Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5399 0 пікір 30 Маусым, 2009 сағат 21:48

Ашық аспан астындағы айқас

 

 

«ZHERSU», «Сәт&Ко» корпорациялары және Марат Мәзімбаевтың промоутерлік компаниясының ұйымдастырумен Алматыда кәсіпқой боксшылардың матчтық кездесуі өтті. Бұл жолы Қазақстан мен Қырғызстанның былғары қолғап шеберлері әдеттегідей Алматыдағы мемлекеттік циркте емес, «Абылай хан» спорт кешенінде күш сынасты.
Айқастар ашық аспан астында өтті. Және де бұл жолы шаршы алаңға шыққандардың дені жастар болғанына қарамастан кездесуді тамашалау үшін келгендер аз болған жоқ. Түрлі тұжырымдардың тәжі үшін айқас неге өтпегені жайында белгілі промоутер Марат Мәзімбаевтан сұрағанымызда, ол: «Жаз уақытында белді боксшыларға біраз демалыс беруді жөн санадық. Бәлкім, бәзбіреулер қатарда мықтылар болмаса, жарыстың сәні кетеді деп ойлауы мүмкін. Бірақ сол пікірдің жанасақ екеніне бүгін көзіміз жетті. Ал біле білгіңіз келсе, біз тек атақтыларды айқастырып қоюмен шектелуді құп көрмейміз. Жас буын өкілдері арасынан дарындыларды іріктеп алу, оларды қатарға қосу, үлкен спортқа жолдама беру бұл – «ZHERSU корпорациясы мен Марат Мәзімбаевтың промоутерлік компаниясының ұстанып отырған басым бағыты», – деп өзінің көрегендігін байқатты. Расында да сол кеште «Абылай ханды» бетке алған жанкүйерлер жарыстың сәні де, мәні де кетпегеніне куә болды.
69, 9 келі салмақта сынға түскен алматылық Ғалымжан Мырзабаевтың жанкештілігі көрермендерді сүйсіндірді. Қарсыласы қырғызстандық Александр Бахов та осалдар санатынан емес екен. Екі раунд бойы ол жерлесімізді әбден састырды. Кей сәттерде төртпақ жігіт айқын басымдылық танытатындай болып көрінді бізге. Ғалымжан біразға дейін Баховтың осал тұсын таба алмады. Үшінші кезеңде шабуылын үдеткен қандасымыз тізгінді берік қолға алса, төртінші раун Мырзабаевтың екпінді шабуылымен өтті. Қарсыласы, тіптен, рингтің бесінші бұрышын іздеп кете жаздады. Нәтижесінде қапталдағы үш төрешінің үшеуі де жеңісті Ғалымжан Мырзабаевтқа берді.
59 келі салмақта күш сынасқан павлодарлық Фархад Оспанов пен шымкенттік Арман Уытжанов арасындағы бәсеке өте шиеленісті өтті. Алғашқы екі раундта керекулік боксшы алымды көрінді. Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі сәл сескеніңкіреп жүргендей әсер қалдырды. Алайда бұл оның тактикалық қулығы екен. Арман «бір бармағын ішіне бүгіп» жүріпті. Ақырында Уытжанов Оспановты сабап тастады. Төртінші раундта бірнеше ауыр соққыларын дарытып, қан жоса етті. Бірақ төрешілер жеңісті Оспановқа берді. Оның себебін білсек, төрешілер: «Фархадтың алғашқы кезеңдерде жиған ұпай қоры оның жеңіске жетуі үшін жеткілікті болды», – деп тіл қатты.
63 келі салмақтағы көкшетаулық Әнуар Мұсағұлов пен талдықорғандық Елжан Боқановтың арасындағы тартыс аса әсерлі болмады. Төрт раунд бойы жігіттер бір-бірінің осал тұсын таба алған жоқ. Ақыры төрешілер сәл ғана басымдылықпен Көкше өңірінің түлегі жеңіске жеткенін жария етті.
79 келі салмақта шеберлік байқасқан Михаил Криницинды жанкүйер қауым жақсы біледі. Осыдан біраз уақыт бұрын Ислам дінін қабылдап, есімін «Әл-Хаттаб» деп өзгерткеннен кейін оның жолы оңғарыла бастады. Қарағанды қаласының түлегі сол күні қырғызстандық Өмірбек Рыскелдиевтен басым түсті. Іле-шала павлодарлық Александр Журавский тағы бір «айыр қалпақты ағайынымызды» тезге салды.
Кәсіпқой бокстың қамытын кигеніне аса көп уақыт болмаса да, Міржан Жақсылықовтың (57 келі) өнері жұртқа ұнады. Аякөз қаласының тумасы қай жағынан алсаңыз да, мақтауға тұрарлық жігіт. Оның бойында болашақ чемпионға қажет барлық қасиет бар дейді мамандар. Расын да солай екен. Бұған дейінгі жекпе-жектерінің денін айқын жеңіспен аяқтаған Жақсылықов бұл жолы да өзін жақсы қырынан көрсетті. Қарсыласы алматылық Ербол Нұрышевқа қарағанда әлдеқайда жылдам, әлдеқайда ширақ қимылдаған Міржанның үстемдігі еш күмән туғызған жоқ.
Ең соңғы жекпе-жек 53,3 келі салмақтылар арасында өтті. Рингке Мират Сәрсембаев көтерілгенде жанкүйерлер ду ете қалды. Олардың Миратқа осындай қошемет көрететіндей жөні бар. Жетісудің өрені әуесқой рингте талай белесті бағындырған тарланбоз. Алып Азияны мойындатып, әлемдік деңгейдегі боксшылар санатына еркін енген. Ал елішілік жарыстарда күні бүгінге дейін Сәрсембаевтың алдын ораған боксшы жоқ. Соған қарамастан ол кәсіпқой рингті таңдады. Бұл реттегі алғашқы қадамы жаман емес. Осыдан бір ай бұрын өзінің алғашқы бәсекесін жеңіспен аяқтаған талдықорғандық өрен «Абылай ханда» өткен турнирде де шабысынан жаңылған жоқ. Бішкектен келген Әзізбек Қалмаматов қанша тырысқанымен, қандасымызға еш қайрат көрсете алмады. Төрт раунд бойы Мират оны төмпештеп, ұпай санымен ұтты.
– Мен Қалмаматовты ұрып құлатуды мақсат тұтқан жоқпын. Өйткені, қазір мен үшін айқын жеңістен гөрі функционалдық даярлығымды байқап көру маңызды. Қанша дегенмен әуесқой және кәсіпқой бокстың арасында алшақтық көп. Сондықтан да бастапқы бәсекелер арқылы барынша мол тәжірибе жию қажет. Ал айқын жеңіс пен атақ-даңқ өз уақытында келеді, – деп жекпе-жектен соң Мират ағынан жарылды.
Сонымен, «Абылай хан» спорт кешенінде өткен жекпе-жектер жанкүйер көңілінен шықты. Енді «ZHERSU корпорациясы мен Марат Мәзімбаевтың промоутерлік компаниясы өзінің келесі турнирін шілде айының соңында Ыстық көлдің жағалауында ұйымдастыруды көздеп отыр.

 

 

«Айқын» газеті 30 маусым 2009 жыл

0 пікір