Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3676 0 пікір 30 Маусым, 2009 сағат 21:13

Шешім қабылдаушы органдар темекі компанияларының ықпалынан шыға алмай жүр

 

Қазбек ТӨЛЕБАЕВ, медицина ғылымының докторы:

- «Ауру - астан» дейді. Дұрыс тамақтану адам денсаулығына қаншалықты әсер етуде?

- Иә, адамның денінің саулығының бірінші кепілі - дұрыс тамақтана білуі. Негізі, әрбір адам күніне 400 грамм жеміс-жидек жеуі керек. Біз еліміздегі тұрғындарға зерттеу жасай отырып, халықтың 18-20 пайызының ғана бұған мүмкіншілігі жететініне көзіміз жетті. Қазір дамыған елдерде субсидия жолға қойылған. Үкімет фермердің еккен егінінің жарты шығынын өз мойнына алады, есесіне фермер халықты арзан өніммен қамтамасыз етеді. Бұл жөнінде фермер мен Үкімет арасында өзара келісімшарт жолға қойылған. Ал біздің еліміздегі фермерлер жеміс-жидек, көкөніс егуді қойды. Себебі оларға өнімді еккеннен гөрі шетелден сатып әкеліп, үстіне үстеме баға қойып сатқан оңай. Шетелдіктер фермерлеріне қамқорлық көрсету арқылы мәселені оңай шешіп отыр. Әрі отандық өнімді пайдалану арқылы халық басқа мемлекетке телмірмейді әрі халықты жұмыспен қамтамасыз етуде. Өнім сапасына да сенімді. Ал біз қазір не жеп жатқанымызды білмейміз.

 

Қазбек ТӨЛЕБАЕВ, медицина ғылымының докторы:

- «Ауру - астан» дейді. Дұрыс тамақтану адам денсаулығына қаншалықты әсер етуде?

- Иә, адамның денінің саулығының бірінші кепілі - дұрыс тамақтана білуі. Негізі, әрбір адам күніне 400 грамм жеміс-жидек жеуі керек. Біз еліміздегі тұрғындарға зерттеу жасай отырып, халықтың 18-20 пайызының ғана бұған мүмкіншілігі жететініне көзіміз жетті. Қазір дамыған елдерде субсидия жолға қойылған. Үкімет фермердің еккен егінінің жарты шығынын өз мойнына алады, есесіне фермер халықты арзан өніммен қамтамасыз етеді. Бұл жөнінде фермер мен Үкімет арасында өзара келісімшарт жолға қойылған. Ал біздің еліміздегі фермерлер жеміс-жидек, көкөніс егуді қойды. Себебі оларға өнімді еккеннен гөрі шетелден сатып әкеліп, үстіне үстеме баға қойып сатқан оңай. Шетелдіктер фермерлеріне қамқорлық көрсету арқылы мәселені оңай шешіп отыр. Әрі отандық өнімді пайдалану арқылы халық басқа мемлекетке телмірмейді әрі халықты жұмыспен қамтамасыз етуде. Өнім сапасына да сенімді. Ал біз қазір не жеп жатқанымызды білмейміз.

Қазір тамақтардың құрамы да құнарсыз. Біз ұнның аппағын, күріштің тазасын жегіміз келеді. Ал шындығында, өнімдер тазаланған сайын құнарлығынан айырылып, микроэлементтері мен дәрумендері азаяды. Қуанып айта кетер жайт, қазір бізде тұзды иодтау арқылы пайдалану дұрыс жолға қойылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, халқымыздың 95 пайызы иодталған тұз пайдаланады. Бұл - жақсы көрсеткіш. Керісінше, ұн құрамында көптеген керекті элементтер жетіспейді. Соның әсерінен қазір аяғы ауыр әйелдердің көбісі қаназдық ауруына шалдығады. Балалардың да организмі нашар. Адамдардың ең көп тұтынатыны ұн болғандықтан, оған керекті дәрумендерді қосу халықтың денсаулығын жақсартуға көмектесер еді. Бірақ біз оңай нәрсені қолдан қиындатып отырмыз. Америка 35 жылдан бері осы әдісті қолданып келеді. Ал біздің талқылағанымызға 10 жыл болды. Әлі дұрыс жолға қоя алмай келеміз.

- Бұған не кедергі?

- Бізде заң қабылданбай, ештеңе қолға алынбауы әдетке айналған. Қазір денсаулық кодексі қаралып жатыр. Осы орайда аталмыш мәселелер шешілер деп үміттенеміз. Қазіргі таңда мектеп жасындағы балалардың үштен бірі асқазан ауруымен ауырады. Негізі, әрбір адам таңертең міндетті түрде ыстық тамақ ішуі керек. Себебі түнімен асқазандағы бар нәрсені қорытқан асқазан таңертең тамақ тілеп тұрады. Көптеген ата-аналар балаларын таңертең тұрғыза сала мектепке жібереді. Бала мектепке барған соң ата-анасы берген ақшаға жартылай фабрикат өнімдер жеп, газдалған су ішеді. Ал бұл заттар - асқазанның жауы. Рас, соңғы жылдары министрлік тарапынан мектеп ішінде мұндай заттар сатуға тыйым салынды. Алайда мектептен 200 метр жерде қаптаған дүкендер мен дүңгіршектер орналасқан. Оларда чипсы, газдалған сусын, «Кириешки» еркін саудада.

- Отандастарымыздың спортпен айналысуына жеткілікті жағдай қарастырылған ба?

- Дамыған елдер осы салауатты өмір салтының арқасында аурудың алдын алып, елдегі өлім-жiтім санын азайтқан. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеп», оның алдын алу қай кезде де өзінің тиімді әдісін беріп келеді. Мысалы, осыдан 30-40 жыл бұрын көптеген дамыған елдер осы салаға баса көңіл аудара бастады. Қазіргі таңда дамыған елдерде адамдардың орташа өмір сүру жасы 80 жастан асып кетті, ал біздегі адамдардың орташа өмір сүру жасының деңгейі - 66 жас. Осылайша, біз дамыған елдердің адамдарынан 14 жыл кем өмір сүріп жатырмыз. Негізінен, дамыған елдер қатарына өту үшін басты қаперге алатын нәрсе - мемлекеттегі өмір сүретін азаматтардың қолайлы өмір сүруі және өмір сүру жасының ұзақтығы. Қазір біз әлем елдерінің арасында ұзақ өмір сүру жағынан 101-орында тұрмыз. Меніңше, дәл осы қарқынымызбен дамыған 50 елдің қатарына ұмтылу күлкілі де секілді. Сондықтан мұндай мәселелердің алдын алу шарасын өткізген жөн. Денсаулық сақтау саласы тек қана денсаулық министріне тиесілі нәрсе емес. Халықтың денсаулық сақтауының 10-ақ пайызы денсаулық министріне қатысты. 20 пайызы экологиялық жағдайға байланысты болса, тағы 20 пайызы тұқымқуалаушылық ауруларға қатысты. Ал қалған 50 пайызы адамның өз денсаулығына көңіл бөлуіне байланысты. Адамдардың денсаулығын жақсартуға деген үкіметтің қамқорлығы түрлі спорттық сауықтыру кешендерін салумен ғана шектеледі. Ал қалған жағдайлардың бәрі адамның өзіне байланысты.

Айта кетер жайт, халқымыздың спортпен айналысуы тұрақты жолға қойылмаған. Ересектердің 17-18 пайызы, ал мектеп жасындағы жасөспірімдердің 27-28 пайызы ғана спортпен айналысады. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50 пайызға тең. Кеңес Одағы кезінде көптеген спорт үйірмелері мен секциялары, аулааралық балаларды спортқа баулу клубтары жұмыс жасайтын. Және оларға балалардың тегін қатысуына мүмкіншілік жасалатын. Ал қазір мұндай үйірмелердің көбісі жабылып қалған немесе жекешеленіп кеткен. Жекешеленіп кеткен үйірмелердің бағасы қымбат болғандықтан, жасөспірімдер оған басын да сұға алмайды. Бұған қарап, мемлекет тарапынан адамдардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалып жатыр деп айту қиын. Үйде өз бетіңмен спортпен айналысуға да жағдай жоқ. Мысалы, велоспортпен айналысатындарға қала ішінде жүретін арнайы жолдар жасалмаған. Ал көшедегі қаптаған көліктермен араласып жүре беру қауіпсіз деп тағы айта алмайсыз. Сондай-ақ жақында жүргізілген зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, біздің қаламыздың ауасы ең нашар 30 қаланың қатарына енеді екен. Мұндай ауада жүгіріп те опа таппассыз. Осы жағдайлардың өзі-ақ адамның спортқа деген құлшынысын арттыра қоймайтыны анық. Мысалы, шетелде бассейндер өте көп. Бізде қала бойынша үш-төрт-ақ бассейн бар. Екi миллионға жуық адамы бар қалаға бұл бассейндер тым аз. Оның үстіне, бұларға күнделікті барып тұрудың бағасы да өте жоғары. Осы орайда Үкіметтің осы жағдайларға көңіл бөлуі күн тәртібіндегі мәселе.

- Жақында темекі құрамындағы зиянды заттарды түгел көрсету жөнінде бастама көтергеніңізден хабардармыз. Талап-тілектеріңіз қаншалықты орындалды?

- ТМД елдері арасында ең алғаш рет 2002 жылы темекіге қарсы заң қабылдадық. Бұл заңның басты кемшілігі - темекі шығаратын компанияларға қауқары жетпей отыр. Қазіргі таңда ең басты шешімін таппай отырған мәселе - темекінің құны. Дамыған елдерде бұл жағынан жетістіктер баршылық. Оларда темекіге қоятын салық - 70 пайыз. Тіпті Франция, Ұлыбритания елдерінде бұл көрсеткіш 90-100 пайызға дейін барады. Ал бізде 20 пайызға да жетпейді. Сондықтан темекінің құны да арзан. Темекі арзан болған соң оны бала да, шаға да сатып алады. Біз темекінің құнын арзан қылу арқылы жасөспірімдерді темекіге ауыздандырып отырмыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасының темекі мен арақтың салығын көбейту туралы ұсынысынан соң салық Кодексі қабылданды. Осының нәтижесінде темекінің құнын үш жылда 100 пайызға көтеру туралы шешім қабылданды. Сырттай қарағанға бұл тиімді шешім секілді. Бірақ көз алдау. Мысалы, бүгінде 100 теңге тұратын темекі үш жылдан соң 110 теңге болады екен. Бұдан не өзгерді? Мәселені осылай шешуге бола ма екен?

Тағы бір мәселе, шетелде темекілердің қорабына питтаграмма, яғни оның зияндылығы жөнінде (темекіден ауру болған өкпе, қан тамырларының зақымдануы, импотенция) суреттер салу қолға алынған. Ал біз темекінің құрамында бар зиянды заттардың жартысын жазуға да қол жеткізе алмай келеміз. Әзірге темекі орамдарында екі ғана зат көрсетіліп жүр. Шындығында, темекі құрамында 4-5 мың зиянды зат бар. Оның 40-қа жуығы қорғасын, формальдегид, көмірқышқыл газы секілді рак ауруын тудыратын, адамның ішкі ағзасын зақымдайтын зиянды заттар. Темекі өндірушілер «біз осынша ақпаратты темекі қорабының сыртына қалай сыйдырамыз?» деп сылтауратады. Мысалы, сағыздың орамы темекінің қорабынан біршама кіші болса да онда сағыз құрамындағы 15-тен астам зат көрсетіледі. Сондықтан ынта болса, «қалауын тауып, қар жандыруға» болады. Меніңше, біздің шешім қабылдаушы орындар темекі компанияларының ықпалынан шыға алмай жүр. Темекі компаниялары халықтың денсаулығын құрту арқылы өте үлкен пайдаға кенеліп отыр. Мысалы, салық арқылы темекі мен арақтан мемлекетке түсетін пайда екі пайызға да жетпейді. Ал үкіметтің шылымқорлардың денсаулығын жақсартуға бөлген ақшасы - 10 пайыз. Осы орайда кім ұтып, кім ұтылып отыр?
Бізде арақ пен темекі кез келген бұрышта сатылады. Мен Швецияға жолым түскенде бір нәрсеге қатты сүйсіндім. Оларда арақ арнайы дүкендерде белгілі бір уақыт аралығында ғана сатылады. Жалпы, қала бойынша бес-алты-ақ арақ сататын арнайы дүкен бар. Ал демалыс күндері мүлдем сатылмайды.

- Мектеп қабырғасындағы валеология пәні салауатты өмір салтын қалыптастыруды жеткілікті деңгейде насихаттап отыр ма?

- Алғаш 1999 жылы салауаттылықты насихаттау мақсатында мектептерге валеология пәнін енгіздік. Сол уақыттарда мектептердің 95 пайызында пән ретінде оқытылатын. Ал қазір соңғы зерттеулер бойынша мектептердің 60 пайызында ғана оқытылады. Оның себебі - бұл пән басынан факультативтік сабақ ретінде ғана енгізілген. Сондықтан оқытқысы келген мектептер ғана оқытады. Америка Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында валеологияны негізгі пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізген. Пәннің пайдалылығын ұққан олар әлі күнге кең түрде оқытып келеді. Жақында Жапония негізгі пән ретінде енгізіп жатыр. Бізге тәжірибе алмасуға келген олар «сіздер алғаш бізден бұрын қолға ала бастаған кезде жетістікке бізден бұрын жетіп үлгереді деп ойладық. Әп-әдемі бастаған істі аяқсыз қалдырғандарыңыз қалай?» деп сұрағанда не деп жауап берерімді білмедім. Рас, кезінде талай ақша бөлінді, енді соның бәрін зая кетіріп, орта жолдан тастадық. Бізде кез келген нәрсе басында әп-әдемі басталады, артынан аяқсыз қалады. Мәселен, мектептер пән ретінде балаларға оқытуы үшін міндетті түрде министрліктен бұйрық берілу керек пе?

Негізінен, Қазақстанда есірткіге қарсы алдын алу шаралары, мезгілсіз жыныстық қатынастан сақтану, темекі, арақ өнімдерінің адам баласына келтірер зияндылығын оқыту 15 жастан бастап жүргізіледі. Ал деректерді алып қарайтын болсақ, 11 жастағы балалардың өзі жыныстық қатынастың не екенін біледі, темекінің де дәмін татып көрген. Олармен алдын алу шарасы жүргізілмеген соң, жастайынан темекінің дәмін татып, ерте бастан жыныстық қатынаспен айналысқан соң әртүрлі жыныстық созылмалы ауруларға тап болып жатады. Егер теледидар мен шетелдік әртүрлі журналдардан бұрын оларды өзіміз дұрыс ақпаратпен құлақтандырсақ, көп нәрсенің алдын алған болар едік.

Негізі, аурудың алдын алу мен салауатты өмір салтын қалыптастыру әдісі бірге жүргізілуі керек. Бірақ біздің дәрігерлеріміз осыны түсінбейді. Олар ешқандай жұмыс істеп жатқан жоқ. Емханаға қашан барсаңыз да, дәрігерлердің алды ұзын-сонар кезек. Олардың жұмысы алдына келген ауруды емдеумен ғана шектеледі. Ал дәрігерлердің адам ауырмай тұрып насихат жұмыстарын жүргізуі, салауаттылықты насихаттау жағы кемшін. Шетелде отбасылық дәрігерлер өте сауатты жұмыс істейді. Олар қарамағындағы адамдарды ауыртып алмау үшін барын салады. Өйткені олардың айлығы біздің дәрігерлер сияқты қанша адамды қабылдағанымен емес, халықтың денсаулығының жақсарғанына байланысты. Оларда әр адамның денсаулығын сақтауға бөлген ақша адам ауырмаған жағдайда дәрігердің қалтасында қалады деген түсінік қалыптасқан. Шынында да, науқас азайса, оларда дәрігерлердің айлығы жылда көбейеді. Отбасылық дәрігер қарамағындағы адам ауыра қалса, сол адам сауыққанша қасында жүреді. Ең бастысы, жаны ашиды. Ал біздің дәрігерлерде немқұрайдылық басым. Осындай экономикалық тәсілдерді қолдану арқылы біздегі дәрігерлердің де жұмысының сапасын арттырсақ, аурудың алдын алған болар едік. Бізде жақсы жұмыс істеген дәрігер де, жаман жұмыс істеген дәрігер де бірдей айлық алады. Мұндай «теңдік» дәрігерлердің өз жұмысына салғырттық тудырады. Егер айлықты олардың істеген жұмысына сай төлесе, халық та жақсы маманға барар еді. Осылайша, қоғамда жақсы маман қалыптастыруға мүмкіндік туар еді.

- Өзіңіз спортпен айналысасыз ба? Темекі мен арақпен «достығыңыз» қалай?

- Жас кезімде біраз спорттың түрлерімен айналыстым. Қазір үйде велетренажерым бар. Бос уақытымда, теледидар қарап отырғанда соның үстінен түспеймін. Анда-санда ұрттап қоятыным да бар. Мамандар «мүлдем ішпе» демейді, «іш, бірақ мөлшерімен» дейді. Осы орайда отырыстарға барғанда аздап ұрттап қоямын. Негізі, алкогольдің де пайдасы бар, көптеген созылмалы аурулардың 29 пайызы стрестен басталады. Осы орайда ішімдік стресті түсіруге, асқазанды қорытуға, іштегі майлы аспен бірге жиналған қалдық заттарды түсіруге көмектеседі. Ал темекі мүлдем шекпеймін, шегіп те көрмегенмін.

Датым...
- Биылға дейін салауатты өмір салтын қалыптастыруға бүкіл Қазақстан бойынша 550-560 миллион теңге аралығында ақша бөлінетін. Оның 90 пайызы қызметкерлердің жалақысына, мекеменің коммуналдық ақысына, салыққа кететін. Ал негізгі жұмысқа 50-60 миллион ғана қалатын. Қалған қаржыны 15 миллион халықтың санына бөліп тастасақ, 4 теңгеден келеді. Сонда қазақстандық әрбір адамды салауаттылық өмір салтына қалыптастыру үшін 4 теңге бөлінеді деген сөз. Енді денсаулық сақтау саласын айтар болсам, дамыған елдер өздерінің жылдық табысының 10 пайызын денсаулық сақтау саласына бөледі. Ал бізде қазір бұл көрсеткіш - 2,5 пайыз. Америкада адам басына 4500 доллар бөлінеді. Еуропаның көптеген елдері адам басына 2-3 мың доллардан кем бөлмейді. Ал бізде адам басына 200 доллар бөлінеді. Біз сонда өз-өзімізден не аяп отырмыз?

 

 

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

«Алаш айнасы» газеті 30 маусым 2009 жыл

 

 

0 пікір