Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3717 0 пікір 30 Маусым, 2009 сағат 11:41

Ақберен Елгезек. Блоктың бақытсыздығы немесе өзіміз туралы

Порталымыздың алдағы сандарында біз орыс поэзиясының күміс ғасырына сапар шегеміз. Себебі біз, алыс-жақын көршілеріміздің әдеби мұрасын жақсы білуге міндеттіміз. Табыну немесе ықпалына түсіп қалу үшін емес. Зерттеу, зерделеу үшін. Неге десеңіз, кез-келген ұлттың мінез-құлқы,  мақсат-мұраты ең алдымен әдебитінде көрініс табады. Немесе, сол ұлтқа қажетті рухани дүниені, мұрат пен мақсатты елдің ақындары мен жазушылары сомдап, жүйелейді. Рас, орыс ағайындарымыздың әдеби тарихынан қазақ біршама хабардар. Ал, ашып айтпасақ та «Қытай» деген бір үрейдің ішімізде жүргені тағы бар. Шығыс жақтан есетін жағымсыз саяси самал қазақ үшін дауылға айналып кетпесін десек, бізге олардың да әдебиетін жетік білуімізге тура келеді. Бұл енді басқа мақаланың мәселесі. Қазірге біз алағашқы тақырыбымызға қайта оралайық.

Орыс поэзиясының күміс ғасыры бірін-бірі мойындамайтын бес әдеби ағымнан тұрады. Олар: символизм, футуризм, акмеизм, имажинизм және обериуттер поэзиясы.

Порталымыздың алдағы сандарында біз орыс поэзиясының күміс ғасырына сапар шегеміз. Себебі біз, алыс-жақын көршілеріміздің әдеби мұрасын жақсы білуге міндеттіміз. Табыну немесе ықпалына түсіп қалу үшін емес. Зерттеу, зерделеу үшін. Неге десеңіз, кез-келген ұлттың мінез-құлқы,  мақсат-мұраты ең алдымен әдебитінде көрініс табады. Немесе, сол ұлтқа қажетті рухани дүниені, мұрат пен мақсатты елдің ақындары мен жазушылары сомдап, жүйелейді. Рас, орыс ағайындарымыздың әдеби тарихынан қазақ біршама хабардар. Ал, ашып айтпасақ та «Қытай» деген бір үрейдің ішімізде жүргені тағы бар. Шығыс жақтан есетін жағымсыз саяси самал қазақ үшін дауылға айналып кетпесін десек, бізге олардың да әдебиетін жетік білуімізге тура келеді. Бұл енді басқа мақаланың мәселесі. Қазірге біз алағашқы тақырыбымызға қайта оралайық.

Орыс поэзиясының күміс ғасыры бірін-бірі мойындамайтын бес әдеби ағымнан тұрады. Олар: символизм, футуризм, акмеизм, имажинизм және обериуттер поэзиясы.

Осы бес ағым екі дәуірдің, яғни ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезеңінде дағдарысқа ұшыраған, ойы мен сезімінен жан кете бастаған орыс поэзиясын қайта тірілтіп алды. Жалпы, екі дәуірдің арасында әдебиетке кірген қай буын өзін керексіз, саф алтындай бағаланатын классика кезеңінен кейін туған жетімек ұрпақ сезінетіні белгілі. Қазақ әдебиетіне де мұндай үрдіс таңсық емес. Алысқа бармай-ақ қоялық, ХХ ғасырдың 90-шы жылдарында әдебиет көшіне араласқан жас буын ақын-жазушылар әлі күнге дейін есін жинай алмай келеді. Біздіңше, оның себебі мынада. Екі ғасырдың ортасында керілген «Алтын көпір» өкілдері аталып жүрген Маралтай Райымбекұлы, Дидар Амантай, Әмірхан Балқыбек, Дәурен Қуат, Бауыржан Бабажан, Жарас Сәрсек, Әлібек Шегебай және тағы басқалар кереғар екі идеологияның, қарама-қайшылықты екі жүйенің тұтқыны болып қалды. Ол кезде, алпысыншы жылдарда әдебиетке келген аға-апаларымыздың атағынан ат үркетіндей жағдай еді. Амалсыздан, бұлар жаңа формалар, тың идеялар, қолданбаған образдар іздей бастады. Өлеңдері мен прозалық шығармалары көбінесе өлім жайлы ойларға толы, жалғаннан тыс әлемдер іздеу әрекетіндегі депресиялық сарында болды. Бұл сарын өкінішке орай, біздің буынға да тән болып келеді. Осылайша, Қазақ әдебиетінің күміс ғасыры басталып та кеткенін біз аңғармай жүрген шығармыз...

Орыс поэзиясында дәл осындай заңды үрдісті ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың арасындағы өлара кезінде басынан кешірген болатын. Аталған бес ағымның алғашқысы болып постпушкиндік шалажансар орыс поэзиясының аузына су тамызған символистер еді.

Символистер әдебиетке келген кезде патшалық Ресейдің қоғамы коммунистік жүйеге өту алғышарттарын жасап жатқан болатын. Патшаның билігі әлсіеп, алып империяны лаңкестік ұйымдар тұғырынан шайқалта бастаған болатын. Патшалық үкімет бірінен соң бірін енгізген реформалар өз жемісін бермеді. Бұл тұста Ресейдің Еуропа елдерімен де қарым-қатынасы нашарлай бастаған-ды. Осындай саяси реакция жылдарынан кейінгі қоғамның мақсатсыз һәм үмітсіз, беймаза кезінде дүние есігін қағып, Пушкин мен Лермонтовты жұтқан Ресейдің рухани әлеміне именіп кірген символистерді тек дауасыз депрессия мен пендауи көңілсіздік күтіп тұрған еді.

Өз ортасының рухани жанталасын, қоғамның рухсыздық дертін, заманының зар-мұңын ашық айта алмаған, немесе мүмкіндігі болмаған Владимир Соловьев, Вячеслав Иванов, Иннокентий Анненский, Дмитрий Морежковский, Зинаида Гиппиус, Валерий Брюсов, Константин Бальмонт, Александр Блок, Андрей Белый, Федор Сологуб және Максимилиан Волошиндер өлеңдерінде өз ойларын символдар мен ишаралар арқылы жеткізуге талпынды.

Мысалға, Мережковскийдің «Адамдарды сүйе алмадым, нетермін» өлеңінен:

Адамдарды сүйе алмадым, нетермін,

Мен оларға туғанымнан бөтенмін.

Биік тұрған жағымсынған достардан,

Маған қымбат ешнәрсе жоқ аспаннан!

 

Жадау жанға көрсетеді туыстық,

Жұлдыздар мен мұздай суық кеңістік.

Бүгін маған шөлдің мұңы ең ыстық,

Сүйкімдірек сосын мылқау тыныштық....

 

(Өлеңдер мақала авторының аудармасынан беріліп отыр)

 


Немесе А. Блоктың:

Тірі мүрде боп күйіп жүрмін,

Азабын айтпай өлмегенге.

Өмірдің сырын жиып жүрмін,

Өмірге әлі келмегенге.

-сияқты өлеңдерін алайықшы.

Осы екі өлеңде сол кездегі қоғамның мұңы, сол кездегі аласапыран кезеңнің суретімен астасқан ақынның трагедиясы тұр емес пе?! Символ - бейне арқылы екеуі де сол кездегі Ресейдің жалған, «карнавалдық» көңіл күйде өмір сүріп жатқандығын көрсетеді. Қоғам деген театрдың трагилирикалық драмасын жүректі шымырлатып, әдемі жеткізеді. Әдемілік дейміз-ау, осы ағымның өкілдері орыс поэзиясындағы символизмнің негізін қалаушы Соловьев сияқты, Соловьев өз кезегінде Достоевскийге ұқсап әлемді сұлулық құтқарады деп сенді. Сұлулық символистер үшін ар-ождан, имандылық пен парасат, адамгершілік пен мәдениеттіліктен жоғары тұрды. Керек десеңіз, символистер өздерін сұлулықтан тараған ұрпақпыз деп сезінді. Мысалы, В.Ивановтың алғашқы жыр жинағы «Сұлулық» деп аталса, сұлулықтың әлемді құтқара алатын құдіреті А. Белыйдың «Симфониясындағы» өлеңдердің де басты лейтмотиві болды.

Символистерге тән тағы бір жайт - ол платондық екіұшты ғалам теориясы және мифологизмге бой ұру. Бұл, яғни, бес күндік жалғаннан шаршаған ақындардың толас-тыным мен тыныштықты бақи дүниеден іздеу, сол жақтағы өмірдің көңілсіз болмайтынын түйсіну арқылы пендешілік тірліктен бас тартуы еді. Фәнидің әфсана екендігін дәлелдеу, оны аңыз бір Тәңірінің қиялдап отырғаны сияқты елестету - символистердің шығармашылығындағы негізгі ерекшілдігі. Осындай мистикаға тәуелділік ақындардың халықтық поэзиядан, халықтан алыстап кетуіне алып келді. Осылайша Пушкин, Лермонтов, Некрасовтардың өзегінен шыққан құдіретті сөздің әсерімен көтерілген орыс рухы беймәлім күйге түсе бастаған-ды. Қысқаша қайырып айтсақ, символизм орыс поэзиясына талғажау болғанымен, халықтың рухына нұр құя алған жоқ.

Біздегі жағдай қандай екен?..

Осы кезең поэзиясын, әсіресе, символистердің шығармаларын оқығанымда көз алдыма сол авторлар құдды бір көлеңкелер әлемінде өмір сүріп жатқандай елестейді. Жанарыма буланған, сыз қабырға іргелерінде ойнаған белгілер, шегі жоқ көшелердегі түнектер мен айқай-ұрыс, мастардың төбелесі мен басқа уақытта дүниеге келмегендігіне өкініп отырған мұңлы ақынның сынық жүзі келеді. Мұндай заманда ойыңды ашық айту түгілі, ишара білдіру де қауіпті болмақ. Айтарын айтып өлу екінің бірінің қолынан келе қоймас. Алайда, поэзияның міндеті - сол кездегі өмірді таспаға (лентаға) түсіретін бейнекамера іспетті. Олай болса, орыс ақындарын символист қылған сол қоғамның өзі. Шындықтан, ащы ақиқаттан қашқан қоғам. Амал нешік, Блок та, Белый, Брюсев те өздері жиіркенген дүниені сұлу жырмен көріктендіргісі келді.

Блок үшін Ресей арбаның дөңгелектері белінен басып өлтірген «Сұлу бикеш» бейнесінде көрінсе, Белый бір өлеңінде өз Отанын кедейшілік пен надандыққа қимай, ардақты Ресейінің шаңырауға құлап жоғалғанын тілейді. Брюсов ше? Брюсов азғындаға Ресейдің дүр сілкінетін уақытын аңсап өткен, бізідң бабаларымыз - ғұндар келіп бәрін қиратып, жаңа серпін берсе деп армандаған!!! Осы өлеңі үшін орыс поэзиясы Брюсовты әлі күнге дейін кешіре алмай келеді..Осылардың ішінде Блоктың өзі орыс бұқарасының табиғаты мен дүниетанысһмына жақын лирикалық өлеңдері басым болғанымен Есенин сияқты халықтың жүрегінен үлкен орын ала алған жоқ. Оның себебі, Блоктың кірпияз дүниетанымында еді. Блок меніңше өз уақытында тумаған дарын иесі. Символистердің ішіндегі ақынға халықтың жүрегіне жол табуға нендей қасиеттер керек екенін жақсы түйсінетіні де осы Блок еді. Ал, аты аталғандардың бірсыпырасы психологиялық дертке шалдыққан болатын. Блок өзінің қым-қиғаш толғаныстарын бір қарағанда боямасы қалыңдау көрінетін әдемі лирикаға араластырып көміп тастаған. Демек, ақын ретінде Блок өзінің негізгі міндетін толығымен орындай алмай кеткен сияқты.

«Ақын - қоғамның өлшеушісі» - деген сөзге иланатын болсақ, өзін-өзі «ақынмын» деп сезінетін кез-келген жан иесі, ең бастысы, өз рухы мен жүрегінің үніне құлақ түруі тиіс, ол рух пен жүрек халық деп аталатын қасиетті қара орманның топырақ қатпарлары астындағы ұлы аңсарлар һәм биік мұраттардан тұратын сан тараулы алтынтамырмен астаса байланысып, үндесе дүрсілдей соғып жатуы шарт. Екіншіден, ақын тарих сотынан сақтануы қажет.

Тарихта ғаламшардың әр нүктесінде, әр уақытта қайталанып отыратын өз заңдылығы бар. Олай болса, орыс символистері өтіп кеткен жолға бір ғасыр уақыт өткеніне соң біз шығып отырмыз деуге болар. Бүгінгі шөлдеген қазақ рухына біз өз поэзиямыздан кәусар бұлақтар тауып беріп, сусындата аламыз ба? Осы ойлардан арыла алмадым.... Сіз қалай ойлайсыз?

 

0 пікір