Жұма, 29 Наурыз 2024
Әлеумет 50716 19 пікір 23 Ақпан, 2021 сағат 13:35

Шымкенттік шенеуніктің Ресей азаматы екені дәлелденді

Бұған дейін қос азаматтығы бар азаматтың Шымкентте шенеунік болғаны хабарланған еді. Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарған Олег Почивалов Қазақстаннан бөлек Ресей Федерациясының да азаматы болған. 

Мұндай ақпарат әлеуметтік желіде өткен жылдың желтоқсан айында пайда болған. Сол кезде Олег Почиваловтың Ресей азаматы екені туралы ақпарат тарап, тіпті кейбір құжатының көшірмесі жария етілді. Онда Олег  Почиваловтың тұрғылықты жері Мәскеу екені, ал «азаматтық» бағанында «Ресей Федерациясы» деп жазылғанын көруге болады. Алайда спорт басқармасының өкілі бұл ақпаратты теріске шығарған.

Ал биыл ақпан айының басында БАҚ-та ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы әрі Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы А.Көмекбаевтың қала әкімі М.Әйтеновке жазған хатының көшірмесі жарияланды.

Онда О.Почиваловтың Ресей Федерациясы азаматты екені ресталып, соған сәйкес оның 20.01.2021 жылы Шымкент қаласы Полиция департаментіне Қазақстан Республикасы азаматтығынан айыру жәйіті тіркелгендігі жазылған.

Осыдан кейін шымкенттік шенеунік өзінде қос елдің азаматтығы бар деп ақпарат таратқан полицияның хабарламасы жалған екенін мәлімдеді. Сөйтіп полицияның әрекетін заңсыз деп тану үшін сотқа талап арыз түсірген.

Олег Почиваловтың арызы Әл-Фараби аудандық сотында қаралды. Аталған соттың судьясы Нұрғали Исмаилов басқарма басшысының Ресей Федерациясының азаматы екені толық дәлелін тапқанын айтып, оның талап арызын қанағаттандырусыз қалдырды.

«Почиваловқа қатысты азаматтық істі қарау барысында оның Ресей Федерациясының азаматтығын алғаны толық өз дәлелін тапты. Бұл ҰҚК-нің Шымкент қаласы бойынша департаментінің және де Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігінің жауаптарымен дәлелденді. Сол себепті қалалық полиция департаментінің әрекеті заңды деп сотпен шешім қабылданды. Сот шешімі бір айдан соң ғана күшіне енеді»,- деді судья Нұрғали Исмаилов.

Судья тіпті шенеунік Почиваловтың сотқа дәлел ретінде қандай да бір құжат ұсынбағанын жеткізді.

«2005 жылы Почивалов Ресей Федерациясының азаматтығын алған, 2007 жылы паспортын алған. Сол құжаттардың барлығы Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің хаттарымен өз дәлелін тапты. Екі азаматтықтың анықталуына байланысты Почиваловқа қатысты ҚР-ның азаматтығынан айыру жөнінде мәселе қойылған»,- деді судья.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында «егер мемлекеттік қызметші немесе квазимемлекеттік мекеменің басшысы қос азаматтық алса, олар қызметінен босатылады», деп мәлімдеген.

Ал Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди бұқаралық ақпарат құралдарында тек 2020 жылдың 11 айында мемлекеттік қызметшілерге қатысты екі азаматтықтың 431 фактісі анықталғанын айтқан.

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3555