Жұма, 19 Сәуір 2024
46 - сөз 4923 3 пікір 23 Қараша, 2020 сағат 13:25

Ассамблеяға 9 депутаттық орын беру керек пе?

Анау Қазақстан парламентінің ең егде жастағы депутаты, Кремілдегі көртөсекте (көр емес, көрмеде) көрінгеннің көзсүзгісі үшін экспонат боп жатқан (бұрын солай еді, қазір нақты білмейді екем) пролетариат көсемі Ленин шалдың сүйегін біздің елге әкелгісі келіп әлек боп, Мәжілістен мыңқ-мыңқ еткен Влад ата Косареп әлгінде өз партияластарына өлердей боп өкпелеп қапты. Шалекеңнің көңілі қалғаны соншалық, партияластарына қарата сөйлеп: "Сендер коммунистік деген аттан бекер безіндіңдер, енді менен жауап күтіңдер", деп өзі бөлек коммунистік партия ашатынын айтыпты. Ал компартия төрағасы Қоңырып болса, ел-жұрттың көңіл-күйін аңғарды ма, әлде ендігіде "коммунизм" деген тіркесі бар кез келген әңгіменің өзіне титтей де болса ұпай әпермейтінін кеш те болса түсінді ме, әйтеуір партия ішінде едел-жедел жиын өткізіп, партия атауынан "коммунистік" деген сөзді алып тастапты.

Бұл қызық жаңалықты әуелі Бакуде жатып естідік. Ой-пәлі. Бұл ребрендинг дәл сайлаудың алдында, әне-міне дегенде жасалғанын жұрт сөзсіз, коммунистердің ұпайы азайғандағы ақырғы амалы деп қабылдады. Жасырары жоқ, менде... Әйтпесе, осыған дейін сазарған беті сазарып, "не десеңдер, о деңдер, коммунизмнен кереметті көрген жоқпызға" салып, отырып алғандар бір-ақ, күнде ақылдары кіріпті дегенге өз басым өлсем де сенбеймін. Қош, ребрендинг партияның атына ғана емес, затына да жасалса және мақұл дер ек. Құрамы өзгерсе... Бірақ, өткен апталардың бірінде депутат Ахметбеков мырзаның: "Қазіргі депутаттардың барлығы, тіпті жасының егделігіне қарамай, Косареп та сайлауға түседі", деген ауандағы пікірін оқып қалғанмын. Сондықтан, бұл ребрендингтен аса бір өзгеріс күтпеймін, және оның қаншалықты сәтті жасалғанына күмәнмен қараймын... Ал екінші жағынан де-факто, енді Қазақстанда коммунистік партия атымен жоқ! Айтпағым ол да емес еді... ФБ-да Косарептің суреті бар сол материалдың сілтемесі көлбеңдеп шыға берген соң...

Жалпы, бұл науқан қызық басталды. Билік партиясы жұрттан бұрын шаба жөнелді. Екі партия ат ауыстырып амалдады, тағы біреулері құрамына есім-сойы елге мәшһүр азаматтарды тартты. Тағы басқалары батыл-батыл сөйлей бастады. Қысқасы солай... Осының барлығы ұпай үшін ғана екені екібастан белгілі дүние... Ең абсурдты әңгіме - бұл талас біріншілікке емес, екінші орын үшін өтетін талас екенін бәрі іштей біледі, түсінеді, мойындайды... Әйтеуір мейлінше, көбірек орын алу үшін әрекеттенеді. Сондықтан, бұл сайлауда кім жеңеді деген сұрақтан гөрі Парламентке қай партиялар өтеді деген сұрақ дұрысырақ шығар. Мақұл, бәлкім үш, бәлкім төрт партия Парламентке барады дейік. Бұлар сайлаудан өтіп барады. Ал бұларға ілесіп Ассамблея деген ұйымнан 9 депутатқа мандат беріледі ғой... Уот, гәп осыда... Бұл қоғамдық ұйым ғана. Оның қызметінің эффективтілігі туралы сөз мүлде басқа... Осы бір қоғамдық ұйымнан ерекшелеп неге 9 депутаттық орын беріледі? Егер олар Қазақстандағы диаспора өкілдері атынан отыруы керек десек, сайлауға қатысатын кез келген партия өз тізімі моноэтникалық боп кетпесі үшін онсыз да диаспора өкілдерін ілестіріп қосып жатқан жоқ па?! Ендеше не тыраштану? Өз басым Ассамблеяға айрықшалап 9 орын беру дегенді мүлде қабылдай алмаймын! Өз ойым... Сосын Ассамблеядан барған қазіргі 9 депуттың қай партияның өкілдері екенін көрсеңіз, тағы бір гәп!

Нұргелді Әбдіғаниұлының әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

3 пікір