Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3406 0 пікір 25 Мамыр, 2012 сағат 11:57

Рәміздерімізді қорлағандар бас бостандығынан да айырылуы мүмкін

 

 

Мемлекеттік рәміздерімізді қорлау әрекеттері соңғы кездері жиілеп барады. Туымыз қоқыс таситын дорбаға айналды. Бір кездері дамбалдың ышқырына және қытайдың дорбасына сурет болып жабысқанын да білеміз. Әнұранымыз Бораттың боқтығына таңылғанын да ұмытқан жоқпыз. Мұның бәрі - мемлекеттік рәміздерімізді қорлағандарға қолданылатын жазаның салғырттарды сабасына түсіретіндей деңгейде еместігінен.

Кеше Парламент Мәжілісінің пле­нарлық отырысында «Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік рәміз­дері туралы» Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы­ның конституциялық заңына өзге­рістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» Қазақстан Республикасы конс­титу­циялық заңының жобасы бірін­ші оқылымда мақұлданды.

Осыған дейін заңда мемлекеттік Ту мен мемлекеттік Елтаңбаны дайын­дау қызметін лицензиялауды алып тастау туралы Үкіметтің ұсынысы бар болатын. Депутаттар бұл ұсы­ныс­ты қолдамады. Себебі лицен­зия­лауды алып тастаған жағдайда стандарттар сақталмай, мемлекеттік рәміздерді жасауда салғырттық таны­тушылар көбейеді. Осының бәрін ескере келіп, халық қалау­лы­ла­ры лицензиялауды жою туралы ұсы­ныс­қа келіспей, мем­ле­кеттік рәміз­дер­ді дайындау қыз­ме­тін ли­цен­зиялауды шарттауды көз­дей­тін тү­зетулер енгізілді. «Үкімет бұл түзетулермен келісіп, Мәжіліске тиісті қорытынды енгізді», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Бұған қоса Мәжіліс комитеттері мен депутаттары заң жобасына мем­лекеттік рәміздерді пайдалану, мем­лекеттік Әнұранды орындау тәрті­біне қатысты да түзетулер енгіз­ген.

Енді, қызығы, бұл рәміздер тек Қазақстанда ғана жасалмауы мүмкін ғой. Мәселен, мұндай дүниелерді жасау жағынан Қытай шебер болып алған. Бүгінде көптеген де­пу­тат­тың ұстап жүрген оюлы портфелі де, үстелінің үстінде тұрған қазақы өр­нек­тегі қаламсаптар да, мем­ле­кет­тік қызметкерлердің келген қо­нақ­та­рына тарту етіп жүрген қазақы кә­де­сый­лар­ының бәрі де - қытай қол­ше­бер­ле­рі­нің туындылары мен еңбектері. Сол се­кілді мемлекеттік рәміздерді ақша үнемдеп үйреніп қалған ұйым­дар Қытайдың арзан қызметін пай­да­ланып, соларға жаса­та салуы да бек мүмкін. Ал сондай жағдайда Қытай жұр­ты стан­дар­ты­мыз­ды сырып қойса, қайтеміз?! Пар­ламент Мәжі­лі­сінің депутаты Бақытбек Смағұловты осы жағы алаңдатады екен. «Құрметті Бақыт­жан Әбдірұлы, мемлекеттік рәміз­дер­ді дайындайтын өндірістер Қазақ­станнан тыс жерлерде де бар. Олардың Қытайда дайындалатыны да жасырын емес. Осындай жағдайда уәкілетті мемлекеттік органдар ше­тел­де әзірленіп, мемлекетімізге әке­ліне­тін Қазақстан Республикасының мем­лекеттік рәміздерінің ұлттық стан­дарт­қа келу-келмеуін қалайша бақы­лай­тын болады?!» - дейді Бақытбек Смағұлов.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, мемлекеттік рәміздердің ұлттық стандартқа сай келуін бақылау Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қарасты ко­ми­теттің құзырында екен. Сол комитет қазіргі кезде жергілікті мемлекеттік орган­дар­дағы рәміздердің қалай жасалғанын тексермек. «Стандарттарды бұзған мем­ле­кеттік және басқа да органдарға айыппұл салу жөнінде комитет өзінің тара­пы­нан ұсы­ныстар енгізеді», - дейді Бақытжан Сағын­таев. Оның айтуынша, бүгінде айып­пұлдың да көлемі көтеріліп отыр. Айыппұл ақша­мен ғана өтелмейді, министрдің сөзі­не сенсек, бір жылға дейін бас бос­тан­ды­ғынан айыру туралы жаза да қолданылады. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, мем­ле­кеттік рәміздерді қорлағаны үшін айып­пұл мөлшері де ұлғайтылды. «Мемлекеттік рәміздерді, сондай-ақ олар бейнеленген материалдық объектілерді дайындау кезін­де ұлттық стандарттарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік қатайтылды. Спорт және денешынықтыру жөніндегі уәкілетті органның рөлін күшейту мақ­са­тында Қазақстан Республикасының ау­ма­ғында және шетелде спорттық іс-ша­ра­лар­ды өткізу кезінде «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңнаманы сақтауды қамтамасыз ету жөнінде құзырет енгізілді», - деді Бақытжан Әбдірұлы. Заңға қатысты біраз депутат оң пікірін білдірді.

Алдан СМАЙЫЛ, ҚР Парламенті Мәжі­лісінің депутаты:

- Рәміздер туралы бұл заң жобасы қызу талқыланды. Мәжіліс депутаттары айрықша жауапкершілік пен белсенділік танытты. Негізінде, солай болуға тиіс еді. Себебі мемлекеттік Ту, Елтаңба мен Әнұран - халықтың ар-намысы. Ал мұндай киені дайындау, пайдалану және қорғау - тұтастай ұлттық мәселе. Сондықтан біз «Ту мен Елтаңба тек лицензия арқылы ғана жасалуы тиіс» деген бапты дұрыс сақтап қалдық. Нарық бәрін бағындырмауы тиіс, нарықты өзіне бағындыратын құнды­лық­тар да бар. Бұлар - Ту, Елтаңба мен Әнұран һәм солардың мәні мен маз­мұ­нына айналған ұлттық сезім, ұлтық мұ­рат пен ұлттық қадір-қа­сиет. Сондықтан да заң жобасын бірауыз­дан мақұл­дауы­мыз керек.

Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мемлекеттік рәміздер - қай елдің болса да ең басты қасиетті құндылығы. Сондықтан болар, Тұңғыш Президент Н.Назарбаев өз сөзінде: «Біз Тәуел­сіз­ді­гіміздің нышандарын көздің қара­шы­ғын­дай сақтауымыз керек. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туын, Елтаң­басы мен Әнұранын ерекше құр­меттеуге міндетті. Өйткені олар - хал­қы­мыздың мақтанышы, біздің ең киелі құндылығымыз», - деп айтқан болатын. Шындығында, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті әрқайсымыз өзіміздің жүрегімізге ұйытып, жастарымыздың құлағына, жүрегіне, сана-сезіміне де сіңірсек қана олар Отанының нағыз патриоты болып өседі. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет елге, жерге, Отанға деген құрметті білдіреді. Сол себепті Көк Туымыз көгімізде жел­бі­ре­генде, Әнұран орындалғанда тік тұрып, оң қолымызды жүрекке ұстап тыңдауды насихаттау саясаттың басым бағыты болуы қажет. Биыл мемлекеттік рәміз­де­ріміздің қабылданғанына 20 жыл толады. Оны лайықты атап өтуге қатыс­ты іс-шаралар жоспары да бекітілген. Бүгінгі қаралып жатқан заң жобасы мемлекеттік рәміздердің стандарттарын сақтауға, дұрыс пайдалануға тәр­бие­лей­ді. Бұл мемлекеттік рәміздеріміздің қабылданғанына 20 жыл толуына Парламент депутаттарының қосқан үлесі деп білемін.

Автор: Салтан СӘКЕН, Астана

«Алаш айнасы» газеті

0 пікір