Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2709 0 пікір 2 Ақпан, 2012 сағат 11:18

Тұңғыш ЖАНҰЗАҚОВ. Бала бәрiн бiледi

"Негiзi, бiздiң қазақ халқында екi тiл бар" дейдi бiр сатирик. Бiрi - "ана тiлi", екiншiсi - "бала тiлi". Бiз баламен ешқашан қазақша сөйлеспеймiз. Өйткенi ол түсiнбейдi деп ойлаймыз да, онымен кейде өзiмiзге де түсiнiксiз тiлде сөйлесемiз. Мысалы, "үфай" деп, "әуппа дейiм", "iш дейсiң бе, пық дейсiң бе" деген сияқты "әңгiмелер" айтамыз. Ал бұл сөздердi "кiшкентай мақау" түсiне ме, жоқ әлде, түсiнбей ме, онда шаруамыз жоқ. Әйтеуiр, сәбидiң есi кiрiп, тiлi шыққанша солай айтып жүре беремiз. Күндердiң күнiнде әлгi бала "әуппа деш", "iш дейiм" деп жүгiрiп жүредi..

"Негiзi, бiздiң қазақ халқында екi тiл бар" дейдi бiр сатирик. Бiрi - "ана тiлi", екiншiсi - "бала тiлi". Бiз баламен ешқашан қазақша сөйлеспеймiз. Өйткенi ол түсiнбейдi деп ойлаймыз да, онымен кейде өзiмiзге де түсiнiксiз тiлде сөйлесемiз. Мысалы, "үфай" деп, "әуппа дейiм", "iш дейсiң бе, пық дейсiң бе" деген сияқты "әңгiмелер" айтамыз. Ал бұл сөздердi "кiшкентай мақау" түсiне ме, жоқ әлде, түсiнбей ме, онда шаруамыз жоқ. Әйтеуiр, сәбидiң есi кiрiп, тiлi шыққанша солай айтып жүре беремiз. Күндердiң күнiнде әлгi бала "әуппа деш", "iш дейiм" деп жүгiрiп жүредi..
Америкада социолог-мамандар немiстiң, ағылшынның, орыстың нәрестелерiне тәжiрибе жүргiзiптi. Олар жаңа туылған немiстiң шақалағына немiс тiлiнде "өмiрге қош келдiң" деген сөздi айтқан кезде, әлгi нәресте қимылдап, жағымды үн шығарыпты. Ал қалған екi бала тыныш жатыпты. Екiншi кезекте ағылшынның баласына ағылшын тiлiнде дәл солай айтқан екен, ол да қозғалыпты, ал орыс пен немiстiң балалары қимылсыз қалған. "Өмiрге қош келдiң" сөзiн орысша айтқанда, орыстың нәрестесi бұлқыныпты. Мұның себебiн ғалымдар тiлдiң адам генетикасына тiкелей әсерi бар дегендi дәлелмен түсiндiруде. Бала құрсақта жатқанда-ақ анасы сөйлеген тiлдiң 70 пайызын бойына сiңiредi екен. Ендi мына қызыққа қараңыз, жаңадан тiлi шығып келе жатқан балаға жат тiлде сөйлеп, сол тiлдi үйрете бастасаңыз, оның бойындағы бұлқынып шығып келе жатқан ана тiлi мен жат тiлдiң арасында күрделi күрес басталып, баланың ойы мен миы, тiлi қойыртпаққа айналатын көрiнедi.
Ал қазiр балалардың көп айтатын сөзi - "папа" мен "мама". Бiрақ бұл екi сөз де - қазақ тiлiне жат сөздер. Дегенмен, бұлар бiрнеше жылдан берi қазақ тiлiнiң ең көп қолданылатын сөздерiнiң қатарында келедi. Көп адам екеуiн де орыстың сөзi деп түсiнедi. Негiзi бұл сөздер ешқандай орыстың немесе басқа да славян халқының төл сөздерi емес екен. "Папа" сөзi ертедегi гректердiң "papas" сөзi мен латынның "papa" сөздерiнен шыққан көрiнедi. Ол кезде католиктiк шiркеуде дiн қызметкерлерiнiң ең лауазымды, ең жоғары қызметкерiне "папа" деген атау берген. Мысалы, Рим папасы Бенедикт VIII деген сияқты. Христиан дiнiндегi католиктiк шiркеудiң "папа" сөзi осы дiн таралған аймақтың бәрiне тарайды. Ал орыстар христиан дiнiнiң басқа тармағын ұстанса да "папа" сөзiн қабылдап, солар арқылы қазақ елiне, яғни бiзге жеткен. Сондықтан "папа" сөзiн орыстардың сөзi деуге болмайды. Өйткенi орыстардан басқа әлемде қаншама ұлт әкенi "папа" деп атайды. Сонымен қатар, "мама" сөзi де солай. Әлемнiң көптеген ұлттары ананы "мама" деп атайды. Бiрақ "мама" сөзiнiң ертедегi шiркеуге ешқандай қатысы жоқ. Мама латынның "mamma" (мағынасы: әйелдiң емшегi) деген сөзiнен шыққан. Баланы емiзетiн әйелдi, яғни ананы "мама" деп атау ертедегi латын тiлiнен шықты деуге толық негiз бар.
Қазiр папа мен мама сөзiне құлағымыз үйренiп, ол сөздердi санамыздың сiңiрiп алғаны сонша "әкешiм", " анашым" дейтiн балалардың сөзiне жалт қараймыз. Неге? Өйткенi қазақтың кейбiр төл сөздерi өзiмiзге жат болып қалған. Және күнделiктi тiршiлiкте қазақтың төл сөздерiн қолданатындар өте аз. Неге десеңiз, қазiр ондай сөздер тек қана әдеби шығармалар мен газет-журналдарда ғана қолданылады десе де болады.
Иә, қазақ баласының тiлi қазақша шығып, әкесiн "әке" деп, анасын "ана" деп атағанына не жетсiн, шiркiн?!.
Тұңғыш ЖАНҰЗАҚОВ,
Тараз қаласы.
«Жас Алаш» газеті

0 пікір