Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Ел іші... 4852 9 пікір 14 Сәуір, 2021 сағат 16:29

Қазақстанның жеті байы һәм «миллион» борышкері

«Forbes журналы» миллиардерлердің жаңа тізімін жариялаған сайын әлем жұртшылығының назары өз еліндегі бай мен кедейдің табыс айырмасына (Джини индексіне) түсері анық. Алпауыт байлар шоғырланған АҚШ пен Қытайда ол көрсеткіш 0,4-тен асса (жоғары), бізде 0,26. Бір одақтан шыққан Украина, Беларусь, Қырғызстанның көрсеткішінен биік, сексен миллионнан асатын халқы бар, алып Германиямен (0,27) қарайлас. Негізі жан санымыздың аздығын, жер асты, үсті байлығымыздың мол екенін қаперге алсақ, Норвегия, Дания қатарлы солтүстік Европа елдеріндей (0,2) болуы керек еді.

Қазақтың қазба байлығын жекешелендіріп алған Евразия үштігінің (Машкевич, Шодиев, Ибрагимов (соңғысы марқұм) біреуі Израиль, екеуі Бельгия азаматтығын алып, қазақтан іргесін аулақ салғаннан кейін, қазақ байларының көшін өзіміздің «местный корейц» Владимир Ким (4,6$) бастайтын болыпты. «Forte банктың» иесі Болат Өтемұратовтың (3,4$), «Халық банктың» иесі Тимур Құлыбаевтың (2,8$) қатaрына биыл кәдімгі сіз бен біз кредит алып, «лақтырып» кететін «Каспи банктың» негізін қалаушылардың бірі Вячеслав Ким (3,3$) мен 2007 жылы қазанда атқарушы директор болып келген Михаил Ломтадзе (2,3$) қосылыпты. «Фридом финаныстың» иегері Тимур Турлов та бар (2,2$). Көріп отырғанымыздай Қазақстан қаржы саласының  миллиардерлер басып шығаратын «инкубаторға» айналғанын көреміз.

Қоғам белсенділері мен депутаттардың еліміздің экономикалық белсенді тұрғындарының (жалпы халық санының 55 пайызы) жартысына жуығының (27%) банктерге берешек екенін айтып келе жатқанына бірталай уақыт өтті. Бұл жайт Қазақстан банктерінің шетелдік қор нарығындағы имиджіне еш әсер етпейтін сияқты. Лондон қор биржасында «Каспи банк» акциясларының құны Европалық әріптестерімен иық теңестіріп, алдыңғы төрттікке енген. Былтыр қырық екі мың бес жүз теңгенің жыры басталғанда экономистер өкіметтің халықтан гөрі қаржы нарығын сауықтыруға көп қаржы бөлетінін тілге тиек еткен. Қазақстанның сыртқы қарызының басым бөлігі де соларға тиесілі. Шетелдің биржа саудагерлері Қазақстан банктерінің артында кім тұрғанын, акцияларының «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» сиқыры бар екенін бізден жақсы біліп отырған сияқты.

Биыл тізімге енген жаңа миллиардерлердің 40 пайызы Қытайдан шыққан екен. Миллиардтар елінде биржа саудасымен кәсіби айланысатын 180 миллион кәсіпкер бар екен. Оның дені сексенінші жылдан кейін туылғандар. 50 миллионы тоқсаныншы жылдан кейін туылған, әлі орда бұзар жасқа жетпегендер. Міне, экономикалық жетістік, ұлттық мақтаныш деп осыны айт. Қытай экономикасының көмескі қуаты осыдан көрінеді. Сол белсенді топ Нью Иорк, Лондон, Токио, Ганконг, Сингапур, Шанхайдағы биржа саудасын сәт сайын бақылап отыр. Әлемдік бәсекенің қайнаған ортасында жүр. Ал біздің жастар олимп ұтысына ақша тігуді місе тұтуда, зейнеткерлер бинго латерияларын сататын дүңгіршектерді жағалап жүр. Қараша халық банктерден қарыз алып тұрмыстық қажеттерін шешіп, жыртығын жамауда. Үкіметтің Қазақтелеком сияқты мемлекеттік холдингтердің акцяларын қол жетімді етіп, халыққа да мемлекет байлығының қызығын көруге жол ашатынын айтып, емексіткеніне де бірталай болды. Жалған қаржылық прамидаларға, жұлдыздар жарнамасын асырған ұтыс ойындарға алданған халық қарасының көбейуі елде қор нарығының емес, көлеңкелі бизнестің қызып тұрғанын көрсетсе керек.

Өткен жылы Дүниежүзілік банк біздің елде кедейлердің көбейетінін ескерткен еді. Қазір болжамдарының айдай келгенін, импорт тауарлар ғана емес, өзімізде өндірілетін азық-түлік өнімдерінің шарықтап кеткеніне куә болып отырмыз. АҚШ орталық банкі доллардың «ставксын» көтереді деген сыбыс шыққалы бері көршіміздің рубльі құнсыздана бастады. Солтүстіктегі көршімізге тіліміз ғана емес, теңгеміз де байлаулы. Америка президенті Байден мырза пандемиядан соққы алған әлем экономикасын көтеру үшін барлық мемлекетерді ірі холднигтерге салықты көбейтуге шықыруда. Әлемнің бірінші ауқаттысы Джефф Безос оның ұсынысын қос қолдап қолдайтынын білдірді. Біздікілер оған үн қосама, жоқ тағы да популизге балай ма, оны кезі келгенде көреміз.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

9 пікір