Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3115 0 пікір 28 Мамыр, 2012 сағат 06:49

Әмiржан Қосанов. Жаңаөзен: Жабылған жала мен жазылмайтын жара

Бес ай бойына Жаңаөзен туралы жазып келемiз. Ме­нiң­ше, алғашқы қорытындыларды шығаратын кез келдi. Олар неге кеп саяды?

БИЛIК АДАМ ӨЛТIРУДЕН ТАЙЫНБАЙДЫ

Алғашқысы - моральдық, керек десеңiз, адами сипатта. Дүниенi дүр сiлкiндiрген 16 желтоқсандағы мылтық дүмпуiнен кейiн ел iшiн емiн-еркiн кезiп келген бiр аңыздың күл-талқаны шықты! "Иә, билiктiң кемшiлiгi шаш етектен. Иә, оны өзгерту керек шығар. Бiрақ ол адамгершiлiктiң ала жiбiн аттамайды: ешқашанда өз халқына оқ атпайды!" - деп жүрген Ақорданың адвокаттарының аузына Маңғыстау өңiрiнiң кейде аспанға көтерiлiп, айналаны әлемтапырақ етiп жiбе­ретiн құмы құйылды! Бiрақ аңыздың ақыры кеп қалды деп, бетi қызарып, ақталып жатқан билiк жоқ!

Осы күндерi саяси дактилоскопия ғылымы (әрине, егер де ондай ғылым болса) тағы бiр аксиомамен толықты. Яғни, атылған мылтықтың шүрiппесiнде қылмыскердiң саусағының iзi қалатындай, саяси атуда сол кезде өктемдiк еткен билiктiң басында отырғандардың саусағының iзi қалады! Жаңаөзен алаңында дүмп еткен әр қарудың өз нысанасындағы құрбанды көрген көзi, оның жанайқайын естiген құлағы болады! Және де ешбiр қолбала тергеушi оны жоққа шығара алмайды!

Бес ай бойына Жаңаөзен туралы жазып келемiз. Ме­нiң­ше, алғашқы қорытындыларды шығаратын кез келдi. Олар неге кеп саяды?

БИЛIК АДАМ ӨЛТIРУДЕН ТАЙЫНБАЙДЫ

Алғашқысы - моральдық, керек десеңiз, адами сипатта. Дүниенi дүр сiлкiндiрген 16 желтоқсандағы мылтық дүмпуiнен кейiн ел iшiн емiн-еркiн кезiп келген бiр аңыздың күл-талқаны шықты! "Иә, билiктiң кемшiлiгi шаш етектен. Иә, оны өзгерту керек шығар. Бiрақ ол адамгершiлiктiң ала жiбiн аттамайды: ешқашанда өз халқына оқ атпайды!" - деп жүрген Ақорданың адвокаттарының аузына Маңғыстау өңiрiнiң кейде аспанға көтерiлiп, айналаны әлемтапырақ етiп жiбе­ретiн құмы құйылды! Бiрақ аңыздың ақыры кеп қалды деп, бетi қызарып, ақталып жатқан билiк жоқ!

Осы күндерi саяси дактилоскопия ғылымы (әрине, егер де ондай ғылым болса) тағы бiр аксиомамен толықты. Яғни, атылған мылтықтың шүрiппесiнде қылмыскердiң саусағының iзi қалатындай, саяси атуда сол кезде өктемдiк еткен билiктiң басында отырғандардың саусағының iзi қалады! Жаңаөзен алаңында дүмп еткен әр қарудың өз нысанасындағы құрбанды көрген көзi, оның жанайқайын естiген құлағы болады! Және де ешбiр қолбала тергеушi оны жоққа шығара алмайды!

Осы күндерi екi нәрсе ашылды. Бiрi - билiктiң шынайы, антихалықтық бет-әлпетi: өз байлығын, қала бердi, билiгiн сақтап қалу үшiн ол адам өлтiру­ден тайынбайды! Осыдан кейiн қандықол қатыгездердiң қолынан қаза тапқан Заманбек пен Алтынбектiң, Батырхан мен Асхаттың өлiмiне кiм кiнәлi деген сұрақтың жауабының шет жағы көрiнiп қалмай, не болды дейсiз ендi?!

Екiншi ашылған нәрсе - осының бәрiн көрген, тиiстi ой түйген халықтың көзi. Яғни, Жаңаөзен саяси процестiң катализаторына айналды. Бiз айлап-жылдап қалың елге жеткiзе алмай жүрген билiк туралы шындықты бiр күнде лақ еткiзiп, жаһанға жайып салды. Елдiң түк­пiр-түкпiрiне жеткiздi. Мұнайшы­лар­ға жала жапқан жасанды телебағдарламасын "Хабар" мен "Қа­зақстан" арқылы көрсетiп, Ақорда "бәрiн қатырдым" деп, өзiне-өзi алдап, риза бола берсiн. Ал интернет пен әрбiр қазақтың қолындағы ұялы телефон арқылы тарап кеткен қанды қырғынның ешбiр боямасыз деректi бейнеклиптерi (әсiресе, жараланып, жерде жатқан жiгiттiң басын дәлдеп, полицейдiң "контроль­ный" оқ атуы!) Ақтауда өтiп жатқан сотқа материал бола алмаса да, тарих сотының бұлжытпас айғағы болары хақ!

Кезiнде Ресейдi Герценнiң "Қоңырауы" оятса, XXI ғасырдағы қазақты Жаңаөзендегi бейбiт халыққа атылған мылтықтың дүмпуi мен боздағын жоқтаған кейуананың ащы даусы оятты!

Осы күндерi билiктiң жершiл, рушыл екенi тағы да көрiнiп қалды. Өз баяндауында ол Жаңаөзендегi қанды қырғынды "Қазақстанның алыс түкпiрiндегi бiр қалаға ғана" қатысы бар оқиға ретiнде көрсетiп бақты. Бiрақ қазақтың облысы мен руы бөлек болғанмен, қаны бiр. Ал қаны бiрдiң - жаны бiр! Қуанышы да, қайғысы да бiр! Билiк осыны ұмытты!

Анау Италияда күнi кеше оқыс жарылыстан бiр ғана студент қыз қаза тауып едi, бүкiл ұлт боп аза тұтты, қаралы күн жариялады.

Бiзде тапа-тал түсте ресми деректiң өзi бойынша 16 адам оқтан шейiт болды. Билiк үн-түн­сiз! Қаза болды, аза болмады! Аза болмаған соң, лайықты жаза қайдан болсын! Менiңше, аза тұту үшiн, ең алдымен, билiк­тiң ары таза болуы тиiс. Сол жағы қиындау боп тұр ғой бiзде...

"Өлi риза болмай, тiрi байымайды". Билiктiң бүгiнгi байлығы баянды бола қоймас осы моральдық тұрғыдан алғанда...

Бiлесiз бе, мен неден қорқамын? Мен осының бәрiн көрiп, өскелең ұрпақтың "өмiрде бәрi болады екен, қазақты қазақ қыра бередi екен ғой", - деп осындай сорақылыққа да бойы үйренiп кете ме деп қорқамын!

 

ХАҚ ПЕН ҚҰҚЫҚТЫҢ ҚАҚТЫҒЫСЫ

Жаңаөзен оқиғасының таза құқықтық сипаты бар. Көп адам қазiр осы тұрғыда тек қана тергеу мен сот туралы айтып жатыр. Мен болсам, әңгiменi әрiректен, 16 желтоқсанға дейiнгi кезден қозғағым келедi.

Өткен жылдың қазан айында алаңда тұрған мұнайшылармен кездескенiмiзде олардың қолында үкiмет қаулысының көшiрмесi болды. Онда "мұнай-газ саласында 1,8 коэффициент" енгiзу туралы жазылған. Премьер-министр қол қойған.

"Бiз артық нәрсе сұрамаймыз, үкiмет басшысы бекiткен құжат орындалсын" деймiз!", - деп жат­ты олар.

Неге Жаңаөзен оқиғасының себебiн табуға тиiс үкiметтiк комиссия мен тергеу органдары мұнайшыларды алаңға алып шыққан дәл осы жайтты мұқият зерттеп, анық-қанығына жетпей­дi? Үкiмет өз көзiн шұқығысы кел­мейтiн шығар. Бiрақ президент осы қаулының қандай трагедияға әкелiп соққанын неге қолына май шам алып, iздестiр­мейдi?

Арандатудың екi түрi болады. Үлкенi - халық байлығын ат төбелiндей топтың қолына берiп қойып, елдi миллиардерлер мен қайыршылар деп екi тапқа бөлiп тастау. Кiшiсi - осындай қаулы қа­былдап, оны орындамай, мұ­най­шылардың алаңға шығуына себеп болу. Үлкен арандатуға ет үйренiп қалды ғой, кiшiсiне неге жол беремiз?!

Және де Қылмыстық кодекс­те жазылған "әлеуметтiк араздықты қоздыру" бабындағы қылмысты кiм жасап отыр?" деген про­курорлар қойып жатқан сұ­рақ­қа басқа да жауаптар (және жауапты адамдар!) табылып қа­лар!

Соттар өтiп жатыр. Алғашқы шешiмдер шығып жатыр.

Бiрақ әзiрше, ең маңызды үш сауалға жауап жоқ. Ал оларсыз сот әдiлеттi өттi деп айта ал­май­мыз. Яғни, неге әлеуметтiк қақтығыс осындай трагедияға әкеп соқтырды, кiм оның алдын алуы тиiс едi? Неге қолында қа­руы жоқ бейбiт мұнайшылар­ға, қала тұрғындарына қарсы басқа, адамды өлтiрмейтiн құралдар қолданылмады? Және сауалдың көкесi: оқ атуға бұйрықты кiм бердi?

Ақтаудағы соттар бiздiң құ­қық қорғау органдарының кәсiби деңгейiнiң қандай екенiн де көрсетiп қалды. Құдай кешiрсiн, бiрақ жоғарыдан "мынадай бiр қылмыстық iстi ұйымдастырыңдар" деп пасық пәр­мен берiл­ген­нiң өзiнде, дәл осындай тө­мен деңгейде орындағаны несi?! Осы күндерi бүкiл ел сот залынан түскен репортаждарды жiтi бақылап отырды да бiр нәрсенi ұқты: бiздiң полицейлер мен прокурорлардың қолынан түк келмейдi екен! Ал егер де ел басына шынымен де күн туып, бiздi қылмыстық элементтерден те­геу­рiндi түрде қорғау керек болса, осы органдар не iстемек сонда? Сенген полициямыз осы ма сонда?!

Жаңаөзен коғамдағы тағы да бiр өрескел жағдайдың бар екенiн көрсеттi. Оның аты - екi аяғынан ақсап тұрған Еңбек туралы заңнама. Нарыққа апыл-ғұпыл көшу кезiнде реформалан­ған ол заңдарда материалдық құндылықтарды тiкелей өз қолымен өндiрушiнiң емес, оның үс­тiнде тұрған бастықтардың мүд­десi қорғалады! Мiне, қатардағы әлеуметтiк мәселе көтерген мұнайшылардың бастамасы сол себептi ғаламат қасiретке әкеп соқты. Егер де сол заңның iшiн­де осындай мүдде қарама-қайшылықтарын шешу механизмi қарастырылғанда, қанды қырғын болмас та едi!

Еңбек қақтығысы жалғыз Жаңаөзенде болды деп кiм айтты? Мiне, қараңыз, үндiс Лакшми Мит­талға тиесiлi кешегi "Карметте" де жұмысшылар ереуiлге шығып жатыр. Басқа да аймақтар бас көтеруде. Жаңаөзен жаңғырығына билiк құлақ аса ма, аспай ма, оған ел iшiндегi тыныштық тiкелей байланысты!

 

САСҚАН БИЛIК КЕЗ КЕЛГЕН НӘРСЕНI САЯСИЛАНДЫРЫП ЖIБЕРЕДI

Үшiншi сипат - таза саяси.

Қоғамдық өмiрдiң бұлжымас заңы мынау: дер кезiнде лайықты шешiмiн таппаған әлеуметтiк не экономикалық мәселе күннiң күнiнде саяси сипатқа ие болады. Бұл жерде мен тек қана жетi ай бойына алаңда тұрып, жалақыны көбейтудi талап еткен мұ­найшылардың ереуiлiн айтып тұрған жоқпын. Ол - мұзтаудың бер жағы ғана.

Арғы жағына келейiн, яғни тереңiрек қазайын (тақырыпты да, жер қойнауын да). Наразылық танытқандар шағын не орта биз­несте жұмыс iстегендер емес, олар - мұнай секiлдi стратегиялық маңызы алабөтен салада тер төгiп жатқандар. Ал қара алтын толған сандықтың кiлтi кiмде екенiн бәрi бiледi.

Саясат емей не бұл ендi? Өйткенi Құдай бере салған қазбалы байлыққа кiм (16 миллион халық па, әлде "Форбс" журналының төрiн бермей жүрген қа­зақ төлқұжаты бар басқа ұлт өкiл­дерi ме) ие? Мiне, бүгiнгi Қазақстанның күн тәртiбiндегi ең бас­ты саяси сұрақ осы! Жа­ңа­өзен - осы заман сауалының бiр ұшы ғана.

Адамзат тарихындағы барлық соғыстар мен қақтығыстардың бас себебi осы мұнай боп тұр­ғанда, қазақтың бүгiнгiсi мен болашағын анықтап жатқан осы байлық демей, оның бағы да, со­ры да осы демей, не дейсiз ендi?!

Жаңаөзен елдегi саяси жүйе­нiң құбыжықтығын тағы бiр көр­сеттi. Яғни, қарапайым адам мен билiк арасындағы қарым-қатынас қандай екенiн жария еттi. Әдiл де ашық сайлау арқылы түзiлетiн, ертеңгi күнi әрбiр мұ­найшының дауысы үшiн күресе­тiн билiк осындай қатыгез қа­дам­ға барар ма едi?! Жоқ! Қараңызшы, Еуропа мен Америкада да наразылық бiлдiрген азаматтар көшеге мыңдап шығуда. Гре­кияда, Англияда, Францияда тiптi сорақы әрекеттер жасап жатыр, бiрақ оларға қарсы еш­кiм де оқ атып жатқан жоқ! Не­ге? Гуманизм принцип­терiн былай қойғанда, ертең ондай қылмыскер үшiн ешбiр адам дауыс бермейдi! Мiне, таза сая­си мүд­денiң мораль мен адам­гер­шiлiк­ке тiкелей қатысы деген осы!

Оппозицияның кейбiр өкiлде­рiн осы оқиғаға телiп қою да - таза саясат. Дәлiрек айтсам, антисаясат. Ал антисаясаттың құй­рығы, өтiрiк секiлдi, бiр ғана тұтам. Басқасын айтпағанда, ереуiл басталғалы берi екi жақты мәмiлеге шақырып, шырылдап келген Естай Қарашаев секiлдi жас жiгiттi ауыр баппен жауапқа тартуы тiптi ақылға қонбайтын нәрсе!

Иә, Ақорда Мұхтар Әблязов­тi жек көретiн шығар. Онысы түсiнiктi де: кезiнде ДВК секiлдi бiрегей ұйымның басы-қасында болған ол азаматтың оппозиция үшiн сiңiрген еңбегi зор. Бiрақ оған қарсы билiк жариялаған нау­қан барысында қарапайым мұнайшыларды аманат етiп ұс­тау қаншалықты орынды? Олардың аузынан не президент, не басқа лауазым өкiлiне қарсы ұрандар шыққан жоқ қой! Әлде, екi түйе сүйкенсе, шыбын өлердiң керi ме бұл? Түйелер түйе болғысы келетiн шығар, бiрақ халық шыбын емес!

Осы өмiрде мен түсiнген бiр жайт бар: бiржақтылық ешқашан да жақсылыққа жеткiзбейдi! Сон­дықтан мен де бүгiн бiржақ­ты, тек қана билiктi айыптаудан аулақпын. Мұнайшылар да, бiз, оппозиция да, өзiмiзге сын көз­бен қарауымыз қажет секiлдi.

Ащы болса да айтайын: 16 желтоқсанда құй билiк, құй "үшiншi күштер" ұйымдастырған арандатуларға жол бермеуге қауқарлы жұмысшылардың өз тарапынан ұйымдастырылған мықты күш қажет едi. Ол дегенiңiз - шын мәнiнде тәуелсiз кәсiподақ. Бiз де, оппозиция, Жаңаөзен­дегi оқиғаға тым атүстi қараған сияқтымыз. Иә, бiрнеше дүркiн барып қайттық, иә, онда бiздiң белсендiлер болды, т.т. Иә, екi жақты мәмiлеге шақырып, тiптi бiр үстелдiң басына отырғыза алдық. Бiрақ, қалай десек те, оқиғаның осылайша қантөгiске ұласуына жол берiп қойдық. Мұнда бiздiң де кiнәмiз бар! Оны бiз ашық мойындауымыз керек!

Сондықтан қоғам өкiлдерi, беделдi тұлғалар енген Тәуелсiз қо­ғамдық комиссиямыздың жұ­мы­сын одан сайын жандандырып, Жаңаөзен қасiретiнiң се­бептерi мен салдары туралы толыққанды есебiмiздi түзiп, баршаға жария еткiзуiмiз қажет.

Саяси сипаттың тағы бiр астары бар: ендiгi жерде ел алдына шыққысы келген кез келген тұлғаға бiр басты сұрақ қойылады: сен Жаңаөзен оқиғасынан кейiн кiмнiң жағында болдың - билiктiң бе, халықтың ба? Ме­нiңше, осы сауалға берiлген жауап болашақта әрбiр саясат­кердiң болашағын анықтайды!

 

ЕШТЕН КЕШ... КЕШIРIМ ЖАҚСЫ

Кез келген тарих бүгiн жасалады. Мiне, бiзде Жаңаөзен фе­но­менi пайда болды. Ол елдегi жүйенiң ежелден келе жатқан кемшiлiктерiнiң бетiн ашты. Ен­дiгi жерде ол елдi жаңа кезеңге бастай ала ма? Тарихи тұрғыдан алғанда ешкiм де, ештеңе де бос құрбан болмауы керек қой.

Менiңше, ол үшiн бiрнеше қадам жасалуы тиiс.

Билiк, бiрiншi кезекте, президент ендiгi жерде бейбiт жұртқа қарсы ешқашан қару жұмсалмайтынын кепiлдi түрде мәлiм­деуi керек!

Ақтаудағы сот Қазақстанда­ғы ең масқара сот болды. Сондықтан президент өз өкiлет­тiгiн пайдаланып, сотта белгiлi бол­ған барлық келеңсiз жайттарды (адамдарды азаптау, жалған куәлiк беру) қайта зерттеуге жiберуi тиiс.

Ештен кеш... кешiрiм жақсы. Менiңше, бiзге екi түрлi кешiрiм керек. Бiр жағынан, өзiнiң қол астындағылардың Жаңаөзендегi қылмысы үшiн билiк кешiрiм сұрауы тиiс. Екiншi жағынан, титтей болса да, кiнәсi бар барлық мұнайшыларды президент кешiрiп, кеңдiгiн көрсетуi тиiс (бейбiт те жазықсыз жұмысшылардың арасына лаң салған оңбағандар табылып, жазасын тартуы керек!).

Мәселен, бүкiл ел, iшiн тарта, 37 мұнайшыға қатысты сот үкi­мiн күтiп отыр. Кеше Шетпе сотында 12-нiң 8-iн бас бостандығынан айырмауы билiктiң бiр жағынан жұмсаруы, екiншi жағынан қитұрқысы болуы мүмкiн. Жұм­саруы - қатты кетуден қор­қуы. Қитұрқысы - бiрiн ақтап, бiрiн жазалап, сотталушылардың арасына сына қағу.

Егер де президент соттың сапасыз әрi ұятты түрде өткенiн ескерiп, мұнайшыларға шартты түрде жұмсақ жаза тағайындатса, қоғам оны түсiнушiлiкпен қабылдар едi. Әйтпесе, Ақтаудағы сот екiншi Жаңаөзенге ұласып кетпесiне ешкiм кепiл бола алмайды!

Күнтiзбемiздi түзеуiмiз қа­жет. Екi рет қанға боялған 16 желтоқсанда ендi той тойлағанымыз тiптi жараспайды! Сондықтан осы күндi Желтоқсан мен Жаңаөзендi еске алу күнi деп белгiлеп, Тәуелсiздiк күнiн бұ­рын­ғы дата - 25 қазанға ауыстыруға болар едi.

Еңбек заңнамасын қайта қа­рап, қарапайым еңбек адамының хақы мен мәртебесiн биiкте­тетiн уақыт жеттi. Бiрақ жартыкеш пар­тиялық парламент ондай қа­дамға бармайтыны белгiлi. Ол үшiн Ақорданың саяси еркi керек-ақ.

Бiр нәрсе айқын: өткен жылдың 16 желтоқсанына кейiн Қа­зақстан басқаша саяси формацияға көштi. Жаңаөзен мүлдем жаңа кезеңге жол ашты.

Жаңаөзенде жабылған жаладан қалай құтыламыз? Жүрекке түскен жараны қалай жазамыз? Ол - бүкiл ел боп ойланатын жайт...

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2249
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3499