Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 2611 0 пікір 25 Мамыр, 2012 сағат 11:59

Былтыр берілген ғимарат биыл құлағалы тұр

 

 

Қас пен көздің арасында үйіндіге айналған Қарағандыдағы көп қабатты үйдің «тағдырына» таңдайын тақылдатып, жағасын ұстамаған жан қалмады. Алайда мұндай сұмдық оқиғаның «сыңары» жоқ дегенге қазір ешкім де имандай илана қоймас. Өйткені сапасы тым төмен, пайдаланылмай жатып жарамсыз болып қалған нысандардың саны артпаса, кемитін түрі жоқ. Оңтүстіктің оңтүстігі есептелетін Мақтаарал ауданында осындай бір сапасыз нысанға қатысты даудың түндігі түрілді.

Мақтаарал ауданы Иіржар ауыл­­дық округіндегі Алаш елді мекені тұрғындарының көптен күткен фельд­шер­лік-акушерлік бекет­тің пай­да­ла­нуға беріл­ге­ніне қуанғаны был­тыр ғана бо­латын. Қуаныштары су сеп­кен­дей ба­сыл­­ды. Себебі су жаңа ғимарат апатты жағдайда.

«Мақтаарал ауданы Мыр­за­кент емханасы» мемлекеттік меке­месіне қарасты бұл бекеттің құрылыс жұ­мыс­тарын жүргізу үшін бюджеттен 22 715 682 тең­ге бөлінген болатын. Мем­ле­кет­тік сатып алу конкурсын өткізген облыстық құрылыс бас­қар­ма­сының басшылары ғи­ма­ратты салу­ға үміткер «ҚСО Бірлік» ЖШС-ның, яғни «жа­рыс­­қа жал­ғыз түскен» мер­ді­гердің мүм­кін­дігіне имандай сеніп, бір көзден сатып алу тәсілімен жеңім­паз жа­рия­лаған. Сөйтіп, тап­сырыс беру­ші мен орын­дау­шы­ның ара­сында ақпанның 14-і күні ке­лі­сім­шарт түзіліп, тиісті басшылар тара­пынан шиы­рып тұрып қол қойы­лады. Жауапкершілікті мін­де­­ті­не алған компания құры­лыс­ты сәуір­­дің алғашқы күнінен бас­тап, та­мыз­дың соңында тапсы­руға уағ­да­ласады. Мерзім жағына кел­ген­де мердігер ком­па­ния тарапынан ешқандай кемшілік орын ал­май­ды. Құ­ры­лыс жұ­мыс­тарын тіпті бел­гі­лен­ген мер­зімнен де бұрын аяқтап, тамыз­дың 4-інде мем­ле­кеттік қа­­был­даудан өтіп үлгереді. Алай­­да атам қазақ «асыққан - сай­­тан­ның тір­лігі» деп бекер айт­­паған екен. «ҚСО Бірлік» ЖШС уақыт жа­ғынан ұтамын деп жүріп, сапа жа­ғын естен шығарып алған се­кілді.

- «Ауыл тұрғындарының ден­сау­лығын кө­теруге жұмыс істеуі тиіс бұл ғимараттың құ­рылысын тексеру ісі арнайы сот-құрылыс сарап­­та­ма­сының, өзге де білікті маман­дар­дың қатысуымен жүргізілді. Олар ғи­ма­рат­тың негізгі конструкциялары құ­ры­лыс жобасынан едәуір ауытқып кет­кендігін анықтады. «Мердігер «ҚСО Бірлік» ЖШС-мен «Алаш» фельд­шерлік-акушерлік беке­ті ғима­ратына жүргіз­ген құрылыс жұмыс­тары жоба-смета мен Ф2,ФЗ құ­жат­та­рына сәйкес емес. Орындал­ма­ған құры­лыс жұмыста­рының құны 2 598 529 теңге болып бекітілген. Тексеруге облыс­тық тө­тен­ше жағдайлар департа­менті­нің өкілі ретін­де қатысқан Мақ­таарал ауданы­ның төтенше жағдайлар бөлімі­нің бастығы Б.Аб­дазимовтың 27.04.2012 жылғы қоры­тын­ды­сында «Алаш» фельдшер­лік-аку­шерлік бекеті­нің ғимараты қазіргі уақыт­та қол­даныс­қа жарамсыз және апатты жағ­дай­да екені көрсе­тілген». Бұл - сот-құры­лыс сарапшысы­ның кел­тір­ген тұжыры­мы», - дейді Мақтаарал ауда­нының прокуроры Хали Маматаев.

Тағы да прокуратураның анықтамасына назар салайық. «Тексеру барысында тап­сы­рыс беруші ОҚО құрылыс басқармасынан алынған құжаттарға қарау жүргізілгенде 2011 жылдың сәуір айында ғимараттың ірге­тасы құрылыс жобасынан ауытқып, ат­қа­рылған құрылыс жұмыстарына тол­ты­рыл­ған Ф.12 құжатында тек қана мер­ді­гер­дің өкілі Қ.Төле­геновтің қолы қойылып, мөрі басылған. Ал техникалық байқаушы мекеменің өкілі Б.Қаң­таров пен тапсырыс беруші мекеменің өкі­лі М.Байымбетовтың қолдары қойылмаған. Тапсырыс беруші ме­кеменің өкілі С.Икрамов пен техникалық байқаушы мекеменің директоры А.Ба­ла­беков осы заңсыздыққа қарамас­тан, Ф.13 құжатына қол қойып, мөр басып, 6 871 502 теңге мемлекет қаржысын мердігерге заң­сыз аударғандары анықталды. Соны­мен қатар, тапсырыс беруші облыстық құ­ры­лыс басқармасы мен «Оңтүстік құрылыс сарап­тама аумақтық орталық» ЖШС ара­сында 22.02.2011 жылы 97-санды келі­сім­шарт тү­зіл­ген. Тапсырысшының өкілдері С.Ик­ра­мов пен М.Байымбетов осы келі­сім­шарт­та көздел­ген, яғни орындалған құ­рылыс-монтаждау жұмыстарына ірік­те­мелі тәртіппен кем өлшем жүргізу, кез кел­ген уақытта инже­нердің орын­даған жұ­мыс­тарының барысын және сапасын тек­серу жайлы және ҚР Азамат­тық ко­дексінде қаралған құқықтарынан қаса­қана бас тартып, мердігердің жұмысына мүл­дем қа­да­ға­лау жүргізбеген. А.Балабеков басшы­лық жасайтын «Оңтүстік құрылыс са­рап­тама аумақтық орталық» ЖШС-нің өз міндеттерін толық ор­ын­дамауының сал­дарынан «Алаш» ФАБ ғи­ма­­ратының құ­ры­лыс жұмыс­тары, ғи­марат­тың іргетасын орнатуға дайын­дық кезеңдері инжи­ни­ринг­тік қызмет көрсету­шінің қаты­суынсыз жүргізілген».

Көріп отырғандарыңыздай, құрылыс сапа­сының мүлдем сын көтермейтініне бақы­лау­шы мекемелердің өз ісіне жауап­сыздықпен қарауы негіз болып отыр. Құ­ры­лыс сапасын қадағалаушы ең басты мекеме облыстық Мем­лекеттік сәулет-құры­лыс бақылау және лицен­зиялау депар­таментінен осы құры­лыстың сапасын қадағалауға бекітілген бас маман та­ра­пынан да қадағалау мүлде жүр­гі­зіл­меген. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кететіні» дә­лелденген дүние. Ал неліктен бақы­лау­дың босаңсып кеткені бөлек әңгіме. Бәлкім, көп­ші­лік арасында «жеңдер» деген қо­сымша атауға ие болған тендерді өткізетін мекеме басшыла­рының «пайыз» алатыны жө­ніндегі ел арасында желдей ескен әңгіменің астарында бір шын­дық бар ма екен? Бақы­лаушы меке­мелердің өз мін­де­тіне немқұрайды қара­уының да, жал­ған құжаттарға жол бері­луінің де түпкілікті себебі осы «пайызға» тікелей қа­ты­сы бар ма деген күдікті ой кімді де болса мазаласа керек-ті. Осы күдіктің астарында бір шын­дық болса, құрылыс сапасына қатысты бұл сорақылықтан жуық арада құтыла ал­ма­сы­мыз анық.

Ортақ қазынаның 22 715 682 теңгесін құрдымға жіберген бұл іске қатысты тиісті лауазым иелерінің үстінен қылмыстық іс қоз­ғалып, тергеу амалдарын жүргізу үшін облыс­тық прокуратураның арнайы про­ку­рор­лар тобына жолданды.

Шадияр МОЛДАБЕК, Оңтүстік Қазақстан облысы

«Алаш айнасы» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1571
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3565