Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 2939 0 пікір 21 Ақпан, 2012 сағат 05:01

Дәурен Қуат. Ммм, алаяқтар тағы да тайраңдай бастады...

Еліміздегі тұрғыны көп, келіп-кетіп жататыны  жетіп артылатын ірі қала Алматы болғандықтан ба, адамдар арасындағы ала-құланың бәрі осы бір ауданды шаһарда жосылып жүреді. Содан кейін тағы бір шындық: бәрі әуелі Алматыдан басталып, Алматыдан тарайды. Оқырманның іші сезіп отырған шығар, біз бұл жолы  Алматы туралы сөзімізді «адамдар арасындағы ала-құладан» бастадық, демек әңгімеміз алаяқтық туралы болмақ.

Еліміздегі тұрғыны көп, келіп-кетіп жататыны  жетіп артылатын ірі қала Алматы болғандықтан ба, адамдар арасындағы ала-құланың бәрі осы бір ауданды шаһарда жосылып жүреді. Содан кейін тағы бір шындық: бәрі әуелі Алматыдан басталып, Алматыдан тарайды. Оқырманның іші сезіп отырған шығар, біз бұл жолы  Алматы туралы сөзімізді «адамдар арасындағы ала-құладан» бастадық, демек әңгімеміз алаяқтық туралы болмақ.
Алматының қазір кісі көп шоғырланатын жерінде жылтың көз ысқаяқтарды байқау аса қиын емес. Баяғы «шарик-марик», қамқор болғансып қалта қаққыштар, алдап апарып арандататындар атжалмандай қаптап барады. Былай қарсаң уақыт кіндігінен кері айналып тура 1980-90 жылдардағы тоқырау заманына зырлап барып қалғандай. Сол кездер есімізде ғой, не көрсек - сол таңсық: анаған да, мынаған да аузымызды ашып, таңдайымызды қағатынбыз. Қытайдың арзанқол, сапасыз, сасық спорт кимін киген де, машинасының терезесін күңгірттеп алған да, көлкілдетіп көк арақты сатқан да керемет болып көрінуші еді ғой. Бірақ ол заманның аты «тоқырау заманы» еді, «өтпелі кезең» еді. Ел іші тұрмақ, ел ағаларының өзі не істерін білмей есеңгіреген шақ еді.  Сондықтан ашық қоғамның ағысына енді бойлаған жұрттың әрнеге таңқалуы, алаяққа алдануы заңды болатын. Ал, енді ше? Жұрт неге тосын табысқа кенеле қалудың жолына кенеттен мойын бұруда?  Не себептен «шари-мариктің» шалығына ұшырап, оймақтың астынан олжа іздеуде? Неліктен «қаржы пирамидаларына» қалтасындағысын қағып беріп артынан зар қақсауда? Бұ не деген алаяқтыққа алданып, өтірікке тойып бітпейтін жұрт? Батыс әлеуметтанушыларының зерттеулеріне сүйенсек, бұл сұрақтардың жауабы былай екен: халық биліктің «жарылқауынан» жалыққан кезде өз бетінше қармана бастайды. Қарманғанда сол - қаржы ойындарының алғашқы салымшысы болып ұтысқа шығуды, өзіндей сорлыны сорлатып, соның есебінен пайда табуды кәсіп етуге ұмтылады екен. Бұның бәрін көзіміз көріп, кейбіріне куәлік етіп те жүрміз. Қалаға бұрын орныққан қуаяқ қырдан кеше ғана түскен қандасына  Алматының іргесінен заңды құжаты жоқ жерді сатып, ақшасын алған да тайып тұрған. Банктің ауласын торыған арамза несиге зәру байқұсты боққа батырып жоғалған. Тағысын-тағы, толып жатыр. Міне, тап осындай кер бағып, кетеуі кеткен заманда алаяқтар әлемінің сұңғылалары атқа қонады. Соның қатесіз мысалындай болып Алматыға әйгілі АО «МММ» «қаржы пирамидасының» «ұлы сәулетшісі», Ресейде Ельцин өкіметінің іргесін шайқап жібере жаздаған, өзінің бейнесін таңбалап «құнды қағаз» шығарған  Мавроди келе жатыр. Иә-иә, кәдімгі Сергей Мавроди. Біздің жұрт көбігі көпіршіп таусылмайтын сабын сериалдармен алғаш танысып, теледидардың алдында телміргенде «Просто Мария» деген мексикалық па, бразилиялық па кино болған. Сол кинодағы басты кейіпкер Мария Лопесті де АО «МММ»-нің жарнамасына тарта қойған, қатырма нан, қант шайдың құны артқан тұста тұтас Ресей, қала берді Қазақстанды да «жұмаққа жеткізе жаздаған» Мавроди 2008 жылы абақтыдан босаған еді. Қазір ес жиып, ентік басып, айналасын торауылдауға шыққанға ұқсайды: оның жарнама парақшалары Алматының көшелерінде, лифтілерде, тіпті автобустардың әйнектерінде жапсырулы тұр. Алыстан болжайтын, ақылы мен айласы тең, расында сұңғыла, ресми қаржы әлемімен бәсекелес «қаржы пирамидасы» дейтін құрылыстың «сәулетшісі» Мавроди Алматы мен жалпы Қазақстандағы ахуалды қапысыз аңдып отырса керек. Қазақстан шикізаттың саудасынан түскен қаржатты шірітіп алудың аз-ақ алдында тұрған ел. Билік байлықты ешкіммен бөліскісі келмейді. Ел игілігіне де жарата алмай дал болуда. Мол қаржы бөліп бір үлкен жоба бастаса, жең ұшынан жалғасқан жемеңгерлер кіріп кетеді де ту-талапайын шығарады. Оның арты ойбай мен аттан. «Коррупционерді тап, ұста, қама!» деп жер текпілейді Елбасымыз. Құзырлы орындар құрығын ала ұшады. Тапқан болады, тапқансиды. Апарып абақтыға жабады. Бір жемқордың желкесі темір тордың ар жағынан көрініп қала бергенде екінші жемқор жемсауын қамдап отырады. Біздегі жағдай - осы: Дон Кихоттың желдиерменімен шайқасы сияқты. Бұл шайқасты Мавроди білмейді емес, біледі, білмек былай тұрсын күліп те жүрген болар. Ресейдің «Совершенно секретно» газетіне берген сұхбатында ол: ««Концентрация денежной массы в одних руках вообще не выгодна государству, иначе какие остаются рычаги для управления народом? Когда некоторое количество денежной массы остается невостребованным (основы экономики), происходит настоящая война за обладание этими средствами», - деген еді.
Қысқа қайырып қазақшаласақ, Мавроди қаржының бір қолға шоғырлануы мемлекет үшін пайдассыз деп біледі екен. Қаржы көлемінің бір бөлігі айналымға түспей, сұраусыз жатса, оны басып қалуға қарекет ететін күштер арасында нағыз майдан басталатын көрінеді, т.б.
Шындығында солай ғой. Бүгінде биліктің бүйрін түсіре жаздап, бүлік шығарып жүргендер айналымнан тыс жатқан мол қаржыны көріп бүлінгендердің бір парасы емес пе? Мавродидің қазақша нұсқасы Мұхтар Әбләзовтар ұрлайтынын ұрлап, жырлайтынын жырлап Батысқа баяғы да көшіп барып алған. Әйткенменде ұрлық-қарлық әбіләзовтермен әл-әзірге тиыла қоймасы анық.  Енді міне, "Хопер-инвест", РДС, "Властилин" ссияқты «қаржы пирамидаларынан» халықтың есесін қайтарамын деп Алматыға Сергей Мавроди келмек. Ол әрине, биліктің «жарылқауынан» жалыққан жұртты жалаңаяқ қалдырып тайып тұратынын іштей жақсы біледі. Ал, алданып қалатынын халық біледі ме? Біздің мақсат көпке осы жайтты ескерту. Ескертпеске амал кем, өйткені Ресейдің  Федеральді қызметі алаяқтық деп таныған Мавродидің «МММ» парақшалары мен жергілікті «шари-мариктерге» Алматы билігі тиым салып жатқан жоқ. Сондықтан, ммм, алаяқтар тағы да тайраңдай бастады деп тынудан басқа амалымыз қалмай отыр.
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616