Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3554 0 пікір 22 Ақпан, 2012 сағат 10:45

Ашық хат: Интернет исі қазақтың игілігіне айналуы тиіс

Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік хатшысы
М.А.Құл-Мұхаммедке

Құрметті Мұхтар Абрарұлы!

Бүгінгі күні ғаламтор жаһандық ынтымақтастықтың, ақпарат алу мен таратудың ең жылдам және әмбебап құралына айналды. Ғаламтор дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының басын қосып, жаңа медиа алаңында тоғыстыратын, әлемнің қай жерінде жүрсең де өзіңе қажетті ақпаратты тауып алуға, дос-жараныңнан қол үзбеуге мүмкіндік беретін ғажайып үрдіске әрі технологияға айналды.

Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік хатшысы
М.А.Құл-Мұхаммедке

Құрметті Мұхтар Абрарұлы!

Бүгінгі күні ғаламтор жаһандық ынтымақтастықтың, ақпарат алу мен таратудың ең жылдам және әмбебап құралына айналды. Ғаламтор дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының басын қосып, жаңа медиа алаңында тоғыстыратын, әлемнің қай жерінде жүрсең де өзіңе қажетті ақпаратты тауып алуға, дос-жараныңнан қол үзбеуге мүмкіндік беретін ғажайып үрдіске әрі технологияға айналды.

Соңғы жылдардағы заманауи технологиялардың дамуы, Қазақстандағы тұтынушылардың саны мен сапасының өсуі, әлеуметтік байланыс құралдарының қала асып, ауыл-ауылға жете бастауы - еліміздегі қазақтілді интернеттің, ана тіліміздегі веб-ресурстардың қарқынды түрде көбеюіне ықпал етіп  отыр. Мемлекет пен қоғамның біріккен іс-қимылдарының, жеке азаматтардың өзіндік белсенділігінің арқасында ғаламторда саясат, бизнес, мәдениет, ақпарат, спорт саласына қатысты көптеген веб-сайттар пайда болды. Аталған веб-сайттардағы ақпараттардың, яғни контенттің саны да күн санап артып, сапалық тұрғыдан дамып келеді.

Әрине, жоғарыда айтылғандардың барлығы да жақсы жаңалық, көңіл қуантарлық жайт. Дей тұрғанмен, қазақтілді ақпараттық кеңістікті дамытып, оны алдыңғы қатарлы мемлекеттер мен ұлттардың игілігіндегі ақпараттық кеңістіктің деңгейіне жеткізу - «елім, жерім» деген әрбір ойлы азаматтың міндеті мен борышы деп санаймыз. Мәселеге осы тұрғыдан зер салсақ, біз де қадари-қалімізше еңбектеніп жатқанға ұқсаймыз. Бірақ, қазақ веб-ресурстарының саны мен сапасын жаңа деңгейге көтеру үшін әлі де көптеген жұмыстарды тыңғылықты түрде жүргізу қажет болып тұр. Жақында ғана өткен үлкен алқалы жиындардың бірінде Өзіңіз де «бірлесе отырып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын» уақыт жетті», - деген едіңіз. Сол бірлікті, ортақ мақсатқа жұмыла жұмыс істеуді нысанаға алып Сіздің қарауыңызға төмендегідей нақты ұсыныс жасағанды жөн көрдік.

Жалпы алғанда бүгінгі күні елімізде 148 мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орыны бар. Олардың басым көпшілігі Білім және ғылым министрлігі арқылы қаржыландырылады. Осы ЖОО-ның басым көпшілігі (біздің есебіміз бойынша 35-і) ұлтымызға айрықша еңбегі сіңген тарихи тұлғалардың  атында (тізімі қоса беріліп отыр) екен. Әрбір университет пен институт қолынан келгенше сол Алаш ардақтыларының атын әйгілеп, даңқын арттырып жүр. Бұл - сөзсіз жақсы үрдіс.

Ендігі кезекте беделді білім ордаларының ректорлары қолда бар мүмкіндіктерін (базалық, мұрағаттық, т.б.) пайдаланып, студент жастардың ұйымдарымен біріге отырып, өздеріне «тиесілі» тарихи тұлғаларға қатысты бөлек-бөлек веб-сайт жасап шығарса дейміз. Себебі, өкінішке қарай, біз тарихи тұлғаларымызға қатысты құнды дерекетерді интернеттен әлі күнге дейін таба алмай келеміз. Мысалы, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті «www.ilias.kz», Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «www.zhurgenov.kz» атты веб-ресурстарды жасаса, студенттер мен талапкерлер үшін, жалпы көзіқарақты жұрт үшін қандай иігілікті іс болар еді! Бұған, пайымдауымызша, аса үлкен қаржының да қажеті жоқ. Біріншіден, бұл - аруаққа жағымды, рухани, имани шаруа. Екіншіден, бұл - әрбір білім ордасының, онда істеп жүрген мұғалімдер мен студенттердің азаматтық, адами борышы. Осының бәрін аз уақытта тиянақтап іске асыру үшін, біздің ойымызша, Сіздің Білім және ғылым министрлігіне беретін арнайы хат-ұсынысыңыз  жетіп жатыр.

Құрметті, Мемлекеттік хатшы мырза!
ЖОО-ның веб-сайттарын ашу арқылы шамамен төмендегідей мәселелерді шешуге болады:

а) еліміздің ақпараттық кеңістігі кем дегенде қырыққа жуық жаңа тарихи-мәдени веб-сайтқа байиды. Байқап отырсақ, әлемнің барлық елдерінде өз ұлтының ардақтыларына деген бүгінгі құрмет, тағзым арнайы веб-сайттар ашып, ұлы тұлғалардың ұлағатты істерін, жасампаздығын жас ұрпақтың зердесіне салудан басталып жатыр. Егер біздің тарихи тұлғаларымыздың өмір-баяны, еңбектері, фотолары барлығы жиналып, ЖОО-ның жеке веб-сайттарының контент қорына еніп жатса, бірден әлемдік ақпарттық-ғылыми айналымға түседі.

б) қазақ тұтынушылары мен Қазақстанды жақынырақ танығысы келетін жұрт  отыздан астам толыққанды, көпшілікке ортақ, бірнеше тілдегі ғылыми-танымдық веб-ресуртарға ие болады. Сол веб-сайттарды жасауды, күнделікті ізденіс арқылы толықтырып тұруды ЖОО-ның студенттері мен ізденушілеріне, белгілі ғалымдар мен оқытушыларға тапсыратын болсақ, бұл қандай білім ордасына болмасын қызығушылықты арттырады. Бұндай ізденістер сол университетте не институтта оқып жүрген әрбір студенттің өз шаңырағына деген құрметін, мақтаныш сезімін қалыптастырады. Осындай жобаларға араласуы, сайттарға салынатын ақпараттарды іздеуі, теруі, жинақтауы  студенттердің білімі мен білігін еселеп, интернет-технологияларды меңгеруіне алып келеді. Әлгіндей ізденістер барысында білім ордасы мен Алаш ардақтыларының артында қалған ұрпақпен қарым-қатынас артады. Осы жобаны іске асыру барысында ЖОО-ның арасында, студент жастардың ортасында белгілі бір дәрежедегі жарыс, бәсекелестік те артады. Бұл - қазақтілді веб-сайттарды дамуға бастайтын бәсекелестік деген сөз. Бұның өзі қазақтілді интернеттің технологиялық тұрғыдан өсуіне де көмек болмақ.

Құрметті Мұхтар Абрарұлы!

Біздің қазақ интернетін дамыту бойынша нақты ұсыныстарымыздың бірі -осы. Егер біздің ұсынысымызды мақұлдап, Білім және ғылым министрлігіне тапсырар болсаңыз, өз тарапымыздан ЖОО-ына ақпараттық, әдістемелік және басқа да көмегімізді көрсетуге әзірміз.

Құрметпен,
«Ұлы Дала» қозғалысының жетекшісі Айдос Сарым

««Абай-ақпарат» қазақ интернет кеңістігін дамыту»
қорының президенті Дәурен Қуат

Қосымша

Жоғары оқу орындары
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті 
Т.Қ.  Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті
Жубанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті
Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясы
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті 
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті        
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік  педагогикалық институты
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті
М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы
Т. Рысқұлов атындағы Қазақ  экономикалық университеті
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті
Ө.А.Байқоныров атындағы Жезқазған университеті
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті
Д.А.Қонаев атындағы университеті
Ө.А.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясы

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3559