Жұма, 19 Сәуір 2024
Аймақ 26670 28 пікір 20 Қаңтар, 2021 сағат 15:36

Шығыстың сөзін орысша ант берген Панченколар сөйлейді

Кешеден бері әлеуметтік желіде Семей қалалық мәслихат депутаттарының ұжымдық фотосуреті талқыланып жатыр. Мәслихат депутаттары 7-ші шақырылымның алғашқы сессиясының отырысында маскасыз суретке түскен. Демек олар карантин талаптарын өрескел бұзып, жалпыға ортақ заңды белден басты деген сөз.

Былтыр жазда елімізде коронавирустың таралуы күшейіп тұрған кезде маска тағу ресми міндеттелген. Маска тақпаған тұрғындарға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатыны айтылды. Тіпті 80 мың теңге көлеміндегі айыппұлды төлеген азаматтар да аз емес.

Мәселен өткен жылы қазан айында Алматыда маска режимін бұзған тұрғындарға 4,78 миллион теңге айыппұл салынған екен. Азаматтар маска тақпағаны үшін бір ғана қалада, 20 күнде осынша айыппұл арқалаған. Ал СҚО-да тамыз-желтоқсан айларында карантин талаптарын бұзғандарға 87,7 млн айыппұл салыныпты. Осы екі мысалдан-ақ, маскасыз жүрген азаматтардың миллиондап айыппұл төлегенін аңғаруға болады.

Тіпті кейбір шаш ал десе бас алатын тәртіп сақшылары ай далада, кең көшеде жүрген азаматтарды маска тақпағаны үшін жазалаған көрінеді.

Демек, 30-40 адамның аядай бөлмеде ара қашықтықты сақтамай, маска тақпай суретке түскені орынсыз екені анық. Ендеше, бұл депутаттарға қандай шара қолданылады? Семей қалалық мәслихатының хатшысы Бейсенбек Ақжалов: «Шамамен 30 секунд тынысымызды тартып, демалмай тұрып, суретке түстік», деп ақталыпты. Ақжаловтың жарты минут тыныс алмай тұрдық дегеніне сенгендер де, сенбегендер де бар...

Ал Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Берік Тілебалдин мұның дұрыс еместігін айтып отыр.

«Іспен айналысып жатырмыз. Мәслихат хатшысы жауап беруі тиіс. Олар бетпердені тез шешіп, тез кидік деп отыр. Бұл, әрине, дұрыс емес. Қазір әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтауымыз керек. Барлық жерде бетперде кию режимі», - дейді ол.

Карантин ережесін бұзған депутаттардың дауы жайлы айтарымыз осы. Бұл іске байланысты қандай шешім шығары қазірше белгісіз. Ел қатарлы айыппұл төлей ме, әлде «қарға қарғаның көзін шұқымайды», деп санитарлық мекемедегі әріптестері оларға кешірім бере ме алдағы уақытта анықталады.

Шығыстан шыққан депутаттарға қатысты бізді толғандырған тағы бір түйін бар. ШҚО Ресеймен де, Қытаймен де шекаралас жатқан облыс. Қазба байлығы мол, табиғаты тамаша өңір. Халық саны көп емес, әсіресе шекара аудандарда мүлде адам қалмай барады деген ақпарат бар. Оның үстіне өзге ұлт өкілдері басым, мемлекеттік тілдің аясы тар. Облыспен шектесіп жатқан екі елдің де ниеті белгілі. Жерімізге сұқтанып, елімізге үстімдік жүргізгісі келеді.

Демек, Шығыс Қазақстан облысындағы орыстанған аймақтарды жаппай қазақыландыру, шекара өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік тілдің мәртебесін жоғарылату, полигон зардаптарын жою секілді кезек күттірмейтін маңызды шаруалар бар. Мұндай маңызды мәселелер жергілікті мәслихатта, мәжілісте, сенатта жиі көтерліліп, құзырлы органдардың назарынан түспеу керек.

Бір қызығы бұл өңірден үнемі мемлекеттік тілді білмейтін азаматтар депутат болады. 2020 жылы өткен сенат сайлауында бұл облыста үш кандидат тіркелді. Олар - Ольга Булавкина, Игорь Панченко және Юрий Старокожев. Үш кандидаттың бірде-беруі қазақ ұлтынан емес. Соңында Ольга Булавкина сенат депутаты болды.

Ал биылғы мәжіліс сайлауына «Nur Otan» партиясының праймериз қорытындысы бойынша ШҚО-дан 6 адам түсті: Глазинский Алексей, Панченко Игорь, Камасова Зарина, Тумашинов Лукбек, Сарпеков Азат, Быкова Марина. Бұл тізімнен де өзге ұлт азаматтарын көріп отырмыз. Сенат сайлауында Ольга Булавкинаға есе жіберген Игорь Панченко ақыры мәжіліс депутаты атанды.

Бұған дейін Риддер қалалық мәслихатының хатшысы болған Игорь мырза мемлекеттік тілде «мәу» демейтіндер қатарынан болса керек. Өйткені 15 қаңтарда өткен ант беру рәсімінде депутат Панченко еш қысылмастан Ресей тілінде сөйледі. Бар болғаны 26 сөзден тұратын ант мәтінін қазақша жаттай алмаған Панченконың мемлекеттік тілді мүлде білмейтіні сөзсіз ғой.

Сонымен қатар мәжілісте Ирина Унжакова деген депутат бар. 1964 жылы Ресейдің Иркутск облысында дүниеге келген Ирина ханым мәжілістің VI шақырылымында да депутат болған. Бұл кісі 1997 жылы Өскемен қаласы әкімі аппаратында баспасөз хатшысы болып жұмыс істеген. Сол үшін оны мәжілістегі тағы бір ШҚО өкілі деуге болатын шығар.

Біздің айтпағымыз, мемлекеттік тілді мүлде білмейтін Панченко, Ресейде туған (КСРО кезінде болса да) Унжакова секілді депутаттар биік мінберден ШҚО-ның жоғын жоқтай ала ма? Жоғарыда біз атаған бірнеше маңызды мәселені сол өңірде туып-өскен, мемлекеттік тіл мен мемлекеттік мүддені бірінші орынға қоятын азаматтар ғана айта алар еді. Ұлы Абай туған өңірден депутат болып, халықтың сөзін сөйлейтін бір қазақ табылмағаны өкінішті...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

28 пікір