Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3256 0 пікір 4 Мамыр, 2012 сағат 07:17

Бекқожа Жылқыбекұлы. Деталдық құрылымдағы өлеңдер

Бұл күндері дидактикалық өлең мен лирикалық өлеңнің ара жігі айқындала бастады десек те, бірақ нағыз өлеңнің нендей өнер құбылысы екендігін түсініп жетпеген кейбір ақындарымыз әлі де шатасудың батпағынан арыла алмай келеді. Сондықтан біз лирикалық өлеңнің жаңа қалыптаса бастаған құрылымдық жүйелеріне тоқталып, бұл мәселені айқындауды жөн көріп отырмыз.

Бұл күндері дидактикалық өлең мен лирикалық өлеңнің ара жігі айқындала бастады десек те, бірақ нағыз өлеңнің нендей өнер құбылысы екендігін түсініп жетпеген кейбір ақындарымыз әлі де шатасудың батпағынан арыла алмай келеді. Сондықтан біз лирикалық өлеңнің жаңа қалыптаса бастаған құрылымдық жүйелеріне тоқталып, бұл мәселені айқындауды жөн көріп отырмыз.

Әрқандай бiр заттың өзiндiк түр-түсі, келбет-сипаты болатыны сияқты өлеңнiң де өзгеше құрылымдық жүйесі болады. Белгілі бір құрылымдық жүйесіз өлеңнiң дүниеге келуi мүмкiн емес. Осы негiзде қазіргі қазақ өлең өнеріне көз жүгiртер болсақ, өлеңнiң iшкi және сыртқы құрылымдық жүйесінің оның сапалық деңгейiмен өте тығыз байланысты екендiгi белгілі. Ал өлеңнің сапалық деңгейін ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан дәстүр жалғастығынан бөле қарауға болмайды. Бұл күндері қазіргі қазақ өлеңінде осы дәстүр жалғастығы негізінде қалыптаса бастаған жаңа құрылымдық жүйелер де жоқ емес. Қазіргі қазақ өлең өнері өлең шығармашылығында әрбір өлеңнің белгілі бір жүйе негізінде материал қолдану ерекшелiгiне қарай бұл мәселені айқын жіктей бастады. Бір топтағы өлеңдер таза лирикалық сезiммен көзге түссе, тағы бір топтағы өлеңдер детальдық құрылымымен ерекшеленді. Одан басқа символдық сиқырымен оқырмандарды өзіне баурайтын бейнелілік құрылымдағы өлеңдер де жиі кездеседі. Мұның iшiндегi сезiмдiк құрылымдағы өлеңдер адамның көңiл-күйiн бейнелейтiн өлеңдердiң құрылымдық жиынтығы болып келсе, бейнелілік құрылымдағы өлеңдер символдық өлеңдердi меңзейтіндігі белгілі. Ал детальдық құрылымдағы өлеңдер белгiлi бiр оқиға немесе детальдарды өлеңге материал ету арқылы көзге түседі. Қазақ өлең тарихында ежелден бері қарай жиі қолданылып келе жатқан бұл өлеңдік құрылымның алатын орны ерекше. Біздің байырғы жыр-дастандарымыздың бәрі де осы бір құрылымдық жүйені ұтымды пайдаланғандығымен ерекшеленеді. Өйткені біздің байырғы тасқа қашалып жазылған ерлік дастандарымыз бен жырларымыздың бәрі де белгiлi бiр оқиғаны немесе детальды негіз ете отырып, дүниеге келгендігі бәрімізге аян. Оған ауыз әдебиетіміздегі батырлық жырлар мен ғашықтық жырларын қосатын болсақ, онда бұл құрылымдық жүйенің қазақ өлең тарихында иелейтін орнының қаншалық ауқымды екендігін айқын аңғара аламыз. Енді біз төменде осы құрылымдық жүйенің қазіргі қазақ өлең өнерінде қалай қалыптаса бастағандығы жөнінде ізденіс жасап көрелік.

Бекер, бекер атталды ма табалдырық бiр елi, -

босағада киiм iлгiш тұр едi:

бiр қонақтың сұп-сұр болды реңi.

Соқпай қала жаздады

бiреуiнiң жүрегi.

Тағы бiрi сала бердi түнерiп

Киiм iлгiштi көрiп.

Үй иесi қарсы алған қалбаңдап,

бiр әйелдiң жүзiндегi күлкiнi

тек сол ғана қалды аңдап.

Бiр келiншек сырт киiмiн шешiп едi жiгерлi -

бiрер еркек басын шайқап жiбердi.

Ал бiр жiгiт қайта шығып кетудiң

еп-есебiн таппай тұрған секiлдi.

Не бар сонша?

Не көрiндi жұртқа әлгi,

Қоян сынды көрiп қалған сырттанды

үрiктi олар.

Қарайды кеп күндей әрi түңiле:

бай асына екi-үш мәрте күнiне

Көзiн сүзген жарлы үмiткер секiлдi,

Армандаған азаматтар жай күнi

Қарап жүрiп сорға iлiккен секiлдi.

Қауырсынынан қыранның

Қарға үрiккен секiлдi

Қарға үрiккен секiлдi.

Не көрдi олар соншама,

Бомба да емес, емес бұл

басын кесiп iлiп қойған жоқ ешкiм,

бiрақ одан да өткен "сұмдық" болып тұр:

Киiм iлгiшке iлiнген, сол кәдiмгi

Шинелi екен Қасым Аманжоловтың!

"Киім ілгіш" атты бұл өлеңге деталь болған зат киiм iлгiште ілулі тұрған шинель. Өлеңдегi әңгiме осы киiм iлгiште iлiнген шинельден өрбидi. Өлең иесі киім ілгіште іліулі тұрған сол шинель арқылы сол бір ортаға кіріп келген бір топ адамның бет әлпетінде болған күрделі өзгерістер мен құбылыстарға жан-жақтылы талдау жүргізіп келіп, олардың ішкі жан дүниесіндегі сезімдік арпалысты өте ұтымды түрде бейнелеп көрсете білген. Сол себепті бұл ұзақ өлеңдi "Киiм iлгiшке iлiнген, сол кәдiмгi шинелi екен Қасым Аманжоловтың!" деген жерге дейiн қызығып оқып келемiз де, одан ары ақынның төмендегі мына сол деталь негiзiнде жасаған пайымдауы мен айтқыштығына самарқау бейнеде қарап, өлеңдi барынша оқып шығуға тырысамыз:

Киiм iлгiш алдында

Талай пальто, қалпақтармен жолықтым.

Пальтолардың қайсы бiрiн танып құр

Қуанушы ем,

ал киiмнен үркудiң

Мағынасын соң ұқтым.

Қонақ күттiм,

Күткендердi көп көрдiм,

Кесiрлiктi, кеңдiктi де өткердiм.

Киiм iлгiшке қарап,

Түстеп танып қалпақтарды мәнi көп

Құбылыстан қабақтарды байқап қалдым сан рет.

Бiр кәрiге ойымды айттым - естiгенiм болса анық,

Қасым ақын дедiм мен

Отырыста жайсыз болған тегiнде,

Әйтпесе одан ел үркеме соншалық?

- Рас, - дедi аға сонда, - бәрi рас,

ешкiмге ақын қиянат қып жарымас,

адам едi ол ақылы емес, жаны мас,

Сөз танымас адамды да танымас,

Танымастар қылығы ғой әлгi де.

Қасым сырын ұғынбады көп ешкiм,

Мезгiлiнде менде ұғынған емеспiн.

Отырыста ғажап едi ол - жiгiт қой,

дедi қария, қалпағы да қауыпты.

Әлде кiмнiң шинелi мен жағасы

Талай сырды ашады екен,

Қарашы,

адамдардың iшiндегi аласы:

Мен-мендiк пен мезі мылжың арасы,

Күндеулер мен менсiнбеулер арасы

Мұнша жақын болғаны ғой, шамасы?!

Сымпыс тiрiлiк сырты ғана шiренген,

Көкiрегiнде көк түйiр жоқ, бiлем мен,

Жағаң ғана ұқсайды тек бiлгiшке,

Жасандылық, жайсыздармен бiрге iшпе.

Сен өнерге сырттан келген адамсың,

барлық пальто жат саған,

барлық қалпақ жат саған,

Сондықтан да сақтан киiм iлгiштен! ...

Сөйтiп біз бұл өлеңнің айтар ойын жерiне жеткiзе айтып тастап, өлең мен оқырман арасында белгілі дәрежеде бүкпелеу қалдырмағандығына біраз ренiш бiлдiремiз. Тегінде, өлеңнiң соңғы шешендiк пайымдауға құрылған бөлiмi басы артық дүние болуы мүмкін. Өйткенi ол жадағай өлеңдерге тән бейнесіз бейнелеу тәсiлiмен өлеңнің көлемін ұзартып отырған сияқты. Бұл өлең тегiнде сол бiз қызыға оқып келген жерге жеткенде-ақ өзінің өлеңдiк абыройымен өте ұтымды түрде аяқтап кеткен болатын. Жұмекеннiң детальдық құрылымдағы осындай өлеңдерiндегi шұбалаңқылық немесе ой-қиял өзенінен өткел таба алмай бір орында айналсоқтай беруі Мұхтар Шаханның осы тектi өлеңдерiнде де жиі кездеседi. Оның керiсiнше, әйгілі ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың мына бір детальдық құрылымдағы өлеңі балғаның сабындай шымыр да, ширақы әрi қағылездiгiмен детальдық құрылымдағы өлеңдердiң ең таңдаулысы болып көзге түседi. Мысалы,

Қараңғылық қоюланып келеді,

Пеш ішінде шоқ ақырын сөнеді.

Күлімсіреп жанымдағы жас бала

Қызық көріп сөнген шоқты үреді.

 

Шоқ үстінен кішкене ұшқын ұшты да,

Біразырақ шоқ қызара түсті де,

Дереу сөніп, тезірек күлге айналды,

Астындағы ыстық күлді құшты да.

 

Пеш ішінде шоқ ақырын сөнеді,

Сөнген шоқты үріп бала күледі.

Ой басты ма? Әлде көзім талды ма,

Мөлт-мөлт етіп көзіме жас келеді.

Қараңғылық қоюланып келе жатқан кеште сөнген шоқты қызық көріп, үрлеп отырған баланың бейнесі көз алдымызға келетін бұл өлеңге деталь болған баланың қылық-қимылы ақынға ой салады. Осы бір шағын детальдың өзінен ақынның өлең өрнегін құра алуы оның ақындық қарымының қандай екендігін байқатып тұрғандай. Сөніп бара жатқан шоқ пен оны үрлеп, ойнап отырған баланың қимыл-әрекетін бақылап отырған ақынның "Ой басты ма? әлде көзім талды ма, мөлт-мөлт етіп көзіме жас келеді" деп, қыздың жиған жүгіндей тып-тинақы етіп, өлеңін түйіндеуінің өзі де бұл өлең үшін зор табыс әкеліп тұр. Өйткені детальдық өлеңдер белгілі бір оқиғаны немесе болған істі қаз қалпында баяндай салатын өлеңдер емес, қайта ол сол оқиға мен өмір өткелдерінен белгілі бір сезімдік толғаныс іздейтін тетік болуы керек. Жоғарыдағы өлең әне сондай өз міндетін толығымен орындап отырғандықтан оқырманның ойынан шығып отыр.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3532