Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4284 0 пікір 29 Маусым, 2009 сағат 19:32

Болат ҚАБДӨШЕВ. Қазақтан шыққан тұңғыш губерния прокуроры

(көрнектi қайраткер Ы. Мұстамбаевтың туғанына 110 жыл)

 

 

Қазақ Орталық Атқару комитетiнiң 1922 жылғы 13 шiлдесiнде қабылдаған Қазақстан Республикасы прокуратурасын құру туралы қаулысынан кейiнгi тағайындалған алғашқы 7 губерниялық прокурорлардың арасында жалғыз қазақ Ыдырыс Мұстамбаев та бар едi. Прокурорлық қызметiнде ол өзгелерден өзiнiң аса зеректiгi, терең ойлылығы, өткiрлiгi әрi турашылдығымен ерекшеленiп тұратын. Қазақстанның iрi губерниялары Орал кейiн Ақмола прокуратураларын басқару барысында жинақтаған бiлiм тәжiрибесi оның қайсар, турашыл мiнездерiн дамытты. Нақ осы қасиеттерiмен есiмi ел аузына iлiгiп, онымен қатысты болған көптеген саяси оқиғалар аңыз ретiнде жалпақ жұртқа тарады. Ол көзi тiрiсiнде-ақ есiмi барша қазаққа мәлiм болған мемлекет қайраткерлерiнiң  бiрiнен саналады.

Мұрағат құжаттарын ақтару барысында Ы.Мұстамбаевтың жасаған қызметiне немесе жеке өмiрiне де қатысты бiрталай қызықты оқиғалардың куәсi болған едiк. Мәселен, Мұстамбаевтың ақгвардияшылардың аты-шулы бүлiкшi атаманы Анненковты соттау iсiнде қоғамдық айыптаушы ретiнде қатынасқанын бiлдiк. Соттағы оның сөйлеген қорытынды сөзi қазақ билерiнiң дәстүрлi шешендiк өнерiнiң көркем үлгiсi болып табылады.

(көрнектi қайраткер Ы. Мұстамбаевтың туғанына 110 жыл)

 

 

Қазақ Орталық Атқару комитетiнiң 1922 жылғы 13 шiлдесiнде қабылдаған Қазақстан Республикасы прокуратурасын құру туралы қаулысынан кейiнгi тағайындалған алғашқы 7 губерниялық прокурорлардың арасында жалғыз қазақ Ыдырыс Мұстамбаев та бар едi. Прокурорлық қызметiнде ол өзгелерден өзiнiң аса зеректiгi, терең ойлылығы, өткiрлiгi әрi турашылдығымен ерекшеленiп тұратын. Қазақстанның iрi губерниялары Орал кейiн Ақмола прокуратураларын басқару барысында жинақтаған бiлiм тәжiрибесi оның қайсар, турашыл мiнездерiн дамытты. Нақ осы қасиеттерiмен есiмi ел аузына iлiгiп, онымен қатысты болған көптеген саяси оқиғалар аңыз ретiнде жалпақ жұртқа тарады. Ол көзi тiрiсiнде-ақ есiмi барша қазаққа мәлiм болған мемлекет қайраткерлерiнiң  бiрiнен саналады.

Мұрағат құжаттарын ақтару барысында Ы.Мұстамбаевтың жасаған қызметiне немесе жеке өмiрiне де қатысты бiрталай қызықты оқиғалардың куәсi болған едiк. Мәселен, Мұстамбаевтың ақгвардияшылардың аты-шулы бүлiкшi атаманы Анненковты соттау iсiнде қоғамдық айыптаушы ретiнде қатынасқанын бiлдiк. Соттағы оның сөйлеген қорытынды сөзi қазақ билерiнiң дәстүрлi шешендiк өнерiнiң көркем үлгiсi болып табылады.

Мұстамбаевтың отбасымен байланысты болған бiрқатар құжаттарды да кездестiрдiк. 1925 жылы Сырдария облыстық атқару комитетiнiң төрағасы болып тұрған кезде Ташкенттегi Орта Азиялық Мемлекеттiк университетте (САГУ) бiлiм алып жүрген Ы.Мұстамбаевтың әйелi қыз табады. Сол оқу орнының қазақстандық белсендi комсомол жастары ұйытқы болған жиынында жас нәрестеге Роза атты есiм берiлiп, онымен қоймай бұл шешiм облыстық газетке жарияланып кетедi. Оқиғаның соңы Қызылордада өткен Өлкелiк партия комитетiнiң мәжiлiсiнде қаралып, партиялық этика тұрғысынан баға берумен тынады. Ы.Мұстамбаев  бұл iске ешбiр қатысы болмағандығымен ақталып, құтылған. Тiзе беруге болатын осындай оқиғалар түйiнi Мұстамбаевтың жастар ортасында ғана емес, жалпы халық арасындағы зор беделiнiң болғандығын, сол кездегi iрi мемлекет қайраткерлерiмен қатар көсем ретiнде танылғандығын сездiредi. Ы.Мұстамбаевтың қайраткер болып қалыптасуының қайнар көздерi оның прокуратурадағы атқарған күрделi, ауыр еңбегiнде жатыр. Осылайша шыңдалып өскен, алғыр, терең бiлiмдi азаматтың беделiн кемiтуге күш салғандар да табылды. Әсiресе Сталиннiң серiгi, саяси ойынның әккiсi болып алған Ф.И.Голощекин арыны мықты қазақ басшыларын «тыныштандырып», меселiн қайтарудың амалын алдын ала ойластырды. Қыр соңына түскен Өлкеком хатшысының түртпегiнен әбден ығыр болған Ы.Мұстамбаев 1926 жылғы желтоқсанда Мәскеуге Орталы­қ Комитетке (Молотовқа) өтiнiш жазып, өзiн Ташкентке немесе Ресейдiң iргелес жатқан кез-келген губернияларының бiрiне қызметке жiберудi өтiнедi. Қазақстанда толыққанды жұмыс iстеу мүмкiншiлiгiнiң жоқтығын мәлiмдейдi. Бұл Ы.Мұстамбаевтың өз елiнде құрылған бұғаудан босана алмай кейiнгi тартқан күрделi тағдыр тауқыметiнiң басы ғана едi...

Ыдырыс Мұстамбаевтың прокурорлық қызметке келгендегi қайраткерлiгiнiң бастау көздерiн оның табиғи дарыны және заманының аласапыран ағымы мен күрделi өмiр жолының алғашқы қадамдары арқылы бiле аламыз.  Жалпыға жария болған мәлiметтер мен Орталық мұрағатта сақталған жеке iсiндегi деректерге сүйенгендегi оның өмiр жолын былайша өрiледi.

Ыдырыс Мұстамбаев 1898 жылы қазiргi Жаңа Семейде (1917 жылдан бастап Алаш аталған) кедей отбасында дүниеге келiптi. Әкесi Мұстамбай сыбан руынан шыққан Семей уезiне қарасты Қандығытай болысының қазағы едi. Жасынан жетiмдiктiң азабын көп көрген Мұстамбай Жауғашұлы күнкөрiс қамымен әркiмнiң қызметiнде жүргенде бiрде елден мал айдаған саудагерлерге iлесiп, Семейге барады да сол өңiрдiң ipi байы Тiнiбайдың қызметiнде қалып қойса керек. Кiшкене кезiнде қорасаннан бетi шұбарланып қалған Ыдырысты әкесi «Тайшұбарым» деп атапты. Ыдырысты Тiнiбай мешiтiндегi медресеге оқуға бередi. Аз жылда ол барлық шәкiрттерден озық оқып, өте зеректiгiн байқатады. Ендi ол медресе төңiрегiнде «Мұстамбайдың бәйге шұбары» атанады. Медресенi 1911 жылы күзде тәмамдап, орыс мектебiне оқуға түседi де интернатқа орналасады. 1916 жылы осы орыс-қазақ училищесiн үздiк бағамен бiтiредi. Кейiнгi оқуын ол Семей гимназиясында жалғастырып, Мұхтар Әуезовпен бipгe бұл оқу орнын да үздiк бағамен аяқтайды. Бiрде гимназияда сөз өнерiне бәйге жарияланғанда Ыдырыстың шығармасы бас жүлденi жеңiп алғаны оның жастайынан сөзге шешендiгiн байқатады.

Ы.Мұстамбаев төңкерiстен кейiн саяси қызметке Мұхтар Әуезов, Ахметбек Сейсенбаев, Ғарифолла Ысқақов және тағы басқа жастармен белсендi түрде араласады. Әуелде олар өздерiне көсем тұтқан Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхановтардың Алаш ұлттық мемлекетiн құру жайындағы идеясын қабылдағаны аян. Алаш партиясының тiзiмiнде Семейден Ыдырыс Мұстамбаевтың жүруi соның бiр дәлелi. Кейiн Семей өңiрiндегi Колчак қарақшыларының жасаған озбырлығы мен айуандық әрекеттерi олардың көзқарастарын, ұстанымдарын толық өзгертiп, қызылдар жағына шығуына түрткi болады. Бұл күрделi кезең жайлы жеке iсiнде «Сiбiрде Кеңес өкiметiнiң құлатылуына байланысты қызметiмнен большевик ретiнде қуылдым» - деп жазыпты. Деректерден нақтылай келгенде ол большевиктер партиясына 1919 жылдың ақпанында өткен болып шығады. Содан кейiн партия тарапынан жүктелген мiндетiн орындауға Зайсан уезiнiң атқару комитетi қазақ бөлiмiнiң меңгерушiсi қызметiне жiберiледi. Осынау жылдары ол Семей губерниясын Батыс Сiбiрден бөлiп алып, жария болған Қазақ Автономиялы республикасына қосуға осы аймақтың бас көтерер ұлтжанды азаматтарымен бiрiгiп, бұқара арасында белсендi үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзедi.  Нәтижесiнде Сiбiр ревкомымен қол жеткiзген келiсiм бойынша 1921 жылдың қаңтарынан Қазақстанның шығыс аймағын Қазақ Автономиялы Республикасына түпкiлiктi толық қосу белгiленген-дi. Семей губерниясын тек сол жылдың мамырында Қазақ Орталық Атқару комитетiнен төтенше өкiл болып келген Смағұл Сәдуақасовтың құрамы орыстар болатын губаткомды таратып, қазақтармен қайта жасақтау арқылы толық бағындыру мүмкiн болды. 1920-21 жылдардың қазан айларында өткен Бүкiлқазақтық I Құрылтай жиынына және II Бүкiлқазақтық Кеңестер съезiне Ы.Мұстамбаев Семей өңiрiнен делегат болып қатысып, Орталық Атқару Комитетiнiң мүшесi сайланады. Сондай-ақ, 1920 жылдың соңынан Семей губерниялық Атқару комитетiнiң мүшесi, әрi губерниялық төңкерiс трибуналының мүшесi қызметiн де атқарады. 1921 жылдың орта шенiнде губерниялық азық-түлiк комиссарының орынбасары болады. 1921 жылдың ортасында облыстық партия комитетiнiң ұйғаруымен (Өлкеком) Ы.Мұстамбаев Орал губерниясына қызметке жiберiледi. Жеке iстерiнде толтырылған сауалнамада ол өзiнiң қабiлетiне сай атқарар мiндетiн «сот және әкiмшiлiк қызмет» деп көрсетiп отырған екен. Сонымен арада көп уақыт өтпей, ол өз қалауымен жаңадан жандана бастаған прокуратураға қызметке тағайындалды. Әрi Оралда ол губатком әpi губревком мүшесi ретiнде бiрқатар жауапты қызметтердi атқара жүрiп, өзiнiң жiгерлi де айқын көзқарасымен танылып үлгередi.

Қазақстанда прокуратура органдары Қазаткомның 13 маусым 1922 жылы қабылдаған «Прокурорлық қадағалау Ережесi» негiзiнде Әдiлет халық комиссариаты құрамында өз қызметiн бастаған едi. Қазақ Автономиялық Республикасы прокурорының ресми түрде қызметке кiрiскен күнiнен алсақ, республикамыздың бipiншi проку­роры Шафхат Бекмұхамедов 1922 жылы 1 тамыздағы №1 бұйрығымен алғаш рет 3 губернияға прокурорларды бекiттi: Орынбор губерниясы бойынша Е.Башилов, Семей губерниясы бойынша Нечаев, Ақмола губерниясы бойынша Ковалев тағайындалды. Ал сол жылдың 14 кыркүйегiндегi республика прокурорының №10 бұйрығымен Семей губерниясының прокуро­ры болып А.И. Зубов, Орал губерниясының прокурорлығына Ы. Мұстамбаев бекiтiлдi. Сонымен Ыдырыс Мұстамбаев прокуратура құрылымында губерния прокуроры болған алғашқы қазақ. Тек кейiн ғана Қазақстан прокуратурасы Досығұл Темiрәлиев, Қанай Боранбаев, Жетпiсов секiлдi қазақтан шыққан губерния прокурорларымен толыға түстi.Ыдырыс Мұстамбаев губерния прокуроры болып қызметке кiрiскеннен кейiн өзiнiң №4 бұйрығында губерния шеңберiнде прокуратураның қызметiн атқаратындығын жариялай отырып, былай дейдi: «Барлық мемлекеттiк, жеке меншiк ұйымдар, жеке тұлғалар түрлi ic-әрекет, қылмыстар, заң бұзушылық оқиғалары бойынша өз арыздарын маған жолдауын өтiнемiн. Барлық тексеру, тергеу, сот органдары және МСБ (ГПУ) бөлiмi Қылмыстық ic жүргiзу кодексiне негiзделген iстерге қатысты мәселелердi заңды түрде дәлме-дәл орындап, прокурорлық қадағалау органдарымен тығыз байланыста қызмет жасайтын болады. Барлық сот органдары тергеу ici аяқталған, алайда Қылмыстық ic жүргiзу кодексiнiң 223-бабы негiзiнде сот қаулысымен айыптау қорытындысы бекiтiлмеген iстердi маған жiберудi ұсынамын». Осылайша губерния шеңберiнде прокурорлық қадағалау органының заңды түрде өз қызметiне кiрiскендiгiн мәлiмдеген.

Прокурор өзiнiң бұйрығымен губерния прокурорының және көмекшiлердiң мiндеттерiн былайша бөледi: «губерниядағы билiк органдары мен мекемелерi қызметiнiң зандылығы мәселелерiн қадағалауды өзiме қалдырдым» дей отырып, губатқару және қалалық атқару комитеттерi, оның бөлiмдерiнiң жиналысына қатысу, қабылданған қаулы, қарар, нұсқаулардың зандылығын тексерiп, наразылық келтiру, ic жүргiзудi бақылау, губерниялық трибуналдар, ерекше сессияларға түсетiн iстердi қарау, көмекшi прокурорлардың қызметiн қадағалау губерния прокурорының мiндетi екендiгiне түсiнiктеме берген. Және де мiндеттерi ажыратылған төмендегiдей көмекшi прокурорларды бекiтiптi: трибунал (кейiн Жоғарғы сот деп аталған) icтepi бойынша прокурор; халық соттарының қызметiн қадағалаушы прокурор; прокуратураның қызметiн үйлестiрушi прокурор анықталды. Губерния прокуроры көмекшiлерiнiң атқарар кұзырына қарағаннан-ақ губерниялық проку­ратура алдында қолға алуға қажеттi қыруар шаруаларды қоя бiлдi. Ы.Мұстамбаев губерния прокуроры мiндетiне кiрiскеннен соң бiрiншi кезекте Жымпиты, Елеқ, Калмыков, Гурьев уездерiнiң прокурорларын бекiтiп, штат құрамын, мiндеттерiн белгiледi. Жұмсалатын қаржы көлемiн анықтады. Екi ай мерзiм iшiнде Оралда гу­берниялық қадағалау ici ұйымдастырылды. Губерниядағы прокуратура құрылымын жүйелеп алған соң прокурорлық қадағалауға талапты да күшейттi. Әр уездiң прокурорларына мынадай  мазмұндағы хатты жолдады: «Прокуратураның аса маңызды мәселелерiнiң бipi барлық мекемелердiң қызметiн қадағалау болып табылады. Прокуратура барлық мекемелердiң заң бұзу­шылық әрекеттерiне тосқауыл қоюға ұмтылуы тиiс, бұл ic жүзеге аспаса прокуратура жауап бepyi керек. Бiздiң шаруашылық органдарының қызметiнде жiберiлген көптеген кемшiлiктердi ескере отырып, сiздерге прокурорлық қадағалауды қырағылықпен жүзеге асыруды ұсынамын. Қaзipгi жағдайда қажет деп санасаңыздар губерниялық саяси басқармасы мен қылмыстық, iздестiру бөлiмдерi аппараттарын пайдалануға болады. Қандай да болмасын зиянкестер мен кемшiлiктерге батыл түрде тосқауыл қойыңыздар. Мұстамбаев».

Орал губерниясының прокуратурасы қылмысқа қарсы күрестi ұйымдасқан түрде қолға алды. 1922 жылдың қараша айында барлық уездiк прокурорларға парақорлыққа қарсы күрес науқанын қадағалап, заңсыз әрекеттерге жол бермеу, нәтижелерiмен қалың бұқараны газет арқылы таныстырып отыру жайында нұсқау бердi. Сол жылдың желтоқсан айында губер­ниялық қаржы мекемелерiнiң бюджетiк қаржыны заңсыз ысырапқа ұшыратуына байланысты прокуратураның тексерiс жүргiзу және салық органдарының қызметiн қадағалауды жедел қолға алу жөнiнде барлық уезд прокурорларына тапсырмалар берiлдi. Осылайша қысқа мерзiмде губерниядағы прокуратура органын аяғынан тiк тұрғызып, қадағалау қызметiн ұйымдастыру губерния үшiн маңызы зор болды. Ыдырыс Мұстамбаевтың да губерния шеңберiндегi тұлға ретiнде танылуына айырықша септiгiн тигiздi. Ы.Мұстамбаевты айыптау науқаны ұйымдастырылған кезде де Оралда бipгe қызметтес болғандар оның дәреже-деңгейiн мойындауға мәжбүр болған. Айталық, Орал губкомының мүшесi Забиров Ф.И.Голощекинге «уклондар» туралы жазған хатында Оралдағы қазақ коммунистерi екiге бөлiндi: «правые националист уклоном и левые с интернационалистическим оттенком. I группа Каратилеуов, Мустамбаев, Джантилеуов, Утеулиев, II группа Айтиев, Касабулатов, Абдрахманов, Ипмагамбетов...Я  считал и считаю, что эти товарищи (Мустамбаев, Каратилеуов, Джантилеуов, Утеулиев, и др.) как коммунисты ни в коем случае не хуже других, а наоборот по своей прямоте, искренности они лучше» - деп ашық жазды.

Оралда Ы.Мұстамбаев қазақтың патша заманында оқыған жоғары бiлiмдi заңгерi, Ресейлiк Думаның депутаты болған Бақытжан Қаратаевпен жақын араласады. Оның аяғы туыстыққа да ұласады. Олай дейтiнiмiз, Ыдырыс Мұстамбаев көрнектi заңгердiң iнiсi Арон Қаратаевтың қызы Шахизада атты хас сұлуға үйленген едi. Кейiнгi өмiрдiң бар қызық қуанышын екеуi бiрге бөлiстi. Азабын да тартты. Қуғын-сүргiн жылдарда бiрнеше мәрте жазаға кесiлген күйеуiнен ажырамай халық жауы ретiнде бiрге атылып кеттi.

1923 жылдың 20 қыркүйегiнде Ы.Мұстамбаев Қазақ АССР-iнiң ipi губерниясының бipi Ақмолаға прокурорлық қызметке ауыстырылады. Ақмола губерниясы экономикалық жағынан да халқының көптiгiнен де (1,300 мың, оның 60% қазақтар) Қазақстанда бiрiншi  орында тұратын. Төңкерiстер мен соғыстардың зардабынан елдiң шарушылығы толық күйзелiске ұшыраған-ды. Прокуратураның есебiндегi келтiрiлген мәлiметтер губерниядағы экономикалық күйреудiң дәрежесiн аңғартады. Мәселен: 1914 жылы шикiзат түрiнде 1 млн. дана әр түрлi терi дайындалса, 1924-25 жж. шаруашылық науқанында 212. 350 дана терiнi мемлекетке өткiзу көзделдi. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғысқа дейiн Ақмоладан 15 млн. пұт астық сыртқа шығарылса, 1924-25 жж. 2.980 мың пұт астықты сыртқа шығару жоспарланып, оның өзiн губерниялық мекемелердiң орындай алуы екi талай екендiгi ескертiледi. Губерниядағы қазақтардың жайы мүлдем қайыршыланып, ресми деректер бойынша аштық азабын тартқан қазақтар саны 20-25 мың адамға жеткен.

Ыдырыс Мұстамбаев апаттық жағдайды басынан кешiрген Қазақ елiнiң iрi губерниясының халық шаруашылығын қалпына келтiруде бар күш-қуатын жұмсап, прокуратура жұмысын осы бағытта қызмет жасауға жұмылдырды. Губерниялық мекемелердiң, өндiрiс орындарының қызметi, қатынасы бақылауға алынды. Әсiресе жергiлiктi салық органдарының заңсыз әрекеттерi салық төлеушiлердi әуре-сарсаңға түсiргенi мәлiм болды. Прокуратураға негiзiнен әкiмшiлiк органдарының заңсыз әрекеттерiне арызданып келушiлер көп болды, осы тұста араша түсiп, өз мiндеттерiн адал атқаруға бейiмдедi. Дала қазақтарының өмiр салтында өршiп тұрған қылмыс түрлерi мал ұрлығы мен барымта болатын. Оның ауыздықтау, әрi қылмыстың осы түрлерiн дәлелдеу оңайға түспедi. Прокуратура қоғамдық пiкiр арқылы үгiт-насихат жүргiзiп, баспасөз арқылы қылмыстың мәнiн, тиселi жаза түрлерiн түсiндiрдi. Күдiкпен ұсталғандарды уақытша қамауда ұстаудың мерзiмiн ұзарта отырып, 1 жылда 300 ден астам адамды қамаса, 30 шақтысын сотқа тартты.Губерниядағы тамырын жайған қарақшылықтың ұйымдасқан түрлерiне нәтижелi тойтарыс берiлдi. Мысалы: Петропавл, қаласындағы Семенякин және Дьяченко бастаған 5-20 адамнан құралған қарақшылық топтар құрықталды. Ұсталған 19 адамның 6-ауы ату жазасына кесiлсе, қалғандары түрлi мерзiмге сотталды.            Ы.Мұстамбаев Ақмола губерниясына келгесiн екi қазақ қызметкерiн З. Темiрбековты- Петропавл уезiне, Ысмағұловты - Атбасар уезiне прокурор қызметiне алдыртып, тағайындауын үлкен жеңiс деп бағалады. Ол кездегi Акмола облысы бойынша уезд прокурорлары: Петропавлда - З.Темiрбеков, Көкшетауда - Л.Пампуров, Атбасарда - Ысмағұлов, Ақмолада - Қосаев,  Черлак (кейiн Омбыға қараған) уезiнде Медведев болатын. Салыстырмалы түрде бұл жылдары прокуратураның материалдық жағдайды бiршама жақсаруына орай жергiлiктi прокуратураны тәжiрибелi ұлттық мамандармен қамтамасыз етуге, кадрды тұрақтандыруға оңтайлы сәт туды.

Прокурорлық қызметiндегi Ы.Мұстамбаев берген есеп қорытындылары нақты, әрi шындықпен баяндалады. Әрқашан өз ойларын еркiн, бүкпесiз айта бiлдi. Кейбiр жасаған тұжырымдары бүгiнгi күннiң мiнбесiнен айтылғандай әсер қалдырды. Прокуратураны әкiмшiлiк, партия ұйымдарының ықпалынан шығару турасында талай пiкiрлер айтып, күрес те жүргiздi: «... Сама идея учреждения этого органа остановилось на полдороге. Мне лично кажется, не доведен до конца тот основной принцип организаций Прокуратуры, который был вложен в первый закон о Прокурорском надзоре. В дальнейших законодательствах есть неопределенность. Во-вторых, в вопросе надзора и контроля нет четкости; надзор и контроль в настоящей форме рассплывается в общей сети взаимоотношений местных органов» - деп нақты ой-пiкiрлерiн тұжырымдайды. Әрине, заңсыздық күш алып келе жатқан тұста мұндай тұлғалардың прокуратурада отыруы билiк үшiн тиiмсiз едi. Мұстамбаевтың Қазақстанның екi iрi губерниясының прокуратурасын ұйымдастырудағы еңбегi ерен. Кейiн де сол прокурорлық қызметтегi қалыптасқан негiздер оның одан әрi танылуы мен таяқ жеуiне де бiрдей ықпал жасады.

Прокурорлық қызметтен кейiн Ы.Мұстамбаев Сырдария губерниялық атқару комитетiнiң төрағасы болды. Оның бұл қызметi Қазақстанның партия басшылығына Ф.И.Голощекиннiң тағайындалуымен тұспа-тұс келдi. 1926 жылдың 13 қыркүйегiнде өткен Өлкеком бюро мәжiлiсiнде Мұстамбаевтың мәселесi қаралып, ұлтшылдық пиғылдағы ic-әрекеттерi айыпталғандығы белгiлi. Бip қызығы, жиынға қатынасқан ВКП(б) Орталық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Киселевтiң өзi Мұстамбаев басқарған губернияда басқаларға үйренуге тұрарлық тәжiрибе жайлы ұсыныс жасаған. Мәселен, коммунистер әлсiздiк танытқан барымта турасында ауыл ақсақалдарының беделiне сүйенiп шешу керектiгiн айтады.Қызметiнен алынған соң Ы.Мұстамбаев 1926 жылы желтоқсанда Қазаткомның ұйымдастыру бөлiмiнде нұсқаушы, кейiн Қазақстан өнiмдер басқармасының бастығы тәрiздi түрлi қызметтердi атқарған. Әйтеуiр, оған тұтқалы қызметтi бермей, билiк оның еңсесiн түcipуге тырысты. Оқиғаның осылайша өрбитiнiн Мұстам­баевтың өзi де сезгендей, 1926 жылдың желтоқсан айында Орта­лық партия комитетiне хат та жолдады.

Ы.Мұстамбаев Қазақстанда алғашқылардың бipi болып ұлтшылдықпен айыпталып, 1933 жылы 4 шiлдеде ОГПУ алқасы Yштiгiнiң үкiмiмен 5 жыл бас бостандығынан айырылды. 1937 жылы сол айыбы үшiн тағы да ату жазасына кесiлдi. Осылайша небәрi 39 жасында қазақтың асыл азаматтарының бipi саяси қуғын-сүргiн құрбанына айналды.

 


Болат ҚАБДӨШЕВ, Алматы Энергетика және Байланыс институтының доцентi, т.ғ.к.

«Заң және заман» журналы

 

0 пікір