Сенбі, 20 Сәуір 2024
Мәйекті 7144 17 пікір 16 Қазан, 2020 сағат 14:53

Ахмет Байтұрсынұлының аты-жөнін неге дұрыс жазбаймыз?

Екі сауал:

Ахмет Байтұрсынұлының аты-жөнін неге дұрыс жазбаймыз?

Қызыл дипломның түсі қашан өзгереді?

1924 жылы Орынбор қаласында өткен тұңғыш қазақ сиезінде қазақ азаматтарының аты-жөнін қазақша рәсімдеу мәселесі сөз болғанда Алаш арлдақтысы Әлихан Бөкейханұлы: «Қазақ аты-жөнін орыс халқына еліктеп, «ов, -ев» деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты жаздырсын, біз де Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы болайық!» деген тағылымды ұсыныс жасайды. Бұл ұсыныс қабылданып, «бүгіннен бастап қазақтар аты-жөнін «-ұлы, -қызы» үлгісімен жазатын болсын!» деген қаулы қабылданғаны белгілі.

Міржақып Дулатұлы сол кеде «Қазақ» газетінде (1915  ж.  №121) «Гaзет, журналдарымызда көбінесе «ұлы», «баласы», «қызы» дегеннің орнына «ов», «ова» жазылады. Бұл қазақ тілінде болмаған себепті, құлаққа тіпті ерсі естіледі, «ов», «ев», «ин», «ова»-лар жалғыз-ақ орыс халқында бар деп айтуға болады, басқа Еуропа халықтарында да жоқ, бізден өзге патшалы мұсылмандарда да жоқ. Бұларды орыстан көріп еліктеуіміз орынсыз, басқа жұрттың сөздерінің құйрығын әкеліп өз сөзімізге тағудың қанша қажеті бар.   «Ов»-тарды орысша жазғанда қолдансақ та, қазақша «ұлы», «баласы», «қызы» деп жазуымыз келіспей ме. Мұнан былай жұртқа өнеге беретін газет-журналдарымыз мұны ескерсе, қандай жақсы болар еді, қиындығы да болмас еді» - деп жазды.

Содан бері қанша уақыт өтті. Совет империясы тұсында оған құлақ асқан азаматтар санаулы ғана болды. Бауыржан Момышұлы, Шона Смаханұлы, Балғабек Қыдырбекұлы секілді әдебиет пен мәдениетке жақын бірен-саран тұлғалар ғана Алаш арыстары өсиетіне адалдық танытты.

Қазіргі уақытта да «ов» пен «евтен» құтылғандар саны онша көп емес. Ол аз десеңіз, Айнұр, Гүлнұр секілді қазақ қыздарының әдемі есімдері құжатта Айнура, Гульнура деп жазылып жүр. Кейбір жастарға аты-жөндерің дүрыс емес деп ақыл айтсаң, құжат бойынша солай деп өзеурейтінін қайтерсің?

ҚР Президентінің 1996 жылдың 2 сәуіріндегі №2923 Жарлығында: «Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуы тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып, бірге жазылады» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Ал «Неке және отбасы туралы» заңның 28-бабында: «Тууды тіркеу кезінде ұлты қазақ азаматтардың атын, әкесінің атын және тегін мына төмендегі үш мүшелік антропонимдік белгілеу жүйесі: аты, әкесінің аты, тегі бойынша дұрыс жазуға және айтуға назар аудару керек. Мұнымен қатар азаматтардың қалауы бойынша қазақтың тегі мен әкесінің атын жазу кезінде қазақ тіліне жат – ов, – ев, – ова, – ева, – ин, – и, – ины, – на, – овна, – евна, – ович, -евич жұрнақтары алынып тасталып, олардың орнына «ұлы, қызы» жалғаулары бірге қосылып жазылады» деп көрсетілген. Осы қаулы қалай орындалып жатыр десек, жауап таппай қиналамыз.

Ұлт ұйтқысы болған Ахмет Байтұрсынұлының аты-жөні оның кейінгі уақытта жарық көрген шығармаларында да, оның есімін иеленген басқа оқу орындары мен мекемелерде де дұрыс жазылып жүр. Алайда, Аханның туған еліндегі мемлекеттік университет Ахмет Байтұрсынов атындағы деп аталады. Осы оқу орны орналасқан көше де Ахмет Байтұрсынов атындағы көше. Арқалық қаласындағы бастауыш гимназия да А.Байтұрсынов атындағы деп жазылған.

Жақында А.Байтұрсынов атындағы университет пен Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогика университеті қосылып, енді Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті деп аталатын болды. Бұл туралы жазған «Егемен Қазақстан» (21 шілде, 2020 ж) газеті (авторы Нұрқанат Құлабаев) «Естеріңізге сала кетсек, Алматыдағы тіл білімі институты Байтұрсынов емес, Байтұрсынұлының атында. Ел астанасында да Байтұрсынұлы көшесі бар. Алаш ардақтысының өзі де көзі тірісінде 1925 жылдарға дейін жеке құжаттары мен еңбектеріне «Байтұрсынұлы» деп жазып келгені тарихтан мәлім» - деп атап көрсеткен еді. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты секілді Аханның аты-жөнін дұрыс жазу ойымызға да келмейді. Қостанайдағы университетке есімі берілген Ахмет Байтұрсынұлы аты-жөнін дұрыс жазу туралы облыс орталығына іссапармен келген Білім және ғылым министрі (сол кездегі) Күләш Шәмшидиноваға да кезінде ел ақсақалдары ескерткен болатын. Осы туралы Білім және ғылым министрлігі арнаулы шешім шығарса нұр үстіне нұр болар еді.

Тағы бір үлкен мәселе – қызыл диплом жайы. Оқуды үздік бітіргендерге Совет Одағы тұсында қызыл диплом тапсырылатын болса, сол үрдіс күні бүгінге дейін жалғасып келеді.  

Сәкен Сейфулиннің коммунистік сәлеммен Сталинге жазған хатына қарағанда, пойызбен Орынборға қайтып келе жатқанда алашордашы Елдес Омарұлы Сәкенге: «Бұрын Алашорда едік, енді Қызылорда болдық. Қазақ үшін қызыл, жасыл, ақ түстің айырмасы жоқ. Ең бастысы Орданың бауыры бүтін болғаны» деген екен. Бұл Алаш ардақтыларының ең соңғы ұлттық қуаныштарының бірі еді» («Абай-ақпарат» порталынан)

Қызыл диплом кешегі қызыл тумен түстес, Совет империясының символы. Қызыл аққан қанның түсі ретінде кешегі ашаршылық пен қанды қырғынды еске салады. Тәуелсіз қазақ елі бүгін көк туын желбіретіп отырғанда неге оның түсін көк қылмасқа?! 

Дипломның қызыл немесе көк болуы көп кісіге онша маңызды да емес деген пікірлер бар. Алайда, қолына диплом алған жас маманның көкірегіндегі елі үшін мақтаныш сезімі мемлекеттік ту көтерген секілді патриоттық биікте болғаны орынды емес пе?

Көк қазақ ұғымында қастерлі түс. Аспан да көк, жаңа шыққан шалғын да көк. Осы туралы да министрлік шенеуніктеріне құлаққағыс қылғымыз келеді.

Ақылбек Шаяхмет 

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ профессоры, Қазақстанның құрметті журналисі

Abai.kz

17 пікір