Жұма, 19 Сәуір 2024
Ғылым-білім 12740 20 пікір 13 Қаңтар, 2021 сағат 14:55

Қазақ мектебіне қандай өзгеріс керек?

Білім және ғылым министрі А.Қ.Аймағамбетов мырзаға:

Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу.
- Қ.К.Тоқаев

Президентіміз күздегі «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет», деген тың бастамасын «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы арқылы бекемдей түсті. Алайда бастаманы кім және қалай қалыптастырады, деген сұрақ кімді де болса, ойландырады. Ғылым-білім саласының маманы тұрғысынан менің пайымым: оны тәрбие мен білім қалыптастырады. Анығын айтқанда, мектеп және оның жүрегі саналатын мұғалімдер қалыптастырады.

Ал саяси реформалар сол мақсатқа жетудің жолын аршып, жеңілдетеді. Сауатты саяси реформалар жасалғанымен, ұлттық қоғамдық сана мен мемлекетшіл мүдде оянбаса, оның нәтижесі шамалы. Бұлардың қалыптасуы үшін уақыт керек. Қазақта: «Елу жылда ел жаңа» деген аталы сөз бар. Демек, жаңаша сана-түсініктегі ұрпақ өсіп-жетілуі заман талабы болмақ. Ал ол ұрпақтар қазір мектепте. Бірақ, мектеп ел болып күткен үмітті ақтайтындай тәрбие мен білім беріп жатқанына қоғам күдікпен қарайды. Оның себебін басқа емес, мына екі маңызды фактордан қарастырсақ та жеткілікті. Өз-өзіне қол жұмсау мен некеден ажырасу көрсеткіші бойынша.

Мысалы, Дүниежүзілік денсаулықты сақтау ұйымының мәліметінше, біздің ел суицид жасаудан әлемде 3-орында, Орталық Азия бойынша көш басшы екен. Ал некеден ажырасу бойынша әлемнің алдыңғы ондығына, мұсылман елдері бойынша көш басында. Психологтар суицидтің жастар арасында әсіресе, 14-17 жас арасында жоғары екенін және оның басты себебі әлеуметтік қолайсыздық, жұмыссыздық, жалғыздық және қоғамнан жат болу және кездескен мәселелерін шеше алмау шарасыздығы деп түсіндіреді. Әрі баланы 5 жастан бастап суицид жасаудан сақтандыру шараларын ұйымдастыра білуді ата-ана, мектеп және тұтас қоғамнан өтінеді. Қарап отырсаңыз бұның бәрі мектеп және балабақша қабырғасындағы кезеңмен тұспа-түс келеді.  Міне, бұл білім беру саласында аса ауқымды рухани өзгерістер жасаудың қажеттілігін түсіндіреді. Онда не істеу қажет, деген сұрақ туындайды.  Менің ұсынысым мыналар:

Бастысы, «Бір Аллаға сыйынып, кел балалар оқылық», идеясын жалпыластыру қажет. Кешегі Құдайсыз кеңестер одағы дінді терістеді. Біз соның ықпалынан әлі шыға алмай келеміз. Жақындарымыз өмірден өтсе, неке қисақ исламдық шариғат үкіміне бойұсынамыз. Басымызға қиындық түссе, Құдайдан жарылқау тілейміз. Сүйте тұра, ұрпақтарымызға, мектеп қабырқасында рухани дүниетанымнан сабақ бермейміз. Әл-Фараби бабамыздың: «Тәрбиесіз берген білім адамзатқа қауіпті», деген сөзін бәріміз білеміз, бірақ, көңіл бөлмей келеміз. Суицид те, ерте жастан түсік жасату да, некенің адалдығын сақтамау да, боқауыз сөз бен ұрлық-қарлық та, әлімжеттілік те бәрі-бәрі рухани тәрбие тұнығынына, ұлттық құндылықтарға мән бермеуден бастау алып жатқан қасіреттер.  Сол үшін министрлік мектеп пәндеріне рухани құндылы туралы жаңа пән енгізу жағын және «Әдебиет», «Қазақ тілі», «Тарих», «Дінтану» секілді пәндерге ұлттық құндылықтарды барынша сіңіру жағын ойласқаны жөн. Сондай-ақ оқушылардың тәрбие ісін мерекелік науқандармен ғана байланыстырмау керектігін барша мектептеп талап еткені жөн.

Екіншіден, «тағайындауларды» талқандауымыз керек. Бізде қалыптасқан «дәстүр» бойынша кез-келген басшы жоғарының тағайындауымен қызметке келеді. Өркениетті елдерде олар қызметке арнаулы дамыту жоспарын жасап, жұрт алдында өз ұстанымын дәлелдеп, конкурс арқылы келеді. Сол жоспарын орындауға барын салады. Орындай алмаса, кезекті реткі конкурста орнын басқа жеңімпазға беруге тиісті болады.  Ал бізде кез-келген лауазымды қызметке келген адамның көпшілігінде ұжымды дамыту туралы нақты жоспары болмайды, ел алдында өз ойын қорғап та әуре болмайды. Оның өз жоспары мен мақсаты болмағандықтан, жоғарының жоспарын орындауға тырысатыны сол.

Мектеп басшыларын тағайындаудан азат етуде және конкурстың әділ, бәсекелі болуы үшін, мына 3 нәрсені істеу қажет:

- Қазіргі кезде лауазымды жұмыста отырған адамды (мектеп директорын) уақытша болса да, қызметінен шектете тұрған жөн;

- Конкурсқа тек, 30 -45 жас арасындағы азаматтарды қатыстыру тиімді;

- Үміткерлердің ғылыми дәрежесі мен атағына мән беру маңызды емес.

Енді осыларды тарқатып көрейік.

Неге мектеп директорын және оның орынбасарларын уақытша қызметтен шектетеміз? Себебі, мектепті «монополиялап» алған (өзінің ауылдасы, туыс-туғаны, дос-жараны, құда-жегжаты т.б. арқылы) директорлар бар екені жасырын емес. Сондықтан олай істемей әділ конкурс өткізу қиын.

Неге 30-45 жасты айтамыз? Олар жас, батыл, жаңа идеяның өкілдері. Адам баласының жаратылысы солай, жасы 40-тан асқан соң денсаулығы сыр бере бастайды. Сондықтан 40-тан асқан адамадардың білімі мен тәжірибесін барынша пайдалану үшін әкімшілік жұмыстан босату керек.

Неге ғылыми дәрежені ескермейміз? Себебі, ғылыми дәреже ғылыми еңбегі үшін берілген, мансабы үшін берілмеген. Елімізде президент болу үшін жоғары білім талап етіледі, бірақ оның ғылым докторы немесе кандидат болуының қажеті жоқ. Алайда білім саласында басшы болу үшін ғылыми атақ керек. Бұл да бір парадокс. Бір қызығы біздің елде ғылымға қатысы шамалы шенді-шекпенділер мен халық қалаулыларының ғылыми атаққа құштарлығы басым. Солардың есіне салғым келеді: Атақ алу оңай, (әркім әртүрлі жолмен алуы мүмкін). Мәселе - сол атақты қалай ақтай білуде. Атақ сені қорғамайды, сен атақты үнемі ғылыми еңбегің арқылы қорғауға мідеттісің. Олай болмаса, атақ сені қорғамайды, «қорлайды», ұятына қалдырады.

Үшіншіден, мұғалімдердің санасын азат ету керек. Кезінде Қытайдың нарықтық экономикасын әлемдік деңгейге көтерген реформатор Дэн Сяопин: (дұрысы Дың Шияупиң -Deng Xiaoping. Қ.С.) «Реформа жасау үшін алдымен саналарыңды қатып қалған көзқарастан азат етіңдер», деген еді халқына. Біздің жүйе оқытушыларға білімі болғанымен, таным-түсінігі басшылыққа байланып қалған, басшының ақылды-ақылсыз пәрменін орындауға үйренген басыбайлы санаға ие етті. Онсыз да реформалардан басы айналған, қағазбастылықтан қаны қарайған, аз жалақысын жеткізе алмай есі шыққан, әміршіл-әкімшіл жүйенің мән-мағынасыз іс-қимылынан шаршаған, сабақ оқымайтын оқушылар мен олардың алкеуде ата-аналарынан қажыған бір сөзбен айтқанда жүйкесі әбден жұқарып, тозған мұғалімдер ел күткен білім мен тәрбиені бере алады ма? Бұл ащы да болса шынайы сұрақ.

Пезидент «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында: «Мәселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада», деп текке айтып отырған жоқ. Біз санамызды нарықтық, демократиялық, ашық, азат ойға бағыттамай ешқашан ел болып биікке шыға алмаймыз.

Одан қалай арылуға болады? Ол үшін мына екі нәрсені істеуіміз қажет.

-Басшылыққа өзі жас, өзінің алға қойған мақсаты мен жоспары бар жаңа адам келуі тиіс;

- Мұғалімдердің зейнеткерлік жасын өзге кәсіптеге адамдардан бөлекше қарастыру керек. 

Енді осы екі мәселеге тоқталып көрейік. Жас басшы конкурс арқылы келгендіктен өзінің мектепті дамыту жоспары, мақсаты болады. Айналасына өзі секілді жас, өзіне сүйеу болатын мықты қызметкерлерді жинайды. Батыл әрі еркін іс-қимыл жасайды. Оның осы жаңашыл ойы мен жігерлі әрекеті, өткір сөзі мұғалімдердің басыбайлы санасын азат етуге жеткілікті. Себебі, оқытушылардың да бір жаңалықты күтіп жүргені рас.

Ал неге зейнеткерлікке оқытушылар ерте шығуы тиіс? Қажыған, қалжыраған адам ізденіс жасап, білім беріп жарытпайды. Көрші Қытай елінде мектепте жасы 45-тен асқан адамды таппайсыз. Бәрі жастасып кеткен. Жас адам оқушылармен де тез тіл табысып кетеді. Оның үстіне жас мамандарды да жұмыспен қамтуда мүмкіндік молаяды. Қытайда екі түрлі зейнеткерлік жүйе жұмыс істейді. Бірі мемлекеттік жүйе - кәдімгі зейнет жасына келіп, зейнетке шығу. Екіншісі - ішкі зейнеткерлік. Бұл мекеменің өз ішіндегі зейнеткерлік. Мысалы, мектеп оқытушысы денсаулығына байланысты 45 жастан соң зейнетке шығуына болады. Өз орынын жас маманға береді де ақылшы, кеңесші болып жүріп, уақыты келгенде, мемлекеттік зейнетке шыға алады. Осы кезеңде оның айлығы сақталады. Сол үшін біздің елде зейнет жасына қатысты жаңа реформа мұғалімдер үшін басқаша қарастырылуы қажет. Нақты айтқанда, зейнеткерлік жас әйел мұғалімдер үшін 55, ер мұғалімдер үшін 60 жас болуы тиіс. Егер өз денсаулығына байланысты еркімен жұмыстан ерте зейнетке шыққысы келсе, 50 жастан асқан кез-келген оқытушыға сондай мүмкіндік берсе құба-құп. Алайда зейнет ақысы жеткілікті болуы дәрігерлік және басқа да әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылуы тиіс. «Еңбек күші жетіспейді» деу мұғалімдер үшін шындыққа жанаспайды, себебі педагогика мамандығын бітірсе де мектептен орын таппай өзге салада жұмыс істеп жүрген шәкірттеріміз қаншама?.

Төртіншіден, білім алушыларды баға емес, болашақ үшін оқуға баулу қажет. Еліміз мектептерінде оқушылар бейне баға үшін оқып жүргендей көрінеді. Олардың оқытушылары да, ата-аналары да, тіпті мектеп басшылары да бағаға бек мән береді. Мұғалімдер өзара бір-бірінен оқушыларының бағасын көтермелеп қоюды сұраса, ата-аналар да пән мұғалімдерінен баласына жақсы баға қоюды сұранады. Мектеп басшылығы да өз рейтингісінің жоғары болуы үшін соны қалайды. Осы арқылы біз өз ұрпағымызды жасандылыққа, жалқаулыққа үйретіп отырмыз. Осындай ортада өскен оқушы жоғары оқу орнына барған соң да дұрыстап оқымай, сабақтан қашқақтайды, сөйте тұра төмен баға алғысы келмейтін болады. Осы қарқынмен магистр, докторант болып шығады. Сол әдетімен білім деңгейіне қарамастан жоғары бағаға сұранады.

Қорытып айтқанда, мемлекет болашағы білімді, тәрбиелі, ұлт жанды жастар мен өспірімдерде дайындау. Бұл президенттің «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу», деген үндеуіне сай келеді. Жастардың болашақ тағдыры мектепте, оқытушыларда. Ал оқытушының тағдыры тікелей мектеп басшысының парасаттылығы мен мемлекетшілдік ұстанымына тығыз байланысты. Мектеп - адамның саналы өмірінің ірге тасы. Ол дұрыс болмай басқасы оңға баспайды. Басшылық сапалы болмай, мұғалімді сапалы ету, мұғалім сапалы болмай, заманына сай, сапалы оқушы тәрбиелеу мүмкін емес. Алайда, қазіргі кезде де жақсы істеп, мектебін, оқу орнын алға сүйреп жүрген басшылар бар. Оларды көріп, естіп жүрміз. Десе де, жасы 45-тен асса, ол кісілерді де жауапты қызметтен босатып, білім берумен айналсуына жағдай жасалғаны жөн. Басшыларды орын-тақпен бірге туылғандай көңіл-күйден қалайда азат ету бүгінгі қазақ қоғамының ең өзекті талабы.

Қастер Сарқытқан

Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушысы

Abai.kz

20 пікір