Сенбі, 20 Сәуір 2024
2599 3 пікір 3 Желтоқсан, 2020 сағат 11:25

Ризашылық білдіремін...

Дүние есігін ашқаннан бастап, жыл сайынғы дата,  әр мүшел адам өміріндегі  белгілі бір белес іспетті екені хақ. 75 жасқа келуіме орай, қолыма қалам ұстағалы шама-шарқымша азды-көпті атқарып жүрген шығармашылық жұмыстарым жайында өзіме өзім және оқырмандарыма есеп беруді көздеген «Тарту»  атты жинағымды жарыққа  шығарып, соған қанағаттанып жүргенмін.

Алайда оған жұртшылықтың назарын аудару, көпке жария ету ойымда болған емес еді. Соған қарамастан, елі мен халқының болашағы жолында бастарын бәйгеге тіккен кешегі Алаш арыстарының идеясымен қанаттанып өсіп келе жатқан, солардың мақсат-мұраттарын жалғастырушы, жас та болса көпке бас боларлық  Елдос Тоқтарбай мен Заңғар Кәрімхан бастаған, Еркін Ербол, Ұшқын Сайдырахман, Ардақ Беркінбай, Ерден Нұрахмет, Данияр Иқсан, т.б. бір топ  алашшыл жастардан құрылған «Қыр баласы» қоғамдық қоры еліміздегі Тарихшылар қауымдастығы, «Әділет» қоғамы, «Арыс» қорының қолдауымен Алматыдағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Руханият» орталығының залында «Б. Қойшыбаев шығармашылығындағы Алаш және тұлғатану мәселелері» атты әрі онлайн, әрі офлайн конференция ұйымдастырып өткізді.

Осы орайда, маған жылы Құттықтау хат жолдап, шығармашылық және қоғамдық қызметіме оң баға берген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа,  оны қала үкіметінің өкілдерін бастап, шаңырағыма арнайы келіп тапсырған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровқа,  құттықтаулар жолдаған  Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевқа,  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевқа,  ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықовқа, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулетке зор алғысымды білдіремін. Сондай-ақ онлайн-конференцияда жер-жерден пікір қосқан ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелді, Еуразия университетінің профессорлары Сағымбай Жұмағұл, Қайырбек Кемеңгер, Рахима Нуриден, қостанайлық ғалым, ақын Ақылбек Шаяхмет, көкшетаулық ғалым Бақыт Смағұлға және конференцияға тікелей қатысқан репрессия құрбандары мұраларын зерттейтін «Арыс» қорының президенті, профессор Ғарифолла Әнес, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан, Алматы облысы Талғар ауданы мәдениет басқармасының бастығы Фарида Бегентаева, Жаңалықтағы саяси қуғын-сүргін мұражайының директоры Мейіржан Мұсабаев, журналист Ахмет Өмірзақ, Алаш ардақтыларының көзі – Қоңырқожа Қожықовтың немересі Сәуле Қожықова, Қошке Кемеңгеровтің немере қарындасы Қарлығаш Кемеңгерова, Бірке Айбасовтың немересі Марина Айбасоваға, осы шараны ұйымдастыруға көп еңбек сіңірген  Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының директоры Ғазиза Құдайберген, кітапхана  қызметкері Шарайна Құмарова,  Qyr balasy  қоғамдық қорының жауапты хатшысы Бағлан Әбеуге, әлеуметтік желілерде, жеке хаттарда жер-жерден ыстық лебіздерін білдірген барша тілектестеріме ризашылығым шексіз.

Мерейжасыма байланысты  менің азды-көпті еңбегіме көрсетілген құрмет – Алаш арыстарына құрмет, солардың ұлы мұраттарын жаңғырту, болашақ ұрпаққа аманаттауды  қолдаушылық  ретінде қабылдаймын. Осы орайда мені қуантатын ең басты нәрсе –  жастарымыздың бойына ұлтын сүюшілік, елдік пен мемлекетшілдік, отаншылдық қасиеттерді сіңіріп, оларды Алаш арыстарының рухында  тәрбиелеуді  мақсат ететін Qyr balasy  қоғамдық қорының игі бастамалары, Елдос Тоқтарбай, Заңғар Кәрімхан, т.б. саналы да рухы биік жасөрім інішектеріміздің үлкен ұмтылысы, батыл да шешімді істері. Олардың Алаш арыстары көздеген ұлттық мұратты болашаққа сәтімен жалғастырып,  Мәңгілік ел іргетасын бекемдей түсуге белсене атсалысатынына  кәміл сенемін.

Баршаңызға Алла разы болсын!

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

3 пікір