Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 5457 0 пікір 21 Ақпан, 2012 сағат 04:18

Ақсұңқар Ақынбаба. Эфир этикасы: Тележүргізушілер неге «секс символға» айналуға құмар?

Біздің бұл тақырыпты қозғаудағы мақсатымыз осы тележүргізушілер мен дикторлардың арасын ажыратып алу және бүгінгі ақпарат нарығында қайсысының қажеттілігін анықтау, тележүргізушілердің журналистік қабілеті, қарымы, білігі, тілі, этикасы.

Біздің бұл тақырыпты қозғаудағы мақсатымыз осы тележүргізушілер мен дикторлардың арасын ажыратып алу және бүгінгі ақпарат нарығында қайсысының қажеттілігін анықтау, тележүргізушілердің журналистік қабілеті, қарымы, білігі, тілі, этикасы.

Ұлы сөзде ұяттық жоқ, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» продюсер мырзалар жаңа толқынмен бірге келген тележүргізушілерге қойылатын басты талаптардың бірi  ретінде «секс символ» қасиетіне еге болу қажеттілігін енгізді. Өтпелі кезеңнің адам шошырлық көп жаңалығының бірі. Сөйтіп, мемлекеттің маңызды жаңалықтарын жеткізуші ханымдардың жылтыраған бет аузымен, бұлтыңдаған ернінің аяқ астында қалған эфир этикасы көзден бұл-бұл ұшқан заман да болды. Ең ғажабы, бұрынғы дикторлардың орнын басқан қазіргі тележүргізушілердің өзара атауы ауысқаны болмаса, жүргізушілердің көптеген арналарда күні бүгінге дейін дайын «диктовканы» оқып беруден аспайтын «дикторлық» қалыппен шектелумен келе жатқаны ұят. Әрине, бүгінде де, дикторлар әлі де болса бар. Бірақ, «дикторлардың» телеарнаның да, радионың да ақпараттық толқынынан ысырылып түсіп қалуының сырының өзі қазіргі журналистиканың талабы дайын мәтінді немесе жобаны оқып беру арқылы жеткізуді қажет етпейтіндігін көрсетеді. Себебі, дикторлар қатып қалған форматтан шыға алмайды, жүргізушілер секілді еркін қимылдай алмайды. Бүгінгі күн үшін әр жобаны, мәтінді өз мазмұнына сай жеткізуде үлкен шеберлік қабілеттілік қажет. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, ақпараттың аудиторияға тек 90 пайызы жетеді екен. 100 пайыз жету үшін жүргізушілерге журналистік те, әртістік те қабілет керек. Қысқасы, қазіргі заман бір тележурналистің бойынан жан жақтылықты талап етіп отыр. Демек, уақыт өткен сайын бір жоба сайын бір жүргізуші, бір редактор, бір сценарий авторы, бір режиссерлiк  сценарий авторы, бір продюсер, сосын бәрінің үстінен қарайтын тағы бір продюсер, бір идеяның авторы, бір жобаның жетекшісі секілді таланты мен білігі жетсе бірнеше ғана адамның жасай алатын дүниесіне жеке-жеке жалшыларды жалдаудың қажеттігі азая түсуге тиісті. Бұндай үрдіс негізі қазақстандық радиода 90-жылдардың ортасына қарай жақсы қалыптасқан еді. Және бұл оңтайлылық тұрғысында дұрыс та. Бірақ, тележурналистерге осы талаптың қойылмай отырғаны өкінішті. Тележүргізуші болу үшін көзің ойнап, жүзің жайнап тұрса болды, кім болса сол меңгеріп кететіндей «жұлдыз» болудың ең оңай тәсіліне айналып кеткені, тележүргізушілік арқылы «карьера» жасауға ұмтылушылық қазіргі тележурналистикадағы тоқырауға алып келген басты себептердің бірі болып отыр. Сонымен қазіргі тележүргізушілікті жоғары кәсіптік деңгейге шығарып отырған әлемдік журналистикада оларға қойылатын талаптар мыналар екен: өзінше ойлап, қорытып жеткізе білу қабілеттілігі; сауатты сөйлеу және сауатты жазу; шығармашылық топпен жұмыс істей білу; көрермен алдында өзін-өзі ұстай білуі; жаңаша ойлау және шығармашылық қабілет. Енді, осы талаптарды кез келген өзін танымал тележүргізушімін деп жүргендер өз бойынан іздеп көрсін. Өз басым, өзгелердің қырғын еңбегімен дайындалған жобаны оған саусағының да ұшын тигізбей-ақ, ағасы мен көкесінің немесе күлім көз, оймақ еріннің арқасында эфирді жаулап алатын, сосын сол эфирден атасының мұрасы секілді түспей қоятын «тележұлдыздардың» эфирге алып шыққанын көрермен ретінде қабылдай алмаймын. Тіпті, көргім де келмейді. Мен ол жобаның ыстық-суығымен бірге күйіп-пісіп жүрген, оның қыры мен сырын менен жақсы білетін автормен, редакторымен экран арқылы сырласқым, сөйлескім келеді. Мәселен, әлдебір қоғамдық-саяси жаңалықтар немесе оқиғалар туралы одан бейхабар жүргізуші маған нанымды ақпарат бере алмайды. Рас, журналистік зерттеу, тіпт 5 минуттық сюжеттің өзі шығармашылық топтың сом еңбегінен тұрады. Бірақ, қазіргі тележүргізушілердің талайы бір ауыз сөйлем құрай алмайтыны анық. Ендеше, ол журналист емес. Ал, экран журналистердің еншісінде. Экран арқылы жұлдыз болғысы келетіндер киноға түссін, әртіс болсын. Әрі-беріден соң бұл біреудің еңбегі арқылы өзін тегін жарнамалау болып есептелетіні хақ. Бұл тенденция қазіргі тележурналистиканың қадірін түсіріп, қоғамммен бірге ілесе алмай қалуының мың себебінің бірі бола алатынын қайталап айтқымыз келеді. Қазақ көрерменін бездіріп жіберген талай арзанқол, жүрдім-бардым дүниелердің көбі сол жеңіл желпі жүргізушілердің бойына тән кемшілік болып отыр емес пе? Сонда ғана көрермен үшін нанымды дүниелер жасалмақ. Эфир «карьера» жасау базары емес. Қазір журналистика факультетінде оқитын қыз атаулыдан қай салаға барғысы келетінін сұрасаң, бәрі тележүргізуші болғысы келетінін айтады. Неге десеңіз, арманы тек тележұлдыз болу, баяғы сол «карьера» жасау.Тіпті, тележүргізушінің кәсіби атауынан гөрі «тележұлдыз» деген атауы озып кеткен. Десе де, біз іздеп отырған талаптарға жауап беретін тележүргізушілеріміз жоқ емес, әрине. Мәселен, «Астарлы ақиқаттың» жүргізушісі Дина Төлепберген жүргізетін бұл жобаның өтімді шығатындығы оның бойынан жоғарыда көрсетілген талаптардың табылатындығы. Немесе бір кездері «Ұлттық» арнаның бренд-жүргізушілеріне айналып үлгерген Қасым Аманжол, Назира Бердалылардың, кейінгі жылдары талай қазақтың жүрекжарды сырласы болып кеткен «Жүрекжарды» жобасының жүргізушісі Жадыра Сейдештің бойынан журналистік әмбебаптық қасиеттер ұштасып жататындықтан ол жобалар жүрекке жетіп жатты. Сонымен қоса, кейде, бір жоба арқылы сәтті танылған жүргізушінің басқа жобаны «өлтіріп» тастайтын кездері де болады. Мысалы, «Хабар» арнасының бір кездегі «Таразы» жобасымен тым сәтті жараса кеткен Ринат Думанұлының «Жеті күнмен» бір қабыса алмай-ақ қойғаны осыған мысал. Қазіргі «Қазақстан» Ұлттық арнасындағы жаңалықтар жүргізушісі ретінде аяқ астынан пайда болған Жайнагүл Төлемісова әріптесіміздің Қазақстанның шетелдерге барып жататын әртүрлі саяси мәселелерге қатысты жиындарынан жасаған репортаждарын көріп отырып, оған қандай «басшының қырағы көзі» түсіп, осындай жауапты міндеттерді арқалауға лайықты деп таңдағанына таңғаласың. Дайын баспасөз баянынан алынған естуге ауыр әрі түсініксіз қатқыл тіркестерді сол қалпында оқып беріп жатады. Оқиғаның ең қажетті тұстарын журналистік пайымдау, сараптау жоқ. Әлбетте, сіңліміздің айдай жүзінде бір мін жоқ екендігі рас, бірақ, шамасы эфир жүргізушісіне тек келбет болса болды, қалғанының бәрі әншейін деп қарайтын басекеңдердің қазіргі тележүргізушіге қойылатын талаптан алшақтығына бір жақсы мысал болып қала алатын секілді. Ал, «Сөз мерген» жобасының жүргізушісі Маржан Болатқанқызының қазақи келісті жүзі жобаға жарасар-ақ, бірақ, осы жүргізушінің телеаудиториямен қатынасы деген мүлдем  жоқ, сырт қараған адамға мектеп оқушыларының жобасы секілді әсер қалдырады. Ал, еліміздің екі басты арнасы «Хабар» мен «Қазақстанның» мемлекеттік қана емес, әлемдік қоғамдық саяси маңызы зор жиындарды көрерменге жеткізуші журналист-жүргізушілеріміздің көбі журналистік пайымдау тұрғысында ақсап жататыны бар. Әлбетте, бұл тұрғыда Нұрлан Окаұлы, Айбек Қобдабай сияқты жас қырандардың біздің сынымызға жалынан ұстатпасы анық. Қорыта айтқанда, аталған жайттардың журналист-жүргізуші мамандығы деген арнайы мамандық дайындау қажеттігін көрсетеді.

ТҮЙІНШЕК

Бүгінде экран арқылы дара тұлғаға айналған тележүргізушілерді күн сайын жоғалтып барамыз. «Қазақстан» арнасының шығармашылық жауапкершілігін жетектеп отырғандарға қарасақ, берерін беріп, сарқылып қалған сол баяғы Қайнар Олжай, сол баяғы Серік Аббас Шах. Әсіресе, Серік Аббас Шах ағамызды әлгі тележүргізушілерді таңдап таразылаудағы «бірінші адам» болып отырғанына қарап, тағы баяғы «угай-ай», «дудар-ай» жүргізушілер көз алдыңа толып кетеді. Кезінде жаңа қазақ телевизиясын жасаған, тіпті, орнынан тұрғызған осы ағаларымыз енді, жастарға орын босатса, кім білсін, мезі еткен стандарттар да азаяр. Қазақстандық тележүргізушілердің қандай болуы қажеттігiне жаңа уақыт, жаңа толқын жауап берер, сонда.

«Дала мен Қала» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610