Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Абай мұрасы 5023 17 пікір 26 Ақпан, 2021 сағат 11:40

«Тасдиқ» қашан, қалай жазылған?

Халқымыздың руханияты қалыптасуына әулиелер өлшеусіз үлес қосты. Қазақ жерінде киелі орындар көп болуы содан. Әулие, әнбие, пір және абыз деген ұлттық санаға ежелден сіңісті атау-ұғымдар. Бұл ретте «Абай әулие ме?» деген сауалдың тууы заңды. Бірақ, оның нақты жауабы берілген емес. Оған басты себеп – қазіргі күні 38-қарасөз делініп жүрген «Ғақлиат-тасдиқат» (қысқаша – «Тасдиқ») трактатының қашан, қалай жазылғаны тасада, жұмбақ күйінде қалып келеді. Сондықтан осы екі мәселеге хал-қадіріміз жеткенше жауап іздеп, ойымызды ортаға салғанды жөн көрдік.

Әулиеліктің кәмәлаты жайында бірер сөз

Аталған «Тасдиқ» деген хакімдік еңбегінде Абай «жәуанмәрттілік үш хасләттің иелерінің алды» деп төрт топты (пайғамбар, әулие, хакім және кәміл мұсылман) атап айтатыны белгілі. Осы аталған төрт топ өкілдері де адамзат үшін рухани ұстаз, яғни пір. Өйткені, олар жүрегі тазарған толық адамдар, Абайдың өз сөзінше: «Құдай жолымен жүруді өзіне шарт қылып, қадам басқан» жандар. Төртеуінің де кеңістігі – рухани әлем. Демек, барлығына да Құдайдың қалауымен әулиелік қонған.

Абай әулиеліктің тылсым табиғатына қанық болған. Соның белгісі – жаңағы төрт топ өкілдері арасындағы бірлік пен айырманы ашықтап айтып, жақсылап ұқтырады. «Құдайдың істеріне ғашық болып тұтпақты пайғамбарлар үйретті», – дей келе, Абай әулиелер ерекшелігін былайша жеткізеді: «Әулиелерге әулиелер оқыды, ғашық болды. Бірақ олар ухрауи (ақиреттік) пайдасын ғана күзетті. Ғашықтары сол хәлге жетті, дүниені, дүниедегі тиерлік пайдасын ұмытты. Бәлки, хисапқа алмадилар».

Қараңыз, Абай «әулие» (яғни Алланың досы) тек қана әулиелер деуден аулақ. Олардың мәнді ерекшелігі – «дүниені ұмытқан» Аллаға ғашықтығы (көбісі жарық дүниеге беймәлім болып баз кешеді). Ал, хакімдер болса, «дүниеде тиетін пайдасын сөйледі». Егер «Ғибрат көзімен қарасақ, –  дейді Абай, – екеуі де (әулие мен хакім) бірінен бірі көп жырақ кетпейді». Өйткені: «Әрбірінің сөйлеуі, айтуы басқаша болса да, Алла тағаланың сұңғатына (шеберлігіне, жаратқанына) қарап пікірлемекті екеуі де айтты». Сол сияқты «екеуі де залымдықты, адам өзіндей адамды алдамақты жек көреді», «екеуі де мархаматты, шапағатты болмақтықты айтып бұйырды». Көріп отырмыз, бұл сөздерде хакім де Алланың досы деген астар бары анық.

Сөйтіп, бақсақ, әулиеге де, хакімге де әулиеліктің қасиеті тән, табиғаты ортақ. Абайдың білуінше, екеуінің айырмасы тек қана Аллаға ғашықтық, яғни «нәпсісін фида қылу» деңгейіне тірелмекші.

Әрі қарай Абай айтпақ ойын: «Пенделіктің кәмәлаты әулиелікпен болатұғын болса, күллі адам тәркі дүние болып «һу» деп тариқатқа кірсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоққиды, астықты кім егеді, дүниедегі Алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді?», – деп сабақтаған.

Бұл арада ойшылдың тариқатшыл дін иелерімен бахасқа (пікірталасқа) түскені айтпасақ та түсінікті. Қауымға: «Дүниені ойраннан құтқарушы ілім иелері – хакімдер, олар әулиеден кем емес» деген ой тастап отыр. Әулие де, мейлі, хакім де, әрбіріне Тәңірі өзіндік миссия жүктеген, сондықтан олардың бірін артық, бірін кем көру ағаттық. Бізді қызықтырып отырған «пенделіктің кәмәлаты» деген тіркес. Пенделіктің кәмәлаты болса, әулиеліктің кәмәлаты болуы да табиғи заңдылық.

Бірінші қара сөзінде: «Софылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елге, осы жерде не қылған софылық?» деген Абай онан кейінгі тоғыз жылдай уақытта рухани жетілудің бел-белесінен өтті. Құдайға жақындап, жаңа айтқан кәмәлатқа саты-сатылап шықты.

1899 жылы жазған жалғыз ауыз өлеңі:

Сүйсіне алмадым, сүймедім,

                                Сүйегім жасып, сор қалың.

                                Сүйісіп саған тимедім,

                                Бола алмадым Сенің жарың.

Ғажайып шумақ сопылық тілімен жазылған. Қожа Хафиз өлеңдерін еске салады. Сопылық тілі (екінші аты – ғайыптың тілі) оны ай асты әлемге әйгілі етті. Өмірі соңында жазған «Иманым» топтамасында Шәкәрім де осы тілді қолданған ғой. Мысалға бірде:

Менің жарым қыз емес,

                               Хақиқаттың шын нұры.

                               Оны сезер сіз емес,

                                Көзге таса бұл сыры,

десе, енді бірде:

Жар көрмеген надандар,

                                 Жарың кім деп күледі.

                                 Оқыған ойсыз адамдар,

                                  Жансыз өмір сүреді,

дейді. Абай да «жар» сөзімен Алла мен адамның байланысын, Жаратқанға ғашықтығын, сонымен бірге, «Бола алмадым Сенің жарың» деуімен   – күйіп-жанған, «дүниені ұмытқан» ғашықтық хәлге жете алмағанын айтқан. Бірақ бұдан «Е-е, Абай әулие болмаған екен» деген тұжырым тумайды. Абай тек әулиеліктің ұшар шыңына жете алмағанын ғана ескерткен. Асыл мұраның Абай сөзден сүрінген, бұрыс я қате айтқан бір жері болсашы. Бұл көп жайды аңғартады, бірінші кезекте, әулиелік әлемнің кісісі екенінің белгісі.

Сонымен, Абай «әулие болған я болмаған» деп кесіп-пішу мүмкін емес. Өйткені, шын әулие ешқашанда «мен әулиемін» демейді. Бұл құпияны Абай да өзімен бірге ала кетті. Біздер үшін басы ашық жәйт, Абайдың хакімдіктің шыңына шыққандығы. Өмір жолы да, шығармашылық шежіресі де соның айдай куәсі. Төмендегі сөзіміз хакімдік еңбектердің ішіндегі шоқтығы биігі – «Тасдиқ» трактаты туралы өрбімек.

 «Тасдиқ» ұлттық брендіміз, ол қашан, қалай жазылған?

Қазіргі күні 38-қарасөз делініп жүрген «Ғақлиат-тасдиқат» (қысқаша – «Тасдиқ») – Абайдың ең көлемді де күрделі еңбегі. Көкбай сөзінше: «Әрқашан ауызша айтатын уағыз насихаттары болсын, өлеңмен үгіт қылып айтатын адамшылық жолы, құдайшылық жолы болсын, барлығы да осы сөзіне жиналып келіп қорытылған».

Абайда қолжазба проза кітап екеу: біріншісі – «Ғақлия» (қырық қара сөзден тұрады). Мынау «Тасдиқ» екіншісі. Бірақ 1933 жылы жарық көрген тұңғыш Толық жинақта қос кітап та төл атауынан айырылып, «Қара сөздер» деген ортақ атаумен мидай араласқан түрде басылып шықты (қатал саяси қудалау – репрессия осыған мәжбүрледі). Соның кесірінен екі кітаптың («Ғақлия» және  «Тасдиқ») жазылу мерзімі бір деген қате ұғым қалыптасты.

Сөйтіп, барлық Абай жинақтарында қара сөздер «шамамен 1891-1898 жылдары жазылған» делінуде. Сенсеңіз, бұл тек «Ғақлия» кітаптың жазылу мерзімі. Ал «Тасдиқ» кітабын Абай кейінірек қолға алған. Нақты айтсақ, ол 1899-1901 жылдардікі. Бұл пайымға дәлел-дәйектер жеткілікті.

Оған басты дәлел – әйгілі «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңі мен «Тасдиқ» трактатының өзара тамырлас, өзектес болуы. Мәселен, бесінші шумақтың алғашқы жолы – «Махаббатпен жаратқан адамзатты». Міне, осы сөздің мәнісі трактатта көлемі екі беттей түсінікпен анықталған. Адамзаттың бәрін сүю неге керек, оның шарты қайсы? Тағы да «Тасдиқ»-тан табамыз. Өлең жолы: «Және Хақ жолы осы деп әділетті» десе, бұл сөздің мәнісін трактат: «Құдай тағаланың жолы ...нихаятсыз болады. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып, кім қадам басты, ол – таза мұсылман, толық адам» деуімен ұқтырып, ашықтап береді. Демек, екі туынды кіндіктес.

Жанама дәлелге «Абай жолы» эпопеясының «Түн-түнекте» тарауына жүгінейік. «Абай күндіз ойлана жүріп, бірнеше кеш бойы осылайша отырып жазу жазады. Күңгірт көңілден кешіп өткен ойлар күздің ақ сұрғылт бұлтындай. ...Тағы бір сағаттарда Абай ишан, имам, халфе, хазіреттермен олардың өз тілінде сөйлеседі. Олардың жер-жебіріне жете, ызалана соқтығады. «Молдалар былай тұрсын, хұсусан бұл заманның ишандарынан да бек сақ болыңыз. Олар – фитнә ғалым, бұлардан залалдан басқа ешнәрсе шықпайды...» деген жолдарды жазып, ызалы көңілі ширығып отыр еді».

Бұл үзіндіден «Тасдиқ» трактаты –  Абай өмірінің соңында жазылған ақтық туынды екеніне Мұхаң қанық болғанын аңғаруға болады. Бірақ кешегі қызыл цензура Абай өмірі соңғы кезеңінің шындығын баяндап, байыптауға мүмкіндік бермеді. Құдайшыл, сопылық жолды ұстанған Абай бейнесін сомдау жалаң аяқ шоқ басумен парапар еді.

Тоқ етері, «Тасдиқ» 1899-1901 жылдары жазылған шығарма. Амал қанша, «Алланың өзі де рас...» өлеңі 1902 жылғы, ал   «Тасдиқ» трактаты онан төрт-бес жыл бұрынғы шығарма деп шатастық. 1899-1902 жылдар аралығы Абайда бос кеңістік сияқтанып-ақ тұруы да осы қателіктің салдары.

Құр сөз болмауы үшін бір мысал алайық.  ЖЗЛ сериясынан 2008 жылы жарық көрген «Абай» атты кітаптың авторы Николай Анастасьев: «Первое свое «Слово» Абай записал в 1890 году, последнее, «Сорок пятое» – в 1897-м», – деп келеді де, әрі қарай сенер сенбесін білмеген күдігін былайша жеткізеді: «Жизни ему еще осталось семь лет, так отчего ж оборвал он эту речь, в которой запечатлелись и опыт прожитых лет, и мудрость знания, и прозрения, и иллюзии, – все?» (Аталған кітап. 336-бет).

Мәскеулік жазушы тұрмақ, өзіміздің жас ұрпақ та тап осылай: «Абайда жеті жыл бос өткені несі?» деп таң қалары сөзсіз.

Шын жағдай мүлдем басқаша болған. 1897-1902 жылдар Абай әулиелік әлеміне дендеп, өзіне Тәңірі нұр-шуағын төккенін сезінген кезі. Көп еңбектеніп, шалқыған шабытпен жүрген. Осы кездерде Абайдың қасында болған Әрхам Кәкітайұлына жүгінейік: «Абай кей түнде ұйықтамайды, шамды сөндіріп төсекке жатып қалады да, бір сағаттай уақытта шамды қайта жағып кітап оқып отырады, не қағаз жазып отырады. Аздан кейін шамды өшіріп жатып қалады, аздан кейін тағы шам жағып кітап оқып отырады».

Қорыта айтқанда, «Тасдиқат» трактатын төл атауымен атап, оның жазылған мерзімін дұрыстаудың уақыты жетті. Байқап отырсыздар, мұның аса маңызды мәселе екендігін аңдатуға тырыстық. Сөздің турасы керек, бұл – абайтану ғылымының ең үлкен проблемасы.  Ал қазіргідей уақытты созып, жасырынбақ ойнау тым қымбатқа түсетінін ескерткім келеді.

*  *  *

«Тасдиқат» кітабы қандай жағдайда жазылған, мазмұны, басты мақсаты неде? Енді осы соңғы мәселеге келейік.

Арабтың «тасдиқ» сөзі – «шындықты танып-білу», «хақиқатты бекіту» деген мағынаны білдіреді. Шәкәрім: «Шыннан өзге Құдай жоқ» дейді. Демек, Абай жазған күрделі еңбекті «Құдайды таныту» кітабы деп қабылдасақ та болады. Қолжазба кітаптың мазмұны кіріспеден, екі негізгі бөлімнен («Алла тағаланы танымақтық», «Өзін танымақтық» деген) және қосымша бөлімнен («Жақсы менен жаманды айырмақлық» деген) тұрады. Автор алдыға қойған басты мақсат – Құдай ісін, яғни хақиқатты таныту. 1898 жылдың соңында     «Сократ хакімнің сөзі» деген еңбегін Абай Жаратушы құдірет пен адам баласының қарым-қатынасына арнаған болса, енді «Тасдиқ»-та сол зор тақырыпты әрі қарай дамыта жалғастырған.

Сонымен, трактаттың әуелгі бөлімі – Алла тағаланы танымақтық.

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңіндегі бірінші сүю – Алланың махаббатының кіндігі осы бөлімде. Абайша Алла тағала бүкіл ғаламды, оның ішінде адамзатты махаббатпен жаратқан һәм сол махаббат сезім арқылы басқарады. Міне, осынау мәңгілік мәселе байыпталып, анықталып болғанда, бөлім соңында Абай: «Алла тағаланың пенделеріне салған жолы қайсы?» деген келесі әлемдік сауалды алдыға қояды.

Екінші «Өзін танымақтық» дейтін бөлімде Абай «толық адам» танымын әр қырынан кәмәлатты шеберлікпен негіздеген. Қалай негіздеді? Бұл бөлек әңгіме. Бөлім соңында кемеңгер: «Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса – өзің ниһаятлысың, ол жол Құдайдың жолы емес. ...Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – Құдайдың жолы» деп қорытады. Осылайша данышпан Алла тағаланың  бүкіл адамзатқа салған сара жолын анықтап береді. Бұлтартпас ғақли және нақли дәлелдерін «Алла жақсылық жасаушыларды ұнатады» деген аятпен  бекіткенін айта кетейік. «Патша Құдай сыйындым, Тура баста өзіңе!». Әу бастан-ақ тілеген осы тура жол ұлы ақынды ақыр соңында әлемдік ой-сана биігіне алып шықты.

Қазіргі таңда адамзат дағдарыстан шығарар түзу жол таба алмай қайран. Алаңдаулы. Қараңыз, ұлы Абай оны тапса, анықтаса, сол жолмен өзі де жүріп өтсе, онан асқан даналық я көрегендік бола ма!

Тұжыра келгенде, «Тасдиқ» – Абай әулиелік тылсымға бойлаған шақтың тамаша жемісі. Саф алтындай хакімдік еңбекті жіліктеп танып-білу, оған идеологиялық мәртебе беру – мемлекеттік маңызға ие мәселе.

Бір өкініш, кейінгі уақытта «Тасдиқ» кітабын «Китаб Тасдиқ» деп қате жазу етек алуда. Тұрағұл өзінің естелігінде «Тасдиқ» деп қысқа, ал Көкбай «Ғақлиат тасдиқат» деп толық атауымен атаған. Көшіруші молдалар құсап, трактат атауын «Китаб Тасдиқ» деп бұрмалауды доғарған жөн. Сол сияқты кешегі советтік дәуірде Жидебайды «Поэзия Меккесі» деп қабылдау қалыптасты (қазіргі киногерлер де тек Жидебайды түсіріп әуре). Бұл – әрине, жаңсақтық. Неге десеңіз, Абай поэзиясының дені Ақшоқы қыстауы, дөң басында дүниеге келген. Әйгілі Жидебай мекені  даналық ақыл-ойдың ордасы деуге лайық. Өйткені, пәлсапалық өлеңдері, қара сөздерінің басым көпшілігі, сондай-ақ, сөз болып отырған әлемдік ойдың асылы «Тасдиқ» трактаты аталмыш қыстауда дүниеге келді.

Сонымен, «Тасдиқ» трактаты – ұлттық брендіміз. Онда Абай айтқан: «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді» деген бәтуәлі сөзі өзіне де қатысты. Қазіргі таңда адамзат көші жол таба алмай адасып, дағдарысқа ұрынды. Мұны оқушы бала да біледі. Сондықтан рухани ұстазымыз Абайды ай асты әлем «пірім» деп мойындап, ерте ме, кеш пе, ол тапқан, сілтеген жолға қадам басуға мәжбүр болары хақ.

Асан Омаров

Abai.kz       

17 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3512