Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4261 0 пікір 22 Ақпан, 2012 сағат 06:26

Нұрлан Дулатбеков. Жансұлтан Сейдалин

Қазақ халқының елім деп еңіреген ерлерден кенде болмағандығы сан ғасырлық тарихымыздан белгілі. Демек, қай кезеңде де жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар шыққан арыстар қалың бұқарадан көзге оқшау түсіп отырған. Әріге бармай-ақ кешегі Алаш қозғалысына белсене араласып, ел мұңын жоқтаған, туған халқының келешегі үшін отқа да, суға да түсіп, басын бәйгеге тіккен арыстар - осының айғағы. Сондықтан олардың жүріп өткен жолы мен атқарған ерен еңбектеріне оң баға беріп, келер ұрпаққа өнеге ету - қазіргі тәуелсіз Қазақстандағы әрбір қазақ азаматының елдік пен ерлікке, өрлікке насихаттайтын қасиетті борышы. Сол бір Алаш ардақтыларының қай-қайсысының да заманында барынша білімге ұмтылып, мыңның жүгін арқалағандағы мақсаты біреу ғана еді. Ел игілігі үшін ортақ мүддеден туған ол мақсат қазақ халқының дербестігі, көштен қалмай, ешкімнің боданында болмай бір ту астына бас біріктіріп, бір ғана ұранмен алға жылжу, өсіп-өркендеу еді. Алайда оған қол жеткізу оңайға түспегенін баршамыз білеміз: талай құрбан талап етіп, талай ұрпақтың ауысуынан соң ғана келді. Ұлт зиялылары бас болған қазақ халқы бұл күнге дейін талай қиын-қыстау жылдарды өткізіп, талай тар жол, тайғақ кешуге тап болды. Сол боздақтардың арман-тілектері орындалғанына қазірде жиырма жыл толып отыр. Ол күн жалғыз қазақ ұлтының ғана емес, барша қазақстандықтар үшін ұлы қуаныш болды.

Қазақ халқының елім деп еңіреген ерлерден кенде болмағандығы сан ғасырлық тарихымыздан белгілі. Демек, қай кезеңде де жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар шыққан арыстар қалың бұқарадан көзге оқшау түсіп отырған. Әріге бармай-ақ кешегі Алаш қозғалысына белсене араласып, ел мұңын жоқтаған, туған халқының келешегі үшін отқа да, суға да түсіп, басын бәйгеге тіккен арыстар - осының айғағы. Сондықтан олардың жүріп өткен жолы мен атқарған ерен еңбектеріне оң баға беріп, келер ұрпаққа өнеге ету - қазіргі тәуелсіз Қазақстандағы әрбір қазақ азаматының елдік пен ерлікке, өрлікке насихаттайтын қасиетті борышы. Сол бір Алаш ардақтыларының қай-қайсысының да заманында барынша білімге ұмтылып, мыңның жүгін арқалағандағы мақсаты біреу ғана еді. Ел игілігі үшін ортақ мүддеден туған ол мақсат қазақ халқының дербестігі, көштен қалмай, ешкімнің боданында болмай бір ту астына бас біріктіріп, бір ғана ұранмен алға жылжу, өсіп-өркендеу еді. Алайда оған қол жеткізу оңайға түспегенін баршамыз білеміз: талай құрбан талап етіп, талай ұрпақтың ауысуынан соң ғана келді. Ұлт зиялылары бас болған қазақ халқы бұл күнге дейін талай қиын-қыстау жылдарды өткізіп, талай тар жол, тайғақ кешуге тап болды. Сол боздақтардың арман-тілектері орындалғанына қазірде жиырма жыл толып отыр. Ол күн жалғыз қазақ ұлтының ғана емес, барша қазақстандықтар үшін ұлы қуаныш болды. Ендігі жерде қазіргі аға буынның міндеті - осы тәуелсіздік тұғырын биіктетіп, керегесін онан әрі бекіте түсу. Бұл үшін, әрине, ұрпақ санасына ұлттық рух пен тектілік ұрығын дарытудың маңызы орасан. Ал ұлттық рух, сонымен бірге отансүйгіштік, халқына адалдық сынды қасиеттер, сөз жоқ, тарих тәжірибесінен алынады. Осы ретте Алаш ардақтылары, идеялары, оған түрткі болған себептер - бәрі жас буынның санасында өзара тұтастықта ұялауы тиіс. Тарих парақтарының тәлімді тұстарын ұлт игілігіне жарату ісі осыдан бастау алса керек.

Сонымен, қазіргі уақытта және еліміз тәуелсіз алғаннан бері Алаш зиялыларының идеялары жайлы қыруар жұмыс атқарылып, ізденіс жүргізіліп келеді, мұнан әрі жалғаса да беретін болады. Ең бастысы, солардың әрбірінің де маңызы үлкен. Мәселеге осы қырынан келгенде, Алаш қозғалысының белсенді (анығында, бәрі де белсенді) мүшелері болған атақты Сейдалиндер әулетінің тарихы мен тағылымды істерін зерттеудің де берері мол.

Осы бағытта Алаш тарихын зерттеп жүрген біздер тың деректер іздестіру мақсатында ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында ұлт зиялылары оқыған Санкт-Петербург университетіне арнайы ат ізін салдық. Университет президенті Людмила Алексеевна Вербицкаямен (фотосуретте, 2011 жылдың тамызы)сталиндік террор құрбандары жайлы зерттеу жұмыстарымыздың барысында бұған дейін таныс едік. Бастамамызға оң баға берген Л.А.Вербицкая мұрағат қорындағы қажетті қорларды алдымызға жайып салды. Осылайша Алаш ұлдарына қатысты - айталық, ХІХ ғасырдағы қуатты толқын Б.Құлманов, А.Тұрлыбаев, Ж.Ақбаев, Б.Сырттанов, Р.Мәрсеков, Б.Қаратаев, М.Шоқай және тағы да басқаларға қатысты - материалдарға қол жеткізуімізге мүмкіндік туды.

Аталған университетке білім іздей барып, оқып-тоқыған ел ағаларына байланысты алынған тың деректерді рухани мұра ретінде жүйе-жүйесімен қалың оқырманға ұсына отыруды жөн көрген біздер осыған дейін Райымжан Мәрсеков, Жақып Ақбаев, Жиһанша Сейдалиндер туралы кезек күттірмес материалдарды жариялап үлгердік. Бұл жолғы ізденісіміз Жансұлтан Сейдалинге арналды.

Тарихта қазақ халқының кемеңгер ұлдары ретінде қалған Сейдалиндер әулетінен өнген ұрпақтың ұлт мүддесі үшін барын салып, аянбай еңбек еткенін, нар жүгін арқалағанын қазірде әркім біле бермейді. Сол тарландар өмір сүрген кешегі кезең мен қазіргінің арасындағы уақыт тым ұзап кете қоймағанмен, олар жайлы деректің барынша көмескі тартып бара жатқандығы жасырын емес. Сондықтан «тарихтан - тағылым» деген қағиданы басшылыққа ала отырып, Кіші жүз ханы болған Нұралыдан туатын Сейдалының Төрежан атты баласынан тарайтын бір ғана бұтақ (Төрежан - Шуақ - Жансұлтан), яғни немересі Жансұлтанның қайраткерлік болмысын Алаш зиялылары турасындағы жарияланымдардың қатарында өз алдына жеке тақырыпқа өзек болады деп есептейміз.

Жансұлтаннан Аббас, Сапаржан есімді ұлдар туады. Жансұлтан Қазан университетінде, ал ұлдары Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде оқыған.
Санкт-Петербург университетінде Троицк Өлкелік Сотының мүшесі, Алқа Кеңесшісі Жансұлтан Шуақұлы Сейдалиннің қызметі жайлы (бұл құжат Жансұлтанның ұлы Аббастың оқу орны үшін берілген) 1900 жылдың 13 мамырында құрастырылған №3995 формулярлық тізімі қалған екен. Бұл құжат Жансұлтанның қызмет жолы туралы біршама нақты деректер бере алады. Онда аты-жөні мен туған жылы, жері, шені, қызметі, діни сенімі мен ерекше белгілері және жылдық жалақысы туралы мынадай мәліметтер бар: «Алқа Кеңесшісі, Троицк Өлкелік Сотының мүшесі Жансұлтан Шуақұлы Сейдалин 1859 жылдың қазан айында Торғай облысында дүниеге келген, қырғыз; мұсылман дінінде, Қасиетті Станиславтың ІІІ дәрежелі ордені және Император ІІІ Александрдың Қасиетті тәж кию құрметіне алған қоңыр қола медалі, Император ІІІ Александрдың патшалық құру құрметіне алған күміс медалі бар; жылдық жалақысы: жалақы - 1200 рубль, асханаға - 500 рубль, пәтерге - 500 рубль, барлығы - 2200 рубль», - деп көрсетіліп, тәрбиеленген және толық ғылымдар курсын алған оқу орны, қызметке түскен уақыты, қандай шенде, қандай қызметпен өтті, қызмет барысында ерекше әрекеттері мен артықшылықтары болмады ма, шен алудан басқа ерекше наградталған тұсы бар ма деген бағана келесідей мәліметтермен толықтырылған: «Қазан Императорлық Университеті заң факультетінің ғылымдар курсын тәмамдап, 1882 жылдың 2 қарашасында Ішкі Істер Министрлігінің №33 бұйрығымен Толық студент деген атақ берілді, 1882 жылдың 27 қазанында Министрлікке қабылданып, Земство Бөліміне сабаққа іссапарға жіберілді.

1883 жылдың 12 ақпанында барлық құқықтары мен басымдықтары бар Кандидат атағы бекітіліп, 1883 жылдың 1 наурызында осыған қатысты №195 дипломы берілді.
Императорлық дәрежелі Қасиетті тәж кию рәсіміне орай дала облыстары мен ішкі ордадан келген қырғыз депутаттар жанындағы аудармашы ретінде қызметтік міндет бойынша 1883 жылдың 20 сәуірінде Мәскеу қаласына іссапарға жіберілді.

Өте жақсы ынтамен атқарған қызметі үшін 1883 жылдың 1 маусымында Қасиетті Станиславтың ІІІ дәрежелі орденімен Аса жоғары деңгейде наградталды.
1883 жылдың маусым айында Императорлық дәрежелі Қасиетті тәж киюдің құрметіне Александр лентасындағы қоңыр қола медалін алды.
1883 жылдың 12 ақпанында берілген Кандидат дәрежесіне орай Герольдия Департаменті бойынша Үкімет Сенатының 1883 жылдың 11 тамызындағы №3421 жарлығымен Алқа Хатшысы шеніне бекітілді.

Дала Генерал-Губенаторлығының №10 бұйрығымен 1885 жылдың 12 қаңтарында Генерал-Губернаторлығының ерекше тапсырмаларын орындайтын шенеуніктің міндеттерін атқарушы ретінде тағайындалды.

Өлкені шолып шығуға барған сапарында Генерал-Губернатор құрған жол кеңсесіне дәл осындай №58 бұйрықпен 1985 жылдың 31 мамырында Бастық боп тағайындалды.
Дала Генерал-Губенаторлығының 1885 жылдың 25 қарашасындағы №107 бұйрығымен Қапал Уезі Судьясының қызметін уақытша атқару үшін іссапарға жіберілді.
1985 жылдың 31 желтоқсанындағы дәл осындай №113 бұйрықпен Қапал Уезінің Судьясы болып тағайындалды.
Жетісу облысы Әскери Губернаторының 1886 жылдың 20 наурызындағы №53 бұйрығымен сол уақытта жиналып қалған тергеу істерін қарау үшін 1886 жылдың 1 мамырында Сергиополь уезіне 6 айға іссапарға жіберілді.
Үкімет Сенатының 1886 жылдың 10 маусымындағы №59 жарлығымен еңбек сіңірген жылдары үшін 1885 жылдың 12 ақпанында Лауазымды Кеңесшілікке жоғарылатылды.*
Әділет Министрлігі ведомствосының 1889 жылдың 9 қаңтарындағы №1 бұйрығымен Ақмола Уездік Судья қызметіне ауыстырылды.
Үкімет Сенатының 1889 жылдың 9 наурызындағы №1228 жарлығымен еңбек сіңірген жылдары үшін 1888 жылдың 12 ақпанында Алқа Асессорлығына жоғарылатылды.*
Әділет Министрлігі ведомствосының 1890 жылдың 24 қазанындағы №51 бұйрығымен Уфа Губерниялық Прокурорының Жолдасы боп тағайындалды.
Герольдия Департаменті бойынша Үкімет Сенатының 1893 жылдың 25 ақпанындағы №35 жарлығымен еңбек сіңірген жылдары үшін 1892 жылдың 12 ақпанында Сарай Кеңесшісі болып жоғарылатылды.*

Әділет Министрлігі ведомствосының 1894 жылдың 14 сәуіріндегі №19 бұйрығымен 1894 жылдың 22 маусымында Уфа Өлкелік Сотының Тергеушісі боп тағайындалды.
Әділет Министрлігі ведомствосының 1894 жылдың 30 маусымындағы №30 бұйрығымен Сот Тергеушілері учаскелерге бөлініп, Златоуст уезі №2 учаскесінің Сот Тергеушісі боп тағайындалды.

1896 жылдың 26 ақпанында Император ІІІ Александрдың Патшалық құру құрметіне күміс медаль алды.
Азаматтық ведомствоның 1897 жылдың 7 тамызындағы Жоғары дәрежелі №63 бұйрығымен еңбек сіңірген жылдары үшін 1896 жылдың 12 ақпанында Алқа Кеңесшісі болып жоғарылатылды.*

Азаматтық ведомствоның 1899 жылдың 1 мамырындағы Жоғары дәрежелі №28 бұйрығымен Троицк Өлкелік сотының Мүшесі боп тағайындалды» (Санкт-Петербург ОМТМ. Қор.14. Тіз.3. Іс.64558. парақ.11-16. Ескерту:*мұрағаттағы құжатта көрсетілген мерзімдер өзара сәйкес емес, дегенмен түпнұсқа ретінде өзгеріссіз бердік. - Н.Д.).
Сондай-ақ осы құжатта көрсетілген мерзімге дейінгі еңбек жолында Жансұлтан Сейдалинге берілген демалыс мерзімдері мен ұзақтығы келтіріледі және оның отбасылық жағдайы туралы мәлімет жазылған арнайы бағана бар, құжаттың өзін сөйлетейік: «Торғай облысының сұлтаны есаул Махмұт Жантөриннің қызы - Зере Жантөринаға үйленген; балалары бар, ұлдары: Аббас 1890 жылдың 12 тамызында, Сапаржан 1896 жылдың 17 наурызында туылған, қыздары: Мәриям 1891 жылдың 18 қыркүйегінде, Ажар 1893 жылдың 29 желтоқсанында, Гүлімжамал 1898 жылдың 12 сәуірінде туылған; жары мен балалары мұсылман дінінде» (Санкт-Петербург ОМТМ. Қор.14. Тіз.3. Іс.64558. парақ.12.). Құжатқа Троицк Өлкелік Сотының Төрағасы мен Төраға Кеңсесінің меңгерушісі қол қойған.
Жансұлтанның еңбек жолы туралы осындағы мәліметтер оның тұлғалық болмысы мен қайраткерлік сипатын жан-жақты ашып көрсете аларлық мүмкіндікке ие. Және, ұлты үшін күйе білген өр мінезді болғандығынан болуы керек, атақты Сейдалиндер жайлы баспа бетін көріп жүрген азды-көпті құнды материалдарда Мәриямнан басқа қыздары жайлы дерек жоқтың қасы.

Қалай десек те, Жансұлтанның қырық жасына дейінгі оқыған-тоқығаны мен атқарған қызметтерінің ұшан-теңіз екендігіне қарап-ақ ел ағасы болғаннан кейінгі халық үшін жасаған абыройлы жұмыстарын шамалай беруге болатын сыңайлы. Осы орайда, Отанның отбасынан бастау алатындығын ескерсек, Жансұлтанның Ордададағы ел ағалығынан басқа, отбасында да үлгілі әке болғандығын айта кету қажет. Ата тәлімін алып, халық қамына қанығып өскен балалары да оқу-білімге құштар болады: Аббас пен Сапаржанның білім алуы жайлы материалдар да бар. Мәселен, Аббастың ерлер гимназиясын тәмамдаған кезінде берілген №758 кәмелеттік аттестатының мәтіні мынадай:

Бұл аттестат шенеуніктің ұлына - мың сегіз жүз тоқсаныншы 1890 жылы тамыз айының 12-сі күні Ақмола қаласында дүниеге келген, мұсылман дініндегі Аббас Жансұлтанұлы Сейдалинге - оның 1900 жылдың 16 тамызында Троицк ерлер гимназиясына түсіп, өте жақсы тәртіппен 1914 жылдың 4 маусымына дейін оқығандығы және сегіз сыныптық толық курсты тәмамдағандығы жөнінде берілді, сондай-ақ төмендегідей білім көрсетті:

Гимназиялық курс пәндері    1891 жылдың 12 наурызында Халық Ағарту ісі Министрі мырза бекіткен 74-параграфтағы кәмелеттікті сынақтан өткізу ережелері негізінде Педагогикалық Кеңесте қойылған бағалар
Құдай заңы    
Шіркеулік-славяндық және ауызша орыс тілі    3 (үш)
Философиялық пропедевтика    3 (үш)
Латын тілінен    4 (төрт)
Математика және математикалық жағрафия    3 (үш)
Физика    3 (үш)
Тарих    3 (үш)
Жағрафия    4 (төрт)
Заңтану    4 (төрт)
Француз тілі    3 (үш)
Неміс тілі    3 (үш)
Санкт-Петербург ОМТМ. Қор.14. Тіз.1. Іс.64558. парақ.7.

1914 жылы Троицкідегі ерлер гимназиясын тәмамдаған соң, Аббас оқуын онан әрі Петроград университетінде жалғастырады. Бұл жөнінде университет әкімшілігіне жазған өтініші сақталған:

«1914 жылы Орынбор губерниясы (қазіргі Челябинск губерниясы) Троицк қаласындағы гимназияны тәмамдаған соң, Петроград университетінің Заң Факультетіне түстім. 1914-1917 жылдары дәрістерге қатысып, талап етілетін минимумды тапсырдым. 1918 жылы дәріс тыңдауға ақша және Университет профессорларына гонорар төледім, алайда Петроградта тіршілік етуім үшін (Мемлекеттік Банкте) еңбек етуге мәжбүр болғандықтан, ол дәрістерге жиі қатысып тұрудың орайы келмеді. Осылайша Заң Факультетінің үш курсын, яғни алты семестрін тыңдап, жазда үйге - еліме, Қостанай уезіне - кетіп қалдым. Онда бірінші рет азамат соғысы оқиғаларына ұшырасқан мен, қанша тырысқаныммен, 1918 жылдан қазірге дейін «Аlma mater», Университетпен байланысымды қалпына келтіре алар емеспін. Азамат соғысы, аштық жағдайы және басқа да себептер оқуымды аяқтауыма мүмкіндік бермеді. Мен тапсырған барлық сынақ: саяси экономия, статистика, Рим құқығы тарихы және құқық философиясы тарихы. 1918 жылдан бастап әуелі мобилизация бойынша, одан кейін еркін жалданып жұмыс істеуіме тура келеді.
Осы баяндалғандарды мәлімдей отырып, Университет Басқармасының Университет студенті құқығымды қалпына келтіруін және оқуымды аяқтауыма мүмкіндік беруін сұраймын. Өтінішімнің нәтижесі туралы мына мекен-жайға хабарлануын өтінемін: Қостанай қаласы, Губерниялық Сот, Тергеуші Сейдалин. Дәулетті тапқа жатпайтындығыма және оқуды өз қаражатыма аяқтау мүмкіндігімнің жоқтығына байланысты маған шәкіртақы берілуін сұраймын. Менің ісімнің нөмірі - 776, матрикулым (студенттің куәлік кітапшасы - Н.Д.) - 776. Жауап жіберу үшін пошта маркасын қосып отырмын.
16.ҮІІ.1923 ж.» (Санкт-Петербург ОМТМ. Қор.14. Тіз.3. Іс.64558. парақ.1-1 келесі беті.).

Алайда Аббас Сейдалиннің бұл өтінішінің университет әкімшілігі тарапынан қанағаттандырылмағандығы жөнінде құжатқа арнайы қойылған мөр бар.
Енді інісі Сапаржанға гимназиядан берілген кәмелеттік аттестаттың 1940 жылдың 20 қарашасында жасалған мұрағаттық көшірмесінің мәтіні:
«Бұл аттестат шенеуніктің ұлына - мың сегіз жүз тоқсан алтыншы 1896 жылы наурыз айының 25-і күні Уфа губерниясы Златоуст уезінің Ульканди деревнясында дүниеге келген, мұсылман дініндегі Сапаржан Сұлтанжанұлы (Жансұлтанұлы - Н.Д.) Сейдалинге - оның 1904 жылдың 2 қыркүйегінде Троицк ерлер гимназиясына түсіп, өте жақсы тәртіппен 1915 жылдың 30 сәуіріне дейін оқығандығы және сегіз сыныптық толық курсты тәмамдағандығы жөнінде берілді, сондай-ақ төмендегідей білім көрсетті:

Гимназиялық курс пәндері    1891 жылдың 12 наурызында Халық Ағарту ісі Министрі бекіткен 74-параграфтағы кәмелеттікті сынақтан өткізу ережелері негізінде Педагогикалық Кеңесте қойылған бағалар
Құдай заңы    
Шіркеулік-славяндық және ауызша орыс тілі    3 (үш)
Философиялық пропедевтика    3 (үш)
Латын тілінен    3 (үш)
Математика және математикалық жағрафия    3 (үш)
Физика    3 (үш)
Тарих    3 (үш)
Жағрафия    3 (үш)
Заңтану    4 (төрт)
Француз тілі    4 (төрт)
Неміс тілі    3 (үш)

Осылардың негізінде оған гимназия және прогимназияның 1871 жылдың 30 шілдесінде ЖОҒАРЫ ДӘРЕЖЕДЕ бекітілген жарғысының 130-132-параграфтарында белгіленген барлық құқықтарын білдіретін осы кәмелеттік аттестат берілді.

Әскери борышын өтеуде оқу орындарында тәмамдаған бірінші дәрежелі курс құқықтары пайдаланылады.
Троицк қаласы, Орынбор губерниясы, 1915 жылдың 30 сәуірі» (Санкт-Петербург ОМТМ. Қор.14. Тіз.3. Іс.67344. парақ.4.).
Құжаттардың келтірілген толық нұсқасы, байқап отырғанымыздай, Жансұлтан ұлдарының қандай бағаға оқығандығы жайлы емес, ең бастысы, олардың ЖОО-ға дейін қандай пәндер оқып, қаншалықты білімі болғандығы туралы ақпарат береді. Осы ретте ол кезде білім деңгейін бағалау тәртібінің қазіргіден өзгеше болғандығын да (ол кезеңде 1-ден 5-ке дейінгі көрсеткішпен белгіленді) назарда ұстаған жөн.

Қолда бар мұрағаттық құжаттарда ұлт тұлғаларына қатысты жалпы деректің мазмұны осы аталғандарды қамтиды. Ал кейінгі тағдырлары беймәлім. Дегенмен Сапаржан Сейдалин туралы ҰҚКД-дан мынадай мәлімет табылды:

Сейдалин Сапаржан Жансұлтанұлы
1986 ж. дүниеге келген, Уфа губ., Тастөбе.; қазақ; орта білімді; заңгер-косультант, «Қарағандыкөмір» тресі.
Тұрған жері: Қарағанды облысы, Қарағанды.
1933 ж. 20 наурызда ОГПУ-дың Қарағанды облысы бойынша Басқармасы тұтқынға алды.
Үкім етілді: 1933 ж. 11 қарашасында ОГПУ-дың Қарағанды облысы бойынша Басқармасы; тағылған айып: РКФСР ҚК 58-7, 58-11.
Үкім: 5 жылға еңбекпен түзеу лагері. Қылмыстық құрамның болмауына байланысты 1960 ж. 27 сәуірде Қаз КСР Жоғары сотының шешімімен ақталды.
Дереккөз: ҚР Қарағанды облысы бойынша ҰҚКД мәліметтері.

Қалай дегенде де, қос ұлына да өз жолын қудыра білген кемеңгер әкенің орны Алаш тарихында айқын көрініп тұруы қажет. Ел тілеуін жанын шүберекке түйіп тілейтін азамат болған Жансұлтан Сейдалин немере інісі Жиһаншаның да ұлтшылдық болмысының қалыптасуына белгілі бір дәрежеде ықпал етеді. Қызы Мәриямның ақындық жол ұстанып, соңына ұлт-азаттық қозғалыс тақырыбын арқау еткен өлеңдер қалдыруы әке тәрбиесінің мәйегі екендігі күмәнсыз. Ұлт ақыны атанған Сейдалина Мәриямның азаттық қозғалыс жайлы «Зарлау», «Көздер», «Тұр, қазақ!» атты өлеңдері кезінде «Айқап» журналына Сейдалинова Мәриям есімімен басылып шыққан.
Орынбордағы гимназияны өзі де күміс медальмен аяқтаған Жансұлтан 1878 жылы Қазан университетінің заң факультетіне түсіп, 1883 жылы заң ғылымдарының магистрі дәрежесін алып шығады. Демек, ол - заң ғылымдары бойынша магистрлік дәреже алған алғашқы қазақ. Заманында қазақ қоғамының дамуы, ұлт мүддесі үшін аянбай тер төккен күрескер, қоғам қайраткері.

Жоғарыда келтірілген құжаттан белгілі болғандай, патшалық билік тарапынан қанша атақ алса да, негізгі мақсатынан танбай, ел мүддесін әр кез бірінші орынға қойған ол сол үшін де халық қалаулысына айналды. Мәселен, қазақ даласының әдет-ғұрпына негізделген билер сотын жойып, оның орнына шаруалар сотын енгізу туралы жоба ұсынылған 1912 жылы үзілді-кесілді қарсылық танытып, кесімді пікір айтқан осы Жансұлтан болды. Халқымыздың ғасырлардан бері қолданысында болған, тәжірибесі ысылған, әдет-ғұрпымызға бейімделген дәстүрлі құқық жүйесін ысырып тастап, ділі мен діні сәйкеспейтін жұрттың жат заңдарын ендіру арқылы соның үстемдік етуін көздеген отаршыл саясатқа ашық түрде қарсылық білдірген ол мұның соңы ел бірлігінің сөгіліп, жік-жікке бөлінген өзара тартысқа соқтырарын сол кезде болжаған еді.
Сөйтіп, туған халқының ауызбірлігі үшін, ұлтының отаршыл саясат илеуінде кетпесі үшін барын салып күрескен Жансұлтан Сейдалин ұзамай, 1919 жылы, дүние салады.

 

Соңында ұмытылмас қайраткерлігі, елі үшін Алаш қозғалысына қосқан өлшеусіз еңбегі қалған тұлға өмірі - тағылым дариясы.
Жалпы, қазақы өр мінездің атадан балаға беріліп отыратын осындай жарқын сипаты қай кезеңде де әркімнің жүрегінен бірдей орын алмай, белгілі бір тұлғаларға ғана тиесілі болып келуі қайсарлық пен қайраткерліктің тектілікпен тікелей байланысы барлығын аңғартатын сыңайлы. Алаш ұлдарының өткені мен атқарғанын саралау барысында ойда осындай пікірдің де қылаң беріп отыратыны бір ғана зерттеушіге тән құбылыс болмаса керек. Мәселен, Сейдалиндер әулетінің әрісі мен берісіне қатысты тұлғалардың ерлікпен қабысып жатқан әрекеттері олардың түп-төркінінің ірілігіне меңзейді. Кісілік қасиеттерін, өмірлік мақсаттарын - барлығын туған халқының тұтастығы мен дербестігіне арнаған біртуар азаматтар осындай игі мұраттарын сан жылдар бойы дәлелдеп келді. Мұны біз ғана емес, сол кезде Қызыл империя мен оның қолшоқпарлары да жазбай аңғарды, сондықтан өресі биік азаматтардың қай-қайсысын да найзаның ұшында ұстауға тырысты және солай етті де. Әйтпесе шырқауды көздеп, биікке ұмтылған арыстардың қырағы идеялары Алаш қозғалысы арқылы сең қозғап, содан бастау алған ағын бұл күнге дейін қазақтың көсегесін талай рет көгерткен болар еді, қазақ даласының еркін желі туымызды тәуелсіздікке дейін де талай додада желбіреткен болар еді. Айта, кету қажет, Жиһанша Әлмұхамедұлының шет елде, Өзургель қаласында, жайлы ғұмыр кешкеніне қарамастан, қауіпсіздігі қыл үстінде тұрған туған еліне оралғанша асыққаны, соңында дегеніне жетіп сиез ашу мәселесін қолға алғаны, оған бар мүмкіндігін пайдаланып күш салғаны -Сейдалиндер әулетінен елі үшін туып, елі үшін жан беретін ұлдар ғана шыққандығының және бір дәлелі.

Дұшпан алдымен елдің серкесін аңдиды, соны сүріндіруді ойлайды. «Тарихтан - тағылым» дегенде, ең әуелі осы факторды жадымыздан шығармаған дұрыс. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең - істің бәрі бос», - деген Абай сөзіне құлақ салынып, жүзеге асырылар сәт әлдеқашан орнады. Анығырақ айтқанда, бүгінгінің де, ертеңгінің де ұраны - осы. Ендеше Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлының: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!» - деген ұстанымының үдесінен шығуға тырысқан арыстар мұрасы мен идеяларының қазіргі қазақ қоғамы үшін өзекті саналуы - заңды құбылыс.
Алаш ардақтысы Жансұлтан Сейдалиннің, сондай-ақ жалпы Сейдалиндер әулетінің ғибратты ғұмырынан келтірілген осы бір азды-көпті деректер жас буынның санасына ұялап, тәуелсіз қазақ елінің даму жолындағы негізгі ұстанымдарының бірі болса дейміз.
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3524