Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3170 0 пікір 25 Мамыр, 2012 сағат 11:51

ҚИҚУЫ КӨП ҚОҒАМДЫҚ ТЕЛЕАРНА

17 мамырда сенатор Ғани Қасымов Сенат палатасының пленарлық отырысында Қазақстан үкiметiне идеология, мәдениет және тарих мәселелерiмен айналысатын премьер-министрдiң орынбасары мен қоғамдық телеарна қажеттiгi жайында сөз қозғады.

17 мамырда сенатор Ғани Қасымов Сенат палатасының пленарлық отырысында Қазақстан үкiметiне идеология, мәдениет және тарих мәселелерiмен айналысатын премьер-министрдiң орынбасары мен қоғамдық телеарна қажеттiгi жайында сөз қозғады.

«Осыдан 5-7 жыл бұрын бiз бұл мәселенi ерекше талқылай бастаған едiк. Бiрақ бiз оны саясатқа айналдырып жiбердiк. Қазiр үкiметтiк емес ұйымдар, қоғамдық ұйымдар және партиялар өз пiкiрлерiн ашық айта алуы үшiн бiзге қоғамдық телеарна керек», - дедi ол өз депутаттық сауалын оқи отырып.
Шынында, осыдан он жылдай уақыт бұрын жалпы көпшiлiк талқысына салынған қоғамдық телеарна туралы әңгiме су сепкендей басылғалы да бiраз уақыт болды. Тек Ресей президенттiгiнен кетiп бара жатып, Дмитрий Медведев былтыр жыл соңында қоғамдық телеарна туралы арнайы заңға қол қойған болатын. Сөйтiп биыл қаңтардың 1-iнен Ресейде қоғамдық телеарна өз жұмысын бастады. Содан берi Қазақстанда да қоғамдық телеарна жайлы әңгiмелер қайта естiле бастады. Бiрақ бұған қоғам қаншалықты дайын. Қоғамдық телеарна жайлы бiздiң халық қаншалықты бiледi? Бұл сұрақтарға келгенде күмiлжiп қалатынымыз анық.
Әлемде қоғамдық телеарнаның 40 моделi жұмыс iстейдi. Алайда оның барлығына 4 принцип бiрдей болып есептелiнедi. Ол - қоғамдық бақылау, арнайы заң қабылдау, коммерциялық мүдденiң болмауы және ақпаратты обьективтi түрде жеткiзу. Қоғамдық телеарнаның тақырыбын, ондағы көтерiлетiн мәселелердi қандай да бiр шенеунiк немесе телеарна басшылығы емес, қоғам өзi айқындайды. Әрине, бұл қоғамдық кеңестер арқылы жүзеге асады. Олар Жарғысын жазып, басшысын тағайындап, шығындарды реттейдi. Ал бұл қоғамдық кеңестiң құрамында кiмдер болу керек. Бұл жағы да даулы мәселе. Қазiр посткеңестiк кеңiстiкте Әзiрбайжан, Молдова, Грузия, Армения және Қырғызстанда, Ресейде қоғамдық телеарна жұмыс iстейдi. Литвадағы қоғамдық кеңес құрамына 12 адам кiредi екен. Төртеуiн - президент тағайындайды, төртеуiн - Сейм (Литва парламентi), қалған төртеуi - қоғамдық ұйымдардан сайланады. Қоғамдық телеарнаның қоғамға салатын жарнасы да әрқилы. Мәселен, ұлыбританиялық ВВС телеарнасы үшiн халқы жылына 145 еуро (шамамен 28 000 теңге) жарна төлейдi екен. Американдық C-SPAN телеарнасының айлық жарнасы 6 центтен аспайды. Германиялық ARD телеарнасы үшiн төленетiн айлық - 18 еуро, нидерландиялық NOS телеарнасына айына 100 еуро салық түседi салық төлеушiге. Еуропа одағы елдерi iшiнде Испанияда ғана қоғамдық телеарналар үшiн салық салынбайды екен. Көптеген жағдайда қоғамдық ақпарат құралын қаржыландыруға мемлекеттiң өзi де араласады. Оған қоғамдық ұйымдардан және мемлекеттiк бюджеттен қаржы бөлiнетiн елдер де баршылық.
Сарапшылар Қазақстан халқының қоғамдық телеарна үшiн қалтасынан жарна төлеуге дайын еместiгiн айтады. Қоғамдық телеарна болуы үшiн саяси жiгер мен көзi ашық, көңiлi сергек қоғам қажет. Осы ретте бiз медиа қауымдастық өкiлдерiнiң бiрнешеуiнiң осы мәселеге орай пiкiрiн бiлген едiк.

Тамара Калеева, «Әдiл сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының жетекшiсi:

ҚОҒАМДЫҚ ТЕЛЕАРНА ДА, ЖЕКЕМЕНШIК АРНА ДА КЕРЕК

 

- Қоғамдық телеарна жайлы әңгiмелер не заң деңгейiнде, не тәжiрибе жүзiнде көтерiлiп жатқан жоқ. Өкiнiшке қарай, Қазақстан үшiн бұл қозғауға болмайтын тақырып секiлдi. Әрине, қоғам қоғамдық телеарнаға қарсы болмас едi. Бiрақ мұндай зерттеудi жүргiзген ешкiм жоқ. Бұл әңгiменi Қазақстанның азаматтық қоғамы жүргiзгенiне 10 жылдан асты. Мәселе, бұл жерде қоғамдық телеарнаны кiм қаржыландырады дегенге келiп тiреледi. Халық оны өз қалтасынан қаржыландыруға дайын емес. Егер оны бюджеттен қаржыландыратын болса, ол онда қоғамдық телеарна болмай қалады. Дегенмен кейбiр мемлекеттерде қоғамдық телеарналардың бюджетi мемлекеттен де қамтамасыз етiледi. Алайда қоғамдық телеарна қаржыландыру моделiне емес, басқару моделiне қарай айқындалады. Бiрақ бiздiң билiк ондай басқаруға жол бермейдi деп ойлаймын.
- Бiзге қоғамдық телеарнаның қай елдегi форматы жақын болар едi?
- Басқа елдерде мемлекеттiк телеарна деген ұғым жоқ. Ол бiзде күн өткен сайын қанатын кеңге жайып келедi. Бiзге қоғамдық телеарна да, жекеменшiк телеарна да керек. Олардың санын көбейте берген дұрыс. Бұл бәсекелестiкке қабiлеттiлiктi арттыра беретiн болады. Бiздiң билiк бюджеттiң қаржысынан мемлекеттiк арналарды көбейтiп, ондағы ақпараттық саясатты өздерi реттеп отыр. Бiз бұл ретте ВВС қоғамдық телерадиокорпорациясымен әйгiлi Ұлыбритания тәжiрибесiне сүйенгенiмiз дұрыс болар. Сол секiлдi американдық СNN телеарнасы да бiзге үлгi бола алады. Демек, ондағы басқару тетiгiне билiк те, қаржылық топтар да, дiни ұйымдар да, саяси күштер де араласа алмайды. Ақпараттық саясатты ешкiмге тәуелсiз жүргiзiп келедi.

Шолпан Жақсыбаева, Ұлттық телехабарлар тарату қауымдастығының атқарушы директоры:

ОЛ ТЕЛЕАРНАНЫҢ САЯСАТЫНА БИЛIК АРАЛАСПАУЫ КЕРЕК

 

- Менiңше, бұл iске қоғам дайын, алайда бiздiң билiк жүйесi дайын емес. Бiз осы мәселе жайында министрлiктегi бiр-екi адаммен пiкiр алмасқан едiк. Олар: «Қоғамдық телеарна не үшiн керек? Қоғамдық телеарна деген аты болмаса, форматы мемлекеттiк болады ғой» деген едi. Менiң ойымша, қазiргi мемлекеттiк арналардың бiрiн қоғамдық телеарнаға айналдырып, соның базасын жасау керек. Әрине, ең дұрысы оны жаңадан бастап, халықтың жарнасы негiзiнде қаржыландырған жөн болар едi. Билiктiң бұған қосар қаржысы қанша, ол қандай жолмен төленедi, демеушiлер кiм болады, осыны алдын-ала айқындап алу керек. Алайда оның ақпараттық саясатына билiк араласпауы тиiс.

Фазылбек Әбсаттарұлы, журналист:

«ҚАЗАҚСТАН» ТЕЛЕАРНАСЫН
ҚОҒАМДЫҚ АРНА ЖАСАСА...

 

- Қоғамдық телеарнаға қоғам қаншалықты дайын?
- Ой-пiкiрлерiмiздi қарынның деңгейiне түсiрiп тобыр жасауға тырысуда. Ал бiз оған қарамастан халық ретiнде, қандай мәселе болмасын, алдымен оның қоғамға, қазаққа қаншалықты пайдалы, сол жағына мән беруiмiз керек. Егер де пайдалы болса ол жұмысты бiрден бастау керек. Ашпай жатып бал аша берудiң қажетi жоқ. Талпынып көрген дұрыс. Қоғамның дайындығы деген секiлдi пайдалы iстi керi тартатын ой-пiкiрлердi ысырып тастау керек. Дайын болмаса дайындала бастайды. «Көз қорқақ, қол батыр», қозғау салу керек. Ең бастысы, ол iс пайдалы болса болды. Ал егер де пайдалы iстердi бастау үшiн көп ойланып, толғанатын болсақ бұл өмiрде қазаққа пайдалы бiр iс тындыра алмай өмiрден өтемiз.
- Қоғамдық телеарнаның форматы қандай болғаны жөн?
- Билiктен тәуелсiз болуы керек, бiрақ жекеменшiк те болмауы керек. Жекеменшiктiң бiрiншi мақсаты - ақша табу. Сол үшiн жекеменшiк иелерi ақшаға қоғамдық телеарнаны да, халықты да сатып кетуi мүмкiн. Қоғамдық телеарна коммерциялық мақсатты көздемеуi керек. Әйтпесе қазiргi жекеменшiк телеарналардан айырмашылығы қалмайды. Заңды иесi қоғамдық ұйымдар болады. Қоғамдық болған соң, ол жекеменшiк те, үкiметтiк те болмауы керек. Ал бюджетi бiздiң жағдайда республикалық бюджеттен қаржыландырылуы керек. Бұл халықтың қаржысы болғандықтан оны халықтың мүддесiне жұмсау заңды. Сыртқы күштердiң ықпалынан мемлекеттiк қауiпсiздiгiмiздi сақтауымыз үшiн де қажет. Тек телеарнаның жоғарғы органы зиялы қауымнан құралған Кеңес болса, бюджеттен бөлiнетiн қаржының кедергiсiз келу жолдарын жасаса, мемлекеттiк органдардың бақылауын азайтса, осы күнге дейiнгi дәстүр бойынша құқықтық актiлерiн Ресейден көшiрiп алмауларын қамтамасыз етсе, бақылауды, есептi Кеңеске беретiн болса жеткiлiктi. Бiрден дамыған елдердегiдей етiп ашуға мүмкiндiк жоқ. Ондай мүмкiндiктi күтiп отыратын уақыт тағы жоқ. Халықтан қаржы жинайық дейтiн пiкiрлер ертегi. Аш халықтан ақша аламын деу ақымақтық. Сондықтан бастамасын осылай ашқан орынды. Ал ұсыныс ретiнде айтарым, нақ қазiр қоғамдық телеарна ашуға ешқандай базалық негiз болмағандықтан, «Қазақстан» телеарнасын қоғамдық телеарнаға айналдырса. «Қазақстан» телеарнасын толықтай қоғамдық телеарнаның Кеңесiне өткiзiп берсiн. Ал тарататын ақпараттарының басым бөлiгiн мәдени, рухани құндылықтар құраса екен.
- Өткен аптада сенатор Ғани Қасымов палатаның пленарлық отырысында қоғамдық телеарна жайында мәселе көтердi. Оған не түрткi болды деп ойлайсыз?
- Алдымен бұған билiк мүдделi болмады, қоғам да дайын емес едi. Бұл мәселенiң ендi өз деңгейiнде көтерiле бастауына, Ресейдiң осы мәселенi көтеруi себеп болды. Бiз әрдайым Ресейдiң ықпалында екенiмiздi жақсы дәлелдеп келемiз. Бiзде барлық мәселе Ресейге қарап көтерiледi, солардан көшiрiледi. Өздiгiмiзден, қоғамымыз оянып көтердi десек өтiрiк болады. Дегенмен қоғамдық телеарна құратын болсақ Ресейдiң телеарналарына тәуелдiлiктен сәл де болса құтылып, ресейлiк телеарналардан қоғамның назарын басқа жаққа аударуына да ықпал етер едi. Медианарықтың дамуына, бәсекелестiктiң күшеюiне алып келер едi. Тек қоғамдық телеарнамен ғана шектелiп қалмай қоғамдық радионы да ашуды қолға алу керек. Теледидар көруге мүмкiндiгiмiз азайып, көп уақытымыз көлiкте не жұмыста өтiп жатқан мына заманда радионың да маңыздылығы артып келедi.

Есенгүл Кәпқызы

«Түркістан» газеті

0 пікір