Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5447 0 пікір 29 Маусым, 2009 сағат 09:34

Жазушының арғы атасы – журналист...

Журналистер қауымының кәсіби мерекесіне орай, Президент гранты мен «Парасат» орденінің иегері, белгілі сатирик, «Ара kz» журналының бас редакторы Көпен Әмір-Бекпен аз-кем әңгімелескен едік. Көпен аға журналистерді мереке¬сімен құттықтай отырып, қаламгерлерге   қатысты ойларын ортаға салып, басынан өткен қызықты жайларды әңгімелеп берді.
– Журналист – қастерлі де қасиетті мамандық. Екінің бірі, егіздің сыңары журналист бола алмайды. Бұл – Аллаһ тағаланың  пендесіне  берген сыйы. Журналистер туралы ілгерілі-кейінді данышпандар өте көп айтқан. Солардың ішінде менің көкейімнен кетпейтін, кеудемнен өшпейтін үш тұлғаның кестелі  сөздері бар. Біріншісін Бернард Шоу айтыпты. «Журналист – бәрін білетін, бірақ бәрін шала-шарпы білетін мамандық», – дейді. Бір қарағанда,  шындық екеніне көз жеткізесің. Бірақ неге шала-шарпы біледі?! Меніңше, журналист бәрін де білуі керек деген астармен айтылған сөз бе деп те ойлаймын. Екіншісін Шерхан Мұртаза айтқан. «Журналистер де атан түйе секілді. Арқалағаны алтын болғанымен, жегені жантақ»  деп дұрыс баға берген. Бүгінгі замандағы қаламгерлердің бет-бейнесін айқындайтын, айшықты сөз.

Ал Әзілхан Нұршайықов: «Авторсыз газет – аққусыз көлмен тең»,  – дейді. Қандай ғажап теңеу?! Яғни журналист өзінің жазған ой-пікірін ғана емес, қарапайым халықтың көкейіндегісін жалпақ жұртқа жария¬лап жатса ғана беделді газет бола алады. Қазіргі баспасөзді айдынға   теңесек, аққулары аз, авторлар сиреп кетті. Сондықтан да бүгінгі журналистер бұқарамен тығыз байланыста тіршілік жасауы керек. Сонда ғана ол аққулы айдындай өзінің сәнімен жарасып тұрады.
Тәуелсіздік алған жылдары Камал Смайылов пен Шерхан Мұртаза екеуі «Егемен Қазақстан» газетінде хат жазысты ғой. Кейін «Елім, саған айтамын, Елбасы, сен де тыңда» деген кітап болып басылды.  Соған байланысты мен пародия жаздым.  Сол пародияны Камал Смайылов оқып, ренжігені бар. Бастауы былай болатын:
Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда.
Камал дос, сен де құлақ түр,
Себебі, сен  – соқа, Ал мен – трактор, – деп Шерхан Мұртазаның атынан жазғанмын ғой.  Соған Камал ағамыз: «Мені соқаға, Шерханды тракторға теңепсің. Мен оған келісе алмаймын!» – деп кейіді. Шерағаң ашуға басу айтып былай деді: «Камеке, жердің бәрін жыртатын соқа. Жердің  шырайын кіргізіп, егін де егетін,  құнарлы топырақтың құнын келтіріп, баптайтын да, сақтайтын да – соқа. Сізді соқаға дұрыс теңеп тұр. Соқасы болмаса, трактор айдалада бір өзі не бітіреді?!»  Осы байламға Камал аға баладай қуанған болатын. 
Сейдахмет Бердіқұлов «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы кезінде біреулер белгілі сатирик Қажытай Ілиясұлы туралы пародия жазыпты. Сол пародия газет бетіне шыққанда, Қажытай ағамыз ашуланып, газетті белінен умаждай ұстап, бас редактордың кабинетіне шытырлап кіріп барып, «Бұл не деген әділетсіздік?!» деген ғой. Сонда Сейдағаң саспай: «Қажытай, сенің қатты ашуланғаныңа қарағанда, мына нәрсе дұрыс жазылған  болуы керек», – депті. Мінезі қанша шадыр болса да, Қажекең мырс етіп күліп жіберген екен. Көпшілікпен тіл табысу да – өнер. Мұхтар Әуезов: «Орынды мысқыл, оқтан да өткір», – деген. Сол сияқты Сейдағаң да Қажекеңді райынан орынды мысқылмен қайтара білген ғой.
Журналистер халықтың ортасында көп жүретіндіктен де, сергек болады. Кейде асыра сілтеп мақтайтын әсіреқызыл журналистер кездеседі.Әзілхан ағаның «Ауыздың өтірік айтқанын мұрт біледі, журналистің өтірік айтқанын жұрт біледі» деген сөзін жаттап өстік. Журналистердің ішінен шыққан жақсы жазушылар бар. Ал жазушылықтан  журналист болатындар сирек. Өйткені журналис¬тика ғылымы өте ауыр, қыр-сыры  бөлек, ол оңайшылықпен жазу¬шылыққа бағынбайды. Менің аңғарғаным, жазушыларды теңіз¬ге теңесек, теңіз де тамшыдан құралады. Тамшыңыз бұлақтың көзі¬нен шықпай ма? Теңіздің тегі бұлақтан. Ендеше, теңізге теңеп жүр¬ген жазушыларымыздың арғы атасы – ақ бұлақ. Ақ бұлағыңыз, әрине, журналистер.

Жазып алған Бақытжан ӘЛІҚОЖА, ҚазҰУ-дың студенті
«Жас қазақ» газеті, №25, (26.06.2009)

0 пікір