Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 4294 6 пікір 6 Сәуір, 2021 сағат 16:56

Сын айтылса да, міні түзелмейтін министрлік

Тосыннан пайда болған коронавирус Қазақстан медицинасының шынайы бейнесін көрсетті. Денсаулық сақтау министрлігі қатаң сынға ұшырады. Сын айтылса да, міннің түзелер сәті әлі келмеді. 

2020 жылдың 13 наурызында Қазақстанда коронавирус ресми түрде тіркелді. Вирус Германиядан ұшып келген жолаушыдан анықталды. Билік дереу арада карантиндік шектеулер енгізіп, қалааралық байланыстарды тоқтатты. Вирус анықталған ғимараттарды қоршауға алды. Бұл әрекеттер мемлекеттің вирусқа қарсы нақты жоспары бар болғандай көрінгенімен, мемлекет шынайы тұрғыдан не істерін білмеді. Қарапайым халық сәуір және мамыр айларында киерге маска, себерге антисептик таппады. Ал бары қасқалдақтың қанындай ғана аз еді. Бағасы бес-алты есе қымбат болды. 30 теңгелік масканың құны шарықтап, 150-200 теңгеге дейін көтеріліп кетті. Бұл Қазақстанның тіпті, маска шығаруға қауқарсыз экономикасы барын көрсетті. Анығы жоғын...

Қазақстан сырттан келетін көмекке зәру еді. Сырттан көмек келді де. Қытай, Түркия, Ресей, АҚШ, Польша, Үндістан, Израиль және басқа елдер тонналап маска, дәрі-дәрмек пен медициналық қорғаныш костюмдерін жіберді. Бірақ ол жеткіліксіз еді. Маусым айында вирус жұқтырғандар саны арта түсті. Тіпті бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та вирус жұқтырған болатын. Оған дейін Біртанов вирус ошағына айналған ауруханаларды, блок бекеттерді тексеріп, жеке барған.

Ал Қазақстан үшін ең қасіретті кезеңнің бірі шілде-тамыз айларында болды. Вирус өршіп, халық арасында өлім-жітім артты. Еселеп артты. Интернет жаңа қазылған қабірдің бейнесіне, ИВЛ іздеп, шарқ ұрған халықтың қарбаласына, жақынына дәрі іздеген жанның айғайына толып кетті. Коронавирустан бөлек өкпе қабынуы (пневмония) пайда болып, талай жақсының жанын алды. Ресми статистика коронавирустық өкпе қабынуынан көз жұмғандарды тек қана 1 тамыздан бастап тіркеуді бастады.

Президент шілденің 18-інде Үкіметті қатаң сынға алды. Статистикадағы қателік пен вируспен күрестегі нәтижесіздікті ашық айтты. Жағдайдың күрделі екенін көрсетті.

«Баяндамаларға қарасам, жағдай қалыпты және бақылауда сияқты. Алайда шынайы іске келсек олай емес. Мен өзімнің әкімшілігіме еліміздегі дәрі-дәрмектің қолжетімділігі мен тапшылығын тексеруді тапсырдым. Нәтижесі қуантарлықтай емес. Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында дәрі жетіспеушілігі байқалады. Дәріге кезекке тұру, қажет дәрілердің тым қымбаттап кетуі орын алуда», - деді президент.

Артынша: «Әкімдерде қауырт жағдайда жұмыс істеудің тәжірибесі жоқ. Туындаған мәселелерді шешуді, халыққа мемлекеттік саясатты түсіндіруді қалай жасау керектігін білмейді», - деп облыс әкімдерін қатаң сынға алды.

Халықтың өз бетінше дәрі іздеп, жағдайды реттеуге тырысқанын да айта кетті.

«Мемлекетік органдар тарапынан нақты жұмыс болмағандықтан халық бұл мәселені өз бетінше шешуге кірісіп кетті. Бұл нонсенс! Халық жаппай оттегі толтырылған баллондар сатып алуда. Бұл ауруханалардың тікелей міндеті. Өндірістік өттегі баллондарын үй жағдайында қолдану фактілері тіркелуде. Үкімет пен әкімдікке бес күннің ішінде ауруханаларда және үй жағдайында қолдануға болатын өттегі толтырылған баллондармен қамтамасыз етуді тапсырамын», -  деп тапсырма берген болатын.

Үкіметті қатаң сынға алған жиыннан кейін, бір апта ішінде Елжан Біртановты қызметінен алып, орнына Алексей Цой министр болып тағайындалды. Алайда жағдай жақсарды деп айта алмаймыз.

ДДСҰ: «Коронавирусты тоқтатудың бір ғана жолы бар, ол халықты жаппай вакцинациялау», деп айтқаннан кейін, әлем елдері вакцина егуді бастады. Бүгінде әлемде вакцинаның 160-тан астам түрі бар. Соның ішінде, посткеңестік елдер ресейлік «Спутник-V» вакцинасын қолдануда. Қазақстан да солардың ішінде. Алайда тағы да министрлік бұл міндетті ойдағыдай атқара алған жоқ.

Қазақстан халықты вакцинациялауға 50 млрд теңге бөлді. Вакцинациялау тегін негізде жүргізіледі. Министрлік күзге дейін 10 млн халықты вакцинациялап үлгереміз деуде.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі 6 сәуірде өткен Үкімет отырысында баяндады. Алайда сенім бар ма? Жоқ. Неге? Себебі министрлік бұған дейін вакцинациялауға қатысты түрлі уәделер беріп келді.

Мысалы о баста вакцинациялаудан күзге дейін 6 млн адам өтеді десе, артынша вакцина тапшылығы басталған сәтте ол көрсеткішті 4 млн-ға дейін түсірді. Енді міне 10 млн деген жоспарын ұсынуда.

Алексей Цойдың қызметіне қатысты айтылып жатқан сын аз емес. Мысалы 1 сәуір күні президент Цойдың қызметін қатаң сынады.

«Алексей Владимирович, мен бұрын айтқанымдай, қазіргі уақытта Үкіметтегі басты міндет денсаулық сақтау министрі, сіздің ерекше құзыретіңіз бар. Сіз жұмысыңызды жақсы бастадыңыз да, кейіннен екпініңіз азайды. Сәуір айында сіз жағдайды қалыпқа келтіруге тиіссіз. Олай болмаған жағдайда сізді қапаландыратын кадрлық тағайындаулар болады. Бұл тек қана денсаулық сақтау министрлігіне ғана емес, жалпы Үкіметке қатысты», - деген болатын президент Тоқаев.

Қазақстан вакцина егуден артта келеді. Мысалы Моңғолия 376 мың адамға вакцина ексе, Қазақстан бар-жоғы 174 мың адамды вакцинациялап үлгерді. Салыстырмалы түрде қарасақ Қазақстан вакцинациялауды Моңғолиядан бір ай ерте бастаған болатын. Алматы қаласында жаппай вакцина егу үш күн жүріп, қазір тоқтап тұр. Себеп: Вакцина жоқ!

Вакцинациялау арқылы елдегі карантиндік шектеулерді алып тастауға болады. Алайда министрліктің қазіргі қарқынына қарап, оның жақын арада алынатынына күмән бар...

Ка Мырза

Abai.kz

6 пікір