Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3501 0 пікір 29 Маусым, 2009 сағат 09:32

Рогозин мырза қазақтан кешірім сұрасын!!!

 

 

2010 жыл Қазақстан үшін аса жаупкершілікті жыл болмақ. Келер жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін біздің елімізге бүгінде бүкіл әлем назар аударып отыр. Батыс елдері мен Америка төрағалықты қолдай отырып, елдегі демократиялық үрдістерді реформалауды талап етуде. Бұл орынды көтерілген мәселе. Қазақстанның Орта Азияда айрықша рөлі болғандықтан әлемнің іргелі ұйымдары үнемі әріптестікке мүдделілік танытады. Сол орайда жақында Астанада НАТО-ның Еуроатлантикалық әріптестік кеңесінің екі күндік форумы өткені белгілі. Осы жиынға біздің мемлекетіміздің тәуелсіздігін әлі де мойындамайтын, мойындау былай тұрсын аузына келгенін айтып ашық келеке ететін сайқымазақ саясаткерлер де қатысты. Солардың бірі әрі бірегейі - Дмитрий Рогозин деген көкезу қырт «Қазақстан Ресейдің тоқалы, ал НАТО көңілдесі болуға әрекет етіп жатыр» деп мәлімдеді. Сөйтіп бір адам емес, бүкіл мемлекетімізге тілін тигізді.
Дмитрий Рогозин деген кім еді? Ол күндіз-түні соғысты ойлайтын, қан аңсап шөліркеп жүретін орыстың соғысқұмар әскерилерінің ортасында өскен болатын. Әкесі әскери ғалым. Д. Рогозин орыстың шовинистік саясатын ашық жүргізуші, импералистік көзқарасты қуаттап қолдаушы. Ол кезінде Кеңестер одағының құлауын заңсыздық деп танып, Ресейден бөлінген мемлекеттер дорбасын арқалап қана кеткені жөн, ал жердің бәрі біздікі деп кеудесін қағып көкіген. Ресей, Украина, Белоруссия мен Қазақстанның бірігуін аңсайды. Төрт мемлекеттің Кедендік одаққа бірігуін болашақ тұтас бір мемлекеттің іргетасы қалануы немесе бұрынғы Ресей империясының қайта жаңғыруы деп қабылдайды. Орыстан өзгелер туралы ешқашан жылы пікір білдірген емес. Бірақ дәл осы «қыңырезу қырсықтығы» В. Путинге таптырмайтын құрал болды. Орта Азиядағы ықпалынан біржолата айырылып қалмас үшін әрі НАТО-ны үнемі аяқтан шалып отыру мақсатында ол Д. Рогозинді Ресейдің НАТО-дағы тұрақты елшісі етіп жіберген. Путин адам тани біледі екен...
Рогозин қызметке кірісе салып НАТО-ны болашағы жоқ ұйым деп мәлімдеді. Орта Азия мемлекеттері батысқа көз тіккенше Ресейдің етегінен ұстасын деген сыңайдағы әңгімелерін әркез айтып жүр. Бірақ бұл жолғысы тым шектен шыққандық. Қазақстан өз дербестігін алған, тәуелсіз мемлекет. Озбыр отаршыл саясатттың кесірінен ғасырлар бойы тағдырдан теперіш көріп келсе де ел болып қалған халық. Ешкімге тиіспеген ел. Орысты құдайы көршім деп, қаңғып келген қарашапандарға бір үзім нанын бөліп берген ел. Керегеміз кеңіп, тереземіз теңелгенде орыстардың «астына» түсетідей не болыпты? Осы сөзді айтқан Рогозинді де, жаңға бататын ауыр сөзді жайбарақат тыңдап, тыңдап қана қоймай «ауызы сасық айтушыға» төрден орын беріп, алқалы жиынға шақырған билікті де халықтың қарғысы атпай ма? Бұл не қылған сайқымазақ, бұл не деген бассыздық! Бұл сөзді орыстың қатардағы шенеунігі, болмаса Жириновский сияқты делқұлы саясаткерсымақтары емес, әлемдік сяасатқа ықпал ететін іргелі ұйымдағы тұрақты өкілі айтып отыр. Оған айт деген, айтуға рұқсат берген Ресей билігі екені айдан анық. Олар қазақта намыс жоқ деп ойлайды. Не айтсақ та, қалай тілдесек те көне береді деп санайды. Мұндай бассыздыққа қашанғы көне береміз?!
Біздің билік Ресей мемлекетіне арнайы наразылық нотасын жолдап, шайпау тілді Дмитрий Рогозиннің кешірім сұрауын талап етсін! Ол бүкіл халықтан, Қазақ мемлекетінен кешірім сұрауы керек. Егер ұяты, ар-намысы бар болса қазақтың жерінде тұрып жатқан, суын ішіп, нанын жеп жүрген орыс ұйымдары оған тоқтау айтсын! Егер кешірім сұралмайтын болса, қазақтың зиялы қауымы Қазақстандағы Ресей елшілігінің алдында шеру өткізіп, Рогозиннің суретін өртеуі керек. Құдайы көршіміздің әлі де ойлануына, тентегін тиып алуына мүмкіншілік берейік. Рогозиннің мәлімдемесі екі елдің арасындағы достық қарым-қатынасқа сызат түсіретін, халықтарды жауластыратын мәлімдеме екенін екі елдің де билігі ашық мойындаулары тиіс!!!

 


Бек Датұлы, “Абай-информ”

0 пікір