Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Ғылым-білім 4201 1 пікір 15 Сәуір, 2021 сағат 16:34

Қазақ мақал-мәтелдеріндегі ғылым

Қазақ халық мақал-мәтелдерінің сан саланы қамтып жататыны жұртқа аян. Туған ел, еңбек, ынтымақ, адамгершілік, достық, махаббат, жан-жануар, шаруашылық, денсаулық, ерлік, ізгілік, т.б. жөнінде халқымыздың сөз маржандарынан тізілген, тілге жеңіл, көңілге қонымды мақал-мәтелі көп. Соның ішінде, өнер, білім жөніндегі мақал-мәтелдер де ерекше орын алады. Қазақ мақал-мәтелдеріндегі ғылыми пайымдауларды оқырман назарына ұсынамыз.

Әрқандай ғылым туралы сөз болғанда алдымен оның маңызды рөлі айтылады. Қазақ мақал-мәтелдерінде ғылымның, өнердің маңызына дәл сондай мән берілген. «Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы», «Білімдіге дүние жарық», «Білімсіздің түбі ғаріп», «Өнер көкке жеткізер», «Білімді мыңды жығады», «Білімдіден ақыл шығар, ақылдан нақыл шығар», «Көзі соқырдан көкірегі соқыр жаман», «Оқыған жігіт – оқталған мылтық», т.б. мақалдарының қай-қайсысы да ғылым жөнінде мол мазмұнды қамтып жатыр.

Адам баласы оқу, үйрену арқылы ғана ғылымға, білімге қол жеткізе алады. Оқу, үйрену арқылы ғана білімнің көзін тауып, ғылымның қайнар бұлағынан сусындай алады. Ғылым-білімді меңгерген адам ғана бақыт қызығын табады. Тұрманы толық өнерлі азаматқа айнала алады. Қазақтың оқыған азаматты көзі ашық адам деуі де осыдан болса керек. Ғылым-білімді меңгерген адам осындай ақылды, бақытты ғана емес, «тіпті мыңды жығатын» мойымас қайраттың, алып күштің иесі болып шығады. Әрине, бұл оқып жеткен адам, мың адамды жығып тастау дегендік емес, қайта мың адамның ісін бір адамға істетеді. Немесе бір адам мың адамның ісін істейді дегендік. Мұның өзі ғылым дамып, жаңа дәуірге жеткен қазіргі күндегі бір адамның мыңдаған «машина адамды» басқарып жұмыс істетіп отырғандығын елестеткендей. Тіпті, болашақтағы «машина адам» дәуірдің картинасын сызып көрсеткендей байқалады.

Бүгінгі таңдағы ғылымның шырқау биігі әлемге ұшу болса керек. Өйткені, әлемге ұшу – сан салалы ғылымның даму өресін көрсететін ғылымның талғар шыңы.

1981 жылы шілде айында қорытындыланған санаққа негіздегенде Совет Одағынан 50 адам, Америка Құрама Штаттарынан 44 адам, басқа елдерден 9 адам ғарышқа ұшып, әлем дүниесінің бір қыдыру сырын ашып отыр. Бұлардың арасында айға шыққандары да бар. Қазір айдан да арғы ғарышты зерттеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Әрине, бұл – ғылымның даму процесі. Ата-бабаларымыздың «Өнер көкке жеткізеді» деген мақалы ғылымның бүгінгі таңдағы ұлы жетістігін көрсетеді.

Қазақ ертегілерінде талай-талай жігіттер оқудың түбін іздеп шығып, жете алмай қайтқандығы айтылады. Мұндай мысалдарды қазақ мақал-мәтелдерінен байқауға болады: «Ынтымақтың түбі егіз, ғылымның түбі теңіз», «Білім – таусылмайтын кен», «Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз», т.б. Ғылымның теңіз, таусылмайтын кең, шегі жоқ дүние екендігін сипаттау үшін мынандай бір факті келтіре кетейік.

Біз өмір сүріп жатқан жер шарының өзі бізге тым үлкен нәрседей сезіледі. Бірақ әлемдегі алыптармен салыстырғанда оның үлкендігі тарының қауызындай ғана болып қалады. Жер шарының диаметрі 12740 км, ал күннің диаметрі 1 390 000 км, жер шарының диаметрінен 109 есе үлкен осындай дәу күннің өзі де – Құс жолы жүйесіндегі миллиардтаған көп жұлдыздың біреуі ғана. Егер күннің диаметрін бірлік десек, онда әлемдегі ірі жұлдыздардың – Сиыршының диаметрі 1,4, Тоқымашының диаметрі 2,2 бірлікке, Спиканың диаметрі 5 бірлікке, Капелланың диаметрі 12 бірлікке, Ригельдің диаметрі 33 бірлікке, Альдебаранның диаметрі 40 бірлікке, Антарестің диаметрі 330 бірлікке, Геркулестің диаметрі 800 бірлікке тең болар еді. Демек әлемдік күннен миллиондаған есе, тіпті жүз миллиондаған есе үлкен жұлдыздардың бар екендігін бүгінгі ғылым дәлелдеп отыр. Бізге ең жақын тұрақты жұлдыздардың бірі күннің бізден қашықтығы, шамамен, 150 миллион километр келеді екен. Егер біз сағатына 5 километрлік жылдамдықпен күнге қарай жүрсек, онда 3500 жылда әрең жетер едік. Сағатына 85 километр жол басатын пойыз 200 жылда, сағатына 1000 километр ұшатын аэроплан 15 жылда күнге жетеді екен. Ал, күннен арғы жақын жұлдыз Центавр шоғырындағы ең таяу жұлдыз делінеді. Оған секундына 16,6 километр ұшатын ракета түзу сызық бойынша ұшқанда 7800 жылда жетеді екен. Одан арғы жұлдыздардың бірден қашықтығын есептеуге бұл сан жетпейтіндігі үшін «Жарық жылы» деген есеп тәсілі қолданылады. Өйткені, жарық әлемге өте тез таралады. Яғни, ол секундына 300 мың километр, минутына 180 километр, сағатына 10 млрд. 80 млн. километр жылдамдықпен таралады. Сонда бір жылдағы жылдамдығын осыған қарап есептеп шығады. Міне, сол жарық жылы бойынша есептегенде, Жетіқарақшы жұлдызы бізден 160 жарық жылы, Үркер шоғыры 400 жарық жылы, Сыңармүйіз шоқжұлдызындағы тұмандық 4000 жарық жылы, Күзетшідегі Шар шоғыры 20 000 жарық жылы, Андромедадағы үлкен тұмандық 2 млн. жарық жылы шалғайда тұрады екен. Аспандағы бізге жолақ қана болып көрінетін Құс жолының диаметрі 100 мың, қалыңдығы 10 000 жарық жылына тең келеді. Ал, Құс жолынан тысқары дүние мұнан да кең. Ол әлі де зерттелу үстінде. Одан арғы дүниені зерттеуге бүгінгі ғылымның да дәрмені жеткен жоқ. Әлемдегі осындай шексіз кең дүние болғандықтан ондағы жұлдыздардың қозғалысы бізге ықпал ете алмайды. Мысалы, Сүмбіле секундына 8 км., Тоқымашы 14 км., Сиыршы 26 км жылдамдықпен жерге қарай ұшып келеді. Оның қаншама мың, қаншама жүз мың жылдан кейін бізге жерге түсетіндігі, жерге түсіп болғанша қанша түйір тозаңы қалатындығы әлі беймағлұм. Ал, Таразыдағы Ригель секундына 21 км., Жетекшідегі Капелла 30 км., Сиыршыдағы Альдебаран 55 км. жылдамдықпен жер шарынан алыстап барады. Оның да қашан, қайда барып тынатындығы мәлім емес. Демек, бұл әлемнің шегі жоқ. Оның ашылмаған сырлары әлі де баршылық. Сондықтан, 29 Мақалалар, рефераттар оны зерттейтін ғылымның да тиянақтайтын жері, тоқтайтын шегі болмақ.

Енді құс зерттейтін ғылымды алайық. 1975 жылы жарияланған материалдарда дүниежүзіндегі құстардың қазірге дейінгі мәлім болған 8600 түрі бар делінген. Содан 4 жыл кейін 1979 жылы шыққан «Құстар» деген кітабында АҚШтың әйгілі ғалымы Рогер Петерсон дүниеде құстың 9 мыңнан астам түрі бар деп жазады. Үздіксіз жаңалық ашылып, ғылым шексіз дамып жатыр. Шынында да, «Ғылым – таусылмайтын кен», «Ғылым түбі – теңіз». Ғылымның сүңгуір кемесін толық меңгергенде ғана онымен еркін жүзуге, тетігін толық игергенде ғана оның асыл байлығын қазып алуға болады.

«Ғылымда кең, даңғыл жол жоқ» дейді Маркс. Қазақта: «білім алу – инемен құдық қазғандай». Қанша көп білсең де, көп білмессің. «Көп жасаған білмейді, көп көрген біледі», «Сұраған білім алады, ұялған кейін қалады», «Білмесең кісіден сұра, кісі жоқ болса, кішіден сұра» деген мақалдар бар. Мұнда ең әуелі білім алудың қиындығы, машақаты, бейне инемен құдық қазғандай қиын жұмыс екендігі айтылады. Мұнан кейін білім алудың шарты болу, көп нәрсені оқып, көп нәрсені көру, халықтан, үлкендерден, білімі бар барлық адамдардан үйрене алу сөз болады. Ең соңында білім алу үшін: талап болу, көп сұрау, жөні келгенде өзінен кіші адамнан да арланбай, ұялмай сұрау керектігі айтылады. Халықтың өзі «Ерді талап ұшырады, құсты қанат ұшырады», «Екпей егін шықпас, үйренбей білім жұқпас» деп тұжырым жасайды. «Су сіңген жеріне құйылады», сол сияқты білім-талабы бар, ар жағында саңлауы бар адамға қонады. «Талапты ерге нұр жауар» деген рас.

Білім жиған адамның толысқан, кемелденген кезі болады. Ғылымда адамның отыз-қырық жас мөлшерін кемелденген кезі деп қарайды. «Ат тоғызында, жігіт отызында толады» дейді халық. Сондай-ақ, «он бес жас күмістен тартқан сымдай екенсің, жиырма жас Құбыладан соққан желдей екенсің, отыз бес айдын шалқар көлдей екенсің» деген нақылдан да азамат адамның отыз жастан асқаннан кейін ой тоқтатып, өмір тәжірибесін қорытатындығы, айдын шалқар көлдей әбден толысып жетілетіндігі айтылады. Ал, батырлық пен қайраттылықты да халқымыз осы отыз жасқа бұйырады. «Отызыңда орда бұзбасаң, қырығыңда қыр аспайсың» деп тұжырым айтады. Мұның өзі отызға келген адамның бәрі кемеңгер болады, орда бұзады дегендік емес. Қазақ: «Аттың да аты бар, қазанаты бір бөлек, жігіттің де жігіті бар, азаматы бір бөлек» деп көптің ішінен білімді, жалынды азаматты өз алдына бір төбе етіп көрсетеді. Оған өз алдына өлшем айтады.

«Қошқар болар қозының маңдай жағы дөң болар, адам болар жігіттің арқа-басы кең болар», «Кең пейілдінің ішінде кен жатады, тар пейілдінің ішінде тас жатады», «Кең пейілдінің ішінен кеме жүзеді», «Шіріген шөпті мал жақтырмас, шіренген жігітті ел жақтырмас», «Ажал ақылдының алдында бас иеді, ақылсыздың басына тас үйеді», «Жақсыны жақсы десе, сақтанады, жаманды жақсы десе, мақтанады». Демек, оңай оспаққа іш жимайтын, ішінен кеме жүзетін кішіпейіл, ақылды, мақтаса сақтанып отыратын азаматтарды халық нағыз білімді адамдар есептейді. Адамның 65 жастан асқандарын халқымыз ақылшылыққа бұйырады. Өйткені, бұл кезде адам ыстық-суықты басынан өткереді, жасы қартайғанмен, ақылы марқаяды. Ой қорытып, арғы-бергіні дұрыс болжайтын болады. Сондықтан, қазақ: «Ақылды қария – ағып жатқан дария», «Екі баланың ортасындағы шал бала болады, екі шалдың ортасындағы бала дана болады» дейді. Алпыс жас адамды арқандап, бет-әлпетке әжім түсіргенімен, ол білім, тәжірибе тоқтап, ақыл дүниесінде тиянақ табады. Сондықтан халық «Алпыста ақылшың болса, басыңа дау қонбайды» деген. Мынадай бір ертегі бар.

Бұрынғы заманда бір қаныпезер хан болыпты. Ол өз еліндегі адамдарды алпысқа келісімен-ақ өлтіртіп тастайды екен. Өлтіргенде де, әркімді өз баласына өлтіртеді. Күндердің бірінде бір кісінің жасы 60-қа келген соң оны баласы өлтірмек болып, бір жартастың басына әкеледі. Сонда әлгі кісі: «Е, балам, мен де бір кезде әкемді осы жартастан құлатып өлтірген едім, сол күннің кейін өз басыңа келерін ойлап қой» дейді. Мұны естіген бала әкесін өлтіруге қимай, жасырын әкеледі де, сандықтың ішінде бағады. Елге өлтірдім деп қояды. Көп өтпей бұл елді қуаңшылық жайлап, су сұраған ел ешбір амал таба алмай дағдарады. Сонда сандықта жатқан шал баласына: «Кері өгізге мен жатқан сандықты теңде де, басын түріп қоя беріп, артынан еріп отырсаң, сол суды табады», – дейді. Әкесінің айтқаны бойынша бала өгіздің соңына түседі. Өгіз бір жалбызды жыраға келеді де, иіскелеп тұра қалады. Шалдың ақылы бойынша сол жерді қазса, астынан мол су шығады. Шөліркеген ел сусындап бір жасап қалады. Осыдан кейін әлгі өңірдегі бір көлдің түбінен алтын көрінеді. Хан қаруы бар кісілерді түгел жинап, қаншалық күш салса да мұны ала алмайды. Кезек әлгі балаға келгенде, бала әкесінен ақыл сұрайды. Әкесі: «Алтын көлдің түбінде емес, сол көлдің жағасындағы бір жартаста болуы мүмкін. Көлге түскен соның сәулесі шығар», – деген болжам айтады. Бала қарияның ақылы бойынша іздеп жүріп, көлдің алтын жатқан жеріне тұспа-тұс келетін жартастағы алтынды тауып, ханға апарады. Хан бұл алтынды, одан бұрын суды қалай тапқанын сұрап қоймайды. Бала ақыры басы кететін болған соң шынын айтады. Хан қарияның ақылына мойынсұнады да, алпысқа келген адамды өлтірмеуге бекінеді. Онан кейін елі гүлденіп, халқы бақытты өткен екен. Алпыстағының ақылы жөнінде ата-бабадан, міне, осындай аңыз қалған. Қарттарды, олардың білімін қадірлей білу жөнінде үлкен ғақылия бар.

Енді ғылыми негізге құрылған қазақ мақал-мәтелдерінің бірнешеуіне жеке-жеке үңіліп көрейік. «Жандыда балық үлкен, жансызда қамыс үлкен» дейді халық. Бұл ойжота жорамал емес, өмір қорытындысы. Қазақ халқы суда жасайтын сүтқоректі жануар китті киітбалық деп атайды. Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда дүние жүзінде оның 38 туысқа бөлінетін 84 түрі бар. Тұрқы қысқасы 1 метр 20 сантиметр, ұзындығы 38 метр келеді. Бір жүрісте аялдамай, 5-10 километр жол баса алады. 30-50 жыл өмір сүреді. Ата тегі креодонттан бастап есептегенде кит пайда болғаннан бері 60 миллион жыл өткен. Ғалымдар 27 метр ұзындықтағы китті сойып, оның мүшелерін жекежеке өлшегенде, еті 56 мың килограмм, майы 25 мың килограмм, сүйегі 22 500 килограмм, тілі 3 мың килограмм, ішегі 1 600 килограмм, бүйрегі 500 килограмм, қарны 400 килограмм, тұтас салмағы 122 тонна шыққан. Ал, 38 метр ұзындықтағы китті сойып өлшейтін болса, оның жеке-жеке мүшелерінің салмағы бұдан да ауыр болатындығы түсінікті. Әдетте көп айтылатын «Жайындай жалмады», «Жайын ауыз» дегендегі жайын балықтың өзі де осал емес. Жайынның тұрқы 5 метрге, салмағы 300 кг-ға жетеді. Бас жағы тым жалпақ, құйрығы қысыңқы болғандықтан, аузы тым үлкен көрінеді де, «Жайын ауыз» деп мәтелге ілінуі де осыдан. Осыдан болса керек, бұдан сырт тілінің ұзындығы 3 тонна, қарны 8-9 тонна, жалпы салмағы 170 тонна. Ішегі 500 метр келетін ғажайып балықтардың да бар екендігі мәлім болып отыр. Бұған қарап, «Жандыда балық үлкен» деген сөздің толық ғылыми негізі бар екендігін білуге болады. Ежелгі қазақта геолог та, альпинист те болмаған деген ұшқыр пікір бар. Ойымыз дәлелді болу үшін мына мақалға назар аударайық.

«Бұлт асқан тауды биік деме», «Тау кезеңсіз болмас, өлке өзенсіз болмас», «Таулы жер бұлақсыз болмас, бұлақты жер құрақсыз болмас», «Аса алмас тау, өте алмас өзен жоқ», т.б. мақалдардың нағыз ғылым екендігі де бұл күнде толық сипатталып отыр. Ал, адамды одан ары қайран қалдыратыны «Бұланнан биік аң жоқ, Бұланайдан биік тау жоқ» деген мақал бар. Бұлан – салалы үлкен мүйізді, аша тұяқты, бұғы тектес ірі аң. Ол басқа аша тұяқтыларға қарағанда өте үлкен, тұрқы 3 метрдей болады. Ал, тұяғынан шоқтығына дейінгі биіктігі 2 метрден асады. Ұрғашысының салмағы 300 килограмдай. Еркегінің салмағы 600 килограмдай. Ал, Бұланай дегені кәдімгі Гималай тауы. Оның дүние жүзі бойынша ең биік жері Джомолунгма шоқысының биіктігі 8848 метр. Джомолунгма таңғұт тілінде «Әйел тәңірі» деген мағынаны білдіреді.

1858 жылы Үндістанның геодезиялық өлшеулер мекемесі ағылшындық Джордж Эверестің жетекшілігімен альпинистерді ұйымдастырып, осы шоқыға шыққандығы үшін Эверест деп атаған. Қытай карталарында 1952 жылы Джомолунгма деп өзгертілген. Қытай альпинистер тобы 1760 және 1975 жылдары бұл шоқыға екі рет шығып, экспедициялық зерттеулер жүргізіп, аса мол ғылыми материалдар топтаған. Бұл тауға шығып, зерттеу жұмысымен жүрген альпинистердің экспедициясы әлі үзілген жоқ. Тек 1982 жылдың өзінде бұл таудың Непал жағынан 7-8 мемлекеттің альпинистері экспедиция жасап қайтты. Ал, бұлан аңы бұрын көп болғанымен, қазір өте сиреп кеткен. Тіпті жоғалып кетті. Бұған қарағанда бұл мақалдың шығуы өте ертеректе болса керек. Сол кездің өзінде Гималай туралы осындай тұжырым жасаудың өзі халқымыздың көрегендігін, оның ғылыми өресінің тым төмен емес екендігін сипаттап көрсетеді. Бұдан сырт халқымыздың шаттанып, шалқып отырған адамды «Еділ мен Жайық болып отыр» деп, еш нәрсені алымсынбай, бойына тоғытпай отырған адамды «Алакөл асығынан келмей отыр» деп сипаттау да, Еділ-Жайық өзендері және Алакөл туралы дұрыс географиялық меже көрсеткендігін дәлелдейді. Қазақта «Жерде су көп, ауада бу көп» деген мақал бар. Енді осыған тоқталайық.

Ғалымдардың тексеру-зерттеуіне қарағанда, бүкіл жер шарының ауданы 510 миллион шаршы километр. Осы ауданның 361 миллион шаршы километрі, яғни 70,7 проценті су, 149 миллион шаршы километрі, яғни 29,3 проценті құрлық. Демек, бүкіл жер шарының су ауданы құрлық ауданынан екі жарым есе көп. Солтүстік жарты шарда құрлық көбірек дегеннің өзінде ол бүкіл солтүстік жарты шардың небәрі 39,3 пайызы болса, оңтүстік жарты шардағы құрлық солтүстік жарты шардың 19,1 пайызы ғана. Анығырақ айтқанда, мұның ішінде Тынық мұхиттың ауданы 600 мың шаршы километр. Атлант мұхитының ауданы 92 млн. 400 мың шаршы километр. Үнді мұхитының ауданы 74 млн 900 мың шаршы километр. Солтүстік мұзды мұхиттың ауданы 14 млн 100 мың шаршы километр, жиыны – 361 млн. шаршы километр. Осы теңіздер мен мұхиттарға жинақталған су қоры 1 млрд 370 млн. 323 мың текше километр. Ол бүкіл су әлемінің 93,96 пайызы болады. Егер осы суды жер бетіне тегіс жаятын болса, онда жер шарындағы құрлықты 2400 метр тереңдіктегі су қаптаған болар еді. Бұған жер шарындағы мұздықтар мен қарлықтарда жатқан 24 млн текше километр мұз бен қарды ерітіп қосып есептегенде, ол мұхиттар мен теңіздердегі судың деңгейін 70 метрге жуық биіктеткен болар еді. Оның үстінде жер астында жатқан 60 млн. текше километр су көлдердегі 280 мың текше километр су, топырақ дымқылындағы 85 мың текше километр су, атмосферада бу болып жүрген 14 мың текше километр су, өзендердегі 1200 текше километр су қосылатын болса, дүниежүзіндегі барлық су қоры 1 млрд. 454 млн. 193 мың текше километрге жетеді. Мұның 28 млн. 253 мың 200 текше километрі адамзаттың ішуіне болатын ауыз су. «Жерде су көп» деген мақалдың ғылыми негізі, міне, осыдан.

Мұны қойып, адам денесінің 60 проценті судан тұрады. Күн нұры, ауа, су – адамзаттың және бүкіл тіршіліктің ең бірінші қажеті. Адам күніне 20 литр су тұтынады. Сиыр тәулігіне 40-50 литр, бұзау 10-15 литр, қой 4-5 литр, қозы-лақ 1-2 литр су ішеді. Бір му жердегі бидайға 200-300 текше метр, жүгеріге 300-400 текше метр, мақтаға 150-200 текше метр кетеді. Ал, бір тонна кездемені тоқып, мәнерлеуге 500-600 текше метр су, бір тонна қағаз өндіруге 200 текше метр су, бір тонна темір өндіруге 100 текше метр су қажет болады екен. Демек, суды қажет етпейтін жер жоқ. «Сусыздық сүркейлік», «Су атасы – бұлақ», «Бастаусыз су, тамырсыз ағаш болмас», «Тілдің ұшы жоқ, жүректі жарады, судың тісі жоқ, жерді жарады» деген мақалдар судың қажеттілігін, қайнарын, күш-құдіретін, рөлін толық тұжырымдаған. Осының ішіндегі «Судың тісі жоқ, жерді жарады» деген мақалды физикалық және химиялық тұрғыда жан-жақты сипаттауға болады. Ал, енді қазақ мақал-мәтелдеріндегі тәрбиелік ғылымға назар салайық.

«Сынықтан басқаның бәрі жұғады», «Жұғын бар жерде шығын бар», «Қотыр қолдан, таз тақиядан жұғады». Бұл мақалдарда қазіргі медицинада көп айтылатын аурудың жұқпалығы, жұғу жолдары және жұққаннан кейінгі зардабы толық қамтылған. Шынында да сынықтан басқаның бәрі де жұғатынын, түрлі микроб жәндіктер арқылы, адамдар арасындағы қарым-қатынас арқылы тарайтынын, жұқпалы ауру адамзат үшін ауыр шығын әкелетіндігін бүгінгі ғылым сипаттап отыр. Сонымен бірге, мақал-мәтелдерде тамақтану мәселесінің денсаулыққа ықпалы да айтылған. Бір жағынан «Ас тұрған жерде ауру тұрмайды» деп, дұрыс тамақтанудың денсаулыққа пайдасы дәріптелсе, екінші бір жағынан, «Асқазанды артық ішкен ас бұзады», «Ауру астан» деп тамақты талғап, мөлшерімен жеу керектігін, бұзылған ас пен артық астың адам үшін аса залалды екендігін тұжырымдаған.

«Уды умен қайтару», «Ерменді жерде ешкі өлмес», «Жалбызды жерде жан қалар», т.б. мақалдар науқасты қалай емдеудің жолдарын көрсетеді. «Уды умен қайтару» – қазақтың аттар халық емшілігінде жалпы сипатталатын емдеу тәсілі. Алмасқа жығу, сынапқа жығу, кепірешке жығу, күшәлаға жығу, т.б бәрі де адамды микробпен бірге жығып, уды умен қайтаруға тән емдеу әдісі. Ал, өсімдік тамырлары мен шөп дәрілермен емдеу өз алдына бір ғылым. Мысалға, ерменді алайық. Ерменнің түрі көп, көбін қазақ емге қолданады. Ол жылан шаққанға, іш кебуге, ас қорытудың бұзылуына, есекжемге, түрлі себеппен жарақаттанып, ісіп ауырғанға, жедел дизентерияға ем болады. Ал, жалбыздың да түрі көп. Мұның ішінде қызыл-көк жалбыз ыстық қайтарады, желді айдайды, көзді нұрландырады, жұтқыншақты майдалайды; ұсақ жапырақты жалбыз тұмауратып ауырғанда, жүрек жиі соғып, тынышсызданғанда, ұйқы қашқанда пайдаланылады; көздәнекер қабығы жедел қабынуға, көтеуге ем болады.

Біздің жоғарыда айтқандарымыз аурудан сақтану және оны емдеу саласына жатады. Ал, медицинада рухи жақтан көтеріңкі, үмітті болу – науқас адамды емдеудің бірінші шарты. Халқымыздың «Қайғысыз қара суға семіреді», «Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің, қайғы түбі тұңғиық, батасың да кетесің», «Ауруда алғау жаман, адамда жалқау жаман» сынды мақал-мәтелдері – адамды рухани жақтан емдеудің ең тамаша тәсілдері. Бұл арада айта кететін тағы бір жайт бар.

Қазақ арасында бірқыдыру адамдар науқастанса, бақсыбалгерге барып, өзіне ем-дом жасататын, бірақ іс жүзінде бақсының емдеуінде бәлендей ғылыми негізі жоқ екендігіне олардың көзі жеткен. Сондықтан, халық бұл тәжірибе сабақтарда «Бақсыға барма, басынан кешкендерге бар» дейді. Демек, тәжірибелі қарт емкөстерді халық бақсыдан әлдеқайда жоғары қояды. Қазақ мақал-мәтелдерін ақтарған сайын оның ғылымға саятын талай-талай тобын атауға болады. Мысалы, «Жер – қазына, саусаң да таусылмас», «Байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер» топырақ ғылымын; «Асыл тастан шығады» кен ғылымын; «Ағаш кессең ұзын кес, қысқарту оңай, темір кессең қысқа кес, ұзартуың оңай», «Болмас іске болаттан берік бол» металлургия ғылымын; «Алмастың жауы қорғасын» химия ғылымын; «Бағуыңа қарай мал, егуіңе қарай егін өседі», «Жеті күн жауған жауыннан желіп өткен су артық», «Уыз ішпеген төл ішеген, су ішпеген жер ішеген» егіншілік ғылымын; «Сазға жайған мал сарып болар, сарып болған соң арық болар», «Мал шелді болмай, төлді болмайды» мал шаруашылығын; «Ай қораланса аяғыңды, күн қораланса күрегіңді сайла», «Бұлттан шыққан күн ащы» астрономия ғылымын; «Тар соныдан кең шиыр артық», «Тебінді жерде жылқы өлмес», «Бұрын қонған қоныс, кейін қонған өріс алады», «Мал шөпке тоқтайды» жайылым туралы ғылымда меңзеп тұрғандай, сайып келгенде, қазақ мақал-мәтелдерін ғылымның жүлгесі бойынша пұтарлай берсек, әлі де талай тақырыпты қаузауға болатын еді. Бұл мақала алғашқы талпыныс қана.

Зейнолла Сәнік, жазушы, этнограф, баспагер

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. «Қазақ Совет энциклопедиясы». 7-том, 68-69 беттер.
  2. «Қазанат». Қазақ аңыздарында Алдар көсенің көкқасқа айғырының тұқымынан туған атты Қазанат дейді.
  3. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі». 2-том.
  4. «Шынжаң, Жуңгоша шөп дәрілер сөздігі».

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2252
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3505