Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3820 0 пікір 31 Мамыр, 2012 сағат 08:32

Нұрлан Дулатбеков: «Нәубет жылдардың жазылмас жарасы»

31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

 

Елбасымыздың 31 мамырды «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деп жариялағаны белгілі. Қазақ халқы 70 жылда талай нәубетті бастан кешірді, посткеңестік елдер арасында ең ауыр қияметтен өткен - қазақ халқы. Ендеше, бұл күннің мәні біз үшін аса жоғары, тарихи ғана емес, адамгершілік тұрғыда да маңызды.

31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

 

Елбасымыздың 31 мамырды «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деп жариялағаны белгілі. Қазақ халқы 70 жылда талай нәубетті бастан кешірді, посткеңестік елдер арасында ең ауыр қияметтен өткен - қазақ халқы. Ендеше, бұл күннің мәні біз үшін аса жоғары, тарихи ғана емес, адамгершілік тұрғыда да маңызды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қарағанды «Болашақ» университетінде Нұрлан Дулатбековтің жетекшілігімен Ғылыми-зерттеу және тарихи-ағарту орталығы құрылып, «Қарлаг» жобасы негізінде Қарағанды өңіріндегі сталиндік лагерьлер жүйесін зерттеу қолға алынған болатын. Содан бері атқарылған ғылыми-зерттеулерінің нәтижесі 11 томдық жинақ болып, биыл 22 мамырда Мәскеу қаласында тұсаукесер рәсімі өтті. Қазақ елінің ғана емес, бұрынғы КСРО халықтарының тарихы тоғысқан сонау бір зұлмат жылдардың жаңғырығы жайында баяндайтын бұл қомақты топтаманың тұсаукесеріне Мәскеу қаласының белді тарихшылары мен қоғам қайраткерлері, Қарлаг тұтқынында болған көзі тірі куәгерлер мен олардың ұрпақтары, сондай-ақ Германия, Швейцария, Америка ғалымдары да қатынасып, ашық пікірлерін ортаға салды. Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінен арнайы делегация келіп, аяқталған жұмысқа жоғары баға берді. Осыған орай, Нұрлан Дулатбековтен арнайы сұхбат алып, ғылыми жетекші ретіндегі пікірін білген едік.

- Нұрлан Орынбасарұлы, Ғылыми-зерттеу және тарихи-ағарту орталығының Қарлаг жайындағы еңбектері туралы білгіміз келеді. Қалай жазылды және не жөнінде екендігі туралы қысқаша әңгімелеп берсеңіз?

- Әуелде 10 томдық кітап шығармақ болған едік, кейін материалдың көптігіне байланысты жоспарымызды кеңейтіп, 15 томға тоқталдық. Бұл жұмыс 2005 жылдан қолға алынып, қазірде 7 жылдай уақыт өтті.

Кітаптар жөніне ойысар болсақ, лагерьлік тұрмыс туралы материалдар соны көзімен көрген адамдардың естеліктері ретінде жергілікті баспасөздерде азды-көпті жарық көріп тұрды. Алайда біздер «Мемориал» Халықаралық қоғамдық қоры және Ресей Федерациясы мемлекеттік мұрағатынан қырыққа жуық адамның естелігін таптық. Ең бастысы, ол естеліктерге өз тарапымыздан ешқандай пікір қосқан жоқпыз.Тың мұраларды бастыру кезінде техникалық тұрғыдан көп салмақ түскені де рас. Өйткені мұның барлығы -лагерьдің тезінен өткен тұтқындардың көзімен көргендері мен бастан кешіргендері. Сол уақытқа сай қарындашпен немесе тағы да басқа әлдеқандай құралдармен таңбаланғандықтан, жартылай сыры кеткен жазулардың нобайын ажыратудың өзі оңай болған жоқ. Ол естеліктерді әуелде 1 томға жоспарлағанымызбен, материалдардың көптігінен 3 кітапқа жинақтауымызға тура келді.

Осы естеліктерді жинау барысында Қарлагта отырған шығармашылық адамдардың да еңбектері ұшырасты. Олар әйгілі суретшілердің шығармалары еді. Германияның немесе Мәскеу, Ленинград, Киевтің бұл тұрғыда қалыптасқан авангардтық мектептері бар. Солардың түлектерінен В.Эйферт,И.Борхман,Г.Фогелерлер де Қарлагқа айдалып, сонда жазалау мерзімдерін өтеген. Міне, осындай ірі тұлғалардың лагерьдегі туындылары келесі еңбегімізге өзек болды. Бұл жұмыстардың құндылығы көркемдік қырында ғана емес, негізінен, жазылған материалдарында болып отыр. Қамаудағы тұтқындар өз қандарын көмірге араластырып, нанға немесе басқа да тағамдарына қосу арқылы бояу жасаған. Сондықтан ол шығармаларды тебіренбей көру мүмкін емес. Қазірде барлығы дүниежүзілік кітапханаларға таратылып, Еуропада жоғары бағаланды. Қызығушылық танытқан шетелдік суретшілер әлі күнге дейін хабарласуда.

Бесінші кітап Степной лагеріндегі Кеңгір көтерілісі жөнінде. Кеңгір көтерілісі туралы жазу себебіміз - посткеңестік кезеңде сталиндік лагерьлер арасынан ГУЛАГ жүйесіне, кеңестік режімге ашық наразылық танытып, қарсы шыққан осы лагерь тұтқындары болды. Соңында Мәскеуден арнайы алдырылған танктердің күшімен жаншылған Кеңгір қозғалысы - Кеңестер Одағын ғана емес, тұтас әлемді дүр сілкіндірген оқиға. Жезқазған қаласына жасаған экспедициямызда,одан қалды, Ресей Федерациясы мемлекеттік мұрағатында жұмыс істеген уақыттарда Кеңгір көтерілісінің саяси бюрода аса күрделі талқылауға түсіп, жоғарыдағылар тарапынан қатты алаңдаушылық туғызғанына көз жеткіздік. Осылайша Кеңгір көтерілісі өз алдына жеке кітап болып жарыққа шықты.

Әрине, Кеңгір қозғалысы өз алдына жеке кітап болғанда, Степной лагерін айналып өтудің мүмкін еместігі өзінен-өзі түсінікті. Осы тұста бір ұтқанымыз - Кеңгір туралы материал жинау барысында Степлаг туралы материалдарды қоса жинағандығымыз. Сөйтіп, Степлагтағы тұтқындардың тұрмыс-тіршілігі, оларды тамақтандыру, медициналық қызмет көрсету, күзету ісін қамтыған алтыншы кітабымыз баспаға ұсынылды.

Степной лагерінің Жезқазғанда орналасқандығы белгілі. Сондықтан ол туралы тарихи құнды материалдардың дені Жезқазған қаласының мемлекеттік мұрағатынан табылғанын айта кету қажет. Әскери тұтқындарға қатысты қыруар материалдар да сол жерден табылды. Ал Жезқазғанда саяси қуғынға ұшыраған КСРО азаматтарына арналған лагерь ғана емес, әскери тұтқындарға арналған лагерьдің де болғандығын қазірде жергілікті тұрғындардың бәрі бірдей біле бермейді. Тек Қарағанды облысының өзінде ғана неміс, жапон, румын, кәріс және т.б. ұлттардан құралған 60 мыңнан астам әскери тұтқын болған. Қарағанды, Балқаш, Жезқазған лагерьлеріндегі жапон әскери тұтқындарға арналған жетінші кітабымызда да ешбір саяси баға беруді мақсат етпедік. Тарихи фактілерге жүгіне отырып, осы үш лагерьдегі жапон әскери тұтқындардың тағдыр-талайын, санын, еңбегін, тамақтандыру және медициналық қызмет көрсету жүйесін т.с.с. құжаттар негізінде баяндадық. Бұл кітап жапон елінде үлкен толқу тудырды. Себебі, Қарағанды лагерьлерінде тұтқында болған 23 мыңға жуық адамның онда ұрпақтары ғана емес, қазіргі кезде өздерінің де саны көп. Жапон халқы өмір сүру жасының ұзақтығын ескерсек, әлі де мыңдап саналатындығын болжауға болады. Бұл еңбек Жапонияның Қазақстандағы Елшісіне табысталып, ол елдің ірі деген университеттерінің кітапханаларына жіберілді. Жапон әскери тұтқындар бейбіт ассоциациясының назарына іліккен осы зерттеуге қатысты соңғы кездерде жапон тіліне аудару және тұсаукесерін Жапонияда өткізу жөнінде ұсыныстар түсіп жатыр.

Келесі еңбегіміз кеңестік дәуірдегі саяси режімнің адам өмірін қалай аяқасты еткендігін Лев Вознесенскийдің нәубет жылдардан бастау алған жеке тағдыры арқылы көрсетуге бағытталды. Кеңестік және ресейлік экономист, ғалым әрі педагог, мемлекет және қоғам қайраткері Л.Вознесенскиймен Мәскеу қаласында арнайы кездесіп, лагерьлік өмірі турасында сұхбат алғаным бар. Кейін соның негізінде диалогтік үлгідегі кітап дүниеге келді. ММУ-дың 20 жастағы студенті Л.Вознесенский тағдыр тәлкегімен Шерубай-Нұраға (қазіргі Абай жеріне) әкелініп, Песчаный лагерінің тұтқыны болған, Л.Гумилевпен бір камерада отырған. Бұл кітаптың тұсаукесері Санкт-Петербург университетінде өтті. Л.Вознесенский әлі күнге дейін тың, жасы 87-де. 11 томдық зерттеу жұмысымыздың тұсаукесері кезінде көзіне жас алып тұрып: «Ешқашан ұмытпаймын, қазақ даласында тұтқында болған сондай бір қиын-қыстау кезеңде жергілікті халықтың бізге деген көңілі тым жақсы болды. Сол үшін де қазақ халқына ризамын», - деу арқылы ұлтымыздың кеңдігі мен дарқандығын және бір әйгіледі.

Келесі еңбек елімізге жер аударылған неміс халқының тағдыры туралы. Осы кітапты оқыған Германияның Қазақстандағы Елшісінің ағынан жарылып тұрып: «Мен Қазақстан халқына қатысты таңданарлық жайттың куәсы болып отырмын. Немістер туралы қазақтар мен орыстар кітап жазып бастырады, ұлтаралық татулықтарыңыз шынымен де айтса айтқандай екен», - дегені және бар. Меніңше, Германия Елшісінің мұнысы кең пейілді қазақ халқына берген жоғары бағасы болса керек. Қазірде бұл еңбек неміс тіліне аударылып, Германияда соны насихаттау жұмыстары жүргізілуде.

Таяуда «Қарлаг» деген атпен 2 томдық еңбегіміз жарық көрді. Бірі - Қарлагтың құрылуынан жұмысын тоқтатқанға дейінгі аралықтағы фотоқұжаттарды қамтыған альбом болса, екіншісі соны теориялық жағынан сипаттайды, яғни, Қарлаг тарихына арналған. Тұтқындар саны, оларды тамақтандыру жүйесі, медициналық қызмет көрсету, күзету ісі, тұтқындар өлім-жітімі, бөлімшелерінің орналасу реті, басшылары т.с.с. мәліметтер туралы баяндайды.

- Әр кітаптың көлемі 50-60 баспа табақтан артып жатса, университет ғалымдары ауқымды еңбек атқарған екен. Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

- Жоспар көп. Мәселен, тұлғалық бірнеше кітап жазу ойда бар. Бұған дейін Сәкен Сейфуллинге арналған тұлғалық энциклопедия шығарған едік. Енді Санжар Аспандияров,Николай Заболоцкий,онан әрі А.Чижевский, Г.Фогелер және басқалар туралы жазумен айналыспақпыз. Екіншіден, кейінгі жылдары Берия, Сталин туралы кітаптар тым қарқынды шығып, олар барынша қараланып жатыр. Осы ретте Голощекиннің тарихи бет-бейнесін ашатын жұмыс жазу, құжаттық тұрғыда дәлелдеп көрсету де ойымызда.

Соңынан, әрине, құқықтық нормативті құжаттарға тоқталмақ ой бар. Өздеріңізге белгілі, Қылмыстық Кодексте «58» деген бап болған. Біздің мақсат - осы баптың құрылысы, қабылдану шарттары, сонымен қатар елімізге қандай сипатта қаншалықты залалы тигені туралы талдау, шет мемлекеттердегі заңдармен салыстыра отырып, құқықтық табиғатын зерттеу болмақ.

- Расында да жоспарыңыз тер төгуді талап етеді екен. Барлығының да жүзеге асуына тілектеспіз. Енді бір сұрақ, осы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазуда, жетекшілік етуде жасаған қорытындыңыз, түйген ойыңыз бар ма?

- Әрине, зұлмат жылдардың жарасы - әлі талай ғасырлар бойы ойландыратын мәселе. Бұл жоба сол зұлматтан жапа шеккендердің рухына бағытталған дейміз ғой. Дегенмен, менің ойымша, бұл тақырып олардан гөрі жас ұрпаққа қажет. Себебі, адамның ең үлкен құндылығы - бостандық. Кеңестік дәуірде қуғындалған адамдардың бостандығы шектелмегенде, Әлихан мен Әлімхан, Тұрар мен Смағұлдардың биік армандарына кедергі келтірілмегенде, әлем және Қазақстанның жағдайы мүлде басқаша болар ма еді, бәлкім... Сапалық қасиетін былай қойып, сандық мөлшерге жүгінейікші. Аштық, саяси қуғын сияқты зобалаңдар болмағанда, халқымыздың саны, Елбасымыз айтқандай, 40 миллионға жеткен болар еді. Алып қос мемлекеттің ортасында отырмыз, ендеше, бізге сапалық та, сандық та көрсеткіштің жоғары болғаны керек. Сол алып елдерге барғанда, халық нөпірін көргенде, осындай бір ой келеді. Біздегі ең үлкен проблема - адам санының аздығы. Бабалар мирас еткен мынадай ұлан-ғайыр жерді қорғау үшін адам санының көптігі керек. «Көп - қорқытады, терең - батырады» дегенді де айтып кеткен сол бабаларымыз еді ғой.

Өсер ел ұрпағының бабалар алдында қандай міндеттері тұр? Яғни, сол 40 миллионның арманын қазіргі 15 миллион қазақ арқалауға тиіспіз. Демек, бойымызда 3 қазақтың күші болу керек. Ол - ақылдылық, парасаттылық, еңбекқорлық. Әрқайсымыз өзіміз үшін ғана емес, 3-5 адам үшін жұмыс жасауымыз қажет. Ел бірлігін, халықтың татулығын ойлап, тәуелсіздігіміздің тұрақтылығына қызмет етуіміз керек.

- Сұхбатыңызға рахмет, жемісті еңбек тілеймін.

Сұхбаттасқан - Әлімжан Жақан

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1579
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606