Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Бір сауал 3966 40 пікір 14 Қаңтар, 2021 сағат 16:49

ҚХП КСРО-ның 100 жылдығын тойлай ма?

Жыр болған Мәжіліс сайлауы аяқталды. Кезекті сайлаудан көпшілік үлкен жаңалық күтпесе де, кішігірім оң өзгерістер болатын шығар деп ойлаған. Бірақ ештеңе өзгерге жоқ. Мәжіліс креслосына тағы да бұрынғы үш партияның мүшелері ғана жайғасады. «Nur Otan», «Ақ жол» және «Қазақстан Халық» партиясы.

Мұндағы Қазақстан халық партиясының аты жаңа болғанымен, заты ескі. Бұрынғы «Қазақстан коммунистік халық партиясы». Мүшелері де ауысқан жоқ, идеологиясы мен ұстанымы да өзгерген жоқ, тек атауынан «коммунистік» деген сөзді алып тастай салды. Сөйтті де су жаңа атаумен мәжіліске қайта жол тартты. Бұл жолы тіпті 10 «коммунист» депутат атанып отыр. Өткен шақырылымда бұл партиядан 7 адам депутат болғанын ескерсек, көне «коммунистердің» есебі түгел екенін аңғарамыз.

Қазақ қоғамы коммунистердің парламентте отырғанына жиі наразылық білдіріп жүрді. Қазақстан секілді коммунистік жүйеден аса ауыр қысас көрген, ұлттық геноцидке ұшыраған елде коммунистік партияның болуы, әрі билікте жүруі ақылға қонбайтынын алға тартқандар көп болды. Тіпті коммунистерді Мәжіліске енді жолатпау керек екені айтылған.

Мұны аз десеңіз, 2019 жылы өткен президенттік сайлауда осы партияның атынан үміткер болған Жамбыл Ахметбеков 1.82% дауыс жинап, жеті үміткердің ішінде алтыншы орында қалған. Осы жағдайларға қарап, коммунистік партияның күні батқан болар деп топшылаған едік. Бірақ бәрі біз ойлағандай болған жоқ. Коммунистер тағы жеңіске жетті.

Қазақстан халық партиясы ҚКХП-ның ізбасары деген сөзді ойдан шығарып отырған жоқпыз. Мұны аталған партияның белді мүшесі, мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков өзі айтқан. «Партия атын өзгерткеніміз, коммунистік идеологиядан кету деген сөз емес», деп мәлімдеген осыдан екі ай бұрын. Социалистік идеяны қатаң сақтайтындарын партия төрағасы Айқын Қоңыров та айтқан.

«Қазақстан коммунистік халық партиясының» атауын ғана өзгертіп Мәжіліске өтіп кеткенін, 1991 жылы Қазақ кеңестік социалистік республикасы басшыларының партия билетін лақтыра салып, Тәуелсіз Қазақстан билігіне жайғасқанымен салыстыруға болатын шығар.

«Қазақстан коммунистік халық партиясы» қандай партия еді? 2004 жылы құрылған бұл партия ел есінде комсомолдың пәлен жылдығы, совет одағының түген күндігі деген секілді көнерген даталарда ғана бой көрсететін, елдің саяси-мәдени өміріне араласпайтын, қоғам дамуына мүлде пайдасыз партия ретінде қалған.

ҚКХП десе ойымызға оралатыны дүркіреп өткен комсомолдың 100 жылдық тойы, жыл сайынғы 9 мамыр секілді кеңестік мерекелер ғана. Осы іс-шаралардың бәрі КСРО кезіндегідей дабыралы өтетін. Өздерін кеңес одағы кезінде өмір сүріп жатқандай сезінетін коммунистер Тәуелсіз Қазақстан билігі мен халқына пысқырып та қараған емес. Ендігі сұрақ, атауын өзгерткен Қазақстан халық партиясы биыл «Бессмертный полк» пен келер жылғы КСРО-ның 100 жылдығын қалай тойлар екен?!

«Қазақстан коммунистік халық партиясы» осыдан 5 ай бұрын ғана «Тәуелсіз елдің жастары кеңестік жүйде білім алмады» деп шу шығарған болатын. «Бүгінгі оқушылар мен студенттер комсомолдар мен коммунистердің ерлігін неге оқымайды», деп Білім министріне ашық хат жазған да Қоңыров, Ахметбеков секілді мәжіліс депуттаттары болатын. Мұны аз десеңіз, дәл осы партия Бас прокуратураға хат жазып, ұлттық құндықтарды жоқтап жүрген азаматтарды «фашистер» ретінде жазалауды талап еткен. Тіпті «Халық коммунистері» нацистер мен коллаборационистерді дәріптейтін декоммунизаторларға соғыс жариялайды», деп кеңес кезіндегідей ұран да тастаған.

Міне, осындай ұстанымдағы, осындай көзқарастағы партия атауынан «коммунистік» деген сөзді алып тастай салып, Мәжіліске тағы өтіп кетсе, халық қалай таңқалмайды! Кеше ғана КСРО-ның жоғын жоқтап, сойылын соғып жүрген қызыл коммунистердің бір сәтте халықтық партия болып кеткеніне кім сенеді?

Сонымен, Қазақстан халық партиясы Парламенті Мәжілісі сайлауынан кейін жиналыс өткізіпті. Сол съезде сөз алған Ирина Смирнова деген депутат «премьер-министр біздің партиядан тағайындалса», деген үмітін жеткізіпті. Смирнова ханым «Үкімет құрамы өзгеруі керек» деген ойын айтқан. Оның бұл ойы қате демейміз, бірақ премьер-министрлікке өз партияласы Айбек Паяевті ұсынғанын қазақ қоғамы қабылдай ма?..

Себебі, бұл партияның ұстанымы мен идеологиясының қандай екені бәрімізге белгілі. Ұсыныс иесі Смирнованың өзі бір кездері «Русский мирден жырақтап барамыз» деп шыр-пыр болған. Демек «Русский мирге» жақын, коммунистік көзқарастағы партия өкілі «Рухани жаңғыру» жолындағы Тәуелсіз елдің үкімет тізгінін қалай ұстайды?!

Біздің мақсатымыз, Мәжіліске өткен Қазақстан халық партиясын аяқтан шалып, шаужайына жармасу емес. Қайта халық партиясы атанған ұжым бұрынғы коммунистік көзқарастан бас тартса деген үмітімізді жеткізу. Егер бұрынғы ҚКХП-ның жолымен жүрсе, ат ауыстырғанның еш пайдасы жоқ. Жоғарыда жазғанымыздай, ҚХП алдағы уақытта КСРО-дан қалған көне мереке-мейрамды тойлап, жастарға коммунистік идеяларды үгіттемесе дейміз. Декоммунизация жолына шындап түскенде ғана, нағыз халық партиясы болатындарын түсінгені жөн...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

40 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2249
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3499