң қараған абзал. Боксты бақайшығына дейін біліп алмай, ринг маңынан репортаж таратуға болмайды. Біздер кезінде ұстаз тәрбиесін көрдік. Нес-аға жарысқа ғана емес, жаттығу залдарына қуатын. Спортшылармен сырлас, бапкерлермен дос болып кеттік. Кейінгі буын да сол жолды ұстанса ұтар еді.

- Амангелді аға, үкіметіміздің құрама командамызды сырттан келген келімсектермен толтырып жатқанына қалай қарайсыз? Мысалға, еркін күрестен құрамамыздың отыз пайызға жуығы кавказдан келген легионерлер. Ал ауыр атлетикадан құрамамыздың 80% легионерлер.

- Легионерлерді жұмысқа салып қою жанға рахат. Ізбасар дайындап әуре болмайсың. Кейбір өңірлер осыған әбден дәндеп алды. Ол -қасірет. Кейін ұлттық құрамалардан ырымға қазақ табылмауы мүмкін. Спорт әркімді өз серкесін теке етуге үміттендіретін сала. Қарапайым шыққан шығар. Бірақ қисынға келеді. Тірілтіп айтсақ, жақсы да болса, жаман да болса көк ту тігілетін жарыста өз бауырларымыздың жүргені абзал. Сырттан кісі тартуға қос қолмен қарсымын. Тек спортқа ғана емес. Билік пен өнерге, құрылыс пен медицинаға да... Жалпы тіршілікке..

- ҚАЗАҚ футбол неге мандымай келеді.

Мандыйтындай несі бар. Не алаңы жоқ, добы ол да жыртық. 17 жасарлардан құрылған ұлттық құрама ресми ойын кезінде бір форманы киеді де, соны жуып інілеріне қалдырады. Облыстар балалар аяқдобын дамытуға қарсы. Сырттан ойыншылар алады да, іс біттіге балай салады.

- Комментаторға шешен болудың керегі жоқ, сауатты және профессионал болуы керек. Есей Жеңісұлы мен Амакелді Сейтхановтың сөзін салыстырсаңдар, Есей әлемдік деңгейдегі комментатор болып қалды. Ақылды, сауаты, тілі жатық.

- Комментаторға шешендік те керек, тіпті көсемдік те керек. Орыс журналистері Еуро 2012 ден кейін РФС тізгінін ұстаған Сергей Фурсенконы қалай тұқыртты. Әлгі пақыр орнын босатып, безді. Демек мінез де керек. Әрине, футболды білу - бірінші орында.

- Амангелді Сейітхановты қазақтың қара сөзінің қадірін білетін азамат ретінде қатты сыйлаймын. Қазақтың жас жігіттері Амангелді ағадан үлгі алып, тәрбие алуы қажет. Қазір бізде үлкенді сыйлау, қадірлеу деген жоғалып барады. қазіргі қазақ жігіттеріне мәдениеттілік, намыс жетіспейді. Аға Сіз сияқты азаматтар қазір аз, Сіздерге неге телеарналарды басқаруға бермейтініне таңым бар. Сіз сияқты қазаққа жаны ашитын рухани бай адам келсе ол телеарнада түбегейлі өзгеріс болатынына мен сенем "өйткені әрбір қазақ жалғызымды" қазақты жақсы көрмесеңіз айтпаушы едіңіз. Мұны айтып отырғаным қазіргі тәрбие құралы теледидар, жас жеткіншектер соны көріп тәрбиеленуде.
Менің сұрағым 1. Ұл баланы тәрбиелеуде ең басты неге назар аудару қажет деп ойлайсыз? 2. Қоғамда екіжүзді, сатқындар көбейіп кетті, мұнымен қалай күресуге болады деп ойлайсыз?
Жәмилә

- Ұлды ұлтын сүйетіндей етіп тәрибелеу керек. Баяғының қариялары сәбиді алғаш қолына алғанда: «Сана бер, сана бермесең, ала бер» деп көтерген. Неткен қайсарлық. Ұлтына пайдасы тимейтін ұлдың құны көк тиын. Сосын қатынбасшалықтан сақтансын. Салғыласатын еркектің қатыннан айырмасы қайсы? Екіжүзділікпен күресу мүмкін емес. Оларға Алла иман берсін деп тілейік, өзге амалын естімедік.

- Сәлеметсізбе. Шыныменде Сіздің сөз саптауыңызға өте риза болам. Творчестволық табыс тілеймін. Егер қоғамда ер азаматтарды жұмысқа көптеп алып, олар білімді болып, ер азаматтарға сұраныс артса, әйел заты үй шаруашылығы, бала тәрбиесімен айналысуына қалай қарайсыз.

Дәмиля

- Әйел үйдің, еркек түздің адамы емес пе. Ақылым кем бе, биліктегі әйелдерге біртүрлі қараймын.

- Амангелді аға дұрыс жүргізеді. Тек шешенденуден гөрі кәсібилену қажет. Көп ізденіс қажет Сізге Амангелді аға. Әр спорттық бәсекені жүргізудің алдында, сол бәсеке туралы, жалпы осы тақырыпқа терең дайындалып алуды өтінеміз.

Шымкенттен ұлтшыл ініңіз.

- Ықыласыңа рахмет, айналайын.

- Жігіттер мен сендерге қазақ футболынын қашан дамитынын мен айтайын! Бізде пара деген пәледен құтылмай болмайды .Ойншыларды, жас балаларды, командыға парасына қарай емес, пәрменіне қарай алғанда футбол түзеледі. Бразилия чемпионатына жарап жүрген Рауан Сариев Қазақ құрамасына достық кездесуде шақырлмағанына таң қалам.

- Жанкүйерлердің де сауатты болғаны дұрыс. Мұрты енді тебіндеген Сариевты жігіттердің арасына қосу мүмкін бе. Қазақ та аламанға тайды апармаған ғой. Рауанжан кейін тәжірибесі толыса келе ұлттық құрамаға да ілінер.. «Пәрмен» мен «пәре» жайында ондыққа аттыңыз - осы.

- Ел-жұрт жаппай мақтап жатқан Ілия Илин, Құдай бұйыртса, чемпион болады. Екі дүркін Олимпиада чемпионы! Бірақ, ол қазақ емес. Қазақстан азаматы. Амангелді аға, қай қазақ және қашан екі-үш дүркін Олимпиада чемпионы атанады? Сізден бұл ақжолтай хабарды қашан естиміз?

- Екі дүркін олимпиада чемпионы атануға лайықты ұлдар бар. Амал не,  Бекзаттың жасы мен қарымы келіп тұр еді. Жазмыштан озмыш жоқ. Нұрмахан биыл топ жарса келесі ойындарға нағыз бабында барады. Әділбек Ниязымбетовтың де болашағы жарқын секілді. Алмат Кебіспаев та енді төрт жылға шыдайды. Шіркін, бір кездегі Бекет секілді қайраткер керек, боксқа. Егер Махмұтов АИБА да жүргенде тамызда Сәпиевті екі дүркін олимпиада чемпионы деп таныр едік. Бекет аға қазір дзюдода. Бұрын бүк түсіп жатқан саланы қалай көтерді. Максим Раков 100 келі салмақтың серкесі. Әлемдік рейтингте бірінші тұр. Мамандардан ептеп сыр тартамыз дедік қой. Өкпелемейтін шығар. Мына бір мәліметтің шетін шығарсақ. Раков бірінші айналымнан сүрінбей өтсе кәріс Хванмен жұп құрайды. Жартылай финалда Найдан бар. Егер моңғол екі айналымда мықты болса, әрине. Ал, Анай мен Гролл, еврей мен орыс дзюдошылары бір-бірімен алысады. Әзірше оған тек болжам ретінде қараңыз. Бірдеңені байқа     йсыз ба?

- Осыдан біраз уақыт бұрын "Жас Қазақ" газетінде сіздің "Жеңеше" (Елбасының анасы жайлы)және "Ана тағдыры" (Иманғали Тасмағамбетовтің анасы)жайлы көлемді мақалаңыз шықты. Спорт саласына қалам тербеп жүрген ағамыздың сол шығармасы біраз жұрттың таңданысын тағы басқалай да әңгімелер туғызды. Сол мақалаларды жазғанда не мақсатты ұстандыңыз?

- Мақсат біреу еді. Аналарды ұлықтау. Менің өз теоремам бар. Дәлелдеуді қажет ететін. Ділдә апамен әңгімелесу үшін Атырауға ұшып бардым. Өзім, жеке жұмыс ретінде. Ешқандай саяси астарсыз. Барғанымды Имаш аға білмейтін де шығар. Білуі шарт та емес. Жалпы бала кезімде үлкеннен әңгіме тыңдағанды жаным қалайтын. Біздің ауылдан тоқсан шақырым жерде Әділбеков Қыдырмолда тұрды. «Қабанбай» дастанын айтатын. Даусы құлағымда қалды. Әсет Найманбаевты алтыншы класта зерттегім келген. Бірақ партияның шалдары «онда нең бар, Ленин атаңды дұрыстап танып ал», - деп кеңес айтты. Ойым Қабекеңді де білу еді ғой. Сол кезден жасырынып келе жатқан әуестік. Жеңешеге де жол солай түсті. Әлжан ананың өткен өмірі мен жүрген жолы қызықтырды. Талай мәлімет таптық. Сосын жаздық. Біреуге жағыну десеңіз қателесесіз. Бір Аллаға ғана сиынып келеміз. Әлимсақтан.

- 28-қонақ сізбен толықтай қосыламын. Сонымен қатар, легионерлердің келуіне, және командада ойнауына (саны жағынан) шектеу қою керек. Солар-ақ (Легионерлер) футбол ойнап қырып жатқан ештеңесі жоқ. Мысалға Атырау футбол клубы. Футбол алаңына шыққат 11 ойыншының 11-і де - легионер. Ойнағандарын көрсең теріс айналасың. Біздің қазақтың қара домалақтары осылардан артық доп теппесе ешқандай кем емес. Ал "Атырау" ФК - н облыстық бюджет қамтамасыз етеді. Бұл жерде әрине параның исі шығады. Легионерлер арқылы пайда табу болып тұр ғой.
Қазақ футболын дамыту үшін:
1) Параны тоқтату керек.
2) Ауылдық жерлерде спорт мектептерін көптеп ашу керек және оларды қаржыландыру керек (ДЮШС секілді). (ауылдық жерлерде талантты қазақ балалары өте көп, тепсе темір үзеді, шапса жылқы секілді шабады).
3) Легионерлердің келуіне, санына шектеу қою керек. (Легинерлер керек, бірақ та бәрі бірдей емес, ішінде кәсіби біліктілері керек, олардан үйренетін нәрсе көп).
4) Жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігін арттыру керек.
Осының бәрін белгілі бір жүйеге келтіру үшін ең алдымен үкіметтің ниеті керек, мемлекеттік дұрыс бағдарлама керек, қаржы керек.
Атыраудан ұлтшыл інілеріңіз.

- Атыраудағы інім аяқдоп мәселесін әбден біледі екен. Бірақ бағдарлама бар. Соны жүзеге асыру шабан жүруде. Тіпті жүзеге асуына мүдделі емеспіз. Жаңа айттық қой. Сырттан пысықтарды жинап алып, жарысқа салу сәнге айналды дегенді. Іріктеу іркілген тұста табыс қалай келеді.

- Ассалаумағалайкум аға... қазір ерінбегеннің бәрі қазақ коментаторларын сынға алады.Рас, олардың да мәз болып тұрғаны шамалы. Бірақ, көш жүре түзеледі деген бар емес пе...Баяғыда қазақша репортаж тарату деген тіпті жоқ еді ғой. Жалпы "Хабардың" алғашқы болып қазақ тілінде футболдан тікелей репортаж жасағаны қазақ спорт журналистикасындағы айтулы оқиға екені шындық. Айтыңызшы өзіңіз бастаған сол жылдардағы осы қадамға кімдердің әсері болды? "Хабардың" сол кездегі басшысы Дариға Назарбаеваның "футболды қазақша жүргізсін" деген бұйрығы болды дейді, ол рас па?

-Тарих үшін керек шығар. 1997 жылы Қазақстан құрамасы әлем біріншілігінің іріктеу турниріне қатысты. Кейбір ойындарын бердік. Сосын Франциядағы доп додасы басталатын болды. «Хабар» заңды құқын сатып алуға талпынды. Дариға Нұрсұлтанқызы мундиалды көрсетуге мүдделі болды-ау деймін. Жиын өтеді. Кілең сығайлар жиылады. Бірде бізді шақырды. Дариға апайды жақыннан тұңғыш көруім. Көпшілік Ресейден комментатор шақыру жайында пікірлесіп жатса керек. Және футболды қазақша жүргізуге болмайтынын айтты. Арна басшысы бізге назар аударды. Жалғыз пункттен тұратын тапсырма берді. Әуелі сауал тастады. Футболды қазақша сөйлетуге бола ма деген. Неге болмасын. «Онда тыңдап ал. Дұрыстап дайындал. Әлем чемпионаты қазақша сөйлемесе, маған бұл проектінің маңызы шамалы». Мықтылардың үнжұрғасы түсіп кетті. Талай көздердің бізді атқанын білеміз. Тағы бір мәселе. 2000 жылы Сидней олимпиадасынан трансляция беру құқын сатып алды, «Хабар». Кесте жасағанда жалпы жұртқа ұнайтын баскетбол, қара маржандар ғана жарысатын жеңіл атлетика түрлері таңдалған ғой. Содан бокстың ширек финалы өтіп жатты. Бағдарламада жоқ. Көрсете алмаймыз. Кіші бастықтарға барсақ «жолама»,- дейді. Кестені өзгертуге қорқады. Дариға апайға сендік те, тәуекелге бардық. Режиссер Рубикжан Яхин ақкөңіл, ұшқалақ жан. Соны пайдаландық. Продюссер Нұртілеу Иманғалиұлы, жүргізуші Қымбат Досжан. Кезекші Күләш Ермішқызы. Қысқасы жаңалықтар жүріп жатқан студияға жетіп бардық. Өзіміз ызалымыз. Ермахан  Куба оғланы Эрнандесті ұрып жатыр. Соңғы раунд басталды. Сосын Рубикті іздедік дедік қой. Ресми өкіл деп қабылдаса керек. Пультті басып қалды да, «Қымбат, қазір мына Аманкелді боксты береді, аппаратныйдан» деді. Тізгін режиссерда. Жүргізуші сценарий солай деп ойлады. Жүгіріп аппаратныйға келдік. Алақандай мониторға үймелегендер көп екен. Оларды шығарып, микрафонды ала салдық. Есепті де біліп тұрған жоқпыз. Соңғы минуттар, бірдеңелерді айттық. Ермахан жеңіске жетті. Қымбат менің даусымнан аңғарған, айтып салды. «Ыбырайымов олимпиада чемпионы». Шынында ширек финал енді аяқталған. Нұрекең жүргізушіні жұбатып жүр. «Аузыңа Алла салған шығар. Көресің, әлі-ақ Ермахан чемпион болады». Қазір мұндай амал жасап көріңізші. Қайтер екен. Өз басым Дариға апайға ризамын.

- Бокстан Бақыт Сәрсекбаев осы ойындарға бара ма? Бізде осы бокстан алтын алатындар кімдер деп ойлайсыз? Маған алтын алатындар жоқ сияқты сезіледі.

- Бақыт Сәрсекбаев үлкен спорттан қол үзген. Демек, спортшы ретінде Англияға бармайды. Боксшылар мүмкін болған он жолдаманың тоғызын алды. Тек 91 келідегі Василий Левит кешенді сыннан сырт қалды. Ілияс Сүлейменов пен Біржан Жақыповтың, Қанат Әбутәліпов пен Ғани Жайлауовтың, Данияр Елеусінов пен Серік Сәпиевтің, Әділбек Ниязымбетов пен Данабек Сужановтың және Иван Дычконың қай-қайсысы да жүлдеден үмітті. Болжам керек десеңіз, жалпы боксқа қатысты бір ой бар. Ең ауыр салмақта ағылшын Джошуа жүр. Соның соққысы сұмдық. Топ жарар ма екен деп топшылаймыз. Қызық бар. Сиднейде Харрисон үздік шықты ғой. Сол жігіт 1999 жылы Хьюстонда өткен әлем біріншілігіне қатысты. Ерте жеңіліп қалды. Еуропа чемпионы Кәрімжан Әбдірахманов аудармашылар арқылы ағылшынды шақырып алды. Әбден ұрысты. «Жұдырығың келісті екен, неден қорқасың, - дейді, мына көқең 48 келіде ешкімге дес бермеген». Харрисон Австралияда Мұқтарханды жеңіп кетті. Кәрімжанға айтамыз, «тыныш жүргеніңде Ділдәбеков чемпион атанар еді, әлгінің намысын бекер ояттыңыз»,- деп.

- Мына жұрт Амангелдіні таныса да танымай жатыр. Амангелді - күрескер. Қазақстан футбол одағында отырған "дәу көкелермен" алысып жүрген қайраткер. Орынды да ащы пікірлері үшін жақпай жүр. Әйтпесе, баяғыда-ақ бір жерде білдей бастық болып отыратын адам ғой. Амангелділер аз, санаулы. Ондай адамды иттің итақайының шабуылынан қорғайық! Ұлтшыл жігіттерді ұлтшылдар сақтайды. Бір-бірімізді батыр дейік!

- Қазақ жақсы сөз жарым ырыс екендігін ерте білді. Ағалар арқадан қағып, інілер ізет білдіріп жатса біздің кеудедегі жүрек те бүлк-бүлк. Рахмет, айналайындар.

- Аманжан, елде спорттық тележурналистика мектебін қалыптастырдың. Ол даусыз. Саған еліктейтін ұрпақ өсіп келе жатыр. Оны да жұрт біледі. Менің сауалым мынадай. Осы спортты насихаттайтын арна ашылады дейді. Соған бұрынғы саңлақтарды насихаттайтын бағдарлама неге ұсынбайсың ол да сенің қолыңнан келеді.

- «Спорт» арнасының ашылғаны жақсы, әрине. Ол қандай арна болады? Мәселе осы тұста туындайды. Мысалы, Катар дейік. 2006 жылы Дохада Азия ойындары өтті. Барып, көрдік. Не көп, газет көп. Спорт басылымдары. Сапасы керемет. Тілшілерінің жалақасына да көңіл тояды. Қаржы қайдан дейміз ғой. Шейхтер қаржыландырады. Керек десеңіз, оларға салық секілді. Елді спортқа бұру үшін басылымдарды көбейтіпті. Арналар да жетіп, артылады. Кез келген елден тікелей репортаж таратады. Ағылшын премьер лигасынан, Италияның «А» сериясынан, бундеслига. Испан біріншілігі. Мұхиттың арғы жағындағы баскетбол мен хоккейді де алған. Деңгейі көрініп тұр. Ал, бір көрсеткенін малта етіп езетін арнаның керегі не. Саңлақтар сарайын ашқан дұрыс. Әр спорттағы серкелерді түгендеу үшін. Телевидениеге алғаш 1994 жылы келдік. Рабат аға шақырған соң. Бағлан Бидайбаев режиссер екен. Жоба ұсындық. Кезінде олжа салған саңлақтар жайында бағдарлама. Режиссер тікелей эфир керектігін айтты. Рабат аға қолдады. Басшылар да қарсы болмады. Сосын іске кірістік. Бірінші тікелей эфирге Жандос Көкімовты шақырдық. КСРО - АҚШ кездесуін ашқан даңқты боксшы. Кезінде венгр Гедоны сабаған қазақ спортшысы. Табу қиын еді. Ерғали Мұхитдинов аға көмектесті. Эфирге алып шықтық. Экран толы эмоция. Батырын сағынған жұрт телефонға ұмтылған. Бірі айтады, «тірі екенсің-ау Жандосым, саңлағым». Мазмұны ойда қалған жоқ. Бірақ сол кезде қазақ өз батырын іздейтінін білдік. Желаяқ Сәбит, гимнаст Сәуле келді. Иманбаев  мен Барлыбаеваны бүгінгі буын білер ме  екен. Қазақтан шыққан үстел теннисінің шебері Әлия Серікбаеваны шақырдық. Баскетболшы Ольга Апатаеваны іздедік. Кейін Әмин ағаларға кезек келді. Шаңғышы Қалихан Ноғамбаевтар жайлы көп айтыла ма, қазір? Немесе вело спорттан әлем чемпионы атанған Марат Сатыпалдиевты ұмыта бастадық. Өз ағамызды ағалай алмай жүріп, кісі ағасын жағалағымыз келеді. Ол бола ма.

- Ермахан Ыбырайымов айтады. "Аманкелді ағамыз жүргізген репортажды бүкіл боксшылар көретін. Бірде Мұқтарханға Сафиуллин неге ұйықтайсың деп ұрсып жатты. Соны естіген Абекең табан астында былай деді, әй мына Мұқтархан ұйықтап жүріп осылай ұрады. Оянып кетсе қайтеді деп. Әбекең қазақша жүргізудің мастері ғой

- Ермахан, Болат, Мұқтархандар жүргенде қазақ боксының даңқы аспандады ғой. Әлем чемпионаттарына бара қалсаң, өзге елдің өкілдері соларды сұрайды. Бір жарыста еңгезердей Савон жүр. Білмей ме. Жоқ білсе де әдейі істей ме. Ермахан миығынан күледі. «Мына дәуің кім-ей»,- деп. Былайғы жұрт жарылып жол беретін мықтыларды мойындамайды. Өздерін кесек ұстайды. Және тұрқына көңілің тояды. Ринге шығады, тағы да мерейлері үстем. Нағыз қазақ жігіттері. Мұқтархан Рубалкабаны сабады. Әй, айзымыз қанды-ау. Болат Жұмәділов шаршы алаңнан таяқ жемей кетті. Ақылды ғой. Тактиканы дұрыс таңдайды. Міне, қолдау болғанда екі дүркін олимпиада чемпионы атануы тиіс спортшы Жұмәдліов еді. Атлантада Майкро Ромеродан бір ғана ұпай ұтылды.

- Сіз дәріс жүргізгенде қазақты мақтайсыз. Пікір айтушылар арасында сізде өші барлар кездеседі. Олар жайлы не айтасыз. Бір топ шәкірттер.

- Шәкірттерге дұғай сәлем. Бәрібір Абай дұрыс айтады. Қазақ бір бірін дос көруі керек. Қалжың секілденген бірдеңелер арада жүруі мүмкін. Шын қазақ оған назар аудармайды. Біз торының төбеліндей ғана елміз. Он миллион деген не. Оның өзі тарыдай шашылып, бытыраның оғындай бет-бетімен. Қазаққа білім керек. Жапония ақылын сатып, күнін көреді. Қазаққа Алла қара жерден азық берді. Бірақ ақыл шикізатқа жұтылып кетпеу керек. Африка кедей дейсіз бе, қазба байлығын қараңыз. Сендер тіс арасына сығаламаңдар. Көкірек көзіне қараңдар. Өсіңдер, өркендеңдер. Ұлтың талай еншіден қағылып отыр. Соны қайтару үшін білім керек.

- Сейітхан, сенің мықты журналист екеніңе ешкімнің шүбәсі жоқ. Бірақ аннотациядағы "Кешегі Сейдахмет Бердіқұловтан басталып, Несіп Жүнісбаймен жалғасатын қазақтың спорт журналистикасы мектебінің қазіргі көшбасшысы да бір өзі" деген анықтамаға қалай қарайсың?

- Қалай қарауым керектігін өзім де біле алмай отырмын. Шоқ тигендей баж ете қалуға болар еді. Бірақ оған кім сенеді. Рас, керемет бір жүкті көтеріп жүрмін деп жауыр болар кезім емес. Қазақ менен де мықты ұлдарды туған. Бәрі жүр, ел арасында. Сейдағаңның жөні бөлек. Несіп аға біз үшін асқар тау. Оның саясында дамылдаудың өзі бақыт. Ұстазға ризамын. Мынау жалғанның ой-шұңқырын көрсеткен. Қыдырбек ағам бар. Сайын аға Тұрсынов, Жүсіп аға Хисымов , Бауыржан Омаров, Қайнар Олжай - бұлардың бәрі мен сусындаған бір-бір мектеп. Өзім де орнымды білемін. Бірақ ол ошақтың қасы емес. Бетегеден биік болудың өзіне қаймығамын. Менің қарсыласым қазақ демес едім. Қаным олар. Жаным солар. Мейілі мың жерден түтіп жесін. Ендігі жерде қазақ қазақты өлімге ғана емес, өкпеге де қимаса екен. Осы тілектің төңірегінде қоныстансам деймін. Осы онлайн кезінде маған садақ атқан біреу болса, соны бақытты етуді бір Алладан сұранамын. Ал тілек білдіргендерге, ақыл айтқандарға және арқадан қаққандарды Ұлы Алла жарылқасын.

(жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір