Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 2696 0 пікір 25 Мамыр, 2012 сағат 12:02

Қанат неге қапалы?

 

Он жылдан аса әлемде халқының санына ешбiр ел жете алмайтын қаптаған қалың қытайдың абыройын қорғаған қазақтың қара баласы, елге келудi армандады. Қытай елiнiң қызыл паспортын ұстап жүрiп, екi жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. 2007 жылы Чикаода өткен әлем чемпионатында қола медаль еншiлеген ол арада бiр жыл өткенде Бейжiң олимпиадасының қола жүлдегерi атанды.

Ханзулардың төрт жылда бiр рет өтетiн елiшiлiк спартакиадасы бар. Өздерi спарта­киа­даның дақпырты мен даңқын әлем чемпионаты мен Олим­пиа­да ойындарынан артық көредi. Мiне, Қанат сол дүбiрлi спартакиаданың алтын медалiн 2005 және 2009 жылы жеңiп алды. Он жыл өзiнiң салмағында Қанатқа қарсы тұрар бiр қытай боксшысы болған жоқ.

Қанаттың елге келгенiне де екi жылдан асты.

 

Он жылдан аса әлемде халқының санына ешбiр ел жете алмайтын қаптаған қалың қытайдың абыройын қорғаған қазақтың қара баласы, елге келудi армандады. Қытай елiнiң қызыл паспортын ұстап жүрiп, екi жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. 2007 жылы Чикаода өткен әлем чемпионатында қола медаль еншiлеген ол арада бiр жыл өткенде Бейжiң олимпиадасының қола жүлдегерi атанды.

Ханзулардың төрт жылда бiр рет өтетiн елiшiлiк спартакиадасы бар. Өздерi спарта­киа­даның дақпырты мен даңқын әлем чемпионаты мен Олим­пиа­да ойындарынан артық көредi. Мiне, Қанат сол дүбiрлi спартакиаданың алтын медалiн 2005 және 2009 жылы жеңiп алды. Он жыл өзiнiң салмағында Қанатқа қарсы тұрар бiр қытай боксшысы болған жоқ.

Қанаттың елге келгенiне де екi жылдан асты.

Атажұртына табаны тигенде арманы асқақ едi. Лондон олимпиадасында қазақтың туын жамылып, әнұранды қосыла шырқауды мақсат тұтқан. Бiрақ бәрi ойлағандай болмады. Алдымен, азаматтық алу мәселе­сiмен бiраз жүгiрдi, қазақ елiнде орыс тiлiн үйренуге мәжбүр болды. Сонда да қиындыққа мойымады, арқалай бiлдi. "Астана арландары" кәсiпқой бокс клубына қабылданды. Алғашқы маусымда ерекше өнерiмен көзге түскен ол былтыр Бакуде әлем чемпионатына қатысып, Лондон олимпиадасының жолдамасы үшiн сынға түсуге белiн бекем буды. Бакуге аттанарда тағы да жолына қиындық көлденең тұрды. Алып Қытай қабағы түнерiп, Қанаттың Лондон олимпиадасына қазақ елiнiң атынан қатысуына қарсылық бiлдiрдi. Ақыры "Арландардың" сапында екiншi маусым жұдырықтасып, команда капитандығын атқарды. Осындай кедергi мен қиындық атаулы үнемi жолына тосқауыл болып, көңiлiн сындырыпты.

Апта бұрын хабарласқанымызда, Алматыдағы спортшылардың әскери бөлiмi ЦСКА-ға қабылдану үшiн құжат жинау әлегiмен жүргенiн айтты. Уәделi мерзiмде Қанат та келдi, қолында құжаты, көңiлi сынық, әлденеге алаң.

 

- Қанат, АҚШ-қа кетуiңе не түрткi болды? Кәсiпқой боксқа ауыспақ екенсiң, Лондон олимпиадасына жол түспеген соң осындай шешiм қабылдадың ба?

- Былтыр Бакуде өткен әлем чемпионатына бару үшiн жаттығуға кiрiскен кезiмде, жоғарыдан қатыса алмайтыным туралы ақпар жетiп, көңiлiм нiлдей бұзылды. Бiрден кәсiпқой боксқа ауысу туралы шешiмге келгем. Бiрақ "Астана арландарының" алғашқы маусымында өнер көрсетiп, бауыр басып қалғандiкi ме, екiншi жыл да командада қалуымды өтiнген соң, кете алмадым. Сөзге тоқтап, екiншi жыл да қатыстым. Маусым аяқталған соң, кәсiпқой боксқа ауысу үшiн әрекеттенiп жатырмын.

- Кiмдердi арқа тұтып, АҚШ-қа аттанасың? Промоутерлерiң америкалықтар бола ма?

- Майамиде кәсiпқой боксқа баулитын бапкерлердiң кiм болатыны анық емес. Промоутерлерiм де шетелдiктер болмайды. Мұхит кешiп, жол тартуыма ел­ге белгiлi азамат, бiлiктi кәсiпкер Бауыр­жан Оспанов ағамыз көп еңбек сiңiрдi. Ол кiсi атамекенге оралуыма, үй­ле­нуiме, тұрмысымды тiктеуге көп еңбек сiңiрген. Кәсiпқой боксқа ауы­суым үшiн жол жүрiп жатқан да осы Бауыржан ағамыз.

-   Қазiр Алматыдағы спортшылардың әскери бөлiмiне қабылдану үшiн құжат жинап жүрсiң ғой? АҚШ-қа кетсең әскери борышыңды қайтесiң?

- Майамиге түбегейлi бара жатқам жоқ. Жаттығуға барып-келiп жүремiн. Ал халықаралық жарыстарға, әлем чемпионаттарына осы әскери бөлiмнiң атынан сынға түспекпiн. Әскери бөлiмге құжат жинаудағы басты мақсатым - өзiмдi елдiң қорғаны ретiнде сезiну, Отанның қорғаушысы екенiмдi дәлелдеу. Қытайда әскерге барғам жоқ. Сондықтан Отан алдындағы парызымды өтейiн деген ниетпен, құжат жинап, өткiзбекпiн.

- Бiзде қағазбастылық екенiн жақсы түсiнесiң. Қырыққабаттай қаптаған құжаттарды жиюдан қажыған жоқсың ба?

- Қажеттi құжаттардың көп екенi рас. Бiраз уақыт кеттi. Бұрын мұндай iске араласпағандықтан қазiр жолдастарым, таныс-бiлiстер қол ұшын берiп жатыр. Орыс тiлiне шорқақ болған соң, амалсыз жанымда жарым жүредi. Аудармашы сол кiсi. Қазiр де "хатшы" келiншегiм қасымда.

- Бiр сұхбатыңда қазақ спортын дамыту үшiн спорттық медицинаны өрiстету жағын айтып едiң...

- Спортшылардан үмiт күттiң бе, жетiстiк тiледiң бе, ең бiрiншi оның тамағын тоқтауың керек. Екiншi кезекте - жарақаты. Қазақ елiне келгенде байқадым, қазақтың өзiммен қатарлас талай жас дарындары түймедей ғана жарақаттан айыға алмай талабы мұқалды. Жасөспiрiмдер, жастар арасында жарқырай көрiнген дарындар жарақат алып сүрiнедi де, спорттық медицинаның дамымауы салдарынан толықтай айыға алмайды. Сондықтан ересектер арасына қосыла салып спорттағы сапарын бастамай жатып аяқтауына тура келедi. Екiншi, көптеген талантты спортшылар тез шаршап қалады. Де­мiгiп, ұзаққа шыдамайды. Неге? Өйткенi дене қуатын арттыратын дәрумен жетiспейдi. Табиғи бұла күш те сарқылады, ал оның орнын толтырып, қалыптайтын - дәрумен. Қытайдың медицинасымен бiрге спорттық медицинасы да қолдың қос саласындай қатар дамыды. Соның рахатын қазiр көрiп отыр. Олар спортшы жаттығуда терлегенде, денесiнен қанша сұйықтық бөлiнiп шықты, оның орнын толтыру үшiн не iстеу керек екенiн жақсы меңгерiп алды. Шидиген ханзу атлетi өзiнiң салмағынан бiрнеше есе ауыр зiлтемiрдi басынан асырады.  Олар өте әлсiз болса да күштiлiгiн осылай мойындатып келедi.

20 жыл бұрын қытайлар дәрiгер мамандарын АҚШ, Еуропаға жiберiп оқытты, спорттық медицинаның қыр-сырын үйренiп келдi де, Қытайдың спортын үлкен биiкке көтердi.

Қытайда оқып жүргенде спортшылар қандай тамақ жеу керек дегендi түсiну үшiн бiрнеше оқулық оқитынбыз.

- Демек, қазақ спортын асқақтату үшiн медицина дамуы қажет қой?

- Сөктi дей қоймас, жанашырлықпен айтып отырмын, бiздiң елде спортшы­лар­ға жағдай жасау дегендi пәтер алу, болмаса көлiк мiнгiзу, қаржылай сыйақы үлестiру деп түсiнедi. Спортшыңа жаның ашыды ма, оның ең алдымен тамағын тоқта. Киiмiнiң көктiгi оның дәрежесiн өсiрмейдi. Өзiң мақсат еткен биiгiңдi бағындыр, чемпион атан, сонда саған үй де, көлiк те табылады. Бiз осы түйсiктен арылуымыз керек секiлдi.

- "Астана арландарының" екiншi маусымдағы жеңiлiсi мен былтырғы меженi қомсынып жүрiп, жартылай финалдан асал алмағанымыз сенiң де жаныңа батары сөзсiз. Қаузай берсе, сылтау таусыла ма, дегенмен де, сәтсiздiкке тағы айналып соқ- саң?

- Жеңiлiстiң қателiгiн бәрiмiзден көруiмiз керек. Оны тек бапкерлерге, болмаса "арландарға" арта салуға болмайды. Әркiм өз кемшiлiгiн түзетуге ұмтылғанда ғана iлгерi басу болады. Сондықтан "Арландардың" "тiсi" неге батпағанын мен мынадан деп айта алмаймын. Бүкiләлемдiк бокс сериясы әуесқой бокс емес, ол кезiндегi Кеңес одағындағы боксқа да ұқсамайды, бұл - тың жоба. Өкiнiштi сол, бiз оны кәсiпқой бокс деп қабылдай алмадық. Кәсiпқой бокс­тағылар қалай жаттықса, бiздiкi мүлде бөлек болды. Спортқа 10 жасымда келгелi мен өзiме-өзiм биыл көңiлiм толған жоқ, өте төмен деңгейде рингке шық­тым. Бұрынғы Қанатты тани алмадым. Әр жекпе-жекте тек намыс үшiн қарсыласқа қарсы тұрдым.

Биылғы маусымда бiздiң топтағы орыстар, итальяндықтар, америкалықтар болсын, жаттығуды кәсiпқой боксшылармен бiрге өткiзедi. Ал бiз әуесқой боксшылармен бiрге дайындалдық. Одан кейiн қалай даму, өсу болады? Өзiме лайықты қарсылас болған жоқ, былтыр қайта Бақыт Сәрсекбаев барда екеумiз бiр-бiрiмiздi қайрайтын едiк. Бұл маусымда кiлең жастар, ұрайын десең, бап­керi ара түседi. Осылай өзiмiздi-өзiмiз алдап жүрiп, жартылай финалдан аса алмадық.

Шынын айтқанда мен әлi өзiмнiң қабiлет-қарымымды көрсете алғам жоқ. Сондықтан да кәсiпқой, боксқа ауысуға бел будым. Мүмкiн, әуесқойлар арасында аса алмаған асудан кәсiпқой бокста асармын.

- Былтыр "Париж Юнайтед" клубы саған қолқа салды.

- Иә, Бүкiләлемдiк бокс сериясының екiншi маусымына осы клубтың атынан қатысуымды өтiндi. Олар маған қомақты қаржы да төлейтiн едi. Адам өмiрде дү­ниеге тойған ба, қаржы үшiн шеттен ке­лiп, елдi тастап қайта шетел асуға арым жiбермейдi. Дүние қусам, Қытайдан қия баспас едiм. Олар маған бар жағдайды жасады, бiр басымда екi үй болды.

- Қытайдағы қандастарымыздың арасынан өзiңе елiктеп, iзiңдi басатын жастар бар. Сенi жiбергiсi келмеген Қытайдың спортын басқаратындар ендi оларды да шекарадан асырғысы келмейтiн шығар?

- Бапкерлер, басшылардың көбi ханзу ұлтынан, iшiнара ұйғырлар да бар. Содан ба, көптеген қазақ жастары алғашқы асудан аспай жатып-ақ үлкен спортпен қоштасуына мәжбүр болды. Солардың арасынан басымызды тауға да, тасқа да соға жүрiп, шықтық. Қазiргi уақытта қа­зақ баласы Қытайда жүрiп биiк белес­тердi бағындыра алуы өте қиын. Ұлтты кемсiту, кеудеден итеру қарқын алып кеттi.

- Қытайдың боксы осыдан он жыл бұрын төмен едi. Бүгiнде олар айды аспанға шығарды. Тiптi Бейжiң олимпиадасында медальдарды кө­сiп алды. Өзiң де солардың арасында болдың, көрдiң, көңiлге түй­дiң. Олардың аз ғана уақыт iшiнде дәуiрлеуiнiң себебi неде?

- Ең бiрiншi әркiм өзiне-өзi есеп бере бiледi. Мәселен, бапкер қателестi ме, жаңылды ма, мойындайды, кемшiлiгiн түзейдi. Екiншiден, сырттан бiлiктi бап­керлердi алдырды, тәлiмiн үйрендi. Бiздiң елiмiзден де тәжiрибесi бай бапкерлер барып, Қытай боксын әлемдiк аренаның алдына шығаруға орасан үлес қосты. Өкiнiштiсi, қазақ спортында өзiңнен мықтыны бағаламау, қатеңдi түземеу, қызғаншақтық дертке айналып кеткен.

- Лондонға жолың түспедi. Бұйырмаса, соңынан қос ат мiнiп қусаң да жете алмайсың ғой. Құрамадағы тоғыз боксшыға тiлекшi екенiңдi бiлемiз. Өзiң кiмдерден үмiт күтесiң?

- Үш алтын медаль иеленуге қауқарлы деп есептеймiн. 64 келiде ­- Данияр Елеусiнов, 69 келiде - Серiк Сәпиев, 81 келi салмақта Әдiлбек Ниязымбетов олимпиада чемпионы атанады деп сенемiн.

Сұхбаттасқан - Қуаныш БАЖАҚ.

«Жас Алаш» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3557